Абай өлкетану музейіне атсалысқан

Бөлісу:

05.04.2020 3692

Қазақтың ұлы ақыны, ғұлама ойшыл Абайдың ерекшелігі оның жан-жақты, сан қырлы дарын иесі болғандығы баршамызға мәлім. Ақындығымен қоса, өнердің қай саласына болмасын еркін бойлай білген Абай өз заманындағы қоғамда болып жатқан дүниелерден тыс қалмай, сол бір «соқтықпалы, соқпақсыз жерде» «мыңмен жалғыз» алыса жүріп, қазақ халқының мәдениеті мен этнографиясына да ден қояды. Тек өлең-жырларымен үн қосып қана қоймай, «қалың елі - қазағын» өркениетті елдердің қатарынан көргісі келген ұлы ақын өз ұлтының бай этнографиясын көпшілікке таныстырып, дәріптеуді мақсұт тұтты.

Семей облыстық тарихи-өлкетану музейі

Абайдың бір ғасырдан астам уақыт бұрын, дәлірек айтқанда 1885 жылы қазақ тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін заттарды 1883 жылы ашылған музейге орыс досы Н.Долгополов арқылы тапсырғаны белгілі.

Ойшыл ақынның мұндай игілікті істері Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің кітап қоры материалдарынан қапысыз танылады.

Сирек басылымдардың бірі – «Семипалатинские областные ведомости» газетінің (10.05.1886 ж. №19) 174-бетіндегі жазбада: «Н.И.Долгополов, бывший летом прошлого года в степи, доставил в музей значительное число предметов по киргизскому отделу (модель юрты с внутренней обстановкой, модель сохи, музыкальные инструменты, образцы пищи киргизов и другие предметы). Кроме этих лиц, следует упомянуть киргизов - И.Кунанбаева и Калыбая Барменева, приславших музею предметы киргизского изделия (алачи, кошмы, пояс, ножи и пр.)» делінген.

1883 жылдың 18 қыркүйегі – 1886 жылдың 1 қаңтары аралығындағы көпшілік кітапхана мен облыстық музейдің жағдайы туралы берілген бұл есептен Абайдың қазақ этнографиясын танытатын заттарды бір емес, екі мәрте тапсырғандығын аңғаруға болады.

Сонымен бірге, басылымның 175-бетінде 1885 жылдың жазында музей мен кітапханаға американдық саяхатшылар Кеннан мен Фрост келгендігі туралы ақпарат берілген. Музейді аралап, қор байлығына таң-тамаша болған шетелдік меймандар этнография бөліміне үлкен қызығушылық білдіреді. Әсіресе, қобыз бен шамшыраққа көзі түскен суретші Фрост өзінің альбомына қажет деп заттарды суретке түсіріп алған.

Қоғамдық қызметке белсене араласып, түрлі қоғамдарға мүше болған Абай өлкедегі тұңғыш музей қорын толықтыру ісіне де атсалысқандығын көреміз. Ұлы ақынға қатысты осындай деректер оның өмірінің көптеген фактілерін толықтыруда, сол арқылы ақынды әр қырынан тануда маңызы зор айғақ болып табылады.

Міне, ертеден қазақ халқының төл мәдениеті мен әлемдегі озық елдер өркениетінен сусындаған данышпан Абайдың мұндай әрекеті өз заманының қоғамдық-мәдени өміріне де белсене араласқандығын, өз жұртын асыл мұраттарға жеткізуге талпынғанын растай түседі.

Қазақтың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін, хәкім қолының табы қалған қөне заттардың жиырмаға жуығы 1940 жылы ашылған Абайдың әдеби-мемориалдық музейіне тапсырылды.

Шынар Садықова,
Семей қаласының тарихи-өлкетану

музейінің бөлім меңгерушісі

Бөлісу:

Көп оқылғандар