Абайдың үш өлеңі жайлы
Бөлісу:
Айтпағымыз Құнанбайдың Абайынан қалған өлеңдер жайында емес, Ораздың Абайы жазған жырлар хақында болмақ.
***
Абай Ораз – «өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп жүрген талапты жастардың тобынан бой көрсетіп, дүние-дүрмектің дүбіріне ой құлағын түре жүріп, көзбен көріп, көңілге түйгендерін жан, жүрек, сезім сүзгілерінен өткізіп, онысын құдіретті поэзия тіліне көшіріп, өз мүмкіндіктерін танытып келе жатқан тұмарлы жастардың бірі. Қарағандының «Болашағында» білім алып, сонда жүріп талаптанып өлең жазды, айтары бар ақын дейтіндердің қатарында есімі айтылып, қатарластарына қаламының қауқарын таныта білді. Орта көрді, өзгелерге сын көзбенен қарай алды, өзін де қайрап өсті. Сонан соң Жезқазғанға келіп, қайнаған әдеби ортадан жырақтау жатқан қаланың шығармашылық ортасына түсті. Кенді қаланың талапты жас ақындарының қатарын көбейтіп, леп әкелді. Жалпы қаламгердің әдебиеттегі орнын, оның шын өнердің көркемдік-эстетикалық биігін танытарға қосар үлесін көрсету үшін, поэзия ауылындағы даралығы мен өзіндік қолтаңбасын таныту үшін жоғарыдағыдай сыдырта сипаттау аздық ететіні белгілі. Ал біз әлгіндегі «таныстыруымызды» Абай Ораз деген кім екен деп таңырқай қалғандар болса, таныса отырсын деген оймен айтып отырмыз. Әйтпесе, ақынды тану үшін өмірбаян емес, өлеңі сөйлеу керек.
Өлең – дүние қозғалысындағы болған, болып жатқан, болатын оқиғаларды, адам болмысындағы қилы мінездерді, жан иелерінің арасындағы қарым-қатынастарды, жанды-жансыздың табиғатындағы құпия сырларды, бір сөзбен айтқанда, сырт оқиғалардың сіздің талғамыңызға сай келу-келмеуінен туындайтын түрлі қайшылықтардың көркем кестесі. Өлең – ақын жанының жаратылысын танытатын жазба. Ендеше Ораздың Абайы жазған өлеңдерді оқып көрелік.
Қайран қалам!
Атқа шауып, баладай бәйге алмаған.
Үгілемін тұлпардың тұяғындай,
Құлын едім желіге байланбаған!
Абайдың «Бұрынғының шалдары» деген өлеңі оқырманына әлдеқандай сауал тудыратын осындай жолдармен басталады. Желіге байланбаған асау құлындай бұлқынып өскені түсінікті, тұлпардың тұяғындай боп үгілемін дегені несі? Өкпе ме, әлде іздегенін таба алмай, көңілі қоңылтақсыған жанның ішкі әлеміндегі күйдің белгісі ме? Сағыныш шығар, бәлкім? Түйсігіңіз алдамапты. Ақын «бұрынғының шалдарын» іздеп сағынады. Ол шалдар қандай еді?
Мен кешегі шалдарды түгел көрдім,
Шалдар көрдім, төрінен жүген көрдім.
Енді түсінікті болды. Баласын тұлпарының жалына орап өсіріп, «осы болады-ау» деген ұлын ат үстінен түсірмей, арғымақ тұяғының дүбірін құлағына сіңіріп тәрбиелеген қарияларды іздейді. Сағынады.
Баяғыдан баяны – жылқы жайлы.
Бәйге атындай қарасаң тұрқы да әйгі.
Бір-ақ шөкім бурыл шаш оның өзі –
Будақ-будақ бұлттай боп бұрқырайды.
Өлеңдегі сағыныш – өткен күндерге деген сағыныш. Шығармадағы шал ұғымы мен Қамбар ата түлегінің тағдыры бір-бірінен бөлінбес тұтас ұғымға айналып, сол ұғым «өткен күн», «кешегі», «баяғы» деген сағынышқа айналып жүре береді.
Құлағымды тігем де тыңдай қалам,
Әңгімесін шалдардың мыңды айдаған.
Ағыл-тегіл жылаймын, содан кейін,
Бастауы жоқ бұлақтай құрғай қалам.
Ақын оқырманына тағы да сауал тастап кетеді. Ойланарлық сауал.
Қозғалақтап, тыпыршып таңдай қағам!
Жүйрік жайын айтқанда жарға айдаған.
Аптап боп ыстық құшам, шоқты шайнап,
Онан соң денем мұздап, тоңға айналам.
Лирикалық кейіпкердің аптап ыстыққа ұрынып, шоқ шайнап, сонан соң мұзға айналуы сияқты мың құбылған көңіл күйдің сырын оқырман енді тапқандай. «Жүйрікті жарға айдаған» уақыттың трагедиясы екен.
Иә, ат баптап мініп, алшаң-алшаң бастырып, арғы-бергі күндеріне ат үстінен қарайтын күндер алыстап кеткен. Ата кәсібін өлтірмеймін деген баланың түрі мынау:
Түн баласы менің де түсіме енген,
Су ішем деп құдыққа түсіп өлген
жорға құнан - мұқым ел қасіреті,
Ал иесі күйіктен ішіп өлген.
Өлеңдегі уақытты аңсау, ескі күндердің ғажайып кейіпкерлері болған аузы дуалы ақсақалдарды сағыну, «иісін-ай қаракөк, күреңдердің» деп Қамбар ата түлігін іздеу сияқты сағынышқа толы драматизм енді трагедияға ұласып кеткен. Күйіктен ішіп өлу – даурығуы көп уақыттың дәрменсіз адамдарының «шешімі». Лирикалық кейіпкердің жан-дүниесін алапат отқа ораған да осы көріністерден туындайтын көңіл дерті.
«Қазтуған» өлеңі – осы тақырыптың, сезім-күйдің жалғасы. «Жабыққанын білдірмей жүрген жігіттің қазанаты ер салдырмаса, «хан ұлының сөзі - құнсыз, өзі - ожар болып жатса» қарға бойлы Қазтуған заманына қайырыла бермегенде қайтсін?!
Ақ дариямды бақа шулап лайлады;
Сазан сиреп, балық ойнап қайдағы.
Құрқылтайдың ұясындай киелі ең,
Жүйрік – жабы, тағы болды тайлағың.
Жел, жел ессін, жел ессін,
Мен бір кезде болып едім көк өскін.
Ер-тұрманды құшақтаған шалдай боп,
Қақыраған қабырғаммен кеңестім.
Осы тұста А.С.Пушкиннің айтқаны еске түседі. «Люди никогда не довольны настоящим и, по опыту имея мало надежды на будущее, украшают невозвратимое минувшее всеми цветами своего воображения». Біз жоғарыда сөз етіп отырған өлеңдердің авторын осы тұжырыммен тұқырта салып, айтар сөзді тоқтата қоюға болар еді, бірақ даңқты ақынның: «Неуважение к предкам есть первый признак безнравственности»,- деген сөзі санада кес-кестеп тұрып алады екен. Біздің жыл санауымыздан арғы дәуірдің данышпаны Цецилий Стаций де: «Всегда чти следы прошлого»,- деп
текке айтпаған болар дейсің де тоқтайсың.
Шындығында, ғұмыр кешу, өмір сүру – өз уақытыңның жақсылы-жаманды ғадеттерімен келісу-келіспеуден тұратын қайшылықтар ортасында жүру дейміз бе? Десек, мына өлең жолдарындағы лирикалық кейіпкердің жан дүниесіндегі ағыстарды түсінбеу мүмкін емес. Тек, жаныңды жүдетіп, жаншыла бермеу керек. Біз оқып отырған өлең оптимистік үнмен аяқталды. Өлең шумағындағы «қан» сөзі – кек, ыза, рух жанартауының жарылысы, сілкіну деген ұғымдарды сыйғызып тұрған сөз.
Уа, би ұлының кенжесі!
Ай ашылмай бұлт болды, торланды,
Күн ашылмай, мұнар болды болжаулы.
Сусынымды қандырайын қан ұрттап,
Саптап алып қарағайдай найзамды!
Абайдың үшінші өлеңі «Қараша туғанда» деп аталады. Өлеңнің өн бойында сағыныш лебі сезіледі. Жаз қызығын ұрлаған, айналасына сары бояу тамызып, алдағы келер маусымның хабаршысындай болған қарашаның қабарған шағын фон еткен ақын көрер күннің нәсібін тірнектеп жатқан тіршілік иелерінің қарекетін былай суреттейді:
Қарындас жұрт қалбаңдар қарашада,
Қазан-ошақ жанында - бала-шаға.
Етек жиып, елеңдеп ертеңшіл ел
Қауқылдасып жатады оңашада.
Әжем шашы секілді түскен аппақ,
Тереземнің алдына шық қонақтап.
Қара суды жағалап қаз кеткенде,
Өлең жазам күйдіріп іштегі аптап.
Мұның сырын мына жолдардан табамыз:
Қиқар мезгіл тоз-тоз қып түмен елді,
кеткенде апам бір аунап түрегелді.
Жанашырым мен келсем жан ұшырып,
«Қарашығым» деуші еді күрең өңді.
Күпілі елдің айтқанын көп екшедік,
Мұқым ердің ішінен бөлектеніп.
Тарығып өскен жоқпыз таң бозында,
«Жарығым!» деген дауыс қорек болып.
Тағы да іздеу. Тағы да сағыныш. Қараша күн жүдетіп кеткен көңілдің қайсыбір жарасын емдейтін дауа іздейді.
Ақ шашты әже, «қарашығым», «жарығым» деген ана. Бәрі өте шыққан. Қайтаруға күш жоқ, шарасыз. Шарасыз болатын жөні бар. Өткінші Уақыт заңының алдында, нақтырақ айтсақ, кеше деп жүргеніңді көне күндерге, бүгін деп жүргеніңді өткен шаққа іп-лезде айналдырып жіберетін, ертеңгі күнге емексітіп қоятын Уақыт-Құдыреттің алапат толқындарының алдында адам баласы дәрменсіз. Осы дәрменсіздіктен адам жанындағы қайшылықтар, үміт пен күдік қақтығыстары туындаса керек. Мына өлең - сол халдің көркем көшірмелерінің өзінше бір үлгісі.
Күз келгенде қаз даусы құмық шығып,
Қызығымды барады ұмыттырып.
Қараша айы – қартайған мезгіл екен,
Жылай салар әжемдей күліп тұрып.
Ақын Абайдың үш өлеңін оқыдық. Үш түрлі өлең, өзек – біреу. Ол –сағыныш.
Өктем Уақыттың қағидасымен келісімге келмеген ақын Бүгіннің беттерінен кешегінің белгілерін іздейді. Таппайды. Тіпті Ертеңде де сол белгілердің болғанын қалайтын сияқты. Бұл - жан иесінің қалауы, ал Жаратылыс заңы басқаша. Міне, мына үш өлеңді ымыраға келе алмаған екі тараптың ырғасуынан туындап, өлең боп тамып түскен сағыныш тамшысы дедік. «Баяғының шалдары», Қазтуған», қылқұйрық тұлпар, мейірім-шуағын емізген әже – сағыныш сазындай болған үш өлеңнің біртұтас бейнеге айналып кеткен кейіпкерлері. Өткен күн. Өткен күндерге деген сағыныш. Кешегінің құндылықтарын іздеу. Біз үш өлеңнен осыны таныдық.
«Ақырындап келіп, шапшаңдатып өте шығатын» (Вл.Гжещик) Уақыттың заңы осындай. Өкінішті. Тек «Время - материя, из которой состоит жизнь»,- деген қанатты сөздің (Б.Франклин) уәжіне ғана тоқтайсың.
Жас ақын Абай Ораздың өлеңдерінен кейін осындай ой түйдік.
Ғазиз Ештанаев,
ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.
Жезқазған.
БЕЙКҮНӘ ӨЛЕҢДЕР
(цикл)
Бірінші өлең
Ауыл деген – апамның алақаны,
Маңдайыма жылы нұр таратады.
Мен ертерек қол үздім ауылымнан,
Тұрғандай-ақ келісіп қала сәні.
Ауыл-аймақ – ақ отау, ақ бесігім,
Жазатайым жауып ем қатты есігің.
«Біткен іске сыншы» өзің алдыменен,
Бүккен ішке тағы өзің әпке сырын.
Көрген келін секілді жұртын жаңа
Іштен тынып, бір күйіп, бір сыздана.
Кеше сенің алдыңа үнсіз бардым,
Ал сен болсаң қарсы алдың үнсіз ғана!
Екінші өлең
Жылы сәуір төгіп тұр шуақ, нұрын,
Апам жайсыз ұйықтады бірақ бүгін.
-Мазаң болмай отыр ғой! - деймін қарап,
-Қарғам! - дейді, - Жо-жо-жоқ!..Қуаттымын!
-Күйіп-жанып тұрса да тұла бойың,
Неге жалған сөйлейсің, дұғагөйім?!
Аз-кем тыныс алған жөн, уайымшылым! -
күйгелектеп мен оның ұғам ойын.
Ішке еніп көр тізеңді бүгіп төрге –
Құлаққа ұрған танадай тыныш бөлме.
Құлағы ауыр еститін апам жатыр,
Маңдайынан ыршытып күміс теңге.
Үшінші өлең
Қарлығаштың ұясы – үй үстінде
көмулі тұр мүйізі киіктің де.
Әбдіресін ақтарған әжеміздің,
Әңгімесін тыңдаймыз ұйып күнде.
Жылқышы атам мүйізден дәрі үгеді.
Жүрек сыздар еске алсам қазір оны –
Мүйізді пұл еткенмін, ұяны күл,
Біздің шалдың ашуы мәлім еді...
Кешіріңдер, тіршілік дәнекерім!
Мейірімнен аз ғана дәметемін.
Құс ұясы – адамдық!
Ал мүйіздің
білген жоқпын сатылмас ар екенін.
Төртінші өлең
Дүниенің мысалы – күміс шідер.
Күміс шідер қадірін жігіт білер.
Үшке бөліп алмақ боп үш ағайын,
Күшке мінді қос білек түріп түгел.
Бірінде – ұят,
Бірінде – ар,
Бірінде –ақыл.
Бүлк етпестен бүк түсіп бұғып жатыр.
Шіреп тартқан шідері қақ бөлінді –
Үшеуінің бірлігі үзілді ақыр.
Бүкпей айтсам іштегі егер сырды,
Көмейіме кілкілдеп өлең тұнды.
Уақыт төре тұр қарап биігінде,
«Бірің өліп, бірің қал» деген сынды.
Бесінші өлең
Теміржолдың бойында – шағын ауыл.
Жүйткігенде пойыздар сабыла ауыр
жүк тиеген вагонның өксігіндей,
Ауыр-ауыр демігіп жабығады ұл.
Қамығады ұл әжесі үмітті еткен
қала жақтан –
пойыз кеп мініп кеткен.
кетерінде иіскеген ұлын ұзақ,
Оралмасын адамдай біліп кеткен.
Ағыл-тегіл пойыздың өксігі өшіп,
Солқ-солқ етіп бүйірін тепкілетіп,
Сағынады ұл әжесін жалғызсырап,
Ауыл жатыр кете алмай көшке ілесіп.
Алтыншы өлең
Жаз кетті...
Жүгін жиып келеге артып.
Жан жоғын білсе дағы менен артық.
Өксіктен қарс айрылған көкірегім,
Өткеннің өкінішін келеді аршып.
Өткен күн өкініші – өткел кешіп,
жаз десіп, көңіліміз көктем десіп,
бір жүрген құрбым еді жылап келген,
Жылады ол.
Сенесің бе?
Қош бол десіп.
Сол жазға сағынышым қалды ұрланып,
Қалғаны дұрыс екен, жазғырмалық.
Жығылған көңіліңді жұбатқың кеп,
Жылағың келеді екен жалғыз қалып.
Жетінші өлең
Жар жағалай жүгірген бала жайлы
Бір әңгіме күллі елді аралайды.
Бір топ әйел ұйқысыз таң атырды,
Үркіп ауыл көл жаққа жоламайды.
Қанша мәрте көрсе де ел жасқап шыбық,
Көл басында ойнайды ол тас лақтырып.
Сәби демін естимін десе бірі,
Бірі көрген тұрғанын сақ-сақ күліп.
Алыс емес ауылға жар дегенің,
Дауысына елтимін әлдененің.
Жағаға кеп отырмын тынық түнде,
Су атасы Сүлеймен, жар бол өзің!
Абай Ораз
Бөлісу: