Ізғұтты жайында осы уақытқа дейін белгілі ақын-жазушылар, көне көз шежірешілер елімізге танымал газет-журналдар мен жинақ-кітаптарда бірқатар мақалалар мен еңбектер жариялады. Ел аузынан жазып алынғандықтан шығар, солардың кейбірінде қате пікірлер мен жаңсақ деректер көптеп кездеседі. Атап айтсақ Ізғұттының туған жылы, шығу тегі мен есімі жайындағы пікірлер әрқилы. Осыған байланысты басқаға қарағанда өз ата-бабасының тарихын тікелей ұрпағынан артық, әрі нақтырақ білетіндер табыла қоймас деген оймен Ізғұтты туралы мәліметтерді оның ұрпақтары Қабдымұрат, Сағимұрат, Әлимұрат және Қалималардың қолжазба естеліктерімен салыстырып, саралап, ақиқатын ашуға тырыстық.
Ізғұтты көпшілікке «Абай жолы» эпопеясындағы негізгі кейіпкерлердің бірі ретінде жақсы таныс. Онда қажы атамызды ғұлама М.Әуезов «қырғыздан келіп сіңген Құнанбайдың інісі» деп жазады. Мүмкін әйгілі жазушы образ жасау үшін сол заман талабына сай осылай бұрмалаған шығар. Кім білсін? Басқа әдебиет зерттеушілері де осыған сүйеніп, оны бірде «Құнанбайдың өкіл інісі», кейде «асырап алған баласы» деп келеді. Бұл туралы белгілі жазушы, айтыскер ақын, бабамыздың тарихына бірқатар зерттеулерін арнаған Қалихан Алтынбаев өз еңбектерінде жақсы атап өтті [1].
Исі қазаққа Ізғұтты Құнанбаев болып танылған бабамыз 1830 жылы Ақсуат өңіріндегі «Қарғыба» өзенінің бойындағы «Қара оба» дейтін жерде дүниеге келген. Бұл туралы Абай мұражайында бірнеше жыл ғылыми қызмет істеген Мұздыбай Бейсембаевтың тапқан архив деректерінде келтірілген [2]. Ізғұттының азан шақырып қойған аты - Бақтыбай. Оның әкесі Сақау (шын аты басқа, тілінде кемістігі болғандықтан жеңгелері осылай атап кеткен) Мұрын ішіндегі белгілі Нұран байдың баласы. Нұран шіріген бай болған. Ол өз балаларының сауатын аштыру үшін арнайы молда жалдап оқытқан. Әке жолын қуған Сақау да осы үрдісті жалғастырады. Оның балалары тек әліпби ғана емес, сондай-ақ орысша да хат таныған. Сақаудан Мұхаметжан, Құдайберді, Сүлеймен, Бақтыбай (Ізғұтты), Шибай, Әлжан тарайды. Осының ішіндегі Әлжаннан белгілі Алаш қайраткері, Алаш милициясын құрушы тұлға – Отыншы Әлжанов туады. Ал Сақаудың тұңғышы Мұхаметжаннан белгілі жазушы, атақты «Шыңғысхан» романын қазақ тіліне тәржімалаған әйгілі аудармашы Жағыпар Мұхаметжанов туған.
ҚҰДАЛЫҚ
Кезінде Тобықты мен Найманның Мұрын елі жер шалғайлығына қарамай құдандалы, алыс-берісті жекжат болған. Өскенбай мен Нұран байдың арасында осындай бауырластық, достық бесік құдалыққа көшіп, Өскенбайдың Тайбала есімді қызын Сақауға айттырады. Атақ-даңқы өлкеге жайыла бастаған Құнанбай старшын қарындасының тоқалдыққа баруын жақтырмай, ризалық келісімін бермейді. Алайда «бесік құдаларымен» құдаласпауды дәстүр бұзушылық, сүйекке таңба салу деп, сөкеттікке санаған пайғамбар жастағы Өскенбай би мен дана Зере әжесі Тайбаланы оңтайлы сәтінде ұзатып жібереді.
Арада ұзақ жылдар өтеді. Аға қарындасын, қарындас төркінін көре алмай қатты сағыныса бастайды. Уақыт емші ашу-ызаны тарқатады. Осындай бір кездері Құнанбай Найман еліндегі құдаларына, қарындасы Тайбалаға амандасуға барады. Құнанбай құдасы Нұран байға келгенде салт атпен емес, күймелі трашпеңкемен келеді. Аягөздің үстін басып ылғи кенере жолмен жүрген. Келер жолында алдымен жолшыбай мырзас Шәкі бидің ауылында болады. Сол арада Құнанбайды Тана мырза, Нұран бай, елдің басқа да игі жақсылары қарсы алады. Одан Шәкі бидің ауылынан шығып Ащылының күнгейіндегі Тана мырзаның ауылында болады. Тана мырза мен Қоқаш қажыларда бірнеше күн болған Құнанбай Тарбағатай бөктерінің жылы тау аталатын қонысындағы Нұранның ауылына келген. Сол жерде бүкіл Жолымбеттің игі жақсылары бас қосып, Құнанбайдың келу құрметіне үлкен той жасап, ат жарысы бәйге, көкпар, ақ сүйек, күрес сияқты ойын-сауыққа ұласқан. Құдасында жиырма шақты күн болған Құнанбайға қайтарында қара нар, қалы кілем, тай-тұяқ алтын жамбы, оған қоса тегінде бір үйір жылқы беріп алған атақты Торжорға атты алтын күміспен зерленген ертоқымымен әкеледі. Бұл сыйлықтарды алдына тартқанда Құнанбай: «Бұлардың бәрі өзімде де бар. Мен басқа бір бұйымтай шаруа айтайын, егер келіссеңдер», - депті. Құдалары: «Құнанжан сенің сұрағаныңды неге бермейік, айтыңыз бұйымтайыңызды», - десіпті. Сонда Құнанбай: «Мына жүгіріп жүрген жиенімнің біреуін маған беріңіздер», - дейді. «Сұрағыңыз аса қымбат, қиын шаруа болды, бірақ, бердік, алыңыз», – деп келіседі.
Сонда Құнанбай екі жиенінің біреуін өзі қолынан ұстап, көтеріп алыпты. Сол кезде елдің шешен биі Жомарт: «Құнеке, қолыңа қонған құсың құтты болсын! Тірі жүрсе, бұл бала екі елдің де атын шығарады. Алла өмірлі, бақытты етсін деп тілейміз!», - деп батасын беріпті.
Міне, Бақтыбай (Ізғұтты) осылайша Құнанбай ауылына аттанады. Оның Шыңғыстауға қалай барғаны жайлы пікірлер де әртүрлі. Көбінде «Мұрын еліне қыдырып барған Манастан баланы беріп жіберіпті» - деген қате дерек келтіріледі. Дегенмен, Манас батырдың Тоқабай еліне жай қыдырып барып, Тайбала апасымен көрісіп қайтуы әбден мүмкін.
Сонымен, Бақтыбай жиенін Құнекең өз баласындай еркелетіп өсіреді, қабағына қарайды. Соған сай бала да ақылды, қайратты, пысық, әрі батыр тұлғалы жігіт болып өседі.
БАҚТЫБАЙ-ІЗҒҰТТЫ
Бақтыбай (Ізғұтты) Құнанбай ауылына келген жылы (яғни 1845 жылы) Абай дүниеге келеді [3].
«Ізғұттының соңынан Абай ерді, Құнекең аға сұлтан болды. Бұл бала оң аяғымен келді, ізі құтты болды», - деп бұрынғы Бақтыбай атын өзгертіп, «Ізғұтты» деп жаңа ат қойған екен Өскенбай ауылы.
Міне, осылай Ізғұтты Құнанбай мырза әулетіне етене сіңісе бастайды. Ырғызбай ауылына Ізғұттының қадір-қасиеті, құрметі, сый-ықпалы өзге туыстан бір де кем болмайды. Таңдаулы жерден қыстау, жазық жерден жайлау алып беріп, өз қолынан үйлендірген Құнанбай мырза Ізғұттыны мейлінше адал көмекшісі деп танып, досқа да, жауға да қасынан бір елі шығармай үнемі ертіп жүреді екен.
Ізғұтты – шешен, батыр, көреген және өте пысық болып өседі. Әрхам Кәкітайұлының естелігінде оның алғырлығы, пысықтығы, батыр, өжеттігі жақсы сипатталып жазылған.
«Абай жолы» романында айтылған жер дауының соғысы – Мұсағұл соғысы деп аталған. Осы соғыста Ізғұтты орасан ерлік жасап, қайрат көрсетеді [4].
Ізғұтты - ұлы Абайға нағыз туыс, аға болып кеткен адам. Майбасар сияқты ағалары, Қаратай сияқты ел атқамінерлерімен сөз қағыстырғанда оларды аяусыз жеңіп, Қаратай шешеннің өзін қайталап тұрмастай жеңілтіп Құнанбайға тағзым еткізген.
Ал Ізғұттыны Абай қатты сыйлаған, әңгімесін тыңдап, бірге жүргенді жақсы көрген. Романның бірінші кітабында бұл туралы көптеген жайттар толығырақ айтылады. Абай ер жеткенде де Ізғұттымен, оның балаларымен жақсы араласып сыйласқан. Ізғұттының Кәрім дегенге тұрмысқа шыққан бір қызы Алаш (Жаңа Семей) қаласында тұрған. Қалаға келгенде Абай осы үйге түсіп жүргені романда жақсы айтылады.
Аға сұлтан Құнанбайдың жақын інілері Жақып, Майбасар, серіктері Қаратай, Жұмабайларға қарағанда Ізғұттының орны да бөлек, салмағы да басым болған. Ізғұттыға Құнекең оң жағынан орын беріп, ең жауапты, қысылтаяң, әрі абыройлы жұмыстарды тапсырған.
Орта жүз еліндегі атақты үлкен той – Алшынбайдың қызы Ділдәні ұзатқан той болған. Тойға келгендерге табақ-табақ етті біртүстес қос жорғалармен тасып тұрған. Міне, осы тойға Құнанбай жағынан Ізғұтты бас құда болып барған. Бұл кезде Ізғұттының жігіт ағасы болып қалған шағы екен. Сөзге шешен, көркіне ақыл-парасаты сай, құрметті, сенімді болғандықтан Құнанбай Ізғұттыға бас құдалықты сеніп тапсырған. Әрине, бүкіл тобықты ішінен Ізғұттының бұндай сыйға лайық болуы ел ішіндегі үлкен абыройының арқасы екені сөзсіз.
ҚАЖЫЛЫҚ САПАР
Құнанбай жасы жетпістен асқанда 1874 жылы Меккеге қажыға баруға дайындалады. Құнекеңмен еріп, ол кісіні күтісіп, құдай жолына баруды, «кіші қажы» атануды әркім ойлайды, бәрі де барғысы келеді. Алайда, Құнанбай өзі бұл ұзақ жолға жолсерік болуға Ізғұттыны ғана қалайды. Бұл жолы да аға сұлтан серігінің ақыл-парасатына, ерлігіне, қайсарлығына сенім артады.
Бұл туралы «Абай жолының» екінші кітабындағы «Тайғақта» деп аталатын тарауында: «Қиын сапар уайым болса, ол - кәріліктің тақаулығы, қайрат қайтқандығы. Соны әсіресе көп ойлап, Құнанбай осы жолға өзі баратын ниетті Ізғұттыға да ниет етіп, оны қасына жолдас еткен. Ол көптен бергі сенімді серігі болатын. Жол киімін осы қалаға Мәкішке су жаңа ғып тіккізіп киінген Ізғұтты қазір де Құнанбайдың дәл қасына отырғаны сол. Жасы қырықты жартылап асып бара жатқан Ізғұтты әлі күнге жиырма бестегі жігіт күйіндей ширақ, қайратты, сергек болатын» делінген [5].
Сонымен олар азабы көп ұзақ жолға – Меккеге аттанады. Жол-жөнекей керуенге ілесіп келе жатқан оларды «бәдәуилер» тонамақшы болады. Сол жерде Ізғұтты асқан батырлық көрсетіп, қаншама дүние-мүлік пен ақшаны қарақшыларға бермей аман алып қалады. Сөйтіп, Құрбан айты қарсаңында қасиетті орынға барып жетеді. Осыншама ұзақ жолдың азабына, Арабтың тас балқытар ыстық күніне, кез келген сәтте лап ете түсетін, оба, іш ауруларына қарсы тәуекел етіп, төтеп беру жасы жетпіске келген адамға оңай болып па. Осы тұрғыдан ескерсек Құнекең мен Ізғұттының сол сапары үлкен ерлікке, парапар, тарихи сапар деуге болады.
Меккеде Құнанбай қажы бірнеше айлар бойы бөгеліп, қазақ, Орта Азия халықтары үшін деп арнайы «Тәкия» жатын үй салдырғанда, жат жердегі үлкен істің басы-қасында болып жүріп, тезірек бітіруге болысатын да осы ер тұлғалы Ізғұтты еді деп жазады белгілі жазушы Бейбіт Сапаралы [6].
Бірінші күні қағбаны жеті айналып, қабырғаға қойылған қасиетті «Қара тасты» сүйіп барып, ішке кіреді екен. Сол күні Құнекеңнің аяқ астынан ыстығы көтеріліп, өз аяғынан жүруге шамасы келмей қалады, ауру адамды «ауруы елге жұғады» деп кіргізбейді екен. Құнекең сол күні кеште қамығып, құдайға налып, көзіне жас алыпты:
- Ей, жаратқан алла, Әу баста Құнанбай қып жаратып едің, аузыма дүйім елді қаратып едің. Бір кісідей бұл дүниенің рахатын көрсетіп едің, алла. Оншадан-мұнша келгенде мен қалайша қор болдым?! Сонау жер түбінен келіп тұрып Қағбаның есігінің алдына жетіп, ішін көре алмағаннан маған өлім артық. Одан да, Алла, мені алсаңшы, ажалыңды жібер, - деп көкке қаратып екі қолын жайған екен.
Өмірінде ешнәрседен беті қайтпаған адамға қиын ғой шынында. Осыны көріп, естіп отырған Ізғұтты:
- Құнеке, ренжіп, налымаңызшы. Алла жәрдем берсе, ертең мен сізді сол есіктен елдің алдымен кіргізейін, - депті. Құнанбай бұл сөзге нанар-нанбасын білмепті. Ертеңінде таңертең ерте бұлар таяп барса – көп адамдар ұзын кезекке тұрып қойыпты. Мұны көрген Ізғұтты Құнекеңе:
- Мініңіз, менің мойныма! – депті. Ізғұтты дереу алпамсадай Құнекеңді екі аяғын мойнына асылдыра иығына балаша көтеріп қондырады да Қағбаны жеті айналады. Қасиетті тасты сүйеді. Ертеңіне құдай қуат беріп Құнекеңнің денсаулығы түзеле бастапты.
Сонымен Құнекең арманына жетіп, құдайдың үйін де елмен бірге көріп қайтыпты. Ізғұттының тар жерде жасаған тапқырлық ерлігіне өте риза болып, қол жайып, батасын беріпті.
Мекке сапарынан Құнекең «Үлкен қажы», Ізғұтты «Кіші қажы» атанып кайтыпты.
Елге қайтып келгеннен кейін ағайын-туыс, ел-жұртқа Құнекең:
- Мына Ізғұтты маған қиын жолда, тар жерде асқан ерлікпен, ақылмен үлкен көмек жасады. Егер мен сол барғанда құдай үйін көрмей қайтсам, елге қайтып келмеген болар едім, ішқұса болып сол жерде өлетін едім. Ізғұтты мені ажалдан аман алып қалды... Менің ұрпағымның ұрпағы және барлық ағайын-туыстарым, мына Ізғұтты мен оның ұрапақтарын сыйлаңдар, ренжітпеңдер! Осы айтқаным орындалмаса, мен сендерге риза болмаймын! – деген екен [7].
Ізғұттының немересі Қабдымұраттың деректеріне қарағанда Ізғұтты 1887 жылы, яғни Құнекеңнен бір жылдан кейін дүниеден көшкен. Құнанбайдың тірі кезіндегі өсиеті бойынша Ізғұтты Ақшоқы қыстауындағы зиратының ішіне, Құнанбайдың қасына жерленген.
Бұл туралы Қабдымұрат ақсақалдың қолжазба естелігінде былай делінген: «Тегінде балаларына әжем Үлкен Қажы, Кіші Қажылардың зиратын көрсетіп, ары-бері өткенде құран оқып, көрсетіп жүр, естерінде қалсын дейтін. Мен әжемнен Қажы атамның зиратының қайда екенін сұрадым. Ол Ақшоқы деген жерде үлкен Қажымен (Құнанбай) қатар қойылған, зиратының алдында ұзын тік отырғызған сын тасы бар. Семейге баратын арба жолы үстінен өтеді, зираттың үстінен өткенде жаяулап өтеміз, балам мұны есіңнен шығарма деді». [8]. Кейіннен, нақтырақ айтсақ 2007 жылы Ізғұттының немересі Әлимұрат Қажығайдарұлы мен шөбересі Медетжан Мейрамжанұлы бабаларының басына тас қойып, ексерткіш орнатты.
АТА ҚОНЫСҚА ОРАЛУ
Құнанбай мен Абай дүниеден өткеннен кейін Құнекең айтқан баяғы өсиет сөздерді кейінгі ұрпақ ұмыта бастайды. «Кешегі Ізғұтты Құнанбайға арқа сүйеп бізге есе бермеді. Ол Ізғұтты қыздан туған еді. Ол қырғыз сияқты. Қазақ «Қызды қырғыз да алады», - деген, бұл кім? Бұл қаңғып келген кірме», - деп көзге түрткі жасай бастайды. Тіпті малдары жоғалған кейбіреулері солардан көретін болыпты. «Кірме, келімсек» деген сөз әр жерде естіле бастапты.
Ізғұттының кенже ұлы Қажығайдар Семей қаласына бір барғанда, Мұрын елінің адамдарын тауып, аталас ағасы Мұхамеджан болысқа жолығып:
- Елімізден адамдар келіп бізді көшіріп әкетсін, біз ел-туысы жоқ сияқты болмайық. Мұндағы Құнекең де өлді, Абай да жоқ. Бізді «кірме» деп, «келімсек» деп сыртқа тебе бастады. Құнекең мен Абайдың аруағына да ризамыз, қазір жағдайымыз басқаша болды, - деп елге сәлем айтады.
Көп кешікпей Ізғұтты балаларын көшіріп әкетуге Мұрыннан көп адам келеді. Ізғұтты ауылының күш-көлігіне қарамай өздері жүк артатын түйелер, жүкші жігіттер, сойыс малдарын, азық-түлігін алып жасанып бірақ келген. Іштерінде ақсақалдары, ділмар шешендері, әнші ақындары бар Найман адамдарының шұғыл келісін Тобықты іші ғана емес, көршілес Керей, Уақ, Бура, бергісі Матай-Сыбан естіп, кешегі Құнанбайдың оң көзіндей болған Ізғұттының сүйегіне таңба салып, бір тайды сылтауратып тоқымдай жерді иеленгісі келген Тәкежен балаларына реніш білдіріседі.
Сол кезде Абай ауылында білікті қариялардан Шәкәрім ғана бар екен. Келген шаруаларын айтып, көшіріп әкетуге Шәкәрімнен қазақ ғұрпымен рұқсат сұрайды.
- Рас, заман өзгерді, адам өзгерді. Кейінгілердің сондай бір дөрекі сөздер айтқанын, теріс істер жасағанын өзім де көрген едім... «Тұлпар – туған жеріне» деген сөз де бар еді. Көшіруге келген екенсіздер, рұқсат. Ізғұтты ұрпағы қайда болса да аман болсын! Ізғұттының ізгі істерін, кешегі Құнекеңнің айтқан өсиетін кейінгі есі бар ұрпақ ұмытуға тиіс емес еді, - депті Шәкәрім толғанып [9].
- Біздің ауыл 1928 жылдың көктемі өтіп, жер көктеп, әбден дегдігенде көшті. Көш кезінде туып-өскен Шыңғыстау, Ойқұдық, Құнанбай қорығының аяғындағы біздің қыстаулар, әсіресе Қасқабұлақтан өткендегі ұсақ ұсақ көлдер мен қыраттар көзге оттай басылып, жанарымызға жас келді. Бізді бастап келе жатқан адамдар: «Жыламаңдар, Тарбағатай тауы, Қарғыба-Базар, қалың ел Назар, ол да өз елдерің», - дейді. Ол жақты біз түгілі әкелеріміз де білмейді. Алдымызда қандай заман, тағдыр жазуы бары белгісіз. Нар тәуекел деп біздің ауыл Тарбағатайға бет алды, - дейді өзінің естелігінде Ізғұттының ұрпағы, құрметті еңбек ардагері Қалима Дүкенбекқызы [10].
Ізғұтты ұрпақтарының көші Көкпектінің «Ажа» дейтін жеріне тоқтап, қоныс тепкен екен. Аласапыран жылдары бұлар қуғын-сүргінге ұшырап, 1928 жылы Ізғұттының Орынбек, Түсіпбек, Қажықайдар деген балалары үй-іштерімен Қытайға көшіп, Дәуітбек пен Дүкенбектің балалары Ақсуаттың Қароба дейтін жеріне орналасады. Орынбек пен Қажығайдардың ұрпақтары 1955 жылдары елге қайтып оралады да Көкпекті мен Ақсуат аудандарына қоныстанады.
Ізғұтты атамыз ғұмырында үш әйел алған: бәйбішесі – Несібелді (1836-1916), екінші әйелі Дәмөгей (өмір сүрген жылдары белгісіз), тоқалы – Тоғжан (1852-1924). Өкінішке орай Дәмөгей сұлудың ғұмырын тәңірі қысқа жазыпты. Барған соң екі жылға жетер-жетпесте дауасыз бір аурудан өмірі үзілген. Артында перзент қалмаған [11].
Қажығайдарұлы Сағимұрат ақсақалдың айтуы бойынша Қажы бабамыздың үш әйелі де Жидебай қорығына тақау, «Ізғұтты қорығының» қасына жерленіпті. Ізғұттының өз кіндігінен 6 ұл тарайды: бәйбішесінен – Молдахмет, Дәуітбек, тоқалынан – Дүкенбек, Орынбек, Түсіпбек, Қажығайдар. Осы төрт ұлдың ішінде Түсіпбектен ұрпақ жоқ. Ал, Қажығайдардың есімі Құнанбай мырза мен Ізғұттының қажылық сапарынан есен-сау, абырой-атақпен қайтып оралуына байланысты қойылған екен. Қажығайдар 1885 жылы Абай ауылында дүниеге келіп, 1953 жылы Қытайдағы Шәуешек қаласында қайтыс болады [12].
Қажығайдар Ізғұттыұлы (1885-1953)
Бүгінде Ізғұттыдан тарайтын ұрпақтың саны мыңнан асады және олар еліміздің әр түкпірінде түрлі қызметтерде жемісті еңбек етуде.
Сағимұрат Қажығайдарұлы мен Ахат Шәкірімұлы. 1978 жыл. Семей
Сөйтіп, бір кездері Тоқабайдың Жомарт биінің берген батасы жүзеге асып, Ізғұтты бабамыз Тобықты мен Найман елінің арасын сабақтастырған айтулы тұлға, әрі Құнанбайдың арқа сүйеген сенімді серігі болып болып тарихта қалмақ [13].
Медетжан Ізғұттинов,
журналист, Ізғұттының төртінші ұрпағы (шөбересі)
Қолданылған әдебиеттер:
- Қ.Алтынбаев, Е.Жұмахан «Ақсуат» Алматы, 1998 ж., 161-164 бб.; «Ырғызбай әулеті және найман елі», Семей таңы, 11- шілде 1992 ж.;
- М.Бейсенбаев «Абай және оның заманы», Алматы, 1988 ж.;
- Бейбіт Сапаралы «Құнанбай қажы» тарихи ғұмырбаян. Жұлдыз журналы, 1994 ж., №8, 64-65-бб.;
- М.Әуезов «Абай жолы», Алматы, 1961 ж.;
- М.Әуезов «Абай жолы», Алматы, 1961 ж.;
- Б.Сапаралы «Құнанбай қажы» тарихи ғұмырбаян, Жұлдыз журналы, 1994 ж., №8, 64-65-бб.;
- Дәуітбек Нұртазаұлы «Ізғұттының ізгі істері», Алматы, 1992 ж.;
- Медетжан Ізғұттинов, «Ізғұтты», Семей, 2016 ж., 81-82 бб.;
- Дәуітбек Нұртазаұлы «Ізғұттының ізгі істері», Алматы, 1992 ж.;
- С.Айқымбеков, «Абай» журналы, №10, 1994 ж.78-80 бб.;
- Қ.Алтынбаев «Ырғызбай әулеті және Найман елі», Семей таңы, 11-шілде 1992 жыл.
- Медетжан Ізғұттинов, «Құнанбайдың сенімді серігі», «Абай журналы», Семей, 2008 ж.
- Медетжан Ізғұттинов, «Ізғұтты», Семей. 2016 жыл.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.