Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Абай-175
Абай жерінген мақал-мәтелдерге бүгінгі көзқарас (ж...

30.09.2020 9264

Абай жерінген мақал-мәтелдерге бүгінгі көзқарас (жалғасы) 12+

Абай жерінген мақал-мәтелдерге бүгінгі көзқарас (жалғасы) - adebiportal.kz

Басы мына жерде

Абай қарасөзіндегі арамтамақтықтың көрінісі ретінде қарастырылған «Байдан үмітсіз – құдайдан үмітсіз» деген мақалға да бүгінгі күннің тұрғысынан өз ой-пікірімізді біршама басқаша білдірген болар едік. Бүгінгі қазақ байға яғни, капиталиске не үмітпен баруы мүмкін. Әрине, тіленшілік үшін емес, екі қолға бір күрек – жұмыс сұрау үшін. Себебі, бай (капиталист) деген кім? Бай – жұмыс беруші. Абайдан арғы замандарда да бай – қазақ даласының игілік-құтын келтіріп, айналасындағы адамдарға жұмыс тауып беріп, олардың отбасын асырауына мүмкіндік жасап отырған дәулет иесі. Миллиондаған адам шыбындай қырылған алапат аштық қазақ даласындағы байлардың малын тартып алып, өздерін итжеккенге тентіретіп жіберген соң шыққан. «Елге бай құт емес, би құт» деген рас екенін ескерсек те, мәйекті, қайрымды байлардың да елдің құты саналатын жағдайлар аз емес. Қазіргі күні жалғыз өзі бүтіндей бір ауылды асырап отырған байлардың мысалы әр жерде көп қой. Абайдың бесінші қарасөзіндегі мақал-мәтелдерді бүгінгі заман көзімен шолғанда осылай болды.

Абайдың алтыншы қарасөзі «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» деген мақалмен басталады. Осы мақалды мысалға алып келтіре отырып, Абай бірлік қандай елде болатынын, қайтсе ел тату болатынын өз заманының қазағы білмейді деген ойды айтады. Абайдың ойынша, бұл мақалда масылдық сипат бар. Мұны Абай былай деп тарқатады: «Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес». Біздіңше, Абайдың айтып отырған бірлігі – кешегі коммунистер айтатын, коллективтік меншік рәуіштегі ұғым болса керек. Ол замандағы мал-мүліктің бәрі кеңшардыкі, яғни ортақ дәулет болған еді ғой. Ал мұны бүгінгі Қазақстан тұрғысында, ел аумағында өмір сүріп жатқан он тоғыз миллион халықтың бірлігі – өнер алды екені даусыз ғой.

«Ырыс алды – тірлік», - дей отырып Абай бұл мақалға қатысты мынадай сын айтады: «Ол – қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың. Кеселді жалқау, қылжақбас, Әзір тамақ, әзір ас, Сыртың – пысық, ішің – нас, Артын ойлап ұялмас, - болып жүріп, тірімін деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық». Абай осылайша, ел ішінде шөп басын сындырмай, «әзір асқа тік қасық» бола кетушілерге қаталсынын айтады. Бұл арада да Абай өз заманындағы қазақтың бойындағы еріншектік, іске қырсыздық сияқты әдеттерді сынаған. Бірақ, Абайдың тірлік туралы бұл пайымы халық арасында болатын бірлі-жарым жалқауларға арналғаны болмаса, «Ырыс алды – тірлік» деген тұжырымның қашан да қапысыз дұрыс екеніне еш күмәнданбаған болар едік. Себебі, «бірлік болмай – тірлік болмас», Ал, қашанда топтасып тірлік жасасаң, ырыс пен ынтымақтың нағыз көзі емес пе? Абай бұл мақалды ол заманда тірлік – жан бағу, күнелту, тамақ асырау деген ұғымда алғандықтан, сын тезіне салғаны болмаса, бүгінгі дәуірдегі қазақтың пайым-түсінігінде – бұдан әлдеқайда өзгеше, бірлескен, үндескен әрекеттің нәтижесі.

Жиырма тоғызыншы қарасөз – тек қана қазақ мақалдарының мағынасына арналған. Абай былай дейді: «Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да жоқ». Осыдан кейін «Жарлы болсаң, арлы болма» деген мақалға тоқтала отырып, «арлы болмаудың» екі түрлі сипатын анықтап көрсетеді. «Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол – ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі», - дейді. Осы жағдаятқа қатысты «Ар сақтағанша, жан сақта», «Кедейдің кербезінен сақта» дейтін айтылымдарды да еске түсірген жөн болмақ. Демек, Жаратқан әу баста жарлы қылып жаратса да, өзіңе тиесілі несібеге ұмтылмастан, кедейліктің қамытын киген қалпы қала беруге болмайтындығын ишаралап отырған жоқ па? Сондықтан да жарлы адам әрекеттенуі керек, кедей болса да, құр босқа кербезденіп, жұмысқа илікпейтін жалған кербездіктен аулақ болу керектігі де өмірдің өзінен алынған ақиқат қой.

Абай қарасөзінде бұдан әрі қарай: «Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген екі айтылымға тоқтала келе, оларды: « ... - ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой», - деп сынағанын көреміз. Абайдың бұл мәтелді «анық құдай ұрған сөз» деп отырғандығын біз «қалау» деген сөзді «біреуден бір нәрсені сұрау» мағынасында қарастырғандықтан деп білеміз. «Қалау» сөзінің қазақ тілінде бірнеше мағынасы бар. Мысал үшін, бірдеңені сұрау, әлденені реттеп жинау, мысалы, пешке от қалау, кірпіш қалау, сондай-ақ әлдебір ілім-ғылымның негізін салу. Егерде «Қалауын тапса, қар жанады» деген айтылымды, образды түрде, дұрыстап қалап жиып, от тұтатқан жағдайда, қар да лапылдап жанады» деген ұғымда алсақ, онда расымен де еш сөкеттігі жоқ. Кез келген істің көзін тапсаң, бәрі де мүмкін» деген позитивті ұғым емес пе?

«Атың шықпаса, жер өртеге» қатысты Абай: «Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат?» - деген екен. Иә, елге танымал болам, атымды шығарам деп жер өртеу – қай заманда да дұрыс емес, әрине. Бірақ та, бұл арада қазақ мәтелдерінің көбіне тән – кесесін мәніндегі ишара, қыжыртпа мән басым ғой. Сондықтан да, бұл мәтел әлдекімнің әдеттен тыс сорақы қылығына қатысты, яғни сүйсіну, үлгі ету емес, жеріну, айыптау мәнінде қолданылатындықтан, ешкім де жер өртеп ат шығарғысы келмейтіні де анық жағдай.

«Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейді. Тәңірге жазып, мінбей-түспей арып, шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды?» - дейді, Абай хәкім, келесі бір айтылым туралы. Бұл ишаралы тұжырымның «Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол» деген балама нұсқасы қазірде кең қолданыста. Бұл қазақ тілді ортада, белгілі бір жағдайға, жағдаяттарға қатысты айтылып жатады. Аталық түйенің ақпанда ақ көбік бүркіп зар күйіне еніп, үйір қайытып, ұрпақ қалдыру мүмкіндігіне ие «бурасы» мен «тағдыр салды, біз көндік» қалпымен тұмсығын мұрындық тескен қалпында отыз жыл жүк көтеруге жаралған «атанның» тағдырына негізделіп ишараланған бұл мәтелдің мәні – өмір бойы түк бітірмей, бір сарынды өмір сүргенше, кейде қолда тұрған мүмкіндікті пайдаланып қайрат-қажыр танытып қалған да дұрыс деген ұстанымды құптауға болады.

Қазақ фольклоры қорындағы хакім Абайдың сынына ілінген мәтелдердің бірі: «Алтын көрсе, періште жолдан таяды». Абай бұл турасында мынадай сын айтады: «Алтын көрсе, періште жолдан таяды», - дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны». Расымен де, періште алтынды не қылсын. Бұл мәтелдің өзегінде, қалай болғанда да адам баласы – періште емес, материалдық қажеттілікке деген нәпсіні тыю – пенде баласы үшін үлкен сынақ деген ишаралы ой жатқандығы анық.

Абай сынаған келесі бір мақал мынау: «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті», - дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар. ...Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек». Бұл айтылғандармен келіспеу, әрине мүмкін емес. Шынында да, мына өмірге әкеліп, бағып-қаққан ата-анадан малды (ақша, мүлік) артық қою – шектен шыққан дүниеқоңыз біреу болмаса, ниеті дұрыс адамның қылығы емес қой.

Қырық төртінші қарасөзінде Абай талпыныс-талапсыздықты сынай отырып, мұндай адам – адам баласының ең жаманы деген қорытынды жасайды. Абай талаптың өзін бірнеше түрге бөледі және олардың қай-қайсысы болмасын, жағымды сипатта болатынына тоқтала келе, адам баласы талапты немесе талапсыз болсын, өзіне қоштау, мақтау тілейтінін атап өтеді. «Талаптың ішінде адам баласы көбінесе басына қадір іздеп, сол талапта болады. Біреу мал қуып жатыр. Сараңдықпен, арамдықпен, әйтеуір мал тапсам, «Мал тапқан ердің жазығы жоқ» дейтұғын, «Малдының беті жарық» дейтұғын мақалға сеніп, халықтың түріне қарай, ит те болса, малдыны сөге алмайды деп, бұл мал һәм пайда, һәм қасиет болады бойыма дейді». Бұл қарасөзінде де Абай қазақтың мал табу турасындағы талабының ауқымы барымта-сырымта, ұрлық пен тіленшіліктің төңірегінде екенін айтады. Бұл да болса, сол заманның балаңдық қалпы болар. Осыларды екшей келе Абай жалпы талап қылмақ адамға керек қасиет «нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» екендігін айта отырып, өкінішке қарай олай болмай тұрғандығына налиды. Бұл мақал-мәтелдердің бүгінгі күнгі көзқарастағы сипаты туралы жоғарыда тоқталған болатынбыз.

Мінеки, Абай қарасөздеріндегі қазақ мақалдары мен мәтелдеріне бүгінгі күннің, ХХІ ғасыр қазағының көзімен қарағандағы көзқарасымызды осылайша пайымдап, ой-пікір білдірдік. Қай заманда болмасын, Кез келген шығармашыл тұлғаның туындысында өз дәуірінің тынысы, қоғамының таным-түсініктері, әдет-ғұрыптары сол кезеңге тән бояу қалпымен көрініс табатыны ақиқат. Қоғам және ондағы қарым-қатынастардың, ұғымдар мен түсініктердің де дәуірлерден дәуірлер озған сайын жаңарып, өзгеріп, ілгерлеп отырмақтығы – өмірдің заңдылығы. Ғұлама Абай өз заманына, қоғамына, адамына, олардың ой-арманына, мақсат-мүдделік кеңістігіне сай түсініктеріне сәйкес мақалдар мен мәтелдерді ала отырып сынады. Кезінде Абай сынаған мақалдар мен мәтелдердің қазіргі қоғамның таным-түсінігі тұрғысында анағұрлым өзгеше реңкте, біршама өзгеше мағынада қабылданатын болса, біз оны жоғарыда айтқан заңдылықтармен түсіндіре аламыз. Осы орайда қазақтың танымал эстет қаламгері Асқар Сүлейменовтің «Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» дейтін тұспалын да еріксіз еске ала кетеміз. Әрине, бұл арада аталған айтылым арқылы Абайдың сөздері ескірді деген түсінікті тықпалап, жоқ жерден жоққа шығарып отырған жоқпыз. Дегенмен, Абай заманындағы қазақпен салыстырғанда, алаштың бүгінгі ұрпағы анағұрлым есейгені анық қой. ХХІ ғасырдағы қазақ қоғамы үшін өз заманында Абай сынаған мақалдар мен мәтелдердің мән-мағынасы тұрғысындағы айтылар ойымызды осымен тәмамдадық.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар