Әл-Фараби - поэзия теоретигі
Бөлісу:
Ұлы энциклопедист ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің өз заманындағы ғылым түрлеріне пікір білдіріп, бір трактат болса да арнамағаны – кемде-кем болар, сірә. Әбу Насыр әл-Фараби өмір сүрген заманда араб әлемінде әдебиет пен музыка өнері барынша гүлденіп дамуы себепті, оларды ғылыми түрде зерттеудің қажеттілігі туындағанын көреміз. Әбу Насыр әл-Фараби осы қажеттілікті қамтамасыз еткен ғалымдардың бірі, әрі бірегейі. Әл-Фараби сөз өнері туралы өзінің көптеген трактаттарында, өзге ғылым салаларына қатысты кірістіріп отырады. Ғалымның «Поэзия өнерінің канондары туралы трактат» атты еңбегі поэзия, оның қыр-сырлары, жанр, поэтика ақын тұлғасы және басқа да шығармашылыққа қатысты мәселелерді қарастырады.
«Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби көп жағдайда әрбір ғылым саласында өзіне дейінгі ғұламалардың еңбектерін басшылыққа ала отырып, оларды таныстыру, еске салу, ондағы ой-тұжырымдарды тың идеялармен байытып, жетілдіруді жүзеге асырады. Біз қарастырып отырған трактатта да осы үрдіс бар. «Ой толғауды дәлелдеу және данагөй Аристотель «Поэзия өнерінде» бекіткен ойды, білуге (ниет білдіргендерді) онымен таныстыру үшін еске салу осы зерттеудегі біздің мақсатымыз болып табылады». Демек, бұл трактат – грек ойшылы, «Әлемнің бірінші ұстазы» Аристотельдің «Поэзия өнері» еңбегінде қарастырылған ойларды тәпсірлей отырып, өзіндік ой-тұжырымдарын үстеуге құрылған. Әл-Фараби Аристотельдің поэзия жөніндегі еңбегін аяқтауға неліктен құлшыныс танытып отыр? Оған ғалымның мына пікірі жауап береді: «Алайда біз бұның әрбір бөлшегін егжей-тегжейлі және аталмыш өнерге қатыстының бәрін тиісті деңгейде сипаттап түсіндіріп жатпаймыз, өйткені данагөй (Аристотель) поэзия өнері туралыны айтпағанның өзінде, әуелі софистика өнері бойынша да өз ізденісін аяқтамады.» Ғылымның ғылымдығы – оның жеткен жетістіктерге қанағаттанып, бір орында тұрып қалмай, үнемі алға ұмтылып, жаңа ізденістерге бағытталып, тың жаңалықтарға жол ашып отыруда десек, Аристотель өз заманында негіздеп, сипаттап, бірақ толық тұжырымдап үлгермеген ғылыми ізденіс бағыттарын Әбу-Насыр әл-Фарабидің толықтырып, тиянақтап отырғаны – ғылым жолындағы сабақтастықтың, ілгерлеушіліктің көрінісі. Әл-Фараби жоғарыдағы ойын жалғастыра келе, Аристотельдің софистикадағы негіз, канонодарды тап басып таба алмағандығын айтады. Бір құбылыстың басқа құбылыстардан байланысын үзу, бір топқа жататын құбылыс заңдылықтарын басқа құбылыс зағдылықтарға қолдану, бір тарихи кезең оқиғаларын келесі тарихи кезеңмен алмастырумен көрініс табатын софистика арғы Аристотель заманында да, одан бергі Әл-Фараби заманында да беделді зерттеу ілімі саналғанын көреміз және ежелгі грек, кейінгі араб әлеміндегі ғалымдар да пікір-пайым жасауда осыған жүгінуді жөн көргеніні аңғарамыз. Бұл зерттеу әдістерін өз кезегінде тіл ғылымы мен әдебиеттануға да қолдануды мақсұт еткен және осы жұмыстарының нәтижесінде өзіндік ой-тұжырымдарын қалдырған. Әл-Фараби поэзиялық туынды жасаудағы басты материал тіл мен оның алуан түрлі құрылымы екендігін айта отырып, сөз және оның құрамына назар аудару жөн деген ойды нақтылайды: «Біз айтамыз: Сөз тіркесі мағынаны не білдіруі, не білдірмеуі мүмкін. Айтылым жай және күрделі болады. Күрделі айтылым пікір болуы да немесе пікір болмауы да мүмкін. Пікірлердің кейбіреулері кесімді болады, ал екіншілері үзілді-кесілді болмайды; кесімді пікірлердің кейбіреулері ақиқатты болады, екіншілері жалған болады. Жалған пікірдің кейбіреуі қарастырып отырған, пікір орнына жүретін, зат тыңдаушысын ойға түсіреді, ал ол кезде басқалары олардың ойына заттың еліктеуін түсіреді; дәл сол соңғысы поэтикалық пікір болып табылады.» Демек, поэтикалық пікір дегеніміз – бұл өлең құраудың кілті. Поэтикалық пікірлердегі ұғымдардың абсолютті шындыққа немесе қиялға қатысын сипаттай отырып, Әл-Фараби оларды қалай жіктеу мәселесіне көңіл бөле отырып, поэтикалық пікірлер көлемі немесе фабулалар негізінде жіктелуі мүмкіндігін атап көрсетеді.
Бұл арада ғалымның әдеби туындылардың барлығын музыкалық туынды ретінде де қарастырып отырғанын ескерген жөн. Сондықтан да поэтикалық туындының көлемі музыканттың немесе просодистің ізденіс саласына жататындығын айтады. Ал фабуланы ғылыми жіктеу символдарын тәпсірлейтіндер, поэзияға түсініктеме берушілер, поэтикалық идеяларды зерттеушілер, әртүрлі халықтардың және әртүрлі мектептердің поэзиясын оқып үйренушілер үшін маңызды ұғым деп қарастырады.
Поэзия өнері жөніндегі трактатында Әл-Фараби араб пен парсы поэзиясында сатира, пэан, жарыстырма өлең, аллегориялық, комедиялық, сипаттамалық және т.б. поэзия түрлерін бар екендігін, әрі олардың біршама зерттеліп жүйеге түскендігін айтып өтеді.
Әл-Фараби грек поэзиясындағы трагедия, дифирамба, комедия, ямб, драма, айной, диаграмма, сатира, поэма, эпос, риторика, амфигенезис және акустика қатарлы поэтикалық жанрларды атап көрсете отырып, олардың әрқайсысына сипаттама береді. Мысалы: «Трагедия – ол өзінің арнайы көлемі бар поэтикалық жанр. Ол оны тыңдайтын немесе оны декламациялайтындардың бәріне ләззат әкеледі. Трагедияда басқалар үшін үлгі болатын жақсы әрекеттер мен құштарлық істер айтылады; онда, сонымен бірге, қала басқарушылары мадақталады. Музыканттар әдетте трагедияны монархтардың алдында айтады және монарх өлген кезде олар өлген монархқа жоқтау айту үшін трагедияға кейбір қосымша мелодияларды енгізеді». Ғалымның трагедияны монархтардың алдында айтады және монарх өлген кезде жоқтау айтады деген мағынадағы ойлары – бұрынғы грек және кейінгі француз әдебиетінде көрініс тапқан классицизмнің анық көрінісі екені анық. Өйткені, классицизсм бойынша әдеби жанрлардың таптық сипаты бар. Трагедия, өзге де романтикалық туындылар жоғары таптың талғамына сай келетін мағыналық сипатқа ие болса, төменгі тапқа комедия, өзге де сын-сықақ, жеңіл мағыналы әдеби өнімдер ұсынылуы қажет болады екен. Мысалы, комедия туралы мынадай анықтама берілген: «Комедия – ол арнайы көлемі болатын поэтикалық жанр. Комедияда жағымсыз істер туралы әңгімеленеді, бетіне басуға тұрарлық адамдар, олардың әдебі және ұятқа қалдыратын мінезі туралы сатира беріледі. Кейде жекелеген мәселеде бетіне басуға тұрарлық әдеп, адамға да, хайуандарға да тән болатын теріс қасиеттер атап өтілетін лидер қосымша енгізіледі». Бұлардан өзге Әл-Фараби дифирамб, ямб, драма, айнос, диаграмма, эпос және риторика, сатира, поэма, амфигеннезис, акустика қатарлы жанрларға сипаттама береді. Бұл – тек грек поэзиясына ғана қатысты, Аристотель мен Темистиядан бері қарай айтылып, зерттеліп келе жатқан ұғымдар екенін айта келе осы жанрлар бойынша поэзиялық туындылар жазушы ақындарды да үш санатқа бөлу керектігіне тоқталады.
Поэзия өнері жөніндегі трактатында Әбу Насыр әл-Фараби ақындарды үш санатқа бөлуге болатындығын атап көрсеткендігі – қазіргі дәуірде де құнды пікір деуімізге болады. Әл-Фараби өз жіктемесі бойынша бірінші санатқа жататындарды былайша сипаттайды: «Біріншілері: табиғи дарынға және шығармашылық қабілетке әрі өлең оқу қабілетіне әрі көпшілік жағдайда не поэзия жанрында, не қандайда бір нақты жанрда керемет салыстыру мен метафораларды ойлап табу бейімділігіне ие болғандар».
Ғалымның пайымдауынша мұндай дарын-қабілетке ие ақындар поэзия өнерімен тиісті дәрежеде таныс болмаса да бойындағы тума талантымен, дарынымен, өзіндік айта білу қабілетімен зор танымалдыққа ие болмақ. Әрине, Әл-Фараби пайымындағы мұндай ақындар қатарына кімдер жатады десек, қазақ әдебиетінің тарихындағы кешегі Қазақ хандығы дәуіріндегі жыраулардан бастап, қазіргі дәуір әдебиетіндегі танымал ақындардың көбі жататындығы анық. Ғалымның «айта білу қабілеті» деген ұғымы да біздің жырауларымыз бен күні кешеге дейінгі халық ақындарымыздың бойынан табылған, өз туындыларын музыкалық аспапта сүйемелдеп орындау дәстүрі деп білеміз. Кейінгі заманарда жазба поэзия өз алдына дамып, синкреттіліктен мүлде ажырап кеткені болмаса, өткен дәуірлердегі қазақ ақындарының көбі-ақ өз шығармаларын көпшіліктің алдында мәнер-нәшімен орындаған. Бұған кешегі Шашубай мен Исаның өзі-ақ мысал бола алады.
Әл-Фараби бірінші топқа жататын ақындардың сөз тереңдігі тұрғысында «ойшыл» емес деп қорытындылайды. Баяндау тұрғысында жетілу болмағандықтан, мықты негіз қаланбағандығын атап өтеді.
Ал екінші топқа жататын ақындар: «Поэзия өнерінің заңдарымен шын мәнісінде таныс адамдар. Олар қандай салаға бармасын, оларға поэзияны көрсету құралдарының ешқайсысы немесе поэзия канондарының ешқайсысы жат болмайды. Бұл ақындар салыстыру мен метафораны шебер ойлап табу сияқты керемет қабілетке ие болады. Мұндай ақындар заң бойынша «ойшыл» ақын мәртебесін алуға лайықты», - деген сипаттамаға ие. Демек, мұндай ақындарға Абайдан бастап, өлең-сөздің теориясы турасында білімі бар, кәсіби білік-тәжірибесі жоғары, заманауи шығармашыл тұлғалар жататындығы сөзсіз. Мұндай зияткерлік әлеуеті жоғары ақындар қазақ әдебиетінің ұлы керуенінде кейінгі екі ғасыр жүзінде аз болмаған және қазір де көптеп саналады деуге болады. 7638
Әл-Фарабидің пайымдауы бойынша, Ақындардың үшінші топқа жататын ақындар тобы «алдыңғы екі топ ақындарына және олардың шығарғандарын сақтай отырып әрі салыстыру мен метафорада оларға еліктей отырып, олардың шығармашылығына еліктейтіндер жатады». Демек, бұл топтағыларға жататындар – әдепкі сипаттамада «халтурщик», «графоман» т.б. аталып жүретін, қарасы мол, ұмтылысы зор қауым болса керек. Ғалымның айқындауынша, оларда ешқандай поэтикалық тума дарын жоқ және олар ақындық өнердің канондарын түсіну қабілетіне де ие болмақ емес. Сондықтан да, ақындардың дәл осы санатына жататындар арасында кемшіліктер мен қателіктер өте жиі болатындығына Әбу Насып әл-Фараби арнайы екпін қоя атап өтеді.
Ғалымның өнер туындысын жаратушылар тобының әрқайсысы тудырған шығармалар «табиғи жолмен» және «мәжбүрліктен» жасалған болып екіге бөлінетінін де атап көрсетеді. Бұл да түсінікті болар. «Өлең деген – тумайды жайшылықта», - деп Мұқағали ақын айтқандайын, жайшылықта тумайтын өлеңді жайшылықта «тудырған» ақындардың жаратындысы өміршең бе деген сұраққа жауап та оңай екендігі сөзсіз.
«Ең керемет (поэзия), ол – «табиғи жолмен» жасалынатын поэзия», - деп тұжырымдаған Әл-Фараби өлеңнің шымыр жазылуы - жазылу кезіндегі ақындардың рухани ахуалына, көңіл-күйіне, идеяның нақтылығына, тақырыпқа тікелей қатыстылығына тоқталады. Әл-Фараби өлең жазу тұрғысында, кейде табиғи дарындар секілді, кездейсоқ ақындар да тамаша өлең жазуы мүмкін екендігін мүлде жоққа шығармайды: «Кейде өнермен кездейсоқ айналысатын адам маманның бәсекеге түсуіне қиын болатын өте тамаша өлеңдер жазуы мүмкін. Алайда бұл таза кездейсоқ және сәйкес келу жағдайының арқасында болады әрі мұндай ақын «ойшыл» деп аталуы мүмкін емес», - деп ой қорытады ғалым.
Әл-Фараби жалпы өнерді тұтастықта алып қарастырады. Өнер туындыларын жарататын адамдардың жан дүниесіндегі өзара ұқсастық бар, айырмасы – олардың өмір суреттері мен құбылыстарын қандай тәсілдер, формалар арқылы беруінде деген ойды айтады: «...олардың өнер материалдары бір-бірінен айырмашылықтары болғанымен, олар формасы, шығармашылығы мен мақсаты жағынан бірдей немесе ең болмағанда ұқсас болып келеді деп айтуға болады. Поэзия өнері пікірге негізделеді, живопись өнері бояуға сүйеніп жасалынады, олардың айырмашылығы, міне, осында.» Ғалымның пайымы бойынша, тәжірибеде екеуі де ұқсас өнер туындысын жасайды, елестету мен сезім арқылы еліктейтін адамды көрсетуге бағытталмақ.
Поэзия өнері жайындағы трактатты қорытындылай отырып, ғалым мынадай ой түйеді: «...адамды аталмыш өнердің белгілі бір түрі немесе аспектісі бойынша мамандандыруға және басқа түрлері мен аспектілерін жек көруге дейін әкеледі». Мұны ақындық мектептердің немесе поэзиядағы ағымдар мен бағыттардың бірін бірі жоққа шығарып жататындығымен түсіндіруге болады. Ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің поэзия өнері жайындағы айтылған ойлар алда да қаншама ғасырлар өтсе де өз мәнін жоймақ емес. Ақындар қауымы да ұлы ғалым айқындаған үш санаттың ауқымында туынды жарата бермек.
Бөлісу: