Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Прозаға арналған алғашқы фестиваль...

11.04.2025 942

Прозаға арналған алғашқы фестиваль

Прозаға арналған алғашқы фестиваль - adebiportal.kz

Қарағанды қалалық әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды филиалы ұйымдастырған «Қарағанды көктемі» фестивалі алғаш рет прозаға арналып отыр. 

Министрлік өкілдері, еліміздің әр аймағынан келген белгілі жазушылар, өңір қаламгерлері, ЖОО оқытушылары мен студенттер қатысқан «Қарағанды көктемі» фестивалінің ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. 

Фестиваль аясында академик Е.А. Бөкетов атындағы университеттің филология факультетінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған «Алқа» әдеби клубының көшпелі отырысы өтіп, бүгінгі әдебиеттің бағыт-бағдары, оның ішінде аударма ісі, қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару, әдеби байқаулар ұйымдастыру  мәселелері талқыланды. “Әдебиет порталы” осы жиындағы салмақты ұсыныс-пікірлерді оқырманға ұсынуды жөн көрген еді.

Алдымен Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филалының төрағасы, ақын Жанат Жаңқашұлы фестиваль мақсаты жайында аз-кем тоқталып, қатысушы қонақтарға ілтипат білдірді. Мәдениет министрлігі өкілі және «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ директорының міндетін атқарушы Шерхан Талап «Алқа» әдеби клубының бағдары, клуб жұмысы арқасында ұсыныстардың министрлікке жеткізіліп, кейбір мәселелердің оң шешімін тапқанын айтып өтті.

Дайын сюжетке үйретіп алдық

Филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы Жансая Жарылғапов: «прозаға келетін болсақ, жиырмасыншы ғасырдың негізгі жанры болды ғой. Неге өлең емес, неге лирикалық поэма емес, неге ол роман? Өйткені бір дәуірдің идеясын белгілі бір жанрдағы шығармаларға сыйғызып беру мүмкін болмай жатады. Жалпы,  ешқандай жанр дәстүрсіз өспейтіні, дәстүрсіз пайда болмайтыны рас қой», - деп бастап,  тамырын фольклордан тартып, прозаның жүз жылдық тарихын шолып өтіп,  ағымдар жайынан қазіргі мәселелерге ойысты. 

 - Қазіргі қазақ прозасының жаңашылдығы неде? Қазір әдебиеттің күрт мифологияланып кетуі жақсылықтың да нышаны. Аңыз әңгімелерді, кешегі мифті жаңа стилизациядан өткізіп, мына бүгінгі күннің мәселелерін айту үшін жаңаша қолдану - қазақ прозасының жаңалығы. Біз осы тоқсаныншы жылдары, екі мыңыншы жылдардың басында танылған Талғат Кеңесбайды, Талаптан Ахметжанды, Несіпбек Дәутайұлын айтып өтуіміз керек. Олар да прозаны бір деңгейге көтеріп тастаған жазушылар еді. Осы толқынмен Қуандық Түменбай, Айгүл Кемелбаева, Нұрғали Ораз, Думан Рамазан, Нұржан Қуантайұлы, Мәдина Омарова сияқты бір шоғыр келді. Бұлар енді әдебиетке жаңашылдықтың, модернизмнің келуімен байланысты еді. Бұрынғы дәстүрлі сюжет кейінге қала бастады. Қазір тіпті сюжетсіз шығармалар, образдардың аморфтығы дейміз, образдардың, яғни тұрақсыздығы бір бар кейіпке қайтадан жоғалу... біз өзі оқырманды неге үйретіп алдық? Біз дайын сюжетке, логикалық дамуға үйретіп алдық қой. Қазір оқиға бірдеңемен басталса, оның бір шешілу шегі, шарықтау шегі, шешімі болатын сияқты, қазір тіпті сюжеттің өзі коллаж түрінде лақтырып тасталып, пазл сияқты өзін жинап алатын деңгейге келді. Енді осының бәрі қалың оқырманға түсінікті ме? Таласбектің сөзімен айтатын болсам, “егер оқырманымды жоғалтпаймын деп жазсаң, ол - жазушының соры. Ал өзімді жоғалтпаймын деп жазсаң, сәл уақытқа өзің теперіш көресің. Бірақ айналып келіп оқырман сені табады" деген…

 Ғалым прозаға қатысты қадау-қадау мәселелерге тоқталып келіп, келген қонақтарды ойталқыға шақырды. 

Тұлғаларды көркем образ ретінде насихаттау керек

Айгүл Кемелбаева, жазушы: 

-         Менің ойыма Медеу аға келіп тұр. Медеу ағаның ЖЗЛ-дан үш бірдей кітабы шыққанын білесіздер. Бізде қазіргі жаһандану дәуірінде ең басты - мемлекеттің сақталуы деген ортақ идея бар. Біз жазушылар не үшін жазамыз? Бізге халық  керек. Біз әрі қарай сол кеңістіктен шығып, әлемге таралу үшін біздің еліміз өте мықты болуы керек. Сонда Медеу ағаның артықшылығы неде? Ол кісі тұлғаларды жазды ғой. Қазақтың ең мықты тұлғалары. Бізге міне, осы қазақтан шыққан тұлғаларды көркем образ ретінде насихаттау өте керек болып тұр. Мысалы, мен өзім екі киносценарий жаздым.  Темірбек Жүргенов жайлы жазған кезде жеті ай уақыт кетірдім. Біреуінде жиырма жасар Мұхтар Әуезов біздің елде Ойқұдықта алғаш театр қойып жатыр., мен оны жазуға он жылдың ішінде он ай уақытымды жұмсадым. Өйткені жиырма жасар Мұхтар туралы көп кітаптар оқу керек болды. Бұны неге айтып отырмын? Мен осы Қарағанды өңірінен Ақселеу аға мен Күләш Байсейітова туралы болашақта киносценарий жазғым келеді. Ол кем дегенде жарты жыл уақыт алады. Қазіргі заманда бәрі ақшаға, уақытқа келіп тіреледі. Нақты зерттеу үшін бизнесмендер, мысалы, грант беріп жатса, мен жазуға отыруға бармын. Шынында ол соны талап ететін дүние. Осындай нәрселерге сіздер грант бөлулеріңізге болады. Мемлекеттік емес ұйымдардан демеушілерді тауып дегендей. Өйткені ол тек қана осы өлкенің адамдары емес қой, бүкіл қазақтың тұлғалары. 

Әдеби басылымдарға қаражат бөліп, интеллектуалды күштерді жинаса…

Әлия Бөпежанова, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, сыншы:       

          - Қазір Қазақстан Жазушылар одағы өңірлер, аймақтардағы бөлімдер жұмысын жандандыруға күш салып жатыр. Бұл орайда көп нәрсе жергілікті  азаматтардың көшбасшылығына, стратегиялық тұрғыдан ойланатынына байланысты. Сондықтан Қарағандыдағы өкілдікке Жазушылар одағы басшылығы атынан  үлкен ырзашылық. 

          «Қарағанды көктемінің» үшінші бас қосуы прозаға арналуы өте жақсы бастама. Проза деген шынында да күрделі, үлкен-үлкен жолдан өтіп, сапалық өзгерістерге түсіп, жақсы дамып отырған жанр. Бүгінде кітаптар көп шығады, жаңа шығармалар да аз емес - әртүрлі басылымдар, сайттар, жеке әлеуметтік желілерде жарияланады. Сондықтан да әдеби процесті толық қадағалап отырмын деп айта алмаймын, дегенмен де мүмкіндігінше оқимын, жаңа дүниелер, көркемдік жаңалықтарды қалт жібермеуге ұмтыламын. Бүгінде әдебиет -- әркімнің  өзін мына әлемде белгілеу, жүзеге асыру, репрезентациялаудың жақсы бір жолы сияқты. Сондықтан да кейде табыс әкелмесін, кейде күнкөріс болмасын, жастардың әдебиетке ұмтылуы, жазуға ұмтылуы -- ол бір жарыққа ұмтылуы деп есептеймін..

          Қазіргі проза жан-жақты, көркемдік-эстетикалық ізденістерге бай,  жанрлық тұрғыдан дамыған жанр. Мәселе осының зерделенуінде, жаңа әдеби идеялардың оқырманға жеткізілуінде болып отыр. Ғалымдар үлкен зерттеулер жүргізіп, бүгін Республика Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанындағы «Алқа» клубының кезекті мәжілісі өтіп отырған Қарағанды университетінің  ғалымдары да үлкен теориялық еңбектер жазды - осы оқу ордасының  Ғылыми-зерттеу университеті мәртебесін алуымен құттықтаймын. Республика Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдарының бүгінгі әдеби процесті зерделеген бірталай еңбегі  жарық көрді. Бірақ, осының бәрінің рухани айналымға түсуі үлкен мәселе болып отыр. 

Жалпы әдеби процесс, оның ішінде күрделі жанр прозаның зерделенуінде әдеби сынның орны бөлек. Сондықтан да «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Әдебиетпортал», тағы басқа маңызды институциялардың  қаржылық мәселесін шешу, онда талантты, интеллектуал жастарды жинау әдебиетке де, еліміздің рухани даму стратегиясына да үлкен пайда болар еді. Мысалы, кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінің» сын бөлімінде үш-төрт адам қызмет жасайтын. Бұл әдеби процесті жүйелі түрде қарастыруға, жақсыны жедел рухани айналымға түсіруге, ал, мұның өзі оқырманның білім алуына, қоғамның мәдени құнары арта түсуіне қызмет жасайтын. Мен мүмкіндігінше бүкіл басылымдарды, сайттарды оқып отырамын. Оларда әдеби сынға баса маңыз  берілсе, танымдар таласы болып жатса – әдебиеттің өзіне де,  оқырман үшін де қызықты болады ғой деп ойлаймын. 

          Бүгінгі мемлекеттік стратегия рухани салаларға, оның ішінде  әдебиетке ерекше маңыз беріп отыр. Мысалы, әлеуметтік маңызды әдебиеттерді мемлекеттік сатып алудың жүріп жатқанына сегіз-тоғыз жыл болды.  Мемлекет қаржыландыратын әртүрлі байқаулар өткізілуде. Осының бәрі жазушы қауымға, жалпы рухани ахуалға оң әсерін тигізіп келеді. Енді өзін әбден ақтаған осы бастамаларды жетілдіре түсу мәселесі тұр. Маңызды дүниелер сатып алу деген сөз - әдебиетке, халыққа берері бар, жаңалығы бар дүниелерді ғана шығару... Осы тұрғыдан келгенде байқаулар жүйесін және оның шарттарын да  жетілдіру керек сияқты. 

          Қазір мықты дәстүрлі проза да жеткілікті, сонымен қатар жаңаша жазу дискурсы белең алып келеді - реализм де бар, неомифологизм де бар, мүмкін әлемдер семантикасы да бар, санамалай берсе көп, дегенмен де, әсіресе, өткір әлеуметтік прозаның қатары мол... 

Барлық жанр жақсы, оқырман таңдағанын оқиды. Бірақ енді әдебиеттің өзіндік бір иерархиясы бар деп есептеймін. Неғұрлым ауқымды қоғамдық ой айтып, қоғамның дамуына, өзін-өзі терең тану, зерделеуге бастайтын, жасампаз жаңалықты, мемлекеттің дамуына, қоғамның өсуіне пайдасы болатындай дүниелер көбірек керек. 

 

Сосын жаңа Айгүл айтқан пікірге қосыламын. Қазір бізде тұлғатану мәселесі қолға алынды, бұған да мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп отыр. Көптеген шығармалар жазылып та жатыр. Бұл ретте тарихи прозаның берері мол. Хандарымыз бен батырларымыз туралы аз жазылған жоқ. Енді халықтың рухани көшбастарлары туралы жаңа зерделемелі шығармаларға зәрулік бар. Мысалы, Шоқан Уәлиханов қандай тағдырлы тұлға! Руханият әлемінің басқа да қаншама мықты тұлғалары бар. Рухани тарихымызды жаңаша зерделейтін көркем шығармалар өте қажет.

 

Жазушылар бірін-бірі өтірік мақтай берсе, әдебиеттің түбіне жетеді

Асқар Алтай, жазушы: - Жалпы біздің қазақ әдебиетінде, әсіресе, қазақ прозасында мәңгілік тегін жұмыс істеп келе жатқан адамдар - жазушылар мен сыншылар. Бірақ, еңбек бағалана бермейді. Мысалы, Зәки Ахметов атаусыз, артында кемпірі тоқсаннан асып отыр. Авторлық құқығын маған көзі тірісінде берген, соны жинақтап он том қылып, екі жыл болды, өткізе алмадым. Бізде чиновник адамдардың ұқпайтыны қауіпті мәселе. Жаңағы прозаға қатысты жақсы айтып отырсыз, роман, повесть, әңгіме - бұл осы үш жанр бөлек деп ескеру керек. Әйтпесе ол өте парықсыздық болады. Қазір әдебиетте кім не шығарып жатыр? Бізге осыны анықтайтын жас сыншылар қалыптасқаны керек. Егер жас сыншылар қалыптаспай, мына ақын-жазушылар бірін-бірі өтірік мақтай берсе - бұл әдебиеттің түбіне жететін болады. Сын қатал болу керек. Сын деген сөздің өзі қатал және ол бетің бар, жүзің бар демей шындығын айту керек. Ылғи баяндауға, сөзуарлыққа құрылған, ешқандай образы жоқ, сөйлемнің өзін дұрыс құра алмайтын адамдарды прозада шектеу керек. Әйтпесе бізде халтураны мемлекеттің конкурсына сала береді. 

Осы жерде “Айналып келгенде Қазақстанға бір әдеби институт керек. Өте үлкен институт. Бәріміз оқуымыз керек соны”, деп пікір білдірді жазушы Серік Сағынтай.

Өнер өнер үшін бе, халық үшін бе?

Ғалым-ұстаз Саржан Такиров сөз алып, "Жаңағы сөздеріңізге қарап отырсам, сіздер өз орталарыңызда айтатын мәселелерді талқылап кеттіңіздер. Енді қазіргі қазақ прозасы қай бағытқа кетіп бара жатыр, қазақ прозасы өнер - өнер үшін деген бағытқа кетіп қалған жоқ па? Думан Рамазанның «Көкжал», Асқар  «Туажатын» халық үшін жазды ма, жоқ, өнер үшін жазды ма деп лекцияда қалай түсіндіреміз? Осы туралы сөз айтыңыздаршы. Бізге сол керек. Сын керек. Сын дегеніміз грекше «критикус» - соттау деген сөз. Ал жалпақ шешейлік мақтау, әрбір жазушының өзінің бір жалдамалы сыншысы бар, оны біз біліп отырмыз. Қазақ әдебиет сынын оқытайын деген уақытта мықты деп айтатын сыншыларымызды таба алмай қаламыз", - деп қынжылыс білдірді. 

Этнографиялық дүниеге сұраныс жоқ

Жазушы, өлкетанушы Төрехан Майбас ұлттық болмыстан ажырауға қатысты көкірегіндегі қыжылды жеткізді. “Ұлттық мінез, ұлттық ерекшеліктен ада болғанда қай жерге жетеміз, кім боламыз” дегенге ұзақ толғап келіп, сөзін былай түйді:

- Жүз он төрт кітап жаздым. Құдай сақтасын, соның бәрі неменеге дейсіз ғой? Күнкөріс. Екі мың төртінші жылы он екі кітап жаздым. Өз кітабым емес, біреулердің кітабын жаздым. Неге? Өзімді  асырауым керек болды. Соның үшеуі ғана өзімнің кітабым. Сол үш кітабым менің өзімді асырамады. Үш кітаптың екеуі таза этнографиялық әңгімелер еді. Қайда бармадым? Лекция оқиыншы дедім, этнографиялық. Қажет қылмады. Жарайды, мемлекеттік тапсырысқа тапсырдым. «Қазақ халқының көмескіленген этнографиясы» деген еңбек болды. Оның ішінде жүзден астам қазақтың дәстүр, салты бар. Ұмытылған, көмескіленген немесе мыңнан астам қазақтың сөздері бар. Шынында соған былтыр ғана рұқсатын берді. Қазір ақын-жазушылар не жазады? «Қасқырдың жатыры» дейді. Кім айтты қасқыр шабады деп, жорға жорғалайды деп? Мен ит туралы алпыс беттік мақала жаздым, ұрғашысын не дейді, еркегін не дейді...  жас ақын-жазушыларда қазақы болмыс қалған жоқ. 

Қалыптасқан аудармашылар командасы керек

Сондай-ақ аударма сапасы, аударма ісінің мәселелері де назардан тыс қалмады. Бұл орайда аудармашы Кенжебай Ахметов өзін мазалайтын ойларды ортаға салып, саралау, сараптау, сапалы аудармашының өзін дайындап шығару аса қажет екендігін баса айтты. 

«Қалыптасқан аудармашылар командасы керек, соның ішінде әдеби туындыларға бір жақсы сараптама жасалғаны жөн. «Мәдени мұраға» мән беріп, соның ішіндегі қайтадан аударылу керек деген дүниелерді қайтадан аудару керек. Өйткені, ол - ертеңгі қалатын дүние. Менің ойымша және ол қазір істемесе ертеңгі күні қалай болатыны тағы белгісіз».

Бұған қатысты Асқар Алтай да әлемдік Нобель, Букер сыйлығын алған шығармаларды аудару керектігін қолдай пікір қосты. Жазушы Думан Рамазан дәстүр жалғастығы, үздік үлгілерді сапалы аудару жайлы көзқарасын білдірді. Серік Сағынтай “неге біздің шығармалар аударылмайды?” деген сауал тастады. 

Интеллектуалдық еңбек бағаланбайды

Жазушы Нұржан Қуантай  да интеллектуалдық еңбектің бағалануы жөнінде айта келіп, қытай тәжірибесін мысалға келтірді. Прозаик Есболат Айдабосын да жазушының оқырман жоғалтып алған себептерді тізіп, мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптардың оқырманға яғни тұтынушыға жеткізілу тетігі қарастырылмағанын айтты. Жазушы Мәдина Омарова балалар әдебиетіне жазатын қаламгерлерге жаңаша ізденіс, жаңа кейіпкерлер керектігін, бұл тұрғыда уақытқа ілесу маңызды болып тұрғанын келтірді.

Балаларға кітап  неге қызық емес?

Қамбар Ахмет, журналист: - Жазушы оқырман үшін жазбау керек дегеніміз дұрыс. Бірақ, бір нәрсе ойлантады да. Бізде кейінгі уақыттарда қаншама жақсы дүние шығып жатыр, бірақ соны балаларға оқыта алмаймыз. Қазіргі балалардың не оқитынын білмейміз, кітап жеткілікті ғой, бұлардың қалауы не? Не оқу керек бұлар? Секең дұрыс айтып өтті, жүйелі жұмыс істейтін институт керек. Осыны зерттеп, әлемнің балалары не оқып жатыр екен, жалпы нені ұсынған дұрыс деген нәрсені бір зерттеп берсе...

Көркем әдебиет және кино

Ұларбек Нұрғалым, ақын, жазушы:- Әдебиеттің әңгімесі біраз айтылып жатыр. Соның ішінде жалпы әдебиетпен егіз және қоғамға өте ықпалды жүретін сала ол - кино саласы. Қазақ әдебиетін экрандау деген бір үлкен бағдарлама жүргізу керек. Қаншама классикалық шығармалар жатыр кітапта, қаншама кейіпкерлер жатыр. Негізі кейіпкер жасау деген өте қиын нәрсе. Ал қазіргі киноларда негізінен характер, кейіпкер деген дүние жетіспейді. Өйткені іргелі зерттеліп жазылған сценарийлерден гөрі жаңағы ойдан құрастырып, андай-мындайдан қызықты оқиға қуып жеңіл-желпімен кетіп жатыр. Киноның алтын дәуірі әдебиет қазақ киносына әдебиетшілер барған кезде болған. Шынын айтқан кезде Олжас Сүлейменов, Камал Смайылов, Әкім Тарази қазақ киносының айналасында болған кезде қалай еді? Әдебиеттің, киноның айналасында осы әдебиетшілер жүруі керек. 

Жазушылар көтерген осы мәселелер ретіне қарай тиісті жерге жеткізілетін болды.

 

 

Түстен кейін қаламгерлер Гоголь кітапханасында, Қасым кітапханасында, Бөкетов зерттеу университетінде, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде студенттермен және оқырмандармен кездесті.

Келесі күні қаламгерлер саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайына және шахта мұражайына барды. Фестиваль қорытындысы келісті түйінделді деуге болады.  “Қарағанды көктемі” республикалық ұлттық проза фестивалі аясында Ақтоғай ауданы әкімдігі тағайындаған Әлихан Бөкейхан атындағы сыйлық жазушы Дидар Амантайға; Қарқаралы ауданы әкімдігі тағайындаған Ғабдиман Игенсартов атындағы сыйлық Айгүл Кемелбаеваға; Шет ауданы әкімдігі тағайындаған Кәмен Жүністегі атындағы сыйлық жазушылар Думан Рамазан мен Мадина Омароваға; Нұра ауданы әкімдігі тағайындаған Бүркіт Ысқақ атындағы сыйлық Әлия Бөпежановаға; Бұқар жырау ауданы әкімдігі тағайындаған Ғабиден Мұстафин атындағы сыйлық жазушы Асқар Алтайға берілді.

Жиын аясында ұйымдастырылған ең үздік әңгіме байқауының қорытындысы бойынша жазушы Қанат Әбілқайыр жеңімпаз деп танылып, жазушы, қазақ фольклор зерттеушісі, мемуаршы, қоғам қайраткері Мұхтар Мағауиннің көптомдығына ие болды.

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар