Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Астанада «Жас ғалым» I республикалық форумы өтті...

11.04.2025 431

Астанада «Жас ғалым» I республикалық форумы өтті 12+

Астанада «Жас ғалым» I республикалық форумы өтті - adebiportal.kz

Технология ғасырында әлемдік ғылымның жан-жақты даму мүмкіндігіне ие болып, бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Ғылымның қазірге дейінгі ең үлкен жаңалығы ретінде көршілес Қытай елі жасап жатқан «Жасанды күн жасау» жобасы ерекше аталып жүр. Болашақта әр елдің өз «жеке күні» болса, таң қалмауымыз керек. 

Қазақстанда да соңғы жылдары ғылым саласына ерекше көңіл бөлініп келе жатқаны белгілі. Техникалық әлеуетті арттырып, заман ағымына ілесу – қазіргі дәуірде ел болашағын ойлаған адамның негізгі мүддесі болары айқын.

Осы мақсатта 2025 жылғы 11 сәуірде Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еліміздің әр өңірінен келген 300-ден астам жас зерттеушінің басын қосқан «Жас ғалым» I республикалық форумы өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған және жас ғалымдарды қолдау мен ғылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналды.

Форум барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жас ғалымдарды Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, ғылыми қауымдастықты өзара қолдауға шақырды. Министр өз сөзінде: «Бүгінгі таңда бізге практикалық идеялар мен жобалар, мықты командалар қажет. Пәнаралық зерттеулердің әлеуеті мен тиімділігі зор. Жас ғалымдарды барынша қолдаймыз. Мүмкіндіктерді тиімді пайдаланыңыздар. Қуаныштысы, қазіргі таңда 25,5 мың ғалымның 46 пайызы 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар. Біз осы күнге дейін алдымызға үлкен ұсыныспен келетін шын ғалымдарды да көрдік, атақ сұрап келетін жай ғалымдарды да көрдік», - дей келе, талантты әрі еңбекқор ғалымдар үшін жас ерекшеліктеріне қарамастан кез келген көмекті беруге әзір екендерін, әсіресе ғылымның қолданбалы салаларында «аңызға» айналар қазақ ғалымдарына сұраныстың мол екенін айтты. Министр шын ғалымдардың, білікті мамандардың көбеюі мен «ғылыммен айналысуды сәнге айналдырудың» болашақ ұрпақтың тәрбиесіне, бағыт-бағдарына да тигізетін әсерінен сөз етті. 

Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрі Қазақстанның жоғары білім мен ғылымды дамыту стратегиясының 2023-2029 жылдарға арналған мақсаттарын таныстыра отырып, министрліктің бұл бағытта қолға алған шаралары жайлы кеңінен баяндады. Алдағы алты жылда кадрлық қамтамасыз ету мәселесін шешу арқылы оқу бағдарламаларын жаңа заман талаптарына сай жаңғырту, инфрақұрылымды жетілдіру, соның ішінде жаңа университеттер кампустары мен заманауи кітапханалар салу, білім беруді халықаралықтандыруды дамыту, атап айтқанда, шетелдік оқу орындарының филиалдарын ашу, шетелдік студенттер мен оқытушыларды елдегі жоғары оқу орындарына тарту, үздіксіз білім беру мен ғылымға қолдау көрсету жұмыстары басты назарға алынбақ. Министрлік «бүкіл өмір бойы білім алу» идеясын ілгерілетіп, инновациялық оқыту бағдарламаларын енгізбек. Бұған цифрлық құралдар арқылы қашықтан білім алу және өмірлік тәжірибені сертификаттау арқылы қол жеткізуге болатынын жеткізді. Сонымен қатар елімізде алдағы уақытта ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын күшейтіп, ғылымды коммерцияландыруға жаңа мүмкіндіктер ашу көзделген.

