Ахмет Байтұрсынұлы аудармаларындағы жаңа қолданыстар
Бөлісу:
«Қырық мысал» негізінде
Ахаң туралы: «Сан салалы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы туған тілдің, туған мәдениеттің басында тұрды. Туған тілдің әдеби нормасын жасады. Бірде-бір бөгде тілдің сөзін қоспай, бірде-бір цитата келтірмей, таза, мөлдір тілмен өзі тапқан қисынды баламалармен «Әдебиет танытқышты» жазып шықты» деп, Ахаң туған топырақта дүниеге келген қазақтың көрнекті ақыны Сырбай Мәуленов жазғанындай, оның қаламынан туындаған шығармаларының қай-қайсынан да хас зергердің қолынан шыққан әсем бұйымдай мінсіз, қисынды баламалар молынан табылады. Тіл, әдебиет зерттеушілері Ахаң жасаған атауларды сала-салаға жіктеп, ол жөнінде айтып та, жазып та жүр. Оның сөз тудыру шеберлігі мен қазақтың сөзжасам, терминжасам саласының дамуына қосқан үлесі, тәжірибесі туралы арнаулы зерттеу еңбектері де жазылды. Соған қарамастан, Ахаңның шығармашылығына үңілген сайын оның қаламынан туындаған өз заманының жаңа атаулары мен қолданыстары әлі табыла береді.
Осының өзі біздің тіл мамандарының, А.Байтұрсынұлының шығармашылығын зерттеуші ахметтанушылардың алдында әлі де ғалым мұрасын жан-жақты әрі терең зерделей түсу міндеті тұрғанын аңғартады.
Ұлт ұстазының соңына қалдырған мұраларының елеулі бөлігі – оның көркем аудармалары. Осы аудармаларында да кестелі сөз өрнегі, Ахаңа ғана тән айшықты қолданыстар мен ұлт ұғымына сай жасалған ұтымды баламалар бар. Тіл ғұламасының, сөз жасау шеберінің қаламынан жаралған ондай қолданыстарды, ол түрлеген әр сөзді елеусіз қалдыруға болмайды.
Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы аударған И.А.Крыловтың мысал өлеңдерінің бір тобы «Қырық мысал» деген атпен жеке кітап болып жариялануы алаш жұртының рухани өміріне серпіліс берген елеулі оқиға болғаны көпшілікке аян. Көркемдік деңгейі жоғары, тағылымдық мәні зор, ХХ ғасыр басындағы әдебиетімізден жеткен шоқтығы биік мұраларымыздың бірі «Қырық мысал» көп жыл қапаста жатқаннан кейін халқына қайта оралып, құнын жоймаған қалпында бүгінгі қазақ қауымының да рухани қажетін өтеп жатыр. Біз төменде осы «Қырық мысалдағы» Ахаң туындатқан сол кезеңнің жаңа сөздері мен аударма авторының айрықша қолданыстары жөнінде сөз қозғамақпыз. Ал ол аударған А.С.Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармалары мен И.И.Хемницердің «Атпен есек», орыс ақыны С.Я.Надсон өлеңдері келесі әңгіменің арқауы. Сондай-ақ ғалымның Т.Шонанұлымен бірлесіп жазған «Оқу құралында» (1927) да авторлары көрсетілмеген бірқатар аудармалар бар. Олардың арасында да «Оқу құралының» авторларына тиесілі аударма мәтіндер болуы мүмкін. Бұл да анықтауды, арнайы зерттеуді қажет ететін мәселенің бірі.
«Қырық мысалға» келер болсақ, Ахаң тәржімелеу барысында өз тарапынан орыс мысалшысының өлеңіндегі бірқатар сөздердің баламасы ретінде жаңа атаулар жасаған.
А.Байтұрсынұлы осы әйгілі «Қырық мысалында» И.А.Крыловтан аударған «Пустынник и медведь» мысалының атауын «Кісі мен аю» деп аударады да, өлең мәтінінде «пустынник» сөзінің қазақшасын «жеке-тақ» деп алады. Мысалдарға жүгінелік:
«Жеке-тақ жапан түзді қылды тұрақ»
«Жеке-тақ қапаланды жалғызсырап»
«Жеке-тақ әңгімеге жоқ кісі еді»
«Сонда оған аю айтты: «Жеке-тақ жан!
Айтайын мен бір ақыл, құлағың сал!»
«Жеке-тақ жолдасының тілін алды».
