Кнут Гамсунның 10 қанатты сөзі

Бөлісу:

12.12.2018 4808

«Махаббат мұңы» романынан үзінділер

Махаббат бұл – тозақ күйі. Оның сазымен қарттардың да жүрегі билей жөнеледі. Ол тура шегіргүлдің өзі, жапырағын қараңғылық түсе жаяды, ол тура нәзгүлдің өзі, жеңіл лептен жапырақтарын жинап алып, тиіп кетсең солып қалады.

***

Махаббат адамды опат етіп, өмірге қайта әкеле алады, қайта түлетіп, шыжғырып тұрып өз таңбасын басады; бүгін ол маған құласа, ертең саған ауады, бүрсүгіні басқаны табады. Өйткені ол ағынды да аумалы-төкпелі тылсым дүние.

***

Махаббат бұл – жердің жұпар иісі аңқыған жазғы жұлдызды түн. Алайда оның бозбалаға бөлектеніп, жеке жүретін соқпақ іздетіп, қарияны жалғызілікті баспанасында дөңбекшітіп, мазасын алатыны несі екен? Аһ, махаббат, сен ғой, адам жүрегін гүл жайнаған баққа да, кір-қоқыр тастаған ұраға да айналдырасың, кәдімгі құпия харам қоқыстар аяқ алып жүргізбейтін әшекейі көп, ұят-ары жоқ бақшаға ұқсатасың.

Шіркін, бұл қыз білсе ғой, өлеңдерді өзгеге емес, бір осыған ғана арнағанын. Тіпті, түн туралы, батпақ оты жайындағы жырлардың өзі осыған ғана бағышталғанын біле ме? Оның елесі жоқ бір өлеңі бар ма, тек оны бұл ешқашан білмей кетеді-ау.

***

Қаламгердің отбасында тұрып жатырмын. Бұл көше қайда апарады өзі?..

***

Қағаз парағына қыз тәнінің жұпары сіңген, ол оны жазып бұған көрсетті. Ондағы мұның алғашқы өлеңдерінің бірі екен. Шымыр төрт-ақ шумақтан тұратын жыр ақ боз атты шабандоз қызға арналған. Бұл жүрек түкпірінен шыққан бейкүнә толғанысты жан сыры, тізгіндеуге келмейтін шабыттай шынайы мойындау, әрбір жол оны жұлдыздың жарығындай жалт еткізіп, алға тартады.

Шам жағылып еді, әжептеуір жарық болды. Мен тағы есімнен танып, жерден алыстап кеттім...

***

Бұл арада ажалдың не қажеті бар? Жазылған парақтарды шиыршықтап Юханнес пешке тастайды. Онда отқа жағылуға тиіс басқа қағаздар да жатыр, кәдімгі қиялдың кемерден асып шашыраған тамшылары ғой бәрі.

***

Махаббат дегеніміз – Жаратушы Тәңірдің тұңғыш сөзі.

***

Сүйікті достар, сіздерге жарастық пен махаббат тілеймін. Көктем гүлге оранып, күн күлімдеп тұр. Қажет болса, терезелерді ашып тастаңыздар, өйткені бақ хош иіске толып тұр. Қайыңдардың басына қара торғайлар ұя салып жатыр. Ал неге үнсіз тұрсыздар?.. Бір-біріңізге күле қарасаңыздаршы!

Орыс тілінен аударған: Сарбас Ақтаев

Фото: globallookpress.com, pravdasevera.ru

Бөлісу:

Көп оқылғандар