Асылбек Байтанұлы. Музыканың ұлы теоретигі

Бөлісу:

10.02.2020 9592

Жер шарын мекендейтін әр халықтың өзге жұрттың алдында мәртебе ретінде әйгілеп, мақтаныш тұтатын тұлғалары болады. Ол – әлемді жаулаған жиһангер немесе қаһарман жауынгер, әлде қол жетпес рекорд жасаған спортшы, немесе адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғалым болуы мүмкін. Қазақ халқы да әлемге әйгілі тұлғаларға кенде емес. Дәл қазіргі күні қазақ әлем музыкасының көгінде жарқыраған фенмомен жұлдыз Димашымен мақтанады. Димаш – ән салу техникасы бойынша қалыптасқан өлшемдердің ең төменгі баспалдағы мен екінің бірінің дәті жетіп бара бермейтін ең зау биігі арасында еркін қалықтайтын, қайталанбас қабілет-талантқа ие дара жаратылыс. Музыка әлемі, музыкатану – тым ерте қалыптасқан ғылым. Димаштың қазіргі орындаушылық жетістігі мен болашақ мүмкіндігі жайлы әлемдік музыкатанушылар, өнер зерттеушілер жарыса жазуда. Отандық эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұраттың «Димаш. Когда жаждут крика» атты кітабынан жарияланған үзіндіде мынадай жолдар бар: «...The vocal Lexicon әдетте поп-музыкада бір, әрі кеткенде екі тональдылық тоннан аспаса, Димашта бірден әртүрлі бес тональдылық бар екендігін жазады.

Суретте: Димаштың асқақ әндегі кульминацияны ұстап тұрған сәті

Ал Ольга Донская S.O.S. композициясында Димаштың бүгінгі күнге дейін ең жоғарғы тональдылық: - си минорды алғанын атап тұрып көрсетеді». Димаш ән салғанда аузын ашып, көзін жұмып, ебіл-дебіл еңіреп жылап немесе таңданғаннан сілейіп қатып қалатындарды экраннан жиі көреміз.

Суретте: Димаш салған әнге ерікіз елтіген фанаттардың көңіл күйі

Демек, мұндай әсерлі күйге түскендер мен әлемнің қайт түкпірінде қашан Димаштың концерті өтеді десе, күнібұрын қамданып, алып-ұшып жететіндердікі – шынайы өнер биігін анық түсініп, мойындағандық екен.

Ән салудағы шеберлік, биіктікті бағындыруды талдап жіліктеу – музыкатану ғылымының жұмысы. Музыкатану ғылымы демекші, біздің бүгінгі мақаламыздың өзі де осы ғылымның теориясы мен практикасының іргетасын бекіткен әйгілі тұлға жайында болмақ.

Қазақ топырағында туған әлемге әйгілі тұлғалардың арасында Әбу Насыр әл-Фарабидің орны ерекше. Әл-Фараби шұғылданбаған ғылым саласы аз деуге болады. 1150 жылдық мерейтойын атап өтілуіне орай Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың өзі түрен салған немесе өзіне дейінгі негіздеген ғылым саласына қатысты туралы цикльдік мақаламызда фарабтық ғұламаның музыкатануға қосқан зор үлесі «Музыка туралы үлкен кітап» еңбегі туралы қарастыратын боламыз.

Суретте: Әбу Насыр әл-Фарабидің

"Музыка туралы үлкен кітап" еңбегі

Әбу Насыр әл-Фарабидің біздің заманымызға жеткен ғылыми мұрасының саны жүз алпысқа жуық трактат десек, солардың арасындағы ең толымдысы – музыка жайындағы еңбектері. Фараби бабамыз кез келген ғылым саласынан хабардар, әмбебап ғалым болуы өз алдына, музыка теориясы мен практикасы бойынша еңбек жазу үшін музыкалық аспаптарда шебер ойнай білгендігі де күмәнсіз. Әл-Фарабидің музыкалық аспаптарды шебер ойнағандығы туралы бір аңыз бар. Өзі өмір сүрген патшалықтың сарайында үлкен жиын болып, ойын-сауыққа ұласып жатады. Осы жиынның ішіндегі көп қонақтың бірі болып елеусіз отырған әл-Фараби бір реті келгенде оқшауланып шыға сала, қолындағы екі шекті аспабын күмбірлетіп алуан түрлі әуенді құйқылжыта ойнай жөнеледі. Екі ішекті аспаптың шанағынан төгілген түрлі әуенді естіген жұрт біресе мұңдана күрсініп, біресе шаттанып қуанып, алуан әсерге бөленеді. Әл-Фараби ақыры бір жайма-шуақ әуенді ойнаған кезде, ұйып тыңдап отырған қауым түгел ұйқыға берілген екен-міс. Бұл – мүмкін, рас болар, мүмкін, әлдебір жазушының шебер қиялынан туған әсіре әңгіме болар, бәлкім. Бірақ, шындығы – Әбу Насыр әл-Фарабидің әлемдік музыка теориясы тарихында өзіндік орны бар ғалым екендігі.

Әбу Насыр әл-Фарабидің музыка теориясы жайындағы ұлы еңбегі «Музыка туралы үлкен кітап» деп аталады. Бұл кітап музыка теориясы туралы жазылған ең құнды еңбектердің бірінен саналады. Әл-Фараби музыка теориясын бір жүйеге келтіруді мақсат ете отырып, өзіне дейінгі іргелі еңбектерді салыстырмалы түрде толығымен сипаттап өтеді. Сонымен қатар өзі өмір сүріп, еңбек етіп жатқан араб еліндегі кең қолданыстағы аспаптардың дыбыс шығару ерекшелігіне дейін тәптіштеп жазады. Мұны өзінің «Музыка туралы үлкен кітап" еңбегінде атап өтеді: «Расында біз бұл кітабымызда осы елімізде қолданылатын кеңінен таралған барлық аспаптар хақында баяндадық. Олардың әрбіріне жеке тоқталып, аспаптағы күллі дыбыстарды және интервалдар мен дыбыстық қатарларды санап көрсеттік».

Ғалым алуан түрлі ғылым салаларының, оның ішінде физика мен математика теорияларының білгірі ретінде терең пайымдаулар жасай отырып, аталған ғылым салаларының музыкаға қатысымдылығын барынша пайдалана алған.

«Музыка туралы үлкен кітап», «Музыка жайлы талдау», «Ырғақтардың классификациясы» еңбектерінен өзге «Ғылымдардың шығуы», «Ғылымдардың энциклопедиясы» трактаттар жинағында да музыка ғылымы турасындағы тұжырымдарын береді.

«Осы ғылымда біздің дәлелдеп шыққан нәрселерімізді тек математика мен теориялық ғылым иелері ғана пайдаланумен шектеліп қалмаса екен. Себебі, бұл кітапта осы өнерге қатысы бар көптеген дүниелер айтылып, біразы дәлелденді. Сондықтан бұл кітаптан осы өнердің практиктері мен кітаптағы мәліметтерге сезімі арқылы жетуді мақсат тұтқан адамдар да өз үлестерін алсын», - деп ескерткен ғалым өз еңбегінің барша оқырман қауымға қолжетімді әрі түсінікті болғанын ескергендігін аңғарамыз. Әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітап» атты еңбегі өзінен кейінгі, соның ішінде осы заманғы музыка зерттеушілер тарапынан жоғары бағалануы – аталған ғылыми туындының қапысыз сапалылығын танытса керек.

Ғасырлар бойы адамзаттың кәдесіне жарап келе жатқан «Музыка туралы үлкен кітап» атты бұл еңбек музыка ғылымына кіріспе, музыка ғылымының негіздері, музыкалық аспаптар, музыкалық композиция атты тарауларға бөлінген. Әл-Фарабидің грек музыкатанушыларынан артық тұрған бір тұсы – музыкалық дыбыстарды зерттеу тұрғысында, музыкалық аспаптарға аса мән беріп, сипаттама жазуы еді. Мұның әсер, ықпалын өзінен кейінгі дәуірлердегі әйгілі скрипка шеберлерінің аспап жасау үшін ағаш дайындауы, түрлі формаға т.б. ерекше назар аударуынан байқаймыз.

Әл-Фараби бұл еңбегін әлдебір замандасының өтініші бойынша жазғанын байқаймыз. Бұл жөнінде ол былай деп атап көрсетеді: «Сен ежелден келе жатқан байырғы музыка өнерін білгің келіп, түсінікті әрі жеңіл, жұрттың кәдесіне жарайтын кітап жазуды өтінген едің… Сол тапсырмаңды осы уақытқа дейін орындай алмай келдім. Себебі бұл мәселе жөнінде жазған ертедегі ғалымдардың еңбектерін тегіс, мұқият қарап шығуға тура келді...». Тапсырыс беруші немесе ұсыныс тастаушының бұл өтінішін қабылдай отырып, Әл-Фараби бұған өзінің мұқият әрі ұзақ дайындалғанын мына бір сөздерінен анық аңғарамыз: «...Мен қарап шыққан еңбектерде бұл өнердің кейбір жақтары мүлде ескерусіз қалған сияқты. Көпшілік кітаптарда музыка мәселесі әсіресе, оның теориясы бір-біріне байланыссыз жазылған. Алайда бұл кемшіліктер ертедегі ғалымдардың қабілеті нашарлығынан кеткен болар. Ал енді олардың музыка жөнінде жазған еңбектері не жоғалып кеткен немесе арабшаға нашар аударылған болуы керек. Бұл мәселенің олқы болып отырғанын мен өзімше осылай түсіндіре аламын. Міне, сол себептен мен сенің тілегіңді орындауды өзіме борыш санап, осы кітапты жаздым».

Әбу Насыр әл-Фараби жоғарыда атап өткеніміздей, тапсырыс, ұсыныс берушінің сұранысын лайықты орындау үшін музыка теориясы бойынша өзіне дейін ғылыми еңбектер жазған ғалым теоретиктердің зерттеулерін толықтай оқып, пайымдау жасайды. Олар – антикалық дәуірдің әйгілі тұлғалары, грек ғалымдары Аристотель, Пифагор, Евклид, Аристоксен, Птоломейлер болатын. «Әлемнің бірінші ұстазы» аталған Аристотельден бастап, әрқайсысы дүниежүзілік классикалық ғылымдар теориясын негіздеушілер болап табылатын бұл оқымыстылардың жазған дүниелеріне талдау жасап, олардың дұрыс, бұрыс жақтарын жеріне жеткізе сараптау, жетілдіре отырып тұжырым, қорытынды жасау – білімдінің білімдісінің ғана қолынан келетін тәуекелді іс. Әл-Фараби осы миссияны сәтті орындап шығып қана қоймай, гректердің жеткен жетістіктерін басып озған. Оған ғалымның мына сөзі дәлел: «Мен тек музыка ғылымын бағалаушы ғана емеспін, музыка өнерін де бағалаушымын, сондықтан да ертедегі гректерге қарағанда, көбірек істеуіме мүмкіндігім болды». Бұл – өзіне өзі сенген ғалымның сөзі. Әл-Фарабидің грек ғалымдарынан артықшылығы неде? Грек ғалымдары музыкаға математика және физиканың ғылыми заңдылықтары тұрғысынан қарап, ғылыми негіздерге көп сүйенсе, Әбу Насыр әл-Фараби оған акустикалық бірлік ретінде ғана қарамай, оны айтушылардың қалып-күйі, психологиялық түрлі ахуалдары т.б. тұрғысынан да мән бере отырып, музыкатануды кешенді түрде қарастырудың негізін салды. Бұл дегеніміз – музыканы ойнаушы, орындаушы адамның рухани әлеміне қатысты танымдық биік болатын.

Әл-Фарабидің пікірінше, музыкатану ғылымының негізі физика немесе математика ғылымдарында жатқанымен, оның басты мақсаты – адамның, яғни тыңдаушының сана-сезімін сұлулық әлеміне жетелеу болғандықтан, ол поэзиямен үндесіп жатады. Демек, поэзиядағы мінсіз поэтика мен талғампаздықтан туындаған музыка бір-бірімен қапысыз етене үндескен жағдайда ғана оның әсерлілігі өлшеусіз болмақ.

«Музыка туралы үлкен кітапқа» орта ғасырлық Шығыс ғалымдары Ибн-Сина, Омар Хайям қатарлы ойшылдар мән беріп, оны үлгі тұтып, жоғары бағалады. Ал Қайта өрлеу дәуірінен кейінгі Еуропада бұл кітап үлкен сұранысқа ие болды. Латын тіліне аударылып, айналымға енген бұл еңбек Еуропаның классикалық музыка теориясы қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Музыкатанушы ғалымдардың атап өтуінше, аталған еңбектің өзегінде музыка теориясы мен практикасында қазірде қолданыстағы екі тонды музыка жүйесінің бастауы жатыр. Бұл еңбек – сан алуан ғылымдардың кешенді түрде тоғысқан үйлесімі. Онда тек музыкатану ғылымы ғана емес, философия, физика (дыбыстың жасалуы немесе акустика), математика, тарих, этнография т.б. ғылым мәселелері тиісінше беріліп отыратындығымен құнды.

«Музыка туралы үлкен кітапта» Әбу Насыр әл-Фараби мынадай ой айтады: «...Демек, әлемде қанша ұлттық жетілген мәдениеттер бар болса, сонша ұлттық философиялық ойлау жүйелердің болатындығын көрсетеді». Ғалымның бұл пікірі – кез келген ұлттың музыкасы сол ұлттың өмірге деген философиялық көзқарасының, танымының айнасы деген ойды беріп отырғандығы анық. Мұны әйгілі қазақ ақыны Қадыр Мырза Әлінің «Қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», - дейтін өлең жолдары айқындап тұрғандай. Осы арада біз үшін мынадай сұрақ туады: Әбу Насыр бабамыз еңбегінде домбыра туралы айтылған ба? Домбыра аспабын қолданудың теориясы жайында тұжырымдар кездесе ме? Осы тұрғыдан алғанда, ғалымның кітабына арқау болған – әл-Фарабидің өзі өмір сүріп жатқан араб қоғамында пайдаланылатын музыкалық аспаптар болғандықтан және түркі әлемінен тым алыста жатқандықтан, аталған кітапта домбыра туралы зерттеу жоқ деуге болады. Ғалым кітабында былай деп атап көрсетеді: «Мұнда біз айтпаған, бірақ белгілі бір қауым қолданып жүрген аспаптар да болуы ықтимал».

«Музыка туралы үлкен кітап» еңбегіндегі көптеген музыкалық аспаптарға сипаттама бере отырып, олардың қасиетін жан жақты ашқан ғалымның екі ішекті аспаптар туралы айтқан тұжырымдарын домбыраға да қатысты деуге болады: «...Расында бұл аспапта сезімге қатысты көптеген ғылыми қырларын көрсету ауырға соқпайды. Әсіресе, мына бір сөйлемдер тура домбыраның құлақ күйін келтіруге қатысты айтылғандай сезіледі: «... ішектерді тең тартып, сосын ол екеуінің бірін бос ішекте ойнап, екіншісін соған есту қабілеті арқылы үйлесімді қылуға мүмкіндік бар. Сол кезде «Музыка өнерінің негізгі элементтері» кітабында айтылған біраз дүниелерді, әсіресе үндестік қатынастарын анықтауға болады». Тағы да жоғарыда мысал ретінде алған, Қ.Мырза Әлі өлеңіндегі: «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл бұра» дейтін тармақтың айтары осы емес пе еді? Әбу Насыр әл-Фарабидің сан түрлі ғылым саласындағы еңбектерінің бір парасы – музыкатану турасындағы трактаттар қазақ тіліне аударылып, зерттеушілер мен қалың оқырманның игілігіне ұсынылғаны белгілі. Ғасырлар ғұламасының 2020 жылы атап өтілетін 1150 жылдығы аясында Әбу Насыр әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітап» және басқа да еңбектерімен танысамын деген оқырман «Әдебиет порталының» электронды кітапханасынан онлайн түрде оқуына болады. Аталған кітап 2007 жылы "Мәдени мұра" мемлекеттіі бағдарламасы аясында жарық көрген болатын. Кітапхана қорында ұлы тұлғаның өзге де кітаптары бар.

Бөлісу:

Көп оқылғандар