«Қорылдап ұйықтап кеткен жеке-тақтың»
«Ұрған тас дәлдеп тиді Жеке-таққа».
(Байтұрсынұлы Ахмет. Алты томдық шығармалар жинағы. Т.І. – Алматы: «Ел-шежіре», 2013. 56-57 беттерде.).
Берілген мысалдарда көрсетілгендей, Ахаңның «жеке-тақ» сөзін аударма мәтінінде алты рет қолдануы – оның бұл сөзді «пустынниктің» баламасы ретінде мақсатты түрде жасағаны еш күмән туғызбайды. «Діни наным-сенімдеріне байланысты адамдармен, айналасымен қарым-қатынастан бас тартып, адам аяғы жетпейтін шөл далаға кетіп оқшау өмір сүретін адам» деген ұғымды білдіретін «отшельникпен» мағыналас «пустынник» сөзінінің орнына Ахаң «жеке-тақ» деген жаңа сөз ұсынған.
Түпнұсқадағы сөз мағынасын негізге алып қарасақ, бұл сөзді жасаудағы Ахаң ойының қисынын пайымдауға болатын сияқты. Оның «жеке-тақ» сөзін «өз билігі өзінде, ешкімге бағынбайтын, өзін жеке тақтың иесі сезінетін адам» деген мағынаны тірек етіп ала отырып туындатқаны байқалады. Парсы тілінен енген «тақ» (тахт تخت) сөзі – «патшалардың отыратын орны», «билік», «арқасы мен екі жақтауы бар әсем безендірілген үлкен орындық» деген мағынынада қолданылады.
Егер ол орыс тіліндегі сөздің тұлғасы мен сол «пустынник» атауынан туындайтын мағынаға сүйенгенде қазақ тіліндегі баламаны «шөл» сөзінен өрбіткен болар еді. Алайда оған бармаған. «Кісі мен аю» мысалында ол «пустынник» атауының негізгі әрі жалпы мағынасына табан тіреген сияқты. Орыс тіліндегі сөз бен оның қазақша жасалған баламасын байланыстырып тұрған ортақ сема – оқшаулану. Ахаң орыс сөзінің мағынасындағы «жеке кету, бөлектену» деген ұғымның негізгі белгілерін дөп басып ұстай білген. Ал айырмашылығы – орыс сөзінің мағынасында «елден безу, жұрттан жырақтану» ұғымы басты орында тұрса, қазақта ол жоқ. Ахаңда «жеке билік құрушы, дербестікке қол жеткізуші» деген ұғым алға шығып тұр. «Тақ» қазақ ұғымында ең жоғарғы билік иесінің тұрағы, лауазымының, билігінің нышаны. Сондықтан Ахаң «жеке өзіне ғана билік жүргізетін адам» деген мағынаны сөзіне өзек етіп алған. Оның кез келген мәселенің беткі жағына, сыртына ғана мән беріп қоймай, әріден ойлайтын, ненің де болса астарына, түпкі жағына мән беретін терең ойлы тұлға екенін осыдан да аңғаруға болады.
Сондай-ақ «жеке-тақ» сөзін мағыналас екі сөздің арасына дефис қою арқылы жасалған қос сөз деп қарауға да негіз жоқ деуге болмайды. Парсы тілінен енген «дербес, өз алдына, бөлек» деген мағынаны білдіретін «жеке» (иеке هكي) – дара, жалғыз) мен (тақ طاق) – «жұп емес», «жалғыз, біреу» деген мағынада қолданылатын «тақ» сөздерінің мағыналары өте жақын, мағыналас сөздер. Мағыналары бір-біріне өте жақын екі сөзді қосақтап, қос сөз тұлғасындағы атау жасау тіл заңына жат нәрсе емес. Алайда екі сын есімді қосақтап, тіркестіріп зат есім тудыру тілде байқала бермейді. Мәселен, екі сын есімнің қосақталуы арқылы туындаған «жеке-тақ» атауына тұлға жағынан да құрамындағы сөздердің мағыналары жағынан да өте ұқсас «жеке-дара» қос сөзінің заттану процесі, зат есімге айналу құбылысы аңғарылмайды. Осындай себептерді негізге алсақ, алғашқы жорамалымыз қисындырақ деген ойға келеміз.
«Бұлбұл мен есек» («Осёл и соловей») мысалының аудармасында мынандай жолдар бар:
«Мақтаулы бар ғой әнпаз әрбір тұста»
Солардың баршасы да әдемі әнге
«Тауықтың айғырындай емес ұста»
(Байтұрсынұлы Ахмет. Алты томдық шығармалар жинағы. Т.І. – Алматы: «Ел-шежіре», 2013. 34-б.).
Осы өлең жолдарында Ахаң «певец» сөзінің баламасы ретінде «әншіні» емес, Абай өлеңдерінде қолданылған «әсемпаз», «өнерпаз» сөздерінің үлгісімен «-паз» кірме жұрнағын жалғау арқылы жасалған «әнпаз» сөзін қолданады. Бұл сөзді Ахаң жасады деп кесіп айту қиындау. Алайда оған дейінгі авторлардан, ХІХ ғасырдың екінші жартысында жарық көрген әдебиеттерден «әнпаз» сөзін кездестірмедік. 1913 жылы жазылған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Өлең һәм айтушылар» атты мақаласында «Маған салса, майы тамып тұрсын, әнсіз құр өлеңмен жақсылық сездіргенің сол, жұртты өздеріңнен бездіріп аласың. Соның үшін бізден басқа бақытты, талайлы жұрттардың әнпаздары өнегелі өлең, үлгілі тақпақтарды жаттап алады» және «Өлең айтушы әнпаз адамдарды жұртқа есерсоқ деп көрсетпей, есті деп қадірлі етіп көрсетуге тырысу керек» деген сөйлемдерінде «әнпаз» сөзі екі рет қолданылған. (С.Торайғыров. 2 томдық толық шығармалар жинағы. 2-т. – Алматы: «Ғылым», 1993). Міржақып Дулатов та «Адам баласы да солай. Жұрттың бәрi шешен, әнпаз, ақын, данышпан болып туа бермейдi» деп, 1914 жылы жазған. 1911-1915 жылдары жарық көрген «Айқап» журналы мен басқа басылымдарда «әнпаз» сөзі қолданылады. Ал Ахаңның «Қырық мысалы» 1909 жылы осылардың бәрінен бұрын жарық көрген. Бізге белгілі деректер бойынша сөз қолданысына хронологиялық тұрғыдан қарағанда Ахаң бәрінің алдында тұр. Сол себепті оның бұл сөздің авторы болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.
Тілімізде «шегірткенің айғырындай», «суырдың айғырындай» деген қолданыстардың бар екені белгілі. Ал И.Крыловтың осы мысалындағы «петух» сөзінің орнына Ахаң «тауықтың айғыры» деген жаңа тіркес қолданады. Әтешті «тауықтың айғырындай» дегенді Ахаңнан өзгеден кездестірмедік. Ол «петухты» дәл аударып «әтеш» дей салмай, түпнұсқадағы «А жаль, что незнаком Ты с нашим петухом» деген жолдарды қазақ оқырманына одан да әсерлі, мысқылға, иронияға толы етіп жеткізген.
«Маймыл мен көзілдірік» («Мартышка и очки») мысалында «Ашу мен жарымдықтан пайда бар ма?» деу арқылы ол «невежда» сөзін «білімсіздік», «надандық» демей, оған балама ретінде «жарымдық» сөзін қолданады. (Байтұрсынұлы Ахмет. Алты томдық шығармалар жинағы. Т.І. – Алматы: «Ел-шежіре», 2013. 46-б.).
Тіліміздегі «надандық» сөзі «білімсіздік, қараңғылық» деген мағынаны білдірсе, тіл білімпазы қолданған «жарымдық» сөзінің семантикасында «кемтарлық, ғаріптік, мүгедектік, жарымжандылық, жарыместік» деген мағына жатыр. Ұлы ағартушы-ақын қазаққа білімсіздіктің, қараңғылықтың қаншалықты ауыр кесел екендігін барынша ұғындыра түсу үшін бұл сөзді мақсатты қолданғаны көрініп тұр. Ол орыс мысалшысының өлеңіндегі маймылдың надандығын, қараңғылығын қазаққа кемтар, ештеңеге жарамсыз, масыл бейнесінде жеткізеді. С.Торайғыров қараңғылықпен «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» деп күрессе, ағартушы-ұстаз Ахаң халқына білімсіздіктің нағыз кемтарлық екенін мықтап ұғындырғысы келеді. Өз қаламынан туған шығармасы, аудармасы арқылы мәселені бұлай қоюы, елді білім алуға үндеуі – ұлы ағартушының өмірлік мақсатына, азаматтық ұстанымына, ұлт ұстазының міндетіне толық сәйкес келеді.
Ахаң «Қасқыр мен мысық» («Волк и кот») мысалындағы Степан, Васька, Демьян, Клим, Трофим сынды кісі есімдерін сол қалпында алмай, олардың орнын Қоянкөз, Құрамыс, Көпберген, Қисық-бас есімдерімен алмастырады. Мысалды қазақ топырағына бейімдеп, қазақ ұғымына сәйкестендіреді.
Сөз болып отырған мысалда «Зарардан басқа нәрсе істедің бе?» және «Зараргер жұртқа тегіс болып әбден» деген жолдар бар. (Байтұрсынұлы Ахмет. Алты томдық шығармалар жинағы. Т.І. – Алматы: «Ел-шежіре», 2013. 66- бетте).
Ахаң «зиян келтірдің» демей, «зарар» сөзін қолданумен қатар, «зараргер» деген жаңа сөз жасайды. «Зараргер» сөзін ол «вредитель» сөзінің баламасы ретінде ұсынады. Аударма мысалда бұл сөз қазіргі кезеңде жиі қолданылатын «зиянкес» мағынасында жұмсалады.
Осы мысалды түйіндейтін «И правы, – сам себя вини: Что ты посеял – то и жни» деген жолдарды «Не ексең, соны орасың» деген сөз бар, Ор енді егініңді, піскенінде!» деп өте дәл де, ұтымды аударады.
Ағартушы-ақын И.Крыловтың «Лиса и крестьянин» атты мысал өлеңін «Түлкі мен қарашекпен», «Крестьянин и овца» мысалын «Қарашекпен мен қой» деп аударады. Алдыңғы өлеңде «Жолығып, айтты бір күн Қарашекпен», «Сөйлейді сонда тұрып Қарашекпен» десе, кейінгі өлең мәтінінде де «Шақырды Қарашекпен қойды сотқа» түрінде «крестьянин» сөзі «қарашекпен» түрінде алынады. Қазақ орыс крестьяниндерін «қарашекпен» деп атағаны белгілі. «Қарашекпен» сөзі ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиеттерде де кездеседі. Бұл сөзді Абай да қолданған. Оның 1898 жылы И.Крыловтан аударған мысал өлеңі «Қазаға ұрынған қарашекпен» (Крестьянин в беде) деп аталатыны белгілі. Бұл деректер «қарашекпен» сөзінің қазақтың жазба тіліне де еркін енгенін, ХХ ғасыр басындағы алаш оқығандары да оны жатсынбай қолданғанын Ахаң шығармашылығы да айғақтап тұр.
Осы өлеңнің мына төмендегі бір ғана шумағында бірнеше жаңа атау кездеседі:
«Түлкі екен судьясы теңшіл деген,
Атақтан сау емес ед жемшіл деген.
Бір күні талапкер мен жауапкерге
Шақыру қағаз шықты «келсін» деген» [74-б.].
Түпнұсқаға өз тарапынан қосып, еркін аударылған бұл шумақтағы «теңшіл» сөзін ол орыс тіліндегі «беспристрастный», ал «жемшілді» «взяточник» сөзінің баламасы ретінде қолданғаны байқалады. Соңғысының орнына қазір «жемқор», «парақор» сөздері жиі қолданылатыны мәлім. Ал алдыңғы «теңшіл» сөзін «екі жаққа да тең қарайтын, теңдікті сүйетін, ешкімді бөліп-жармайтын әділ» мағынасында жұмсаған.
«Запрос ответчику, запрос истцу» деген жолдардың осы мысал өлеңде «Бір күні талапкер мен жауапкерге» деп аударылуы бүгінгі күнге дейін заң, құқықтану терминологиясында қолданылып жүрген терминдердің қайдан бастау алып жатқанын, оларды кім жасап, алғаш қолданысқа қалай түскенін көрсететін жарқын мысал. «Талапкер» сөзі осы мысал өлеңнің «Талапкер Мұжық айтты:», «Терісімен талапкерді риза етіп, Ап келіп тапсырыңдар, етін сотқа» [75-б.] деген жолдарында тағы да екі рет қолданылады. Ал жоғарыда мысалға келтіріліп отырған шумақтағы «шақыру қағаз» тіркесі сотқа шақырылғандығын білдіретін «повестка» сөзінің баламасы екенін бағамдау қиын емес. Бұл мысалдардан ұлт тілінде жасалған терминдердің көркем мәтінде, поэзия тілінде еш қиындықсыз ұйқасып, қосымша түсініктемесіз-ақ жұмсалуға бейім болатынын аңғару көп ізденісті қажет етпейді.
И.Крыловтың «И приговор Лисы вот, от слова до слова» деген өлең жолдары Ахаңда «Ал сонда Түлкі қалай хүкім етті» [75-б.] деп келеді. Мұндағы «хүкімнің» бастапқы бір әрпі түсіріліп, «приговор» терминінің баламасы ретінде қолданылып жүрген қазіргі «үкім» сөзі екені баршамызға белгілі. Яғни қазіргі терминологиямыздағы қолданысы әбден орныққан «үкім» сөзі де бізге Ахаңдардан жеткен болып тұр. «Жарлы бай» мысалында «әмиян» мен «шилан» сөздеріне аудармашы-автордың «ақша салатын ыдыс» деп түсініктеме бергеніне қарағанда, бұл атаулардың да ХХ ғасырдың басындағы қауымға түсініксіз Ахаң тарапынан түпнұсқадағы «кошелёкке» балама ретінде ұсынылған жаңа атаулар екенін көрсетеді. Оның үстіне И.Крыловтың бұл мысалын дәл осы атпен Ахаңа дейін тәржімелеген Абай аудармасында «кошелёк» орнына «дорба» сөзінің қолданылуы да соған дәлел бола алады.
«Пруд и река» мысалының атауын Ахаң «Өзен мен қарасу» деп аударыпты. «Пруд» атауының баламасы ретінде ол «қарасу» сөзін қолданған.
И.Крыловтың қырық мысалы қазіргі заманда орыс тілінен қазақшаға аударылса, оның ішінде құрығанда орыстың қырық сөзі кездессе, еш таңғалмаған болар едік. Ал Ахаңда бар болғаны аударылмай алынған екі-ақ сөз, дәлірек айтқанда, бір-ақ сөз кездеседі. Ол – «Өзен мен қарасу» мысал өлеңіндегі «план» сөзі. Қазіргі қолданысымыздағы – жоспар. Ахаң: «Планда орынды да көп алмаймын» депті. «План» сөзін ол «По карте не тянусь я через целый лист» деген өлең жолындағы «карта» орнына қолданыпты. Ал екіншіге жатқызбай отырған сөзіміз – «сөтке». «Иттің достығы» мысалындағы «Бір сөтке татулық жоқ арамызда» деген жолдардағы «сөтке» сөзін Ахаң өзі айтқандай «қазақтың шапанын жауып, тымағын кигізіп» қазақы кейіпке келтіріп алған. Бүгінде бұл сөз тілімізде «тәулік» түрінде немесе ол қабылдаған қалпында «сөтке» деп те қолданылып жүр.
Орыс сөздеріне қарағанда Ахаң аударған мысал өлеңдерде мағыналық-дыбыстық ерекшеліктері көзге бірден шалынатын аслан, жиһад, жәһид, жәһидтенді (ниеттенді), миһнат, фаһам, хүкім, һәр, һәман сияқты араб сөздерінің қарасы көбірек ұшырасады.
«Бұлбұл мен есек» және «Шал мен жұмыскер» мысалдарына жасаған өз түйінінде «Көзі тар, көңілі соқыр жамандардың», «Көзі тар, көңілі соқыр надандарға!» деген жолдардағы «көзі тар» тіркесі де көңіл аудартады. Тіл ғұламасының бұл тіркесті «аяғының астынан өзгені көрмейтін, айналасын, алысты болжай алмайтын» деген мағынада қолданғаны байқалады. Сондай-ақ «Қырық мысалдағы» ауырмалдық, ғамалдас, қайсарып, қоршалап, тауықшы, хана сөздерінің мағынасы оқушыға түсінікті болса да, қолданысы ерекше.
Ахаң түрлеген ана тіліміз оның алашына қалдырған асыл мұрасына мұқият үңілген сайын тағы да байып, түрлене түсеріне еш күмәніміз жоқ. Бұл тұрғыдан келгенде Ахаңның шығармашылығын, оның еңбектерін әлі де жан-жақты зерттеу қажеттілігі еш дау туғызбайды. Халқына қалтқысыз қызмет етіп, сөз сырына, тіл табиғатына терең бойлай білген ғұлама ғалымның құнды мұрасын аса ыждағаттылықпен зерделеу әр ахметтанушы маманның алдындағы зор міндет болып қала береді.
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
филология ғылымының
докторы, профессор, ҚР ҰҒА
корреспондент мүшесі
Бөлісу: