Абай шуағына шомылған Шығыс Түркістан
Бөлісу:
Синьцзян – Шинжияң – Жаңа жер. Яғни игерілген, ашылған, тың жер мағынасында. Былайша айтқанда целинный край. Бұл аяулы Шығыс Түркістанға Империялық жүйенің «Бөліп ал да билей бер» саясатының кигізген құлдық қалпағы. Исі түркі жұрты мен Алаш баласына ең ыстық Түркістан есімі «фашизммен» пара пар қарғыс таңбасындай адыра қалған. Ұлтшылдықтың, нәсілшілдіктің, түрікшілдіктің, діншілдіктің айғағындай етіп, терең көміп, тұншықтырған. Тарихи атауы азаттықтың асыл байрағындай, байырғы ер жүрек бабалар рухындай айбарлы еді. Өздеріне қарсы желбіреген жалау атаулының бәрін құлату отаршылдық пиғылдың басты мұраты. Әсілі Шығыс Түркістан атауы үрей шақыратын, діни экстремизммен немесе Ислам Республикаларымен еш қатысы жоқ, ұлттық бөлшектеушіліктен алыс, саясаттан сырт байырғы түркі топырағының тарихи танымымен қойылған атау болатын. Ғалым Тұрсын Жұртбайдың тарихи пайымдаулары мен ғылыми негіздерін бағдар етіп айтар болсақ, Тәңір тауын бөктерлей орналасқан – Шығыс Түркістан, Орталық Түркістан, Батыс Түркістан, Солтүстік Түркістан деп жалғаса беретін жағырапиялық атау екенін жұрт есіне қайта жаңғырта кеткіміз келеді. 1945 жылғы «Ялта» келісімінен кейін бір жола тағдыры шешіліп таласқа түскен қазақ жерінің, таланға түскен қазақ елінің бір бөлшегі. Тұтас түркі жұртының трагедиялық қойнауы, қиырда қалған құйқалы жұрты. Осы уытты өкініштің алдын алмаққа, қазақ жерінің де, рухының да, болмысының да бір тектілігін сақтап қалмақ ниетте, Алаш қайраткерлері ертеден атқа қонғанын білеміз. 1918 жылы 26 сәуір күні Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Марсекұлы, Қанағат Сүлейменұлы бастап Шығыс Түркістанның Шәуешек қаласында, «Алашорда» үкіметінің мүшелері мен Шығыс Түркістан зиялы қауымының қатысуымен кіші құрылтай өткізген болатын. Мақсаттары айқын. Армандары анық. Шығыс Түркістанда Алаш идеясын нығайту. «Алашорданың» бөлімшесін ашу. Шығыс Түркістанның дербес автономиялық тұтастығын сақтауға негіз қалау. Әрине бұл асқақ үміт ақтала қоймады. Дегенмен Шығыс Түркістанға Алаш идеясының алтын ұрығын егіп, өркенін жайып, негізін қалап кетті. «Алашода» үкіметінің мүшелері Райымжан Мәрсеков, Ыбырайым Жайнақов, Кәрім Дүйсебаев, Әсет Найманбайұлы, Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы, Зият Шәкерімұлы, Шерияздан Марсеков, Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Асқар Татанайұлы сынды ұлт қайреткерлерінің ағартушылық жолының қажырлы да, қанды еңбегінің арқасында Шығыс Түркістанда бұрынғы мектеп-медіреселер қайтадан түлеп, жаңадан газет-журналдар ашылып, оқулықтар жазылып, кітап шығару ісі қолға алынып, ұлттық ойын-сауық ұйымдары мен театр құрыла бастады. Ұлттық сананың оянуына алып келген бұл жұмыстардың соңы ұлт-азаттық төңкеріске алып келгені де тарихтан белгілі. Біртұтас Алаш идеясының ең айқын көрінісінің бірегейі де осы. Алаш қайраткерлері мен Шығыс Түркістандағы Алаш ұранды әдебиет туралы сөз болған да, олардың рухани тірегі, күретамыры, алтын арқауы Абай шығармашлары туралы айтпау мүмкін емес. Біз бүгінгі шағын жазбамызды Абайдың асыл мұрасының Шығыс Түркістан топырағына таралуы, Қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуына, дамуына жасаған ықпалы мен әсері, Абай сәулесімен нұрланған Шығыс Түркістан әдебиеті туралы аз-кем сөз етпекпіз.
