Абай мүшәйрасы мәреге жетті

Бөлісу:

03.06.2020 7602

Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуына арналған мерейтойлық мүшайра өз мәресіне жетті. Көп жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Сәкен Сейфуллин мұражайы ұйымдастырып келе жатқан дәстүрлі жыр бәйгесі биыл Абай рухына арналды.

«Жүрегімнің түбіне терең бойла!» деген айдармен жарияланған аламан жыр жарысына республикамыздың түпкір-түпкірінен белгілі жыр жүйріктері бастап, жас талапкерлер қостап 150 ақын қатысты. Абайдай кемеңгер тұлғаны жырға қосып, алып ақынның әлемін жарқырата ашу оңай шаруа емес екені екінің біріне белгілі. Алайда, мүшәйра жүлдесінен үміткерлердің көп ізденіп, көп толғанғаны көңіл қуантты. Ақындардың көпшілігі Абай өлеңдерінің, «Қара сөздерінің», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының аясынан шыға алмай қалғандығы байқалады. Абайды жырлау – Абайдың «Қара сөздерін» ұйқасқа түсіріп, қайта мазмұндап беру емес екендігін аңғармаған. Ақынның «Қара сөзін» өлеңге айналдырғаннан не ұтамыз? Одан да «Қара сөзді» түпнұсқадан оқығанымыз артық емес пе? Сондай-ақ, біраз ақындар Абай романындағы эпизодтарды өлеңге айналдырған. Бұл талаптары да нәтиже бермеген. Абайды жырлау – Абайдың өз өлеңдеріндегі ойларды қайталап айту емес қой. Бұл жағынан да үміткелер ұтылған. Абайды жырлау үшін үлкен жүрек, Абайға деген ұлы махаббат, терең ой, ыстық сезім, ақындық қуат керек. Алайда, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгірер» дегендей Абай атасын өзінше жырлап, өрнекті өлеңдерімен суырыла шапқан таланттар да болды.

Мүшәйраға түскен шығармалардың ішінде көлемді дастандар да болды. Конкурс шартында поэма болмағандықтан, ол шығармалар қазылар алқасының талқысына ұсынылмады.

Белгілі қаламгерлерден құралған қазылар алқасы мүшәйраға қатысқан шығармаларды сұрыптай келе 12 ақынға бәйге берді.

Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы қазылар алқасына төрағалық етті. Қазылар құрамында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қажығали Мұхамбетқалиұлы, әйгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлы, белгілі журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы болды. Сарапшылар барынша сын көзбен қарап, талғам таразысына салып, бәйгеге қатысқан әр өлеңге көркемдік тұрғыдан баға беріп, әділет биігінен көрінуге тырысты. Мүшәйра ұлы Абай тойына арналғандықтан өлеңдердің ойлары тұнық, парасаты биік, мазмұны терең, тілі құнарлы, көркемдігі шұрайлы болуын қадағалап, Абай тұлғасын асқақтата жырлауды басты назарда ұстады. Ақындардың көпшілігі Абай бастан кешірген зарды, сол заманның қара бұлтын бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның ашық аспанынан да көрген сияқты сыңай танытады. Абай заманында отырғандай күңіренеді. Абай заманыменен бүгінгі заманның арасы жер мен көктей. Абай күткен жарқын заманға жетіп, Абай аңсаған асқақ арманның орындалып, Тәуелсіз елімізбен бірге Абай мұратының жүзеге асқанын неге мақтаныш етпеске?! Өкінішке қарай, кейбір ақындардың өлеңдері орындалу жағынан шебер болғанымен, идеялық жағынан сын көтермеді. Зарлаудың да, жылаудың да, қоғамды қаралаудың да шегі бар.Тәуелсіздіктің, ел болып етек жапқанымыздың қадірін ұмытпаған жөн еді.

Сонымен қазылар алқасы ақылға салып, кеңесе келе Бас бәйгені «Абайдың бұлағы» деген топтама өлеңдері үшін белгілі ақын, филология ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Әскербекқызына (Нұр-Сұлтан) беруді ұйғарды.

Бірінші орынды жас ақын, республикалық жыр бәйгесінен жүлде алып жүрген Қабиден Қуанышбайұлы (Нұр-Сұлтан) «Арманы жоқ Абайы бар халықтың» атты өлеңдер топтамасымен қанжығасына байланды.

Екінші екі орынның бірін қазақтың қабырғалы ақыны, «Алаш», «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты Исраил Сапарбай (Алматы) «Имани гүлдің төркіні» топтамасымен иеленді.

Екінші орынның екіншісі «Кемеңгер» өлеңдер топтамасы үшін белгілі ақын, республикалық мүшәйралардың бірнеше дүркін жүлдегері Бақытжан Раисоваға (Өскемен) берілді.

Үшінші үш орын белгілі ақындар Серікжан Қажидың (Алматы)«Ақылына жау емеспін Абайдың», Болат Үсенбавтың (Алматы) «Абайнама», Ұларбек Нұрғалымның (Нұр-Сұлтан) «Ғасырлардың мінберінде – ұлы Абай» атты өлеңдер топтамасына берілді.

Бес ынталандыру сыйлығы Серік Әбілұлының (Нұр-Сұлтан) «Абай бол», Шәмелхан Бұхатханның (Нұр-Сұлтан) «Бір қонып қайтайыншы Жидебайға», Жігер Нысановтың (Ақтөбе) «Тірі жүрек», Қайрат Зекенұлының (Семей) «Абайға жүгін», Балтабек Нұрғалиевтің (Алматы) «Ұлылық» атты өлеңдеріне бұйырды.

Мүшәйраға қатысқан авторлардың барлығына ризашылығымызды білдіре отырып, жұлдызы жанған жырларымен құттықтаймыз. Ұлы Абайдың ардақты аты ұрпақтан-ұрпаққа жаңғыра бермек. Алты алашқа ортақ осынау дүбірлі той құтты болсын, ағайын!

Ескерту: Короновирусқа байланысты жүлдегерлерді марапаттау кейінге қалдырылуы мүмкін. Өтетін уақытын алдын-ала хабарлайтын боламыз.

Ұйымдастыру алқасы

Бөлісу:

Көп оқылғандар