Теодор Драйзердің кітабынан 10 қанатты сөз

Бөлісу:

26.12.2018 6456

«Аяулы Керри» романынан үзінділер

Түнгі қаланың тылсым оттары ғашығыңның жанды өртеген жанарындай қуатты. Мұнда бүліну мен бұзылуды тылсым күшпен тездетіп жіберетін бір сиқыр бұғып жатыр.

***

Жаныңда «Байқа!» дейтін жақын адам болмаса, көлгірсіген, үздігіп, өліп-өшкен жалған, сиқыр сыбырға бой алдырып, қолды боласың. Бұл сырғанақтаған сиқырдың жаратылысы күні бүгінге дейін беймәлім, ал жаныңды әлдилеген жеңіл қуанышы әуелі бой билеген қорқынышыңды қуады, жан-жүйең жайбарақат күйге енеді, ақыры ой-санаң біртіндеп бөтен бағыттарға бұрылады.

***

...Тіпті мұндай жылпостар жер бетінен құрып кетсе де, кісіге жұғыса кететін құпияларын айтып бере аламын. Жұтынып киіну – коммивояжерге шарт. Өзінде бармен көзге ұратыны – осы сәнді киімі ғана. Әйелдерге өтімді болу үшін дене бітімі келісті болғаны жөн. Мұндайлар дүние сырын ұқпақ болып ақылдымсып, шешенсіп сөйлеп әуре де болып жатпайды; бірдеңеге өлердей ынтықса да құштарлықпен емес, құмарлықпен істер еді.

Біз – тағдырдың тәлкегіміз.

***

Ішімдікхана дүниеқұмар адамдарды бай өмір сүруге қызықтырады. Бұл арада адамның туа бітті бейім құбылыстары, бақастық, қызғаншақтықтың да қоза түсетін сәттері аз болмайтын. Қарапайым киінген кісінің іші қыз-қыз қайнап, бай келушіге осқырына қарайтыны тағы бар. Бір мәселеге назар аударған жөн: ішімдік ішіп, қызып алған соң дүниенің бәрі тең. Енді ешкім де ештеңені қызғанбайды. Қазіргі кезеңдері салтанатты мейрамханалардың тасы өрге домалап тұрған өтімділігінің сыры да осында болса керек.

***

Әйел баласының сұлу аяқтары, дөңгелене дірілдеген жұмыр тұрқы оны ішпей-жемей мас қылатын. Жігіт сымбатты әйелдердің ең бағалы байлығы – сиқырлы сұлулығына соншалықты ынтық жан еді. Сұлулыққа табын десең, табынуға, бас ұр десең, бас ұруға мақұл.

***

Адам іші – алақұйын.

...Ол әйел атаулыға сенімсіздікпен, сақтана қараушы еді – бұл шіркіндер малынып-салынып, сыланып алып өз ойларын жүзеге асыруға жанталасады.

***

Адам атаулы, нағызы, сөзге соншалықты мән береді, маңыз артады. Олар сөз шешпейтін түйін жоқ деп ойлайды. Ал шындығына келсек, сөзде болар-болмас қана наным туғызатын күші бар. Тіл асып-тасып төгілген сиқыр сезімнің қуатын, құштар көңілдің аңсар сырын айтып жеткізуге тым шорқақ. Жүрек – адам тілсіз қалғанда ғана барып сөйлер еді.

***

Ішінде ит ұлып жатты. Сағат бірден жиырма бес минут кеткен кезде ғана ол ойын залынан шықты. Суық, қақыраған бос қуыс көшелер мұны мазақ қылатындай.

Орыс тілінен аударған: Қ.Мәдібаева

Бөлісу:

Көп оқылғандар