Өр Алтайдан құлдай, Тарбағатай, Іле, Хантәңір тауларын бөктерлеп қоныстанған, Еренқабырға, Баркөл, Құмыл және қаншама Оңтүстік алапты алып жатқан алып Шығыс Түркістан жұртының Абай хакімге деген құрметі мен махаббаты, ықыласы айрықша. Сол ыстық жүрк пен нұрлы ілімнің зәузаты әлі де еш тарқаған емес. Қайта құнарлы топырақта құлпыра түскен. Ондағы ақ сақалды ата мен ақ самайлы ана Абайсыз сөз бастамаса, атандай жігіт пен бозбала-бойжеткен Абай сөзін бойтұмар еткен. Жас баласы әліппесін Абаймен ашып, өмір жолына да Абаймен аттанған. Бесіктегі сәби де Абай әуенімен тербелген. Хакімнің құрметіне қойылған Абай есімді адамдар қаншама. Өзінің аса сүйген ұлдары туралы аңыз-әңгіме шығарғыш халықтың, Абай хақында да ел ауызында өрбіген өрнекті сөзі қанша ма? Соның бір парасын ауыл ақсақалдары әлі күнге сан құбылтып айтып отырады. Қазақ сахарасын би-болыстар билеген сол заманда, базыналықпен түнде іргеден көңілі жақын бір қыздың шашын кесіп әкеткен жігітке, билер түйе бастатқан «тоғыз» айып кеседі. Сосын қаумалаған билер кеңесі Абайдан «Сіз қандай кесім айтар едіңіз?»,- деп сынай сұрайды. Сонда Абай жағалай отырған билерге қарап: «Тоғыз» дегендеріңе менде қосылам. Бірақ, түйе емес, «айна-тарақ бастатқан тоғыз болсын»,- деп кесім айтыпты. Міне, осы сарындас Абай образын биіктетпек тілектен туған әсерлі әңгімелер жиі ұшырасады. Сосында Абай Құнанбайұлы тұтас қазақ әдебиетінің бәйтерегі, тұтас қазақ әдебиетінің атасы. Тұтас қазақ әдебиетінің бастау бұлағы. Жаңа тынысы. Соны көзі. Әдетте, Қытайдағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ірге тасын төсеушілер болып сол өңірден шыққан, өмірін ағартушылық салаға арнаған атақты Ақыт қажы, Жүсіпбек қожа, Арғынбек Апашбай, Таңжарық Жолды, Асқар Татанай сынды алыптар тобы болып табылады. Жәдиттік ағартушылық бағытты, алаштық азаттық рухты ұстанған осы Шынжаң қазақ әдебиетінің алтын шоғыры, хакім Абайдың асыл ойын, ізгі қағидасын, маржан сөзін өздеріне үлкен мектеп етті. Өздері өмір сүрген заманмен тақылеттес, өздері арман еткен асыл мұратпен тағдырлас хакімнің қара сөзі мен қара өлеңін өздерінің алтын көмбесі, түп бастауы, жол бастар шырақшысы, айнымас темірқазығы деп таныды. Үлгі өнеге алды. Сол алған өнегеден, көрегенді тәліміен жаңа бастау, жаңа өркен қаулады. Осы сөзіміздің айшығын Ақыт қажы Үлімжіұлының мына бір шумақ өлеңі тіпті де түйіндей түскендей.
Ақындар менен бұрын өтті талай,
Әсіресе Құнанбай баласы Абай.
Дәл сондай өткір сөзді болмаса да,
Мен де аз сөз жазып қоям, құрап жылғай.
Абайдың рухани шәкірттерінің арасында, заманы тұрғысынан да, сөзінің нәрі мен талғамы тұсынан да Абайға ең жақын, Абаймен шын рухтас шайыр осы Ақыт қажы дер едік. Ақыт Үлімжіұлы осы Абайдың ізімен, Абай мұнарасын бетке ала отырып тұтастай бір кітапқа жуық өлеңдер жазған адам. Абай мен Ақыттың рухани үндестігі, дәстүр сабақтастығы өз алдына жеке тақырып, жеке еңбектенуді қажет етеді. Және ондай ғылыми еңбектер бұл күнде жоғары деңгейде жазылып жатыр. Сондай сөздің бір парасын ақын Таңжарық Жолдыұлының мына өлеңінен де толық аңғара аламыз.
Ахмет, Абай, Әсет, Міржақыптар,
Жетпейді оған жисаң мың баланы.
Шәкерім, Әріп пенен мұрын Омар,
Көмбеге олар шапса тың барады.
... Сөзінің әрбірінің заты бөлек
Ойласаң миға салып ылғанады.
Бәрін де Абай сөзін басып түсер
Бір парша шеттен алып қырғанағы.
Таңжарық Жолдыұлы Абай ілімінен тәлім алған, Алаш арыстарымен ниеттес, пікірлес ақын. Ол тіпті Шығыс Түркістандағы Алаш арыстарының көзіндей ақын. Және осы айнымас азаттық рухы үшін қамалып, азаппен көз жұмған шер кеуде шайыр. Оның Абай өлеңімен сусындап, Абай жолымен жүріп, Абай ауасымен тыныстамауы мүмкін де емес нәрсе. Осы үндестіктер, Абай-Алаш-Шығыс Түркістан арасындағы мызғымас ұлттық рухпен, аспан түстес азаттықпен, дегдар кемеңгерлікпен ұштасқан тылсым байланысты толық аңғартады. Бұндай үрдіс жоғары да біз атын атаған ақындардың шығармашылығынан толықтай көрініс тапқан. Олардың поэзиясының ауқымы кең. Арнасы таза. Ойы кемел. Сан бояулы, сан құбылысты, сан өрнекті астар еткен өміршең, кірпияз поэзия. Асқар Татанайұлының әр өлеңдерінен біз аңдатқан көркемдік құнардың сан түрлі саңлағын кездестіре аламыз. Асқар Татанайұлының поэзиясындағы жұртты ілімге, ғылымға шақыру идеясының түп тамыры осы хакім еңбектерімен терең астасып, біте қайнасып жатады. Абайдың төрт мезгілді шебер суреттейтін табиғат лирикаларының арнасы кең айшығын да осы Асқар өлеңдерінен көре аламыз. Абайдың «Сегіз аяқ» сынды өлең құрлысына әкелген ерекше өлшемдері де осы ақындардың түлеп жетілуіне, өсіп өркендеуіне ерекше ықпал еткен. Ғұлама ғалым Нығымет Мыңжани өзінің «Қазақтың қысқаша тарихы» атты үлкен ғылыми еңбегінде, Абайдың рухани келбеті туралы кесек ой айтады. Ғалым аталмыш еңбегінде Абай Құнанбайұлы шын мәнінде қазақ әдебиетінің классигі болды деп жазады. Қазақ әдебиетін идеялық мазмұын жағынан да, көркемдік түр жағынан да байытып, шын жаңа белеске көтерді. Абай ақындық дарынымен қатар кемеңгер ойшыл, философ, ағартушы және қазақ ақын-жазушыларының ұстазы болды деп есептейді. Қытайдағы қазақ ғалымдарының ең іргелісі саналатын Нығымет Жыңжанның бұл пікірі біздің жоғарыдағы ой жүлгемізді онан сайын орнықтыра түсері даусыз.
Қытайда Су Бихай есімді қазақ мәдениеттану ғылымына сүбелі үлес қосқан қытай тарихшысы бар екені, көрегенді оқырманға аян деп ойлаймыз. Ол өзінің еңбектерінде Абайдың өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталған. Абай хақында қадау-қадау мақалалар жазған. Оның біршамасы бізге ғалым Тұрсынхан Зәкенұлының аудармалары арқылы жетіп отыр. Су Бихай Қытайдағы қазақтар өмірін, тарихын, мәдениетін ұзақ жылдар зерттеп көптеген ғылыми еңбектер жазған. Соның ішінде «Батыс өңір тарихы мен жағрапиясы», «Қазақ мәдениетінің тарихы» сынды монографисы, қазақтың рулық жүйесі, тұрмыстық ерекшелігі, тастағы таңбалар, атбегілік өнер, аңшылық, тұрмыс салт ерекшеліктері сияқты толып жатқан мәдениеттердің дамуы мен қалыптасуын бойына сіңіре білген еңбек болып саналады. Ғалым Су Бихай атлмыш «Қазақ мәдениет тарихы» еңбегінде Абай қазақтың байырғы мәдениетін кеңінен меңгеріп қана қалмастан, араб, парсы, шағатай тілдеріндегі халық әдебиетімен де кеңінен сусындаған даланың аса талантты кесек тұлғасы деп сыпаттайды. Шығыс әдебиетінің алыптары Фердауси, Сағди, Низами, Хафиз, Науайы шығармаларымен танысып қоймай, орыс және Еуропаның ойшылдар Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Толстой, Дарвен, Шекспир шығармаларын оқып, танысып, зерттеп, керемет білім иесіне айналған. Ол қазақ сахарасының алып сұңқары спетті адам. Ұлан байтақ Орта Азия қазақ сахарасында мұқым қазақ халқы оны керемет қадыр тұтады және қастерлейді. Мақтаныш тұтады деп жазады. Осы еңбегінде Абай өлеңдерінің мазмұнына, көркемдік ерекшелігіне, құрлысына жеке-жеке тоқталып, өзіндік парастат тұғырынан талдайды. Абай өлеңдерінің әлеуметтік астары терең, әр өлеңі айрықша жігер мен қуатқа толы. Ол әрдайым туған халқын сәулелі білімге шақырушы. Оның өлеңдері жүрекке жылы, ойға қонымды, халыққа жақын, тамырлас, тағдырлас. Сосында ол қазақ халқының рухани айнасы іспетті тұлға деп айрықша бағалайды.
Ендігі сөздің реті Абай өлеңдерінің Шығыс Түркістан қазақтарына таралуы, ондағы жұртқа қалай жеткендігі туралы болмақ. Бұл тұрғы да біз белгілі ғалым Зейнолла Сәніктің «Абайдың ақындық шуағы бізге қалай жеткен» атты шағын зерттеу мақаласына сүйене отырып, өз пайымдауларымызбен сабақтастыра жеткізетін боламыз.
Әр халықтың өзінің болмысына, мәдениетіне қарай әдебиетінің сақталу және жеткізу жолдары әртүрлі болады. Бұл тұрғыда көшпенді жұрттың әдебиетін алдымен халық жадысында сақталып, ауыздан ауызға, құлақтан құлаққа таралып, дәуірден дәуірге жетіп отырған. Мәдениеттің бұлайша өмірге балталаса бұзылмастай араласып, ауызша таралуының өзіндік ерекшелігі бар. Өйткені, ауызша таралған әдебиет ең әуелі сол халықтың зердесін де шыңдалып, жүрегінде сақталып, жадысында мықтап бекиді. Және ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа осы үрдіс сақталып отырады. Сол себепті де әдебиет пен мәдениет, тұтас салтқа негізделген тіршілікпен бірге қалпын бұзбай, бояуын өшкіндетпей, халық жүрегінен терең орын алады. Бұндай да ол қағазға хатталып, архивте сақталмай, халық жүрегінде, тыныс тіршілігінде сақталады. Абай шығармашылығы жазба әдебиетті бастау көзі болсада, өзге жұртқа, қоңсылас, ағайындас, рулас, үш жүздің арасына ең алдымен ауызша жетіп тараған. Қытайды мекен еткен алаш баласына да Абай даңқына ілесіп, хакім өлеңдері әуелі ауызша жетті. Ел ішіндегі сөз ұстаған ағайынның өткір тілі, жүйрік зердесі арқылы ел жүрегіне жол алып, жұрт есіне сақталған. Сүйтіп кең байтақ қазақ даласының түкпір түкпіріне дейін таралып, ақындық шуағы, мөлдір махаббатын шашып, ең ыстық кеуделерді мәңгі мекен еткен.
Абай шығармашылығының Шығыс Түркістан топырағына таралуының өзіндік тарихи, саяси себептері де бар. Бірі Абаймен тікелей туыстас, тәлімін алып, көзін көрген, бірі Абайдың рухани шәкірті, сөзін алып, көкірегіне түйген, көбісі Алаш арыстарымен қатар жүрген, бірге күрескен қайраткерлердің біршамасы, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары жүргізілген саяси қуғын-сүргіннің салдарынан, шекара асып, Қытай жеріне барып қоныс тепкені белгілі. Олар жай ғана пана іздеп бармай, сол топыраққа Абайдың сөзін, кітабын, өнегесін ала барады. Олардың арасында Ахмет пен Міржақып бастаған топтың Шәуешек сапарының барысын айтпағанның өзінде, сол қатарда Райымжан Марсекеов, Шерияздан Марсеков, Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы, Әсет Найманбайұлы, Әріп Тәңірбергенұлы, Арғынбек Апашбайұлы, Зият Шәкерімұлы, Жанұзақ ақын сынды ағартушы тұлғалар бар. Бұлардың бір бөлігі кейін өз жеріне қайтып кетсе, бір бөлігі Алтай, Шәуешек, Құлжа, Үрімжі қалаларын мекен етіп қалды да, мәдени ағартушылық қызыметтерімен шұғылданды. Міне осы қайраткерлердің ықпалымен, ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында бүкіл Шыңжаң аймағының ауыл-аудандарында, халықты жаппай ағарту жұмыстары жүріле бастады. Үкірдай зәңгі сынды ел қайраткерлері бас болып, мектеп салдырып, бала оқыту жұмыстарын қолға мықтап ала бастады. Абай туын биік ұстап, Абай жолын мұрат тұтқан осы азаматтар, оқушыларға Абайды әліппедей әдіптеп оқытты. Елді ағарту мақсатында тынбай еңбек еткен сол азаматтар, екі империяның бұғауында, қудалауында жүрседе, бастарына ауыр күн тусада хаімнің қастерлі жолынан жаңылмады. Сондай асыл ердің бірі – Зият Шәкерімұлы. Өткен ғасырдың басындағы зобалаң Құнанбай әулетіне қырғидай тигені белгілі. Шәкерім қажы атылғаннан кейін, оның ұлдарының басынада ауыр күн туды. Зият Шәкерімұлы 1931 жылы Жабағытай, Кенжебек бастаған үш жүз адаммен Шәуешектің Бақты шекарасынан өте бере атыс болып Жабағытайдың інісі Кенжебек оққа ұшып, бұлар зорға деген де қашып құтылып, Шағантоғайдағы Мәмбет Иса қажы Сонабайұлының ауылына кеп түседі. Осы жерде ажалдың апанынан аман шыққан үркердей топ, қажының қайрымдылығының арқасында ес жияды. Зият осы өңірде бәр мезгіл мұғалім болып бала оқытады. Кейін қуғындау толастамаған соң Алтай жеріне өтеді. Сондағы ел азаматтарымен тізе қоса отырып, оқытушылық, ақпараттық жұмыстармен шұғылданады. Зият Шәкерімұлы екі елдің арасындағы алтын көпір, рухани байланыстың берік діңгегі болады. Бір өлеңінде осы біз тілге тиек еткен жайыттарды кереметтей кестелі жырмен баян етеді. «Атаның аруағын сыйлаушы көп, риздық болды маған атақ-даңқы. Абай мен Шәкерімді көрмесе де, оларды қадырлейді керей халқы. Ойшылдар, оқымысты бұнда да бар, Шәріпхан, Мәңкей, Мұқаш, Баймолддалар». Зият