Абай жерінген мақал-мәтелдерге бүгінгі көзқарас

Бөлісу:

01.09.2020 11835

Абай – қазақ ақыл-ойының асқар шыңы. Абай қалдырған рухани мұралар – тек қазақ халқының ғана емес, ондағы өреге лайықты жоғары деңгейде аударып, насихаттап жеткізе білсек, шындығында Абай – әлемнің Абайы. Себебі, Абай жалпыадамзаттық гуманизм ауқымында өрелі ой-тұжырымдар қалдырған ғұлама.

Абайдың рухани мұрасы – өлеңдері, поэмалары, қарасөздері, әндері. Біз мақаламызға Абайдың қарасөздеріндегі мақалдар мен мәтелдерді қарастырмақпыз. Абай өзінің қарасөздерінде мәтінде айтылар ойды нақтылап, дәйектеу үшін мақалдар мен мәтелдерді пайдаланады. Және бірнеше қарасөзінде қазақ мақал-мәтелдеріне арнайы тоқтала отырып, олардың мазмұны мен идеясына қатысты сыни пікірлерін айтады.

Біз мақаламызда Абайдың өз қарасөздеріндегі қазақ мақалдары мен мәтелдерін сол заманға, өз қоғамына сай пайдалану ерекшелігіне ой жүгірте отырып, сол мақалдар мен мәтелдердің қазіргі, ХХІ ғасырдағы қазақтың ұғым-түсінігінде қалай қолданыс тауып жүргенін көрсетуді мақсат еттік. Және де бұл қадамымыз Абайдың мақал-мәтелдерді қолданысын сынап теріске шығару емес. Керісінше, Абай заманындағы қазақ қоғамымен салыстырғанда, қазіргі қазақ қоғамының қаншалықты өзгеріп, алға озғанын осы мақал-мәтелдік қолданыстар арқылы көрсетуге ұмтылысымыз.

Өз дәуіріндегі қазақ қоғамының мінез-құлқы, моральдық ахуалы, т.б. қасиет категориялары – Абайдың қара сөздерінде молынан сипатталған. Абай қарасөздеріндегі мақалдар мен мәтелдердің қолданысына арнайы тоқталудың маңызы бар. Себебі, Абай мақалдар мен мәтелдерді жай ғана қолдана салмайды. Жоғарыда атап өткеніміздей, біріншіден, ұлтымыздың бойындағы ізгі қасиеттер мен көркем мінездерді таныту үшін мақал-мәтелдерді пайдалана отырып, ой өрбітеді, айтар ойын салмақтап, дәйектейді. Екіншіден, қазақ мақал-мәтелдерінің мазмұнына арнайы мән беріп, олардың идеялық өзегін талдайды, берер тәрбиелік құндылығы жайында сыни көзқарасын білдіреді. Абай үшінші, бесінші, алтыншы, он үшінші, жиырма тоғызыншы, отыз тоғызыншы, қырық үшінші, қырық төртінші қарасөздерінде мақал-мәтелдерін қолданған. Нақтылай айтқанда, Абай мақал мәтелдерді жанама түрде қолданады және қарасөзінің тікелей өзегі ретінде алады. Ендігі жерде әр қарасөзіндегі мақал-мәтелдерді жеке-жеке тоқталайық.

Үшінші қарасөзінде Абай: «Осы күнде қазақ ішінде «ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты», - дей кел, оның мәнісі: «ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалылығынан жетерсің» деген сөз», - деп түсіндіреді. Осы қарасөзіндегі тағы бір мақал – ел ішіндегі түрлі дау-шарларға билік айтып, төрелік жасауға қатысты екендігін аңғарамыз. Абай былай дейді: «Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады» деп. Оның мәнісі – тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз». Абай бұл мақалдың мәнісін құптай келе, патша үкіметінің билерді үш жылға сайлатып, ел ішін әдейі бүлдіруге жол ашып қойғанын сынайды. Биді уақыт мерзімінсіз сайлау жөн дегенді айтады.

Он үшінші қарасөзінде Абай иман туралы айта келе, оны жүрекке орнықтырудың «якини», «тақлиди» деген екі түрін, яғни, біріншісі – өздігінен оқып-үйрену арқылы, екіншісі – кітаптан оқып немесе өзге бір адамның ықпалымен шүбәсіз иманға келу екендігін айтады. «Қылыш үстінде серт жоқ» деген, «құдай тағаланың кешпес күнәсі жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрысын», - деп байлам жасаған Абай бір сөзді, берік байламды, ілім-білімі толық, екіжүзділік, тайғанақтыққа бармайтын адам – нағыз иманды адам деген тұжырым жасайды.

Қырық үшінші қарасөзінде Абай ішіп-жеудің, ойнап-күлудің, киім киіп, көлік мінудің, сүйіп-құмарланбақтың, мансап-биліктің, қысқасы әрбір құмарлық пен іс-әрекеттің өлшеуі, шегі бар және есті адам осыны білгені дұрыс дейді. Ал осы шекті ескермей, шегінен асырып жіберсең, бәрі бекер дегенді айта келе, мұның аяғы: «Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тартасың» дегендік болатындығын айтып, сақтандырады. Адами әдептерге жат құмарпаздық әдеттерге тым салынып кетуден тартыну керектігін айтады. Абай мұндай жаман әдеттерден тыйылудың бірден-бір тежеуіші – ақыл мен қайраттың бірлескен қуаты деп қорытынды жасайды.

Отыз тоғызыншы қарасөзінде Абай арғы қазақтың бойында көрініс тапқан көп жағымды мінездерге тоқтала отырып, заман алға жылжыған сайын сол жақсы деп саналған қасиеттерден біртіндеп арылып, айырылып келе жатқандығын айтады. Абай өз дәуірінде кешегі қазақтың бойындағы ізгі қасиеттерден тек екеуі ғана қалғанын, енді солардан айырылмаса ғана қазақ ел болатынын айта отырып, былай дейді: «Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. ...«Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен...» Яғни, өз заманындағы қазақтың бойындағы Абай аңдап бағалаған және жойылып кетпеуін тілеп отырған жағымды мінезі – өз ортасынан шыққан ел бастар айтулы азаматқа сөзсіз бағынып, айтқанынан шықпаушылық екен. Сондықтан да Абай жас та болса, жүрегінде оты бар азаматты қолдап, елдің жүгін арқалату үшін, оның қолына билік тізгінін ұстатып, сенім білдірген дұрыс деген ойды айтады. Мұның өзі «елім деген ер болмаса, ерім деген ел болмайды» деген қазақ мақалымен үндес деуімізге болады. Иә, қазақ талай қиын-қыстау замандарда елі үшін туған ерлердің бастауымен жол тауып шығып отырғанына тарих куә. Абай осы қасиет арылмасын дейді.

Отыз тоғызыншы қарасөзінде қазақтың бойындағы Абай бағалаған тағы бір жақсы мінез – намысқорлық. Абай былай дейді: «Екінші мінезі – намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен», - деп қазақты бірлік-берекеге бастар бірнеше мақалды мысал ретінде атайды.

Абай қазақ бойындағы жағымды мінездерді сипаттау үшін алып отырған бес мақалды қарастырайық. Мысалы, «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады». Мақалдың мағынасын айқара ашып қарар болсақ: өз ағайынымен жақын араласып, сыйласудан арланған адам – күндердің күні болғанда, жаттың зәбір-қорлығына ұшырап, жапа шегері анық дегендік емес пе? Абай заманында рулық-территориялық тұтастықта өмір сүрген қазақтар өздері сайлап алған көшбасшысына бағынып, «у ішсең – руыңмен» деген қағидатты нық ұстанып өмір кешетін болған. Ол заманда бір адамның намысы – рудың намысы болып саналды. Қазіргі қазақ арасында руын ұмытқандар кемде кем дегенімізбен, Абай заманындағыдай, рулық-тайпалық жігімен тұтаса отыр деп те айта алмаймыз. Далалық қазақ қалаланды, өлкелер бір-бірімен мидай араласты. Мұндайда кешегі рулық намыстылық ұлттық намыс деңгейіне көтерілуі керек қой? Қазіргі қазақтар, біздер осы үдеден шыға алып жүрміз бе? Мұның жауабы әрбіріміздің көкірегімізде сайрап тұрғаны, іс-әрекетімізде көрініс тауып жүргені де анық қой. «Руың жаман», - десе қолында өлуге бар, «ұлтың жаман» десе, селт етпейтін болсақ, бұл намыстылықтың қандай деңгейі болма? Абайдың жағымды сипат тұрғысында қолданған мақалдар мен мәтелдер – осылар. Ендігі кезекте Абай сынаған мақалдар мен мәтелдерге тоқталайық.

Абай бірнеше қарасөзінде мақалдар мен мәтелдердің мазмұны арқылы аңдалатын идеясына қатысты өзінің сыни ойлары бар. Мысалы, бесінші қарасөзінде көкірек тола қайғы адамның бойын билетпей, не көзден жас, не тілден сөз болып ағады деген ойды айта келе, Абай өз заманындағы қазақ қоғамының дүние-мүлікке деген көзқарасын олар қолданған мақалдардан тануға болатынын меңзейді. Осы ойды ашып көрсету үшін Абай нақтылай сынаған мақал-мәтелдер мыналар: «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал – адамның бауыр еті», «Малдының беті – жарық, малсыздың беті – шарық», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Берген – перде бұзар», «Алаған қолым – береген», «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Байдан үмітсіз – құдайдан үмітсіз», «Қарның ашса, қаралы үйге шап», «Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без». «Бұл мақалдардан не шықты?» - деген сұрақ қоя отырып, Абай оған өзі жауап береді: «Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен», - деп ашық қарсылығын білдіріп, сын айтады, осы да елдік пе дейді.

Абай хакімнің қарасөзіндегі ой-тұжырымымен келіскенімізбен, сынға алып отырған мақал-мәтелдерге көзқарасы – өз дәуіріне тән ұғым-түсініктің көрінісі екенін ескерген жөн болар. Қазіргі капиталистік қоғамның мал-мүлік жинауға қатысты түсініктері мен қатынастары Абай заманынмен салыстырғанда, қалай айтсақ та алға озғандығы да – өмір шындығы. Сондықтан да бұл мақал-мәтелдерді біз посткоммунистік капитализм дәуірі қазағының таным-түсінігімен қараймыз. Рас, «Қарның ашса, қаралы үйге шап», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Мал – адамның бауыр еті» деген мақал-мәтелдердің қай заманда да анық тоғышарлықтың нышаны. Мақалдардағы сөздер өзгере бермейді. Бірақ бастауыш әр түрлі, баяндауыштағы нақтылау мәні өзгеріссіз болуы мүмкін. Осыған сәйкес, қазіргі күні бізге «Бала – адамның бауыр еті» деген айтылым таныс, әрі мағынасы шынайы.

«Өзіңде жоқ болса, әкең де жат». Бұл мәтелдің фольклорымызда қашан пайда болғаны белгісіз. Абай заманынан да бұрын шыққан болар, бәлкім. Бүгінгі қазақтың үлкен бір тобы үшін мұндағы айтылған тұжырым өмірдің шындығы ретінде қабылданып отырған жоқ па? Бұл – капиталистік қоғамдағы көптеген отбасылардың өмір сүру ұстанымындағы анық ақиқаты екендігі, өкінішке қарай, рас қой.

«Малдының беті – жарық, малсыздың беті – шарық». Мұны да атам қазақ өмірдің нақ өзінен алып айтқаны анық. Қазіргі күнгі жағдаймен қарасақ, басында баспанасы, қорасында малы, қалтасында ақшасы жоқ адамның беті көн шарық емей немене?

«Ер азығы мен бөрі азығы жолда». Мұны да біз, Абай заманындағыдай, тамақ табу үшін әлдекімнен ұрлап немесе тартып алу тұрғысындағы, әзір асқа тік қасық тұрғысында қарастыра бермейміз. Қазіргі түсінікте бұл айтылымды ебін тауып тамағын тауып жер өжеттік немесе «жүргенге жөргем ілінеді» немесе «өзі жақсыға бір кісілік орын бар» деген ұғымдар аясында қарастыра аламыз.

Абай сынаған «Берген – перде бұзар», «Алаған қолым – береген» деген мақалдардың мағынасы негізінен ұқсас. Арамшөптей қаулаған парақорлық ишарасында алсақ, «берген – перде бұзар» – жақсы әрекет емес. Бірақ, қайда нені, не үшін беру керек деген жағдаяттық аяда қарастыратын болсақ, бұл да, «Алаған қолым – береген де» – нарықтық қарым-қатынас заманындағы адамдар арасындағы өзара тығыз, әріптестік байланыстың сипаты.

«Мал тапқан ердің жазығы жоқ». Хакім Абай өзінің қарасөзінде мұны біреудің ақадал мал-мүлкін ұрлап немесе барымталап иеленіп кету тұрғысында алғанын бағамдауға болады. Сондықтан да бұл жағымсыз қылық Абай аузымен қатаң айыпталған. Ал осы ұғымды «Есектің артын жусаң да мал тап» дейтін айтылым аясында қарастыратын болсақ, расымен де «мал тапқан ердің жазығы жоқ». Адал еңбегімен ақша тапқан болса, әрине.

Жалғасы бар...

Бөлісу:

Көп оқылғандар