Құлбек Ергөбек. Мұстафаның өлімі туралы қаралы жиын (жалғасы)

Бөлісу:

28.04.2019 5456

Сәбит Мұқанұлы біраз уақыттан бері өзінің білімінің жетімсіздігін аңғарған еді. Ақыры әдебиеттегі ұстазы Сәкен Сейфуллинмен кеңесіп, 1928 жылы Санкт-Петербургқа оқуға аттанды. Ол кезде Санкт-Петербургта Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан секілді қазақ әдебиеті мен ғылымының болашақ жарық жұлдыздары оқитын. Сәбең де солардың қатарына келіп қосылды. Мақсаты университетке түсіп оқымақ, білім алмақ. Жазғы демалысқа Қазақстанға келген Әлкей Марғұланнан оның Санкт-Петербургтағы жалдамалы пәтерінің адресін алып қалған Сәбит Мұқанұлы алғаш Декабристер көшесі, 14-інші үйге тоқтайды. Бірақ түрлі себеппен Сәбең М.Әуезов, Ә.Марғұлан тұрған жалдамалы пәтерде ұзақ аялдай алмайды. Бұл жөнінде академик Әлкей Марғұлан: «1927 жылы (дұрысы 1928 жылы – Қ.Е.) мен жаз айларында Алтайда ғылым экспедициясында жүргенде Сәкең мені іздеп, Санкт-Петербургтағы менің пәтеріме барған. Пәтердің иесі, оның бәйбішесі өте ақылды адамдар еді, олардан Мұқаңды, мені сұрап көп уақыт отырады. Олар қолы шебер, өте пайдалы іс тындыратын адамдар еді, бірақ олар туралы Сәкең біраз басқа түрлі келістіріп жазған» [10] – деп еске алады. М.Әуезов, Ә.Марғұлан пәтерінде ұзақ қоныстана алмаған Сәбит Мұқанұлы Политехника институтының студенті Темірболат Телжановтың (көрнекті қазақ суретшісі Қанапия Телжановтың әкесі – Қ.Е.) жәрдемімен Плеханов көшесінде бір үйге қоныс аударады. Жазушы ол пәтерді «Плехановская 42» аталатын үйдің алтыншы этажында екен» [11] дейді. Шамасы, жазушы көшенің ауызекі айтылуына ден қойып отырса керек. Өйткені Декабристер көшесінен кейінгі көше «Плеханов көшесі» аталады. Сәбеңнің сипаттауына қарағанда біз осы көшені көргендей боламыз. Ол «Декабристер көшесіне жақын» – деп сипаттайды. Жазушының жарының айтуына қарағанда 1928-29 жылдары олар Плеханов көшесі, 19 үйде тұрған секілді. Біз 1980 және 1988 (6-13 маусым) жылдары Санкт-Петербургқа екі рет сапар шектік. Екеуінде де Мойка Декабристер, Плеханов көшелерін аралап, жазушы алғаш тоқтаған, кейін жыл беделінде үй-ішімен тұрған үйді ойша тұспалдап, қиял қыдыртып байқадық. Плеханов, 42 үй, 19 үй де алты қабатты емес, бар болғаны үш қабатты үйлер. Көше аты өзгермегенмен, үйлердің қатар саны өзгеріп кетуі мүмкін. Біз бұл әңгімеге Мойка жағалауы көшесін неге араластырдық? Бірінен кейін бірі жарыса қатар түзеген осынау көшелерді аралап жүрегнде бізге бір ой келді. Ұлы ағартушы Шоқан Уәлиханов кезінде Мойка көшесінде пәтер жалдап тұрды емес пе?! Олай болса жиырмасыншы жылдары Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Сәбит Мұқанұлы секілді қазақ студенттерінің Мойка жағалауындағы қапталдас көшелерде пәтер жалдауында Шоқанды ес тұту, ұлы ағартушыға еліктеу сарыны жатса керек. Әйтеуір Санкт-Петербургқа бұрынырақ барып қоныс тепкен Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан да, кейін барып жылдап қайтқан Сәбит Мұқанұлы та Санкт-Петербург секілді зиялы қаланың осы өңірін жайлаған. Біз ол үйлерді, бір жағы қазақ жазушысының өміріне қатысты, бір жағы тарихи әңгімеленіп отырған «Адасқандар» романына қатысты болғандықтан да іздедік. Үйлерді анық таба алмаған соң кезіндегі пәтер иелерінің фамилиясы бойынша іздедік. Үй иелеріне Сәбең «Пәтер иесі – Киор дейтін неміс кемпір екендігі жоғарыда айтылды. Шалы ертерек өлген, оның үйленген екі баласы бар: біреуі – Карль Карлович Киор, екіншісі – Евгений Карлович Киор. Карлдың әйелі Елизавета Михайловна аталатын орыс, Евгенийдің әйелі – Татьяна Августовна аталатын полячка. Карл мен Елизавета драмалық театрдың артистері» [12] – деп сипаттайды. Осы жерде мені қызықтырған пәтер иелерінің кейінгі тағдыры, Санкт-Петербургте жиырмасыншы жылдары жұмыс істеген драма театрларының хал-жайын тиісті орындардан сұрай бастадым. Театр музейі, театр қайраткерлерінің документ-деректері сақталуға тиісті архивтерге барғыштадым. Жиырмасыншы жылдардың театрлары сан рет сапырылысып қайта құрылған, архивтер мен музейлерде ерлі-зайыпты Киор есімді артистерге байланысты материал сақталмаған. Санкт-Петерборлық жазушы Даниил Гранин тұрғындардың фамилиялық каталогы, анықтамалығы әл-әзір зиялы қаланың өзінде жоқ. Бертінде Ұлы Отан соғысы басталды, қоршау, эвакуация, аштық... дегендей жеті ағайынды қиындықтың кезінде қандай қатерге ұшырағанын кім білсін дейді. Әйтеуір Киорлар атақты өнер қайраткерлеріне айналмаған болды. Амал қанша, Майорова көшесінен басталатын қысқа ғана Декабристер көшесін бойлай жүріп, келесі Плеханов көшесіндегі 19 және 42 үйлерге көз қыдыртып «асылы, «Адасқандар» осы үйлерде жазылды ғой» деп қиялдадық. Басқа амал да жоқ еді. Әрине, Санкт-Петербургтың байырғы тұрғыны, қазақ әдебиетінің үлкен досы, ақын В.А.Рожденственский тірі болғанда Сәбит Мұқанұлы 1928-29 жылдары қай үйде, қандай пәтерде тұрғанын, қалай еңбектенгенін айна-қатесіз айтып-ақ берер еді. Өкінішке қарай, Всеволод Александрович көз жұмғалы да біраз уақыт... Әңгіме арқауына айналып отырған «Адасқандарға» қайта оралайық. Өз орнына – Қазақстан Мемлекеттік баспасының бас редакторлығына тел өскен құрбысы Ғабит Мүсіреповты өткізіп, аттанарында «Адасқандар» деген атпен роман жазып жүрмін, қаражаттан тарықсам, келісім-шарт жасап ақша жіберерсіңдер деп өтініп кетеді. Міне, осындай қиын жағдайда жазылған «Адасқандар» Санкт-Петербург қаласында аяқталды.

Ендігі бір айта кететін жай, жазушының шығарманы қалай жазғаны. Өзі айтқандай «Адасқандарды» Қызылордада бастағанымен өндіре жазбаған секілді. Өндіре жазылуы негізінен Санкт-Петербург еншісінде. Роман жазамын деген жазушының асқақ арманы солай Санкт-Петербургте жүзеге асқан. Олай дейтініміз, жазушы Санкт-Петербургке барған соң да, оқиғаға қатысы бар қаламдастарына хат жазып, кейіпкерлері жөнінде материал сұратады. Сондай материалдың бірі, журналист Шиәп Қожахметовтың мына бір хаты. Ол хатта:

«Сәбит!

Өзің көргендей аманбыз. Өзім бұрынғы орнымда жұмыс қылам. Өзгерген жаңалық жоқ. Басқармадағы («Еңбекші қазақты» айтады – Қ.Е.) жолдастардың бәрі аман. Сенің жіберген хатыңды алып, тапсырған жұмысыңды түгелдей осымен жіберіп отырмын. Бұдан басқа Мұстафа туралы жазылған ештеңе жоқ.

Балқай біздің басқармада. «Еңбекші қазақ» газетінің кешкі корректурасын қарайды. Өзі қазақ институтында оқиды. Оған хат жазам десең басқармаға жазсаң болады. Мәкеңе сәлем. Жолдасың Шиәп» [13] – делінген. Кезінде «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет атқарған журналист Шиәп Қожахметов 1972 жылы сәуір айында қайтыс болды.

Иә, хаттың дерегіне қарағанда Сәбит Мұқанұлы «Адасқандарға» әлі де материал іздестіріп отыр. Ол – Мұстафа Көшеков өміріне қатысты деректер. Бұл шығарманың жазылу процесін көрсетеді. Шығарма әлі аяқталған жоқ. Бәлкім, жаңа жазылған секілді де әсер қалдырады.

Бір жағынан Санкт-Петербург университетінің сабағы, бір жағынан екі баласы мен жарын асырау тағы бар. Осындай тоғыз жолдың торабында құсұйқылы студент Санкт-Петербург қаласында өзінің тұңғыш романын жазып жатты. Әрі мәдениетті ортадан білім алу, әрі бал арасындай тірнектеп жинаған білімді жаңа жазыльш жатқан шығармаға жұмсау... жиырма сегіз жасар қазақ жазушысының ол кездегі тіршілік-тынысы осындай еді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Меккеде Құнанбайды арқалаған Ізғұтты

Адасқан жастар өмірінен Сәбит Мұқанұлының роман жазып жатқанын естіген жұртшылық жаңа шығарманы елеңдесе күткен. Сол көптің бірі – тағдыры тәлкекке түскен Сұлтанбек. Өзге мәселелерге қоса «Адасқандардың» жайын ол да сұрап жатыр. Көптің тілегі мен жазушы тілегі ұштасқан бір күні «Адасқандар» жазылып бітті. Қалай жазылғаны жайында жазушы: «Адасқандар» романын жазуды мен Қызылордада бастадым да, жолшыбай тоқтаған жерлерде жұмысымды жалғастыра жүріп, аяғын Санкт-Петербургқа алып келдім. Мұнда сабақтарыммен шұғылдана, қаланың іші-сыртындағы әдеміліктерді тамашалай жүре романның алғашқы редакциясын 1928 жылдың 14 декабрі күні аяқтадым. Араб әрпімен жазылған бұл вариант 424 бет болып шықты. Оны тағы қарап, оқып шығуға қысқы каникул болып қалды да, тұрған пәтерім жайлы, қаражатым жеткілікті болғандықтан, туған ауылымда қалған семьямды алып қайтуға поезбен аттандым» – дейді.

«Адасқандар» осылай жазылды. Бірақ Санкт-Петербург секілді зиялы қалаға білім іздеп, сусап келген Сәбит Мұқанұлы «Адас-қандарды» жазамын деп оқуын әлсіретіп алды.

Жазылып біткен шығарманың «Жұмбақ», «Ақын» аталатын екі бөлімі «Жаңа әдебиет» журналында жарияланды [14]. Содан 1931 жылы «Қазақстан» баспасы арқылы жарық көрді. 1935 жылы роман өңделіп «Адасқандар» деген атпен қайта басылып шықты. Роман сол жылы (1935ж) Олег Фролих пен Біләл Малдыбаев аудармасында Москвадан орыс тілінде басылым көрді. Аударманың қолжазбасы бүгінде ЦГАЛИ-де (Орталық Мемлекеттік әдебиет пен өнер архиві) – Москвада сақтаулы. Кейін «Мөлдір махаббат» (1959 ж.) болып өңделіп, өзгеріп қайта басылды.

Романның алғашқы адымы осылай басталған еді. 1928 жылы сәуір айының 2-сі күні Қызылорда қаласында болған қанды оқиға қатты әсер еткен жазушы – Сәбит Мұқанұлы көрген-білгенін ойында терең толғанып, қорытып екі жастың махаббат драмасын жиырмасыншы жылдардағы әлеумет өмірімен астастыра ашатын роман жазды.

«Адасқандар» романын көпшілік оқырман сүйіп оқып, қызу қабылдағанымен әдеби сын ұната қоймады. Көркем шығарма әдеби сын үшін емес, қалың бұқара халық үшін жазылатыны әмбеге аян. Алайда, саясат жазушыға құрық тастамай тұра ма, сірә? Отызыншы жылдардағы ҚазАПП-тың мектебінен өткен қазақ сыншылары «Адасқандарды» аяусыз сынады. Қазақ ақын, жазушылары мен әдебиет сыншылары саясаттан қорықты, әдеби білімі, эстетикалық талғам нәзіктігі жетіспеді деуге болар. Өйткені роман қазақ әдебиеті үшін жаңа жанр еді ғой. Ал орыс әдебиеті сыншыларына не жорық? Әлде ұлт әдебиетіне жақсы туындыны қимады ма? Әлде отызыншы жылдары белең алған сыңаржақ социологиялық сын ықпалы ма? Әйтеуір «Адасқандар» романы жөнінде орыс жазушылары екі жарылып айтысты да, одақтық баспасөзде шығарманың көркемдік әрі мен нәрін талдаудан гөрі, бірыңғай қаралаған, жазушының жеке басына тиіскен Р.Шпунттың «Адвокаты кулачества» («Комсомольская правда», 1935, 6 октября), В.Тевкелидің «Повесть об обреченных» («Литературная газета», 1935, 15 октября) аталатын шындықтан қиғаш мақалалары жарық көрді.

Бүкілодақтық әдеби сынның әу-жайы мұндай болған соң олардың аузы қалай қисаярын күтіп отырған қазақ қаламгерлері кімді аясын?! Қазақ сыншысы Қ.Өтепов «Әдебиет образындағы кемшіліктер» («Социалистік Қазақстан», 1936, 12 апрель), «Большевиктік сынды өзара өрістетейік» («Социалистік Қазақстан», 1937, 16 июль), «Тағы да «Адасқандар» туралы немесе Сәбит Мұқановтың әдебиеттегі байшылдығы» («Лениншіл жас», 1937, 18июль); ақын Қ.Әбдіқадыров «Әдебиеттегі троцкишіл-бухариншіл ұлтшыл-фашист зиянкестерін жеріне жете құрту керек» («Қазақ әдебиеті», 1937, 13 август) секілді «Адасқандарды» да, оның авторын да аяусыз «әшкерелеген» сын мақалалары үсті-үстіне жарық көріп жатты. Қысқасы, қазақ ақын, жазушылары өздерінің осындай сыңаржақ социологиялық сындарымен С.Мұқанұлын таяққа жықты, басына бұлт үйірді деп айтуға болады. Тапқан пайдамыз – «Адасқандар» оқуға болмайтын саяси ұстамсыз, зиянды шығарма деп танылды. Ал жазушы С.Мұқанұлының өзі тап тартысына араластырылып, «жауларды» әшкерелеу науқанына тартылды...

Жылжып жылдар өтіп жатты. Қазақ халқы да, оның жан сырын жырлаушы қаламгер қауымы да бұл жылдары көрместі көрді, кешпесті бастан кешті. Іштері қан жылай жүріп, сыртымен саясаткер болды. Қатары селдірей сиреп қалғанын, саяси науқандардан болдырып, құр сүлдерін сүйретіп шыққанын көрді. Көсем тұтқан темір тәртіптің адамдары да темір өзекті жандар емес екен, олар да өтті мынау жалғаннан! Енді олар бір-біріне сеніммен қарай бастады. Енді олар қазақ әдебиетінің тағдырын ойлай бастады.

Жазушылар көркем шығарма орнына арыз, түсінік жазуға жұмсаған қаламдарын қолдарына қайта алды. Жазылып қалған архивтерін қайта ашып, өртелгеннен қалған қолжазбаларына қайта үңілді, жарамсыз деп табылған кітаптарын қайта оқыды. Оқыды, қарады, өңдеді, жөндеді, күзеді, түзеді...

Міне, осындай күндердің бірінде жазушы Сәбит Мұқанұлы ағынан жарылды: «Май. Көктем. Бұл – біздер үшін жетіжылдық ұлы жоспардың тұңғыш көктемі. Бүгін тоймен басталғалы отырған бұл жаз басқалар сияқты мен үшін де еңбек пен жеміс жазы болмақ. Мен өзім, үстіміздегі жылдың алғашқы төрт айында баспаға екі кітап бердім: бірі – «Алыптың адымдары» деп аталатын халықтық қытайдың өмірінен жазылған, көлемі 25 баспа табақтай шығарма, екіншісі – «Адам атаның шоқысы» аталатын Цейлон туралы жазылған, көлемі 4 баспа табақтай еңбек.

Қазіргі уақытта баспаға, бұрын «Адасқандар» аталған, ендігі аты – «Мөлдір махаббат» романын даярлап жатырмын.

Бүгін айтарым: заманымыздың және замандастарымыздың хал-жайын сипаттауда, қаламдас достармен жарысқа түсуге әзірмін. Отандастарыма, шетелдік достарға, өзім жүздерін көріп қолдарын талай қысқан қытайлық бауырларға Май нұрындай бақыт тілеймін» 15] – деп сырын айтты.

Сөйтіп, С.Мұқанұлы қызулы жастық шағында жазған қызықты шығармасына уақыт өте келе қайта оралды. Қызға таласқан жастар махаббатын қайта маздатты. Саясатқа беріліңкіреп «Мөлдір махаббат» (1959 ж.) аталатын роман жазып аяқтады.

Жеке шығарманың шығармашылық тарихын тәптіштегелі отырған соң «Мөлдір махаббаттың» да қандай жағдайда, қанша уақытта, қалай жазылғанын да айқындап кеткеніміз жөн. Бұл ретте бізге С.Мұқанұлы шығармаларының денін, соның ішінде «Мөлдір махаббат» романын да машинкадан өткізген Майра Жансаеваның жан сырын тыңдау жеткілікті: «Кейбір шығармалар болмаса, көпшілігін қолмен жаздыңыз. Шығармаларыңыздың қолжазбасында, көбінде дерлік: қызыл, жасыл жұлдыздармен белгі қойып, қосымшалар кіргізетін едіңіз. Ол қосымшаларды жаңылмай орын-орнына қойып, шимайлай түзеген қолжазбаға үңілу маған да оңай емес еді.

«Мөлдір махаббатты» жазғаныңызда тағы бір таң қалдым. Сол кездегі шоферіңіздің аты Алексей еді ғой деймін. Біз ол кезде сонау Минусинская көшесінде тұрамыз, бір жағынан осы күнгі тұрақты да іргесін қалап, қолға алған кезіміз еді. Қалай да тез бітіру керек, деп Сіз айтқан соң барлық басқа жұмысты былай жинап қойып, машинаға отыра қалдым. Алексей таңертең бір бума қолжазба әкеледі. Әйтеуір, не керек, күнімен отырып, түнімен отырып, (7 сағат ұйқыдан басқа уақытта) Сіздің қолмен жазған колжазбаңызды машиамен басуға әрең үлгердім. Бір ай бойына Сіз де тынымсыз жаздыңыз, мен де күні-түн машиаға көшірумен болдым. Не керек, әйтеуір бір айда «Мөлдір махаббат» романын аяқтап, уһ деп дем алдық қой. Сонда бір таң қалған едім де, Лев Толстойдың «Анна Каренинасын» жазғандағысындай бұл роман да тез жазылғанына өте қайран болдым.

Қолжазба маған келген соң, ылғый асығыс істелуге тиісті болатын. Типографиялық графиктен қалмаса екен деп, немесе, репитиция жасайтын артистер күтіп қалмасын деп пъесаларды көшіргенде, күнімен, түнімен машинамен жұмыс істеп, тамақ ішу, ұйықтаудан басқа уақыттың бәрін Сіздің қолжазбаларға үңілуге сарп еткен күндер, айлар, жылдар да көп екен», [16] – дейді ол.

Қатып (көшіруші) хатына қарағанда С.Мұқанұлының «Мөлдір махаббат» аталатын көлемді романы 1959 жылы бір ай шамасында өте жылдам жазылған болып шығады. Жазушы үлгерімпаздығына кісі қайран қаларлық. Бір есептен таң қалатын да ештеңе жоқ. Табиғатынан С.Мұқанұлы әрбір шығармасына материалды мол жинап ұзақ ойланып-толғанып алып, тез жазатын мәнердегі жазушы еді ғой. Әлемдік әдебиет тарихында мұндай тәжірибелер бар. Зерттеуші Г.П.Макогоненко «Исторический роман о народной войне» атты мақаласында А.С.Пушкиннің «Медный всадник», «Анджело» поэмаларын, «О рыбаке и рыбке», «О мертвой царевне» ертегілерін, «Пиковая дама» повесін 1833 жылы бас-аяғы бір жарым айда жазып шыққанын айтады [17]. Демек, жазушы үлгерімі материалдың ойда қорытылып, пісуіне, қаламгер шабытына байланысты құбылыс!

Жалпы Сәбит Мұқанұлы әр шығармасына материалды әр қилы жолмен жиғанымен, қай-қай шығармасын да өте жылдам жазатын машықтағы қаламгер еді. Арнайы барып жолыққанымызда әйгілі әдебиетші, аудармашы В.Б.Шкловский де Сәбит Мұқанұлы үлгеріміне таң қала: «Аударма барысында («Өмір мектебі») айтқан кемшілікті түзетуге үйіне кеткен Сәбит Мұқанұлы таңертең тұтас бір тарауды қайта жазып әкелуге ерінбеуші еді» [18] – дегені бар.

Ал тікелей «Мөлдір махаббат» романы тұсындағы жазушы үлгерімпаздығына келсек, аталмыш туынды «Адасқандардың» (1931, 1935) үшінші нұсқасы. Күрделі жөндеуге түсті дегенімізбен де негізі қаланған, сұлбасы бар дүние! Орайында біздің есімізге болгар жазушысы П.Вежиновтың «Я пишу с легкостью, но не легко. Умею работать исключительно интенсивно. Между первым и последним вариантом существует огромная разница. Первый вариант пишу импульсивно, давая перу полную свободу. Именно после этого начинается подлинно писательская, я бы сказал, профессиональная работа» – деген пікірі ойға оралады. Олай болса 1931 жылғы алғашқы нұсқа – «Адасқандар» мен 1959 жылы қайта өңделген соңғы нұсқа – «Мөлдір махаббат» романы аралығында қаншама жыл жатыр? Әсіресе, шығарма қатты сынға алынған жылдары жазушы ұдайы іштей толғаныста жүрді емес пе?!

Асылында, шығарманың тез жазылған бір себебі, автордың іштей терең де, тегеурінді толғанып, шығарманы іштей пісіру әсерінен болады. «Мөлдір махаббат» тұсында С.Мұқанұлы да іштей солақай сыннан кейін күйзелісті, соған орай іштей терең толғанысты бастан кешкені хақ.

Қалай десек те, С.Мұқанұлының «Мөлдір махаббат романы» 1959 жылы бір ай мерзімінде жазылып, аяқталды.

Әрі қарай роман әдеби сында әңгімеленді, зерттеу объектісіне айналды, «Мөлдір махаббат» деген атпен театр үшін инсценировкаланып әлі күнге республика театр сахнасында қойылып жүр. Роман сан рет қайта басылды. Қазақ әдебиеті туындылары ішінен алғаш неміс тіліне аударылған «Адасқандар» кейін «Мөлдір махаббат» аталғанда да көптеген тілдерге аударылып басылды. Бұлардың қай-қайсысы да шығарма өміршеңдігінің кепілі.

Қысқасы, «Мөлдір махаббат» романы жүріп өткен жол осындай!

ТҮСІНДІРМЕ:

  • «Еңбекші қазақ» газеті, 1928 ж., сәуірдің 30-31, мамырдың 1-2-індегі сандарын қараңыз

- С.Мұқанов архиві, 26-том, 454- бет

- Сонда. 454-бет

- Сонда. 456-бет

  • Сонда. 457-бет

- Сонда. 458-бет

- «Еңбекші қазақ» газеті, мамырдың 5-і, 1928 ж.

- Сонда.

- «Сәбит Мұқанұлы архиві», 21-том, 439-бет. С.Мұқанұлының мемориалдық музей-үйі.

  • Ә. Марғұлан. «Сәбитті еске түсіру». Қолжазба. С.Мұқанов музейінің архиві.
  • «Естеліктер»папкасы, 1-бет.

- С.Мұқанұлы. «Өмір мектебі». А., 1970,3-кітап, 286-бет.

- Сонда, 374-бет.

- «Сәбит Мұқанұлы архиві», 21-том, 438-бет.

- Жаңа әдебиет журналы, 1929ж., №1, 21-34 беттер.

- «Социалистік Қазақстан», 1959, 1 май.

  • М.Жансаеваның жазушыға 1970 жылы, мамырдың 27-і күні жолдаған хаты С.Мұқанов музейінен пайдаланылды. Хаттың 2-3-беттері.

- Пушкин А.С. «Капитанская дочка». Издание второе, дополненное, Наука, Л., 1984, с.207

- Қ.Ергөбеков. «Қос ғасыр куәгері». «Қазақ әдебиеті» газеті, 1982ж., 1 қаңтар.

- П.Вежинов, «Так же, как строим мост». «Обзор», 1984, №7, с.47.

Бөлісу:

Көп оқылғандар