Шәкерімұлының осы өлеңін толықтай оқысаңыз, өзі жүріп өткен жолдарының аумалы-төкпелілігін, қиын-қыстауын, замана зарын толық аңдайсыз. Сонымен қабат, Абай мен Шәкерім қажының Алтай топырағындағы жұрттың қаншалықты қадырлеп-қастерлегенін толық ұғынасыз. Осылай еңіреп өткен азаматқа ақыры Алтайда пана болмай, Еренқабырға өңіріне өтіп Сатарқан төренің ауылында тұрады. Кейін, 1934 жылы атақты Бөкенші бидің ұрпағы Нәзір Омарұлымен бірге Баймолданың ұйымдастыруымен, «Шынжай газетінің» қазақшасын шығару жұмысына кіріседі. Қытай қазақтары арасындағы ең ірі қазақша басылымның аяғына тез тұрып, елге оң қызымет етуіне көп еңбек сіңіреді. Соңынан түскен қуғын тыным таптырмай ақыры 1937 жылы Үрімжі қаласында тұтқындалып, түрмеде өледі. Осындай ауыр тағдыр Шығыс Түркістан ұлт-азаттығы жолында аянбай күрескен ағайында Марсековтардың басында да қайталанған болатын.
Қытайдағы қазақтарға Абай поэзиясының еркін таралуына оң әсер еткен сол тұста енді басталып, ары қарай қарқынды дами бастаған Шынжаңдағы қазақ тілді баспасөз жұмысының даму жағыдайы да айта қалсын үлес қосты. Шәуешек, Құлжа, Алтай, Үрімжі қалаларында қазақша шығатын газет-журналдар дүниеге келіп, олардың саны да, сапасы да арта түсті. Айталық, Қытайдағы қазақ баспасөзі негізінен 1910 жылдары шыға бастаған «Іле уалаятының газетінен» басталады. Өткен ғасырдың 20-40 жылдары аралығында Қытай қазақтарының маңдай алды басылымдары бірінен соң бірі шыға бастады. Айталық Үрімжіден шығатын «Шынжаң газеті», Құлжа шаһарынан тарайтын «Іле дариясы», «Шыңжаң Тарбағатай хабарлары», Сарсүмбе қаласынан үзбей шығып тұрған «Алтай», «Ерікті Алтай» газеттері мен «Жаңа Алтай» журналыдары бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі жаңартып, бір-бірінен үлгі алып, жыл өткен сайын түлеп, толық қанды басылымдарға айнала бастады. 1945 жылдардан кейін Шығыс Түркістан үкіметінің құрылуына байланысты «Төңкеріс таңы», «Алға», «Халықшы», «Табыс», «Алтай халқы» газеттері мен «Таң шолпаны», «Бірлік», «Одақ», «Хан тәңірі», «Шаншу» журналдары жарық көрді. 1946 жылы қазақ жастары Үрімжі қаласынданда «Сәуле» атты баспа ашты. 1954 жылы Шәуешек қаласында қазіргі «Шұғыла» журналының тұсауы кесіліп, тұңғыш саны шыға бастады. Қазір өлке деңгейінде қазақ тілінде «Шыңжаң оқу-ағартуы», «Мұра», «Көкжиек», «Тіл және аударма», «Оқырман өресі», «Бұлақ», «Ғылым мінбесі», «Заң аясы» секілді оннан астам әртүрлі ғылыми және көркем әдеби журналдар шығады. Алтай аймағында «Алтай аясы», «Жас түлек», «Ғылым және өнер», «Денсаулық және білім», Іле аймағында «Іле айдыны», «Іле жастары», «Іле ағартуы», «Балалар дене тәрбиесі», «Іле әйелдері», Тарбағатай аймағында «Тарбағатай», Санжы қ-нда «Боғда», Құмыл аймағында «Құмыл алқабы» сынды аймақтық журналдар бар. «Шыңжаң халық баспасы», «Шыңжаң оқу-ағарту баспасы», Бейжың қаласында «Ұлттар баспасының қазақ бөлімі» қазақ тілінде жұмыс істеп келе жатыр. Осы 1930-1940 жылдары ашыла бастаған басылымдардың баршасы Абай өлеңдерін үзбей жариялап отырды. Абайдың өмірі, айналасы, шәкірттері, Абай туралы естеліктер, абайтануға қатысты ғылыми сараптамалық мақалалар өз желісін тауып, жүлгесін бұзбай шығып тұрды. Осы үрдіс ары қарай бел алып 1948 жылы Үрімжідегі «Шынжаң газеті» баспа зауытынан «Абайдың таңдамалы шығармалары» басылып шықты. Осы негізде Шынжаң қазақтарында абайтанудың өзінше бір мектебі қалыптасты. Абай өлеңдері мен ғақылиялары туралы көптеген ғылыми еңбектер жазылды. Абай өлеңдері бастауыш сыныптан жоғарғы сыныптарға дейінгі мектеп оқулықтарының барлық сыныптарына енгізілді. Сонымен қатар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы әлде неше рет баспадан басылып шықты. Абай жолы романының ең алғашқы аудио дыбысты нұсқасын жасап таратқанда осы Қытайдағы қазақ баспасөзінің еңбегі болатын. Абай шығармалары Қытайдағы көптеген ұлт тілдері мен қытай тіліне аударылып басылды. Әсіресе миллиардтаған халқы бар қытай тіліне аударылуы жапалы еңбек пен зор жауапкершіліктің бодауымен атқарылған жемісті жұмыс болды. Абай өлеңдері мен қара сөздері алғаш 1980 жылдары, Қытай елінде белді аудармашы, қазақтар арасында көп тұрған сібе ұлтының азаматы Қабайдың аудармасымен жол алған болатын. 2000 жылдары Абай шығармаларын қытай тіліне аудару жұмыстары жаңа серпінмен қайта қолға алынды. Қытайдың белгілі түркологы, түрік тілдерінің аса білгір маманы профессор Су Жоуши мен Қытайдағы белгілі қазақ қаламгері, жазушы Әкбар Мажитұлының бірлесе еңбек ету нәтижесінде «Абай ақлиялары» деген қытай және қазақ тіліндегі кітабы шықты. Бұл кітап 2012 жылға дейін он мың данамен үш рет қайталай басылып шығып, оқырманның айрықша ықыласына бөленген. Қытайдың әйгілі суретшісі Гау Маң Абайдың картинасын арнаулы салып, оған өзінің ақынға арнаған өлеңін жазған екен. Бұл күнде Қытайдың бас қаласы Бейжыңдегі халық көп баратын Тиан Ән Мін алаңының батыс жақ шетінде бақшада Абайдың ескерткіші қойылған. Бұл қытай халқының адамзаттың ой алыбы хакім Абай Құнанбайұлы мен оның туған халқына деген зор құрметі деп бағалаған жөн. Қытайдағы қазақтар мен орталық Пекин қаласы Абайдың кезекті мерей тойларын атаусыз қалдырған кездері жоқ. Абайдың 150 жылдық торқалы тойынан тартып, күні бүгінге дейін тарихи тойларын атаусыз қалдырмай атап өтіп келеді. Бұл хакімге құрмет қана емес. Ең әуелі сондағы қазақтың ұлттық байрағының жығылмай желбіреп, Абай жолынан, әділет жолынан айнымасқа керек қыбыла болып саналмақ. Осының бәрі Абайдың ұлттық мұрасына деген ондағы халықтың сүйіспеншілігі мен ыстық махаббатының дәйегі деп білген орынды.
Бөлісу: