Сэнгийн Эрдэнэ. Ай нұры сонатасы
Бөлісу:
Сэнгийн Эрдэнэ 1929 жылы Монғолияның Хэнтин аймағында дүниеге келген. 1955 жылы Монғолия мемлекеттік университетін бітірген. 1965 жылы МХР Мемлекеттік сыйлығын, 1976 жылы Жазушылар одағының сыйлығын иелеген. 1994 жылдан Халық жазушысы. 2000 жылы өмірден озған.
(Әңгіме)
Мен бір парша хат тапсырып алдым. Онда былай деп жазылыпты: "Ұзақ жылдың алдында, сіздің еңселі жас шипагер шағыңызда, Мен Сіз жұмыс істейтін Рухани аурулар емханасында емделіп жатқан науқас болатынмын. Бәлкім сіз сол бір күйзелісті күндерді есіне неге алып отыр екен деп таңданатын да шығарсыз.
Жан-дүниеме азап сыйласа да, сол күндерді есіме ала отырып, өзіңізге бір өтінішімді айтқым келді. Сіз шипагер ғана емес әдебиетшісіз. Өз басым әдебиетке қызығамын. Жазушылардың бейнелеу қуатының күшті болатынына да сенемін. Қарбаластықтан қолы босамайтын сіз үшін мұның қиынырақ шаруа екені де рас. Бірақ, мен іздеген ол адамды өзіңізден басқа жан баласы білмейді. Істің барысын жалғыз сіз ғана білесіз. Өзіңіздің шипалы қолыңыздың ем-домымен қазір мен жарық дүниеде сау-саламат жасап жатырмын. Сол бір азамат мен үшін аз азап арқалаған жоқ еді-ау! Иә, оның есімі әлі есіңізде шығар? Бөтта емес пе еді. Мен Ауруханада төсек тартып жатқанда, оның әр күні қасымда отырып скрипка тартып беретінін есімді жиғаннан кейін бірақ білдім. Шіркін, әр күні сол бір есіл жанның өң-түсін есіме келтірейін-ақ деймін. Бірақ онымнан еш өнім болатын емес. Өткен істің өзі дағы бейне бұлт арасындағы күн сияқты бірде көрініп, бірде көмескіленіп тұратын көрінеді. Мен Бөттаның сол кездегі өң-түсін білгім келіп өзіңізден жәрдем тілеп отырмын. Жазушылардың өмірді байқауға шебер болатынын білемін, бәлкім ол туралы ой санаңызда болмашы бір елес қалған шығар. Оның скрипкасының тамылжыған ғажайып үні жан дүниемнің терең түкпірінде күні бүгінге дейін сайрап тұр. Маған көмек көрсете алатындығыңызға сенемін деп иіліп ізет құрмет білдіріп Өрна.
Жаз айларының бір күні болатын. Шипахананың рухани ауырулар бөлімінде екі қолым алдыма симай ерігіп отырғам. Ауыруханадағы науқастардың шүңкілдесіп кеңескен бәсең үндері құлаққа келеді. Терезеден есектің аңыраған ашты дауысы естіледі. Осы кезде кеңсенің есігі баяу ашылды.
– Кірсем болама екен? - деп сұрады біреу есіктен. Басымды изеп едім, жүзі аршыған жауқазындай аққұба жігіт кірді. Үстіне сұрғылыт костюм киіпті. Көмірдей қара шашы жылтырап тұр. Қолында сыры көшіп көнерген скрипканың қабы бар. Өзі көреген, көмек тілеген жалынышты жанармен қарайды кісіге.
– Келіңіз, отырыңыз мына жерге, – дедім оған орын нұсқап. Жігіт жасқаныңқырап тұрса керек, езуін сәл көтеріп, онан арқалы орындыққа барып отырды. Оның сидиған сүйріктей салалы саусақтары аурулардың қуарған арық саусағынан аумайды. Ол скрипка қабының бетіндегі өшкін бедерді тынымсыз сипалай берді.
Сазгер болса керек. Әдеттегі адамдар науқастың көңілін сұрай келгенде скрипка емес, хош иісті гүл немесе жеміс-жидек көтеріп келуші еді.
– Қайсы науқасты көргелі келдіңіз? - деп сұрадым мен одан. Жігіт маған жауап қатқан жоқ. Тек терезеден көз ұшында мұнартқан тау шоқыларына көз тастады. Сол сәт жігіттің ішкі жан-дүниесінде теңдессіз мұңлы бір күйдің шертіліп жатқанын, тұла бойының сол сұлу сазға мықтап шырмалғанын сезгендей болдым.
– Өрнамен жолығуға болама екен? - деді ол кенет, баяғы жалынышты жанарын маған қадап.
– Әрине болады. Науқас қазір хәл үстінде жатыр, сіз оның отбасынан боласыз ба? - деп сұрадым одан.
– Жоқ біз таныспыз, бұрын...
– Оның осы Шипаханада тапжылмай төсек тартып жатқанына тұп-тура үш жыл болды.
- Мен шетелде оқуда болғандықтан дер кезінде үлгіріп жете алмадым. . .
Ол енді дегбірсіздене бастады:
– Бұрын Өрна екеуміз театр үйірмесінің оркестрінде бірге болғанбыз. Оның науқастанып қалғанын кейін естідім. Қазір хәлі қалай? Құтқарып қалуға бола ма оны?
– Сізге не деп жауап берерімді өзім де білмей отырмын, қазір оның науқасы аса салмақты. Бұл жағын өзіңіз де бұрыннан білетін болуыңыз керек, - дедім мен.
- Өрна оркестрдегі кезінде ұсақ істерге ұқыпсыздау болғанымен кәсібінен аса үмітті болатын. Жан-дүниесі төгіліп тұрған сұлу саз еді-ау оның. Қандай әсем деші. Жігіт сөзін тамамдап болған соң тағы маған қарады. Оның сөз ләмінен әлде бір істің шет жағасын аңғарғандай болған мен:
– Сонда Өрнаның көңілін сұрай келген болдыңыз ғой? - деп сұрадым жігіттен.
- Иә, оны көрсем деп едім, - деді ол. Мен медбикелерге Өрнаны кеңсеге ертіп келуді айттым. Бір медбике аздан соң Өрнаны жетелеп кеңсеге кірді. Өрна қазір ессіз күйде, өсімдік адам іспетті. Медбикелердің оған жаны ашыса керек, ерніне құлпырта әсем бояу жағып қойыпты. Ден қоя безендіріпті. Садақтың жебесіндей ұзын кірпікті көздері тұнық судан аумайды. Егер оның кеудесі толы күмбірлеген күй десек, онда ол сөзсіз анау күлімдеген көздерімен адамдарға шаттық, сенім сияқты барлық тамаша қасиеттерді бағыштап тұрғандай еді. Өрнаны осы күйге кіріптар еткен бір реткі баянсыз махаббат екенін оның туыстары маған айтқан болатын. Бірақ істің нақтылы барысының қандай екенін ешкім де білмейді. Біреудің жан дүниесін басқа біреудің түбегейлі түсінуі мүмкін емес қой. Жас жігіт Өрнаны көргеннен кейін байыздап отыра алмай бірдемелерді айтып міңгірлей берді.
- Қорықпаңыз ол қазір сізді мүлдем тани алмайды, онанда бір күй тартып берсеңіз оған, - дедім жігітті сабырға шақырып.
– Ол неге мұндай күйге кіріптар болды екен деші? - дейді жігіт дамылсыз аһ ұрып. Ол әлгі сыры көшіп көнерген қапты ашып ішінен скрипкасын алып шықты. Мен медбикелерге есекті қуып жіберіңдер деп ишарат жасадым.
Жас жігіт басын қисайтыңқырап, скрипкасын иығына қойып екі көзін сәл жұмды. Аз-кем уақыт тынышталып алғаннан кейін күйін тарта бастады. Дебиюссидің «Ай нұры сонатасы». Басқа науқастар да дабыр-дұбырдан тыйылып, мынау табиғат үні іспетті тамылжыған күйге елтіп, тып-тыныш құлақ түруде. Сиқырлы күй әуені ашық терезеден көк аспанға көтерілді. Ол шалқар түстегі шаңқиған күннің ыстық аптабымен араласып салқын леп соқтырып, ой дүниеңді көңіл түкпірінде көмулі жатқан ескі бір елестерге жетелейді.
Айдың аппақ сәулесінде өзен суы күмістей жарқырайды. Бұйралатқан су бетінде жұлдыздар жайнайды. Кім екен шіркін мүлгіген тыныш түнде қиырда қалған ғашық жарының жаутаңдаған жанарын сағынып, сол бір бейнесін елестетуге тырысқан. Бірақ мұның бәрі де мына мақпал түндегі ай-жұлдыздың сәулесімен бірге Дунай өзені жағасында болмашы мұң-шерге айналып көк жүзін кезуде. Күмістей жарқыраған өзен суы, күлімдеген көздер бәрі-бәрі де әсем жырдан, көрген түстен аумайды...
Өрнаның жанарынан бір түрлі асқан сұлу сезім менмұндалап түрғандай. Әйтсе де әдет-салттан қайтып оза алсын ол. «Ай нұры сонатасының» тамылжыған тәтті ырғағы Өрнаның жан дүниесінің терең түкпіріне тамшылап сіңіп, сансыздаған бұғау-бөгеттерді бұзып жатқандай. Біз Өрнаның тамырларының соғысы біртіндеп тездей түскенін көрдік. Оның анау шырпыдай шілбиген саусақтары ақырын-ақырын қыбрлай бастады. Аздан соң Өрнаның жан сезімі жаутаңдаған қос жанарынан мөлтеңдеген ыстық жаспен тоғысып, жүзін айғыздап төмен қарай домалады. Күйдің ең соңғы бір мелодиясын тартып болған. Скрипкашы қос қолын кеңістікке көтерген бойы сол орынында үнсіз, қыбырсыз тұр. Бәлкім осы бір сәтте оның айналасындағы адамдардың бәрінің де жан дүниесі: «Бір тамшы жас алтыннан да ардақты!» деп айтып тұрған шығар-ау!
Медбике Өрнаны ертіп шығып кеткеннен кейін мен әлгі жігітпен ұзақ әңгімелестім. Екеуіміз достасып та үлгердік.
Жігіттің аты Бөтта екен. Өрна екеуі риясыз сәби кездерінен бастап бір даңғылдың бойында есейіп-ержетіпті. Кейін екеуі жоғары оқу орынына емтихан тапсырып, бір оқу орынын тамамдап, бір театр үйірмесінде болыпты. Бірақ өмір оларды ойыншық еткендей біреуіне айдай сұлу ажар, біреуіне өрелі өнер сыйлайды. Осы ерекшеліктерімен екеуі де ел көзіне түседі. Қыз болса жігітке сұлу саздың қайнар бұлағы іспетті еді. Бірақ махаббатта көз болсын ба, Өрна театрдағы бір артисті ұнатып қалады. Ол еркектің тұлғасы сымбатты болғанымен көрінгенге көз сүріндіретін жаман әдеті бар еді. Көп өтпей Өрна жүкті болып қалады. Ол босанғаннан кейін есінен адасып, күндер өте қазіргідей күйге кіріптар болады. Ал, әлгі еркек Өрнаны тастап қашып кетеді. Өзі тартқан күйіктен Өрна дүниеден ауаша лаззат алып тұрғандай көрінуші еді Бөттаға. Иә, осындай бір күштің құдыретынен болар, Өрна үшін «Ай нұры сонатасы» Бөттаның ескіріп тозған елесі. Ал Бөтта жоннен бұрынғы ғашық жарына арнаған махаббат сазы, сүйгенінің жалғысырап, жабыққан жан дүниесін жұбататын бесік жыры сияқты еді. Бөттаның әңгімесін естіп, оған деген көзқарасым біртіндеп озгерді.
Осы бір жігіттің жан-дүниесі сондай ізгі, салмақты өзіне-өзі сенетін, келісті азамат болып көрінді маған.
Кейін ол шипаханаға күн құрғатпай келіп, Өрнаға күй тартып беріп жүрді. Мен оларға ауаша бөлме босатып, ішіне екі скрипкп әкеліп қойдым. Өз басым музыканың ауыруға шипа болатынына сеніп кетпесем де жас жігіттің қажымас рухынан қатты әсерлендім. Өрнаның науқасын онан ары ден қойып емдедім. Бір мезет уақыт өткеннен кейін Өрнаның аппақ шөлмектей жүзіне қан жүгіре бастады. Бірақ, оның ауыруының бетін қайтарған медицинаның күші ме? жоқ, әлде сұлу саздың құдыреті ме? оған кесім айта алмадым. Жас жігіт екеуіміз де Өрнаның жаутаңдаған жас жанарын ертерек көруді аңсадық. Кейін, бірнеше күн бойы Бөтта хабар-ошарсыз кетті. Тағы бірнеше күннен кейін зузамен шипаханаға әкелді. Бір реткі жол апаты оны ес түсінен айырыпты. Біз оны ең озық техологиямен емдесек те өнім болмады. Бірнеше күннен соң Бөтта бақиға аттанды.
Кейін мен қызмет бабымен өзім торған шипаханадан ауысып кеттм. Сол бір күндерді есіме алсам, маған мәңгі әсем саз болып сезіледі.
Осылайша мен нағыз махаббаттың-медицинаның да қолынан келмейтін кереметтерді жарата алатынына еріксіз сендім. Егер әр кімнің жан дүниесінде жасырынған осындай бір күй болса онда олардың бәрі де бақытты өмір кешер еді-ау деп ойлаймын…
Аударған: Бақытбек Пазылұлы
Бақытбек Пазылұлы 1960 жылы ҚХР, Алтай аймағы, Қандығаты ауылында дүниеге келген. Әдебиеттанушы, аудармашы. Аудармалары Қытайдың мерзімді басылымдарына жаряланған.
Бөлісу: