Семей - Жидебай: жаяу сапар

Бөлісу:

28.08.2019 9588

Жидебайға арнайы жаяу барып, данышпан баба аруағына бас ию дәстүрімізге енсе, рухымыз биіктей түсер еді...

Бұл ой көптен көңілімізде жүрген. Әсіресе, Абай еліне барған сайын, ұлы бабамыздың табаны тиген жерді, мәшинемен желіп өтпей, үнемі болмаса да, бір рет желіне кеудемізді тосып, күніне жүзімізді тотықтырып, мынау кең далаға көңілімізді жусатып жаяу жүрсек-ау деген армандай ой қажай беретін. Тек біз ғана емес, басқалар да солай етер болса, мұның өзі ұлылыққа тағзым ету, Абай әлеміне тереңірек үңілу, үңіле отырып, әркімнің өзіне-өзі есеп беруі, ұлылық алдында арылуы болар еді-ау...

Жар салып, жария етпесек те, ұлы Абай сан рет жүрген жолмен Семейден Жидебайға жаяу бару туралы ойды естігенде, оған талайлардың аңсары ауған. Мынау тапшылық заманда үлкен топ құрудың да мүмкіндігі жоқ, қым-қуыт шаруаның да қолды байлайтыны бар – осы сапар жайында пікір айтып, ой қосқан біраз азаматтар – Зейнолла Серікқалиев, Ақселеу Сейдімбек, Тұрсын Жұртбаев, Бейбіт Сапаралы сияқты елге елеулі жігіттер ере алмағандарына өкініп қала берген.

Сөйтіп ізгі сапарға ұйытқы болған «Егемен Қазақстан» атынан – осы жолдардың авторы, екінші ұйытқы мекеме – «Абай» қорының өкілі, оның директоры Балтабек Ерсәлімұлы, сондай-ақ астанадағы Мұхтар Әуезов мұражайының ғылыми қызметкері, ғылым кандидаты Талатбек Әкімов болып жолға шыққанбыз. Ресми сипат алып, «Егемен Қазақстан» газеті мен «Абай» қоры бірлесіп ұйымдастырған «Ұлылыққа тағзым» жаяу жорығы атанған бұл шарамыз жайлы облыстық әкімшілікті де хабардар еткенді жөн көргенбіз. Облыс әкімі іссапарда болып, біздің тобымызды қабылдаған оның орынбасары Маймұрат Уәлиев мырза бұл шараға үлкен ықылас білдірді. Мұндайда жақсы көңіл, тілектестік те үлкен демеу.

Демеу демекші, осы орайда сапар жайында естісімен, оған оң қабақ танытып, шама-шарқынша қолдау-демеу көрсеткен Жаңасемей ауданының әкімі Біліс Оспанов, осы ауданның «Приречный» жекеменшік кәсіпорнының директоры Мұхит Түймебаев, «Сарыарқа» ет-консерві комбинатының бас директоры Серікбек Бақтажаров мырзаларға алғысымызды сөз аяғында емес, басында-ақ айтқанымыз жөн сияқты.

1. «Ұлылардың жамбасының табы бар...»

1992 жылдан бастап Әнияр Молдабаевтың үйінде «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейі ашылып, халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Семейде кезінде ұлы ақын сан мәрте ат басын тіреген Әнияр Молдабаевтың үйі бар. Қасиетті ғимарат. Ол жайында ұзақ әңгіме айтуға да болады, қысқа қайырсақ, осы үйдің иесі Әнияр Молдабаев ұлы ақынның тәрбиесін көрген, қамқор-лығына бөленген және соған лайықты кісі болған. 1940 жылы ұлы ақынның туғанына 95 жыл толуына орай ақынның әдеби-мемориалдық мұражайы осы үйде ашылды.

Ұлы Абай жүрген жолмен жаяу жүру сапарымызды осы үйден бастағанды жөн көргенбіз.

– Мына бөлмеде Абай, Шәкәрім аталарымыз сан мәрте қона жатып, сыйлы қонақтармен сыр шертіскен. Ұлылардың жамбасының табы бар бұл жерде... – дейді мұражайдың бүгінгі директоры Төкен Ибрагимов мырза.

Бұрын да сан мәрте келіп, көріп жүрген мұражайдың әр мүлкі бүгінде басқаша сыр шерте ме, қалай?.. Әйтеуір көңіл алабұртып, жүрек тынымсыз тыпыршиды. Сол көңіл, сол се-зіммен біз, бізді шығарып салушы зиялы қауым Абай алаңындағы ақын ескерткішіне келгенбіз.

Ақын ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым еткен соң, осындағы өзімізді шығарып салушы бір қауым елмен қош-тасқанбыз да, қала ортасынан «Шыңғыстау, Жидебай, қайдасың!» деп тартып бергенбіз. Осы жерде біздің ізгі ниетіміз-ді бағалаған жұрттың пейіліне де бір ауыз сөз айтпай кете ал-майсың-ау. Біреу ресми түрде сөз сөйлеп, тілегін айтса, екін-шісі жайдары жүзімен көңілін білдіреді. Осы сапарға шуақты тілектерін бізге қосып жіберді. Ал өзімізге дос көңілді азамат Манатбек Тобықбаевтың күншілік жерге бірге жаяу жүріп, шы-ғарып салғанына қайтіп тебіренбейсің!

Кезінде Абай елінен Семейге келгендер алып Ертістен қайықпен өткен. Қазір көпір бар. Біреу емес, екеу. Амалсыздан солай болып отыр. Сол көпірдің біріне арал арқылы жетесің. Ертістің үстіндегі осы аралда да талай сыр жатыр. Онда Абай да, кейінірек Мұхтар да талай болғаны сөзсіз. Ел демалған, сауық-сайран құрған киелі жер. Кезінде оны «Полковник аралы» деп атаса, кеңестік дәуір оған Кировтың атын берген. Ал қазақтың өзі «Түйемойнақ» десе керек. «Абайдың іні-бауырлары Исраил, Әрқам ақсақалдардың бұл аралды «Түйемойнақ» дейтінін көп естідім...» деп сыр шертеді Қарауылда тұратын белгілі жазушы ағамыз Кәмен Оразалин ұлы ақын тойына орай шыққан «Абай ауылына саяхат» деген кітабында.

Міне, сол аралдан өтіп, ерке Ертістің үстіне уақытша салынған понтон көпіріне келіп табан тіредік. Көпір үсті ығы-жығы көлікке толы. Өйткені осыдан 30 жыл бұрын салынған негізгі көпірдің әні-міне істен шығып қалу қаупі бар. Бұл – қауесет емес, шындық. Ұзындығы ат шаптырым осы көпір кезінде кеңес өкіметінің алыптығын айғақтаса, енді сол жүйенің осалдығын, берік болмағандығын дәлелдеп тұрған сыңайы бар.

Көпір үстіндегі ығы-жығы көлік иелері бізге таңырқай қарайды. Е, олар жаяу жүргінші көрмеді деймісің! Негізгі көпір жартылай жабылғаннан бері, тіпті одан арғы жанар-жағармай тапшылығы басталғалы бері жаяу жүргіншілер саны көбейген. Көлік иелері біздің қазақы ақ қалпағымызға таңырқайды да. «Мына қырғыздар қайдан жүр?» деген сөз де естіліп қалған. «Өз киіміміз өзімізге жат болып көрінген заман-ай!» дейсің іштей. Бейне бір келісіп алғандай бәріміз де осы сапарға ақ қалпақ киіп шыққан екенбіз. Бұдан кейін де ақ қалпағымыз жаяу жорығымыздың рәмізіндей кім-кімнің болсын көңілін өзіне аударған.

Сол күні бұған дейін жылына қоймаған ауа райы күрт өзге-ріп, төзімдеріңді сынап бір көрейін дегендей, күн жарықтық ысып берген. Ақ қалпақтарымыздың қасиетін сонда, одан кейінгі ызғырық, өтімді жел мен жауын-шашында да көрдік.

Қала шетіне шығып, бізді Жидебайға жеткізетін қасқа жолға көз салғанымызда, сілтемеден барар жеріміздің 179 шақырым екенін білдік. Оған қала ішінде жүрген 5-6 шақырымды қоссақ, біраз жер. Соған өзімізше алты күнде жетпек ойдамыз. Күніне сол 30 шақырымның айналасы болмақ. Сонда бүгін Балта-Орақтан (қарталарда – Балта-Тарақ) асып жығылуымыз керек.

Жолға шыққанда оған жұрттың мықтап дайындалғаны абзал. Оны бәріміз де білеміз. Сөйтсе де, ескермейтініміз көп. Кейде аяқ киімнің жайсыздығын да сол жол үстінде біліп жатамыз-ау. Алғашқы күннің де ауырлау тиетінін де ескерген жөн екен. Алда біздің сапарымызды қайталар жұрт болар, естерінде жүрсін деген ой ғой бұл.

Бұл сапардың жай жол жүру емес, жөні бөлектеу екені белгілі. Әр қадам басқан сайын көңілінде ұлы Абай тұрады. Сол ұлы адам Семейден шыққан күні сол Балта-Орақта түнемесе де, ат шалдырған шығар. Ал жаяу жүргендерге қаладан 25 шақырым бұл жер түнемелікке қолайлы. Сол шағын ауылдың аты-на байланысты әдемі аңыз да бар. Бәлкім оны данышпан бабамыз да естіген болар. Оны бұл жерде айтып жатуға орын аз. Оқырманды сол Кәмен ағаның жоғарыда аталған кітабына сілтегіміз келеді.

Қаланың абыр-сабырынан кештеу шыққаннан да, мәрелі жерге кеш жеткен соң, алғашқы күнгі жатын орынды ауылдан іздегенді жөн көрдік. Осы жерде көңілде күдік қалмас үшін оқырманға бір жайды айта кеткен жөн. Біздің осы сапарымызда сусын-тамақтарымызды, төсеніш-жамылғыларымызды алып жүретін екі жеңіл мәшинеміз болды. Оны сол Жидебайға жеткізер қасқа жолдан шығып, әртүрлі киелі жерлерге соққанда көлік ретінде міндік те. Бірақ мақсат тұтқан қасқа жолдың бойында бір қадам да көлікті пайдаланғанымыз жоқ. Сол мінген жерге қайта келіп, жаяу жүрісімізді жалғап отырдық.

Алғашқы қоныс қасқа жолдан шамалы сырттау Қаракөл деген ауыл болды. Кешеге дейін Репинка деп аталып келген екен. Уақыт оған да өзінің қазақи атын қайтадан алып беріпті. Сонау Абай заманында бұл ауыл да қоныс орны болған шығар. Ұлы бабамыз ат басын тіреген жері шығар. Бәрін де соған бай-ланыстырғым келеді. Осы жерде әр қонған жеріміздегі ішкен-жегенімізді баяндайын деп отырғанымыз жоқ. Бірақ халқымыздың ұлы дәстүрін қаз-қалпында сақтаған ел барлығын айтпай, қайтіп аттап өтерсің!? Сол Қаракөлде біз қонған үйдегі Әскерхан отағасы мен Тұрар бәйбішенің ыстық ықыласы мынау қысталаң заманның ауыртпалығын басып тастағандай болған. Мол дастарқанға ғана емес, алдымен шын ниет, пейілге риза болдық.

Алғашқы күні біз бұл жерге шаршап, шалдықпай жеттік десек, өтірік болар еді. Десе де, жақсы көңіл, әсерлі әңгімемен Әсекеңнің үйінде түннің бір уағына дейін отырып қалыппыз. Алайда әлгі жақсы көңіл, жақсы әсерлі әңгіме арқасында, ертесі таңертең ерте оянсақ та, сергек тұрғанбыз.

Бүгінгі мақсат – атақты Күшікбай асуынан асып барып қос тігу. Ол үшін кемі 35–36 шақырым жол жүру керек. Ал жол мұраты – жету ғой. Өзара күңкілдесіп-шүңкілдесіп, төрт ақ қалпақ кешегі Балта-Орақта тоқтаған жерімізде жолды қайта бастап, өрге көтеріле бердік...

Сонша болмай, артымыздан екпіндей келген жеңіл мәшине өте беріп, ентіге тоқтады. Қаладан елге қайтып бара жатқан абайлықтар екен. «Кеше жаяу жорыққа аттанып бара жатқан сіздерді жергілікті теледидардан көрсетті. Бірақ онша сене қоймап едік. Енді өз көзімізбен көріп тұрмыз. Сондықтан сапарларыңыз сәтті болсын, әруақ қолдасын» деді өзін аудандық ДОСААФ комитетінің төрағасымын деп таныстырған жігіт ағасы.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Бұған да көңіліміз кәдімгідей марқайып қалған. Іле мәшинесін жасап жатқан орыс ағайын жөн сұрасты. Сірә, мына нарық заманы айтқызып отырған болар: «Осы сапарларыңыз үшін ақша бере ме?» дейді. Жауабымызға қарап, бізді әпенді санады ма, кім білсін, әйтеуір жайдары жүзін көрсетіп, соңымыздан ұзақ қарап, қол бұлғап қала берген.

Бұдан кейін қара жолдың бойында бізбен тілдесіп қалуға ниет білдірушілер көбеймесе, азайған жоқ. Кеше 17-ші шақырымда кезіккен Абай ауданына бет алған Абай мұражайының­ директоры Төкен Ибрагимов біз Күшікбайға же­ тіп, сондағы бұлақ басында кешкі асымызды ішкелі жатқанымызда, қасында Бөрлідегі Әуезов мұражайының шырақшысы Бекен Исабаев ақсақал бар, жетіп келді. Бұл екеуі де әңгімені «Сен тұра тұршы, мен айтайын» дейтін адамдар. Білген соң айтады да енді. «Мына Күшікбай бұлағында саяхатшы-ғалымдар Пржевальский, өзіміздің Шоқан, ұлтымыздың рухани көсемдері Әлихан мен Міржақып, көркем сөздің қас шеберлері Жүсіпбек, Сәкен, Бейімбеттер болыпты. Сондай-ақ Мұқаңның өзін айтпағанда, өзінің үзеңгілес орыс достары Леонов, Соболев, Чаковскийлер де тоқтап, ат шалдырған» дейді Төкен.

Күшікбай батыр асуы

Сонан соң, сөзін айғақтағысы келгендей, олардың қайсы бірі туралы күні кеше жасы тоқсанның ортасына келіп, дүниеден озған шыңғыстаулық қарт ақын Шәкір Әбеновтен естіген әңгімесін ортаға салған.

– Ана бір жылы Қарауылға не бір қасқалар мен жайсаңдармен бірге, қазақ әлі танып, мойындап үлгере алмай жатқан Асқар Сүлейменов келді, – дейді Төкен бұдан кейін одан әрі желпіне, желдірте сөйлеп. – Сонда Асқар: «Қарауыл, Жидебай – қазақтың Меккесі ғой. Бұл жаққа кемеңгер де, кеще де келеді. Өз басым мұнда арылу, тазару үшін келдім», деп еді. Барша қазақ Жидебайға жаяулап, жалпылап барып, тазарып, арылып қайтып жатса, артық па!

Солай деп ой толғаған Төкен енді бір сәт Мұқаңдай, Әуезовтей халық үшін бейнет шеккен ешкім жоқ деп және бір көсіле сөз қозғаған. Мұқаң туралы сөз болып жатқанда оның Бөрлідегі мұражайының шырақшысы Бекенді қайтіп тоқтатарсың! Жайшылықта көп сөйлемейтін жолсерігіміз Тәкең, Талатбек ағамыз да, Мұқаң туралы әңгімеге сөз қыстырып қояды. Мұқаң архиві осы кісінің қолында. Сол архивті көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан бұл кісіні кеше дүниеден озған Ләйла Мұхтарқызы да сыйлап өткен. «Бұл Тәкең папамның архивіндегі дүниеліктерді менің өзіме әрең береді» деп ризашылықпен күледі екен жарықтық.

Сол Мұқаңның алғашқы туындыларының бірі – «Қорғансыздың күні» осы арадан он шақты шақырым жердегі Бөрліде жазылған ғой. Ал сол әңгіменің бас кейіпкері қаршадай Ғазиза қыздың қабірі, әне, ана төбенің астында томпиып жатыр. Осы арадан өткенде сені егіліп кім еске алмайды, ғазиз жанды Ғазиза! Саған қаталдық танытқан тағдырыңа мәңгілік ескерткіш қылып сомдаған Мұқаңның «Қорғансыздың күнін» кім оқымады дейсің!

Бірақ, өкінішке қарай, уақыт озды, заман түзелді дегенмен, қатыгездіктің, ойсыз, санасыздықтың құлы болып жүргендер арамызда әлі де бар екен. Ол туралы айтпасақ та болар еді. Алайда, «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Ендеше, ұлы Абай сынаған кемшілік, мінді несіне жасырамыз, несіне?!.

Сонша не болып қалды дерсіз, қадірлі оқырман. Күшікбай бұлағында отырғанда жақсы көңілдің ашық аспанын кенет бұлт торлады. Екі шырақшыны Семей жаққа аттандырып салып, қас қарайғанша тағы біраз жүріп барып, қос тігуді жоспарлап жатқан шақта, бұлақ басындағы темір шатыр астында жауын-шашыннан қорғалақтап тұрған бізге жасы отыздар шамасындағы жігіт қиралаңдап келіп, қылжақтап сөйлеп, орынсыз бай­ ланысқан. «Қой, шырағымды» құлағына ілмеген ол мұнымен тынбай, кетіп бара жатып, бізге екі-үш мәрте тас та лақтырды. Құдай сақтап оның екеуі шатырға тиіп, біреуі бұрыс кеткен. Сонда бәрінен бұрын жанымызға батқаны – әлгінің мәшине толы бөтелкелестерінің бірде-біреуінің қой деуге жарамағаны.

Уақыттан озып барып айтатын жәйт, үш-төрт күннен кейін Қарауылға жеткенімізде әлгі бұзақының әкесі мен қайнағасы соңымыздан қуа келіп, кешірім сұрады. Кешірімшіл халықпыз ғой – кешірдік. Жидебайға арыла келіп, біреумен соттасып, хаттасып жатқанымыз кімге абырой! Сонан соң тағы да уақыттан асып айтарымыз, бұдан кейін көңіл аспанын бұлт торлаған жоқ.

Алты күндік сапардың үшінші күні Абай елінің, Абай жерінің шетіне келіп табан тірегенбіз.

2. Қасиетті мекендер

Жаяу жорықтың үшінші күні сәске түсте Жаңасемей мен Абай ауданы арасындағы қара өзекті кесіп өтіп, ұлылар мекеніне қадам бастық. Сол жақта оқшау тұрған мына тау – Баршын. Осы өңірді кезінде жаз, күз маусымында Абай ауылы жайлаған.

Тегінде Мұқаң, Мұхтар Әуезовті айтамыз, ұлы эпопеясының біссіміләсін «Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне шәкірт бала барын салды», – деп қара жолдан бастаған ғой. Шәкірт бала демекші, үшінші күні түске дейін біз де барымызды салып, 19 шақырым жерді артқа салып үлгеріппіз. Мақтанған емес, бұл енді айтқанға ғана оңай. Әйтпесе, жол ылғи өрге тартып отырады.

Міне, Мұқаң туған ауыл – Бөрлі осы арадан небәрі 4-ақ шақырым жерде.

Мынау Баршын тауы мен Итжон дөңінің ортасындағы көл жиегінде, әжесі Дінәсілдің киіз үйінде 1897 жылдың қыркүйегінде Мұқаң өмірге келген. Ал Бөрлідегі қазіргі мұражайға айналған үйдің іргесін Мұқаң он алты жасында өзі көтеріпті.

«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, атақты «Еңлік – Кебек», «Бәйбіше-тоқал», жоғарыда сөз еткен «Қорғансыздың күні», олардан сәл кейінірек жазылған «Қаралы сұлу», «Жетім», «Оқыған азамат» әңгімелері осы өңірде, осы үйде туған ғой. Сол ұлы талантты дүниеге әкелген ана рухына тағзым етуді де парыз санайсың.

Бірақ, өкінішке қарай күні кешеге дейін Мұқаңның ата-анасының қайда жерленгені белгісіз болып келгені бар. Сөйтсек, Бөрлідегі қыстақ ауқымы ұлғая келе, Омархан мен Нұржамалдың зираты ауыл іргесінде, ауыл іргесі болғанда, Мұқаңның осындағы мұражайының шырақшысы Бекен ақсақалдың қазіргі отырған үйінің нақ іргесінде қала беріпті. Әйтеуір, аллаға шүкір, біз Бөрліге барған шақта Омархан-Нұржамал мавзолейінің құрылысы бітуге жақындап қалған екен. Мұнда Алматыдағы құрылыс колледжінен 14 оқушы, Бөрліден жергілікті 8 жігіт еңбек етіп жатыр екен. Бұларға Нұрлан Назарбеков деген жас жігіт басшылық жасап жатқан көрінеді. Нұрлан Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесінің құрылысына бір кісідей еңбек сіңіріп жатқан Сайын Назарбековтің ұлы екенін басқалар айтқан.

Маңғыстаулық бұл әулетке әруақ риза, ел риза!

Осындай сөзді Исабаевтар әулетіне де айтсақ, артық болмас. Біз барған шақта іргедегі құрылыста еңбек етіп жатқан Бекеңнің ұлдан үлкені Мағжан қонақтарды сол маңайдағы зираттың басына алып барып, талай-талай сыр шертіп те үлгерді. Мағжан есімді адамның бәрінің бірдей ақын болуы шарт емес шығар. Десе де, отыздың үстіне енді шыққан бұл Мағжанның ел мен жер шежіресіне қанық, құйма-құлақ болып өскені көңіл сүйсінткен. Міне, сол Мағжан бізді Мағауия қыстағының үстімен Әйгерім мен Ділдәнің мазарына бастап алып келді. Тегінде Әйгерім өмірден Ділдәдан бұрын озған ғой. Ал, Ділдә көз жұмардан сәл бұрын: «Мені Әйгерімнің қасына қойыңдар, ел бізді күндес екен деп айтпасын» депті. Тектілік, соңдарында қалған ұрпаққа үлгі-өнеге деген осындай-ақ болар!

Осы арадан Ақылбайдың қыстағы – Тышқан да алыс емес екен. Ақылбайдың мазары қарсы беттегі Аралтөбе бауырында, әруақтарға дұға оқып, құран бағыштаған Тәкеңнің, Талатбек ағамыздың, орнықты да, қоңыр үні жүрек қозғайды.

Алыстан бір ән әуені құлаққа келіп жатқандай...

– Тізесуға соға кетелік. Ол жерде кезінде Біржан сал ән салған ғой, – деген Мағжан үні көңілді бір селт еткізіп, тағы бір басқа әлемге жетелеген. Біржан сал бұл өңірге көктем шыға келіпті. Сыйлы қонақты бұл шақта күйі кеткен қыстаққа түсіруді жөн көрмеген Ақылбай осы Тізесудың басына тездетіп үй тіктіріп, атағы алты алашқа белгілі әншіге мейлінше құрмет көрсетеді. Ол да Абай тәрбиесі, Абай өнегесі.

Мағжан келесі бір сөз кезегінде әңгімені Бөрлі тауымен іргелес Аралтөбе бөктері, ондағы Абай қыстауына аударған. Тегі Абай осында тұрған шақта мейлінше өнімді еңбек етіп, өндірте жазған көрінеді. Ұлы ақын Лермонтов, Крыловпен осы қыстақта жатып табысқан. Әлем ойшылдарының еңбектерімен осы жерде түсініскен. Соның бәріне кезінде куә болған мынау маң дала, маңғаз төбелер бейне ішімдегіні тап дегендей, дәп қазір жым-жырт. Ал Абай әлеміне бойлап, үңілу – тірілердің парызы.

Бөрліден шығып, қасқа жолға қайта түсіп, Қасқабұлақ жаққа тарта жөнелгенімізде, артымыздан ағындап келген екі «Волга» тоқтай-тоқтай қалған. Бұлар Семей мен Торғай облыстық телерадиокомпанияларының төрағалары Мұрат Алин мен Қонысбай Әбілов екен. Мұрат өзінің арқалықтық әріптесі, республикамыздың халық ақыны Қонысбайды Абай елімен таныстырып келе жатыр екен. Жақында Семейде ұлы ақынның 150 жылдығы құрметіне ақындар айтысы өткізілмек. Жеңімпаз үш жұп той күндері Қарауылда айтысатын болады.

Келесі күні біз тағы да бір айтыс өнерінің дүлдүлі керекулік Серік Құсанбаевпен кездесіп, таныстық. Ол да Абай елімен, Абай жерімен танысуға бара жатыр екен.

Кешке қарай Әуезов атындағы кеңшардың орталығы Қасқабұлақтың тұсына келіп, қос тіктік. Қойын дәптерге: «Алты күндік жердің үш күні артта қалды, жолдың тең ортасына келдік», деп жазыппыз.

Осы арада жол үстінде кездесіп, аз да болса, мәнді сұхбаттасқан осы елдің адамы, кезінде ұзақ жыл халық ағарту саласында қызметте болған, қазір Семейде тұратын Мамырхан Тоққарин ақсақалдың әңгімесінен кейбір деректі қиыстыра кетсек артық болмас.

Кеше отбасымен Қарауылға кетіп бара жатып бізге сәлемдескен Мәкең келесі күні бізге арнайы тоқтап, дастарқан жайып, елдің дәмін ұсынған. Бұл кісі дәмін ұсына отырып, аз да болса, саз әңгімесімен құлағымыздың етінің құрышын да қандырған. Мұқаңмен, Әуезовпен құрдас әкесі 6-7 жасында Абайды көріпті. «Есімде қалғаны – Абайдың басы ерекше үлкен көрінді», – деп отырады екен жарықтық. Ал ұлы Абайдың 100 жылдығы тойланған шақта бүгінгі Мамырхан ақсақал, кешегі Мамырхан бала жетінші класта оқыған екен. Сонда тойға арнайы келген Қажымұқан палуанды өзі үлкен таразыға салып өлшепті.

Соны айта келіп, Мәкең Мұқаңның алдынан дәріс алғанын, 1959 жылы үйінде де болғанын сөз етті. Сонда Мұқаң сол шақта жүргізілген санақ қорытындысын қадағалап сұрапты. Мұқаңның сауалына орай бұл аудан халқының сондағы саны 13 мың, жылқы саны 7,5 мың екендігін айтқанда, ұлы жазушының қабағы түсіп кетіпті. Өйткені, ертеректе бұл өңірдің халқының 36 мың, ал жылқы саны 50 мың болғандығын Мұқаң біледі екен. Сонсоң Мұқаң бұдан елде рак ауруына шалдыққандар бар ма? – деп сұрапты. Ол кезде бұл қайдан білсін, «жоқ» дейді ғой баяғы. Ал елге келген соң сұрастырса, ракпен ауырып, шетіней бастағандар көбейіпті. Ал елден жырақта жатқан Мұқаң соның бәрін біліп отырыпты. Иә, Мұқаң бейне бір тамыршыдай бұл елдің өткендегі мен қазіргі қасіретін тап басып, біліп отырған көрінеді...

Сол күні «Қара лотос» клубының президенті Юрий Гурскиймен кездескенімізді де қойын дәптерімізге түртіп қойыппыз. «Тибет ламасы» деген атағы бар бұл азамат бір аптадан соң, 40 адамды бастап, Жидебайға жаяу сапар шекпек. Сол мақсатпен жолды тағы бір зерттеп алайын деп Жидебайға мә­ шинемен барып, қайтып бара жатқан беті екен. Олар да бұл сапарға біз сияқты Әнияр Молдабаевтың үйінен шықпақ.

– Бізден бұрын қимылдап үлгердіңіздер. Жастарыңыз үлкен, етженді екенсіздер, соған қарамай бұл жорыққа шығуларыңыз ерлік, – деп бізге мадақ айтып жатыр.

– Сіздерді олай өтіп, былай өтіп, үш күн қатарынан көріп келем, – дейді қасымызға келіп тоқтаған КамАЗ-дың жүргізушісі, славян тектес және бір азамат.

– Айып етпесеңіздер, не қылған жансыздар?

Оған да жөнімізді айттық. Көп болса, Абай есімін ақын ретінде ғана білетін әлгі азамат енді біздің сол ойшылдың ұлылығына өзімізше тағзым етіп бара жатқанымызды білген соң, енді басқаша қарайтындай көрінген. Өз данаңды алдымен өзің бағалай білсең ғана басқалар да бағалайды. Соны жадымыздан бір сәт шығармасақ жөн-ау...

Осы әсермен осы күні кешке Ақшоқыға келіп жеткенбіз. Ақшоқыдағы зиратта Құнекең, Құнанбай қажы, Ысқақ, Тәңірбердісімен, немересі Мағауия, Әбдірахман, оның келіншегі Мағрипа, Құтайба, Смағұлмен, тұстасы, сыйласы Әуезбен қатар жатыр. 1909 жылы Петербургте Абай өлеңдерінің жинағын бірінші болып бастырып шығарған Ысқақ баласы Кәкітайдың зираты да іргесінде. Жандарың жәннатта болсын деп дұға оқып, бет сипаған соң, тағы да ойға шомғанбыз.

Осы Ақшоқыда Пушкиннің Татьянасы қазақша сөйлеген, неміс Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» атты өлеңі қазақшаға аударылған. Басқаны айтпағанда, Абай шығармалары Кәкітай арқылы дүниенің бір қиырындағы Петербургке осы арадан жеткізілген, ол қашан кітап болып басылғанша, Ақшоқы – Петербург арасында қатынас үзілмеген.

Міне, осы Ақшоқыда әулиелердің басына бір түнеуді өзімізге парыз санағанбыз. Кезінде қажының өзі қаздырған құдықтан су ішкенімізді айтпай қалай тұра аламыз?!

Ертесінде жол серігіміз Балтекең, «Абай» қорының директоры Балтабек Ерсәлімұлы бізге бір өтініш айтып, Ысқақтың Кәкітайдан басқа бір баласы Ахметбектің қыстауына соға кетуімізді өтінген. Балтабектің шешесі Қапиза анамыз, – осы Ах­ метбектің қызы. Демек, Балтекең – Құнанбай қажыға шөбере жиен.

1937 жылдың аласапыранында репрессияға ұшыраған Ахметбектің сүйегі қайда қалғаны белгісіз. Ең болмағанда, қыстауының орнына бір белгі орнатайық деп осы Балтекең, бөлесі Өзіханмен әрекет жасап, іс тындырыпты. Бұл да азаматтық. Азаматтық демекші, Балтекеңнің «Абай» журналының жаң­ ғырып қайта шығуына, «Абайдың ақын шәкірттері» деген үш томдық кітапты астанадан бастырып шығаруға бірден-бір ұйытқы болғанын қалайша айтпассың! Жақсыны кіл алыстан іздегенше, жанымыздағылардың жақсылық, азаматтығына үңіле білсек те жөн-ау.

Ақшоқыдан оралып, жаяу жорығымызды қайта жалғастырғанымызда, көңіл тербеп, жүрек қозғаған сәттер көп болды.

Соңымыздан қуып жеткен «Волгалар» қатарласа келіп тоқтады.

Абай мұражайының директоры Төкен Ибрагимов пен Семей қаласы әкімінің орынбасары Бекен Теміров бастаған сыйлы қонақтарды жазбай танып тұрмыз. Анау шашы ақ бурыл тартқан адам Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Рахманқұл Бердібаев ағамыз болса, ол кісімен бір көлікте келе жатқан осы академияның Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына жақында ғана сайланған директоры, ғылым докторы Шәкір Ыбыраев екен. Үшінші азамат, ол да ғылым докторы, Ғарифолла Есімов есімін семейліктер жақсы біледі. Өйткені, Ғарифолла Семейде оқып, өсіп жеткен азамат. Бұл кісілер республика Министрлер кабинетінің тапсырмасымен той дайындығына байланысты Қарауылға сапар шегіп барады екен.

– Парсыда «пешкадам» деген сөз бар,– деді Рахаң.

– Ол озық жүру, алда болу деген мағынаны білдіреді. Сондықтан сіздер осы жаяу жорықтарыңызбен көп адамдардан оздыңыздар. Бұл әйтеуір біреу бастауы керек шаруа болатын. Соны сіздер бастадыңыздар, сондықтан сіздерге рақмет!

– Жапондар Фудзияма тауын кие тұтады. Біздің әулиеміз – Абай, киелі мекеніміз – Жидебай. Қазақ енді бұдан кейін де «Ештен кеш жақсы» деп, Жидебайға жаяу барып, тағзым етіп жатса, арман қайсы!

Бұл – қос ғылым докторының бірін-бірі қостап айтқан сөзі. «Жақсы сөзге жан семіреді» деген, тың бір күш келгендей сезініп қалдық.

Ертесінде, яғни, алтыншы күннің түсінде, осы көңілмен Жидебайға барып жеткенбіз. Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесі басында бізді осында еңбек етіп жатқан құрылысшылар, Жидебайдағы ақын мұражайының директоры Қизат Күзембаев ақсақал бәйбішесі Назиқа, немересі Әйгеріммен бірге қарсы алып, шашу шашты.

3. Той ортақ, көңіл ортақ

Сөйтіп, алтыншы күні сәске түсте Жидебайға келіп жеттік. Біріміздің жүрегіміздің ептеп сыр бергені, екіншіміздің табанының қажалғаны сонда ғана белгілі болды, сонда ғана айтылды. Әзірге оны елеп жатқан біз жоқ. Жидебайдағы шашу шашып, қарсы алу көңілді қозғап, көзге жас үйірілткен. Тегінде Абай елі ежелден-ақ қонақ күтіп шығарып салуға әбден төселіп алған. Ал сол қонағыңыз дүбірлі той жақындаған сайын тіптен де көбейе түскендей. Оған қабақ шытып жатқан ақын елі жоқ. Өйткені, бұл құрмет, қонақтармен бірге ұлы Абайына да арналған.

Сонау бір жылдары, Семей полигоны Абай елімен қоңсылас болып жайғасып жатқан шақта, жоғары жақ мұндағы дүйім елді басқа жаққа көшіру туралы шешім қабылдаған. Онымен қоймай, ұлы ақынды облыс орталығы Семейге апарып жерлеу туралы мәселе қозғалған. Сонда мұндағы «қалың ел қазақтың» ұлардай шулап, қамыққанын, қамыға отырып, қажыр-қайрат, қайсарлық танытқанын осы Қарауылда тұратын жазушы Кәмен ағамыз өзінің «Абай еліне саяхат» кітабында жыр ғып шерткен.

Басқа да көз көргендердің сөзіне қарағанда, ақынның басы төрт рет көтерілген. Мұны әр кезеңнің әр ұрпағының ақынға көрсеткен құрметі деп ұғынған ләзім шығар. Соның соңғысы, яғни гранит таспен қаланып, темір шынжырмен қоршалған ескерткіш мәңгілікке қалады деп келгеніміз де рас. Белгісіз жа­ уынгерлердің біріне орнатылғандай сол ескерткіштің келеңсіздігін заман өзгергенде ғана барып түсіндік қой.

Міне, Жидебайдағы жаңа кесене басында тұрмыз. Абай ескерткішінің сыртқы жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Шәкәрім ескерткішінің сыртқы жұмысы дәл біз келген күні аяқталыпты. Құрылысшылар мұнан кейін екі кесененің ішкі жұмыстарына кіріспек. Мұнда да Алматы құрылыс колледжінің­ оқушыларымен кездестік. Бұл оқу орнының оқытушысы Нағашыбай Разаков колледжде оқитын он төрт оқушының мұнда наурыз айынан бері еңбек етіп жатқанын, бұл сол жастар үшін өмірлік мақтаныш екенін жеткізгенше асығып баяндап жатыр. Енді бірер күнде бұл жақта Абай – Шәкәрім кесенесінің авторы, астаналық белгілі сәулетші Бек Ибраев келмек. Бас сәулетші «жә» десе, енді аз күнде бұл жұмыстың да бір ыңғайлы болатын түрі бар. Сонда көкпен таласқан күмбездер бүкіл әлем жұртшылығын өзіне шақырып тұратын болады.

Өткенде бір келгенімізде осы Жидебайдағы мұражайдың ішкі жөндеу жұмыстары сол қалпы қозғалыссыз жатқанын оның директоры Ғизат ақсақал қынжыла мәлімдеп еді. Енді сол ішкі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, іс қолға алынған соң, Ғизекеңнің көңілі сабасына түскен сыңайлы.

Абай өз өмірінің соңғы 10-12 жылын осында, Жидебайда өткізген. Үйді қайтадан жөндетуден өткізуге Абайдың өзі көңіл аударып, оның едені мен төбесіне дейін тақтайлатқан екен. «Семреставрация» ғылыми-жөндеу шеберханасының шеберлері, міне сол заманның тыныс-тіршілігін бұзып алмауға тырысып бағуда.

Бұл мұражайға күрделі жөндеу ұлы ақынның туғанына 125 жыл толуына орай осыдан 25 жыл бұрын жүргізілген еді. Содан бері ешқандай жөндеу жүргізілмей, мұражайдың күтімсіздікке ұшырағаны да шындық. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» демекші, заман қыспағы Абай атаның Жидебайдағы мұражайына да оңай тиіп отырған жоқ.

Біз Ғизекеңдікінде түстеніп жатқан шақта мұражайға автобус толы қонақ сау етіп жетіп келген. Оларды қарсы алған Ғизекең шамалы уақыттан соң, қуана сөйлеп кіріп келе жатты. Сөйтсек, көршілес Шар ауданындағы Белтерек деген жерден көршілес Абыралы ауданына қыз ұзата барған құда-құдағилар Жидебайға арнайы ат басын бұрыпты. Ғизекең үшін бұл да үлкен қуаныш екені сезіліп тұр. Қазақтың рухани Меккесі атана бастаған Жидебайға келушілер легі, мейлі ол жаяу, мейлі аттылы, мейлі иномарка мінсін, толастамағаны ләзім.

– Бірақ мұражайға келушілерді кітабымызға тіркеп алған соң оларға кәдесый ретінде ұсынатын буклет кітап, тіпті значок та жоқ, – деп қынжылады шырақшы.

Бұл да біздің көп нәрсеге мән бермейтіндігімізге бір ғана мысал.

Сол күні кешкісін ат басын Қарауылға бұрып, осында тұратын белгілі Балтақайдың көзі – Манатай Толғанбаевтың үйіне келіп түстік. Мәкең бізді жайдары жүзбен қарсы алды. Бұл кісінің әкесі Балтақай – Мұқаңның, Мұхтар Әуезовтің Шыңғыстау, Абай еліндегі бірден бір қимас, сыйлас досы болған адам. Манатайдың өзі де жыл жарымдай уақыт Мұқаңның үйінде тұрып оқығаны және бар. Сондықтан болар, оның да Мұқаң туралы айтары көп.

Манатайдың байыпты да байсалды әңгімесіне құлақ түре отырып, залда кітап сөресіне қойылған Абай, Мұхтар мүсініне, қабырғадағы Балтақай ақсақалдың, нақ төрге ілінген дөңгелек жүзді әдеміше келген шоқша сақалды қарттың суретіне еріксіз көз жүгіртеміз. Бір көзі қысыңқы бұл қартыңыз Абайға ұқсай ма, қалай?..

Біздің көңілдегі осы сұрақты айтқызбай білген Манатай, ешкімге сұрақ қойғызбай-ақ, сурет тарихын баяндап кетті.

– Құнанбай қажының суреті ғой, – дейді ол өзінің сөзіне есеп бере алатын адамша сенімді сөйлеп.

– Осындағы бес-алты үй Ырғызбайға Шәкәрім қажының бел баласы Ахат ақсақал өз қолымен сыйлады. Құнекең бұл суретке Омбыға барғанда түскен секілді.

Манатай солай дейді. Енді бұған Құнанбай қажының өмір тарихын зерттеп жүргендер көңіл аударуы қажет-ақ.

Оң қабақ, әсерлі әңгімеге риза болып, жап-жақсы тынығып қалған, біз ертесіне аудандық әкімшілікке бардық. Аудан әкімі Өнер Смағұлов қалаға кетіпті. Оның орынбасары Төлеген Жаңғалиев әдеттегісіндей құшақ жая қарсы алды. Тегінде әкімшілік аппаратында, оның үстіне ақын атымен аталатын аудандық әкімшілікте ақынның қызмет еткені жарасып-ақ тұрады.

– Алдыңғы күні бұршақ жауғанда, сіздер қайда болдыңыздар­? А, жолда бұршақ жаумады дейсіздер ме? Онда сіздерді Абай атамның әруағы қолдаған екен. Болмаса мұнда жауған жас баланың жұдырығындай бұршақ әйнектерімізді сындырып, ағаштарымызға дейін бүлдіріп кетті, – дейді Төкең.

Осылайша амандық-саулық, жөн сұрасқан соң, Төлеген тойға дайындық барысы туралы қысқаша мәлімдеген.

Той күндері Қарауылтөбе етегінде 700-ге жуық киіз үй тігілмек, 24 қанатты Президент резиденциясы тойдың төріне жайғасады. Темір қанатты бұл үйге 250 адам сыяды екен. Президент резиденциясынан бергі бірінші қатарда Абай ауданы тігетін 85 киіз үй бой түземек. Оның төрінде Абай үйін ортаға алған Ырғызбай ауылы орналаспақ. Одан бері Әнет баба, Мамай, Тоқтамыс батырлар, Мұхтар, Көкбай, Шәкір ауылы жайғаспақ. Әр ауылдың ұлы Абайға қатысы айшықты суреттермен кестеленетін болады. Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындайтын мың адамдық хор, аламан бәйге, түрлі ұлттық спорт ойындары, сондай-ақ арқалы ақындар айтысының финалы той сәнін келтірмек. Абай ауданының көне дүниелер көрмесі шетелдік қонақтардың назарын өздеріне аударады деген үміт зор.

Соның бәрін сыдырта, желпіне сөйлеген Төлеген енді бір сәт бізден рұқсат сұрап, шығып кеткен. Іле қайта оралған ол: «Сіздермен ауданның мекеме басшылары, интеллигенция өкілдері кездескілері келеді» деген тілек білдірді.

Түс ауа өткен бұл кездесуді қысқаша сөз сөйлеп ашқан аудан әкімінің бірінші орынбасары Байбота Орынбаев мырза да, Төлеген мен кешегі Манатай да, аудандық жекешелендіру комитетінің төрағасы Әлімқұл Исақов та бізден көңіл марқайтатын ыстық ықыласқа толы сөздерін аямаған.

– Баяғыда Мұқаң қайтыс болғанда, – деген бұлардың соңын ала сөйлеген Әлекең, – Кәнекең, Қаныш Сәтбаев, Баукеңді – Бауыржан Момышұлын қасына ертіп, астананың бір шетіндегі зиратқа дейін жаяу барыпты. Мұны олар Мұқаң аруағына өздерінше тағзым деп біліпті. Міне, сіз бен бізге үлгі-өнеге. Сол үлгі-өнегені сіздер қайталадыңыздар. Бұл баршамызға сабақ болатын өнеге.

Бұдан соң аудан әкімінің өкімімен жаяу жорыққа қатысушыларға «Абай елінің құрметті азаматы» деген атағы берілгені жайлы шешім оқылды. Мұны біз осы жаяу жорыққа ұйытқы болған қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Егемен Қазақстан» газетіне, «Абай» қорына көрсетілген құрмет ретінде қабылдадық.

Иә, ұлы бабамыз жүрген жолмен, оның табаны тиген жермен алғашқы жаяу жүру сапары аяқталды. Бұл әсте де спорттық шара емес. Спортшылар үшін бұл қиын да соқпас еді. Әңгіме басқада – бұл ұлы данышпан бабымызға тағзым ету, оның алдына келіп арылу, рухына жүгіну.

Өзімізден басталған істің мәнін қазбалап айту біртүрлі әдеттен озғандай да көрінеді. Сөйтсе де ұлы бабамыздың рухына, әруағына тағзым етудің бұл да бір жолы екенін жанымызбен де, тәнімізбен де түйсінгендейміз. Ұлттық рухымыздың қайнар көзі – Абай әлеміне бойлап үңілудің бұл жолын басқалар да қаласа екен деген ой сол жаяу сапар кезінде үнемі жадымызда жүрді. Әсіресе, жастарымызға мұндай сапардың берері көп болар еді-ау дейсің.

Осы бір пікірді айта отырып, жеңіл де еместігін еске сала кетпекпіз. Сірә, мұндай рухани сапарға шыққысы келетіндер көбейіп жатса, оны туристік мекемелердің қолға алғаны да жөн шығар. Тек ұлылыққа тағзым етуді жай жеңіл-желпі көңіл көтерумен шатастырмаған жөн.

Ұлылыққа тағзым ету, азаматтығымызға өлшем болып жатса, кәні!

Алматы – Семей – Жидебай – Қарауыл – Семей – Алматы.

Суреттер ғаламтордан алынды

Автор туралы:

Қазақ баспасөзінің ардагері сапында жүрген Мамадияр Жақыптың бұл сапарды «Жүрген жолда қалған із» деп атауында мән бар. Осы сапардан Қазақстан журналистер одағы сыйлығының бес мәрте иегерінің, Қазақстан құрметті журналисінің жарты ғасырдан аса уақытты қамтитын шығармашылық жолының да, азаматтық жолының да сипатын аңғарғандай боласың. Ол өз елімізді көлікпен де, жаяулап та көп араласа, біраз шет елдерге де сапар шеккен. Сол сапарлардан тұшымды із қалдырған журналист. Бүгінгі 80-нен асқан ғұмырында өмірдің тұщысын да, ащысын да татқан азамат. Өзінің сапарлары жайлы қаламгердің осы жинаққа кірген дүниелеріне алтын арқау қызметін атқарады. Заманның әр кезеңінде жазылған дүниелеріне автор кітапқа кіргізер кезде түзетулер енгізуді жөн көрмеген. Ондағы ой – оқырман сол кездегі уақыт табын сезінсін дейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар