Томас Стернз Элиот. Шөл

Бөлісу:

06.12.2019 6792

Кіріспе орнына

Томас Стернз Элиоттың «Шөл» поэмасы ХХ ғасырдағы әлем әдебиетіне орасан зор үлес қосқан шығарма ретінде мойындалды. Бастапқыда Элиот поэманы академиялық іспетті ескертпелермен бірге жариялаған. Онда автордың өзіне тән ирония, пародиялық және символдық нұсқаулар жазылды. «Шөл» Эзре Паунд тарапынан бірнеше мәрте өзгеріске еніп, қысқартылды. Содан да болу керек, бұл поэма өзінің «редакторына» арналған шығар. Кейін түсіп қалған бөлшектер жеке топтама ретінде шықты. Поэмадағы сюжеттің (сюжет бар және оны табуға болады) астарында «Қасиетті Граальді» іздеу аңызы жатыр. Сонау ерте замандағы аңыздар мен мифтерден осы заман (поэма жазылған уақыт) арасындағы байланыс, символды қолдану арқылы Еуропадағы «рухани шөлдің» көрінісі еркін бейнеленеді. Эпиграф көне грек аңызынан алынған. Кумаелік сәуегей өзіне шексіз өмір сұрап, шексіз жастық шақ сұрауды ұмытады. Оның тілегі орындалған. Шексіз өмірге ие болған сәуегейдің қартайғаны сонша, құмға айналады. Шығарма барысында сәуегей Созастрис ханымға айналады, кейін соқыр шал Тиресия кейпінде көрінеді (мифтің бір нұсқасы бойынша Тиресия жеті жылға әйелге айналған). Тиресия поэмадағы ең маңызды кейіпкер. Ол – бақылаушы. Онымен кезіккен кез-келген кейіпкер поэманың терең мағынасын түсінуге көмектеседі. Шығармадағы барлық әйел Тиресияның бойына жиналады. Ол сюжет барысында тағы екі жынысты да қатар алып жүреді. Сонымен бірге, Исаға жасалған сатқындық пен оның қайта тіріліп, артынан ерушілердің оны танымай жолдан адасқандығы да шебер суреттелген. Бұл Еуропаның «рухани шөлдеуіне» әкеліп соғады. Сонымен қатар, тарихи оқиғалар да поэмада өз орнын тапқан. Трамвай жолдарын салу үшін қиратылған шіркеулер де өндірістік заманның руханияттың қирауына әсер еткені суреттеледі. Поэмада будда жазбалары да қолданылған. «Беру, тілектес болу, иелік ету» сынды философиялық ұғымдар, руханият шөлін бейнелеудегі Иса үмбеттерімен астасып, керемет үйлесім тапқан. Бұл біздің оқу алдында берген картамыз. Осы айтылған басты «тақырыпшалар» сіздің осы поэманы аз да болса түсінуіңізге көмектеседі деп үміттенеміз.

Абзал Сүлеймен

ШӨЛ1

"Nam Sibyllam quidem Cumis ego ipse

oculis meis vidi in ampulla pendere, et cum

illi pueri dicerent: Σίβυλλα τί θέλεις;

respondebat ilia: άποθανείν θελω". {*}

{*Мен бөтелкенің ішінен Кумаелік Сивилланы (сәуегей) көрдім.

Балалар одан: «Саған не қажет, Сивилла?» - деп сұрағанда,

ол: «Өлгім келеді», - деп жауап қатты. (латын және

көне грек тілінен.).}

Эзра Паундқа

il miglior fabbro. {*}

{* Менен де шебер суреткерге (итал.).}

I. МҮРДЕНІ ЖЕРЛЕУ

Сәуір айы – қатігез, өлі жерге

Шегіргүлді өсірді, естеліктер

Желіктірер тамыр менен бұтақты.

Қыс бізді жылытады,

Адамдарға ұмыт болғанды қар астына сақтап,

Кәрі тамырларда қалған тіршілік те бітеді жерге қатқақ.

  1. Бұл тақырып пен поэмадағы символдық стиль мен құрылымы Уэстон ханымның (Miss Jessie L.Wetson) «Грааль аңызы» жайлы жазған кітабынан алынған. Расында мен ол кітаптан терең мағына көрдім. Кітаптың аты: «Жаназадан аңызға дейін» (From Ritual to Romance). Бұл кітаптың осы өлеңді менен де терең түсіндіре алатынына сенімдімін. Кімде кім поэманы түсінгісі келсе, сол кітапты оқуға кеңес берер едім. Шығарма қағидасына келер болсақ, антропология іліміне зор үлес қосқан бір еңбек маған керемет әсер етті. Өз замандастырымды да бұл тамаша кітап тамсандырған болатын. Аты – «Алтын бұтақ» (Golden Воugh). Мен ондағы Аттис, Адонис, Осирис тарауларын ерекше пайдаландым. Осы кітаптағы ақпаратты игерген адам, менің поэмамдағы жолдар қатысын еркін таба алады (Автордың түпнұсқадағы ескертпесі).

Жаз бізге кенеттен келді –

Штарнбергер-Зее2 үстінен жаңбыр өтіп.

Ұстынтізбекті пана қылдық кейін біз,

Күннің астында Ховгартенгке3 дейін серуендеп,

Кофе ішіп, әңгіме құрдық бір сағат.

Ал, мен орыс қызы емеспін, Литвада туғанмын, таза неміспін.4

Кішкене едік Эрцгерцог нағашыма барғанда,

Шанамен сырғанауға келдік біз,

Менің бойымды қорқыныш биледі!

Деді ол: Мари, Мари, мықтап ұста!

Біз зымырай жөнелдік...

Ех, таулар! Саған бостандық тән!

Түнде мен кітап оқимын, қыста оңтүстікке сапар шегемін.

Жердегі қай тамыр,

қай ағаштың бұтағы үйілген тасты жарып шығады?

Ей, Адамның баласы, сен айта алмайсың, таба алмайсың да5.

Себебі сен бұл үйлеспейтін бейнелерді күн шақырайып түскен жерден білдің.

Ал, өлі ағаш көлеңке бермейді.

Шегіртке шырылы да жанға дауа бола алмас6,

Тас арасынан аққан судың сыбдыры да естілмес.

Бұл жерде тек қызыл жартастың астында ғана көлеңке бар.

(Осы жартастың астына келсеңші).

Мен саған керемет құбылысты көрсетемін,

Ол таңертең сенің артыңнан еретін,

Қараңғыда саған қол ұшын созатын көлеңкеге де ұқсамайды.

Сен бір уыс тозаңнан қасірет көресің.

Самал жел отанға жетелеп,

Сен қазір қайдасың,

ирландтық балақай?7

2 Мюнхен маңындағы көлдің аты. Автор сол көлді Еуропаның ортасындағы шөлдің типтік көрінісі ретінде көрсеткен. 3 Мюнхендегі саябақ атауы. 4 Түпнұсқада бұл жол неміс тілінде жазылған: Bin gar keine Russin, Stamm, aus Litauen ec ht deutsch. 5 Эзекиел, ІІ тараудың І бөлімін қараңыз – авт. 6 Інжіл, ХІІ тарау, V бөліміне қараңыз – авт. 7 Тристиан мен Изольда операсының І пердесінің 5-8 жолдарына қараңыз – авт.

«Сыйладың жыл бұрын сүмбілгүл,

сүмбіл қыз атандым кейін мен».

Ымыртта бақтан оралған сәтте,

Қолыңда гүл, шашыңа шық тұнған,

Мен үн қата алмадым, көзім қарауытты,

Не өлі, не тірі емес едім және білмей ештеңе

Үңілемін тыныштыққа, жүрегіне жарықтың,

Теңіз һәм жабырқау, һәм өлі.8

Созострис ханым, танымал сәуегей,

Өзінің науқастығына қарамай,

Еуропадағы ең данышпан әйел

құдіретті картасын9 қолына алды,

«Міне, - деді ол, - Міне, сіздің картаңыз –

Суға батып өлген Финикилік теңізші.

(Көздері маржанға айналған, көрдіңіз бе?)

Міне Белладонна10, міне Жартастардың билеушісі,

Жағдаяттардың билеушісі,

Міне үш таяқты адам, міне Дөңгелек,

Міне жалғыз көзді саудагер, бұл карта –

Ол арқалаған бос карта.

Беймәлім және бұл маған.

Дарға асылған адамды көре алмадым.

Судан болмақ сендік ажал, қорқамын.

Шеңбер бойымен жүргендерді де көрдім.

Сізге мың алғыс, сүйікті Эквитон ханымға

Жұлдыз жорамалды11 өзім алып баратынымды жеткізіңіз:

«Біздің уақытта сақ болу керек».

Елес қала12,

Қысқы таңдағы қалың тұман арасында,

Лондондағы көпір мұнша адамды көрмеген,

Көрмедім мен де сонша адамның ажал құшқанын13,

Ауадағы олардың күрсінгені естіледі,

ауыр әрі сирек14.

Бастары тағы салбырап,

Тауға одан әрі Кинг-Уильям-стритпен төмен,

Сент-Мери15 шіркеуінің тоғызыншы соққысы,

8 Тристиан мен Изольда операсының ІІІ пердесінің 24 жолына қараңыз – авт. 9 Мен таро карталарының қалай тізбектелетінін білмеймін. Бұны өзіме қолайлы болған соң ғана қолдандым. Аңыздарға сүйенсек, осы картаның бірі – «дарға асылған адам». Онымен Фарзердің (Farzer, «Алтын бұтақ» кітабының авторы) «Дарға асылған Құдайы» бір байланыста тұр. Тағы да бесінші бөлімдегі Эймос кеткен жолмен жүргенде кездестірген адамы да байланысты. Теңізші Финики мен саудагер кейінірек кездеседі. Төртінші бөлімде «топ адам» мен «судағы» адамды кездестіре аламыз. «Үш таяқты адамды» (Таро картасының маңызды кейіпкері) балықшы патшамен күшпен кездестірдім – авт. 10 Белладонна – итальян тілінде сұлу, ару деген мағына береді. Сонымен қатар улы гүлдің аты да солай аталады. 11 Жұлдыз жорамал (Horoscope): Бал ашқанда жұлдыздардың орналасуын көрсететін карта. 12 Бодлердің «Зұлымдық гүлдері» кітабындағы «Сығылысқан, түнекке батқан қалада, сайтан ұстайды жолдан өткен адамды» деген өлең жолдарын қараңыз – авт. 13 «Қасиетті күй. Тозақ» ІІІ тарауындағы 55-57 жолдары, «Сонша адамның өлім құшқанын көрмеппін» деген жолдарына қараңыз – авт. 14 «Қасиетті күй. Тозақ» ІV тарауындағы 25-27 жолдары: «Мұнда азаптың басқа белгісі жоғалғандай, тек қана Мәңгілік ауаны тербетер күрсініс қана» деген жолдары. 15 Сент-Мери шіркеуі Лондонның қаржы орталықтары шоғырланғана жерде орналасқан.

Ең соңғы, өлі дыбысы соғылатын жерге барады асығып16,

Адамдардың арасынан тіл қатамын танысқа:

«Стетсон!17 Тоқта, сен Миладағы18 менің кемемде болғансың!

Сенің бағыңдағы мәйіт19 өсті ме? Осы жылы гүлдей ме ол?

Мүмкін, суық ызғардан күлтесінің талқаны шыққан шығар?

Иә, Ит те одан аулақ жүрсін, досы емес пе адамның20,

Тырнағымен қазып қайта шығарады көрінен!

Сен, екі жүзді оқырман! - маған ұқсайтын - бауырым менің!21

II. ШАХМАТ ОЙЫНЫ

Ол отырған орындық мәрмәрдай жарқыраған22

Бейне бір таққа ұқсайды,
Бетіне жеміс сабағы өрнектелген айнаның,

Артынан Эрот сығалап,

(екіншісі қанатымен бетін басқан)

Жеті тұғырлы шам алауы екі еселеніп,

Үстелдің үстіне түседі жарығы
оған қарсы жауһарлы сәуле тоғысып,

Жарқыраған құтыдан шыққан.

Хрусталь және піл сүйегінен жасалған

Беті ашық құтылардан ауаға сіңеді,

Жайылады ерекше еліктірер жұпар,

Масаттандырып әрі тітіркендіреді денені,

Ал ауа сәл ашылған терезеге сіңіп,

Шам жарығын ұзартады һәм жандандырып,

Түтінін төбеге көтереді,

Ондағы өрнекті қимылға келтіреді биге тән23.

Балығы жоқ аквариум,

Түсті тастарда шөп пен мыс алаулайды,

Оның күңгірт түсінде дельфин мүсіні жүзгендей,

Ескі үй пештің аузынан,

Терезеден қарағандағы дала іспетті, көрінеді24

Филомела метамарфозасы25, жауыздықпен

фракиялық патшамен жолыққаннан кейін, сонда да

Оның жылаған дауысын тілген бұлбұлдың әні26

Шөлді әуенге толтырып

Арам құлақтарға естіртеді: «Шиқ, шиқ, шиқ».

16 Бұл мен кездестіретін құбылыс (Феномен) – авт. 17 Стетсон – шеті қайырылған қалпақ маркасы. Бұл жерде сондай бас киім киген барлық адамға қаратылған. 18 Мила. Көне Рим және Гатаки арасындағы тұңғыш соғыс майданы солай аталған. Бұл соғыс экономикалық пайда көзіне таласудан пайда болды. Нәтижесінде Гатаки жойылып кетті. Бұл жерде ХХ ғасырдағы соғыс та осы себепті болғанын ескертеміз. 19 Ежелде молшылық құдайы жерге көмілген. Аңыз бойынша олар қайта тіріліп, молшылық әкелген. 20 Джон Вибастердің (Ағылшын драматургі) «Ақ сайтан» шығармасындағы Корнила жоқтауын қараңыз. 21 Бодлердің «Оқырманға» өлеңінің соңғы жолы: Hypocrite lecteur, - mon semblable, - mon frerel! Осы арқылы Т.Элиот поэманы оқығанда түсінбесе де түсінгендей кейіп танытпауды ескертеді. 22 Шекспирдің «Антон мен Клеопатра» операсының ІІ шымылдық, ІІ көрінісіндегі 190 жолға қараңыз. 23 «Айнеид» І томның 726 жолы. «Шырақтар жарқыраған ілінеді алтынмен өрнектелген төбеге, қараңғылықты билеп». 24 Джон Милтонның (Англия ақыны) «Жәннаттан қол үзу» поэмасының төртінші тарау, 140 жолына қараңыз. 25 Овидтің «Құбылу» шығармасындағы төртінші бөліміндегі Филомелла жайлы жазған мазмұнына қараңыз. 26 Осы өлеңнің ІІІ тарауындағы 204 жолға қараңыз.

Сосын тағы уақыт тамырлары

Керегеден қарағандай, салбырады, қымтап алды

Тыныштықты бүркеп.

Баспалдақтан аяғын сүйретіп басқан адамның дауысы естіледі.

От жалынының үстінде оның шашы долбырап,

Сөзі естіліп, бірден жоғалған.

«Бәрі жүйкеме тиеді. Болды. Осында қал.

Бірдеңе десеңші. Сен үндемейсің.

Не туралы ойлап отырсың? Не жайлы? А?

Ешқашан білген емеспін. Ойлай бер».

Біз егеуқұйрықтың жолындамыз деп ойлаймын27,

Ол жерге мәйіттің сүйегі шашылған.

«Бұл не қылған тықыл?»

Жел деймін есікпен ойнаған28.

«Бұл неткен шу. Желге не керек?»

Оған керек те емес ештеңе.

«Тыңда,

Сен ештеңе білмейсің бе? Ештеңе

есіңде жоқ па?»29

Есімде

Анау маржан оның көзі болатын.

«Сен әлі тірісің бе? Маған жауап бере аласың ба?»

Бірақ

О о о о Ше-е-експирлі-і-ік әуендер –

Сондай бекзат,

Сондай зерек.

«Маған не істеу керек? Не істеуім керек?

Дудыраған шашыммен көшеге шықсам ба екен?

Ертең не істейміз?

Жалпы не істеуіміз керек?»

Таңертеңнен ыстық суға түсіп,

Түсте егер жауын болса көлікке мінеміз. Ал енді

Ойнаймыз шахмат майданында30.

Ұйқы ұрлаған көзімізді тырнап және есіктегі тықылды күтеміз.

Лилдің күйеуі тосыннан қайтқанда,

Мен оған еш бөгелмей тіке айттым:

ТЕЗДЕТІҢІЗ: УАҚЫТ БОЛДЫ31

Альберт те келер кешікпей, қалыпқа келтір өзіңді.

Тіске қалдырған ақшаны сұрар,

Тағы да.

Иә, иә. Мен өзім естідім ғой.

Ақымақ болма. Лил, бәрін жұлып таста да жасандысын сал.

Ол: саған қарай алмаймын – деп еді.

27 Осы өлеңнің ІІІ тарауындағы 195 жолына қараңыз. 28 Джон Уэбстердің «Жел әлі ойнай ма есікпен?» деген өлең жолына қараңыз. Дж.Уэбстер «Ақсайтан», ІІІ шымылдық, ІІ көрініс, 162 жол. 29 Осы өлеңнің І тарауындағы 37 және 48 жолдарына қараңыз. 30 Мидделтонның (ағылшын драматургі) «Әйелдің әйелден қорғануы» шығармасындағы шахмат ойыны. 31 Англияда мейрамханалар жабылатын кезде даяшылар осылай айтады.

Мен де қарай алмаймын, айттым ғой,

Альберт жайлы ойла,

Ол өмірінің үш жылын өткізген ғой соғыста,

енді өмір сүргісі келеді оның,

Сен келіспесең, табылады басқасы - дедім мен,

- Солай ма? – деді ол. – әлбетте, - дедім мен»,

Онда рақмет,- деді ол, - ойыңды соңына дейін жеткіз.

ТЕЗДЕТІҢІЗ: УАҚЫТ БОЛДЫ

Егер қаламасаң, білгеніңді істе, - дедім мен.

Сен істей алмасаң, басқалары істей алады

Бірақ, егер ол сені тастап кетсе, ол болмас және себепсіз.

Ұялуың керек, деймін, сен көріктен айырылдың.

(Ал ол небәрі отыз бірде.)

- Ал мен не істей аламын, - деді де бетпақтанып, -

Бұның бәрі дәрінің кесірі, сол әлгі дәрілердің, әлгі...

(Ол бес рет қабылдаған, Джордждан құтыларда өле жаздады.)

Дәріханашы бәрі өтеді деген, бірақ олай болмай шықты.

- Сен ақымақсың,- дедім мен.

Айталық, Албьерт сені тастап кетпесе, - дедім мен, -

Босанбайтын болсаң не үшін күйеуге шықтың?

ТЕЗДЕТІҢІЗ: УАҚЫТ БОЛДЫ

Жексенбіде Альберт оралды, олар ыстық шұжық пісірген,

Мені де шақырды, ыстықтай жеуге үлгеруім үшін де...

ТЕЗДЕТІҢІЗ: УАҚЫТ БОЛДЫ

ТЕЗДЕТІҢІЗ: УАҚЫТ БОЛДЫ

Қайырлы түн, Билл. Қайырлы түн, Лу. Қайырлы түн, Мей,

Қайырлы түн. Қайырлы түн.

Қайырлы түн, ханым. Қайырлы түн, ғажап ханымдар. Қайырлы түн сіздерге32.

III. ТОЗАҚ НЫШАНЫ

Өзендегі қос құлады; жапырақтардың саусақ ұшы

Дымқыл жағаға жармасып. Жел

Қоңыр жердің үстімен дыбыссыз желіп, Нимфалар кетті.

Сүйікті Темза, тыныштал, мен әлі әнімді аяқтамадым33.

Өзенде бос бөтелкелер, жабысқан жапырақтар да жоқ,

Қол орамал да, қораптар да, темекі тұқылы да,

Жазғы түннің басқа да куәләрі жоқ мұнда. Нимфалар кетті.

Олардың достары да, қала директорларының мұрагерлері де,

Кетті және мекенжай қалдырмастан.

Леман көлі жағасында отырып жыладым...

Сүйікті Темза, тыныштал, мен әлі әнімді аяқтай алмадым,

Сүйікті Темза, тыныштал, мен дауысымды көтермедім және ұзақ та шырқамадым.

Суық желде басқа ештеңе естімедім,

Тек өлімнің күлкісі мен сүйектер сықыры ғана естілер.

32 Шекспирдің «Гамлет» трагедиясындағы Опелия өзін өлтірер алдында айтқан сөзі. Осы сөзбен Элиот екінші тарауды аяқтайды және осы арқылы кейіпкерлерге көмек қалмағанын жеткізеді. 33 Едмунд Спенсердің (ағылшын ақыны) «Той жыры» шығармасын қараңыз.

Шөп арасынан шыққан егеуқұйрық,

Қарнын жерге сүйретіп,

Ал мен қысқы кеште газ зауытының артындағы

түсін жоғалтқан арыққа қармақ салдым

Патшаны ойладым, бақилық бауырымды,

Және патша болған әкемді, одан бұрын қайтыс болған34.

Сазды жерде адамның мүрдесі,

Қураған шатырда егеуқұйрық жүгіргенінен

Естіледі сүйектің тықылы.

Ал ту сыртымда естіледі үнемі35,

Көліктердің дыбысы36: көктемде осындай көлікпен

Миссис Портер қыздарына Суини барады37.

Ах, тамаша, алтын айдың жарығы

Сода суына аяғын жуып отырған

Миссис Портер мен оның жас қызына төгіледі38.

О, күмбез астында шырқаған балалардың дауысы-ай!39

Шиқ. Шиқ. Шиқ.

Их. Их. Их. Их. Их,

Жауыздықпен зорланған.

Терей

Елес қала

Қысқы түстегі қою тұманда,

Евгенидс40 мырза, Смирналық41 саудагер, -

Қырынбаған, қалтасы толған мейіз42,

С.i.f. Лондон, төленген

«Кеннон-стрит»43 қонақ үйінде,

Түскі асқа шақырды былдырлап, француз тілінде.

Сосын өткізді ол «Метрополда»44 демалыс күндерін.

Ымыртта, көз бен арқа

Үстелден тақтай шетіне көтерілгенде, адам

Көлігі такси күткендей қалтыраған сәтте, -

Мен, Тиресия45, екі өмір арасындағы зыр қаққан,

34 Шекспирдің «Нөсер» шығармасындағы І шымылдық, ІІ көрінісіне қараңыз. 35 А. Марвелдің «Оның белгісіз ғашығы» өлеңінің 2 шумағындағы 1-2 жолына назар аударыңыз. 36 Джон Дайдың «Аралар парламенті» шығармасын қараңыз. 37 Суини осы замандағы парықсыз адамдар өкілі. Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде Каирде жезөкшелер үйін ашқан Суинни мен Портер ханым арасындағы байланыс – жезөкше мен оған келген адамның арасындағы байланысты білдіреді. 38 Бұл өлең жолдарын халық әнінен алдым. Оның қайдан шыққанын білмеймін. Мен оны Аустралиядағы Сидней қаласынан естідім. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде аустралиялық әскерилер осы әнді жиі айтатын – авт. 39 Поль Верленнің «Парсифаль» өлеңіндегі соңғы жолға қараңыз. 40 Дөрекі саудагерлер өкілі. 41 Жер аты. Түркияның батысындағы Измир бұғазындағы порт. Қазіргі Измир қаласы. 42 Мейіз құны – салықтан босатылған пошта ақысы мен қамсыздандыру ақысына тең. Тапсырыс төленгеннен кейін билет сатып алушыға қайтарылады. 43 Кеннон – Лондон көшесі. Саудагерлер сол көшедегі мейманханаға көптеп жиналған. 44 Метропол – Лондондағы қонақ үй. 45 Тиресия – бақылаушы ғана. Ол шынайы «образ» емес. Поэмадағы ғажайып кейіпкер. Ол кез келген кейіпкермен тоғыса алады. Жалғыз көзді саудагер және сатушымен бірге Финикиге айналып шыға келсе, Финики мен ханзада Напулс арасындағы парықты да сақтаған. Барлық әйел оның бойына тоғысады. Сонымен қатар, әйел және еркектік жыныс та осы Тиресия бойына бірігеді. Осы кеіпкермен кезіккеннің бәрі поэманың астарлы мағынасын аша түседі. Овидидің «Құбылуда» жазған бір абзацы антропология ілімі жөнінен алғанда құнды – авт.

Соқыр шал, кәрі әйелдің төсіне ие, бақылаймын

Ымырт сәтінде тағы да үйге жетелейтінін

Матросты теңізден46, машинистка үйіне жетіп үлгерді,

Астан қалған қоқыс жатыр үстелде,

Терезеден оның іш киімі ұшуға шақ,

Дегенмен, олар күн нұрына кебеді тағы.

Диванда (түнде төсек болатын) –

Шұлық, байлама, төстартқыш пен туфли жайылған.

Мен, қартпын, әжім торлаған әйел төсіне ие,

Бәрін көре тұра, енді не боларын болжаймын, -

Мен де осындай қонақтарды күткенмін.

Міне қонақ, безеу басқан сақтандыру агенті,

Бозбаланың сөйлеу мәнері дөрекі,

Өте дөрекі,

Онсыз өткізілген сақтандыру

Брэдфордтық47 миллионердің қалпақсыз жүргені іспетті.

Қыз шаршады, кешкі ас аяқталған,

Агент еш кідірместен оны аймалауға кіріскен,

Қыз оған ынтық та емес, тоқтатуға да асықпас,

Оның суық қолына жоқ кедергі,

Қыздың ынтық болмағаны ұнайтын да секілді,

Өзіне деген сүйіспеншілік оны тоқтатар емес.

(Ал, мен, Тиресия, осының бәрін болжай аламын

Осындай қонақтықта не болатынын да –

Мен Фива48 қақпасының алдында отырдым,

Аидтағы өліктер арасында серуен құрғанмын.)

Соңында ол қызға міндет қылғандай сүйді,

Және баспалдаққа жөнелді қараңғыға сіңген...

Оның кеткенін біле сала,

Қыз айна алдында бір сәт тоқтады;

Ойына оның бір нәрсе оралды:

«Міне, бәрі аяқталды», - жеңілдегендей күрсініп,

Арудың күнәға батқан кезінде49, ол қыз,

Бөлмеде жүреді еш мәнсіз,

Ары-бері қолдарын сермеп, қосады сосын

Сол қолмен, грамафонға бір пластинаны.

46 Сафонның (грек ақыны) өлеңінде болды деп тошылаймын. Портта ма, әлде балықшы қайығында ма, кешке таман үйіне оралған балықшы кейпі есімде қалып қойыпты – авт. 47 Брэдфорд – Англияда тоқымашылықпен аты шыққан қала. Бірінші дүниежүзілік соғыста осы қаладан көптеген миллионер шыққан. 48 Гомер, «Одиссей» эпосының ІХ тарауы. Эдип патша өз шешесімен жыныстық қатынасқа түскеннен кейін Фива шөлге айналған. 49 Оливер Голдсмиттің «Уэйкфилд» әніне назар аударыңыз. Бұл сөзде адамдардың сол кездегі моральдық танымын көрсетеді. Қыздардың пәктігіне аса назар аударған. Қыз бен жігіт некелеспей қатынасқа түсуі қылмысқа тең болатын. Ал бұл жерде қыздың пәктігіне мән бермеу, моральдық танымның өзгергені көрсетілген.

«Бұл ән маған су бетін жанай келді»50

Стрендтің бойымен, Куин-Виктория-стритпен жоғары.

О Қала, о қала, кейде маған естіледі

Лоуэр-Темз-стриттегі сырахана алдынан

Мондолиннің тәтті дыбысы,

Адамдардың дабыры, ыдыстардың сылдыры,

Думан құрған балықшы келгенде ол жерге түстеніп,

Магнус Мартир қабырғасында тұрды51

Ионян52 ақ алтын түсті отпен жарқылдаған.

Өзен арнасында ағады,

Ағады мұнай, жанармай53,

Қалқып кемелер.

Толқынымен өзеннің

Қызыл желкен күтеді

Желменен тағы жөнелер.

Ағаштар ағады,

Борт жанында

Гринвичке қарай.

Иттер аралы маңында.54

Уэйалала лейа

Уэллала лейалала55

Элизавет және Лестер56

Еседі ескектерін

Кәріліктен өртене

Азығы оның бақалшық.

Қызыл және алтын түсті

Жағада ойнайды тағы

Толқын әрлеп су бетін

Ағыспен бірге батарсың.

Оңтүстік-батыс желі тағы да,

Қоңырау үні

Ақ мұнаралардың жанында.

Уэйалала лейа

Уэллала лейалала

50 Шекспир, «Нөсер», ІІ шымылдықтың ІІ көрінісіндегі 390 жолға қараңыз. 51 Бұл Уреннің ең керемет шығармасы секілді. «Қалада құлатылуға шақ 19 шіркеу» шығармасын қараңыз. Бұл жерде бір ғибадатхана жайлы айтылған. Оның ішін кезінде Кристофер Урен жасаған. Ғибадатхана трамвай жолдары салынған кезде құлатылған. 52 Ионян ежелгі грек сәулет өнері. 53 Май және жағармай өнеркәсіп өркениетінің символы іспетті алынған. 54 Иттер аралы (Dogs) Лондондағы Темза өзеніндегі түбектің атауы. 55 «Рейн бойындағы үш ару» операсы осылай басталады. 292-306 жолдар кезектесіп айтқан әндері. «Ақырзаман» ІІІ шымылдық, І көріністегі Рейн бойындағы аруға қараңыз. 56 Джеймс Энтони Фроде жазған «Элизаветтің» І том, IV тарауындағы хатты оқыңыз. Ол жерде Испания королі патшайым Элизаветке неке талабын қойғаны жайлы жазылған.

«Туған жерім – Хайбери. Адастырған –

Ричмонд57. Трамвайлар және шаң басқан саябақтар,

Ричмондта мен тіземді жарақаттадым

Кішкентай қайықта отырып».

«Аяғым менің Мургейтте58, аяғымның астында

Жүрегім. Ол сүйемін деп жалынды сосын.

Содан кейін жылады. Ал мен үнсіз қалдым.

Кімге енді кектенемін?».

«Маргейттегі59 жағажайдың жанында

Жоқ пен жоқты қосуға талпынып.

Кір қолымның тырнақтары сынды.

Менің шалдарым өте қарапайым,

Олар ештеңе күтпейді».

Ла ла

Мен Карфагенге жол тарттым60.

Отқа оранған, отқа оранған, отқа оранған61

О, Құдайым, Сен мені суырып аласың,

О, Құдайым, Сен мені суырып аласың

Отқа оранған

ІV. СУДАН КЕЛГЕН АЖАЛ

Финикилік Флеб, екі апта бұрын озған өмірден62,

Шағала дауысын да, жорға толқындарды да ұмытқан,

Кіріс пен шығысты да ұмытқан.

Теңіз ағысы

Оның сүйегін тазартады, қарсыласуға жоқ дәрмен

Дауылдан кейін, денесі бір қалқып, бір батқанда,

Жастығынан қарттығына дейін өмірді өткерді63

Иірімге еніп.

Сен,

Еврей немесе эллин желкен астындағы64,

Флебті есіңе ал: ол да күші тасыған әрі сымбатты болатын65.

57 «Қасиетті күй. Тозақтың» V тарауындағы 123 жолына қараңыз: Есіңе ал, Мен Биямын. Сейна маған өмір сыйлады, Малима мені құртты – авт. 58 Мургейт – Лондондағы кедейлер ауданы. 59 Маргейт – Лондондағы байлар мен шенділер тұратын айлақ. 60 С.Аугустин, «Тәубаға келу»: Карфагенге жеттім. 61 Бұл сөз Будданың «Тозақ нышаны» мәтінінен алынған. Генри Кларк Уоррен мырзаның «Будданың аударылуы» еңбегіне қараңыз. Ол кісі батыстағы Будда зерттеушілерінің атасы. 62 С.Аугустиннің «Тәубаға келуін» қараңыз. Бұл жерде батыстық және шығыстық төзім теңестірілген. Бұл шумақ шығарманың шырқау шегі болғандығы таңдандырмас. 63 Бұл жерде Флебтің өлім иіріміне түскенін көрсетеді. 64 Бұл жерде барша адамзат меңзелген. 65 Элиот бұл жерде өмір мен өлімнің алма кезек келетінін ескертеді. Флеб тек дүниеге қызығушы ретінде көрсетілген.

V. НАЙЗАҒАЙДЫҢ АЙТҚАНЫ66

Алау оты67 бетіңе жарық шашқанда,

Мұздай саябақ68 үнсіздікті құрсауға алғаннан кейін,

Тау-тастардағы қасіреттерден кейін,

Көшелер мен алаңдардағы жас пен айқайдан,

Түрмелер мен сарайлар және зілзалалардан,

Шалғайдағы тау үстіндегі көктемгі күн күркіреуінен

Кейін,

Ол бұрын өмір сүрген, қазір өлді,

Біз де өмір сүргенбіз, енді өлеміз,

Тек сәл күтсек болғаны.

Бұл жерде су жоқ, тек тас қана69,

Тас қой тек, су жоқ және құм басқан бар жерді,

Тауға ұмтылады ол жол,

Ал тау тек тастан тұрады, су да жоқ ол жерде,

Су болса құмарымыз қанғанша ішер едік,

Таста ойымыз да тұрақтана алмайды,

Теріміз құрғап, аяғымыз құмға сіңеді,

О, бір тамшы су болсашы тастың арасында

Тау да ауызға су тамызбас,

Бұл жерде тұруға да, жатуға да, отыруға да болмайды,

Тыныштық та табылмайды бұл таудан.

Тек жауынсыз найзағай ғана,

Тіпті жеке қалуға да болмайды бұл жерде,

Тек суық түсті мысқыл күлкі ғана

Балшықтан құйылған үй есігінен сығылаған.

О, егер мұнда су болса,

Тас қана емес.

О, егер тастар болса

Және су болса ғой, шіркін!

Және су,

Бұлақтар,

Таудағы құдық,

О, шіркін естісек тамшы үнін,

Жәндіктердің және

Құрғақ шөптің дауысын емес.

Бірақ тасқа түскен тамшы дыбысы

Ән салады қараторғай іспетті бұлбұлдай қайың басында70,

Шоп-шоп, шөлп-шөлп, шып-шып

Бірақ су да жоқ бұл жерде.

66 Бұл тарауда үш үлкен тақырып көтерілген: Эммусқа барар жол, қауіпке толы шіркеуге бет алу (Уетсон ханымның кітабына назар аударыңыз) және Шығыс Еуропаның тозуы – авт. Эммусқа барар жолда еврейлер опасыздық жасап, Исаны крестке шегелегеннен кейін, оның қайта тірілуі, артынан ерушілермен бірігу үшін жолға шыққаны баяндалады. Үмбеті оны танымайды және тура жолдан адасады. Інжілде де осылай жазылған. Элиот осылай Иса қатерге ұшырағаннан кейін соңынан ерушілердің мағынасыздыққа жолыққанын айтады. Бұл өз кезегінде Еуропа рухани әлеміндегі «Шөлдің» айқын көрінісі. 67 Рим жасақтарының Исаны ұстау үшін шыққандағы қолдарындағы алау. 68 Опасыздардың Исаны ұстаған жері айтылған. 69 Бұл жердегі су – өмірдің және қайта туу күшін білдіреді, тас – өмірдің өшуі. 70 Бұл Солтүстік Америкадағы Квебек тауында мен кездестірген құс. Ғылыми атауы – Turdus aonalaschkae pallasii. Чапманның шығыс Солт. Америка құстары кітабында «Бұл құс құбылта шырқай алмайды, бірақ оның ырғағы тамаша» делінген.

Сенің қасыңда жүрген үшінші адам кім?71

Мен санағанда, біз екеуміз, тек сен және мен,

Бірақ алдағы ағарған жолға қарасам,

Үшінші адамның бар екенін білемін,

Үнсіз, қымтанған, тұмшалаған бетін,

Мен оның еркек не әйел екенін де білмеймін,

- Бірақ кім ол сенің жаныңда келе жатқан?72

Тым биіктегі не дыбыс?

Ананың жылаған дауысы тұншыққан

Бетін бүркеген тобыр кімдер?

Қоршалған тек көкжиек сызығымен ғана

Шегі жоқ далада топырақ жарығына сүрініп,

Таудың ар жағындағы қай қала?

Күңгірт аспанда қирайды ол,

Мұнаралар да құлап,

Иерусалим, Афина, Александрия,

Вена, Лондон73.

Елесі қалды тек қана.

Оның жалбыраған шашынан ішек іспетті

Тыныштықта күй еседі елітіп,

Ымыртта жарғанат қанаты дыбысы әуеде қалқып

Басын төмен салып ілінеді,

Күмбезі жерге қараған мұнаралар74 да қалқиды сонда.

Қоңырау үні еске салып уақытты,

Бос қалған құдықтардан естіліп дауыс,

Бұл таулар арасындағы өлі жерде

Шөп ән салады айдың әлсіз жарығында.

Кішкене шіркеудің бос қалған моласының жанында –

Бұл бос шіркеу75, желдің үйі,

Терезесі шағылған, есігі тербеледі тек,

Құрғақ сүйек кімге кедергі?

Тек әтеш қана арқалықта отырған

Қыт-қыт-қыт, қыт-қыт-қыт,

Найзағай жарқылы. Міне дымқыл жел,

Жаңбыр әкеледі.

Ганганың76 арнасы төмендеп және еріксіз жапырақ

Жауын күтті, ал қара бұлт

Гимаванттың басына үйірілген

{* Гимавант – Гималайдағы қасиетті тау.}

71 Мен бұл жолдарды Антарктидаға жасалған экспедицияларда жазылған естеліктердің біреуінен алдым. Қайсысы екені есімде жоқ. Шакэлтон жетекшілік еткен экспедиция болуы мүмкін. Ол жерде шаршап-шалдыққан саяхатшылардың көздері бұлдырап, қанша санаса да бір адам артық шыққан – авт. 72 Герман Гессенің мына жазғанына назар аударыңыз: «Еуропаның жартысы, жоқ дегенде Шығыс Еуропаның жартысы құрдымға бет алған. Олар құдды Дмитрий Карамазов секілді қасиетті ән шырқағандай мас күйде ән айтады. Адуынды буржуазия қарқылдап күледі жалған, ал пайғамбарлар мен әулиелер көз жасын төгеді тыңдап.» Автор бұл жерде «октябрь революциясын» жоққа шығарады. Осы тарауда Еуропадағы шөлдің бір кейпі ретінде бейнеленген. 73 Иерусалим, Александрия, Афина, Вена бұрынғы өркениет орталықтары, талай соғыстың кесірінен талқандалған. Ал Лондон қазіргі өркениет иесі. Осы заманғы заттық өркениет кесірінен бұрынғы кейпінен айырылған. 74 Лондондағы қираған шіркеулер символы. Руханияттың құлдырауын білдіреді. 75 Уэстон ханымның «Грааль» аңызы жайлы жазылған кітабындағы «Қатерлі шіркеу». 76 Үнді өзені. Элиот Будда томдарындағы атауы үшін алған.

Ну орман үнсіздікке оранған.

Сонда найзағай айтты

DA77

Датта: біз не бердік?78

Досым менің, жүрегімді тербеткен қан,

Қас қағым сәттегі керемет ерлікті

Адал ғасырмен де сатып ала алмас,

Тек осылай біз өмір сүре алдық,

Өрмекші торы торлаған шумақтан да табылмайды,

Қорғаушы ашқан мөрленген құжаттар да табылмайды

Біздің бос бөлмелерден.

DA

Даядхвам: мен кілттің80

Бір кезде құлыпта айналғанын естідім,

Әркім өз түрмесінде кілт жайлы ойлайды,

Әркім кілт жайлы оймен өзіне түрме тұрғызады.

Тек ымыртта сырттан келетін әуен

Жеңіліс тапқан Кориолонені81 оятардай.

Дамьята: Қайық

Теңізшінің қолы мен ескекке берілді,

Теңізде тыныш және жүрек те көңілді

Ол да шебер қолдарға мойынсұнып, жауап берер

Мен арық жағасында отырдым82

Балық аулап, ту сыртымда – сусыз қаңыраған дала

Өз жерімді қалыпқа келтіре алам ба?83

Лондондағы көпір қирап жатыр, қирайды, қирайды,

Жасырды кейін ол өз денесін оттың ішіне84

Біз қашан қарлығаш боламыз – О, қарлығаш, қарлығаш,85

Шахзада мұнара ішінде жұрдай болған ұяттан86.

Осы картиналарды мен қирандылар арасынан алдым

Енді мен сіздерге көрсетемін.

Иеронимо87 тағы есінен ауысты.

Датта. Даядхвам. Дамьята.

Шанти, шанти, шанти.88

1922 жыл

77 DA – найзағайдың шатырлаған дауысы. 78 Датта, Даядхвам, Дамьята – будда жазбаларынан алынған. Беру, тілектес болу, иелік ету деген мағына береді. Найзағай мағынасын «Брихдангака-Упанишадтың» V томының І тарауынан табасыз – авт. 79 Дж. Уэбстер, «Ақ сайтан», V көрініс, VI көрініс: Олар тағы да жаңадан некелесті. Құрттардың көріңде кеміретінін, құлпы тасқа өрмекші өрмек тоқырын күтпедің бе? – авт. 80 «Қасиетті күй. Тозақ» ХХХІІІ тарауындағы 46 жол: Естідім мұнара есігінің құлыпталып қалғанын – авт . 81 Кориолоне – Шекспир драмасындағы кейіпкер. Асқақтығы үшін жеңілген. 82 Уэстон ханымның «Жаназадан аңызға дейін» кітабының І тарауын қараңыз – авт. 83 Інжілдің ХХХVІІІ бөлімінің І тарауын негізге ала отырып жазылған. Тәртіпті түзеп, әлі де жоғалмаған құндылықтарды сақтау мағынасын білдіреді. 84 «Қасиетті күй. Тозақ» ХХХІІІ тарауындағы 46 жол: Мен қазір сені бастап, Апарамын баспалдақтың ұшар басындағы қайырымдылыққа. Есіңе ал сәт сайын мен тартқан азапты. Сосын ол өзінің отына жасырды денесін – авт. 85 «Винерске түнеу» ІІ, ІІІ тарауларындағы Филомелді қараңыз – авт. 86 Жерар де Нервальдің 14 жолдық «Бейбақ» өлеңіне қараңыз – авт. 87 Томас Кидтің «Испания трагедиясынан» қараңыз – авт. 88 Упанишад эпилогының соңғы сөзі. «Барлық ақылдардан да биік бейбітшілік» деген мағынада.

Аударған: Абзал Сүлеймен

Бөлісу:

Көп оқылғандар