Асхад Мұхтор. Еһ, үлкендер...

Бөлісу:

04.10.2019 6243

Кеудемдегі дхотидің1 сөгіліп кеткеніне қарамаңыз, мен брахмандар тайпасынанмын. Сенбесеңіз, міне маңдайымда сандал бояуының қып-қызыл таңбасы. Көрдіңіз бе?

Биыл жауынды мезгілде он екіге толамын. Есімім – Баждат. Брахман болсақ та кедейміз. Бай болғанымызда атым Баждат емес, Бажрадатт болар еді. Әкем жай ғана емдеуші. Қиылыста отырып алып, бамбуктың шиімен адамдардың құлағын тазалайды.

Ал, анам бастырманың астында қалып қайтыс болған. Көршіміз Хиромон бабу сол күні маған қарап тұрып: «ананың өлімінен кейін бала үшін ең қайырлысы әкенің өлімі» деген еді.

Дұрыс айтқан екен. Әкем содан бері мені әр күні қамшымен...

Бұл сөздерді сізге не үшін айтып отырмын өзі? Шынында да, өте көп сөйлеймін. Қайтемін енді, аузым ашылса болды сөзім сөзге ұласып кете береді. Негізі адамның ішінде сөз көп болады екен. Сөйлемесем, доптай ісіп, жарылып кететіндеймін. Дегенмен, сөйлеп тұрған жақсы ғой.

Адамның жақсы көретін нәрселері болады, жаман көретін нәрселері болады. Айтпасаң, сөйлемесең адамдар мұны қайдан біледі? Мысалы, мен жаңбырды жақсы көремін. Не үшін дейсіз бе? Әне, өзіңіз де қызығып қалдыңыз.

Жаңбырды жақсы көретінім...

Сіз аспалы бақты көргенсіз бе? Өте әдемі жер. Барлық кезде де жап-жасыл, ағаштарды әдемі етіп қиып, әр түрлі жануарлардың кейпіне ендіріп қойған. Ол жерден бүкіл Бомбей алақандағыдай көрінеді. Үндістан қақпасы да, мұхит та...

Мен анамнан қалған ескі қолшатырды қолтығыма қысып алып, күнде сол саябаққа барамын. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшылар серуендеп жүреді. Олар өте нәзік, аппақ. Үстеріне киген көйлектері де аппақ жібектен. Бірден жауын құйып берсе болды, әлгі аппақ ханымдар қайда барарларын білмей қалады. Сол кезде мен тура ертегілердегідей лып етіп пайда боламын да, қолшатырымды ашып: - Мадам! Мырза! – деп алдында жымиып тұра қаламын.

Жаңбыр бақытыма қарай сабалай жауса бар ғой, үш есе, бес есе ақы төлейді. Бірақ, жауын күнде жаумайды да...

Енді жаман көретін нәрсең не деп сұрасаңыз, мұны қысқа айтып бере алмаймын. Айта берейін бе? Жақсы.

Ең жаман көретін нәрсем – үлкендердің балаларға қожайындық жасай беретіні. «Ол мүмкін емес», «бұл тура келмейді» деген сияқты мың түрлі қағидаларды ойлап шығарады. Сол қағидалар болмағанда мен қазір ауламыздағы барлық баламен дос болып алған болар едім. Сонда біз ең тамаша ойындарды ойлап тапқан болар ек.

Теңіз жағасында шөгіп жатқан кемеге немесе іші аңызға толы аралдағы үңгірлі тауға дейін жүзіп баратын едік. Еһ, үлкендер, сендер дос болудың қандай екенін білмейсіңдер ғой.

Біз анау үлкен үйде тұрамыз. Үй алты қабатты, әне көрдіңіз бе, алдында жасыл гүлзары да бар. Бұл үйдің бәрі біздікі емес, әрине. Әкем екеуміз бұл үйдің ең астында, жертөледе тұрамыз. Біздің төбемізде Хиромон бабу тұрады. Оның Лекха деген қызы бар. Оның жоғарысында Парс деген дүкенші тұрады. Ұлының есімі – Авранг. Одан кейін Шоислам деген мұсылман ақсақ ұлымен тұрады. Бірақ, олар Пәкістанға қашып кетті. Ал, одан жоғарыда сақалын өріп жүретін панджобтық Синкс тұрады. Оның Мохан деген ұлы бар. Ал, ең жоғарыда, анау төбесінде гүлзары жайқалып тұрған қабатта Мак Ситли мырза тұрады. Бақалағының атын білмеймін. Біз оны кішкентай мистер дейміз. Оның бәтеңкесінен де әтірдің иісі...

Е, тоқтаңыз, мен мұның бәрін бір-бірлеп айтып беруім керек.

Пунтиден бастайық. Әне, ол себеттен түсіп қалған көмірдей қап-қара болып күнде отыр. Бал ағашының астындағы лашық солардың лашығы. Үлкен үйде тұрмаса да Пунти біздің ауламыздың баласы болып есептеледі. Ол үнемі жалғыз. Анасы анау үлкен көпір астындағы кір жуатын жерде жұмыс істейді. Әкесі маймылдар аралында саяхатшыларға қызмет етеді. Маймылдар аралын көргенсіз бе? Онда жету үшін үш жүз текпешектен жоғары көтерілесің. Кейбір саяхатшылар бұл текпешектерден шығуға ерініп, арнайы зембілшілердің қызметін пайдаланады.

Зембіл ағаштан жасалған. Төрт жағында төрт адам ұстап көтеруге арналған төрт тұтқасы бар. Тіпті, табытқа ұқсап кетеді. Тек үстінде екі кісі отыратын арнайы орын бар. Пунтидің әкесі бала кезінен зембілді көтере-көтере бүкір болып қалған. Олар камар деген төмен тайпадан. Сол үшін де оған басқа жұмыс берілмейді. Мүмкін емес. Пунтиге де сол үшін ешкім жақындамайды. Біз брахмандарға камарлықтармен қол алысуға, сөйлесуге болмайды. Олардың қолы тиіп кеткен ыдысты сындырып тастаймыз. Етегіміз тиіп кетсе, үш күн тамақ жемей, дем салдырамыз.

Менің Пунтиге жаным ашиды. Оның жасы менен кіші, үндемес, момын. Камар тайпасынан болғаны үшін де қасында тұрған құдықтан су алып іше алмайды. Оларға су алу мүмкін емес.Шелекті арамдайды. Егер шөлдесе сапал кесесін көтеріп құдықтың жанында таңертеңнен кешке дейін тұрса тұрады, бірақ, өзі құдықтан су алып іше алмайды. Егер әлдебір қайырымды брахман кесесіне су құйып берсе – жақсы, болмаса екі-үш күн кесесін тосып, тілемшідей тұра беруі мүмкін. Құдықтың басында шөлден тілі кеуіп өлсе, өлуі мүмкін, бірақ, бір жұтым су алып ішуге құқы жоқ.

Бір күні оның анасын жылан шақты. Кір жуудан әбден бүрісіп кеткен қолын қолтығына қысып, лашығының жанында кешке дейін домалап, қиналып жатты. Таңертең қарасам Пунти құдықтың жанында тұр. Анда-санда суға келгендерге жалбарына қарайды. Анасының қиналғанына ет-бауыры езіліп тұр. Күн болса таңертеңнен қыздырып барады. Пунти құдықтың жанында әлі тұр. Құрғап кеткен еріндерін жалап, адамдарға жасаураған жанарымен жалынышты көз тігеді.

Мен шыдай алмадым. Жүгіріп барып құдықтан бір шелек су тарттым да Пунтиге көтерісіп лашығына дейін апарып бердім. Анасы үшін соншалықты жан ауыртқанына риза болып, иығынан қалай қағып қойғанымды білмей қалдым.

Әкемнің қайдан келіп қалғанын білмеймін, құлағымнан бұрай түсті.

– Арам болдың, иттің баласы! Кім екенімізді білмейсің ба? Брахманбыз, брахман!

Сол күні әкем мені шыбықпен әбден...

Мұнысы да мейлі, әңгіме әкемде емес, үлкендердің бәрі солай, қайдағы бір қағидаларды шығарып алады.

Пунти жақсы бала болса да мен онымен дос бола алмадым. Дос болуымыз да мүмкін емес, түсіндіңіз бе?Ол камар тайпасынан, мен болсам брахманмын.

Брахмандардан біздің аулада Лекха деген қыз бар. Хирамон бабудың қызы. Мен міне, сол қызбен дос болуым мүмкін деп бір күні екі алақанымды біріктіріп, иіліп сәлем бердім.

– Пронам!2

Иә, кхока3атың кім? – деді ол.

Лекха өте жақсы қыз екен. Сәлем бергеніме қуанып кетті. Екеуміз бірталай әңгімелестік. Оның да теңіз жағасындағы шөккен кемеге, пілдер аралына барғысы келеді екен. Екеуміз дос болатын болдық.

Екінші күні Лекха маған барлық моншақтарын көрсетті. Мен ондай бұйымдарды тек дүкендердің терезелерінен ғана көрген едім. Лекханың әкесі бай пандит4, атақты жұлдызшы. Жұлдызшыны білесіз бе? О-о-о! Жұлдыздарға қарап бал ашады. «Вед» деген кітабі бар. Соны күнде оқып, бақыт құдайы Лакшмимен сөйлеседі екен.

Сапарға шығатындар, қыз ұзататындар, құмарға үлкен ақша тігіп ойнайтындар, әйтеуір, бағын сынамақ болғандардың бәрі Хирамон бабудың есігінен үзілмейді.

Лекха екеуміз бұл кезде жақсы дос болып та алып едік. Бірақ, бұл достығымыз ұзаққа бармады. Бір күні ертемен қиылыста Лекханы күтіп отырдым. Біз аспа баққа баруға уәделескен едік. Үй жақтан ащы дауыс естілді. Жоғарыға қарасам Лекхалардың терезесінен шығып жатыр екен. Хиромон бабудың дауысы.

– Ол бақытсыз жұлдыз аясында туылған кедей! Ол саған тең емес.!

– Олар да брахман ғой... – Лекханың жыламсыраған даусы естілді.

– Иә, аспан мен жердің қарғысына ұшыраған брахман! Көшеде топырақ жалап өскен баласы саған дос болар ма екен?! Қасына жақындағаныңды көрсем, шашыңды қиямын біліп қой!

Бітті! Бұл да болмады. Тағы да жалғыз қалдым.

Ендігі үмітім анау Аврангда. Ол да жақсы бала. Әдемі. Қара қасты, қыр мұрынды, кірпіктері ұзын-ұзын. Олар кедей емес. Әкесі дүкенші. Оны бәрі «дүкенші Парс» дейді. Олар төмен тайпадан да емес. Аврангмен дос болуыма ешқандай кедергі жоқдеп ойладым. Дос болдық та. Ол өте ашық, ақкөңіл бала екен. Таныстығымыздың екінші күні-ақ үйінде болған барлық жәйтті айтып берді. Сол күні кешкісін оның ағасы қайтыс болыпты. Сол үшін де бүгін барлық туыстары «Тыныштық қорғанына» барады екен.

– Жүр, сені де алып барамын. Өте қызық болады, көресің, – деді Авранг.

Барлығы азалы. Тек біз Авранг екеуміз ғана көңілдіміз. «Қызық болады» деді Авранг. Көпшілікке ілесіп кете бердік. Шынында да парстардың дәстүрі қызық екен.

Аспалы бақтан өтіп, үлкен қорғанға кірдік. Қорғанның ортасында биік мұнара. Аспанда топ-топ құзғындар қанат қағып ұшып жүр. Қорған қабырғасынан жоғары көтерілетін жалғыз аяқ ағаш көпірге келгенде бізді тоқтатты. Көпірден тек табыт көтергендер ғана өтті.

Құзғындар өлік келгенін сезіп, аспанды шыр айнала бастады. Тіпті, көбейіп, қорған маңы олардың дауыстарынан күңгірлеп кетті. Аврангның әкесі тағы бір туысқанымен мәйітті төбеге қойып, қайта түсті. Барлық туысқандар тізе бүгіп отырды. Барлығы үнсіз. Бастарын төмен салып, қайғырып отыр. Аврангның мықынынан түрттім.

– Не болып жатыр?

– Қазір қасиетті құзғындар ағамды жеп жатыр. Тыныш отыр, әйтпесе, олардың ашуы келеді.

Аврангның сыбырлаған даусынан өне-бойым дірілдеп кетті. Қорыққанымнан төбеге қарап қоямын. Құзғындардың қанталаған көздері, қан-қан тұмсықтары көз алдыма елестеді. Бұларда қызық екен. Біз брахмандар өлген туысымызды отқа жағып, күлін Ганг дариясына сеуіп кете саламыз. Парстардың салты шынында да қызық екен...

Осы сәт қорған ішіне әлдене «гүрс» ете құлады да, дауыс жердің түбінен шыққандай болып әлден уақытқа дейін естіліп тұрды.

Отырғандардың бәрі жеңілдегендей, орындарынан тұрды, жүздерінде қуаныш табы білінеді.

– Не болды? – деп сұрадым мен Аврангнан.

– Құзғындар ағамның етін жеп болды. Сүйегі қорғанның түбіне, жер бауырына түсті, рухы жәннатқа қабыл болды. Көрдің бе, бәрі қуанышты.

Мен есімді жоғалтқан адамдай аңырайып тұрып қалыппын. Әлдекім жағамнан алғанда барып өзіме келдім.

– Бұл кім? Сен, мойның жұлыңғыр кімді алып келдің?

Аврангның әкесі екен. Ол мені жіберіп Аврангның жағасынан алды. Адамдар у-шу болып кетті.

– Бөтен дін! Арамызда бөтен дін!

Аврангның анасы мен әкесі айғайлап жылай бастады. Олардың көңілінде қорқынышты күмән бар еді. Менің кесірімнен марқұмның рухы жәннатқа қабылданбауы мүмкін екен. Мұны сезіп өзімнің де денем дірілдеп кетті. Аврангның туыстарының ашулы да қайғылы жүздерін көріп өзімді қайда лақтырғанымды білмеймін. Аспа бақта, кенгуру сияқты тарам-тарам бұталы Хулья ағашының астында домалап жатып есімді жидім. Кеш салқын болса да, бүкіл денем терден шылқып кетіпті. Үйге келіп төрт күн ыстығым көтеріліп жаттым. Қатты қорыққан сияқтымын.

Енді Аврангмен дос болу түгілі, онымен кездесіп қалудан қорқамын. Оның өзі де сол күннен бері көрінбейді. Қысқасы, бұл да болмады. Енді басқа дос табу керек.

Шоисламның ақсақ ұлын алып Пәкістанға қашып кеткені де дұрыс болды. Мен онымен бәрібір дос бола алмайтын едім. Себебі, олар мұсылман. Әкем оларды жек көреді.

Панджобтық Синкстің ұлымен дос болуды өзім қаламаймын. Себебі, ол ең алдымен үлкен. Он алтыға кіріп қалды. Одан кейін, зорлықшыл, мақтаншақ. Панджобтықтардан басқалар адам емес дейді. Тек панджобтықтыр ғана күшті, батыр, келіскен, өнерлі болады екен. Басқалар ұсқынсыз, жалқау-мыс. Оның әкесі де тура солай ойлайтын сияқты. Мен көшеде отырсам, күшікке қарағандай жиіркене қарап, сәлем берсем, жерге түкіріп өтіп кетеді.

Мохан Бомбайды да жаман көреді. Сондай үлкен, әдемі қаланы, ә? Жә, мейлі, ол оның шаруасы. Мен бәрібір онымен дос болмаймын.

Енді тек «бақалақ» қалды. Кішкентай мистер. Бәтеңкесінен де әтірдің иісі келіп тұрады оның. Онымен дос болсам болады. Ол үнемі маған ұзақ ыржиып қарап тұрады. Сол үшін де оның жаман бала еместігіне сенімім мол.

Кішкентай мистердің мысықтай ғана аппақ иті бар. Тура бір уыс мақта дерсіз. Ол әр екі күнде бір рет күшігін жетектеп көкорай аулаға түседі. Таза ауада серуендетеді.

Бір күні мен көк майсаның үстінде жатыр ем, итін жібек таспасынан жетектеп кішкентай мистер түсті. Ол түскенде біз үнемі үйімізге кіріп кетуші едік. Себебі, ақсүйек мырзалар оның алдында тұрғанымызды жақтырмайтын. Мұрындарын жиырып, дереу қолорамалдарымен басатын. Бұл жолы мен көк майсаның үстінде жамбастап жата бердім. Себебі, дос болмақпын. Білемін, кішкентай мистер қумайды. Ыржиып күліп тұра береді.

Мен орнымнан тұрып иілдім. Кішкентай мистер басын изеді. Айтқанымдай күліп тұра берді. Ол біресе итіне, біресе маған қарайды. Неге десеңіз, қызық та – иті мақтадай аппақ, менің денем болса қазанның күйесіндей қап-қара. Мұны салыстыру кішкентай мистерге өте қызық сияқты, екеумізге кезек-кезек қарап күліп тұра берді.

Бірақ иті жіңішке, шәңкілдек даусымен маған қарап үре бастады. Кішкентай мистер оған қант берді, еркелетті. Ит болса маған қарап үруін қоймайды.

Бір кезде бақалақтың анасы шықты. Жүгіріп келіп күшікті қолына алып, аузынан сүйді.

– Сен не істеп тұрсың? – деді маған.

– Әншейін... ойнап... – дедім оның көзқарасынан қорқып.

– Саған басқа жер құрып қалды ма?

Оның даусынан қорқып не істерімді білмей кетіп қалдым.

– Апа, аяғы да қап-қара я?.. – деген дауыс естілді.

Бұл кішкентай мистердің даусы еді. Анасы мені иттей көрмей айдап салып жатса да, бұл оған еш әсер етпепті. Менің аяғымды айтып жатыр. Осындай баламен дос боламын ба? Өзіңіз айтыңызшы? Бәрібір, бақалақ жақсы бала болғанда да, анасы біздің дос болуымызды қаламас еді. Мен мұны оның көздерінен байқадым.

Міне, солай. Ауламызда соншама бала бар болса да, олардың бірде-біреуімен дос бола алмадым. Үлкендерге қайранмын. Мың түрлі қағидаларды ойлап табады. Өзіңіз айтыңызшы, осы қағидалар кітапта бар ма? Жоқ! Бәрі ойдан шығарылған. Осылар болмағанда біз барлық балалар дос болушы едік. Түрлі ойындар ойнайтын едік...

Тағы мені көп сөйлейді дейді... Күйгенімнен айтам ғой...

Дхоти – ерлердің көйлегі.

Пронам – үнді тілінде «сәлем» дегені.

Ей, кхока – ей, бала.

Пандит – зиялы.

Аударған Бақтыгүл АУДАНОВА

Бөлісу:

Көп оқылғандар