Айзат Қадыралиева: Қазіргі театр актерлеріне ортақ кемшілік тілдегі тұтқырлық
Бөлісу:
– Жақында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалі «ҚАРАШАҢЫРАҚ–2019» атауымен өтті. Сол фестивальге көрермен болып барып қайттыңыз. Алған әсеріңіз қандай?
– Ол жылда өтетін фестиваль. Мен жылда жаңалық күтіп барам. Қойылымдар М.Әуезов театрының соңғы премьераларынан ғана құралғандықтан, бұны фестиваль деуден гөрі, қорытынды жыл есебі деуге келетін шығар. Театр өзіне-өзі көрсетуі ғой. Ал Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры, М.Ю.Лермонтов атындағы орыс драма театры, Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры, Мемлекеттік Қуыршақ Театры, Абай атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық Опера және балет театры, «Жас сахна» театры, Ұйғыр, Корей, Неміс тағы басқа театрлар қатысып жатса, міне соны фестиваль деп атауға болады. Ал, мына жерде тек М.Әуезов театры болғандықтан олай деуге ешқандай негіз жоқ.
Жаңа бастық келгенде жаңалық күтесің ғой. Сол үмітпен бардым, көрдім. Біздіңше, қазылар алқасы кем дегенде 2-3 театр сыншысынан тұру керек. Бұл жолы кинорежиссер мен журналисті қосқан екен. Фестиваль деген кездейсоқ жинала салатын жиын емес. Сын таразысы, бағалау орны. Даму мектебі. Б.Құндақбаев, Ә.Сығай кешегі күнге дейін шошқа тағалаған жоқ қой. Қаншама театр сыншыларын дайындады. Соларды неге шақырмайды? Себебі, ащы сыннан қашады. Қорқады.
– Демек, қазақ театрларында әлі сын қабылдау мәдениеті қалыптаспаған болды ғой?
– Өкінішке қарай. Бір нәрсе айтсаң кірпідей жиырылады. Содан, олардың амандасулары қиындап кетеді. «Айтқанның ауызы жаман» болып біз жүреміз. Бұрынғы премьералар - театр жанашырлары Қ.Мұхамеджанов, М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, С.Әшімбаев, Қ.Қуандықов, Б.Құндақбаев, Р.Нұрғали, Ә.Сығайлардың қызу талқылауларына түсіп, әбден өңделіп барып сахнаға жол тартушы еді. Ол кезде де драматургияны жетілдіруде сараңдық, режиссура саласында самарқаулық болды. Бірақ, жалтақтамай ел-жұрттың алдына жайып салатын өткір мінезділердің сын тезіне түсіп түзеліп отырған. Олар «өнерді» ортақ деп қарады, бір-бірінің уәжін тыңдап кемшіліктерімен жұмыс істей білді. Қазір ол үрдіс жоқ. Жоғалды. Бүгінгілер «өнерді» менің жекеменшігім деп қарайтын болды. Бәріне өздері би, өздері қожа. Театр теоретиктерінің, сыншыларының қызметіне жүгінгісі келмейтін пенделердің біткен ісіне ойыңды жазып жариялап жатсаң, өзіңді тағы жау көреді. Өкінішке қарай, пікір қабылдауға парасат түйсіктің таяздығынан да театрдың даму қарқынына үлкен тосқауыл болып тұр.
– Әдебиет бөлімі меңгерушісінің жұмысына не кіреді?
– Келген пьесаларды таңдау, талқылау, ұсыну. Негізі театрдың әдебиет бөлімінде театр сыншылары отыру керек. Керек десеңіз, көркемдік жетекшілікте де сыншылар отыру керек. Мысалға: Қалеки, Жастар театрларында режиссерлер отыр. Режиссердің міндеті сапалы спектакль қою. Көркемдік жетекшінің атқарар қызметіне кіретін міндеттер көп. Шіркін, әркім өз міндетін білсе, бәрі өз орнына келер еді.
– Мүмкін, бәрі басшылыққа байланысты болар?
– Бастықтар ауысып жатыр, бірақ театр деңгейінде өзгеріс жоқ. Бастық көп те, басшы аз. Білікті басшы екеніңді таныт деп бекіткен адамдары сол орынға лайық қызмет етіп жатыр ма? Бәрі бастық болуға әуес, шен құмартпайтын шерлі адам қалмады, өзі. Бұрыңғылар ұлттың рухын көтеріп, үкілеп бәйгеге қосқан «театр тұлпарымызды» бүгінгілер бәйгеге баптаудан гөрі тақымын қандырып, қызықтап армансыз мініп жүр. Ыңыршағы айналып, енді кім мінер екен деп жауыр болған жон арқасын әржолы тосып тұрар мүсәпір күйге енді. Театрдың шығармашылығын жүйелі түрде жүзеге асыру, көркемдік сапасы жоғары дүниелерді дәріптеп соларды жолға қою, олардың ойына да кіріп шықпайды.
– Театрдың үш тағаны: Драматург – Режиссер – Актер. Алдыңғы екеуін қоя тұралық, киелі сахнаның көркі, халықтың көзайымы болып жүрген актерлеріміздің деңгейі қаншалықты?
– Сахна - айна ғой. Бәрін көріп, біліп, сезіп отырасың. Бізде актерлік өнер неге ақсап тұр? Кейіпкердің үлкен- кішісі жоқ екенін ескерсек, бүгінгі театр актерлерінің сахнада бейне жасаудағы жалпы шеберліктері жақсы болғанымен, кейде іздену іс нәтижелері едәуір бәсеңдеп бара жатқандай әсер қалдырады. Тіпті, таптаурындылыққа (штамп) бой алдырып жатады. Бір рөлі екіншісіне, үшіншісіне ұқсайды. Сол баяғы қимыл, сол дауыс, сол күлкі. Ойындары бір-біріне ұқсас. Кілтипан – ізденбеуде. Адам өзін күнде қамшылап отырмағаннан кейін сол бір бояуды жиі көрсетеді. Артисттің шынайы шеберлік қырын көру көп жағдайда мұң боп жатады. Кешегі Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Н.Жантөрин, Ә.Молдабеков, С.Майқанова, Ф.Шәріповалардың спектакль күні ерте келіп, дауыстарын қойып, сөздерін қайталап әбден дайындалатын. Ал, бұлардың қосымша жұмыстардан қолдары тие бермей ме, білмеймін, әйтеуір әзірліктің әлсіздігінен сахнада жасандылық молынан өрби түсіп, сасқалаушылық көбейді. Өз жан қалталарынан сөз қосып алады. Сенбейсің. Айналып келгенде, актерлердің салғырттығы көрерменді алдау емес, өз-өзін жоғалтумен тең. Қазір көбі ренжіп айтатын көрінеді, Айзат өткенді көп аңсайды деп. Қалай аңсамайсың? Шынайы өнерпаздықтың хас үлгісін танытқан кешегі сол майталмандардың өнері кейінгілерге өнеге болмай жатса...
Қазір бүкіл театр актерлеріне ортақ бір кемшілік, ол тілдегі тұтқырлық, сөздерді түсініксіз етіп, асығыс айту. Сөздері тарыдай шашырайды. Тіл анық емес. Тіптен, актерлер: логикалық пауза, психологиялық пауза, грамматикалық пауза, люфт-пауза дегендерді білмейді. Кідірістерді ұстап тұра алмайды. Сөзден өші бардай жұлқылап, қалай болса солай жеткізеді. Не десек те, сахна өнерінің ең басты құралы – сөз екенін ұмытпауымыз керек. Сөз – сахнаның сұлу сәулеті, спектакль деп аталатын күрделі дүниенің рухани сәні. Ал сол сөзді жүйелі түрде тыңдарманға жеткізу үшін, табиғи таза, құлаққа жағымды қоңыр дауыс керек. Қай театрды алсақ та, сол дауыс алтынша қатарға жетпей жатады, тіпті авансценадан ары аспайды. Ал, жылда барып көретін М.Әуезов театрында тұнып тұрған айғай. Не үшін айғайлап жатқанын білмейсің. Әйтеуір тамаққа сап қылқынып жатады. Сыбырлап жеткізетін қайсыбір тұстарды айғайға басып жатады. Сөздерін тыңдап отырып, сөз шеберлігі, сөз қолданыстары, ойының жүйелілігі, астарлы қасиеттерін түйсінуі, күнделікті тәжірибелерден қалып бара жатыр-ау деп ойға қаласың. Бас театр осындай кемшіліктермен күресе алмай жатса, онда облыстық театрларды ауызыма алмай-ақ қойдым.
– Актерлеріміз солай екен... Ал, енді ұлттық режиссурамыз қалай?
– Қазіргі ұлттық режиссурада ақау көп. Режиссерлердің ізденістері өте әлсіз. Жалпы, театрдың бет бейнесі, келбеті режиссердің талғамына, таным-түйсігіне байланысты. Театрды өсіретін де, өшіретін де режиссер. Қазір режиссерлер біздің ұлттық классикалық туындыларды қоюдан қатты ақсайды. Күні кеше ғана Жастар театры «Айман-Шолпанды» қойды. Режиссері – Н.Жақыпбай. Ол туралы жаздым. Өңін айналдырып қойды. Оны кезінде Қаллеки театрында режиссер Ә.Оразбеков те қойды. Ол да бүгінгі күннің бет бейнесін көрсетпек болып «Айман-Шолпанды» жалаңаштады. Бұл барып тұрған қиянат. Әркім өз білгенін жасасын деп жазбаған болар марқұмдар. Адамда ұят, қытық деген болу керек. Классикалық және тарихи шығармаларға үлкен жауапкершілікпен қарау жағы жетімсіз. Күрделі дүниелерді бір айдың ішінде астан-кестеңін шығаратын әдет тауыпты. Әрбір ұлттық шығарманы қойған кезде, әр режиссерде үлкен идея, арман болу керек. Әуезовтің, Мүсіреповтің, Айтматовтың деңгейіне жетсем деген. Қазақ режиссерлері – ұлттық негізден, төлтума табиғатынан алыстап қалмауы керек. Халықтың тарихын терең білмей спектакль қоя салу – қылмыспен тең. Ал әр театрдың репертуарында Әуезов пен Мүсіреповтің пьесалары міндетті түрде жүруі тиіс. Әуезовтің Кебегін, Еңлігін, Сырымын, Қарагөзін; Мүсіреповтің Қозысын, Баянын, Ақан серісін, Ақтоқтысын ойнаған қаншама актерлердің есімдері театр тарихында қалды. Актерлерге бедел қосты. Сондықтан, олардың пьесалары қай кезде де уақыт талабына жауап бере алатын өміршең тақырып болып қала бермек. Айтып отырмын ғой, біз әлі күнге дейін ұлы драматургтеріміздің пьесаларын өз дәрежесінде сахналай алмай келеміз. Классикалық дүниелерге тереңінен барып, оның күрделі мазмұнымен жеке-жеке жұмыс істеудің орнына, бертінгі «кіріспелерімен» ғана шектеліп, соны ғана қанағат тұтар кейбір режиссерлеріміз сахнада өзін де, өзгелерді де діңгелетіп жүр.
Жапон, қытай, үнді халықтарының театрларын көрсең ұлттық бояуларға тұнып тұр. Ғасырлар бойы қалыптасқан әдеп-ғұрптарын, салт-жоралғыларын ұмыт қалдырмай тіпті заманауи сериалдарына дейін тықпалап жататынына таңқаласың. Қарап отырып, Ұлт өнерді ұлт тағдырынан бөліп қарауға әсте болмайтынын түсінесің. Әр халықтың тұрмыс жағдайына орай өзіндік дәстүрлері, өнер түрлері болатыны белгілі. Бірақ ол белгілер бір дәрежеде театр өнерінің элементтері, ұлттық нақыштары екендігі көбінде ескерілмей жатады. Білмеушілік пен әлде менсінбеушілік пе білмедім. Әйтеуір, оның орнына өзге салт-дәстүр негізінде туған өнерді әкеліп таңып қояды, оны көрермен жөнді түсінбей жатса, оларды «ой-өрісі төмен, мәдениеті кенже» деп кінәлап жататыны тағы бар. Ғасырлар бойғы жиналған рухани қазынамыз біртіндеп осылай жоғалып бара жатыр. Ұлттық өнерді дәріптеуге келгенде, дәмелері пәлендей құнарлы емес. Бұл, қазақ халқының қазіргі таңдағы ұлттық проблемасы... Ұлттық дүниеге эксперимент деп қарау да етек алып барады. Шынын айту керек, қазір режиссура саласына өзінің бағын сынаушылар көбейді. Облыстық театрлардың біраз актерлері режиссер атанып жүр. Режиссураны оңай кәсіпке айналдырып алды. Бұл жақсылық емес. Қазір ізденіс жолында жүрген жас режиссер - Фархаттан үміт күтемін. Осы бала сүрініп кетпесе екен деп уайымдап отырамын.
– Дүркіреп өтіп жатқан фестивальдер театрларға не береді?
– Фестивальдің мақсаты марапаттау болмау керек. Фестиваль - сұрыптап әкелген спектакльдер туралы айтылар түп-қазық ойлар мен тоқтам-тұжырымдардың кең түрде жүзеге асуына мол мүмкіндік берер ашық алаң. «Айтпаса сөздің атасы өледі» дейді, жасырары жоқ жюрилықта жиі жүретін А.Әшімов, Е.Обаевтар өтімді пікір қалдырып, қамшылап жатса мейлі ғой. Жоқ, жауырды жаба тоқып, жең ұшынан жалғасып жатқан сол бір көңіл жықпастықпен өтеді. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды, өз қолымды өзім кесем бе?» деп ақсақал актер-режиссеріміз шала дүниені шың басына балап жатқанда, қынжыласың. Ал фестивальге келгеннен кейін өздерінің артық-кемін біліп қайту керек қой. Алыс-жақын жерлерден арнайы келген театрлардың қойылымдары талқыға түсер тұста актерлік ойнау мәнерінің кәсібилік деңгей-дәрежесі мен режиссерлік шешім-толғамы туралы сараптамалық талдауға олардың қай-қайсысы болса да зәру деп ойлаймыз. Театрына шын жаны ашыған ұжым жалпылама жақсы деген сөзден көрі ақты-ақ, қараны-қара дей отырып, қолтық сөге көсіліп, спектакльдің қырық қатпарлы астарына үңіліп жеткізетін сүбелі талдауларды сарыла күтіп, сарғая тосары шүбәсіз. Бұл жерде, кемшілікті тізіп тіс батыру емес. Келген жұрт құрт сорып, шай ішіп, суретке түсіп қана қоймай, болған фестивальден бір тағылым алып қайтуларында. Жалпы, фестивальге келгендер өздерін танытып, өзгені танып, сынға түсу үшін жасалмай ма фестиваль, мақсаты да сол емес пе? Әлде фестиваль көзсіз мақтау мен ессіз марапаттаудан тұра ма? Мақтағаннан театр өскенін әлі көрген жоқпын. Оның көлеңке жақтары мен кемшіліктерін айтпаса театр қалай дамымайды. 2017 жылы Е.Біләл М.Әуезов театрының бастығы болып тұрғанда қазыларды біркелкі сыншылардан құрды. Мен соған қуандым. Бірақ, кейін соған өздері өкініп қалған сияқты. Олар өз көзқарастарын айтып, әділ бағасын берді. Сол үшін кейбір сыншыларды жау көрді. Әлі де соңына түсіп алғандар бар. Ешкім ешкімнің жеке басына сөз айтқан жоқ, сахнадағы көргені бойынша ғана сынады.
– Қазақ Ұлттық Өнер университетінде оқытушысыз. Алдыңызда отырған студенттерге қарап, театрдың болашағын қалай елестетесіз?
– Кітап – өмір ұстазы ғой. Кітап оқымайтын баладан қоқамын. Студенттер оқымағаннан кейін олармен сөйлесе де алмайды екенсің. Әлемді емес, өзіміздің қазақ театрының іргетасын қалаған актерлерді сұрасаң, білмей жатады. Қазір балалар пьесаны толық оқымайды, қысқаша мазмұнын оқып келіп сені алдағысы келеді. Басынан-аяғынан дейін оқымағаннан кейін, пьеса ішіндегі оқиғаларды тарқатып талдай да алмайсы. Жеңілдің үстімен жүргілері келеді. Теориялық білімі жоқ актер сахнада азап шегеді. Ал, теорияны меңгерген актер сахнада суда жүзген еркін балықтай болары рас. Болатын бала бос уақытын тынымсыз әрі зерек пайдаланып отырса, оның талғампаздылығымен қатар, сезгіштік, көргіштік, байқағыштық қасиеттері де терең дами түсетінін үнемі айтып түсіндіріп отырамын.
– Театрлар қоятын пьеса жоқ деп жатады...
– У.Шекспирдің «Кариолан», С.Жүнісовтің «Кроссворд», Е.Әлімжанның «Әйелдер бір істі бастады...», «Жанұран», «Төле би», Р.Мұқанованың «Мысықтар патшалығы», «Шатыр астындағы Мен», «Сен», М.Қолғанаттың «Қуыршақтар», «Пони» деген (тізім жағынан тізе беруге болады) тамаша пьесалары бар. Түсініксіз бір қойыртпақ дүниелерді қоюға құмар режиссерлерміздің бұл өзекті туындыларды сахналауға жүректері дауаламайды екен, мыс. Қоятын пьеса жоқ деп үнемі дабыл қағып жүретін режиссерлердің сондағы айтатын сылтаулары «онда билікті сынаған, шындық бар» дейді. Бүгінгі күннің ащы шындығын суреттеген шығармалардан тұра қашатындарына қарап, соларың жалтақтықтан, жылпостықтан, құлдықсанадан қашан арылар екен, дейсің де... Әттең, осындай әрекетті, актуальді тақырыптар тасада, тартпада жатқаны қандай өкінішті. Қазір пьесаны кімдер жазып жатыр? Ақындар, әкімдер, депутаттар. Қазір екінің бірі драматургиямен айналысып кетті. Олар диалог құрса болды – пьеса деп ойлайды. Драманың өз заңдылықтары бар. Яғни драма түрлерінің әртүрлі болу ерекшеліктері, эстетикалық критерийлері, композициялық принциптері бар. Драматургияның заңдылықтарына сүйенбей сүйкей салу, қалыпты жағдайға айналып барады. Ең басты кемшіліктері – конфликт жоқ. Себебі, оны жазып жатқан маманы емес, әуесқойлар. Осындайда «Тауық сойса да қасапшы сойсын» деген қазақ неткен дана деп ойлайсың. Ал оны таңдап отырған кімдер? Режиссер ғой. Кейде ұстап алып айтам «ақыры жаздырған екенсіз, жазған дүниесін алған екенсіз ең құрығанда білетін маманына неге бір көрсетіп алмайсыз?» деп.
Шіркін, театр директорлары мен көркемдік жетекшілері театрдың тағдырына шын алаңдаса ғой дейсің. Тағы да айтамын, Ұлттық театрды - ұлт тағдырынан бөлек алып қарауға болмайды. Ұлттық театрдың деңгейін түсіріп жүрген сол өзіміздің бойкүйездігіміз, салғырттығымыз, жүрдім-бардым қарауымыз. Жанымыз ашымаған соң театрлардың да жағдайы мүгедек күйге түсті. Қоғамда болып жатқан толғақты жағдайларына бей-жай қарайтындардың қатары көбейгендігінен өнердің көсегесі көгермей тұр. Театр директоры деген, көркемдік жетекші деген Театрды жетілдіру үшін мінбеден мұң-мұқтажын айтып, келген қиындықтармен күресіп, ірі істерге іркілместен бару керек қой. Бүгінгілерің кезек күткісіз жағдайларға жайбырақат қарап отырады. Қазақ драма театрларының хал-жайы төңірегіндегі жанайқайларын жоғары жаққа жеткізу деген жоқ. Өз көлеңкелерінен өздері қорқып жүргендері.
Міне, театрдың қадір-қасиетін жөнді түсінбей, түсінуге өресі жетпей жүргендердің кесірінен «өнер» «тауарға» айналды. Иә, тауарға айналды. Жаңа айтып кеттім, жоғары жаққа айтпайды деп. Бірақ, осының бәрін біз айтып та, жазып та жүрміз. Бірақ елеп-ескерер ешкім жоқ. Әлсіздің үні шықпайды, шықса да естілмейдінің керісі болып тұр. Жоғары жақтан бастап, өз білгенін жасап, құр келіп төбе көрсеткеніне мәз болып жүргендердің бәрін көзін құрту керек. Театр шығармашылығын жүйелі түрде жүргізуге түйсігі жетпей жүрген театр бастықтарын да, көркемдік жетекшілерін де, кеңесшілерін де бәрін де жаппай сүзгіден өткізіп бір тазалап алудың күні баяғыда жеткен. Орнына театр тауқыметіне көнетін, түстен кейін ісі бітсе, ертеңгі күннің жүгін бүгін көтере беретін саналы адамдарды аса қырағылықпен таңдап тағайындау керек. Бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа келемеж болмау үшін, наласына қалмау үшін өз рухани құндылықтарымызды сақтап, қазақ өнеріне ықылас қойып, ішкі-сыртқы мәселелерін дұрыс шешуге құлықты, белсенді адам келсе ғой тілеймін жоғары жаққа. Бәрі сол жақтан басталады ғой.
- Театрға енді ғана қадам басып келе жатқан жас актерлерге қандай қағидаттарды қатал ескертер едіңіз?
- «Кездейсоқ келген жас актерлер, актрисалар бар. Соларың барлығы бас рөлді алады, алады да былғап-былғап тастайды. Оны бір кезде Қ.Қуанышбаев ойнаған. Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, Ә.Молдабеков, Б.Римова, Х.Бөкеева, Ш.Жандарбекова ойнаған. Осыны естен шығармауымыз қажет. Жас актердің үлкен рөлмен шығу мезеті – құбылыс болуы керек. Біз сол есте қаларлық, естен танарлық өнер жасай алмай жүрміз» деп, марқұм Әшірбек Сығай айтып еді. Қайдан таң қалдыратын дүние жасасын... Өнердің құнын түсінбесе, оның құндылығын ұғындыра алмай жатсақ, әрине былғап-былғап тастап кете барады. Әлі етек жеңін жиып үлгермеген, мамандығын бітіріп жолдама алмаған «сары ауыздарды» өзараларында жасырын кастинг өткізіп жұмысқа тұрғыза салу бүгінгі күнде қалыпты жағдайға айналды. Өнер ордаларында қызмет етіп жүрген ұстаздар театрдағы көп жылдық еңбек жолын, дәрежесін я болмаса басшылығын пайдаланып өз шәкірттерін театрға тықпалау сырқаты жылдан-жылға асқынып барады. Академия, Университет ұясынан түлеп ұшпай жатып, театрға орналастырып қою – ол студентке деген қамқорлық, өнерге деген жанашырлық емес. Ол мазақ!
Бұрынғыларда қалай болған? Оқуын ойдағыдай аяқтаған түлектер, сахна саңлақтарының сынағынан сүрінбей өту үшін күндіз-түні дайындалып, олар қойған сұрақтарға абдырап жауап беріп, сасқалақтап осылайша үлкендердің алдарынан арнайы өтіп барып кейіпкерлердің табиғатына тиянақтылықпен келуші еді, ал қазір ше? Еш уайымсыз, қобалжусыз өте салған жастар әлбетте рөлген деген жауапкершілігін толық сезіне алмайды. Өйткені, оған ауыртпалықсыз оңай келді, қиындықсыз тез жетті. Маңдай терсіз, ізденіссіз келген дүниенің қадірі бола бермейді. Қош, ебі табылып қабылданды дейік, енді оларды эпизодтық, шағын рөлдерге жіберсе бір сәрі ғой, жоқ бір оқиғаның арқауы болар басты кейіпкерлерге жүктеп қоярын қайтерсіз.
Екіншіден: Сахнада маңдай терінің сіңуіне үлгертпей жатып, кеше ғана келген жастарды атаққа ұсынып жатады. Сахнаның шаңын жұтып тозаңына тұншықпай жатып, ол олжаға неге олар оңай кенелу керек екен? Бүгін сахнаға шығып, ертеңіне бəріне шен бере берсе, онда ол атақта не мəн қалды? Өнерді атақпен өлшеу ағаттық. Таланттыларға берілсе құба - құп қой, осындай "пысықайлар" алады да, атақ сұрауды өзіне ар санайтын нағыз сахна шеберлері өз еңбегінің тиісті бағасын ала алмай жүре береді. Үлкендердің ойсыз тірлігінен жастардың ниеті әбден бұзылды, қошемет пен қолпаштауды көрмесе көңілі құлазып, атағын айтпаса басының сақинасы ұстайтын ұсақ күйге түсті. Қазақ өнерін танытуды емес, танылуға, ұлттық өнерді құрметтеуге емес, атаққа қызмет етуге, Станиславскийше айтқанда, өзіндегі өнерді емес, өнердегі өзін сүюге үйретіп жатырмыз. Осы дүниелерді ескеріп, өнер үшін еңбектенсе екен.
– Жаңа М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өткен фестивальдегі қойылымдарға көңіліңіз толмағанын айттыңыз. Сонда нақты қандай сын тағасыз?
– 1. Бұл енді ұзақ әңгіме, қысқаша айта кетейін. Бірінші күні А.Чехов «Сүйікті менің ағатайым» (Режиссері – А.Маемиров) болды. Есіктерден тұратын декорацияны осы «Ваня ағайды» қойған отандық режиссердің жұмысынан көрсемде де бұл жерде өзінше көрініс тапқан. Иван Войницкийді ойнап жүрген актер Азамат Сатыбалды әлі де кейіпкерінің ішкі қайғысын толық бере алмады. А.Чеховтың әрекетсіз кейіпкеріндегі ішкі тебіреністі, ойлану, толғану жақтары актер Азаматқа әлі жетпей жатыр.
Екінші күн Ш.Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн» (Режиссері – Д.Жұмабаева) болды. Бірден айтайын, бұл қойылымды мен қабылдай алмадым. Едіге рөлінде талантты актер Дулыға Ақмолда. Бірақ, Едігені көре алмадым. «Қазанғап қайтыс болды. Өліп жатқан мал емес, адам ғой. Оның мен сүйегін жуып, арулап көмуім керек» тағы басқа сүбелі сөздерді зырылдата айтып шығады. Едіге-Дулығаның сөз, дауыс, көз – кейіпкер жан күйзелісінің, тебіренісінің жемісті нәтижесі екендігін актер жақсы білгенімен, соны көп жағдайда мұқият сақтай бермеуі орындалған образдың эмоциялық, психологиялық әсерін төмендетіп жіберді. Актерлік ойын болсын, шешім болсын, басқа да кемшіліктер шаш етектен.
Үшінші күні Л.Толстой «Анна Каренина» (Режиссері – Е.Обаев) болды. Енді декорация, костюм жағын жақсы қарастырыпты) Бірақ, тағы да сол басты кейіпкер Аннаның бейнесі көмескіленіп тұрды. Актриса Назгүл Қарабалина ойынында бір сарындылық бар. Оқиғаға байланысты көңіл-күйдің өзгеруі, ауысуы бір қалыпты. Аннаның яғни орыс әйеліне тән сөйлеу мәнерін, ішкі күйзелісін, кейіпкердің тілдік мінездемесімен беру жағын терең қарастыру керек.
Төртінші күн Б.Беделхан «Ұлым, саған айтам…» (Режиссері – А.Маемиров) болды.
Бұл моноспектакльді актер Бекжан Тұрыстың 50 жасқа толған мерейтойында көрген болатынмын. Айта кетейін, Ұлттық өнердің, тілдің құнын түсіріп жүрген өзге ұлттың өкілдері емес, Өзіміз. Ана тіліне, дәстүріне, тарихына, шежіресіне «шекесінен қарауды» сәнге айналдырып алғандар қаптады. Одан басқа толып жатқан жағдайларға Бекжанның бей-жай қарай алмайтынын білеміз. Оның әрбір сұхбаттарында, тәмсілдерінде қазақтың өр рухы атойлап тұрады. Бекжан Тұрыстың жиі айтатын қазақы сөздері сахнаға жол тартқаны бізді қатты қуантты. Халыққа өте керек дүние. Мұны әржолы келетін көрермендердің легі дәлелдеп жүр. Актердің идеясымен жұмыс істеп, оның ойын, сөзін алып сахналық нұсқасын құраған ақын Б.Беделхан екен. Бірден айтайық, бұл шығармада алып бара жатқан тартыс жоқ. Шиеленіске сараң бұл шығарманы репертуарға қосқаннан кейін, фестивальге қатыстырғаннан кейін сахналық жүйесін дұрыстап жасау керек еді. Ертұрман, жер, кіндік, отбасы, дәстүр туралы айтылатын ойлар бөлек-бөлек боп қалған. Оқиғадан оқиғаға өрбуі, байланысуы жетіспей тұр. Бұл режиссерге де қатысы бар.
Қысқасы, М.Әуезовтің театрындағы қойылымдарды көріп көңілім жабырқағанын жасырмаймын. Бәрін айт та бірін айт, өзінің ғасырға жуық шығармашылық ғұмырында қаншама өнер адамдарының жұлдызын жаққан бас театрға көп өзгерістер, едәуір ізденістер керек екен. Талғам, Қиял, еңбек, намыс, барлық жағынан биік тұру керек. Себебі ол – М.Әуезов атымен аталатын Қарашаңырақ.
– Енді өз ауылыңызға оралсақ, қазір театр сыншыларынан кімдерді айтасыз? Осы сыншының сынынан театр мынандай нәтиже шығарды деп айта аламыз ба?
– Әшірбек Сығайдан кейін мен Еркін Жуасбекті айтар едім. Сол кісінің спектакльді көре білетіні, талқылай алатыны ұнайды. Еркін аға басшы болмай-ақ, пьеса жазбай-ақ, таза ұстаздықпен және театртанушылықпен айналысса екен деймін. Одан соң Бақыт Нұрпейіс, Амангелді Мұқан, Сания Кабдиева, Меруерт Жақсылықова, Анар Еркебай, Зухра Исламбаева, Нартай Ескендіров бар. Бірақ, сыншы айтқан пікірмен жұмыс істеп, түзеліп кеткен театрды әлі көргенім жоқ. Бұл жерде сол, сын-пікір естуден гөрі езбе мақтауларды сүйіп тұратын қасиеттеріне қарап, сауатты сыңға жұмыс істеу əлдеқашан күн тəртібінен түсіп қалған сияқты.
– Кемшілікті қалай түзетіп, салдарымен қалай күреспекпіз?
– Ол үшін жүйелі заң керек. Киноға жасалды ғой, сол сияқты театрға да тездетіп енгізу керек. Заң аясында ғана біз тәртіп орната аламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Арман Шеризат,
Аdebiportal.kz
Бөлісу: