Асылбек Байтанұлы. «Қосты» дұрыс қолдансақ игі еді
Бөлісу:
Қазақ тілі – Қазақстан атты мемлекеттің мемлекеттік тілі. Қазақстанда және басқа да шетелдерде тұрып жатқан миллиондаған қазақтың күнделікті қолданысындағы тірі тіл. «Миллиондаған» деп болжамдап отыруымыздың мәні – дүниежүзі бойынша өмір сүріп жатқан шамамен он бес миллион қазақтың бәрі дерлік қазақ тілін біледі, күнделікті тұрмыста кеңінен қолданады деуге келе қоймайтынын ескергендігіміз болар. Немістің лингвист ғалымы Август Шлейхер: «Тіл де биологиялық ағза сияқты туады, яғни өседі, өледі», - деген жоқ па еді. Жер бетінде айына екі тіл мәңгілікке жойылады екен. Ғалым сөзінің дәлелі осы емес пе? Миллиондаған халықтың қолданысындағы қазақ тіліне төніп тұрған мұндай қауіп, әрине жоқ. Бірақ та осылай екен деп арқаны кеңге салуға және болмайды. Баршамыздың бұл тұрғыдағы басты мақсатымыз – қазақ тілін дамыту емес, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге, қазақ тілді ортаның санын молайтуға, қазақ тілінің күнделікті қолданысындағы кемшілік-кінәраттарға бей-жай қарамай, өзара талқыға салып үн қатып отыруға үлес қосу деп білеміз.
Қазақ филологиясы (әдебиеттану, тіл білімі) салаларынан еңбек қорғаған ғалымдарымыздың саны бірнеше мыңның үстінде дегенді естігенімізбен, белсенді үнін естіртіп, ықпалды пікірін танытып көп жүргендері аз екені тағы шындық. Мүмкін, олардың үні қоғамға көп естілмей жатқаны қазіргі күні адамдардың, әсіресе жас буынның көбісі кешегі замандардағыдай теледидар қарап, мерзімді басылымдарды жүйелі түрде жаздырып оқымайтындығынан да болар. Оның есесіне қалың жұрт әлеуметтік желілерге отырғанды құп көреді. Желі арқылы жедел де тың ақпараттарды алып оқығанды, өзіне қажетті, өзекті деген сұрақтарды виртуалды әлемге тікелей қойып, тиісті маманның немесе форумға қатысып отырған өзге адамдардың көмегімен бірден толыққанды жауап алғанды қолайлы санайды. Қазіргі талғам, таңдау – осы. Бұл айтылған ойымызға қарап теледидардың күні бітті деуге мүлде болмайды. Әркім өзіне ұнамды арнаны, олардағы бағдарламаларды, шоуларды, сериалдарды көптеп көреді, әрине. Ал спорт каналдарын көретіндердің қарасы қашанда мол. Олимпиадалық жарыстар, әлем чемпионаттары, құрлықтық және еліміздің өз ішіндегі түрлі деңгейдегі спорттық додаларды еліміздің көрермендері отандық телеарналардан, оның ішінде «Қазспорттан» тамашалайды. Демек, бұл арнаның Қазақстан және шетелдердегі аудиториясы да ауқымды, маңызы да зор деген сөз. Өз кезегінде мұның өзі аталған арнадан берілетін тікелей репортаждар, спорт бағдарламаларына жүргізетін комментаторлар мен шолушылардың кәсіби шеберлігіне деген талап, талғам да биік болады деген сөз.
Спорт комментаторлары – тек спорт сайысының барысын көрермендер мен тыңдармандарға баяндап беруші ғана емес, ол – шебер тілді, таным көкжиегі кең интеллект иесі, сонымен қоса тапқыр да ұтымды әзіл-қалжыңнан да құралақан емес, өзіндік даралық бет беййнесі бар, жан-жақты маман болуы тиіс. Бұл - әлемдік тәжірибе. «Футбол – жарты команда» демекші, танымал спорт комментаторын – кез келген ойынның құлпырып, қызықты өтуіне, көрерменнің рақаттана тамашалауына үлкен үлес қосатын «трансляция асабасы» десе де болады. Оған мысал ретінде кеңес заманындағы әйгілі комментатор Котэ Махарадзенің комментаторлығын келтіруге болады. Кавказдықтарға тән орысша акцентіне қоса, ойынның барысын тарихи сан-деректермен, оқиғалармен өрнектей, тапқыр да ойнақы қалыппен жүргізе отырып, миллиондаған аудиторияны баурай білген маман - миллиондарды еріксіз өзіне баураған жоқ па?
Қазақ спортындағы ана тілді кәсіби спорт журналистері дегенде Өмірзақ Жолымбетов, Рабат Жәнібеков, Несіп Жүнісбай, Амангелді Сейітхан, Жандос Айтбайұлы қатарлы азаматтардың есімі ойымызға алдымен оралады. Амангелді Сейітханды аралық буын десек, кейінгі екі онжылдық кезеңінде бірнеше тілге жүйрік, жаңашыл жастардың шоғыры қалыптасқанын көреміз. Бұл қуанарлық жағдай. Бірақ та спорттық сайыстарды орыс, қазақ тілді екі комментатор кезектесе отырып ұсынатын кезде, кейбір қазақ тілді журналистеріміздің аталған спорт түрінің ережесі мен ерекшелігінен, тарихынан хабары аздығы өз алдына, ана тілінің сөздік қоры жұтаң екендігін мейілінше танытып алатыны қазақ көрермендерінің көңілін қоңылтақсытып-ақ тастайды-ау.
Әлеуметтің кәрі-жас, еркек-әйел демей барша қабаты қатарласа отырып тамашалайтын мұндай сәтте қайран қазақ тілінің басын жарып, көзін шығарып сөйлеп отырған журналистің қылығына қалай ішің ашымас, зығарданың қайнамас! Қарап отырсаңыз, қазақша деп сөйлеп отырған ұғымдарының біразы орыс тілінің тікелей калькасы немесе жарқыл-жұрқыл бояуы тым қалың фольклорлық поэтика болып шығады.
Фейсбук бетінде «Қайнар Олжайдың сабақтары» атты үлкен топ барын, осы топта қазақ сөзінің мағынасы мен қолданылуының «жілігін шағып майын ішкен» танымал журналист Қайнар Олжай бастаған қалың қауым «жанды» мысал арқылы журналист тіліндегі жаңсақ қолданыстарды талқыға салып отыратынынан осылардың көбі тіпті хабарсыз ба деп ойлайсың. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген осы болар.
Жоғарыда «фольклорлық поэтика» дедік қой. Әрине, мұны қазақ фольклорының тұнық тұмасынан жасынан сусындап өскен маман орнымен қолданса, құба-құп қой. Бірақ та «бояушы бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей, экрандағы арыстандай арпалысып, ақ тер-көктер болып сайысып жатқан қарсыластардың қимылына елітіп, жанкүйер болып отырған қалалық жас көрерменнің құлағына фольклоршы маманның сарнай төгілткен аграрлық поэтикасы кіріп, жүрегіне жете қояды деу қиын. Бұл ойымыз – ана тіліміздің, жалпы ойлау жүйеміздің бар бояуы тұнып тұрған фольклорлық поэтиканы қолдану қажет емес дегеніміз емес. «Жапон халқы өздерінің бағзы фольклордық тілінің нәрінен көз жазып қалмау үшін экономикалық шығыны шаш етектен күріш шаруашылығын ұстап отыр» дегенді оқығанымыз бар-ды. Ендеше, ана тіліміздің мәйегі болған аграрлық қолданыстардан бас тартпауымыз керек, тек орынды қолданайық. Бұл тұрғыдан алғанда спорт журналистерінің ықпалы мен рөлі – мектептегі қаза тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінен бір де кем емес! Амангелді Сейітхан болып сөйлейтін талай балақайларды көргенбіз. Әсер, ықпал деген осы.
Демек, спорт журналистерінің айтқаны мен жазғаны – жұрттың назарында. Сол себепті де оларға шегінер жер жоқ, алдында – арена, соңында – қара нор қалың қазақ оқырманы.
Біз басынан бері қандай кемшіліктерді тілге тиек етіп отырмыз? Әрине, қазақ тілінің тарихи қалыптасқан әдеби нормасына жатпайтын қолданыстар. Осылардың біреуіне тоқталайықшы. Мысал үшін, ҚОС сөзі. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Қос. Сан. Эпитет. Екі деген мағына береді. Дастарқанның қолы қыз төсіне жетті. Күндізгі көрген қос анар уысына ілікті (Р.Райымқұлов, Жапанда, 70)», - деп беріліпті. Бұдан басқа да «қос бүйірлі», «қос мүйіз», «қос табақ», «қос шырақ» т.б. көптеген мысалдарды қазақ жазушыларының шығармалары арқылы келтіргендігін көреміз. Бұдан шығатын қорытынды – ҚОС – бір денедегі немесе бір бағыттағы, бір ниеттегі деректі дерексіз екі зат немесе қимыл, құбылыс. Бұған тіліміздегі «Қостерек», «Қоскөл», «Қосқарағай», «Қосағаш», «Қосбасар», "Қособа", «Қос барабан», «Қос алқа», «Қосбұлақ», «Қосшоқы», «Қосбиік», «Қосқобы», «Қособа», «Қосшатыр», т.б. атаулар дәлел. Қос көзді дүрбі, қос етекті көйлек, қосаяқ тышқан, қос басты қоржын, қос ішекті домбыра, қос минаретті мешіт, қос қолддап амандасу, қос қабат сырмақ, қос доңғалақты көлік, қос есік, қос аққу, қос құрбы, қос қария, қос кемпір, қос жүйрік, қос жүрек, қос құлақ, қос арна, қос ерін, қос тізгін, қос желбезек, қос желкен, қос қабат, қос палаталы парламент, қос әріп, т.б.
Сияқтанып арқамдағы қос бұрым,
Екі ел бүгін бір арнаға қосты үнін.
Ортақ күннің шұғыласына оранып,
Жалғасса екен достығым! –
деген жоқ па еді, қазақтың аяулы ақын қызы Марфуға Айтқожина.
Қос бұрымды ару
Фольклорда біздің барымыз бен нәріміз жатыр дедік қой, соларға бір үңіліп көрелікші:
Ізі бар, қадамы жоқ аяғының,
Ұшы жерге тимейді таяғының.
Қос қолын хайуанға арта салып,
Әніне салады екен баяғының, -
деп ата-бабамыз арбаны жұмбақтаған жоқ па? Онан қалды:
Қос қазық екі жерден шынжыр арқан,
Сылдырап әр буыны үнін қосқан.
Он адам жолдас болып еңбек етсе,
Аралап он екі үйге қонақ болған, -
дейді, домбыраның қос шегін қос құлағын қос қазыққа теңей отырып. Бәрі де бір денеде немесе затта қатарлас орналасып тұрған жоқ па?
Хош, енді журналистеріміз ҚОС сөзін қалай қолданып жүргендігіне мысалдар қарастырып көрелік: Алматыда Тұңғыш Президент күніне орай қос мұз айдыны ашылды (24kz); Өштескен қос команданың жанкүйерлері төбелесіп қалды (ktk.kz). Бірінші сөйлемді алып қарасаңыз, стильдік тұрғыда «қос» емес, «екі бірдей» деп қолдану керек екендігі анық. Екінші сөйлемдегі «қос» қазақи танымнан мүлде ада деуге болады. Жоғарыда айтылып, дәлелдер келтіргеніміздей, «қос» команданың», әсіресе «өштескен қос команданың» бір ниет, бір фронтта емес екендігі қисындық тұрғыдан алғанда ад анық емес пе? Екі сөйлемде де «ҚОС» деп әсірелемей, «екі бірдей мұз айдыны», «екі команда» десе, еш сөкеттігі болмас еді.
Ал мынау үзіндіге көз жүгіртсеңіз, журналистің ҚОС сөзіне деген «махаббатының күштілігіне», сөз қолданыстағы талғамсыздығына еріксіз бас шайқайсыз: «...Аюлардың алдына тамақ салынған қос қорап қойылады. Онда кездесетін қос құраманың туы бейнеленген. Аюларға таңдау еркі берілген. Алайда, көп ойланған хайуандар қос қораптағы тамақты да жеп қойыпты. Ал, зообақ мамандары бұл қалайда «тең нәтиже» деген сөз деп жорып отыр. Естеріңізге салсақ, қос құрама арасындағы ойын ертең өтеді. (astanatv.kz/kz/news/19921/). Қайсысы дөп, қайсысы орынсыз екенін өзіңіз бағамдаңыз. «Қос команданың қызықтарына» байланысты мына бір мысалды да келтіре кетелік: «Қос команда ойыншыларының жаппай төбелесіне айдындағы төрешілердің өзі араша бола алмады. Хоккейшілер бірін-бірі мұзға жатқызып алып төмпештеген» (www.ktk.kz/ru/programs/novosti/111148/).
Қарсылас екі команданы «қос қарсылас» немесе «қос боксшы» деуге болмайтынын ескерсе игі еді. Мұндағы «мұзға жатқызып алып» емес, «мұзға жығып салып» болатынын білмеуі журналистің білместігі ме әлде немқұрайлылығы ма?
Тек спорт тақырыбында ғана емес, барлық салада болмасын, осы ҚОС эпитетіне неге қызығып қалатынын білмейміз, әйтеуір бүйректен сирақ шығып жатқанын көресіз. Мысалы; Екіжақты байланыс қос тарапқа да тиімді (https://aikyn.kz/2018/11/14/73157.html); Қос күнде 2 көрмені 1 мыңға жуық адам тамашалады (http://presidentlibrary.kz/en/node/155) Алматыда қос автобус бетпе-бет соқтығысты (ktk.kz).
Мағыналық тұрғыдан алғанда, қарама-қарсы келе жатып соғысып қалған бұл автобустарды «ҚОС» деудің қандай қисындық мәні бар? Біздің журналистер неге орынсыз жылтыраққа құмар?
Тарихи немесе саяси тұрғыда қалыптасқан «ҚОС» ұғымы болса, ол бір басқа. Бір замандары Ресейде ақ патша билігі құлағанда, орнына қос үкімет құрылғаны белгілі. Польша мен Қазақстанның президенттері кездесіп жатса, біздің журналистер «қос президент» деп жататыны бар. Әрқайсысы өз елінің жеке-дара басшысы бір үстелде кездескені болмаса, не үшін қос президент болуы керек? Тіпті туысқан ел, қос Кореяның президенті болса, сөз бір басқа.
Сөзіміздің тоқ етер түйіні – қадірменді телеарналар мен өзге де бұқаралық ақпарат саласындағы журналистер, әсіресе спорт тақырыбында жазатын немесе тікелей эфирде жұмыс жасайтын мамандар – қазақ сөзінің қадіріне бойлай білсеңіздер, сіздер қазірігі қазақ тілді қауымның қалт етпес назарындасыздар, сондықтан да орынсыз тілдік қолданысты қалыпты жағдай болдырып алудан сақ болсаңыздар екен дегіміз келеді.
Асылбек Байтанұлы
Бөлісу: