Герман Хессе. Ақын
Бөлісу:
Швейцария жазушысы Герман Хессе – ХХ ғасырдағы атақты жазушылардың бірі. 1946 жылы Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын алған даңқты қаламгердің әңгімесін жазушы-аудармашы Қуандық Шамахайұлының аударуымен ұсынып отырмыз.
(әңгіме)
Әлқисса: Қытай ақыны Хань Фу жас шағында өлең-жыр шығаруға қатысты әрбір нәрсені үйреніп зерделеуге, дарын-қабілетін шыңдауға аса құмар жан болған деседі. Ол заманда Хань Фу Сары өзен жағалауындағы туған жерінде тұратын еді. Өзінің қалауы, ата-анасының қолдауы арқасында шығу тегі мықты бір отбасының қызымен атастырылып, кешікпей сәті түскен бір күні неке тойын жасауға әзірленіп жүрген болса керек.
Хань Фу ол кезде жиырма жаста. Ажары ашық келісті, мінез-құлқы балқыған қорғасындай кішіпейіл әрі салмақты жігіт. Әр саланың түрлі ғылымына біршама машықтанған, жастығына қарамастан өлең-жырларымен сөз өнеріне жүйрік жерлестері арасында танымал болып үлгерген болатын. Хань Фу өз басы соншалықты бай-қуатты болмаса да, мұқтаждықтан қорқатындай жағдайда емес. Қалыңдығы ақылына көркі сай әрі игі тәлім-тәрбие алған адалдығымен қатар байдың қызы болғандықтан Хань Фу үшін бақытқа кенелуден өзге бас қатырарлық ештеңе жоқтай көрінетін. Соған қарамастан, оның көңілі толмайтын бір жай ғана болды. Ол не десек, толыққанды жетілген ақын болудың ыстық ықыласы мен арманға бар аңсары ауып тұратын.
Сонымен, бір күні кешке ұлы өзен бойында шам мерекесі өтіп жатқанда жас жігіт соқа басы жағалауда сопиып серуендеп жүрді. Хань Фу өзенге қарай иілген бір ағашқа сүйеніп тұрып, мыңдаған шамның жарығы су бетіне айнадағыдай жылтылдап аққанына қарап, қайық пен сал үстіндегі қыз-жігіттерді, гүл бәйшешек атқандай әсем киінген бойжеткендердің өзара сәлемдесіп, құттықтауларына көз тігіп, дария суының сылдыр қаққан дыбысын, әйелдердің тұнық дауыспен салған әндерін, жетігеннің тамылжыған әуеніне сыбызғының қосарланған үнін құлақ құрышын қандыра тыңдап, бәрінің төбесінен ғибадатхананың дөңгеленген төбесіндей көкшіл аспанның төніп тұрғанын көз тікті.
Жас жігіт алабұртқан көңіліне ерік беріп, осынау әсем бейнелі суреттерді көзқуанышы етіп тұрғанда жүрегі еріксіз атша тулайды. Қалыңдығы мен игі жақсы достарының қасына барып, солармен бірге думандатуды жан-тәнімен қаласа да, көз алдындағы көріністердің күрделі келбетін жүрек түбіне сіңіріп алып, кейін осы түнгі көк аспан, дария суының айнадай бетіндегі шам сәулелері, жиналған жұрттың мерейлі келбеттерін өлең-жырларында суреттеуді, бәрін өзен жағасында ағашқа сүйеніп тұрған жанның көңіл-күй ауанын көрсетуді армандаумен болды.
Хань Фу бұл әлемнің қай тұсында, қандай мерейлі мереке өтіп жатса да ешқашан көңіл жай, кең қолтық бола алмайтынын сезініп, тірліктің терең тұңғиығында үнемі жалғызсырап, бейтарап көрермен болып қана қаларын түйсінді. Барша адам арасынан өзінің ғана зердесі дүниенің сұлулығын сергек танып, бөтен жұрттың суық бауыр жаны іспетті алыстап кетуге пейіл құпия арманға берілу қуатының да барын сезіпті. Соны білгенде көкірегін мұң торлап, себеп-салдарын ой елегінен өткізумен болды. Ойлай келе Хань Фу алдағы бір кезеңдерде әлем келбетін өлең-жырында бейнелеп көрсетіп, сол туындысы мәңгілік саф дастанға ұласып, өзінің мұрасына айналуы пешенесіне жазылса ғана көңілі толықтай қанағаттанып, рақат сезімге бөленетіндігін тұжырымдайды.
Хань Фу осылайша ұйықылы-ояу екені белгісіз түс көргені немесе арман қиялы да беймәлім ой үстінде тұрғанда кенет ақырын бір сыбдыр естіліп, ағаштың қасында бейтаныс бір адамның тұрғанын көрді. Ол көкшіл күлгін киім киген, көрер көзге ардақтауға лайық қария болды.
Оның қасына барып, Хань Фу қадірлі қарияларды қалай құметтеуге тиіс болса, соған лайық ілтипат көрсетіп, тағзым етті. Сол бір бөтен адам күлімсіреп, бірнеше шумақ өлең оқыды. Жас жігіттің көңілде тоқығанының бәрін ұлы ақындарға лайық үрдіспен өте биік талғаммен, асқан шебер лирикамен айшықтап берді. Жүрегіне жылылық ұялаған жас жігіт таңдана табынып, бас иді де:
-Ай ағасы, сіз кім боласыз? Менің көкірегімнің түбіндегіні бірден көріп, мәртебелі ұстаздарымнан естіген жайларымнан да артық өлең оқыған сіз кімсіз? – таңдана сұрақ қояды.
Жат жұрттың бейтаныс адамы мерейлене күлімсіреп:
-Егер сен ақын болғың келсе, біздің үйге келгін. Батыс солтүстіктегі биік таудың ортасында үлкен өзеннің бастау алған жерінде менің жаман күркем бар. Мен Мәні жетік сөздің шебер ұстасы дейтін кісі боламын.
Қария осылай дейді де, ағаштардың көлеңкесіне кіріп жоқ болады. Хань Фу әлгі қарияны айнала іздегенімен ешбір ізсіз жоғалып кеткен соң шаршағанда көзге көрінген елес болар деп ойлайды. Хань Фу қайықтарға жедел жетіп, той думанына араласқанымен көптің әңгіме-дүкені, сазды әуеннің ортасынан әлгі жат адамның сыры беймәлім үні құлағына келгендей болып, жан дүниесі соның соңынан кетіп қалғандай дел-сал күй кешеді. Махаббаттың ыстық отына лаулап, мас адамша мәңгіріп қалдың деп қыжыртқан достарының әзіліне де мән бермей көңіл-күйі арман мен қиял тұманына қарай қалқып бара жатты.
Бірнеше күннен кейін Хань Фудың ата-анасы, туған туыстары мен жақсы достары бас қосып, келін түсіру күнін белгілемек болғанда ол қатты қарсыласады.
- Әке, егер мен сіздердің ұйғарымдарыңызбен келіспей дәстүрді кездейсоқпен бұзғалы отырсам, айыпқа бұйырмаңыздар! Ақындық ілімге ұмтылған арман мүддемді сіз жақсы білесіз. Менің сенімді достарым өлең-жырларымды мақтағандарымен шын мәнінде, мен өрлейтін биік сатының алғашқы басқышында ғана аяқ басқан ақын екенімді білемін. Осы себептен, иен түзге жалғыз шығып, поэзия әлемін зерттеуіме рұқсат берсеңіз екен. Егер келіншек алып, үй-жаймен айналысып кетсем, менің қалауым болған мәртебелі ісім қалыс болады. Қазір жаспын, қарбалас ештеңе жоқ. Сондықтан, біраз уақытымды өзім қалаған поэзия өнеріне арнағым келеді. Бұл іс көңілімді көтеріп, атағымды биікке көтерер деп сенемін.
Ұлының бұл сөзін естіген әкесі қатты таңданып қалады.
- Егер сен поэзия үшін неке тойыңды кейін қалдырмақ болсаң, сөз өнерін бәрінен артық сүйеді екенсің. Әлде, қалыңдықпен сөзге келіп қалдың ба? Олай болса, маған жасырмай айт. Мен екеуіңді татуластырайын немесе басқа қыз тауып берейін – дейді әкесі.
Баласы қалыңдығын бұрынғыдай әлі сүйетінін, араларында ешбір дау-дамайдың болмағанын, шам мерекесі кезінде өң мен түстің арасында ғұлама ұстазын тапқанын, оған шәкірт болуды бәрінен артық бақыт көретінін айтады. Сонда әкесі:
-Жарайды, онда саған бір жылдық мерзімге рұқсат берейін. Осы уақытта сен түс пен түйсігіңе еріп жүре тұр. Бәлкім, Жаратушы саған бір белгі берген шығар.
-Екі жыл жүріп те қалуым мүмкін. Оны алдын ала кім кесіп айта алар – дейді, Хань Фу.
Сонымен, әкесінің көңілі алаң болып тұрса да ұлын жіберуге мәжбүр болады. Жас жігіт қалыңдығына кешірім сұраған хат жазып қалдырып, алыс сапарға аттанады.
Хань Фу ұзақ жол жүргеннен кейін ұлы өзеннің бастау алатын жеріне жетіп, түкпірдегі иен мекенде ағаштан тұрғызылған күркені көреді. Күркенің алдында шам мерекесі кезінде өзен бойындағы ағаштың қасында көрген қария тоқылған төсеніштің үстінде отырғаны көрінеді. Қария пипа саз асбабын ойнап отырады. Өзіне қарай имене жақындап келе жатқан жас мейманды көрсе де ол орнынан тұрмады. Басын да иземеді, жай ғана күлімсіреп, саз аспабының ішегін саусағымен ақырын ғана түрткенде иен дала музыканың сиқырлы әуенімен күміс бұлттар көшкендей болғанда, жас жігіт әлемді ұмыта әсерлене тыңдап, таңдана қарап тұрды. Мәні жетік сөздің шебер ұстасы пипа саз аспабын қойып, күркесіне кірді. Хань Фу оған тағзым етіп, артынан ере кіреді. Осылайша, қарияның қызметшісі әрі шәкірті болып қала береді.
Бір ай өткенде Хань Фу өзінің бұрын шығарған барлық дастандарын менсінуден қалып, бәрін санасынан өшіріп тастады. Келесі айларда өз мекеніндегі ұстаздарынан үйренген барлық поэмаларды есінен шығарып тазартты. Мәні жетік сөздің шебер ұстасы жас шәкіртіне көп ештеңе айтпайды, тек қана пипа сазды аспабын ойнаудың күрделі ілімін үнсіз ғана үйретіп, шәкіртінің зердесіне музыка әуенін сіңіріп жатты. Бірде Хань Фу қысқы аспанда ұшып бара жатқан қос құс туралы қысқаша өлең шығарды, онысы өзіне қатты ұнағанымен Шебер қарияға оқуға батылы бармады. Кешкісін ұстазының күркесінен алысырақ барып, мәнерлеп оқыды, оны қария естіген болар деп үміттенді.
Сонда да ұстазы ештеңе демеді. Пипа аспабында баяу ғана ойнағанда жаз мезгілінің орта шені екендігіне қарамастан күн суытып, қараңғылық түсіп, дауыл соғып, жел ысқырды, күл түсті сұрғылт бұлт торлаған аспанда алыс сапарға аңсары ауған қос тырна ұшып өтіп бара жатқаны көрінді.
Мұның бәрі шәкірттің өлең-жырымен салыстыруға келмейтін мәнді де мағыналы, лирикалық керемет сезім сыйлағандықтан, жас жігіт ұстазының қасында өзінің түкке тұрғысыз екенін біліп, мұңайған екен. Шебер қария көп мәрте осылай үйретумен бір жыл өткенде Хань Фу пипа ойнау өнерін толық игергенімен өлең-жыр шығару ілімі барған сайын күрделі әрі биік мәртебелі бола түскендей сезілді.
Екі жылдан кейін жас жігіт туып өскен жерін, ағайын туыстарын, қалыңдығын қатты сағынып, мұңая түсті. Ақыры, шебер қариядан еліне қайтуға рұқсат сұрап еді, ұстазы күлімсіріеп бас изеді:
- Қайда барамын десең де өз еркің. Қайта ораласың ба, еліңде қала бересің бе, өз қалауың білсін – дейді.
Алыс сапарға аттанған шәкірт бір сәт те дем алмастан жүріп отырып, таң алдындағы ала көлеңкеде туған еліне жетеді. Өзен жағалауынан көпірдің арғы жағындағы туған қаласына мейірлене көз тастайды.
Өз үйінің саябағына баспалап барып, жатын бөлмесінің терезесіне жақындап, әкесінің дем алған тынысын естіді. Қалыңдығының ауласындағы жеміс бағына еніп, алмұрт ағашының үстіне шығып қараса, сүйіктісі бөлмесінде шашын тарап тұр екен.
Сонымен Хань Фу өз көзімен көргеннің бәрін сағынышпен көңілінде пайымдаған суретпен салыстырып көреді де ақындық өнердің пешенесіне жазылғанын ескереді. Шынайы өмірден іздесе де таппайтын сондай сұлулық, әсемдік пен лирика ақынның таным-түйсігі мен түсінде ғана болатынын жете түсінген екен.
Ақыры, Хань Фу ағаш басынан түсіп алып, қашып шыққан күйі көпірден өтіп, туған қаласын тастады, таулардың ортасындағы тегіс биіктікке де жетті. Онда әдеттегі баяғы шебер ұстазы көнетоз төсеніштің үстіне отырып алған пипа саз аспабын саусағымен ақырын ғана шертеп қойып, аман-сәлемнің орнына сөзбен өрнектеу ілімімен бақыт туралы екі өлең жырлап жібергенде оның терең мәні мен ғажап әуеніне елтіген шәкіртінің қос жанары жасқа толды.
Хань Фу тағы да Шебер ұстазының үйінде қалып, пипа ойнап үйренген соң жетіген тартуды да игереді. Күн мен ай батыстан соққан желге ұшқан қардың түйіріндей өтіп жатты. Сөйтіп жүргенде қайтадан туған жері мен отбасын сағынып мұңға бататын болды.
Бір жолы қараңғы түнде қашып шығып, етектегі даланың соңғы кезеңіне жете бергенде күркенің аузында ілулі қалған жетігеннің ішектерін жел қозғап ойнатып жіберсе керек. Оның әуені Хань Фуды қуып жетіп, қайтуды ұрандағанда оған қарсы тұра алмады.
Тағы бір күні өзінің саябағында ағаш егіп жатады. Әйелі қасында тұр, балалары сүтпен және шараппен ағаш суарып тұр деп түс көреді. Оянса, айналасына ай сәулесі түсіп тұр екен. Хань Фудың көңілі астаң-кестең болып оянса, Шебер ұстазы қалғып, сақалы жыбырлап отырғаны көрінеді. Сол сәтте осы бір адам оның өмірін тозаққа айналдырып, келешекке деген үмітін үзіп, алдап жүргендей сезіледі де, оған деген жек көрушілігі қозып кетеді. Хань Фу қарияға тап беріп, оны өлтірмекке әрекеттенгенде ол көзін ашып, салиқалы ғалымның салмақты мінезімен мейрімді әрі мұңлы кейіппен күлімсірегенде шәкірті ештеңе істей алмай қалады.
-Хань Фу сен қалағаныңды жасай аласың. Оны сенің патша көңілің біледі. Сен еліңе қайтып ағаш егуіңе болады немесе мені жек көріп, өлтіріп тастасаң да өз еркің. Мұның бәрі аса таңданарлық жағдай да емес – дейді, қария.
Ақын жігіт басын иіп:
-Мен сізді қалай жек көре аламын? Егер бұлай істесем, биіктегі Жаратушыны жек көргенмен тең ғой – деп, ойбай салады.
Осылайша, Хань Фу сонда қалып, жетіген шертіп, сыбызғы тартып үйренеді. Шебер ұстаздың үйретуімен өлең-жырлар шығарып, былай қарағанда қарапайым секілді бола тұра терең судың беті желдің тербеуімен баяу толқығандай адам көңілін тербейтін дүниелерді көркемдік шеберлікпен баяндаудың күрделі ілімін аздап үйреніп, игереді.
Хань Фу таңертең күн шыққанда таудың жібектей шыңына сәл аялдап тоқтағандай болатынын, өзен суының ала көлеңке түбінде кішкентай балықтар үймелеп жүретінін, көктем желінің үрлеуімен алып бәйтеректің бұтақтары бұрала билейтінін көркемдікпен бейнелеп жаза алатындай болды. Мұның бәрі тыңдаған жанға жай бір шыққан күн, әдеттегі балық немесе жай ғана сыбдырлаған ағаш секілді сезіліп қана қоймай, әрбірі бір сәтте әсем әуен болып ойнап, онсегіз мың ғаламның сазды ырғағымен үндестік тауып, кәрі-жас бәріне ой салады. Бала-шаға ойын-думанын, жас жігіт сүйікті ғашығын, кәрі адам қалай өлерін ойлап, көкіректе қуаныш пен мұңды қатар қояды.
Хань Фу ұлы өзеннің бастау алатын жеріндегі Мәні жетік сөздің шебер ұстасында өткізген жылдарының санынан адасады. Кейде осы алқап бойына кеше ғана келіп, қарияның саусағының ұшында саз аспабының ішегі әуен ойнағандай, кейде адамның бүкіл ғұмыры мен өткен уақыттың айналымын бойынан аластап тастап, бос кеңістікте қалғандай сезеді.
Бір күні таңертең Хань Фу оянса, ұстазы жоқ, күркеде өзінің жалғыз қалғанын біледі. Мәні жетік сөздің шебер ұстасын қаншама іздесе де, дауыстап шақырса да таппады. Білімдар қария ұшты-күйлі жоқ. Күз басталуға әлі ерте болса да бір түннің ішінде бәрі өзгергендей жыл құстары қаз-қатар тізіліп, тауларды асып қаңқылдап бара жатты.
Сонан кейін Хань Фу шағын пипа саз аспабын алып, туған жеріне қарай тартады. Ел шетіне келгенде жол-жөнекей кездескен жандардың бәрі оған қария ретінде иіліп, тағзым етіп, ілтипат танытып жатты. Өзінің туып-өскен қаласына табан тірегенде әкесі, қалыңдығы, жалпы, жақын-жуық жандарының бәрі о дүниеге аттанған, олар тұрған үйлерде мүлде байтаныс адамдар тұрып жатқанын көреді.
Бірде кешке ұлы өзеннің жағасында шам мерекесі өтіп, ақын Хань Фу өзеннің келесі жағалауында жүз жасаған ағашқа сүйеніп тұрып кішкентай пипамен музыка ойнады. Қыз-келіншектердің көкіректерінде қуаныш пен мұңлы үрей қатарласып, қос жанарларын сол жаққа тігіп, күрсіне бастады. Жас жігіттер пипа аспабын ойнап жатқан адамды таусыла іздесе де таппады. Олардың ешбірі пипаның осыншама ғажайып лирикасын бұрын естімеген екен.
Хань Фу күлімсіреп қана мыңдаған шамның жарығы түсіп, баяу ғана аққан дарияның суына көз салып тұрды. Ақын шын шам мен оның суға шағылысқан бейнесін айырудан қалған. Бүгінгі ұлы мереке мен жас шағында дәл осы жерде тұрып, бейтаныс Мәні жетік сөздің шебер ұстасы айтқан әңгімені зер сала тыңдаған сол бір алғашқы қуаныш екеуінің ара жігін айыра алмай тұрған еді.
Аударған:
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ.
Бөлісу: