ДИНА БӨКЕБАЙ. ҚИЯЛСЫЗ ӨМІР ӨТІРІК
Бөлісу:
КҮЗ АҢҚЫҒАН
Сыпырғыш емес дала гүлінің сабағына отырып күлтесіне сүйеніп,
Бағытсыз әлдеқашан әлдейқада ұшып барамыз
Армандарым ойлар астында жиі өліп
Күздің иісі аңқиды
Тоқтаңыз осы жерден түсіп қаламыз. (!)
Жапырақ теріп жүреміз, жанды жамауға:
- Алып қояйық мұң үшін Жұмекеннен бір.
- Аттанайықшы әлдилеп, таңды қарауға.
- Жазғанмен жанға жақпайтын жыр екен өмір...
-...
Қуаныш мұңға, көктемдер күзге айналады,
Қайтадан кері оралам, тоқтатып бәрін.
Сыңғырлай күлген жылауық қызға айналады...
Естелігі тек жымияр көп бақыттардың.
Ертегім ғой сол... Абайла қиратып алма,
Сәттермен сүрген өмірім ән еді тұнған.
Көк пен жердің ортасы, бейуақыттарда
Қиялдың бар екендігі болмаса -
Өмірдің өзі өтірік, әдемі құрған.
ҚАУЫШУ
...Ғасыр екен шамдар сөнген, сөз өліп
«Жылдамырақ сен алдыма өт енді».
Маңдайыма тапаншасын кезеніп
Уақыт тұр...
Мен қолымды (өмірімді) көтердім.
Басқа уақыт сағатымда,бөтен Ай
Мұң ыржияр ессіз ойды қылғытып.
Шығарып сап ескі Дина Бөкебай
...есік жақта жап-жаңасы тұр күтіп,
Ол білмейді
Пенде емес, жүрегіңмен тілдесу,
Керектігін адам деген талантқа.
Күн кешудің екендігін мұң кешу
Түсінбепті тағдырларға қарап та.
Жылжып жырдың артынан бір жыр келер,
Есік жақтан ескі Дина ұшырап:
Адамдар да пенде болып үлгерер,
Уақыттың тапаншасын қысып ап.
КӨКТЕМНІҢ ХАБАРЫ
Алматыға көктем келді,
Біз жүретін жолдың бəрі жыр болып,
Еске салар өткендерді
Ал дəл қазір,
Есентайдан түскі ас ішіп
Шаштарында дицентра гүлденіп,
Кеудесінен құстар ұшып...
Мен келдім!
Алматыға көктем келді,
Құстар айтты құлағыма сыбырлап ,
Жалғастырар көк пен жерді
Ал дəл қазір,
Жүрегімнің досы үміт.
Сосын мен де бір əн айттым ыңылдап,
Молданазарға қосылып...
Алматыға көктем келді,
Құрбыларым шықты жаңа сəнденіп,
(Жек көретін өктем желді)
Ал дəл қазір,
Кеше жауған қар артық,
Менің жаным қуыс-қуыс тəнге еріп,
Жатсам дейді дүниені ағартып.
Алматыға көктем келді,
Көрінеді қарасаң, жақыннан күз,
(Мұңға бату жоқ менде енді)
Ал дəл қазір
Сыр орнына жыр беріп,
Терезе алдында түнмен бірге отырған қыз
...ғайып болар, үлгеріп!
Алматыға көктем келді,
Ақындар!...қиын бұларға
(Ессіз деп сөкпең мені)
Ал дəл қазір,
Бір сағыныш ойларымды үсіріп,
Айналдырар жүрегімді жырыма,
Жырларымды қиындыларға,
Түсініксіз түсінік.
Алматыға көктем келді- мен келдім!..
*****
шық әлем
Дүлейдей борандағы қақырап төніп,
Жоғалып кетем табылмай түзге асам да.
Күздегі сағыныш тектес жапырақ болып
Сен мені ізде сонда.
Шыдай алмайсың,сен оған тіпті де ерсең
Бітпейтін жол бар уақытпен сыр ашып алам.
Көктемгі жарған бүрлерден шықты көрсең
Сен мені сұрашы содан.
Сұрашы содан біледі ол, біледі бәрін
Мөлт етер сосын тамшыларменен тізген мұң.
Біледі сол шық бір қыздың жүрегі барын
Ішінде жүрексіздердің.
Ізде сен солай, қараусыз жыламайын мен
Кеудеңе тағар алқадай жүз үмітті шен.
Мен шық болам да нәркескен тұла бойыммен
Дір етсе ,үзіліп түсем.
Жаратты дейсің жарығым кенде ғып кімге,
Құстардан жеткен хаттардай бола алар сырым.
Мөлдір шықтайын көрінбей пенде біткенге
Бір күні жоғалам ,шыным...
ЖАЛҒЫЗДЫҚ ЖӘНЕ МЕН
Сағыныш түсі, тағы да аздап таң суық,
Құлагердейін құлаштауыма қамшы көк.
Көздері жанған үкідей сенен қорқамын
Үзіліп түсер тамшы боп.
Көзге көргісіз түнекті сүйем сендегі
Ал сенің барың жалқылықтарға ем бе еді?
Құдайдың бәрін құдай ететін сиқырың
Адам еткен бе пендені!?
Ей, шерлі ғалам, қиянат жаса у ұсын
Мекендеп жүрсем жүректің жалғыз қуысын.
Адамзат білер ең ұлы гимн – жалғыздық.
Және де менің туысым.
Жаһанда саған табылмас сірә,күш теңдер
Түсім де емессің үш ұйықтағанда үш көрген.
Қосыла шырқап қайтам ба деп ем әніңді
Көшеде тағы ішкендер!..
КҮН ЖОҚТА ӨЗІҢ ЖАРҚЫРА
Күн жоқта өзің жарқыра,
Жазу үшін жазбайтынымыздай,
Сүю үшін сүймейтініміздей,
Оятқыш үшін тұрмайтынымыздай таңғы алтыда.
Күн жоқта өзің жарқыра
Көздерімнен жаңа жыр оқып,
Құшағыңды аспаныңмен бір етіп,
Сосын, күнделігіңе жазған жүрегіңнің антына.
Жер бетілік көлеңкелерге Құдай боп,
Жер астылық адамдарсыз ауа жұтпас сыңайлы ек...
Десе де аспан, қарай көрме артыңа.
Өзің ғана жарқырап.
АЙтарсың ғаламшарларға мың сәлем,
аспаным-
Жарқыра күннің орнына, жарығым,
Жаттап алсыншы шамдардан жалыққан әлем.
ӘКЕ-ӨЛЕҢ
Әке, сенің маңдайыңдағы әжімдер
Шығыс пен Батыстың,
Ақыл мен намыстың тоғысқан торабы;
Балалыққа апарар
Ең қысқа саты олар - жылдармен жоғары.
Әке, ренішің жоқ па еді..?
Қызыңның кеткені көрпе емес, жыр құрап.
Өмірдің анты игі-
Жейдеңнен аңқиды жердегі бір Жұмақ.
Қаламын байқамай,
Таулар да қайталай алмайды биіктеу еңсесін.
Қабағың,қасыңнан
Өзімді шашылған құраймын мен сосын.
Әке, армандар орасан,
Өмірге қарасам шығып ап дүниенің шетінен.
ойлайсың өлем деп,
тұрасың өлең боп кітаптың алғашқы бетінде.
spring
Ештеңе күтпей ешкімнен
Еріген қарға еңкейіп қайта жыр оқып
Тұсауым Құдай кестірген
Жердегі жүрген ізімнің бәрін гүл етіп...
Өтіп кетейін Көктемге.
Күнәсін сүйіп адамның
Дұғасын сүйіп...
Құштарлығымды көп қылып!
Кір жайғышына анамның
Салқыны ұрған көңілді мынау кептіріп,
Өтіп кетейін көктемге.
Сезімді қояр басына,
Тізімі мынау армандарымның түсі аппақ.
Көлеңкемді ертіп қасыма,
Ерлан Жүнісім, Оралханымды құшақтап...
Өтіп кетейін көктемге.
Уақыт?
СӘТТЕРДІ КЕШУ
Бір күні,
Умаждалған хаттарды жыртып,
Ұмытылмаған сәттерді кешіп
Бір ғасырды артқа қайырар кірпік,
Бір ғасырға ашылады есік.
Бүгін -
Сенімге қанат бітірсе күмән,
Қалжырап сөздерден қаңқу.
Сыбырлап оқылар дұғаң-
Жазылмаған жырың аңқыр.
Қазір,
мен- қонақпын кешігіп келген,
Дін жайлы айтпайтын жақтан.
Гүл өссе (біз) басқан жерден,
Гүл өссе (сен) жазған хаттан.
Не жазғың келеді маған?..
ФРЕЙДТІҢ ҚҰРБЫСЫ
Уақыттың үніне ғашық құлағым,
Сағат тоқтауын тілейді сыңарым.
Түсімдегі кеше көрген қар қызы
Бекторымен қол ұстасып жүр әні.
Не-ге?
?..
Қиял кезу- өміріңді аяу ма?
Құламауға қалам ұшын таянған.
Өзімізді түсімізден таба алсақ
Ең шынайы өнер ғана-оянбау.
Үрейленер түстің келмей өлгісі,
Жүрек жақтан құс ұшады, көнбісім.
Тамырымды жарып шығар аңдаусыз
Тән ішінде тұтқындалған болмысым
Өлең оқыр түнекке...
Әңгіме айтып Фрейдпен әлі ұйқысы келмеген,
Ұлы қонақ жалғыздығым бөлмеде.
Азапты ой кетпей тұрып пышақтап,
Ессіздігімізді құшақтап,
Бейсанамызда жолығайықшы пенделер.
(СОҢЫ)
Дина Бөкебай - 1999 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданы Қожабақы ауылында дүниеге келген. Қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің 3 курс студенті. Өлеңдері облыстық, республикалық баспасөз беттеріне жарияланған.
Бөлісу: