Түркияның үздік кітапханалары – 2
Бөлісу:
(Жалғасы)
Өткен санымызда Түркияда ғасырлар бойы қызмет етіп келе жатқан үздік ондығын жарияладық. Енді сәулеті ерекше, кітап қабылдап оны қайта таратып тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар мен Османлы мемлекеті кезінде салынған медресенің кітапханаға айналу тарихы, сондай-ақ қолданыстан шығып қалған ұшақтың кітапхана ғимараты ретінде қолданылуы, тазалықшы қызметкерлердің қоқыстан жинап кітапхана ашқаны жайлы қызықты, көл-көсір мәліметтер ұсынамыз. Оқысаңыз, мархабат!
11. Артвин Чорух кітапханасы (Artvin Çoruh Kütüphanesi) / АРТВИН
Артвин Чорух университетіне қарасты бұл кітапхана заманауи стильде салынған Түркиядағы алғашқы кітапхана болып саналады. Кітапхананың дизайны үстел үстінде жинақталған үш кітаптың қалпы ерекше көзге тартымды көрінеді. Құрылысы 2015 жылы басталған кітапхана 2018 жылдың наурыз айында ашылып, халық игілігіне берілді. Ғимаратқа 12 млн. түрік лирасы жұмсалған. Кітапхана университет студенттері мен ғылыми қызметкерлерге қызмет көрсетіп келеді.
Кітапханада 37 мыңнан аса баспа материал бар. Сондай-ақ, 53492 электронды журнал, 4.163.792 электронды кітап, 4.151.418 халықаралық диссертация жұмысы, жүздеген елден 3597 газет және 3894 танымал журнал бар. 30-дан астам түрлі тіл үйренушілерге арналған онлайн бағдарламасы да қызмет көрсетеді.
Кітапхана жұмыс уақыты: Оқу маусымында: 08:30-21:00(дүйсенбі), 10:00-18:00 (сенбі- жексенбі), Жаз маусымында: 08:00-17:00
Мекен-жайы: Yeni Mahallesi, Seyitler Sk. No:40, Seyitler Köyü / ARTVİN.
12. «Чанкыры Ұшақ кітапханасы» (Çankırı Uçak Kütüphane) / ЧАНКЫРЫ
Чанкыры қалалық муниципалитеті жобасының бірі – әлемдегі алғашқы балалар «Ұшақ кітапханаcы» халықтың игілігіне ұсынылды.
Чанкыры муниципалитетінің мэрі Ирфан Динчтің айтуынша, балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулып, қабілетін арттыру үшін бағытталған жоба аясында жүзеге асқан бұл кітапхана – ұшу қолданысы аяқталған, жарамсыз Airbus A 300 типті ұшағы бөлшек-бөлшек түрінде 5 жүк көлігі арқылы Ыстамбұлдан Чанкырыға әкелінген. Осылайша, әуежайы жоқ Чанкыры алып бір жолаушылар ұшағына «ие болды».
Режеп Тәйіп Ердоған атындағы саябақтың жоғарғы қыратты бөлігінде орналасқан. Әрі қаланың маңызды нүктесінде бөлшектері құрастырылып жиналған осы алғашқы «Ұшақ кітапхана» қаланың ажарын ашып, ерекше сән беріп тұр. Балалар мен жасөспірімдер асыға күткен «Ұшақ кітапхана» чанкырылықтар мен қонақтарға 2016 жылдың 24 қыркүйегінде ашылған.
Мекен-жайы: Buğday Pazarı Mahallesi, Esentepe Cad. No.54, Merkez / ÇANKIRI.
13. Нөбетчи кітапхана (Nöbetçi Kütüphane) / АДАНА
Өзінің атауы айтып тұрғандай «Nöbetçi Kütüphane» (Кезекші кітапхана) таңертеңнен түннің ортасына дейін халыққа қызмет көрсетеді. Кітапхана ақын-жазушылармен кездесу, концерттер мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырып қана қоймай, қайырымдылық шарасымен де айналысады.
«Nöbetçi Kütüphane»-ден оқуға кітап ала аламын ба?
Nöbetçi Kütüphane-ден кітап алу үшін ең басты шарт – кітапхананың тұрақты оқырманы болуыңыз қажет. Одан кейін кітапханаға мүшелік тіркеуінен өтіп, өзара сенімділік арқылы кітапты оқуға ала аласыз. Бір уақытта ең көп екі кітап ала аласыз және кітаптарды бір ай ішінде кері қайтаруыңыз керек. «Бір айда екі кітап оқымайтын болсаңыз, өтініш, Nöbetçi Kütüphane-ден оқуға кітап алмаңыз» дейді кітапхана қызметкерлері :)
Сондай-ақ, кітапханаға сырттан сусын, тағам әкелінбейді. Онда шәй, кофе, кекс, тәтті-пәттінің бәрі бар..
«Nöbetçi Kütüphane»-де іс-шаралар ақылы ма?» - деген сұраққа келсек, семинар кездесулерден басқа шаралар ақысыз. Бергіңіз келсе сандықшамызға ақша қалдырып, жәрдемдесуге де болады.
«Nöbetçi Kütüphane»-ге қалай көмектесе аламын?
«Nöbetçi Kütüphane»-ге келіп кітап оқысаңыз, жеткілікті мөлшерде жәрдемдескен болып есептелесіз. Қалай дейсіз ғой? Шәй, кофе ішіп сандықшамызға ақша қалдыра аласыз. Болмаса, карточкаңыз арқылы ақша да аудара аласыз. Жиналған бұл «көмектер» жаңа кітаптар немесе жаңа бір «Nöbetçi Kütüphane» ашу үшін қолданылады.
«Nöbetçi Kütüphane»-ге кітап әкеліп тапсыра аламын ба?
Қайырымдылық ретінде кітап тапсыру үшін мынадай шартпен келісуіңіз қажет: «Nöbetçi Kütüphane» кітаптарды сақтауға уәде бермейді, оқырмандарға сыйға береді. Осылайша, кітаптардың көп оқылуы үшін мүмкіндік жасайды. Ал, «кітаптарым оқылсын, кітап таратқанды ұнатамын» десеңіз және кітаптарымды оқырмандарға оқырмандарға жеткізу үшін кітаптарыңызды «Nöbetçi Kütüphane»-ге тапсыра беріңіз. Мархабат!
Кітапхана жұмыс уақыты: 10:00-02:00 (күн сайын).
Мекен-жайы: Nöbetçi Kütüphane Noyan Esen Şubesi: Mahfesığmaz Mahallesi, Damar Arıkoğlu Caddesi Levent Sitesi, A Blok Giriş Kat. Çukurova / ADANA.
14. Камил Гүлеч кітапханасы (Kamil Güleç Kütüphanesi) / КАРАБҮК
Карабүк университетінде (Karabük Üniversitesi) 5 кітапхана бар. Олардың төртеуі ауданда болса, біреуі Камил Гүлеч кітапханасы (Kamil Güleç Kütüphanesi) орталық кампусте орналасқан. Аталмыш кітапхана 2017 жылдың 3-сәуірінде Карабүк қаласының құрылғанына 80 жылдығы және Карабүк университетінің құрылғанына 10 жылдығына орай ашылған. Кітапхана ғимараты филантроп Камил Гүлечтің қайырымдылық көмегі арқылы салынған.
АҚШ-тың Канзас штатында орналасқан кітапханаға ұқсас Камил Гүлеч кітапханасы 4000 м² аумақты алып жатыр. Кітапхана климаттық өзгеріске сай әрі ізденуші қызметкерлерге өте қажетті. Ал, кітапхананың сыртқы дизайны өнер туындылары мен сөрелерде тізіліп тұрған кітаптар арқылы пейзажды жасыл алаңқайларымен көздің жауын алып тұр.
Кітапхана бір уақытта 500-ден аса қолданушыға онлайн және оффлайн зерттеу жұмысын жасаумен қамтамасыз етеді.
Кітапханада 60 мың кітап, 27 онлайн дерекқор, мыңға жуық диссертациялық жұмыс, 65 мерзімді басылым, 18 мың онлайн-журнал, 3.5 млн., онлайн кітап және 2 млн., онлайн диссертациялық жұмыс бар.
Кітапханада мыңдаған деректер арасынан бірнеше секунд ішінде іздеп тауып беретін киоск машиналары, студенттердің өз-өздеріне кітап алып және дәл сол уақытта кітапты қайта тапсыра алатын self-check жүйесі орнатылған. Сондай-ақ, кітапханада студенттердің таза ортада кітаптарға қол жеткізу үшін кітаптан барлық бактерияларды алып тастап, зарарсыздандыратын құрылғы да бар.
Кітапхана жұмыс уақыты: 08:30-22:30 (дүйсенбі-жұма), 10:00-17:00 (сенбі-жексенбі). Емтихан кезеңінде «24/7» тәулік бойы жұмыс істейді.
Мекен-жайы: Kılavuzlar Köyü Öte Karşı Üniversite Kampüsü, Merkez / KARABÜK.
15. Мұстафа Инан кітапханасы (Mustafa İnan Kütüphanesi) / ЫСТАМБҰЛ
Ыстамбұл техникалық университетінің (ЫТУ) «Аязаға кампусында» орналасқан Мұстафа Инан кітапханасы (Mustafa İnan Kütüphanesi) техникалық салада 500 мыңға жуық кітап пен диссертациялық жұмыстардың мазмұны жағынан Түркияның ең үлкен кітапханасы болып саналады. Cондай-ақ, бұл ғимарат барлық ЫТУ Кітапханалары мен Кітапхана қызметтерінің басқарма және үйлестіру орталығы болып есептеледі. Кітапхана атауына бұрынғы Құрылыс факультеті деканы және ЫТУ ректоры Мұстафа Инанның есімі берілген.
1797 жылында Мүхендисхане-и Бахри Хүмаюнда (Mühendishane-i Bahri Hümayun) ашылған баспаханада жарияланған кітаптар арқылы кітапхананың негізін қаланған. Мұстафа Инан кітапханасы «24/7» тәулік бойы жұмыс істейтін Түркияның ең алғашқы академиялық кітапханасы ретінде танылған.
Кітапхана жұмыс уақыты: «24/7» тәулік бойы жұмыс істейді.
Мекен-жайы: İTÜ Ayazağa Kampüsü, Reşitpaşa Mаh., Sarıyer / İSTANBUL.
16. Өзген Беркол Доған ғылыми-фантастикалық кітапханасы (Özgen Berkol Doğan Bilimkurgu Kütüphanesi) / ЫСТАМБҰЛ
Өзген Беркол Доған ғылыми-фантастикалық кітапханасы (Özgen Berkol Doğan Bilimkurgu Kütüphanesi) 2007 жылы дүниеден өткен ғалым Өзген Беркол Доғанды еске алуға байланысты Түркияның алғашқы әрі жалғыз ғылыми-фантастикалық кітапханасы болып саналады. Кітапхана 2012 жылдың желтоқсан айында ашылған.
Кітапхананың мақсаты – ғылыми-фантастика, шытырман оқиғалар жалпы әдебиет саласында Түркияда жарияланған барлық шығармалармен және мүмкіндігінше басқа тілдер шығармаларымен де оқырмандарды қамтамасыз ету.
Осы мақсат аясында кітапханада тек түрікше емес, ағылшын, француз, неміс, орыс, италян, араб, әзірбайжан, грек, серб, армян, поляк, норвег, дат, индонезия, иврит, испан және корей тілдерінде де шығармалар бар. Сондай-ақ, түрік және әлем әдебиеті, әлеуметтік ғылымдар, технология, өнер, спорт, кино, философия және психология сияқты бірнеше салада 10 мыңнан аса кітап пен мерзімді басылымдар бар.
Өзген Беркол Доған ғылыми-фантастикалық кітапханасында өткеннен бүгінге дейін түрік әдебиетінде өзіндік орны бар тұлғалардың кітапханаларынан аталмыш кітапхана қорына өткізген кітаптардың саны артып келеді. Кітапхана қорына тұлғалардың өз қолтаңбасымен берген кітаптары қаншама! Осыған байланысты кітапханада жазушы, журналист Фикрет Адилдің түрік әдебиетінің бірнеше ақын-жазушылары тарапынан алынған қолтаңбалы кітаптары және оның жұбайы Гүлен Адилдің де бай мұра қорларымен «Фикрет Адил коллекциясы» ашылған.
Бұдан басқа аталмыш кітапхананың тағы бір ерекшелігі, бейсенбі күндері ұйымдастырылатын түрлі тақырыптағы семинарлар мен кино көрсетіледі. Семинарды түрлі сала мамандары, зерттеуші және жазушылар өткізеді.
Кітапхана есігі барлық ізденуші, студент және оқуға қызығушылық танытқан оқырмандарға ашық. Кітапты оқуға алудан басқа кітапхананы қолдану мен іс-шараларға қатысу ақысыз. Кітапты оқуға алу үшін кітапханаға мүше болу қажет.
Кітапхана жұмыс уақыты: 11:00-19:00 (күн сайын), (дүйсенбі – демалыс)
Мекен-жайы: Caferağa Mahallesi Safa Sok., No:20 Kadıköy / İSTANBUL.
17. Барбарос кітапханасы (Barbaros Kütüphanesi) / ЫСТАМБҰЛ
Бахчешехир университетіне қарасты «Барбарос кітапханасына» аптаның әр күні барып кітап оқуыңызға болады.
«Ыстамбұлдың жүрегінде» ұранымен жар салған Бахчешехир (Бақшашаһар) университетінің бір бөлшегі Барбарос кітапханасы 1999 жылдың 11-қыркүйегінде, яғни университеттің ашылуымен бірге қызмет көрсете бастады.
Кітапхана – Бахчешехир университетінің ғылыми-зерттеу бағдарламаларын қолдаумен қатар пайдаланушыларға дұрыс әрі жылдам ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Кітапхана мақсаты – университеттің академиялық ақпарат қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін барлық ғылыми зерттеулер мен іс-шараларға қолдау көрсету және қол жетімділікті қамтамасыз ету.
«Барбарос кітапханасынасы» мінсіз құрылымы, жылдамдығы, жабдықтары, нәтижелікке бағытталған қызметкерлері және технологиялық құралдары арқылы ақпаратқа қол жеткізуде тиімді жұмыс істеуді мақсат етеді.
Солтүстік кампуста кітапхананың жұмыс уақыты Орталық кітапхана сияқты бірдей. Гөзтепе Медициналық факультеті кітапханамыз бен Medical Park аурухана кітапханасы «24/7» тәулік бойы жұмыс істейді.
Кітапхана жұмыс уақыты: Оқу маусымында: Дүйсенбі – жұма 08:45-00:00, сенбі 09:30-17:00, жексенбі 11:00-19:00 арасы. Жаз маусымында: дүйсенбі – жұма 08:45-17:00 арасы. Сенбі-жексенбі – жабық.
Мекен-жайы: Yıldız Mаh., Çırağan Cаd. 4-6, Beşiktaş / İSTANBUL.
18. Меркезэфенди Шехир кітапханасы (Merkezefendi Şehir Kütüphanesi) / ЫСТАМБҰЛ
«Меркезэфенди Шехир кітапханасы» Йеникапы Мевлевиханеси, Фатих Султан Вакыф университеті, танымал «Панорама 1453 тарихи музейі», Меркезэфенди мазары, «Нағмедар» (Абдулбаки Паша кітапханасы) сияқты қаланың тарихи-мәдени тұрғыдан маңызды әрі көрікті орындардың жанында орын тепкен. Кітапханада қала тақырыбына қатысты көптеген кітаптар бар. Сонымен қатар, әлемнің түрлі қала ұғымдары жайлы зерттеу жұмыстары бар әлеуметтік-мәдени жағынан мол мұра сақталған кітапхана болып саналады.
Кітапхананың аумағы 796 шаршы метр, сыйымдылығы 115 адам. Мерзімді басылымдар саны – 50. Кітапхана оқырмандары 3 кітапқа дейін 15 күн мерзімге кітап ала алады. Аталмыш кітапханада 50 мың тақырыптық кітап бар. Кітапхананың ең назар аударатын тұсы шәй, кофе және чорба ақысыз беріледі.
Кітапханада YORDAM автоматты жүйесі мен Ақылды кітапхана жүйесі (RFID) қолданылады. Сондай-ақ, кітапханада ксерокөшірме және интернет ақысыз түрде қызмет көрсетеді. Ең назар аударарлығы, кітапхана түнгі 12-ге дейін қызмет көрсетеді.
Кітапхана жұмыс уақыты: 09:00-24:00 (күн сайын).
Мекен-жайы: Merkezefendi Mh., Merkez Efendi Cd., Zeytinburnu / İSTANBUL.
19. Чанкая муниципалитеті Тазалықшы қызметкерлер кітапханасы (Çankaya Belediyesi Temizlik İşçilerinin Kurduğu Kütüphane) / АНКАРА
Көптеген адамның істегісі келмейтін бір істі жасап, қала көшелерін таза болуын қамтамасыз ететін тазалықшы қызметкерлер – ерекше әрі қайырлы бір іспен айналысып жатыр. Қалай дейсіз ғой? Тазалықшы қызметкерлер қоқыс контейнерлерінің жанына қойылған[1] кітаптарды тастамай жинап және мұқият дезинфекциядан өткізіп кітапхана ашады.
«Чанкая муниципалитеті Тазалықшы қызметкерлер кітапханасы» 2016 жылдың мамыр айында Түркияның астанасы – Анкарада ашылған. 5 жарым млн.-нан астам халқы бар Анкара қаласында 15 аудан бар. Халқы жөнінен ең көп аудан Чанкая муниципалитеті болып саналады. Чанкая муниципалитетінде іске асқан және орындалып жатқан 150-ден аса жоба бар. Солардың бірі – «Чанкая муниципалитеті Тазалықшы қызметкерлер кітапханасы». Бұл кітапхана 1970-жылдарда салынған фабрика ғимаратында орын тепкен. Кітапхананың ашылуы жайлы жергілікті және шетелдік баспасөзде жарияланған. Ашылған кезінде аталмыш кітапханада 3 мыңнан аса кітап болса, қазір 25 мыңнан астам кітап жинақталған.
Энциклопедия, роман, тұлғалық даму кітаптары сияқты сан алуан кітаптардан құралған кітапхананың оқырмандары – әзірге тазалықшы жұмысшылар. Олар демалыс сағаттары кезінде қалаған кітабын оқуға және шахмат та ойнауға, қаласа кітапты үйге алып оқуларына болады. Сондай-ақ, қызметкерлердің балалары да өздеріне арналған «Балалар кітаптары» бөлімінен қалағанынша қолдана алады.
Чанкая муниципалитеті басшысы Альпер Ташделен: «Барша Чанкая ауданының тазалығын жасап қана қоймай, кітапхананы құрған құрылыс, тазалықшы жұмысшылармен мақтан тұтатынын, кітапханаға кітап тапсырушылардың да өте маңызды екенін» айтып жеткіді.
«ЖЫЛЖЫМАЛЫ КІТАПХАНА» ӨҢІРГЕ САПАРҒА ШЫҚТЫ
Аталмыш кітапхананың дүйім жұртқа есігі ашық екенін білдірген құрылыс саласы қызметкерлері жиналған кітаптарды ауыл және аудан мектептеріне тарату үшін «сапар» көлігін ұйымдастырған. Атап айтар болсақ, әлем әдебиеті, түрік әдебиеті, саясат, тұлғалық даму сияқты 17 саладағы түрлі кітаптар.
Жұмысшылар қоқыс контейнері көлігін реставрация жасап, оны «жылжымалы кітапханаға» айналдырған.
КІТАП ТАПСЫРУ – МАҢЫЗДЫ ӘРІ ҚАЙЫРЛЫ ІС
P.S.: Төмендегі мекен-жай бойынша кітап тапсыра аласыз:
Мекен-жайы: Çankaya Belediyesi Temizlik Şantiyesi, İmrahor Mah., İmrahor Cad., No:51 Çankaya / ANKARA.
Тел.: +90 312 496 16 13
20. Сулеймание қолжазбалар мұрасы кітапханасы (Süleymaniye Yazma Eser Kütüphanesi) / ЫСТАМБҰЛ
1557 жылы ашылған Сүлеймание Күллиесінің[2] бірінші, кейінірек екінші медресесі кітапханаға айналғаннан кейін құнды қолжазбалар мен баспа туындылар коллекциясы бар Сулеймание қолжазбалар мұрасы кітапханасы – Ыстамбұлдың түрлі ауданының кітапханаларындағы кітаптарды бір жер жинақтау арқылы пайда болған кітапхана. Өйткені Ыстамбұл, жалпы алғанда Анадолуның түрлі провинцияларының көптеген кітапханаларында түрлі себептерге байланысты кітаптарды сақтап қалу және халыққа қызмет көрсету мүмкіншілігі қиындық туғызған.
І Дүниежүзілік соғыс кезінде, 1914 жылы кейбір кітаптар Sultanselim’de Медресетүл-мүтехассысын (Medresetü’l-mütehassısîn)[3] ауыстырылған. Сол уақытта Османлы мемлекетінің Қор ұйымдарына жауапты министр, ақын әрі жазушы Эвкаф Назырлығы (Evkaf Nezâreti) осындай қайырымдылық іспен айналысып, заңды тұлға ретінде құрылған қорларға осыншама мол мұраны көздің қарашығындай сақтап қалуға шешім қабылдайды.
Ақырында кітаптардың Сулеймание медреселеріне жиналуына шешім қабылданады. Осылайша, 1918 жылы Сүлеймание қоғамдық кітапханасы ашылады.
Бүгінгі Сүлеймание кітапханасы құрылар кезінде мешіт ішіндегі кітапхана жанында «Медресетүл-мүтехассысын»-ға ауыстырылған Âşir Efendi, Beşir Ağa, Çelebi Abdullah Efendi, Çorlulu Ali Paşa, Damad İbrâhim Paşa, Esad Efendi, Hâfız Ahmed Paşa, Kılıç Ali Paşa, Lâleli, Mesih Paşa, Molla Çelebi кітапханалары, 1918 жылы бәрі бір жерге жинастырылады. Кітапхананың алғашқы басшысы Қырым эмигранты Муса Акигитзаде (Mûsâ Akyiğitzâde) болса, екінші басшысы Джевдет Бей. Ғимараты шағын көлемде, тіпті кейбіреуінің қызметкерлер бөлмесі жоқ бұл мекемелер жаңадан келген кітаптар себебінен жұмыс істей алмағандықтан және кітаптарды қалпына келтіру жұмыстарын жасай алмау салдарынан бұлар да Сүлеймание Күллиесінің екінші медресесіне әкелінген.
Қазіргі таңда Сүлеймание қолжазбалар мұрасы кітапханасы Түркі-Ислам мәдениетінен бастау алған жазба мен араб әліпбиіндегі ескі баспа туындылары бар жергілікті және шетелдік ізденуші мамандарға халықаралық деңгейде қызмет беретін ұйым болып саналады. Кітапхана ішінде жаны қайырымдылықты сүйген Фатих, Хамидие, Сұлтан Ахмет, І Махмұт құрған Аясофия және Лалели сияқты падишах кітапханаларында да 152 коллекция бар. Кітапханада мұқаба, иллюминациялық қолжазба, миниатюра, каллиграфия және эбру[4] сияқты дәстүрлі өнердің ең жақсы мысалдарын көруге болады. Бұл туындылар арасында өте ескі тарихи материалдар, қолжазбалар, әлемде тек бір данасы бар және сұлтандарға арналған өте құнды қолжазбалар бар. Кітапханаға сатып алу және тапсырыс арқылы түскен кітаптардың жұмыстары аяқталғаннан кейін бұларды «Қолжазба түріндегі тапсырыстар», «Баспа түріндегі тапсырыстар», «Шет тілдер» бөліміне тіркеу жасалып жатыр. Тапсырыс арқылы келген кітаптар белгілі бір санның шегінде болса тапсырыс берушінің атына бөлім ашылады.
Сүлеймание қолжазбалар мұрасы кітапханасының негізгі қоры Кануни Сұлтан Сүлейманның құнды туындыларынан тұрады. 70 мыңнан астам қолжазба мұрасы бар бұл кітапханада ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне кірген ибн-Синаның қолжазбалары да сақталған.
Сүлеймание қолжазбалар мұрасы кітапханасының базасында тіркелмеген 904 құжат, тіркелгеннен соң каталогқа енгізіліп, цифрландырылып одан әрі зерттеуші мамандарға ұсынылды. Ал құжаттардың сұрыпталуын кітапхана қызметкері, Бас маман көмекшісі Садуллах Кая жасаған.
Кітапхана жұмыс уақыты: 08:30-23:00 күн сайын.
Мекен-жайы: Ayşe Kadın Hamam Sok., No:27 Fatih / İSTANBUL
Кітап оқиық, сыйлайық!
[1] Түркия қалаларында тұрғындар қоқысты шығару үшін өз үйінің тұсындағы көше бойындағы талдың түбіне қояды немесе қоқыс жәшіктеріне тастайды – автор.
[2] Куллие – мешіттің айналасындағы мешітпен бірге салынған медресе, қайырымдылық орындары, себиль, кітапхана, аурухана т.б. ғимараттардың бірігіп орналасқан жері.
[3] Медресетүл-мүтехассысын – Османлы мемлекетінде медреседе білім берушілерді өз саласында маман ретінде жетілдіру мақсатында Ыстамбұлда ашылған мектеп. Оның мынадай 3 бөлімі болған:
- Тәпсір;
- Фыкых және усули фыкых;
- Келам, Тасаууф пен философия.
1917 жылы комиссия шешімімен «Medresetü’l-mütehassısîn» есімі Сүлеймание болып өзгертілді. Сабақ бағдарламасы жаңа форматқа өтті. Бұл мектеп Республика төңкерісі (Cumhuriyet devri) кезінде жабылған.
[4] Эбру – суға майлы бояумен сурет салу өнері.
(Суреттер ғаламтордан алынды)
Бөлісу: