Жүкел Хамай. Абайды аударудың азабынан қызығы басым...

Бөлісу:

27.10.2020 5762

Белгілі ақын, аудармашы Жүкел Хамай қазақ аударма мәдениетінде өзіндік орыны бар тұлға. Ол осы уақытқа дейін қазақтың бір қатар қаламгерлерін моңғол жұртымен кеңінен таныстырып үлгірді. Айталық, Махамбет Өтемісұлы, Жамбыл Жабаев, Ақыт Үлімжіұлы, Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Мұхтар Мағауин, Олжас Сүлейменов сынды ел руханиятындағы айтулы тұлғаларды моңғол тіліне сәтті тәржімаласа, моңғол халқының ірі ұлт қайраткерлері – Х. Пэрлэнің «Көшпенділер тарихын көне таңбалар арқылы зерттеу», А. Амардың «Моңғолдың қысқа тарихы», Лүбсанданзанның «Ежелгі хандар негізін салған төрелік жосығы» («Алтан товч» тарихи кітабының аудармасы мен түсініктемелерін) туындыларын, сондай-ақ, У. Уйтмен, А. Мачадо, О. Дашбалбар, Ж. Болд-Эрдэнэ, Мэнд-ООЕО, А. Чакраворти, И. Хистің шығармаларын қазақ тіліне аударған. Биыл Абайдың 175 жылдық мерей-тойы аясында Халықаралық түркі академиясы тарапынан Абайдың таңдаулы жинағын (Абай Хунанбаев «Шилмэл түүвэр», аударған: Жүкел Хамай) басылып шыққанн болатын. Жүкел аға Абай шығармаларын аудару жұмысына алғаш 80-ші жылдардың ортасынан бастап кірісе бастаған. 1995 жылы Хакімнің 150 жылдық салтанатында Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін аудару жұмысына белсене араласқан. Десе де, биылғы еңбетің жөні бөлек. Аудармашы осы уақытқа дейінгі тәжірибелерін шыңдай отырып, Хакімнің жыр жауһарларын барынша биік өреде сөйлетуге талпынғаны анық. Осы төңіректегі ойларымызды ортаға сала отырып, ақынды аз-кем сөзге тартқан едік.

– Қадірлі Жүкел аға, биыл Абай жылының, Абай тойының үстінде отырмыз ғой. Тойлау басым ба, ойлау басым ба, ол жағын қайдам? Кейде, осындай салтанатты шараларды науқаншылдыққа айналдырып алатынымыз да жасырын емес. Бүгінгі күні біздегі абайтанудың деңгейі қай мөлшерде деп ойлайсыз?

– Иə, Абайтануды асыра мақтауға да, асыра даттауға болмас. Негізгісі – Абайтану бар. Əуелдегі Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Əлкей Марғұландардың деңгейінде кең ауқымда зерттеліп жатыр демесек те, бір өзі бір институттың ісін атқарып, Абайтануды бүгінгі деңгейге жеткізген Мекемтас ағамыздың орасан еңбегін шынайы бағалауға тиістіміз. Бұның сыртында Қайым ағалар бастаған бір шоғыр абайтанушылар еңбегін бүгінгі Абайтанушы ғалымдар Тұрсын Жұртбай, Тұрсынжан Шапайлардың еңбегінің өзі неге тұрады?!

Əсіресе, Тұрсын Жұртбайдың Абай текстологиясына мұқият мəн беруі айтарға тұрарлық үлкен еңбек.

Науқаншылдық – басқа əңгіме. Науқанның көкесі – абыздың 150 жылдығында болды. Биыл құдайға шүкір ғылыми тұрғыда көптеген дүниелер атқарылып жатқан сияқты.

Абайды оқу да, түсіну де адам болмысына, жан әлеміне үлкен талаптарды қоятыны белгілі жайыт. Ал, Абай шығармаларын аударудың азабы өз алдына бір төбе. Аударма барысында қандай түйткілді мәселелерге тап болдыңыз? Қандай әдіс-тәсілдерді қолдандыңыз?

– Абайды аударып жүргеніме биыл отыз үш болып келеді. Бұл датаны алғаш 1987-ші жылы Моңғолияның əдебиет басылымы «Утга зохиол урлаг» /«Əдебиет жəне өнер»/ газетіне «Абай Құнанбаев жəне оның поэзиясы» деген көлемді мақаламен қоса өлеңдерін аударып шығарған, Абай әлеміне алғаш енген сәттен бастап есептеп отырмын. Абай туындыларын, жалпы классикалық əдебиетті аударуда оның азабынан гөрі қызығы басым болады. Себебі, кез-келген толық шығарма оған бойлаған сайын жаныңды баурап, тереңіне тартып, қызығушылығыңды оятып отырады. Аударма азабы нашар шығармаларда көбірек болады. Əдіс-тəсіл дегенде негізінен дəлдікті, автордың сөз саптау мəнерін, ырғағын, дыбыстар əуенінің үйлесімділігін дəлмə-дəл ұстап, автоидың өз мəнерімен жеткізуді мақсұт тұтамын. Əрине, бұған тіл байлығынан тыс, мəтінді жетік түсіну қажет етіледі. Онсыз аударма жасау қиын, тіптен жасамай, соқтықпай жүргенің тыныш.

Жалпы, аударма тəсілден гөрі, шеберлік, сезім, толғаныстан туатын еңбек дер едім.

– Моңғол халқы да қазақ сияқты дала халқы, киіз туырлықты көшпенді жұрыт. Екі халқтың тілінде де, ойлау жүйесінде де біршама ортақтықтар бар. Осы тұрғыдан келгенде моңғол оқырмандары Хакім шығармаларын біршама жылы қабылдаған шығар? Әлде екі халықтың дінни танымындағы алшақтық өз салқынын тигізе ме?

– Иə, Абай туындылары моңғол тіліне 1956-58-ші жылдардан бастап аударылып, олардың орта мектеп оқулықтарына еңген. Кез-келген моңғол оқырманы Абайдан кемінде бірер жол өлеңін жатқа айта алады. 1958-ші жылы жарық көрген «Шүлгүүд» /«Өлеңдер»/ жинағын жеті-сегіз адам, екі қазақ, қалғаны моңғол əдебиетшілер аударған. Ұзын саны отыздан аса өлең (нақты санын ұмытып отырмын) енген жинақты, олар қазақшадан сөзбе-сөз аударма арқылы, сосын орыс тілінен аударылған нұсқасынан салыстыра отырып моңғолшалаған. Соған байланысты жəне де аудармашылар дені кəсіби адамдар болмағаны себепті Абай моңғолдарға өте жүдеп жетті. Соған қарамастан, олардан бұрын аударған академик Ренчин Бямбаевтың Абайдан аударған «Рахым шалға» деген өлеңіндегі екі жолы – «Сұлу аттың көркі жал, Адамзаттың көркі бал...» моңғолдардың тұрақты мəтеліне айналып кетті. Қазір бұны білмейтін моңғол жоқ. Алайда, бұл өлеңді моңғолдарға жеткізу үшін академик «көркі» деген сөзді «əйгілі» /«гайхуулна»/ деп аударған. Мақтандық екпінде жасалған бұл аударма сонысымен моңғолдарға рух беріп, жігерлендіре алды. Ал, Абай өлеңінің негізгі мəні – адамның ішкі көркі, жан-дүниесінің көркі қалыс қала берді. Абай өлеңдерінде мұндай ерекшелік басым ғой. Солардың ішкі мəнін жетік түсініп, толық аудару аудармашылан үлкен талапты қажет етеді. Əріден соң оның салт-дəстүрге қатысы жоқ, жалпы адамзаттық ұғымдар. Сол себепті моңғол оқымыстылары Абайды Пушкин, Рабинат Тагор, Гёте, өздерінің Равжаа сияқты ұлыларымен тең қойып, зерттеп, зерделейді.

– Әдетте, өлең аударылмайды деген ұғым жиі айтылып қалып жатады. Оның да өз мәнісі бар шығар. Әсіресе Абай сынды ойшылдың қуатты поэтикасы, биік эстетикалық тағылымы, астарлы, шүңет ойлары, образды бейнелеуі сынды бар өлеңінің бойынан табыла беретін қасиеттердің қалпын сақтап аудару, аудармашыға аса жоғары талаптар қоятыны белгілі. Абай өлеңдерін аудару барысындағы күрделі мәселелерді шолып өтсеңіз?

– Иə, өлең аударылмайды деген сөз айтылады. Бірақ, Абайдың қаншама аудармасы қазаққа төл шығармасындай қалыптасып, сіңісті болып кетті?! Əуелі, осыны естен шығармауымыз керек. Өлеңді, толық түсіне алсаңыз, аударатын тіліңізді жетік біліп, Мұқаңша айтқанда, «сол тілмен түс көре алатын» болсаңыз, өлең аударылмайды дегеннің де бекер сөз екеніне көз жеткізесіз. Бұл тұрғыда аударуға Абайдан гөрі Махамбет, Махамбеттен гөрі Мағжан қиын. Əр ақынның өзіндік ерекшелігі бар. Осы үш мектептен де өтіп, үшеуін де аудардым. Үшеуін де моңғолдар жылы қабылдады. Оның сыртында Лубсан Данзанның «Алтын Тобчы» еңбегін түпнұсқасынан қазақшаға ғылыми аударма жасадым. Орта ғасырдың сөйлеу мəнерімен хатталған бұл туынды, өлең, мақал-мəтел, қара сөзден құралатынын білесіздер. Бұлардың барлығы екі тілдегі əдеби өрісіңізді кеңейтіп, сөйлеу, сөзсаптау біліміңізді жетілдіреді. Лұбсан Данзандағы сөзсаптау ерекшелігі, бояу реңкі, Махамбетте толықтай, Мағжанда аздап бар. Немесе Абайдың сөзсаптау мəнері философ, ойшыл Равжаға жақындау... деген сияқты. Əр халық, əр ақын, ойшылдың өз мəнері болатыны заңлылық.

– Моңғолия қазақтары үшін Абай есімі ежелден таныс. Ол жаққа ақынның кітаптарынан бұрын ауызша шығармалары мен Абай айналасындағы естелік әңгімелер жеткен шығар деймін. Моңғолия қазақтары әдебиетінде Абай бейнесі айрықша ыстық. Ол елде де абайтанудың өзіндік жүлгесі бар. Моңғолиядағы абайтану мәселелері төңірегінде ой бөліссеңіз?

– Абай өлеңдері моңғолиядағы қазақтарға əр тараптан жетті ғой. Бірақ, жекелей Абайтанумен айналысып жүрген адамды естімеппін. Өлеңдеріне, кейбір туындылары хақында жазған ақын, жазушылар бар əрине. Бұлай деп, үзілді-кесілді айтуға 1995-ші жылы Ұланбатырда жарық көрген басылым шығарылымы себеп. Атылмыш басылымда аудармашылардың өзін қате берген. Менің аударған қара сөздерімді Ислам Қабышұлы аударған етіп, қате жібергенімен қоймай, 58-ші жылғы аударманы бүгінгі аудармашының бергені сияқты өрескел қате жіберген. Егер, ол елде Абайтану қолға алынған болса, мұндай қателік болмас еді. Абайды түпнұсқадан оқып, аударатын моңғол ақын, жазушылары да бар. Мысалы: О. Хангайсайхан деген ұранқай жігітін айтуға болады. Орыстың біраз ақындарының туындыларын моңғол тіліне аударған бұл аудармашы Абайдың «Ескендір» поэмасын бірнеше өлеңдерімен қоса аударып, 95-ші жылғы Ұланбатыр басылымына жариялады. Жəне де сол жылы мен аударған толық жинақтың қолжазбасына редакторлық жасады. Ал, биыл 175 жылдыққа орай Халықаралық түрік академиясы тарапынан Абайдың таңдаулы жинағы /Абай Хунанбаев "Шилмэл түүвэр" аударған: Жүкел Хамай, редакторы: Ақеділ Тойшан, Гобожавын Мэд-Оёоо. «Ғылым» баспасы/ жарық көрді. Осылардың барлығын моңғолиядағы қазақтардың Абайтануға қосқан зор үлесі деуге болатын шығар!

Бөлісу:

Көп оқылғандар