Жерде туып, көкте өлген

Бөлісу:

27.01.2021 6383

«ҚҰЛАЗЫҒАН ҚҰБА ДӨҢ, МЕНІ ТУДЫ»

Ол өзінің жым-жырт, тып-тыныш, ауыр да жұмбақ болмысымен біздің арамызда үнсіз ғана өмір кешіп жатыр. Күрсініске, күреске толы қастерлі өмірі. Бұл оның енді ешкім жағасына жармаспайтын қасиетті һәм мәңгілік ғұмыры. Сарғайған, иә, сағынышқа толы асыл парақтардың арасында. Мүлгіген жылдардың уысында. Тіршілігінде ешкімге салмақ салмаған, ешкімге жүк артпаған қоңыр қалпында. Таулардың қозғалғаны, теңіздің күрсінгені сияқты, даланың тербелгені тәрізді біздің алдымызда ұланғайыр Омарғазы әлемі жатыр. Сырты момын, іші қорғасындай қайнаған Ертістің ішкі ағысы тектес. Қиял мен сенімнің күшіне булыққан тылсым Омарғазы. Ол алып империялардың қақтығысқан тұсында, жалған социалистік режим салтанат құрған, адамзат мәдениеті бір сәтке кері шегінген алмағайып кезеңде өмір кеші. Өркениет кері құлдилаған сол заманда оның шығармашылығы шың басындағы шынардай қасқайып тұрды. Ол осы бейнесінде құтты алып туадың ұшар басынан табан етегіне қарай дүлей күшпен домалаған долы тасқынды місе тұтпай, қасарысып тұрған жалғыз жартас тәрізді еді. Алай-дүлей ағындар өтті, аласапыранды жылдар кетті. Жаңа заман туды. Жаңа ұрпақ келді. Оны ешкім қозғалта алған жоқ. Құтты өзі жазған «Тас құдайдың сымбаты» дерсің.

Омарғазы Айтанұлының шығармашылығы туралы сөз болғанда, әдетте оның сиқырлы романтизмі немесе фантастикалық реализмі, асқақ қиялы, таңғажайып түйсігі, кең тынысты эпикалық қуаты туралы жиі айтамыз. Айтамыз да тамсанамыз. Бәрі де жарасымды. Ұнамды. Біздің кішкентей құлашымыз бойлай алмайтын көкжиегі қанша ма? Омарғазы туралы сөз бастау тым қиын. Оны қай қиырынан тарқатарыңды, қай шиырынан тұспалдарыңды білмейсің. Бұл әдепкі үрей емес, үрейге күмән араласқаннан туған беймаза сенім. Өйткені оның өмірі мен шығармашылығы бірін-бірі қат-қабат қымтап жатқан күрделілік пен шым-шытырық құпияға толы. Орасан бақытсыздықтар (саяси қуғын-сүргін) дәуірінде өзгеше жасампаздықпен шұғылданаған жанкешті қаламгердің тұтас болмысы туралы жеңіл пайым айту арға сын. Иманға шет. Ол ашаршылық жылдары туып, буыны қатпаған тәуелсіздіктің күңгірт көлеңкесі көрші ауылдың терезесіне түсер-түспестен мәңгілік мекеніне аттанып кеткен жанкешті тұлға. Тәуелсіздік дегеннен шығады, өмірінің соңғы жылдары жазған «Көгілдір күмбез», «Тоқал бұқа», «Дұға» сынды бұрын қазақ поэзиясында кездеспеген өзгеше мәнердегі өлеңдері, алыстағы ақынның өзі әлі көрмеген азат отанына деген ыстық махаббат пен жат босағада көрген зәбірінің наласынан туған шамырқанысты жыр болыуы керек деп болжаймыз. Болжайтын себебіміз, Омарғазы өлеңдері қашанда көпқырлы, көпқабатты, көзге көрінбейтін ішкі сюжеті ұласпалы, қайшылықты болып келеді. Суға түскен сағымдай құбылатын бұндай өлеңдер туралы дүп басып пікір айту әманда қиын. «Көгілдір күмбезді» толығымен оқып көрелік.

Донкихот киген көне дулыға,

Менің басымда да бар

Бір дөңгелек киім.

Еліктемеген осы формаға

Қайсы қазан-ошақ,

Қайсы бұйым!

Қысып тұрғандай бір темір қырсау

Сунукуңның кішкене басын;

Шыр етіп келгелі тұрған бір сәби

Берсін тәңірім оған да дөңгелек ықыласын!

Ауызын ашады бір балапан шиқылдап,

Ұқсатқан Гоголь бір ауызды дөңгелек әріпке.

Көгілдір күмбез,

Бере гөр сен де жасыл жиегіңді

Керегі не одан арының өзінің де

Біз ғаріпке.

Сіз мүмкін, Омарғазы Айтанұлының өлеңін тұңғыш рет оқып отырсаңыз, немесе осындай сарындағы өлеңдерді бұрында ежіктеп көрмесеңіз тосырқап қалуыңыз әбден. Сіз оны Омарғазы өзеніне бірте-бірте бой үйрете келе, жағасын қармап, тереңін бойлай келе бажайлайсыз. Мен «О» нүктесімін деп өзі жырлағандай, жүре келе сіз оның шүңетін, түйсіну нүктесін анық сезіне бастасаңыз, өзіңізді әлемдегі ең бақытты һәм сапалы оқырманмын деп есептей беріңіз. Бұндай ойды батыл пайымдауға хақымыз бар деп есептейміз. «Көгілдір күмбез» шын мәнінде қартаң тартқан, көпті көрген, көп жаншылған ақынның жандауысы, тілек дұғасы. Ниет ықыласы. Өлеңдегі «Донкихот» социалистік жүйенің буынсыз жерден пышақ салып, «қожанасырлық» үлгідегі ел құруға деген қауқарсыздығын, табиғат заңдылығына қарсы бітімін көрсетсе, Суынукуыңның («Батысқа сапар» романындағы кейіпкер аты) басындағы құрсау сол «өміршең» жүйенің адам миына сыймас лаңы дер едік. Осындай екі шырғалаңның шүңетіне аңдаусыз батқан аңғал елдің ақыны, көгілдір күмбезден араша тілейді. Қияннан желбіреген азат елдің жасыл жиегін (көк байрағын) жанына медет тұтады. «Мен қазақпын» деп кеуде ұрған көп өлеңнен көрі, осындай ізгі этикаға суарған ақын сезімі, оның ұлтқа деген биік махаббатының ішкі мәдениетін де көрсетіп тұрса керек. Ақын бұл өлеңді 1993 жылы жазған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы отаншылыдық өлеңдерден біз ұлтқа, мемлекетке деген бұндай өзгеше өрнектің бояуын кездестіре бермейміз. Ол кезеңдегі өлеңдердің көбі өз уақытының жаттанды ұрандарының астында қалған тәрізді. Бостандыққа ұмтылған ақын рухы осы жылдары жазған өлеңдерінде аз сөзбен көп ой жеткізуге, күрделі әлемді қарапайым айшықтауға, ойдың өзін тіке айтпай жол сілтеп аңғартуға, емеурін танытуға негізделген үлкен эстетикалық тұжырымдарды басты нысан еткен. Өмірінің соңғы кезеңдерінде, ұзақ жылдық шығармашылық еңбектің нәтижесінде, Омарғазы өзінің көркем ойлау жүйесін қайтадан жасақтап, оқырман талабы бойлай бермейтін айрықша қуатты, құпиясы мен қыртысы мол, шүңеті мен ирімі ерекше терең биікке көтерілген болатын. Бұл туралы өзі де бір сөзінде «соңғы он жыл менің рухани түлеу дәуірім» деген еді. Әсіресе ақынның «Сәукеле» жыр жинағы мен аяқталмай қалған «Қорқыт күй» дастаны осы ойымыздың тиянағы. Ақын Ардақ Нұрғазыұлы «Соңғы сарын» атты мақаласында Омарғазының осы кезеңін тап басып жазған еді. Жылдар бойына үздіксіз жетілген Омарғазы поэтикасы қазір де ішін ешкімге алдырар емес. Уақыт өткен сайын алынбас асуға жүлге тартып, тұманға шөккен шың сияқты өз-өзін жұтып, өз-өзімен биіктеп, өз бітімімен ғана бой таластырып асқақтап барады. Өкінішке қарай, қазіргі қазақ оқырмандары бұндай адамның өзін табуға, өз ішін ашуға итермелейтін, аясы кең, ырғағы айшықты, құрылымы күрделі, қабаты қалың, жұмбағы мол еркін өлеңдерді әлі жатсынумен келеді. Советтік жүйенің ұзақ жылдар бойына қазақ санасына жасаған үздіксіз шабуылдары, өз-өзінен жиркендіру, шамдандыру құралдары бізді әсіре дәстүршіл, әсіре қанағатшыл, эстетикалық қабылдау қабылетімізді барынша қарабайыр кейіпке түсіргені күмәнсыз. Бұл туралы Қадыр Мырза Әлінің мына пікірімен келіспеуге амал жоқ: «Ақ өлең бізде бұрыннан бар. Бірақ ойға, образға, екпін-ырғаққа ғана сүйенген ұйқассыз өлең күні бүгінге дейін оңбай-ақ келеді. Оны айтасыз, қазақ поэзиясы он бір буынды шалыс ұйқастың өзін баурына баспай-ақ қойды. Содан да болса керек, Абай орыстың он, он бір буынды шалыс ұйқастарын өзіміздің көне қара өлең формасымен аударған. Иә, қазақ поэзиясы түшіркенгіш поэзия. Ұйқассыз өлең жаза бастасақ болды, сәби жырымыздың өн бойын бөрткен басып кете жаздайды. Төл туындыларымызды былай қойғанда аудармашылардың өзінде осылай. Сондықтан біздің көпті көрген тәжірибелі тәржімашыларымыз Уитменді де, Такубокуді де, Пабло Неруданы да амалсыз ұйқасқа түсіріп жүр». Басқаның бәрін жиып-теріп айтпағанда «Алып Ер Тұнға» жырындай алп-алп басқан халықтың көркем ойлау жүйесінің мұншалықты жадағайлануының себептері көп. Нәтижесі біреу. Оны жіліктеп талдар болсақ тақырыптан алыстап кетерміз. Дегенмен, жазушы Таласбек Әсемқұлов бұл мәселені «бір мәтіндік жүйе» ұғымымен түсіндірер еді. Яғни, оқырман оқи-оқи кейбір мәтіндерге барынша адал бола бастайды дейді ғалым. Ондай мәтіндер уақыт өте келе өміршеңдік танытып, оқырман мен мәтін арасында ештеңеге айырбастамайтын өзгеше сезімге айналады да, осыдан соң оқырман сол мәтінге ғана арқа сүйеп, сол мәтіннің жүлгесінде ғана ой барлап, санасына басқа салмақ салмай, артық кеңістікке талпынбай тәрбиелене береді деп пайым етеді. Мұндай бітім жүйелене келе тұтас оқырман қауымды бір ізділендіріп, бір жұмыртқадан шыққан балапандай бір ғана ойлау формасының басыбайлы құлына айналдырары анық. Адам табиғатындағы бұндай құбылыс тұтас қауымға да тікелей байланысты болса керек. Өткен бір ғасырға жуық, бір бағыттағы, бір мәтіндегі сотциялистік жүйе біздің рухымызды шектеулі мәтінге ұрындырып, бар қажетін бір ғана мәдени құбылыстан, бір ғана мәтіннен тауып, басқа мәтінге назар аудармайтын, басқа мәтіннен мән іздемейтін дүбәра кейіпке түсірген сыңайлы. Әйтпесе, кең даланы ен жайлап еркін өскен қазақ баласы бұндай бұғау мен тұсаудан алыс болатын. Омарғазы Айтанұлының поэзиясы да, біз әспеттеп отырғандай жерден шықпаған, көктен түспеген, ақынның шығыс пен батыс мәдениетін жан-жақтылы зерделеген ізденісі негізінде қалыптасқан, қазақ өлеңінің өзгеше биігі, өзгеше сулеті мен салтанаты-тұғын. Кешегі Мағжанның жазылмай қалған, Сұлтанмахмұттың қысқа ғұмырындай қаңтарылып ішінде кеткен құсаның сан жылдарғы соқпақтан соң, өткен ғасыр соңында қайта жаңғырған қуатты бейнесі; социалистік жүйе адымын аштырмаған Төлеужан Ысмайылов, Тоқаш Бердияров, Жүсіп Қыдыров сынды замандастарының арманда кеткен наласының Омарғазы қаламынан түрегелген нұсқасы еді. Омарғазы міне осындай далалық еркін мәдениеттің өн-бойынан жаратылған ерекше қалам иесі.

«МЕН АШҚАРАҚПЫН ӨМІРГЕ»

Омарғазы Айтанұлы 1931 жылы 20 қарашада Тарбағатай тауының баурайындағы Алмалы ауылында дүниеге келген. Сүйегінен құт үзілмеген аруақты әулеттің тәрбиесінде өскен. Үлкен атасы Бозтал деген кісі заманында Меккеге барып қажы атанған дегдар адам болыпты. Сол Бозтал қажыдан Сейтен, Айтан деген кісілер тарайды. Рулы елдің әулеттісі Сейтен ақсақал өткен ғасырдың ортасын ала, алғаш рет ауылында өз қаражатымен мектеп салдырып, білім шырағын жаққан зиялылардың қатарынан. Міне осы атасы салдырған «Такілген» бастауыш мектебінде Омарғазы «Бала мұғалім» болып өмірге қадам басады. Жасөспірім Омарғазы ауылдың баяғы дүмше молдаларындай емес, екі дүниенің ілімін тең үйрететін инабатты, шәкіртке жұғымды болғанын алдын көрген ауыл адамдары әлі күнге айтады. Өкініштісі, қолымызда Омарғазының аумалы-төкпелі өмірі туралы мәліметтер тым аз. Әсіресе балалығы, жастық шағы туралы деректер сирек. Омарғазының аласапыранға толы өмірі де үзік-үзік арқандай анда-санда әр жерінен бір ұстатады. Бұл біздегі тұлғатану ғылымындағы автобиографиялық зерттеу нысанының әлі толық зерделенбегенінің нәтижесі екені анық. Солай болсада, біз Омарғазы замандастарының жазған естеліктерінен көп нәрсені аңғара алғандаймыз. Ақын Серік Қапшықбайұлы «Алшақ мүйіз ақ серке» атты мақаласында Омарғазымен алғаш танысқанын жазады. Осы естеліктен біз Омарғазының жастық келбетінің қандай болғанын аңдап қаламыз. «Шәуешектегі мұғалімдік курсына барып жүрген оның кітап-қағазы баршылық екен, «Ләйлі-Мәжнүн», «Югославиялық қа­ны­шер­лер одағы» деген кітаптар есім­де, менің он неше жастағы, Омарғазының керіскедей жігіт кезі» деп жазады Қапшықбайұлы сол қамсыз сәттерін еске ала отырып. Одан ары: «Таңертең Омарғазы мені ілес­тіріп ауыл шетіндегі биік шоқыға шықтық. Ұшар басы жартас, түбін бүргенді шағыл орапты. Жеткізер түрі жоқ, ілгерірек кетіп, жартас­тың қыл ұшынан дабыстады. Тың­­дасам, баяғы бәдіктіктен алдына жан салмаған Тоғай ақын­ның қырт өлеңін жіберіп тұр… Оның кейбір ұстамалы мінезі барын шоқыда тұрып білдім. Ал кейінгі кезде қуғын-сүргіннен, жазымды жанышталудан тірі алып шыққан – осы мінез. Ақыл-ойдың қыл көпірінен де еліктей секіртті. Қара бұлтқа қарап ол айқай салады: – Неге жаумайсың, соқыр бұлт! Қотыр бұлт? – дейді. Тастан құлауға бейіл, қарғылақтап жүр. Осы айқай басының жарығын ашса керек, үркіп ұшқан жапалақ­ты көріп айтты: «Анау менің құ­сым!» деп, оған сендім. Сәлден соң сабаудай сұр жылан кезігіп: «Бұл менің…» мұнысына сенер-сенбесімді білмей аңтарыламын. Со кезде өңі өрт өшіргендей, көз еті талаурап тұр. Алан-талан әл­пе­­­тіме қарады, көңілге болмаса бір қауым тіксіндім». Омкеңнің «жын буған бақсыдай» тосын мінезді, арқардың жілігіндей толысқан жастық шағын, ұлы суреткердің жастық келбетін айшықтауға, осыдан өңгенің өзі артық па дерсің? Серік інісі аңдатқан ақынның алғашқы кітап қазынасын қарындасы Гүлзада Айтанқызы толықтыра кететіндей. Ол біздің үй бейне шағын кітапхана секілді еді деп еске алады ағасы туралы шағын эссесінде. Ол жылдар Қытай әдебиетінде кітаптың ең тапшы кезі, және жергілікті үкімет кітапты «соттай бастаған» тұсы. Әсіресе шетелден келетін танымдық кітаптар қатты қуғынға ұшырайтын. Соған қарамастан қарындасы Гүлзаданың жазуынша ауылда жатқан жас шәкірт Омарғазының кітап сөресі мейлінше бай болған екен. Қазақ әдебиетінің алыптары Абай, Шәкерім, Мұхтар, Қасымдардан тартып, әлем әдебиетінің үздік шоғыры Гоморо, Шекспир, Байрон, Пушкин, Лермонтов, Бальзак, Маяковский, Назым Хикметтің кітаптары самсап тұратынын жазады. Әсіресе, Қазақстаннан шыққан әрбір жаңа кітапқа қол жеткізбей тыным таппаған көрінеді. Оның көбін былайғы жұрт «Алатау» атап кеткен («Алатау» әнін үнемі ыңылдап жүретінінен жұққан есім болса керек), шын аты Сайдахмет деген кітап сатушы ұйғыр кісіден көп алып тұрыпты. Шын мәнінде Шәуешек шаһары тоғыз жолдың торабы, әу бастан-ақ үлкен мәдениеттің ошағына айналған орталық қала. Әсіресе Қазақстанмен байланыс жасау үшін таптырмайтын өткел. Дала кітапханашысы «Алатауда» осы қаладан қолға түсірген ең таңдаулы кітаптарын алдымен Омарғазыға апаратын болған. Ол кәнігі саудагер емес, өз кітаптарының құнын білетін және барлығын оқыған, әр кітабының мазмұнын майын тамызып айтып бере алатын зиялы адам болған деседі. Өзі сетер, өзі сері бозбала Омарғазы әр жолы осы «Алатаудың» қоржының бос қайтарып отырғанға ұқсайды. Омарғазының әлем әдебиетін, философиясын, мәдениетін, салт-дәстүрін мейлінше терең зерделегені осы жемісті жастық шағы болса керек. Одан кейінгі жиырма жылдық жанкешті еңбек ететін ең толысқан шағы сүргіннен көз ашпағаны түсінікті. Оның көл-көсір білімділігі, жан-жақты білгіштігі, білгенін синтездей білетін сұңғылалығы, әсіресе кең тынысты дастандары мен романдарында көзге бірден түседі. «Таразы», «Аң шадырын оқ табар» сынды романдарынан, «Құс жолы», «Тырналар» сынды дастандарынан оның жаратылыстық ғылымдарды терең зерделегенін аңдаймыз. Математика, физика, химия, астрономия, медецина, география, биология ғылымдарының заңдылықтарын, әртүрлі құбылыстарын Омарғазы өзінің шығармаларында әдеби тәсіл, көркемдік құрал ретінде молынан пайдаланып отырған. Ежелгі әлем мифологиясындағы кейіпкерлердің болмысын порзалық шығармаларында сәтті қолдана білген. Бұл өзі қазақ суреткерлерінде жиі ұшыраса бермеген қасиет деп ойлаймыз. Сондықтан да жеке талдауды қажет ететін тақырып деп санаймыз.

«АҢСАҒАН ЖАСЫЛ ЖАҒА КӨРІНСЕ ДЕП...»

Омарғазы еш уақытта маяковскийше «Жолдастар!» деп өлең сабақтаған емес. Және өлеңді «Өткір және қорқынышты қару» ретінде пайдаланбады. Төлеужан Ысымайлов сынды «Владимир Владимирович Маяковскиймен әңгімелесу» деп жан сырын Сәбитке ақтарған жоқ. Бірақ ол Маяковскийдің үнемі жаңа форма мен дәстүрден тыс рифмаларды іздейтін рухын бойына сіңіре білді. Ол Маяковский туралы: «Кезінде Пушкин қандай болған болса дәл сондай поэзияны бір биікке көтерген адам Маяковский. Оны ұмытуға болмайды. Бұл ұмыту – оны түсініп жетіп, игеріп болып, онан оза шауып алыстап кетіп барып, ұмыту емес, бұл ұмыту одан зерігу. Бұл зерігуді келтіріп шығарған нәрсе – оның үгіттік мақсатпен жазуы. Оның «бақытсыздығы да» – осы. Бірақ, осы үгіттік мақсатты қайырып тастап, оның ар жағында жатқан кереметін көре алуымыз керек». Омарғазы Маяковскийдің осы қасиетін ерте аңғарып, классикалық дәстүрдің негізінде үнемі жаңа кеңістікке талпынды. Әсіресе 1955 жылдардан кейін ол әлем әдебиетіне бір жола бет бұрды. Өзіне дейінгі барлық алыптардан үйренді. Тез өсті. Әсіресе Абай, Байрон, Лермонтов үштігі – Омарғазы поэзиясының тиегіндей, Шығыс алыптары қомдаулы қанатындай болды. Шынжаң оқу-ағарту институтының студенттеріне арнап оқыған лекциясы негізінде жазған «Лирика» атты шағын монографиясы бар. Осы ғылыми еңбекте автор әлем әдебиетінің ең үздік ақындарының өлеңдерін талдайды. Және өлең талдаудың, өлеңтанудың ерен үлгісін көрсетеді. Теориялық еңбектердегі қатып қалған лириканың негізсіз жіктелуін сынға алады. Өз үлгісін ұсынады. Омарғазы өнердің өмірден де, өнерді тудырушыдан биік әлем екенін ерте сезінді. Осы ауыр жолдағы барлық құрбандыққа іштей бекінді. Оның 50-ші жылдардың басында жаза бастаған тырнақ алды өлеңдерінен-ақ, ұлы қаламгерге тән ерекше бітімін айқын бағамдауға болатын. «Майлы-Жәйір», «Жаңа станок», «Уақыт», «Тас ілгек», «Египет жыры», «Кінәсіз өңкей мөлдір көз», «Өзімнің атымнан» сияқты өлеңдерінен оның ешкімге ұқсамайтын, ешкімге еліктемейтін өзгеше әлем сомдай бастағанын білу қиынға соқпайтын. Өкініштісі бұл мезет ақын өмірінің ұлы дүрбелең алдындағы жайма-шуақ күндерінің соңы еді. Ең бақытты, ең ұтымды еңбек еткен жылдарының бастауы еді. Қарға аунаған жылқыдай сілкінген сайын өзгеше кейіп танытып тұрған дер шағы-тұғын. Әрі өзін аямай жанкештілікпен жұмыс істеп жатқан, омарғазыша еңбек етудің ерен үлгісін көрсеткен жылдары болатын. Осылай сөз саптауымыздың да өз реті бар. Үрімжідегі Шынжаң университеті әдебиет факультетінің студенті Омарғазы, 1957 жылдың қысында ауылына демалысқа келеді. Тура осы бір айлық демалысында ол атақ-даңқын алысқа жайған «Найзағай», «Менің шығысым», «Табиғат философиясы» деген үш бірдей кесек дастанын жазады. «Осы дастандарымен бірқатар өлеңдерін жазып болған соң, ағам күндіз қолы қалам ұстай алмай, түнде тыныш ұйықтай алмай мазасы әбден кетті. Төбе шаштары теңбіл-теңбіл болып түсіп жатты. Бұған бәріміз қатты алаңдадық»,- деп еске алады ақынның қарындасы Гүлзада Айтанқызы. Шәуешектегі шипагерлер жаза алмағасын, әкесі мен ағасы Закария Үрімжідегі арнайы мамандандырылған әскери ауруханаға жеткізеді. Сондағы доғдырлар: «Миды қалыптан тыс істеткендіктен нерв жүйелері қатты шаршаған, ұзақ уақыт тыныш жатып демалмаса болмайды»,- деп диагноз қояады. Бұл үш дастан сол тұстағы тұтас қазақ әдебиетінің ең үлкен жетістігі және өзінен кейінгі қаламдастарына сең бұзған кесек туыныдар еді. Шын мәнінде мұндай қуатты, тұрпаты бөлек дастандар, өткен ғасырдың бел ортасында қазақ әдебиетінде болмаған. Он бір буынды ұйқастың омыртқасын сындырған Төлеужанның "Есіліде" кейінірек келді өмірге. Оны сол уақытта Әбділда Тәжібаев, Мұзафар Әлімбаев бастаған ақындардың баршасы қос қолдап қуаттаған-тын. Омарғазы осы дастандарын жазып болғасын Қазақстандағы «Жұлдыз» журналына жолдайды. Сол кездегі дастанның Алматыда тудырған дүмпуін Мұзафар Әлімбаев, 1957 жылдың сары күзі еді, "Көркем әдебиет" баспасына, сонау Қытайдан қолжазба күйінде бір бума поэма келіп түсіпті, өзгеше дүние екен дегесін, бәріміз кезекке тұрып оқыдық деп жазады. Ақыры кезек мағанда келді. Бәрін жиып қойып оқыдым: «Шынымды айтсам лепті, өктем дауысты поэзияның ауылынан алыс қонған адаммын ғой, менің ақындығым майда қоңыр, әндерге көбірек ұқсайтын болар... соның өзінде соныны сонылаған автордың сөз сілтесі, қиял серпіні мені еліктетті, еліктірді. Сол күні түйген ойымның негізгі өзегі: қазақ поэзиясына төлтума дастандар, өзгелерге атымен ұқсамайтын тынысы мен тумысы бөлек ақын келген екен. Үйреншікті өлшемге, яғни қазақтың қара өлең өлшеміне сыймай бұлқынған, екі иығымен кезек осып-іреп өзіне жол ашқан бір бұла күш көзге елестеді. Содан қолжазба қолдан қолға көшіп жүре берді. Бүгінгі шындық біреу: Омарғазының сол дастандары бәрімізге ұстаздық рөл атқара келген туындылар болды. Сол кездегі Қазақстанның бір топ жас таланттары Омарғазымен бірге өнер жарысына, өлең бәйгесіне түсті». Алматының күндей күркіреген ақындарын елең еткізген дастандардың тағдыры осымен тәмамдалмайды. Бұл туралы ақынның қаламдас досы Тәліпбай Қабайда бізге бірмұнша деректерді баян етеді. Жиырма жылға жалғасқан қуғын-сүргін ішінде ақынның көптеген шығармалары қолды болған, жоғалған. Сол қатарда ақынның осы үш дастанының қолжазбасы да толық сақталмай қалған көрінеді.1989 жылы Алматыға туыс шылай баруға қамданып жатқан Тәліпбай Қабай досына Омарғазы арнайы келіп: «Кезінде үш дастанымды сол жақтағы баспаларға жолдағанымды білесің, екі арадағы мұз еріді ғой, басса басып қалар, болмаса сұрау салып, архивтен іздестіріп, қолжазбасын ала келсең»,- деп аманат айтады. Тәліпбай Қабай Алматыға келгесін келіні Қанипа Бұғыбаеваны араға салып, Әбділда Тәжібаевпен арнаулы кездеседі. Әбекең Қытайдағы қазақтардың рухани ахуалын сұрастыра отырып: «Осы сіздерде 50-ші жылдары бір күшті ақын болды ғой, фамилиясын ұмытып отырмын, сол ақын қазір бар ма?»,- деп арнаулы Омкеңді сұрайды. Омарғазының мән-жайын толық ұққасын Әбділда: «Иә, біз ол дастандарды баспақ болып «Қазақ әдебиетіне» хабарлағамыз. Содан сәл бұрын қытайдың Әй Чиың деген ақынын басқан екен, сол ақынның өлеңдерінен кейін екі елдің арасына жік түсіп, одан кейін сіздер жақтан ешкімді жариялай алмай қалдық. Омарғазының баспадан шығарамыз деген кітабы да сол күйі жабулы қалды»,- деп түсіндіреді де баспаның архивінен Омарғазының үш дастанын алдырып береді. Сүйтіп үш дастан араға отыз жылдан артық уақыт салып авторымен де, оқырмандарымен қайта қауышады.

Омарғазы Айтанұлы бір сұхбатында қырық жыл бұрын жазған дастандарымның бірі – «Менің шығысым». Ол дастан:

Менің шығысым,

Шығыс, дүние шығысы,

Мен шығыс шатқалдарының қоңыр аюымын,

Қызыл тікен үңгірін аралап ержеткен.

Есімімді фантазия авторларынан сұра,

Фамилиям «Бейжиың синантрофтары» заманында өткен, -

деп басталушы еді деп еске алады. «Дастанның бүкіл рухы қазір менің есімде. Ол өзі де бар. Жақында жарияланып қалар. Бұлардың бәрі жоғалып табылған шығармалар. 38 жыл бұрын жазған бұл дастандарымды мен әлі де жақсы көремін. Кейбір жағыдайда сол өреден өстім бе, жоқ па? Оны да кесіп айта алмай қаламын»,- деп жазады. Осы сұхбатында ақын көбіне әлем әдебиетінен үйренгенін тілге тиек етеді. Айталық, Пабло Неруданың «Қашқын» сияқты дастандарын жатқа білдім,Толстой, Бальзак сияқты алыптардың прозасын көп оқыдым, әлемдік жауһарлардың ой әлемін поэзияма көп арқау еттім, бірақ менің жазғандарымнан көшірме сияқты көлеңке тұстарды таба алмайсыз. Мен олардың бәрін табиғи жолмен синтездеп, халықтық әдебиетке тоғыттым деп өзінің шығармашылық лабароториясы туралы ойларының ұшығын аңдатады.

Ескі өлең ұйқастарына жаңа өлең сыймайды,

Өлең жолдары күреспен өседі.

Табиғат мазмұны мұнда жиналып,

Ақын қиналып, тағы бір формаға көшеді.

Бұл ақынның «Табиғат философиясы» дастанынан алынған үзінді. Бұл дастан терең пәлсападан тұрады. Заман мен табиғат, табиғат пен адам, қоғам ортасындағы қайшылықтар мен тұтастықтар бір желінің бойына жатқызылып, автордың ішкі әлемімен біте қайнасып, сом алтындай құйылған, қазіргі уақыттың демімен қарасаң да әлі аласара қоймаған кесек туындылар. Дастанның тілі күрделі, ойы образды, сезімі аласапыран. Дастан бейне бір өзінің қайдан шыққанын, қайда барарын анық пайымдар есейген адамның қартаң анасына елжірей қарағаны сияқты. Кәрі құшағына баяғы бала күніндегідей еркін құлай алмағанымен, сәби шағындағы жұмақ қалпын үнсіз сағынғандай аңсарлы күй танытып, осы буырқанған күй динамикалық сарынмен астаса суреттеледі.

Философия тәтті жыр, сұлу лирика емес,

Төгетін көз жасы, ағатын қаны бар.

Табиғат – қаратас, қатқан мұз емес

Оның да тілі бар, жаны бар.

Осындай сүйекті дүниелерге еркін құлаш ұра бастаған кезеңдегі, Омарғазының дауылды аспан астындай аласұрған жан арпалысын сезінудің өзі адамға құмыққан сезім сыйлар еді. Осы уақыт Омарғазы шығармашылығы бастауының ең биік нүктесі. Ол дәл осы қуатты шағында бейне зау биіктен қызылға құлаған қырандай сезінді өзін. Бүкіл Тарбағатай аспанын жалғыз кезген қыран сынды, шың басындағы жым-жырт тыныштықты өзінің шаңқ еткен дауысымен ғана сілкіндіріп тұрған жас қыран дерсің. Өзінің лирикалық формасын тапқан, асқақ өлеңнің өжет образдарын сомдаған, күллі әлемдік жасампаздықты өз ішіне жұтып алып, соны қотарып қайта жарқырата құюуға асыққан егей шағы еді. Ол өз заманының жер бауырлаған тоғышар кейпіне тұнжыр биіктіктен жымия қарап тұрған масаң қалпында және сол масаң бұлттардың арасында өзінің ғажап жасампаз, өміршең, мәңгілікке құлаш ұрған дүниелер бере алатынын пайғамбарлық түйсікпен сезініп, іштегі жалыны сыртына лап еткелі тұрған, өзінің жарылыс жасар мезетін күтіп жатқан жабық жанартау тәрізді еді. Иә, ол өз заманының жанартауы болды. Сол отты таудың сөнбес жалауы мұз үстіндегі алаудай әлі маздап тұр.

«ШЕГІ ЖОҚ СОЛ ЖЫЛДАРДЫҢ СҮРГІНІНДЕ...»

Ол үшін енді азап пен аңсарға толы томағалы қырандай тұншыққан жылдар басталған. 1957 жыл. Омарғазы Айтанұлы 28 жаста. Оған әсіре солшыл, ұлтшыл, коммунистік құрылымға қарсы, мал иесінің ұлы деген сынды, сол тұстағы барлық қазақ зиялыларына жабылған жаламен алғашқы қуғын-сүргін басталып кеткен. Оған Қытайда жаппай жүрілген «Мәдениет революциясы» қосылып ақын қолы байлауда, басы айдауда тұп-тура 20 жыл «Ақтабан шұбырындының» аптабында қамырыққа толы ғұмыр кешеді. Осы жылдар ішіндегі оның бір қанатын отқа, бір қанатын мұзға малған қаралы хәлін, жаралы жанын біз ешуақытта түсіне де, түйсіне де алмайтын шығармыз. Ол осы жылдар ішінде бірде Құмылға, бірде Тұрпанға, бірде Қашқарға жер аударылады. Осы аталған өңірлер Қытайдағы ең алып Такла-Макан шөлімен кіндіктес жатқан тозақтың өрті еді. Осы жылдар ішінде оның қазбаған кәрізі, істемеген құрылысы, шақпаған тасы, тазаламаған жері, тасымаған қоқысы, көрмеген қорлығы қалмаған болар. Құдайдың емес, тағдырдың емес, кері кеткен керуеннің ақсақ түйесі көш бастаған қым-қуыт заманның бұйдасы үзіліп, ақын үйіне оралғанда өмірінің үштен екісі өтіп кеткен болатын. Ол қайта тууға, қайта түлеуге, тіпті қайта жаратылуға мәжбүр еді. Оның асыл сүйегі, «менін» жоғалытпаған қайсар рухы ондай ерлікті жасады да. Ол орнынан шөккен нардай түрегелген. Хас қырандай сілкінген. Енді біздің алдымызда шыт-жаңа өркен жаяр, өзгеше өріс тілер Омарғазы тұрған. Сол сәтте оның жаны мына әлемге қысқы ұйқыдан жаңа оянған аюдай ашқарақтана қараған шығар. Қияметтің түбінен, тозақтың төрінен оны аман алып өткен қандай күш екен?

Біздің алдымызда Омарғазының көзі тірісінде берген екі сұхбаты жатыр. Осы шағын сұхбаттарында ол өзінің шығармашылық зертханасынан бізге аздаған мәліметтер береді. Айдауда жүрген өмірінің осы тұсы кейінгі шығармаларына қалай әсер еткенін былай баян етеді. «Тырналар» деген дастанында, жүз жасаған қария кейіпкер Құбының құмында аң қарап жүрген кезін қиял ететін, мұнаралар көшкен бұлттар суреттелетін тұстары бар: «Біресе елестейді: үстінде көкшіл мұнар, көкшіл киік; бейне бір аяқтары алтын тіреу, дірілдеп көк сағымға тұрған тиіп»,- деп келеді. Ақын осы суретті өмірдің өзінен алған: «Мен 1966 жылы Құмылдың шығысындағы коммунада кәріз қаздым. 3 адам қазамыз, бір адам сыртта айналдырып топырақ тартады. Он құлаш, сегіз құлаштық кәріздің түбіне түсіп лайын тазалаймыз. Түс әлетінде сыртқа шықсақ, үшінші адам кетіп қалыпты, Киімімізді ауыстырып жатқанымыз сол еді, жанымыдағы ұйғыр жігіті кенет «Ол келді, ол келді» деп қалбалақтап кетті. «Келгені кім екен?» деп алғы жаққа қарасам, оның сүйген қызы екен. Құмылда Тұрпан тектес ыстық жер, 40 неше градустық аптапта сағым көз ұшыңда кілкіп тұрады. Осы сағымның үстінде есекке мініп бізге қарай бір қыз келе жатыр. Оның мінгені маған есек сияқты емес қарақұйрық не бөкен иә киік тектес аң болып көрінді. Есекқұлан деген де аң бар ғой мысалы. Сол тәріздес. Келе жатқан қыздың басында жаулығы бар. Астындағы «киігінің» аяғы жерге тимей жаулықты арыу сағым үстінде келе жатыр. Міне осы көрніс жаңағы өлең жолдарына себеп болған. Сонда өлең ақынға өмірден, қарабайыр тұрмыстан да келеді екен»,- деп жазады. Әрине, мен ақынның күрделі шығармашылық жолынан осы бір детальды жайдан-жай мысалға келтіріп отырғамын жоқ. Осыдан кейін баяндалатын әңгімеміздің жүлгесіне қарай сөз саптаған жайымыз.

ЖОҒАЛҒАН ДАСТАНДАР

1976 жылдың тамыз айында Омарғазы Айтанұлы түрмеден босап шығады деген хабар оның әулетіне жетеді. Бұл хабардан соң оның отбасы жаны қалмай құрақ ұшып Омкеңді қарсы алуға дайындалады. Ол кезде қала мен ауылдың қарым-қатынасы қиын ғой, бұл істің басында жүрген ақынның қарындасы Гүлзада еді. Ақынның босатылуы мәлім себептермен сол жылдың қазан айына шегеріледі. «Ағамды көретінім өңім бе, түсім бе деп екіұдай күйде солар жатқан бөлімшенің есігін ашсам, екі төсек орын бос тұр екен, шошынған жүрегім тағы тағы зәр түбіне кетті. Сүйтсем ол Рахметолла (Әпшеұлы) мен ағамның орыны екен. Көп ұзамай өңі әппақ шөлмектей әбден жүдеген ағам да көзіме көрінді, ол есіктен кіре берісте, өзіммен ілесіп келеген ұлым бес жасар Болатты құшақтай алып жылай жөнелді. Мен қаншама жылдар ағамның қиындық құрсауында азды-көпті қасында жүрсемде мұншалықты таусылып жылағанын көрмеген екенмін. Бәріміз ұлардай шулап көрісіп қауыштық»,- деп жазады. Омкең ертесі қарындасына түрмедегі жүктерін тезірек алдыртуға асығады. Түрмедегі ескі заттарыңызды өртеп жіберейік, бәрі сонымен кетксін деген қарындасына: «Басқасын өртесеңде, ескі сырмақты ала кел» деп қадап тапсырады. Сүйте Омарғазы түрмеде жазған дүниелерінің бәрін сырмақтың астарын сөгіп, соған сақтап отырыпты. Оның «Құсжолы», «Түйе», «Тырналар», «Сәукеле» сынды кітаптарына енген, 1978 жылдарға дейін жазған дастандары мен өлеңдерінің біршамасы осы түрмедегі сары сырмақтың арқасында аман жеткен шығармалар екен.

Омарғазы Айтанұлының өзімен бірге барлық шығармалары да қуғынға ұшырағаны заңдылық қой. Ақынның асыл сүйегі арса-арса болып өз үйіне оралғанымен, көптеген кесек туындылары өзі жатқан түрменің түбінде қалады. «Бастан құлақ садақа» десек те, бұл қазақ әдебиетінің үлкен жоғалтуларының бірі еді. Омарғазы түрмеге түсерінен бұрын қарындасына: «Мен жатқан үйдің моржасында өлеңмен жазылған «Маркснама» деген роман мен өлеңдерімнің қолжазбасы тығулы тұр, соны қалайда қолыңа түсір»,- деп қадағалап тапсырып кетеді. Ақын ұсталып кеткесін түн жамылып қарындасы Гүлзада жатағына барса, әлгі әсіре белсенділер үйдің қорыс-қопасын шығарып әбден тінтіген екен. Тіпті пештің ошағын қопарып, күлін шашып тексеріпті. Ағасы айтқан моржаға қолын созса, моржаның түпкі жағынан пәкетке оралған ақынның қомақты қолжазбасы шығады. Ағаның аманатын орындап қолжазбаны үйіне әкелгенімен, көңілінен алаң кетпейді. Себебі, бұл кезде Омкеңнің барлық жақындары мен туыстарының соңына аңду түскен, Гүлзаданың үйінде белсенділер бірнеше рет тінткен болатын. Қарындасы «Хұңибиіңдер» (қызыл белсенділер) тауып алса пешке тамыздық қылмақшы едім деп жалтармаққа, ауладағы отын арасына жасырады. Бәрібір көңілі орынына түспегесін, жақын туысы Қажымұрат деген ағайынына мән-жайды түсіндіріп, ол кісі өзі қолайлы жерге сақтап қоймаққа алып кетеді. Өкінішке қарай, Қажымұқанның соңынан да қылбұрау түсіп, алмалсыз қалғандықтан қолжазбаларды отқа жағып жіберуге мәжбүр болады. Міне, қазақ әдебиетіндегі алғашқы өлең-романдардың бірінің санатына жататын «Маркснама» мен ақынның бір топ өлеңдері осылай мерт болады.

Омарғазының қаламдас інісі, жазушы Зейнолла Сәнік «Ақын өкініші» атты эссесінде Айтанұлының екі бірдей дастаны түрме күзетшілеріне қолды болып, отқа оранғанын жазады. Оның бірі «Қашқын» атты дастан екен. Ақын ол туралы: «Мұны мен түрмеде алгебра формуласымен қара өлең ұйқасында жазып едім. Мазмұны – өзімнің күйкі өмірім туралы болатын. Бұрынғы ақындардың тәуір шығармасы түрмеде туған ғой. Бұл да сондай ширығыстан шымыр туған дастан еді. Көзімнің қарашығындай сақтап жүрсемде, түрмеде жүргізілген бір реткі үлкен тінту кезінде амалсыз айрылып қалдым»,- деп өзегі өртеніп еске алады. Омарғазының осы тағдырды құшқан тағы бір дастанының аты – «Бұғы». «Мәдениет төңкерісінің» қолшоқпарлары ақынды тұтқындамақшы деген сыбыс тарай бастағанда, Омарғазы бас сауғалап, Үрімжі маңындағы Боғда тауымен жүлгелес Нансән тауын паналап бой тасалап жүреді. Сол таулардың қойнауын қорғаныш етіп жүрген күндерінің бірінде, ақын терең шатқалдардың бірінен жалғыз жосып бара жатқан бұғыны көреді. Өзінің қорғансыз хәлін сол бұғыға ұқсатады. «Көп ұзамай түрмеге түстім, көз алдымнан сол жосып бара жатқан жалғыз бұғы, таудың тамаша табиғаты кетпей қойды. Ойлаған сайын шабыт көзі ашылып, қапастағы менің жырыма ажар кіргізіп, әрлендіріп жібергендей болды. Жазуы тамаша Әшім деген ұйғыр жігіт болды, дастанды соған көшірттім, қазақшаны терең түсініп кетпеседе, оқып отырып таңдай қағатын. Өзімше ол да бір сәтті шыққан дастан еді»,- деп қасіретпен еске алады.

Бір емес екі бірдей көлемді дастан және бір өлең-роман, қаншама азаппен суарылған өлеңдер көз алдыңда шейіт болуы ақын үшін сүргіннен де ауыр соққы болғаны анық. Сол кеткен кек, іштегі нала, удай өкініштің, зар запыранның орнын толтырмаққа бел буған Омарғазы басы азат болғасын, адам таңғаларлық қуатпен, жылдам қарқынмен, күрделі өсу, жаңару процесімен қарқынды еңбек етті. Кейін жоғалған екі дастанның орынын екі том дастан басты. Жоғалған өлең-романның орынын екі роман толықтырды. Қаншама әңгіме-повесттер, драмалар жинағының өзі екі томды құрайды. Ал жекелеген өлеңдері қазақ поэзиясының ең биік шыңында тұр. Өз басым Омарғазының поэзиясы ұя салған сол қарлы асқарды еш биікке айырбастамас едім. Және еш биікпен салыстыра қоймас едім. Оны оқырманға жеткізудің кестелі жолын таба қоямын деп те талпынбас едім. Омарғазы тек үнсіз ұғысуға, жым-жырт түйсінуге, тек тылсымына тарту үшін жаралғандай. Соның өзі үлкен мұрат. Үлкен кепиет.

***

«Осындай тұлғалар болмаса, қазақ әдебиетінің бағыт-бағдары қалай болар еді» деп ойландыратын қаламгерлер бізде көп емес. Мағжан, Сұлтанмахмұт, Бернияздардың тұншыққан дауысынан кейін, қазақ өлеңі жаралы бөкендей, өз даласында еркін көсіле алмай, өз топырағын өгейсініп бірқыдыру уақыт сансырап қалды. ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясы негізінен Қасым салған ізбен, Сырбай, Қалижан, Хамит, Қуандық, Ғафу сынды саңлақтар жалғастырған саппен дамыды. Кейін оны Жұмекен, Мұқағали, Сағи, Қадыр, Тұманбай бастаған көш тотыдай түрлендірді, өрісін кеңейітті. Ал «наурыздың ақша қарындай» ақ өлең үлгісі бір қиырда жетімсіреп қала берді. Омарғазы міне осы еркін даланың еркін поэзиясының жарық жұлдызы еді. Бүгінгі қанаты енді қатайып келе жатқан еркін өлеңнің жеткіншектері Омарғазы рухы алдында қашанда қарыздар. Омарғазы әлемінсіз бүгінгі қазақ поэзиясы бір жеңі жоқ шапан тәріздес. Омарғазы ұлы суреткер, ерекше ақын, ғажап драматург, сан қырлы талант қана емес, тұтас болмысымен өзі бір жүйе еді. Әлгі Бальзактің: «Адам болып қалу аздық етеді, тұтас жүйе болып қалу керек»,- дейтініндей кеп. Ол өзінің Демежан рухын астар еткен бір өлеңінде, жыланға арбалған торғайдай тұтас бір халықтың арман, мұратын, қасіретін жеткізеді. Өлең – «Жерде туып, көкте өлген» деп аталатын. Омарғазы әлемі туралы алда әлі талай айтылатын әңгіменің бір парасын әзірше осылай қайырдық.

Көрнекі сурет: Н.Пиоро "Таңғы тұман"

Бөлісу:

Көп оқылғандар