«Сары қазақ» романындағы утопиялық ойдың сарыны

Бөлісу:

25.12.2020 6278

Кемеңгер жазушы Мұхтар Мағауиннің «Сары қазақ» романында жан түршігерлік саяси зұлымдықтардың, көрсоқыр дүрбелеңдер мен шайқалған Ресей империясының аяр билігі себебінен бейбіт тірлігі көлдей толқып сапырылысқан, халық жан-жаққа жосқан сұрқай замандағы оқиғалар әңгімеленеді. 1991 жылдың басында жарыққа шыққан «Сары қазақ» романы бір дәуірдің болмысын бейнелеп, сыр-сипатын бедерлеген әйгілі шығарма.

«Сары қазақ» романының бас кейіпкері – Стансилав Юрьевич, ұлты орыс, Ресей топырағында 1895 жылы Елетіс қаласында дүниеге келген, 16 жасында Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түседі, «Неміс философтарының дүниені қайта құру идеясымен басы шырмалған әкесінің тәрбиесінде, патшалық құрылстың Россия үшін ең үлкен сор екенін миына сіңіріп өскен Стансилав социал-революция партиясына қатысып, көтеріліс қимылдарына араласады, кейін бұл партиядан, төңкерісшіл жастардың арасынан сытылып шығып, жеке іс жүргізеді, текедей таңдап өңкей мықтыларды бірден өлтіреді (барлығы қатыгез биліктің адамдары, ұзын саны сегізге жетеді). Революциялық террордың жаңаша сипат алып, кеңінен тарала бастағанын аңдаған үкімет адамдары «қиқар студенттерді» тұзаққа түсіре бастайды, осы қатарда Стансилав бес жыл каторгаға кесіліп, он жыл еркін қоныстанушы деген «саяси қылмыспен» алыс Сібірге (итжеккенге) айдалады. Алайда жолда еуразиялық ежелгі қалашыққа екі күн демалып, вагондар Сібірдің терең қойнауына темір доңғалақтарын тарсылдата енді, бет түзеген шақта Стансилав жол үстінде қашып шығып, түстікке қарай кісенін сүйіретіп жан ұшыра жүгіреді.

Стансилавтың таң алаң-елеңде орман арасымен түстіктегі киргиз-қайсақтардың даласына жан сауғалап кіруі шын мәнісінде оның бұл далаға қайтадан «оралуы» еді. Себебі, Стамбектің (қазақша есімі) арғы аталары XVI ғасырда орыс книяздіктеріне бір жола келіп орнығып қалған Бөкей ордасының текті адамдары. (Бөкей ордасының күш-қуаты толысып тұрған шағында Стамбектің арғы ата-бабалары орыс ішіне қашады, арада бес ғасыр өткен соң, бар билік Россияға көшкен шақта сол Бөкейдің бақытсыз ұрпағы Стансилав қырғыз-қайсақ ішне қашады).

Қаламгердің бытыранды реаль өмір құбылстарын жинақтап, типтендіре суреттеуі яки біртектес заттардың, құбылстардың өзара ұқсайтын ішкі қасиетін тұлғаландыруы әдеби образдың сомдалуындағы аса маңызды фактор. Алайда, бізді қызықтыратыны 1907 жылғы жалған саяси жаланың құрбаны болып, итжеккенге айдалған мың сан жігіттің немесе орыс книяздіктеріне бауыр басып тұрып қалған Бөкей ордасындағы қаракөк тұқымдардың, тіпті революцияның туын көтеріп, бүкіл Россияның тағдырына басы ауырған талай азамат ердің типтік образындағы Стамбек Сыпатайұлы Дәулеткелдиевтің әдеби образы емес, кейіпкердің өмір сүрген жаратылстық ортасының өзгешелігінде. Бұл өзгешелік ойға құрастырылған сюжеттік желістің дамуына байланысты емес, бұл тыныш тірлік, барақатты өмір іздеген қазақтардың ‹жер ұйықты› аңсаған ақырғы тілегіне байланысты еді. 1916 жылғы майдан жұмыстарына адам алу оқиғасынан соң-ақ тынышы кеткен Сыпатай байдың (Стансилавты айдаладан тауып алып, асыранды ұлы еткен ) ауылы Қызылжар, Есіл өңірінен алыстап түстікке қарай аууы, Көкшеден асып, Қалқұтанды кешіп өтіп, Терісқаққан бойына дамылдауы, Ұлытаудан асып, Едіге тауын жағалай үздіксіз түстікке жортуы, жайыла көшіп Кішітаудан жылжый, Сарысу мен Кеңгірдің құйғанындағы Қаражардан қалың тама қоныс кесіп берген мезгілге дейін аумалы-төкпелі дүрбелең мен дүбірге толы, қаншама қатердың астындағы көші-қон тағдыры он бес жыл уақытқа дейін созылады. Неше мың шақырым аймақты кезіп шығады.

Хикаятта Сыпатай байдың алғаш ата қонысы Қызылжар өңірінен біржола көшіп шығатын кезінде мұндай бір ой-толғам бар: «Дегенмен де, Сыпатай мырза, елдің басқа да қарттары түстікте, әлденендей алыс аймақта, бәлкім, Ауғаныстанның арғы-бергі жағында Ақпатшаның құрығы жетпейтін Жиделібайсын дейтін жер бар, соған өту керек десті. Сұрастырып қарасам, біздің орыс халқының қаймақ жағалаулы сүт өзені туралы аңызына ұқсас, арманда ғана бар ертегілік мекен сияқты. Орыстың оқуын тауысқан, білмейтіні жоқ Стансилав-Стамбек мұның бәрі бос қиал деп айта алмайды, бірақ казак станциялары көп, переселен ауылдары жиі, яғни қатер-қауыбы мол Қызылжар аймағы, Есіл, Көкше өңірінен аулақтау талабын орынды санағам»,- деп келеді.

Жиделібайсын қазақтың атақты классик эпосы «Алпамыс батыр» жырында, тағы талай даланың абыз-жырауларының, сал-серілерінің аузында, өлең-жырында аталатын жер есімі, баба қазақтың көкірек көзінде ол ой жетпес эралардың арғы жағындағы аталарымыз аңсап өткен ауасы шәрбат, суы бал «киелі мекен» саналса, беріде XV ғасырда өмір сүрген Асан ата желмайасымен сар желіп жүріп өмір бойы іздеген «жер ұйық» есептелінеді. Ел арасындағы аңыз бойынша жер ұйықты Асаннан бұрын әкесі Сәбит іздеген, Асаннан кейін Асанның баласы Абат іздейді. Ақтабан-шұбырынды заманында Абат батыр (Асанның баласы) мен Өтеген батыр ел-жұртқа құтты қоныс іздейді:

Өтеген сезді хандардың,

Арам, пасық ниеттерын,


Халықты сатып, патшаның

Киерін шенін, шекпенын...

...Қара қазан, сары бала

Қамы үшін қамдана

Қонысқа жер іздейді,- деп жырланады «Өтеген батыр» жырында.

Зерттеушілер Өзбекстанның Сухандария обылысындағы Жиделі-Байсын жері Асан қайғы жәйындағы әпсанаға кейінірек XVIII ғасырда енген деп есептейді. Құтты мекен жайындағы Қазақтардың әпсана-хикаяттарының сюжеттері Қарақалпақ, Ноғай, Құмық, Қырғыздарда да бар, демек, мұндай сюжет қыпшақ тіл тобындағы Түркілердің бөлінбей тұрған шағында пайда болған секілді. Шоқан Уәлиханов: «Қазақтар өздерінің Ноғайлармен көрші болған дәуірін алтын ғасыр деп есептейді. Олардың эпостары «Ноғай мен Қазақ бақытты заманда» деп басталады. Ноғайлар (үлкен Ноғайлар) XV ғасыр мен XVI ғасырдың басында Жем мен Ордан өңтұстык шығысқа қарай Қазақтармен араласа, қазыргы Қазақ даласында көшіп-қонып жүрген болатын»,- деп жазады. Сүйткен «рақат өмір», «алтын заманды» Қазақ пен Ноғай айырылғанда атақты Қазтуған жырау:


...Жабағылы жас тайлақ,

Жардай атан болған жер.

Жатып қалған бір тоқты,

Жайылып мың қой болған жер.

Жарлысы мен байы тең,

Жары менен сайы тең.

Ботташыығы бұзаудай,

Боз сазаны тоқтыдай,

Балығы тайдай тулаған.

Бақасы қойдай шулаған,

Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,

Балығы көлге жылқы жаптырмас.

Бақасы мен шайаны

Кежідегі адамға

түн ұйқысын таптырмас,- деп еділ мен жайық бойының көрінісін асқақтата жырлайды.

«Қорқыттың дүниенің төрт бұрышын кезуі, Асан қайғы жайындағы әпсаналардың генезисі яки «елді құтқарушы», «жерұйықты іздеуші», «тығулы қазына» туралы әпсана-хикаяттардың арғы шығу тегі алғашқы қауымның аталық ру кезеңінде пайда болып, сол кездегі бір-бірімен тығыз байланысы бар үш әлем туралы түсінікпен сабақтас болуы ықтимал. Көк, жер, жер асты туралы түсінік көптеген миф, хикая, аңыздарға негіз болғаны белгілі. Тіпті Талмуд, Библя, Құранда айтылатын жұмақ, пейіш дегендер осы ескі түсінікпен байланысты шыққан»,- дейді фольклорист, ғалым Сейт Қасқабасов Кирилл Василевич Чистовдың еңбектеріне сілтеме жасай отырып. Демек, утопиялық әпсана-хикаяттардың қалыптасу заңдылығының тамыр-тегі тым арыда жатыр, ал бұл жанр Қазақ халық прозасының толық зерттелмей жатқан өзіндік бір жанры екендігі арнайы жазылған монографялардың жоқтығынан да анық көрінеді.

«Қаймақ жағалаулы сүт өзені туралы аңыз» орыс елінің халықтық аңыз-әңгімелерінің бірі, ырысты өлке жөніндегі әдемі ертегісі. Енді осы соқпақтардың ізімен жортып отырып, көне грек елінің әйгілі философы, оқымысты-данасы Платонның (б.з.д. 427-347 жылдар) «Қиал елін» еске алыңызшы, кітаптың негізгі жүлгесі Сократ пен өзгелердің диалог арқылы құралатынын данышпан Абай да өз тұсында «әңгімелеп» берген болатын. Он тарауға бөлінген «Қияал елінде» философия, саясат, этика, адебиет-көркемөнер қатарлы мәселелер талқыланып, армандағыдай мемлекет құрудың шарт-жағдайларын ауызға алысады, ол утопялық идеяның алғашқы өркені. Адамзат өркениеті бесіктерінің бірі болған Эллада елінен оны тауып алдыңыз, таңғалмаңыз. Әсілі утопялық романдар туралы сөз болғанда, сөзсіз Томас Мордың «Утопиясын» тілге тиек етпей болмайды. XVI ғасырдағы Англияның қиали социализмшіл ағымындағы жазушысы Томас Мордың (Thomas More) «Утопиясы» (1516ж) адам санасына күмән келтіретіндей орынысыз тербелген дүние емес-тін. Ол бір жағынан зілді сын мен ащы сықақ арқылы сол дәуірдегі рахатқұмар адамдарды айыптаса, енді бір жағынан «утопия» деген атауды қолдана отырып, армандағыдай қоғам құру идеясын көркем шығармаға әкелді. Түп негізде қиали-социялизм идеяасын жаратты, әрі бұл ой кейінгі кезде қазіргі заман социялизм идеяасының келу қайнарының бірі болды.

Утопиялық роман дегеніміз армандағыдай мемлекеттің саяси өмірі, экономикалық тұрмысы және жеке адамдардың кешірмелерін бейнелеуді негіз ететін әдеби туынды. Шығармада бейнеленген идея автордың ой-арманына уәкілдік етеді, елдің саяси түзілісі халықтың тілегімен үйлесіп жатады, материялдық қажетті дүниелер көл-көсір болып, қоғамдық түзімдер әділетті, тура шарттарға бағынады.

Утопия – тұңғыш рет гректің екі түбір сөзінен жасалған, «ou» дегеніміз «жоқ» деген мағынада (бір айтылымда «жақысы» деген соз) «topos» дегеніміз «мекен, жер» деген ұғымыда, біріктірсек, «жоқ жер» немесе «жақсы мекен». Ендеше «Сары қазақ» хикаяатындағы бас кейіпкерлеріміздің утопияға – «Ұжымақ мекенге» қаншалық қатысы болды? – деген ойға хәл-қадірімізше жауап қарастырамыз. Сыпатай мырзаның он қанша жылғы үркін-қорқын (орыстардың он алтынышы жылғы майданға әскер сұрауы, бейбіт елге қасқырдай тиетін казактардың қанқұйлы шабуылы т.б) көшінен кейін, байларды кәмпескілеу басталды, біріне-бірі ұласқан қанды қырғын, сұрқия заманның бұл кездегі сипаты жазушының қаламында: «Сөйтіп, бір халықты, бір мемлекетті емес, жарты әлемді қанға, қасіретке бөктіріп, жаһаннамға жол ашты. Көп ұзамай-ақ жер үстінде тозақ орнады, о дүниеден айырмасы – дю-пері жаққан бұл тамұққа игілер мен ізгілер, адалдар мен абзалдар түсуге тиіс еді»,- деп жазылса, енді бірде: «Әлемдік қырғынның арты немен тынары белгісіз, әйтеуір жуық маңда толастамасы анық еді. Яғни менің меймандық сапарым ұзаққа созыла түседі деген сөз. Россия тар, Еуропа отқа оранған, Қытай мен Жапонияда мені күтіп отырған ешкім жоқ, ұшы-қиырсыз дала мұхитының ортасында жападан жалғыз өзім, шарасыз, дәрменісз, кейіпке түстім»,- делінеді. Автордың шығармашылық ерекшеліктерінің бірі әдеби образға қажетті ортаны өзіндік стильге сай дара етіп жарату. «Сары қазақ» романның әйдік тұсы – заманды, болымысты, қазақ халқының басына келген нәубетті мезгілді, кесірлі жылдарды көркем шығарманың тұлғасына сіңіріп әкетіп, оқырман жүрегіне көркем образ, ғажайып композиция, шытырман сюжеттерімен жол тартуы. Айнала дүние қанға бөккен, «қайда барсаң Қорқыттың көрі» болған заманда, Бетпақтың шөліне қашып барып малын бағып, отын жағып он алты жыл рахат тірлік кешкен жалығыз үйлі отбасы арқылы қазақ санасындағы «жерұйық» ұғымына деген эстетикалық көзқарасты көркем шығарма арқылы қайтадан оятады. Жазушы Мұхтар Мағауин «Мың өліп, мың тірілген қазағым-ай, сондай ауыр заманда жан баласы баспас, «Барса келмес» деп аталатын бетпақтың шөлі өзіне – жерұйық болып еді ғой, сол кері далаға барып паналауға мәжбүр қылған Ресейдің ит билігінің қаншалықты зұлмат, қорқынышты екенін білетін шығарсыңдар?!»,- деген жүрек үнімен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Сары қазақты» баспаға ұсынған екен. Алайда жазушының «Мен» атты ғұмырнамалық романына үңіліп отырғанымызда «Сары қазақтың» алғашықы нобайы Мұхаңның шығармашылық жоспарын жазатын «Алтын дәптеріне» сонау 1970 жылдың бас шенінде түсе бастағанын көзіміз шалып қалды.

Айнала шарпыған оттың сүйкімісіз жалыны Сыпатай байдың ауылына да келіп қалады, арнаулы комиссия болып байдың малын кәмпескелегелі келген жандайшаптарды өз қаруының дүмімен кері қайтарған Сыпатай отбасы тағы да қашуға мәжбүр болады. «Тәңірінің ғана билігі жүретін жалғыз тарап-Бетпақдала, дәл іргемізде тұр, бірақ шөлге қашуға асықпадық. Үмітсіз болсақ та, аңыс аңдағаныбыз»,- дейді бірінші жақпен баяндап отырған бас кейіпкер Стамбек. Сыпатай отбасы Бетпақтың даласына ақыры аяқ басады, алғашында судан тарығады, ол арадан құдық қазып алады, туырлық-үзігі тапшы үш қанат күрке тігіп, іргесін топырақпен көміп, жылы үйде отыра береді. Бара-бара жеркепе қазып, моншасына дейін дайын «сыңғыраған сарайларына» орналасады. Жиырма неше жылқыны, түйелерді ғана көздеп қоюды әдетке айналдырады. Тек тіршіліктен бөтен уайым жоқ. Сыпатай байдың іргелі ауылындағы малшы-қосшы, ауыл адамдарының барлығы жан-жаққа бас сауғалап кетеді де, Сыпатай бай, баласы Стамбек, келіні Зағира, Стамбектің үш жасар қызы Жансалқам төртеуі ғана Бетпаққа келіп біржола орнығады. Тып-тыныш дүние, айналасы неше жүз шақырым келген иен атырап, мидай тақыр дала. Ұшқан құс, жүгірген аң көрінбейді, күндіз көкте күн, түнде аспанда ай мен жұлдыз ғана.

«Шынында да үкімет жоқ, партия жоқ, қысас пен зорлық алыста. Ұжданың жаншылмайды, жаның қиналмайды. Мұхиттағы иен аралдан да оқшау, жолсыз, сусыз сағым теңізінің терең тұйығындағы ұлтарақтай қоныс. Өзің бай, өзің патша, бар уайым күнделікті тіршілік қамы ғана»,- хикаяттағы осы сөйлемдер міндетті түрде утопиялық арман елінің елесін алып келеді. «Ең кемелді мемлекеттің түзімі мен утопия аралындағы игілікті әрі қызықты алтын кітапқа қатысты» кітабында (Томас Мордың«Утопя» кітабының толық аты) қоғам жарасымды, адамдар өзара тең, езіп-қанау мүлдем жоқ, өте берекелі, бақытты есептелінеді, ендеше Стамбектер «утопия» аралына қоныстанып қалған жалғыз үйлі «тәлейлі отбасы» екеніне күмәніміз жоқ.

Халық қынадай қырылып, байлар кәмпесікеленіп, кедейлер колхозға жегіліп, бірінің жерін біріне тартып алып беретін сұрқия-сұм империяның әр күнгі айласы, бақылаушы жасақ болып, орыстың қабаған итіне айналған қазақ жүздіктерінің қазақ ауылдарын өрт тигендей дауылдатып қырып-жойып, өз нәпсілерін қанағаттандыруы, 1931-1933 жылдарғы қазақ халқына келген геноцид, аждаһа ашаршылық бәрі-бәрі де Бетпақдаланың алыс көкжиегінде сағыммен бірге бұлдырап қалды. Олар бұл арада бір жыл емес, бес жыл емес, табаны күректей он алты жыл өмір сүрді.

Адамзат қоғамның ең күрделі, өлара кезеңдерінде қоғамда зор аңыстар туғызған утопялық идеялардың салстырмалы тұрғысынан көз салсақ, олардың бетпақтың шөліне келіп тыныш тірлік кешуі, ал бетпақтың айналасы адамдар өмір сүріп отырған мекендердің қансырап жаралы тұрғандығын утопия және анти -утопия арқылы ғана меңзеуге болатындай.

Өткен ғасырдың 30 жылдары енді-енді жарыққа шыққан антиـутопия да (Dystopia) яки anti-utopia немесе Cacotopia, Kakotopia әдебиеттегі термин, әсіресе фантастикалық( ғылыми ) әдебиеттің бір түрлі тақырыбы және ағымы. Мағынасы керісінше утопяға қарама-қарсы, яғни зұлымдыққа толы, бақтысыздық мекені деген ұғымдарды білдіреді. Анти-утопяның әсер ететіні кері бағыттағы армандағыдай қоғам. Бірақ ол мүлдем торығушылық сарындағы қоғамдық өмірді ғана әдебиетте бейнелемейді, қайта заттық дүниенің рухани дүниенің орнын баса бастаған кездегі, болашақ дамыған ғасырлардағы адам мен техниканың арасындағы қайшылықтарды, жан дүниедегі толық рухани еркіндікті т.б бейнелеу үшін осыншама ауыр тағдырлы күйге енген өмірді жазады. Адам қартаяды, ауырады-табиғаттың заңдылығы. Стамбектың әйелі Зағира бетпақта тұрған тоғызыншы жылы (1938жылы) түйнек болып ауырып қайтыс болады. Кішкентай қыздары Жансалқамды елдегі қарындасының үйіне апарып қойған болатын. Осыдан кейін тағы да жеті жылды өткізген соң, 1945 жылы сексен екі жастағы Сыпатай бай құдайдың ажалымен қайтыс болады. Әкесін жерлеп жатқанда, айдаладағы бетпаққа келіп түскен экспедициялық ұйымның шолғыншы аэропланы келіп түседі. Үш ұшқышты жеткілікті азық-түлік, су беріп, дұрыс бағыт нұсқап елді мекенге шығарып салады. Алайда, жақсылыққа жамандық ойлаған «көктен түскен» үш әзәзіл жоғарыға «айдалада немістің тыңшысы бар екен » деп доклат береді. Олардың түбі бір қастық етерін сезген Стамбек қарындасы Айсалқамның ауылына келіп жылқы бағып жүргенде, « шпион» деген жалған жаламен ұсталып, Ақмешіт қалашығында (қазіргі Қызылорда қаласында) бір көзі шығып, бір қолы сынып, отыз екі тісінің жетеуі ғана қалған айянышыты қорлықты тергеуге ұшырап, құсаланып өліп кетеді.

Бұл мезгіл екінші дүние жүзілік соғыс аяқталып Нюрнберг қаласындағы фашисттік атамандарға қарсы сот ашылудан үш күн бұрын «Сары қазақтың» ең соңғы тағдыры еді. Стамбек жым-жырт өмір кешіп жатқан бетпаққа әлгі үш ұшқыш жанар майы түгесіліп, адасып келіп қалмаса Стамбек сол озбыр сұмдарға ұсталар ма еді? Символдық мағынадан алғанда, романдағы «Бетпақ» - қазақ халқының ой-санасындағы тыныш өмірдің, бейбіт тірліктің бесігі-утопя. Ал «Бетпақтың» сырты-зұлымдыққа, кесірлікке толы «қорқаулар мекені» - анти-утопия. Оны Стамбектің «Бетпақтың» сыртына жүргізген әр жолғы шолғыншы - сапарларынан анық көруге болады. Дегенмен, әлем әдебиетінде XVII ғасырға дейін «утопияның» географялық орны тым алыстағы ел, мемлекет ретінде қаралды. Алайда, XVI-XVII ғасырдағы Еуропаның тәуекелшіл жаһангез кеме керуендерінің жаңа құрылықты байқауына ілесе, адамдар жер ғаламшарына қаныға бастады, ал утопяның кеңістігі де шексіз кеңістікке яки «айға саяхат», «теңіз түбіне сапар» (атлант мұхитындағы жоғалып кеткен өркениет туралы) немесе «жер ядросына бойлау» сияақты тақырыптарға дами түсті.

Ал біз «утопияның» өзіне сай төрт түлігі болатын қасаң қағидаларынан сәл де болса арылып, Платонның «Қиял еліндегі» түрліше шарттарына бағына отырып «Сары қазақ» романындағы утопияның, анти-утопяның көлеңкесі түсіп тұрған өңірлерді мөлшерлей нұсқауға өзімізше тырыстық.

«Сары қазақ» романында қаламгердің ой дүниесіндегі аса сұлу сюжеттерге байырқалап отырғанда, Англияның әйгілі драматургы, жазушысы Вильденің (Oscar wilde 1854-1900) мына бір сөзы ойымызға орала береді: «Утопия аралы жоқ бір парша дүние картасын бір төңкерістіріп қарауға да татымайды».

Ерзат Еркін

Әдебиеттанушы

2012 жыл, мамыр

Көрнекісуретке суретші Алпысбай Қазығұловтың картинасы пайдаланылды

Бөлісу:

Көп оқылғандар