Бақытбек Қадыр. Құмнан қашып қайда барасың?

Бөлісу:

17.04.2020 5929

Әңгіме «Қырықаяқ» дегеннен шығады... – Кобо Абэның Ники Дзюмпэй атты 31 жастағы сэнсэй, этномолог кейіпкері сирек кездесетін жұмбақ жәндікті іздеп жүріп, теңіз жағалауындағы құм-шағылдардың қуысына қоныстанған бейтаныс ауылдан бір-ақ шығады.

Күн кешкіріп қалғанын соң, Ники жергілікті бір қарттан түнеп шығатын жер сұрайды. Шал шұңқырда жалғыз тұрып жатқан бір әйелдің қасына түсіреді де сатыны алып тайып тұрады. Сөйтіп Ники өмір бойы сол шұңқырда қалады. Романның ұзын-ырғасы осы.

Романды қай тұрғыдан да қандай ракуста да талдауға болады. Өйткені бұл ең әуелі нағыз символикалық роман.

Символизм / философия

Құм – өмір яки уақыт. Әйел – тіршілік. Еркек – қозғалыс. Романның философиялық астары да құмның ағысы тәрізді. Баяу, тоқтаусыз сырғыған өмір секілді «құм» философиясын суреттеуімен ғажап. «Менің қолымнан құм күреуден басқа да нәрсе келеді», дейді Ники үн шығармай қоятын жоғардағыларға. Кейде өзің де солай айтқың келеді. Жан-жағыңа қарап, құм күреп тырбаңдап жатқан бір мұғалімді көресің.

Осы романды бір теле талқылауда бас кейіпкер Никиді әлсіз кейіпкер ретінде қарастырыпты. «Ақыр соңында күйбең тіршілікке мойынсынды. Алғашқы мақсаты далада қалды» дейді. Үстірт тұжырым тәрізді. Никидің өзі әуелі бастан арманы асқақ, мақсаты айқын еді. Бірақ өзінен тысқары күштің айдауымен шұңқырға түсті. Сонда да мойыған жоқ, қапастан қашып шығуға талпынды. Жай ғана талпынып қоймай, өзінше бунт жасады.

Кобо бір сөзбен айтқанда, Камюдегі Сизифтың жұмбағына терең үңілді. Камю тіршіліктің мәні немесе бақытқа ұмтылудың жолы қарсылық деп есептегенімен адам бәрібір тысқары күштен жеңілетінін іштей мойындайды. Қарғысқа ұшыраған Сизиф бәріне көнеді, құл секілді жүреді. Іштегі адамдық һәм азат жаны оянады да тағы қарсыласа түседі. Ақыр соңында сол өнімсіз тірлігі мәнсіз болса да жалғастыра беруінен бақыт табады.

Ники де өзінен тысқары күштің бұғауынан сытылып шыға алмаған соң, өнімсіз тішілігін жалғатыра береді. Бірақ Никиде үміт зор. Ақыры бір күні Ники «үміт» тәжірбиесі арқылы құмнан су шығарып алудың тәсілін тапты. Су – болшақтан үміт. Ол су тауып алған соң жоғарыдағыларға деген мұқтаждықтан құтылды. Міне, бұл романның жанды тұсы. Жапонның самурай жаны. Оны қалай «тіршілікке мойынсынды, жеңілді» дейді? Әрбірден соң тіршікке мойынсыну – жеңілу емес.

Әйел тіршілікке әбден көндіккен, яғни жаны жеңілген адам ретінде айтала береді. Олай емес тәрізді. Әйелде де арман бар. Арманы – айна мен радио алу. Үлкен бе, кіші ме, әйреуір арманы бар. Айна мен радио әйел жанының тереңінде жатқан құпия. Бәлкім, өзгеріске деген үміт. Айна – өзіңді көру, өзіңді тану. Радио – өркениет көшінің қалай кетіп бара жатқанын бағамдауы шығар.

Тағы бір символикалық деталь – ит. Біз ғой «иттің жүні жүн емес» дейтін. Ал Кобоның иті үстіндегі қырқылған жүнге қарап қыңсылайды, денесінің бір мүшесін кесіп тастағандай. Кобаның ішкі иті қылдай әділетсіздікке жанымен қарсы. Қарап отырсақ, әр жақсы шығарманың ішінде осындай бір «ит» жүреді.

Хироси Тэсигахараның "Құм құрсауындағы әйел" фильмінен. 1963 ж.

Реализм / жағдай

Роман әлемдік деңгейдегі пробеманы көтерген адамзаттың ортақ рухани мұрасы. Әйткенмен бұл жапон романы. Әуелі жазушы романды өзінің жапондары үшін жазды.

Жапония тарихта үлкен дағдарысты бастан кешті. Қазіргі жағдайын мен білмеймін. Бірақ мекені арал, жері кішкентай, халқы көп екені анық. Жан-жағын қаумалаған Ресей, Қытай, Моңғолиямен соғысты. Қайбір жау іздеп, ерлік көрсетейін деп соғысты дейсің, «ел өседі, жер өспейді» деген уайым. Қай тұрғыда алғанда Америкаға кіріптар болды. Мұның бәрін Кобо Абэ терең түсінді. Мұндай тұйықталған уайымнан шығарудың жолы – жапон рухын көтеру және оптимистік ой сыйлау. Сондықтан да жапондар мықты болуды өзіне парыз санады. Былайша айтқанда, ол жапондарды белгілі бір деңгейде өзгертті.

ХХ ғасырдың басында Жапонияда жастардың шетке босуы, елге деген сенімсіздігін суреттейтін шығарманың бірі – Сато Харуоның «Минору мырзаның өкініші» әңгімесінде де көрініс береді. Сато Харуоның шығармасы сол кездегі Жапонияның әлеуметтік-патриоттық жанайқайы болып шықты.

Құм құрсауындағы бір жұтым суға зәру әйелді сол кездегі Жапонияның жағдайымен шендестіріп қарауға да болады. Бұл тығырықтан қалай шығу керек? Шұңқырды /Жапонияны/ тастап шығуға мүмкіндік те болды. Роман соңында саты мен шұңқыр иен қалды. Бірақ Ники сол шұңқырда қалуға бекінді. Романның ғажап тұсы осы ғой. Талай оқырманның аңқасын кептірген, миын ашытқан тұс. Мен бұл жерде Жапонияның сол кездегі ахуалы тұрғысынан қарап отырмын.

Сизиф те жеңілетінін, тасы өрге домаламайтынын білсе де, бәрібір жалғастыра береді. Демек «Сизиф бақытсыз емес!» деп тұжырымдайды Камю.

Сондықтан Ники нағыз самурай кейіпкер. Тағдырдың қай сынағына тап болса да «келсең кел» дейтін батыр. Бұл жапон санасына Кобо Абэ орнатқан «программа».

Кобо Абэ

«Сахнаның сырты»

Романың қалай жазылғаны жайлы шындықты айтайық. Романның кіріспесі – сол қоғамдағы көзге көрінбейтін құбылыстар мен жекелеген пенденің жасырын пиғылынан басталады. Жазушы романның екінші тынысында сізге кәдімгі ғылыми оқиғаны көлденең тартады. Шығарма желісі қызықты оқиға, лирикаға ұласады. Осыдан кейін роман ширығып, драмалық шиеленіске ұласады. Философиялық-психологиялық тартыстар оқып отырған кісіні үзілдіре түседі. Бір кішкентай шұңқырда үлкен өмір қайнап жатыр. Сәйкесінше әдебиеттің барлық тәсілін, өнердің неше алуанын көресіз. Мысалы Никидің шұңқырдан сытылып шығып, қуғыншылардан қашуы кішігірім шытырман. Шұңқырда бәрі бар. Ән, сурет, ғылым. Әрі қалай шебер үйлескен дерсің. Қысқасы бәрі бар.

Мұның сыры, әлбетте жазушының сәтті тәсіл қолдануында. Роман белгілі график бойымен өрбіген. Мысалы Джеймс Джойстың «Улисс» романын жазғанда қолданатын кестесі секілді.

Міне, Кобо Абэ небәрі 150 беттік романмен әлемді таң қалдырды. Себебі ол роман жазуды тек сұлу сөйлем мен қиял деп қараған жоқ.

(Бізде неге кезінде мода болған көптеген роман қазір өзге түгіл өзімізге жарамай күресінде қалды?!)

Мұхтар Мағауин «Шахан шері» романының қалай жазылғаны жайлы сөзінде «мен он роман жазатын материал жинадым да бір роман жаздым» дегенді айтады. Оқырман алдындағы жауапкершілікті жазушы осылай түсіну қажет пе дейсің).

Кобо Абэның бұдан басқа да шығармаларынан мол ізденістің нәтижесі көрінеді.

«Құм құрсауындағы әйел» романының желісімен түсірілген киносын да көрген едім. Әдетте қағаздағы шығарманы экрандағанда біршама өзгеріп яки құбылып шығушы еді. Мұнда тіптен парқы арта түскендей. Жазушының суреттеген ойын кинорежиссер Хироси Тэсигахара экранда қапысыз жеткізген. Екіншінден, Кобо Абэ өзі де мықты киносценарист. Өзі дәрігердің оқуын оқыпты. Онысы ұстазымыз Таласбек Әсемқұловқа ұқсайды. Қытайда тұрып, Жапонияға қайтты. Сол ортадан өзін өгей санапты.

Жазушы Тілеухан Жұмаханов романды қазақша жатық әрі шебер аударған.

Мен бұл мақаланы жазайын деп жазғам жоқ. Бұл өзі қапылыста қағазға түсті. Әйтсе де миымда жазылып жүр еді. Бірақ ойда бұдан гөрі әдемі әрі тереңірек сияқты-тұғын...

 

Әдебиет зерттеушісі Ерзат Еркінұлы Ерқаған (өзіміз қойған лақап аты Қырықаяқ) замандас менің не оқып жатқанымды білгісі келіп, челлендж жолдапты. Қабыл алдым. Карантинге де шүкір. Біраз кітап оқып, кино көрдік. Отбасымен бірге болудың қызығы өз алдына. «Үйқамақта» отырып, бейбіт күндерді зая жіберетінімізді, үй мен жұмыс арасында далбақтай беретінімізді ұқтық. Аздап құм күреп жүргеніміз де рас екен.

 

Хош. Мен енді осы іліпәкетті ақын Абзал Сүлейменге жолдаймын.

Бөлісу:

Көп оқылғандар