Министрліктің жоспарында цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында Coursera секілді платформаларды пайдалану арқылы IT саласындағы көпсалалы бағдарламаларды енгізу ұсынылған. Сонымен бірге, кәсіби біліктіліктерді реттейтін жаңа заң қабылданып, «күміс университеттер» жобасы жүзеге асырылмақ. 

Халықаралық тәжірибені енгізу мақсатында шетелдік серіктестермен ынтымақтастық күшейтіліп, Орталық Азия аймағында білім кеңістігін біріктіру жоспарланған. Бұл Қазақстанның жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингтерде жоғары нәтиже көрсетуіне көмектеседі. 

Сонымен қатар Саясат Нұрбек 2024 жылы алғаш рет елмізге Азия елдерінен келген студенттер саны ТМД елдерінен келген студенттер санынан асып түскенін, қазіргі уақытта Қазақстанда 31 500 шетелдік студент білім алып жатқанын, олардың ішінде Азия елдері 17 818 студент, ТМД елдері 12 816 студент екенін хабарлады. Олардың ішінде ең көп саны бар елдер ретінде Үндістан (12 020 студент), Қытай (2 089 студент), Пәкістан (1 192 студент) аталып өтілді. Бұл көрсеткіш Қазақстанның халықаралық білім беру нарығындағы беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Ел аумағында барлығы 37 академиялық және зерттеу артықшылығын беретін орталық құрылған. Олар бірнеше санатқа бөлінеді: Шетелдік университет филиалдары (23); Орталықтар мен институттар (8); Зерттеу орталықтары (6). Бұл орталықтар шетелдік серіктес университеттермен және ғылыми ұйымдармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Министр мысал ретінде KAIST (Корея) және SeoulTech Қазақстанмен зерттеу саласында серіктестік орнатқанын, Германия-Казақстан консорциумы аясында инженерия және техникалық ғылымдар саласындағы бірлескен бағдарламалар іске асырылып, Манчестер Университеті және басқа да Еуропалық университеттер білім беру бағдарламаларын жетілдіруге ат салысып жатқанын баяндады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 27 сәуірдегі №270 қаулысына сәйкес ашылған De Montfort University Kazakhstan филиалы елдің жоғары білім беру нарығында халықаралық серіктестікке негізделген инновациялық білім беру үлгісін қалыптастыруда маңызды рөл атқармақ.

Форумда «Жас ғалым» бағдарламасының маңыздылығы мен жетістіктері талқыланды. Бұл бағдарлама Мемлекет басшысының 2021 жылғы Жолдауында берілген тапсырмасы аясында жүзеге асырылып, постдокторантура институтын қолдау арқылы еліміздегі жас зерттеушілер санын арттыруды және Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайтуды мақсат етеді. Осы уақытқа дейін конкурстық негізде 688 грант бөлініп, жас ғалымдарға ғылыми жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік берілді.

Қатысушылар бағдарламаның жас ғалымдарға әлеуметтік күш ретінде қызмет ететінін, ғылым мен технологияны дамытудағы мемлекеттік қолдаудың жарқын үлгісі екенін атап өтті. Сонымен қатар, форумда отандық ғылымның дамуына және еліміздің болашағына үлес қосу мақсатында «Жас ғалым» республикалық қауымдастығын құру туралы ұсыныс жасалды.

Форум барысында жас ғалымдар өздерінің ғылыми жобаларын таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті. Мысалы  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Жасанды интеллект технологиялары» кафедрасының аға оқытушысы, PhD Нұрзада Амангелді ымдау тілін танудың зияткерлік жүйесін әзірлеу жобасымен бөлісті. Бұл жоба «Жаңа Асу» грантынан басталып, кейін «Жас ғалым» грантын жеңіп алып, инклюзивті инновациялар консорциумының құрамына еніп, Дүниежүзілік Банктің қолдауына ие болды.

Форумның қорытындысында қатысушылар Қазақстанның ғылыми қауымдастығын нығайту, жас ғалымдарды қолдау және ғылымды дамыту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар