Біржан Ахмер. Менің замандастарым

Бөлісу:

19.07.2019 6314

Күннің көзі дүниені тірілткен көктемнің алғашқы мезеттерінде бау-бақшаның сәнін кіргізген ақ қайыңның шырынын ішкен боларсыз?! Сол тамшы – інжу-маржан іспетті ілкі тіршілікті өзіне қаратып, мөлт етіп түседі жерге. Жастық шақ та сол секілді. Тәтті, қызықты, балғын... Дегенмен, ақылдың көкжиегін кеңейтіп, өзін-өзі қамшылайтын да, аянбай еңбек ететін де осы кезең. Жан-жақты дамып, өзіндік стилін қалыптастыру жолында жас ақын алдыңғы аға буынның, шетел және қазақ әдебиетінің классикалық туындыларын қадари-хәлі жеткенше қарастырып, іштей сұрыптап отыруы заңдылық. Онсыз құр мақтанға салып, «ақынмын» деп асқақтаудың қажеті шамалы. Жас ақынның шығармашылығына сын айту (сағын сындыру емес) – әдеби процесс үшін маңызды алғышарттарының бірі. Себебі шала-жансар туындының оқырманға да, қаламгердің өзіне де тигізер зияны көп. Биылғы жыл – «Жастар жылы» болғандықтан, жастар поэзиясы мен прозасы жөнінде әдеби мақалалар, ашық пікірлер, әділ сараптамалар көптеп жазылады деп күттік, сендік. Бірақ әзірге сең қозғалмай тұр. Осыдан бірер жыл бұрын жазылған Темірхан Медетбектің «Алтынкөпірліктер» мақаласынан кейін жастар поэзиясына шынайы һәм толымды баға берілген жоқ. Ара-тұра сөз арасында есімі «ілініп» кетпесе, аға буын өкілдерінің жақ ашпағаны таңғалдырады. Әйтпесе, жыл (тіпті, маусым сайын) жас буынның аяқ-алысы, бағыт-бағдары, шабысы жазылуы керек еді. Сынның өзегі – ақынның артық-кем тұстарын айшықтап, өлеңнің логикалық, идеялық мағынасын тарқатып айтып беру және ұйқас, ырғақ, буын, бунақ секілді әдеби заңдылықтарды мейлінше түзетіп беру болса керек. Хош, қазіргі жас ақындар кімдер? Олар қандай өлең жазып жүр? Енді осы сұрақтардың жауабына көшелік.

Қазіргі қазақ әдебиетінде ізденісі көз қуантарлық жас ақындар көп. Осы мақалаға барлығын сыйдыру мүмкін емес. Десе де, қалың оқырманды поэзияның сыршыл да, сиқырлы әлеміне шақырған Бекзат Смадияр, Еламан Қабділәшім, Батырхан Сәрсенхан, Нұржан Қыдырәлі, Ұмтыл Зарыққан, Шерхан Талап, Мерген Тоқсанбай, Саян Есжан, Нұрболат Жаңабекұлы, Аслан Тілеген, Арман Шеризат, Нұрбек Нұржан, Аян Мейраш, Алтынғадыс Күнтуған, Айдын Байыс, Еділбек Дүйсен, Тілек Ырысбек, Алпамыс Файзолла, Манарбек Қыдырбай, Оразай Жеңісұлы қатарлы жас ақындардың қазақ әдебиетіндегі орны бөлек. Қаламның қасиеті қонған шайырлардың болашақтағы қарқынын болжау мүмкін емес, алайда бүгінгі таңдағы олардың талпынысы жоғары десек, қателеспеспіз. Қарапайым қара өлеңнің де, ақ өлеңнің де әдіс-тәсілін меңгерген бұл ақындар әдебиеттің ошағына ие болып, аға буынның аманатын лайықты деңгейде жалғастырар деген сенім басым. Әрине, барлығына – уақыт сарапшы.

***

Жайыққа сыр ашқан жас ақын, жасампаз ойға жаны құштар Бекзат Смадиярдың поэзиясы көпшіліктің көңілінен шығып келеді. Бейне бір күзгі жапырақтай сарғыш тартып, мұңшыл жүрегі қағазға түскен ақын әлемі бірден ашыла түспейді. Өлеңдерінде қатпар-қатпар ой бар. Сол жұмбақты шешуді көксеп, біраз әбігерге түсесің. Бір ғажабы, қай өлеңін оқысаңыз да жастықтың жалын шарпыған отынан гөрі, салмақты, ойлы танымның көкжиегіне кезігеріңіз анық. Дегенмен, Бекзат әлемге, өзіне, адамзатқа, тіпті күнәға да ғашық. Өмірлік философияның ақ пен қара түсі секілді үйлескен, ымдасқан сезім иірімдері осындай күйде бейнеленіп, осындай күйде сезіліп тұр. Бұл симфония – сөз бен ойды үндестіріп, еркін қолданатын еуропалық ақындардың жоғалған мәтініндей сырлы, көшелеріндей күңгірт. Немесе әлгі бұйра шаш, жарқын қабақ Есениннің ессіз ғашықтығы, елеулі тағдыры іспетті.

Қызғаныштан қимай батса ақық Күн,

Балтырыңа жантаюға асықтым.

Пендесі көп жалғыздықтан құтқарар,

Мен күнәға,

Сосын саған ғашықпын!

(«Балтыр»)


Бекзаттың әдебиеттегі «паспорты» осы өлең бе дерсің?! Қасаң қағидаларды бұзып өтіп, қараңғыны жарық еткен сәуледей бұл жыр жолдары талай жүректің емі, талай арманның бейнесі болды. Ақын осы арқылы махаббат пен сезімге, сағыныш пен аңсарға шырай беріп, музасын асқақтата түскен. Осы орайда ақын Марина Цветаеваның: «Легкомыслие! – Милый грех, / Милый спутник и враг мой милый! / Ты в глаза мне вбрызнул смех, / и мазурку мне вбрызнул в жилы», – деген өлең жолдары еріксіз еске түседі екен. Немесе Уильям Шекспирдің: «Любовь — мой грех, и гнев твой справедлив. / Ты не прощаешь моего порока», – деген өлеңі санаға оралады. Әрине, бұл жерде үш ақынның да айтар ойы бөлек. Дегенмен, ішкі үндестік, астарлы мағына махаббат пен күнә арасындағы тылсым байланысты сездіріп, ерекше әсерге бөлейді.

Көрінгенде дулығаның төбесі,

Боз көденің сөгіледі көбесі...

Ех, ақылды сұлулардан жолыққам,

«Мен өлгенде қуансаң ғой...»

Сен осы.

(«Балтыр»)

«Сен осы» деген сөз тіркесі үшін еріксіз қойылған «төбесі» мен «көбесі» ұйқасы сұлу қыздың, нәзік махаббаттың айшықты образына жанаспай тұр. Және бұл қай заманның оқиғасы екенін аңғармай қалдық. Төрт жол – төрт ойға жетелеп тұрғандай. Сұлу қыз бен дулығаның қандай қатысы, байланысы бар? Жалпы, Бекзат мұнымен нені меңзегісі келді? Күңгірт. Осы тұста ақын өлеңнің идеялық өзегін үзбеу керек еді.

Бекзат ақынның «Әжім» өлеңі – жүрекке жылылық сыйлар өміршең туынды. Автормен бірге сонау алыстағы ауылыңды, тау-тасты, жусанды даланы сағынасың. Ол Кемпірсайды жырлайды. Байырғы мифологиямен астастырған бұл туындыда тың образдар арагідік қылаң беріп қалатыны жасырын емес. Мәселен, «Түзге шыққан Кемпірдей бүкірейіп / Ай көрінді аяғын сылтып басып», – дейді шайыр. Міне, сурет! Айды жаңа қырынан танытқан ақын ескі теңеулерден ада, өзінше тың образды жасап, оқырманды сонысымен еліктіре түскен. Ал мына жолдар ше? «Қай көгенге жусатсам үйіріңді, (Көгенге қозы байланады) / Діні бөлек ойлар-ай, Құдайы бір». Расымен де, бүкіләлемдік танымның құзар шыңында жалғыз Құдайға деген сенім орныққан, одан кейінгі тарапта Құдайға деген сенімдердің сан қырлы жолдары көрінеді. Ең бастысы – қиял мен ойдың тікелей Ғалам Иесіне бағытталғандығында. Ақын осы ойлардың қандай сенімге, қандай бағытқа бұрарын болжай алмай, дел-сал күйде қалған. Мүмкін, мұның өзі тылсым тіршілікті, Тәңірді тануға сеп болар? Хош, бізге мәлімі – бұл жолдар ақынның ішкі тереңдігін, суреткерлігін көрсетті. Соған қуанамыз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР:

Жанболат Аупбаев. «Көгілдір таулар» кітабындағы кейіпкер аты

***

«Шабыт» жастар фестивелінің Гран-При иегері Батырхан Сәрсенханды көпшілік жақсы таниды. Өлеңдері де баспасөз беттерінде жиі жарияланып, оқырманның үдесінен шығып жүрген жас ақын. Әлгі «Бір күндер болады» өлеңіндегі: «Бір шылым болады, / Теріс шегетін» деген жолдары жас ақынның жан-жақты ізденісін танытқандай. Әсілі, Батырхан орыс ақындарын жата-жастана оқитынын шығармашылық шеберханасынан анық көреміз. Әсіресе, қазіргі замандағы. Сол орыс ақындарының айшықты бояулары жас ақынға ерекше әсер еткен бе, әлде сондай тылсым кеңістікке еріксіз сіңіп кеткен бе, ақын өлеңдерінде мынандай сәйкестіктер кездескен. Мәселен, Батырханның «Ана қасқыр» (2015 жылы жарияланған) өлеңін алайық. Мұнда бөлтірігі үшін жан алысып, жан берген қасқыр туралы баяндалады. Дәл сол мезетте адамзат «әлемінде» бір ана жасанды түсік (аборт) жасап жатады. Өлеңнің негізгі идеясы – адамдардың қатігездігін көрсету, жасанды түсік жасатып жүрген аналарға ой салу, қасқырдай текті, қасқырдай жанашыр болуға үндеу. Ал желісі – жоғарыдағыдай. Орыс ақыны Елене Бедретдинованың «Душа волка» (2009 жылы жарияланған) деген өлеңі бар. Екеуін салыстырып көрейік. Таразылау сіздердің құзырыңызда.


Неліктен мына бұта жалаңаш тұр?

Қасіретке душар ма, қара басқыр.

Қашып кеп ажалынан бой тасалай,

Жар ағашқа тірелді, Ана қасқыр.

(«Ана қасқыр»)

Проваливаясь лапой в рыхлый снег,

Волк твёрдо знал: спасения не будет...

И зверя нет страшней, чем человек…

(«Душа волка»)

Дүние жатқан шақта көшіп алда,

Осы тәулік, Осы сәт, Осы маңда...

...Жазықсыз перзентінің бойға біткен,

Тағдырына тас атып жатты Анасы.

(«Ана қасқыр»)

А в этот миг за сотни километров,

Был в исполненье смертный приговор…

Девчонка малолетняя там где-то

Уже четвёртый делала аборт…

(«Душа волка»)

Батырхан шығармашылығында «Көктас шеберханасы», «Анамның үнсіз жылап тұрғаны», «Кім кінәлі?» т.б. өлеңдері – шынайы өлең әлеміне жетелейтін мәнді де, мағыналы туындылар. «Көктас шеберханасында» бұрын-соңды айтылмаған ой иірімдері кездесіп, сюжетті поэзияның сәтті үлгісіне айналған. Бұл өлеңдегі стиль ерекшелігін де соны сипатта жазылғанын атап өткен жөн. Бәлкім, Төлеген Айбергеновтың өлең жазу мәнеріне жақын ба дерсің?! Асылы, бұл туынды әлі де біраз талқылаудан, сараптаудан өтетініне сенуге болады. Ең өзектісі – ақын өз ойын анық әрі көркем түрде жеткізе білді. Пушкиннің «Я памятник себе воздвиг нерукотворный» дейтіні секілді бұл жас ақын да өзінің қолтаңбасын қалыптастырып, алдағы уақытта талай өміршең өлеңдер жазады деген үміт басым.

***


Келесі ақынымыз – Еламан Қабділәшім. Ақын туралы Мерген Тоқсанбай мынандай пікір айтып еді: «Оның арманы – Алатаудай биік, пейілі - Сарыарқадай кең, өлеңі – Жасыбайдай мөлдір. Адамның бəрін дос, ақынның бəрін туыс санайтын риясыз бала мінезіне риза боласың». Расымен де, Мергеннің сөзі – ондыққа тиді. Иә, ол өлеңді өміріндей сүйіп, поэзиямен тыныстап келеді. Оның жүрген жері, ізі, дүниетанымы, барлығы да – қасиетті өлең! Мұны өзі де жасырмай: «Уа, Ұлы Өлең, жабыққанда дем бердің, / Күмәнді де, күнәмді де тең бөлдің», – дейді. Жырлары бірде таңғы шықтың мөлдіріндей нәзік, бірде жаңбырдан кейінгі боз даладай жұпарлы, бірде аяқ-асты дүниені дүрліктірген дауылдай асқақ. Қатпар-қатпар бояу жағудың зиянын түсінгендіктен бе, әлде жалғандықты жаны сүймегеннен бе, Еламан әсіре әрлеу мен түрлі эксперименттерге көп бара бермейді. Өйткені ақын болмысы о баста шынайылықпен біте қайнасқан.

Жүрегімді нәзік гүлге телідім.

Мен де өтермін, түстей болып сері күн,

Қайталамай ешкімнің де өлеңін,

Қайталамай ешкімнің де өлімін.

Осыдан бірер жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған Бағашар Тұрсынбайұлының «Талантты болу немесе үміт оты» деген мақаласын оқыған боларсыздар. Сонда сыншы ағылшын ақыны Джон Мильтонды мысалға келтіріп, әдебиеттегі қайталаудың, алдыңғы буынның шығармашылығына жұтылудың жөн емес екенін жазып еді. Міне, сол сынға Еламан нақты жауап қатқандай. Бұлайша жырлау бір жағынан шеберлік болса, екінші жағынан жас шайырдың туралығын көрсетеді. Сонымен бірге, «Жанымды алсаң да, міне, алдыңдамын» дейтін ішкі потенциалын жалпақ жұртқа паш етті. Автордың осындай характерін білдіретін туындылар мұнымен шектелмек емес. Десе де, Еламанның кейбір өлеңдері төрт аяғын тең баса алмай, шатқаяқтап қалатын тұстары да бар. Мысалы, «Өмірқос» өлеңінде мынандай бір шумақ бар.

Әрең жүрмін, көзден жас тама ма екен,

Өткеніме көңілім алабөтен.

Тез ер жеткім келетін бала кезде,

Ер жетудің қызығы шамалы екен.

Ақын қарапайым жазамын деп өлеңнің көркемдігін жоғалтып алған сыңайлы. Әу бастан құйылып түскен өлең осы тұсқа келгенде шалалығы танылып қалады. Әйтпесе, Еламан «Құбылмалы боп кеттім сол күздейін, / Көмейіме бір өксік тығылғалы», – деп өлеңді тәуір бастап еді. Бұл сын ақынға ой салып, болашақта жазылар шығармаларға әсер етер деген сенімдеміз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР: Жәлел Қуандықұлы. Поэзия дәстүрден ада болмауы керек.

***

Көкшелік ақын Мерген Тоқсанбайдың шығармашылығы әдебиет әлемінде біраз талқыға түсті. Оның «Ассалаумағалейкүм», «Ностальгия» атты алғашқы жыр жинақтарын оқып едік. Жуырда жарық көрген «Антитеза» кітабымен тағы бір елең еткізді. Жалпы, Мерген – лирик ақын. Бойында Біржан мен Ақаннан қалған сал-серілік тұнып тұр. Осы қасиет өлеңдерінде де там-тұмдап көрінеді. Шыны керек, Мергеннің махаббат лирикасы – өзінің жастық шағына, өскен ортасына лайықты шығармалар. «Нөсерлеп өлең төгейін – Құрғасаңыздар! / Ғашық боп тағы қалады-ау, Тыңдаса қыздар!», – деген өлең жолдары соған дәлел. Бірақ Мерген кейде поэзияның қарайым заңдылықтарына, көркемдігіне бағынбайтын секілді. (Немесе бағынғысы келмейді). Мәселен, «Бахытгүл Серікқызы» атты өлеңде мынандай шумақ бар.

Белшемнен батқан қарыз да,

Үстімнен кеп түскен арыз да.

Басымнан кетпейтін бұл қырсық,

Шашыма жабысқан сағыз ба?!

«Шашыма жабысқан сағыз ба?». Бірден тура айту керек, бұл – сәтсіз теңеу. Өзінің құлазыған көңіл-күйін, жан сырын ардақты анасына ақтара отырып, Мерген мұндай шала теңеуге ұрынады деуге сенгің келмейді. Елең-алаң көңілін сағызға емес, басқа бір жанды дүниеге теңесе, жарасымды болар ма еді? Ананың қадірін тереңірек сезінген Төлеген Айбергенов бұл тақырыпқа келгенде мүлт кетпейді, басқаша айтсақ, төмендемейді. Ол: «Арманыңды ақтарам ба жүрегімде тербесем, / Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен», – деп ақжарқын ананың образын кестелі жыр, кемел оймен бейнелеп кетті.

Дегенмен, Мергеннің кейінгі жырлары жаныңды жадыратып, ерекше күйге бөлейді. Бастысы – өлеңінде өзгешелік, жаңалық бар. «Тереземнің алдында тұрмын үнсіз, / Тереземнің алдынан түн ағады...». Міне, тың эксперимент, тұнық лириканың нақ өзі.

***

Ілгеріде тынбай өлең жазып жүрген жас ақындар біраз көрінбей кетіп еді. Сайт, газет-журналдан арагідік жарияланып тұрмаса, жалпы өлең иісін сағынып қалғанбыз. Бірақ, бәрі де өз уақытымен екен. Мәселен, Ұмтыл Зарыққанның: «Жанған шамдай жел үрлесе дір етем... / ...Өлмепті сөз! Күй де әлі тірі екен», – деуі әдемі емес пе? Немесе Аян Мейраштың: «Сіз кімсіз? Маңызды емес... / Біз кімбіз сол маңызды.... / Сумақай жел айтады, / Бұл жайлы соңғы аңызды», – деген өлең жолдары ше? Ал Алтынғадыс Күнтуғанұлының: «Кеңістіктің көмейі ғажап әуен, / Таңды түріп барады құстың үні», – деген табиғат лирикасы жанды толқытпай ма? Хош, айналамызды ойлы көзбен барлап көрсек, қазақ жерінің түкпір-түкпірінде небір талантты ақындар бар екенін білеміз. Осыдан мәртебелі поэзияның өлмегенін, керісінше соны сипатта дамып келе жатқанын аңғаруға болады.

***

Әдебиет – ардың ісі. Осы сөзді естігенде жүрек тұсы бір ерекше сезімге бөленеді. Бір жағынан, классик ақындарымыз Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Жұматай Жақыпбаевтардың аманатын біз қалай арқалап жүрміз деген салмақты сұраққа кезігесің. Ойланасың. Толғанасың. Бастысы – бағдар анық, мақсат – айқын. Бірақ ол да нағыз ақын болу үшін жеткіліксіз нәрсе. Характер! Ақын характерінің негізгі қайнары – сыртқы болмысында емес, өлеңдегі көркемдік пен шеберлігінде. Туындыны жазу бөлек те, одан кейін іштей сынап, осал жерін түзету бір бөлек дүние. Сондықтан ақынның басты әрі алғашқы сыншысы – өзі. Өзінің жоғары білімінен сұрыпталған шығарма – кейін талдауға түскенде кем-кетігі білінбесі анық. Кезінде Шәкәрім Толстойдан: «Өз жазғанымның дұрыс, тері­сін сынау қиын, өз шығармамның қатесін қандай әдіс­пен көріп, сынап, түзеуге болады?» – деп сұраған көрінеді. Сонда Толстой: «Жазу­шының артық қасиеті – өз қатесін көріп, со­ны тү­зей алуы», – деп жауап қайтарған екен.

Сурет ғаламтордан алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар