Еншілес екі хикая

Бөлісу:

23.11.2020 4176

Қазақтың күй өнері ғалымдардың пайымынша жаратылыстық табиғатына қарай шертпе күй және төкпе күй болып жіктеледі. Кейде төкпе күй мен шертпе күй бір-бірімен араласып, жымдасып келе береді. Бұл енді күйдің өз бітіміне, болмысына қатысты. Ғалым Ақселеу Сейдімбек мұндай топтағы күйлерге бойлауық күй деп анықтама береді. Бұл термин күй өнерінде кеңінен етек алып, қолданысқа бірден еніп кетпегенімен, атаусыз қалғаннан жақсы деп қуанышқа балаған жөн. Шертпе күй табиғатына, орындалу мәнеріне, өңірлік таралуына қарай Алтай-Тарбағатай, Арқа, Жетісу, Қаратау күй мектептеріне бөлінеді. Бұл танымды жіктеп-жіліктеп, ғылыми дәйегімен, дәлелімен зерттеген ғалым Жанғали Әлімханұлы. Кезкелген дәулескер күйшінің орындаған күйлерінен, дыбысты алу мәнерінен, күйдің бітімі мен мінезінен, өзіне тән ырғағынан күйдің қай өңірдің күйі екенін айырып алу қиынға соқпайды. Және осы шертпе күйдің төрт мектебі бірін-бірі толықтырып, жетілдіріп, кемелдендіріп жататыны тағы бар. Біз бүгін Алтай-Тарбағатай күйлерінің төл басы, күй атасы Бейсенбі Дөненбайұлының күй аңыздарына, күйлерінің шығу тарихына байланысты әңгіме өрбітеміз. Ел ішінде Бежең атанған күйші Алтайдағы төрт бидің төбе биі болған адам. Әңгімеміздің әлқисасын бидің бала күнінде айтқан алғашқы төрелігінен бастайық. Ана мен аруананың аналық мейіріне байланысты өрбіген бұл даудың өзіндік хикіметі бар. Кәрі шежірені бірге тыңдап көрелік.

Бейсенбі бидің 8-9 жастарға келгенде өзімен бірге қозы-лақ қайырған балалармен бірге кейде санамақ айтып үйренсе, кейде өзге балаларды дауластырып, өзі оған билік айтып, шыбығымен жер сабалап, даугерлерді сөзге көндіруге тырысады. Бүгінгі ойын күндегіден өзгеше болды. Бар баланы ауызына қаратқан Бейсенбі алқа-қотан отырған балалардың ішінен домалақ қара балаға санамақ айтқызады. Өзі кішкентай болғанымен өжет өскен ол бұрын үйренген санамағын судырата жөнеледі. «Бір дегенім – білеу, екі дегенім – егеу, үш дегенім – ұшпақ, төрт дегенім – төсек, бес дегенім – бесік...». «Тәуір жаттаған екенсі»,- деп Бейсенбі орнынан көтеріліп екі тізерлеп отырады,- «кеше біздің үйге Маман атам қонды, маған санамақ айтқызды, мен осы санамақты айтып беріп едім, балам, бұның сан санамақ, мен саған бір шешендік санамақ айтып берейін деп жаңа санамақ үйретті». Бұны естігіен балалар бізгеде үйретші деп шу ете түседі. Бейсенбі тамағын қырнап алып үлкендерше төкпелетіп сөйлей жөнеледі.

Бір дегенім – бірлігі кеткен ел жаман,

Екі дегенім – егесіп өткен ер жаман,

Үш дегенім – үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман,

Төрт дегенім – төсектен безген жас жаман,

Бес дегенім – белсеніп шапқан жау жаман,

Алты дегенім – асқынып кеткен дерт жаман,

Жеті дегенім – жас әйел жесір қалса сол жаман,

Сегіз дегенім – серпілмеген қайғы жаман,

Тоғыз дегенім – торқалы той, топырақты өлімде бет көріспесе сол жаман,

Он дегенім – оңалмас кәрілікке дауа болмас.

Қанша дегенмен баланың аты бала, ұғымға ауыр жаңа санамақтың мағынасын түсінбей, бәрі жарыса сұрақ қоя бастайды. «Ерлігі кеткен ел қандай болады? Ерлер неге ерегеседі? Ат шідерден шоши ма?» бала Бейсенбі достарының сұрағына бір-бірден жауап бере бастайды.

Бейсенбі туып өскен заманда ел-жұрт арасындағы әлеуметтік істерде билер билігі, кеңесі, билер соты дегендердің рөлі зор болатын. Ауыл-аймақ, ру-тайпа және жеке адамдар арасындағы барлық дау-дамайға – жер дауы, жесір дауы, құн-барымта, мал дауына билер билік айтатын. Халық қауымы қара қылды қақ жарғандай әділқазылық күткенімен, билердің төрелігі жұрт күткендей әділ бола бермейтін. Бейсенбі он алты жасқа шығып, ат жалын тарта мінген дер шағы екен. Бір күні іс-сапармен жолға шығады. Арып-ашып бірәз жол жүргесін анадайдан көрінген құдыққа атын суарып алмаққа бұрылады. Атын суарып тұрып айналасына қараса, ауыл айналасы қараң-құраң атты адамдарға толы екен. Ат суара келген балалардан жөн сұраса, ауылда билер арасында ұзаққа созылған дау-шар болып жатқан сыңайлы. Жөн ұғысып көрсе, іргелес отырған екі шонжар, бір тайлақтың дауымен әлі әлек болып жүр екен. «Еее, қазіргінің билері жиылып, бір бас малдың дауын шеше алмаса, жетіскен екенбіз» деп атына қамшы басып асығыс жүріп кетеді. Бұл сөз балалар арқылы би түскен ауылдың мырза жігітіне жетіп, одан билердің құлағына шалынып, жиылған билер жап-жас жігіттің атан өлтірер сөзіне қатты шамданып қалады. Содан шамырқанған ел ағалары, мықты болса өзін шақыртып, дауды шешкізейік, дауды шеше алмаса жақсылап жазалайық деген ойға келеді. Содан артынан қуғыншы жіберіп, әупіріммен бала жігітті алдырады. Билермен амандасып, істің мән-жайын ұққан жас Бежең дауды шешіп көрмекке талаптанады. Содан жағалай отырған билердің басы жас жігітке болған істің барлығын тегіс баян етіп береді. Әсілі дау былай басталған екен. Қысқа қайырып айтқанда, өрісте екі інген қатар боталап, бір ботасы өліп, қалған жалғыз бота екі енені тел еміп өскен екен. Алғашында мал иелері мән беріспегенмен, бота өсе келе екі көрші араздаса бастайды. Соның аяғы үлкен дауға ұласып, іргелес отырған екі елдің арасы ашыла бастағанға ұқсайды.

Даудың неден тұтап, неден асқына түскенін, мал ашуы, жан ашуына қалай ұласқанын толық аңдаған Бежең дереу іске кіріседі. Алдымен екі түйені екі жаққа байлатып, ортаға екеуінікі деген тайлақты байлатады. Байлаулы тұрған тайлақтың қара санына қылбұрауды салып, жас тайлақтың жанын шыңғыртады. Сонда оңаша байлаулы тұрған екі інгеннің бірі селт етпесе, бірінің шығарға жаны қалмай, жан ұшыра жұлқынып, байлауын үзіп, аңырап жатқан тайлағының үстіне барып құлайды. Бежең жиналған жұртқа қарап мен айтпасамда істің ақ-қарасы анықталды ғой деймін, кім ботасын боздатып қойып тұра алсын, мына тайлақтың үстіне құлаған түліктің иесі кім болса, тайлақта соныкі деп толық кесімін айтады.

Жиылған жұрт Бежеңнің тапқыр, әділ билігіне дән ыразы болады. Осыдан бастап әділқазылық атағы жайыла бастайды. Үстіне қара құлын терісінен тайжақы киіп, беліне кемер белбеу буынған, сапы асынып, сайгүлік мінген жас Бейсенбі ел-жұртқа танылған азамат болып көрінеді. Жиырма жастарға келгенде тамам елдің отарға барған жылқы қостарында қос басы болып жүреді. Ол заманда қыс болса мал отарлау халықтың тұрмыс тілегіндегі үлкен міндеттердің бірі еді. Малы өскен өңірдің ауылдары жылқыларын қосып, сайлауыт азаматтарды ұйыстырып, Ертіс бойындағы шөбі шүйгін, өрісі кең алыс алқаптарға отарға жіберетін, сол арқылы малды қыстан неғұрлым күйлі шығаруға тырысатын. Мал отарлатқандар ауылдан алысқа кететіндіктен отар қостарының барлық істеріне қос басы жауапты болады. Жас болса да іске шөгел, алымды азамат Бейсенбі қос басы болып барған жылдары оның отарындағы жылқылар қыста мейлінше күйлі шығып, шығын аз болатын. Олардың жылқысы Сауыр тауының бөктеріне дейін жетіп, ойрат моңғолдарының жылқыларымен жанасатын. Бейсенбі заманында жоңғар жортуылы әлдеқашан аяқтап, аласапыран өтіп кеткенімен, ел арасында соның салдарынан қалған салқындық пен кірбеңдік толық арыла қоймаған. Іргелес отырған моңғол-қазақ арасында мал барымтасы мен жер дауы үнемі туылып тұратын. Заман ауқымын бағып өскен сұңғыла Бейсенбі қос басы болып жылқы отарлата барғанда араздыққа бой ұрмай, берекеге бейім жүретін. Ол ендігі жерде дау-шардан гөрі берекенің жолы ашық болатынын, ерегесуден ел бүлінбесе, басқа пайда жоқ екенін толық аңғарып үлгіреді. Әр рет отарлай барғанда моңғол халқының салт-дәстүріне құрмет етіп, жол-жосынын өтеп, олармен берекелесетін, қоздағалы тұрған дау-шардың алдын алатын, қырғи қабақ кикілжіңге барыспайтын. Бұған моңғолдар да ыраз-қош болатын еді. Сонымен сіздерге осы әңгімемен желілес тағы бір аңызға бергісіз хикаяны баяндап берейін.

Талай жер дауы, жесір дауы, құн-барымта, мал дауын басынан өткеріп, қазылыққа ысылған шағында Бейсенбі би ғажап дауға кезігеді. Бұдан бұрын жоғалған мал, екі енеге телі тайлақ сықылды шым-шытырқ дау-дамайларға билік айтқан. Бірақ дәл қазіргідей жоғалған адам дауына жолықпаған. Дау болғанда да құн дауы емес, төрт-бес жастар шамасындағы бүлдіршіндей баланың дауы. Әңгіменің төркіні былай болған деседі ескі тарих.

Әдепкі отырыстың үстінде Бежеңнің алдына бір топ адам кіріп келеді. Ішінде бала жетектеген еңселі, тәуір киімді бір әйел және сонымен қатар кірген өң-іреті жүдеу, киімі жұтаң арық бір әйел бар. Көзі жасты, көңілі мұңды. Осы екі әйел бір жас баланы қаумалап, ошарылған тағы бірнеше ер адамдар. Бежең алыстан келген жолаушылардың тұрпатына қарап, тағы да бір түйіні қиын, шешімі ауыр іске кез болғанын іштей сезеді. Сезеді де жағалай жайғасып болған даугерлерден сөздің жөнін, істің мәнін сұрай бастайды. Әуелі ентігіп, көңілінің алаңын баса алмай отырған жаңғы жұпыны әйел, ақтарылып, алқынып сөйлей жөнеледі. Осыдан екі жылдан артық уақытта, жалғыз ұлым жоғалып кетті. Шамасы қозы-лақ қуған балалардың соңынан ілесіп, ауылдан алыстап кетіп, адасып жоғалғанға ұқсайды. Күйеуім екеуміздің ат шалдырмаған, із салмаған, сұрамаған жеріміз жоқ. Екі жыл табанымыздан таусылдық. Ақыры мына әйелдің ауылында бір жоғалған баланы асырап, бағып алған адам бар деген дыбысты естіген соң. Арнайы барып едік, мына кісілер есігінен қаратпады. Осының кесірінен, артынан ерген жалғыз тұяғының күйігінен күйеуім төсек тартып, тұра алмай қалды. Ақыры тауып алған балаларын көрсетпегесін, күмәніміз күшейіп, билердің сотына тарттық. Соттан сотқа өтіп, сарсаңға түскенімізге де көп уақыт болды. Ешкім әділін айта алмаған соң аттай қалап өзіңізге келіп отырмыз. Осылай әйел басыммен алдыңызға келіп отырмын. Ауылымыз алыста, Бұқтырма жақтан боламыз. Атым қалиман. Осы бір тарқамаған шерімді, таусылмаған көз жасымды есіркеп жетім дауын ақ пейілмен шешіп берсеңіз деп келіп отырмын деп боздап жылай жөнеледі. Бежең сәл ойланғандай, даулы балаға үнсіз қарап отырып, бала құшақтап отырған әйелдің дәтін сұрайды. Әлгі келіншек те мүдірген жоқ ағытыла жөнелді: «Біз мына қожамбет деген елден боламыз. Есімім Дәкіш. Мына қасымдағы жолдасым. Құдай куә. Осыдан төрт жыл бұрын зар илеп, запыран құсып жүріп тапқан жалғыз ұлымыз. Жалғызым туғанда айналаға ат шаптырып той жасағанмын. Мына отырған куәгерлер мен ауылдың айналасы түгел біледі. Кімнің баласы жоғалмай жатыр, бала жоғалтқан әйелге бере берер бала қайда? Жалғызымнан өлі болмаса, тірі айрылмаспын деп ол да зарын төгіп, жылай жөнеледі. Айналасындағы еркектер де өз баласы еді, тойына да куә болып едік деп қоштап қояды. Сонымен екі жақта ұзақ дауласады. Наөты айғақ болмаса бітіспейтін сыңай танытады. Онысы да жөн ғой. Кім баласын боздатып біреудің қолына бере қояр дейсіз. Сонымен би кеңірек ойланып, ұтымды шешім шығармаққа бекіп, даугерлерді шығарып жіберіп, оңаша ойға кетеді.

Келген қоралы адам шығып кеткесін, Бежең түбі жоқ ойға беріледі. Әредік қоңыр домбырасын тыңқылдатып қойып, ұзақ ойға шомады. Аналарды қайтарып жіберейін десе, ақ сүтінен, енелік пейілдерінен қаймығады. Осылай амалсыз отырғанда өзінің баяғы жас күнінде екі інгенді тел емген тайлақтың дауын шешкені еске түсе кетеді. Сосын Ұлықпан хакімнің тамағына сүйек тұрып қақалған патшаның тамағындағы сүйекті түсіру әдісін ойлайды, Бежең осылай отырып, ойдан ой ұшқындап, ақыры бір шешімге келгендей сұрлана қалады. Дәл осылай істеу керек, басқа еш амал жоқ деп күбірлейді.

Ертесі межелі уақытта би отырған үйге даугерлер сау етіп келіп түседі. Бежең келгендердің бәріне бажайлап көз тоқтатып қарап алды да, даугерлердің айғақ, куәларын қайыра бір пысықтап тыңдап шығады. Сосын, бұл әдепкі даланың күнделікті көп мәселесінің бірі емес. Бұл ұрпақ дауы. Екуің де менен әділдік күтесіңдер! Ал шын әділдік рақымсыз болады. Менің билігімен көнсеңдер ғана билік айтамын, көнбесеңдер жолдарың ашық деп түйеді. Отырғандар талай жерге барып құр сүлдерлері қайтқанын, не билік айтса да, әділінен болса көнетінін айтып шұрқыраса жөнеледі. Бежең даушылардың уәделі сөзін алғасын іске бажайлап кірісе бастайды. Әуелі қасындағы қолшоқпар, қарулы жігіттердің бірін алдырып, қайқы қара қылышты қайрауға бұйырады. Қылдай өткір етіп қайраңдар, баланың жаны қиналмасын деп қатал пәрмен беріп қояды арасында. Отырған ел-жұрт аң-таң қалады. Бұндай түйткілді мәселені ет құлағымен естіп, ет көзімен көрмеген жұрт, бұл күнде бежең ауылына молынан жиналған болатын. Содан Бежең екі ана мен баланы жеткетеп ел алдына шығады. Жұрттың басына асыра, бәріне естірте сөйлейді. Баланың денесін қақ жарып екі әйелге тең бөліп береміз. Көз таразы, көңіл қазы, бұдан басқаға бұра тартуға келмейді, менің билігім осы. Қалт жібермей атқарылсын. Екі әйел баланы екі қолынан екі жаққа керіп ұстап тұрасыздар, ал, ешкімде аяушылық болмасын. Бұл жүрдім-бардым шеше салатын іс емес. Амалымыздың жоқтығынан осындай іске тәуекел етіп отырмыз. Баланы қақ маңдайынан, еш жағынан ауытқытпай тең бөлемізде, екі анасына ұстатамыз, сонымен бітім аяқтайды деп сұсты кейіпте бұйырады. Мұндай қазылықты көрмеген ел-жұртта демін ішіне тартып тұрып қалады. Оған қарайтын Бежең емес, сан санай бастағанда шабарман жігіт қылышын көтерді. «Екі» деген дауыс шыққанда бала жоғалтқан әйел, ағатай, шаба көрмеңіз, қайда жүрседе аман жүрсін! Құтқарып аламын деп ботамның ажалына қала жаздадым-ау! Кінәмді Құдай кешсін деп қыстығып құлап түседі. Ал Дәкіш баланың қолын босатпастан, екі бөлініп түссе де жалғызымнан айырлмаймын деп қасарысып тұрып алады. Бала жоғалтқан әйел есін жиып биеке, шаба көрмеңіздер. Қарғамның қыршынын қия көрмеңіздер. Бала өлгесін маған тірліктің керегі не?! деп жалбарына жылайды. Осы сәтте істің мән-жайын үнсіз бақылап тұрған Бейсенбі, бір шешімге келгендей болады. Жиылған елге қарап: «Көпшілік, бұл менің қазылық шырғам еді. Бала мына жоғалттым деген әйелдікі, осыған бұйырамын. Ет жүрегін жарып шыққан баласын өлімге қиятын ана болмайды. Айта берсе ана бала жолында басын бәйгеге тігеді. Қайда жүрседе баласының бас амандығын тілеу – нағыз аналық мейір, енелік қамқор, шын ықылас. Ал мына әйелдің «шапсаң жартысын аламын, шаппасаң бала менікі» деуі де шын сөзі. Оның бар ойлағаны балаға ие болу. Балаға деген ақ жүрегін жарып шыққан аналық мейірі жетерсіз. Бала иесінің қолына түскенше өлсе өле берсін дегенге келіп тұр. Өгейлік деген міне осы!» деп билікті кесіп айтады.

Баланың тағдырына алаңдап анталап тұрған жұрт Бежеңнің тапқырлығына тәнті болады. «Бұндай түйткілді мәселе де, бұдан өткен әділдік болмас» деп қиқуласады. Үзеңгі жолдастарының бірі: «Бұлай жасау есіңізге қалай келді? Сіз қылыш қайратқанда не істегелі отырғаныңыздың байыбына бара алмай аңтарылдық, Қалқаман баланы шынымен шабып жібере ме деп алаңдадық» деп қауқылдасады. Бұны естігенде Бежең сәл күлімсірей: «Еее, жігіттер-ай, көк өрім баланы қыршынынан қиятын жөніміз жоқ қой, баланың кінәсі не? Ал, бірақ екі жақта бір-біріне ырық берер түрі жоқ. Сонан шырға тартуға тура келді. Осы орйда ертеде өткен батыр, би айлалы атамыз Едігенің ақылы ес қатты. Жарықтық, бұрынғыларда небір дүлдүл азаматтар өткен ғой. Сендерге де сабақ болсын сол Едіге аталарыңның бір хикаясын айтып берейін. Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде Едіге деген батыр, ақылды, хакім адам өтіпті. Ол қарадан шыққан қас батыр, халықтың өзі өсірген ақыл-гөй данасы екен. Сол Едіге жастау күнінде бір балаға таласқан екі әйелдің дауына араласып, әділ төрелік айтқан деседі. Едіге бір күні даулы баланың басын арашалай алмай жүрген екі еркек пен екі әйелге кез болады. Олар Едігені көріп: «Қырықтың бірі қыдыр деген, қойшыда болсаң текті тұқымнан көрінесің, бір балаға бола даулы болып келеміз, соны шеше аласың ба?» ,- деп үміттене сұрайды. Төрелігіме ыразы болсаңыздар айтайын депті Едіге. Сонда әлгі бір жұп жұбай: «Он ай көтеріп, азабын тартқан аяулы баламызға мыналар жармасып, жаласын жапты» дейді. Енді бірі: «Мына баланы енді аяқ-қолы шыға бастағанда жоғалтып едік, іздемеген жеріміз жоқ, енді танып, бөгенайынан біліп жатырмыз» деп арыз-арманын айта жөнеледі. Бала Едіге әлгі дауласқан төртеуіне қарап: «Менің төрелігіме көнесіздер ме?» деп қадағалап сұрайды. Шарасыз қалған төртеуі бірден көнетінін айтып, құдайларына сыйынады. Сонда жас болсада алғыр, алымды Едіге баланың екі қолын екі шешесіне ұстатады да: «Бала жалғыз, шеше екеу, олай болса, бір баланы екі анасына тең бөліп берейін» деп қынынан қылышын суырып алып баланы шабуға ұмтыла жөнеледі. Сонда баланы жоғалттым деген ананың бірі: «Құлдық батырым, өлгенде көрген жалғызым еді, тірі айрылып қайтейі, аман болса, есен ержетсе, өскенде анасын іздеп табар, ажалына ортақ болмайын, қайда жүрсе аман жүрсін!» деп Едігенің қолына жармаса кетеді. Сонда жаста болса көңіліне көпті түйген Едіге би екінші тұрған әйелге қарап: «Сенің бала ұрлағаның анық болды, өлтірсе өлтіре берсін дегендей қаныңды ішіңе тартып әлі тұрсың. Бұл анаға тән мінез емес. Баланы туған анасына қайтар» деп әмір еткен екен. Бұған оңай көне кететін ол әйел ме? Даудың аяғы тіпті ұлғайыа, олар Тоқтамыс ханның алдына келеді. Баланың кесіміне ыразы болмаған екі әйел Тоқтамыс ханға: «Әділдігін айтыңыз, даулы болып өзіңізге ғана жүгінуге келдік!» дейді. Сонда болған мән-жайды толық тыңдап шыққан хан: «Қойшы баланың кесімі кесім, анасынан екі қайтара туып, әділ билік айтам деседе, осыдан өткен туралы болмайды, баланың шешімі орнында қалсын» деп қаһарын төгеді. Сүйтіп адуынды ханның алдынан меселдесін қайтқан әлгі әйел өзінің ұятты ісіне опынып, баласын қайтарыпты. Осы хикаяны айтып берген Бейсенбі би, талай дауға төрелік айттық, мұндай жаның ұстараның үстінде болтаын дауға билік айтып көрмеппін. Жан қысылғанда құдіреті күшті Құдай көмектесіп осы хикая есіме түсіп, екі ананың ортасындағы жалғыз сәбиге әділ билік айттым деп ойлаймын. Бежең алыс қиырды ойлана шола, асқақ бабаларының ақылын қайыра еске алып, өзіне қысылтаяңда ес қатқанын іштей жұбаныш көріп, әділдіктің жығасын қисайтпағанына қуанған деседі ескі тауарих. Осымен өздеріңізге арналған еншілес екі хикаямыз тәмәм. Жақсылықта болайық.

Көрнекісурет: еркін ақпарат көзінен алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар