Еуразия астаналарының қаламгерлері
Бөлісу:
Халықаралық форумы
Кез-келген әдебиет томаға-тұйық кеңістікте, ұлттық шеңберде ғана дамымайды, ол тамырын тереңге жайып, ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып әлемдік әдебиетпен ұштасқанда ғана болашағы баянды болмақ. Оның үнемі өзге халықтардың мәдениетімен араласуға, сұхбаттасуға ұмтылатыны заңды құбылыс. Әдебиеттің даму, өсіп-өркендеу, толығу, молығу бағытындағы байланыстарының маңыздылығы өте жоғары.
Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғанан кейін, ескерусіз қалып, ұмытыла бастаған рухани дүниемізді жандандыру ісі қолға алынып, игілікті істер өз жалғасын табуда. Осы бағытты қолға ала отырып ерте заманнан еліміздің дамуы мен өркендеуіне үлес қосқан әдеби, мәдени байланыстарды жандандыру мақсатында қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті байланыстарының өзектілігін қозғау және оларды жалғастыру еліміздің алға нық басуына үлкен үлес қосып келеді.
Ұлттық әдебиет өзінің даму жолында басқа ұлттардың әдебиеттерімен түрлі байланыстар жүргізіп, бір-біріне әсер ету, тәжірибе алмасу арқылы мазмұндық-пішіндік толықтырулар мен өзгертулер жасай отрып үздіксіз дамып отырады.
Тәуелсіздік алып еркіндікке қол жеткізген шақта тарихтың тереңіне үңіліп құндылықтардың арыда жатқандығын дәлелдейтін кез туғаннан бері, ескі ой-сананы өзгертетіп, қатып қалған қасаң қағидаларды, стереотиптерді бұзатын уақыт жетті. Отаршылдықтың қамытын шешіп, ой-санамызды еркін жүздірер шақ туды. Бүгінде шетел ғалымдары қазақ ғылымындағы қалыптасқан тұжырымдарды әрдайым ескеріп отырады.
Қазақ әдебиетіндегі әрбір қаламгердің көркем әлеміндегі құндылықтары оларға әсер ететін белгілі ағымдар мен бағыттардан ауытқи алмайтындарын да әдеби заңдылық деп қарасақ, әлемдік деңгейдегі түрлі ағымдардың қазақ әдебиетіне де тигізген ықпалын сол тұстарда дүниеге келген шығармалардан анық аңғарамыз. Сондықтан қазақ елінде жазылған туындылар өзге ел өкілдеріне де ортақ мұра, идеялық көркемдік қасиеттері бір еңбектер. Шетел ғалымдары ой-пікірлерін білдіріп, сын көзқарастарын түрлі газет-журналдарда жариялап отырулары белгілі бір әдеби байланыстардың жібін жалғайды.
4-5 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы және «Алтын Қазына» қоғамдық бірлестігі ҚР Ұлттық Музейінде қала күніне орай «Еуразия астаналарының қаламгерлері» атты Халықаралық Форум өткізді.
Әлем астаналарының қаламгерлері қатысқан Форумда Еуразия жазушыларының шығармалары насихатталды, халықтар арасындағы әдеби-мәдени байланыстар нығайып беки түсті. Форумға 20-дан астам мемлекеттің ақын-жазушылары арнайы шақырылған. Олардың арасында Халықаралық «Экиваленсиас» журналының Бас редакторы, Испания ПЕН-клубының Бас хатшысы, Малларме, Неаполитан академияларының корреспондент-мүшесі – Jorge Padron Justo Angel; Ресей Жазушылар одағы басқармасының хатшысы – Гаврил Андросов; Азербайжан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Ekber Qoşalı; Үндістандық қаламгер, сыншы, лингвистика ғылымының профессоры Rukmini Bhaya Nair және т.б. танымал тұлғалар бар.
Сондай-ақ форумға ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек ері, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы, драматург Әкім Тарази, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы, Қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әлібек Асқаров, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, «Адырна» журналының бас редакторы, ақын-жазушы Мейірхан Ақдәулетұлы, ақын, журналист, Моңғолия Мәдениетіне Еңбек сіңірген қайраткер, тарих ғылымдарының кандидаты Сұраған Рахметұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Журналистер Академиясының академигi Әлия Бөпежанова, қаламгер-журналист, ақын, жазушы, «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Дидар Амантай, ақын, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының және «Алтын қалам» қоғамдық сыйлығының иегері Ақберен Елгезек сынды төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің майталмандары, зерттеуші ғалымдар, сыншылар, қоғам қайраткерлері қатысты. Форумды бастан-аяқ абыроймен жоғары деңгейде өткізген, идея авторы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы.
Форумның негізгі тақырыбы – «Әлемдік әдебиет: стереотиптен арылу». Әлем әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық, авторлық құқық пен кітап бизнесі мәселелері аясында дөңгелек үстел, шығармашылық кездесу, көрме ұйымдастырылды. Форум Халықаралық меморандумға қол қою және келісім жұмыстарымен түйінделді.
20-дан астам мемлекеттен келген қаламгерлер екі күні бойы кітап маркетингі, әдеби агенттіктердің ісін дамыту, аударма өрісін кеңейту мәселелерін талқылады. Әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтіп, жаңа арна ашуды, қазақ әдебиетін әлемге насихаттауды мақсат еткен бұл форум алдағы уақытта жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға айналмақ. Жиынға Еуразия кеңістігіндегі астаналарда тұратын, әлемге есімі белгілі әдебиет тұлғалары сөз алды. Соның ішінде бүкіл Латын Америкасына танымал, испан тілді мемлекеттердің барлығы білетін, шығармалары әлемнің 35 тіліне аударылған мадридтік ақын Хунте Хорхе Падронды ерекше атауға болады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен келесі жылы ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы жоғары деңгейде атап өтіледі. Осы форум барысында Испанияның атақты ақыны Хусто Хорхе Падронмен Абай өлеңдерін испан тіліне аудару бойынша меморандумға қол қойылды. Испандық ақын Абайдың 175 жылдығына орай 100 өлеңін ана тіліне аудармақ.
«Абай атамыздың өлеңін испан тіліне аудару мәселесі бойынша Хусто Хорхе Падронмен келсіссөз жүргіздік. Ол кісі келісімін берді. Абай атамыздың өлеңдерін аудару жұмыстарын кез-келген ақынға тапсыруға болмайды. Ол үшін ең ұлы, ең үлкен, ең танымал ақынға иек артуымыз керек. Сондықтан осы форумдағы сүйіншілеп айтатын үлкен жаңалығымыздың бірі осы», - деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы.
Былтырдан бері елорда күніне орай қаламгерлердің халықаралық форумын өтіп келеді. Биылғы форум Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Жазушылар одағының қалалық филиалының мұрындық болуымен өтті. Өз қазанында қайнай бермей, әдебиетке жаңа арна ашып, қазақ әдебиетін әлемге насихаттап, еліміздің халықаралық аренадағы имиджін көтеруді мақсат еткен осы форумды жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға айналдырсақ деген ойын Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ортаға салды.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов те Еуразияның әр бұрышынан жиналған жазушыларды форумның ашылуымен құттықтап, 21 жыл ішінде астанамыз жаһандық шаралардың алтын ошағына айналғанын тілге тиек етті. Әдебиеттің өрісі барша азаматтардың бірге жасаған ісінің нәтижесінде кеңеймек. «Рухани жаңғыру» аясында бұл міндетті бірге атқарарымыз анық. Сол үшін де бұл форумның көтерген жүгі маңызды, орны зор болмақ. Қала әкімі ауқымды форумның елордада өтуі қаланың руханиятын жаңа деңгейге көтереріне үлкен сенім білдірді.
Форумға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысып, аударма ісіне, қазіргі әдебиеттің жай-күйіне, әлемдік әдебиеттің озық түрлерін талқыға салудың қажеттілігіне, сіз бен біздің кәдемізге жарар дүниелердің маңызына тоқталды. Барша қаламгерлерге жемісті жұмыс, мықты денсаулық тілеп, өзі де жазушының қызы болғандықтан, үнемі шығармашылық адамдарын қолдаудан таймайтынын айтты.
Халықаралық «Экиваленсиас» журналының Бас редакторы, Испания ПЕН-клубының Бас хатшысы, Малларме, Неаполитан академияларының корреспондент-мүшесі – Хусто Хорхе Падронға, Азербайжан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Экбер Гошалыға «Қазақ әдебиетін насихаттауға сіңірген еңбегі үшін» Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы табыс етілді.
Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қорық музейі ғылыми кеңесінің шешімі бойынша музейдің директор кеңесшісі, көрнекті ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Абайды аударудағы сіңірген еңбегі үшін» қырғыз ақыны әрі аудармашы Перизат Алмазқызына «Абай» медалін табыс етті.
Ауқымды шара кезінде «Самұрық» әдеби журналының тұсаукесері өтіп, әдеби журналдың алғашқы санын көпшілікке тарту етті.
Форумда әдебиеттегі өзекті тақырыптарды қозғаған баяндамалар мазмұндық идеясымен де, өзгеше идеясымен де дараланды. Асқақ ақын, дарынды қаламгер Олжас Сүлейменов бүгінгі әдебиеттің жай-күйін айта келіп, кітаптартың оқылымына, тираждың аздығына тоқталды. Бірінші орынға экономиканы қойып, руханиятты кейінге қалдыру қандай қасіретке душар ететінін айтты. Қазір билік те, біз де әдебиет, мәдениет дамымай, еліміздің алға жылжымайтынын, тоқырайтынын кеш те болса түсініп, енді нағыз руханиятқа бет бұрып, санамызды жағыртатын уақыт жеткенін мәлімдеді.
Талантты қаламгеріміз І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын осыдан үш жыл бұрын Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің ұсынысымен араб тіліне аударған Мухаммад Рияд Халуаш қазақ елінің ыстық ықыласына бөленіп жүргенін айтып, ағынан жарылды. Осы орайда, Қазақстанның Мысырдағы елшісі А.Исағалиевтің бастамасымен ағымдағы жылдың басында, елшіліктің қарымды еңбегінің арқасында Каирдегі университетте қазақ тілі кафедрасы ашылғанын айтып сүйіншіледі.
Ақын Мейірхан Ақдәулетұлы форумның қазақ әдебиеті үшін мән-маңызын айтып, әлемнің әр шетінен жиналған әріптестермен мәжілістес болып, пікірлерін тыңдап, көзқарастарын білу, ең алдымен қазақ елін, өзіңді көрсету әдебиетіміз үшін ауадай қажет деп есептейді. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болса да, әдебиетіміз кішкене қоңырайып қалғанына өкінішін жасырмады. Бұған әртүрлі себептердің де әсер еткенін, кешегі кеңестік дәуірден бүгінгі капитализмге көшуіміз бізді сансыратып кеткенін ойға салды. Сол жылдары тоқтаудың аз-ақ алдында қалған қазақ әдебиеті соңғы жылдары кеудесін көтеріп, бойын тіктегеніне дәлел былтырғы Еуразия форумы мен бүгінгі әдеби жиынымыз болары анық екенін айтып кеңінен толғады. Әрі күзде болатын Азия елдерінің ақын-жазушыларының форумы – қазақ әдебиетіне қозғалыс әкелеріне сенім білдірді.
Әдебиетті дамытуда бізге жапондар сияқты, ең алдымен жүйелілік керек. Жапондар нақты бір авторды Нобель сыйлығын алуға жүйелі түрде, яғни мақсатты түрде дайындайды. Демек, олар әдебиеттің дамуын мемлекеттік іс деп қарайды. Осы жүйе біздің елге де қажет екенін әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек ұсыныс ретінде айтып өтті.
Нұр-Сұлтан қаласының әдеби имиджін көтеру де басты мақсаттарымыздың бірі. Әдеби байланыстарды нығайту. Қазір әдеби агент туралы көп айтылып жатыр, яғни қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті арасындағы байланысты қалыптастыру мәселесі. Кеңес үкіметі тұсында әлем әдебиеті мен отандық әдебиет арасындағы шығармашылық сабақтастық көрнекі ұйымдастырылған болатын. Бір-бірінің шығармаларын аударып, өзара әдеби достық қалыптасып үлгерген еді. Енді біздің үмітіміз осы үрдісті жалғау, әрі қарай дамыту. Осы мақсатта қазақ әдебиетінің шығармаларын ЮНЕСКО-ның алты маңызды тіліне аудару жұмыстары бойынша Ұлттық аударма бюросы да құрылған болатын. «Әдеби агент» деген ұғымды біздің қазақ қаламерлері барынша меңгеруге тиіс екенін айтып, ақын Дәулеткерей Кәпұлы өз ойын ортаға салды.
Форумым тақырыбы «Әлемдік әдебиет: стереотиптен арылу». Бұл өте қызықты тақырып. Қызу пікірталастар көп болды. Түстен кейін үш сессиялық отырыс басталды. Олар: проза, поэзия, әдеби-сын драматургия саласы. Сонымен қатар сессиялық отырысқа арқау болатын тақырыптар қатарында кітап маркетингі, авторлық құқық, әдеби агент қалыптастыру мен дамыту мәселелері де болды. Форумның екінші күні Еуразияның 20 мемлекетінен келген жазушылар ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рауымқұлованың қабылдауында болды. Бұл жерде басқа мемлекеттермен қандай іс-шараларға маңыз бере аламыз деген мәселелер қаралды. Сонымен қатар, ҚР Жазушылар одағының 25 мүшесі, мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, қаламгерлер сабақ беретін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне жан-жақтан келген жазушылар бас сұғып, Жазу тарихы мұражайын аралаудан бастап ректормен, студенттермен кездесті. Университетте кішігірім, сұхбат, оқырмандармен байланыс ұйымдастырылды.
Арман Шеризат
Бөлісу: