Ер Едіге және «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосы (жалғасы)

Бөлісу:

28.02.2019 11028

Бүгінгі ноғай ғалымдарының еңбектерінде Едіге бірыңғай мақталады. Қарақалпақстан ғалымдары зерттеулерінде Едігеге қоса Ақсақ Темір дәріптеледі. Сонымен Едігені біреулер кінәлайды, екінші біреулер асыра дәріптейді. Кінәлаушылар оны Алтын Орданы құлатушыға шейін апарады. Екі жақтың да сүйенетін тарихи негіздері бар: ескіден қалған жылнамалар, ілгерідегі тарихшылар айтқан пікірлер бар. Былайша айтқанда, «Едіге» эпосы қапастан шығып, қайта жарияға жол тапқан тұста аталмыш мәселе де өткір күйінде қалып отыр. Әлі күнге жете зерттелмеген Алтын Орда шежіресі мен тарихи Едігені жан-жақты зерттеу енді ғана басталды.

Едіге турасындағы аңыздар мен әпсаналарды зерттеген профессор Ф.Урманче: «... сначало в среде ногайского народа возникает и формируется черезвычайно богатый по содержанию и исключительный по форме дастан. Проходят годы и десятилетия. И этот дастан распространяется и среди других тюркксих народов и превращается в один из самых популярных историко-эпических героических сказаний тюркских народов», - дейді.

Жырдың пайда болуын зерттеген ғалымдардың бірі П.А.Фалев ноғайлар туралы: « Они отрядами выходили из своих улусов и нанимались в военные защитники в соседних ханствах и у соседних племен. В этот период ногайцы разнесли свой эпос по всей Средней Азии до самого Алтая. Их значение было столь велико, что киргизы до сих пор называют ногайцами приходящих в их степи с Запада (т.е. откуда приходили настоящие ногайцы) поволжских татар» дейді.

Академик В.М.Жирмунский де «Едіге» әуелде ноғайлар арасында пайда болды, содан сыртқа тараған деген пікір ұстанады. Одан бұрын зерттеген В.В. Радлов пен П.М.Мелиоранский де осындай пікірде. ХХ ғасыр басында өмір сүрген қазақ білімпазы Мұхамеджан Тынышбаев бұл көзқарастарды теріске шығарады: «Сонымен Қырымнан Алтайға шейін, Қызыл Шәріден Ташкент, Үргенішке шейін, баяғы Жошы ұлығындағы жұрттың тұқымдарына Едіге ертегісі тегіс жайылған, осы ортадағы түрік тұқымына Едіге ертегісі әбден белгілі. Едігенің дәурен сүрген жері – көбіне Еділ-Жайық маңайы, тарих көрсетуінше Едіге Маңғыт (ноғай) және балалары ноғай арасында қалған еді деп. Сондықтан Едіге әңгімесі әуелде ноғайдан басталып, содан жан-жаққа, өзге көршілес елдерге таралған ғой деп В.В.Радлов айтады. Бұл сөзді П.М.Мелиоранский де қоштаңқырап отыр. Біз В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский айтқанын қате деп білеміз. Европа тарихшылары, орыс тарихшылары қанша жетік болғанымен, жергілікті, отырықшы жұрттың жүрісі, тұрысына қарай пішіп, көшпелі елдің салтын жете түсінбей, жоғарғы жұрттар бір-біріне туысқан болса да, қырымдағысын Қырымға тұсап, қазандағысын Қазанға, ноғайдағысын Ноғай жеріне бекітіп, қазақ, Сібір татарлары, қарақалпақты орын-орнына жылжытпай матастырып, байлағандай қылып қояды», – деп орынды уәж айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ер Едіге және «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосы (басы)

Тарихшы М.Тынышбаев кезінде аталған жұрттардың бір мемлекетте тұрғанын, татар, ноғай, башқұрт, қарақалпақ, қазақ, кавказ түркілері бір-бірімен мидай араласып жатқанын, ру, тайпаларының бірдейлігін, Алтын Орда ыдыраған соң бұрынғы бірліктің неге кеткенін аз сөзбен, аса ұтымды тәсілмен ұғынықты қылып түсіндіреді. Ғалым ол жөнінде былай дейді: «Өзгелер елемеген бір істі Аристов жазып кетті, бұл – түрік тұқымдарының ататегі, ру, таңбалары. Бұдан жеті жыл бұрын Гродеков олардың ұрандарын тізіп еді. Осынша қызық істерді көрсетіп отырып, Аристов өзі жол тауып, сөзін аяқтапты», – дейді.

Ал Аристовтың жазуынша:

1) Қырым татарының рулары – арғын, қыпшақ, қоңырат, найман, алшын, байұлы, жағалбайлы, тама, керейт, қаңлы, ширин, барин, дхөүрмен.

2) Астрахань ноғайлары: найман, бағаналы, ергенекті, жағалбайлы, қоңырат, қыпшақ, кете.

3) Башқұрт: табын, тама, қыпшақ, керей, таз (байұлы).

4) Қазанда: арғын, қыпшақ, тама, беріш (байұлы). Бұларды өзіміз тауып отырмыз.

5) Кавказда: арғын, шеркеш (біздің шеркешімізбен олар бір жерден шыққан – бұған біздің толық дәлеліміз бар).

6) Қарақалпақта: найман, қыпшақ, қоңырат, әлім, шөмен, тама, жағалбайлы.

7) Еділдің орта ағымындағы Еділ татары көбінесе қыпшақ тұқымынан. Бұған сүйене отырып М.Тынышбаев төмендегідей тұжырым жасайды: «Осы айтылғандардың бәрі баяғы замандарда араласып жүріп, кейін Алтын Орда бұзыларда, тоз-тоз болып жыртылып, біреуі онда, біреуі мұнда кетті. Бұл турадан толық дәлелімізді жазбақшымыз; анық осындай болмаса да, 16-ншы жылы Жетісудан Қытай қашқан қазақ-қырғыз осы тәрізді жыртылып, әр жерде қалғаны бізге анық белгілі.

Көшпелі ел бір жерде тұрмай, біресе әрі, біресе бері толқып жүргенде әр аудан, әр жерде қала берген. Мұны Ташкент уезіндегі құраманың құралғанынан көріп және отырмыз. Тама атақты Нәрікұлы Шора батыр Қазанда өлгенін Карамзиннен оқып отырмыз. «Ата-бабамыз Қырымнан келген екен» деген сөзді қазақ арасынан, әр жерден естиміз. ХVІ ғасырдың ортасында Қазан, Қырымды орыс алған соң, әрі-бері жүруге жол кесіліп, қырымдағысы – Қырымда, қазандағысы – Қазанда, ноғайдағысы – Ноғайда қала берді. Жайықтан күншығыс жақтағылар енді олармен үйірі қосылмасына көз жетіп, күдер үзіп, орыстан ығысып барып, бөлек қазақ хандығын құрды. «Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда» деген сол заман (1570–1590 жылдар). Оған шейін Алтын Орда арасы (жалғыз-ақ Қырым демесе) ашылмаған. Едіге батыр, Әмір Темір, Тоқтамыс хан бәрі замандас; Едіге 1419– 1420-жылдарда өлді, онда ел жапсары ашылмаған кезі. Алтын Орда осыдан 130–150 жыл кейін бұзылып, Жошы ұлысы жан-жаққа сонда бытырады».

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ерболат Қуатбек. Шекспир ақын болмаған

«Едіге» эпосына теріс таластың әлі күнге дейін барлығын біз жоғарыда атап өттік. Бұл мәселені Мұхамеджан Тынышбаев ХХ ғасырдың басында-ақ шешіп берген еді. Өкінішке қарай, білікті тарихшы ғалымның оң пікірі эпосқа қатысты проблемалардың ең басында тұру орнына көбіне мүлде ұмыт қалдырылады. «Бір Едігенің өмірін әрқайсысы әртүрлі қылып, өзді-өзінің тұрмысына қарай ыңғайлап, атадан-балаға баяндап қалдыра берді. Сондықтан ертеде болған Тоқтамыс хан, Едіге, Уақ – Ер Көкше, Ер Қосай, Тама Шора, Едіге тұқымы, Орақ, Мамай, Орманбет бидің аттары қазақ арасында (әсіресе аттасы, суласы болған Кіші жүзде) осы күнге шейін ұмытылған жоқ. Сондықтан бұларды Қазан да, Қырым да, Ноғай да ұмытқан жоқ...Сондықтан 1922 жылы Ташкенде басылып шыққан 7 батырға таласып «біздің батырларымызды қазақ өзінікі қылыпты» деп отыр. Едіге ертегісі, әуелі Ноғай арасында шықты, содан жан-жаққа жайылды деген В.В. Радлов пен П.М.Мелиоранский сөзін осы себептен қате қылып отырмыз. Алтын Орда бұзылғаннан бұрын болғандарға барлық ұзақ ертегілер бәріне бірдей», – дейді білімпаз Мұхаметжан Тынышбаев.

Сайып келгенде, Ш.Уәлихановтың да ойы осыған тіреледі. «Довольно странно и замечательно, что все почти народы Среднеазиатских степей все древнее приписывают ногаям и многие почитают их своими предками. Так говорят Каракалпаки и дикокаменные киргизы. ... «Киргиз-Кайсаки тоже все развалины в юго-западной полосе своей земли приписывают так же ногаям, и башкиры имеют также притязания на ногаев. Пункт этот особенно достоин исследования, и я намерен говорить о нем более подробно в другом месте». Өкінішке қарай, өмірі қысқа болған Шоқан бұл ойын жүзеге асыра алмады.

Сонымен, Едігенің істеген ісі, өмір жолы қым-қиғаш қарама-қайшылыққа толы. Эпостардың бас қаһармандары әдетте дәріптеліп, идеал кейіпкерге айналатын еді, бай болып барша мұратына жететін еді. «Едіге» жырының басты кейіпкері олай болмай тұр. Едігенің кінәсі жоғарыдағы татар нұсқасындағымен шектелмейді, эпостың басты, негізгі версияларының бәрінде дерлік қателесіп, баласымен қиғаш жағдайға келіп, көзінен айырылады, ақырында өледі және өлімі кісіден болады. Ал Сыпыра жырау: «Еділден әрі өткен жоқ, мына бір тоғыз ерді жібер де, алдап-сұлап қасыңа ал, қасыңа ал да басын ал!» – дейді. Яғни, батырымыз әдеттегідей өңкей жақсы болып, ақ түске боялмайды. Судан таза, сүттен ақ емес. Бұл жағдай эпостың өзіндік даралағын аңдататын айрықша ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Оның үстіне, тарихтағы Едігенің беделіне нұсқан келтіргенімен, кейіпкердің түрлі түстілігі жырдың көркемдік қуатын арттырған. Жырдағы Едіге әдеттегідей-ақ не бірыңғай қара түсті емес, түрлі түсті.

Жұма-Назар АСАНҰЛЫ

Мақсат ӘУЕЛБАЕВ

«Ер Едігенің тарихы» монографиясы

Бөлісу:

Көп оқылғандар