Дәулеткерей Кәпұлы. Маябоздақ

Бөлісу:

13.02.2021 5338

ӘР НӘРСЕНІҢ ӘДІЛІН...

«Маябоздақ» поэмасы – бұрынғы жыршылық дәстүрімен ышқына дүниеге келген кертолғау туынды. Шығарманы оқи отырып, кешегі қиянатты қызылорыс патшалығының алғашқы салған ылаңдары, Үш қияндағы ұлы жұрттың тартқан тауқыметі, кешкен қасіреті, жат өлкелерге босқан жұрт, халық жадынан көше кеткен киелі өнер мен даналық қағидалары, Алаш арыстарының ес ішіне еріктен тыс ене кеткен елесті сұлбалары, ерлердің азапты тағдырлары, аңыраған аңызға айналып кеткен тарих, сай-сүйегіңді сырқырататын Ойсылқара боздамасы... бәрі-бәрі іркіліп-іркіліп барып, қайыра лықси ағып жөнелген зарлы уақыт толқындары іспетті көмейіңе, көкірегіңе кесек-кесек өксік тіреп, көңіліңнің іші нарқобыз шанағынан күңірене шыққан қайрауық ащы сарындай азынап, аза бойыңды қаза қылады! Сондай қамырысты күйде отырып, қайран қазақтың басынан өткен отыз екінің сұрапыл ашаршылығы да жаныңа байыз тапқызбай, онан сайын шамырқандырады. Атасына нәлет қызылорыс патшалығының құдайсыз жендеттері асқан жауыздықпен жымысқы ұйымдастырған сол сұмдық апатта халқымыздың арыстандай ақырған қаншама ерлері, ғайыпты айқын көріп айтатын көріпкел әулие-бақсы тұлғалары, суырыла сөйлейтін шешендері мен сүлей-ақындары, небір ғажап өнерпаздары мен шеберлері мың-мыңдап, із-түссіз опат болып кете барды! Сөйтіп, болашақта да сансыз дарындар жасампаздығымен әлемді таң қалдыруға тиіс кемел генеалогиямыздың бәйтерегі құлап, демографиямыздың мыңдағанжылдық орасан омыртқасы біржола омырылып түскендей де еді!... Алайда, аталмыш еңбек кез келген оқырманды тәубаға да келтіреді, шүкірге де шақырады, тағылымға да ұйытады...

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

ақын,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

МАЯБОЗДАҚ

(поэма)

I

Маңғыстау – майлы қиян, маңғаз далам,

Төсінде күй күмбірлеп, ән маздаған!

Көзімді суарамын бозаң қырға,

Көшпенді сезім билеп қанда аздаған.

Төсіңде тебіреніспен күн кешіріп,

Көлбеген сағымыңнан нұр көшіріп.

Басынан Отпантаудың орағытып,

Көкмойнақ мінген ердей бір көсіліп.

Жая алмай қырандары кең құлашын,

Шерқала кешкен талай шерлі ғасыр.

Алдағы күндеріңе сүйіншіле,

Арманың орындалса енді асыл.

Білетін бабасындай байрақ құнын,

Сәбидің қызықтадым қаймақ тілін.

Айналама көз салдым, тебіреніспен,

Аңырып арқарындай Айрақтының.

Қашанда өрге тартар қаңтарған ат,

Тамсандым табиғатқа тарпаң қарап.

Шындығымды табардай көз тастаймын,

Шыңдарынан күңгейдің арқаржалақ.

Маң басқан маң даладан түйе көрдім,

Түйеге әз басымды ие бердім.

Қомыңда қанша тарих қомдалды екен,

Керуен жылын жетелеп киелі елдің?!

Арманын арқалаған аялы елдің,

Маңғыстау Қараойынан мая көрдім.

Өркешің секілденіп ел тұғыры –

Байрағын қисайтпаған баяғы ердің!

Қақталған қақтарыңда киік арман,

Жолыңды қиырлатты қиып алдан.

Бебеулеп қарт домбыра шанағында,

Ақжарма күйлеріңнің иі қанған.

Жеткізбей бейбіт күндік нұр шұғылаң,

Тағдырдың құтыла алмай қырсығынан.

Киіктей қыр басыңда арандалып,

Қиылған қанша ғұмыр қыршынынан.

Сағым бел, бозаң қырда еркін көшкен,

Сәтінде аруақтармен ер тілдескен.

Қайқының әндеріне салдың талай,

Қайғының қара бұлты серпілместен.

Қылқобыз ыңыранып зар төккенде,

Қыраның шың басында шаңқ еткенде.

Ұлдарың атқа қонды аруақтанып,

Ұранот көздерінде жарқ еткенде!

Бөрідей сексеуілкөз қанталасқан,

Ерің жоқ арманынан анты адасқан.

Қылышын Ерсарының қайрағына,

Жанып-жанып алғанша жанталасқан.

Кешегі жылдарыңнан жырақ қалған,

Бұйырғынды боз далаң сыр ақтарған.

Иса мен Досан сынды батырлардың,

Дүбірі естілгендей қыраттардан.

Елеңдеп, елегіздім ен далада,

Шежірең толып-ақ тұр шер-налаға.

Аяңдап бір оқиға баяндайын,

Қызыл тіл тайпала бас, жорғала да.

Арқауы әңгіменің түйе болған,

Иір-иір мойныңа кие қонған.

Аттандың алыс, қиыр сапарларға,

Қазақты адастырмай жүйе-жолдан.

Дәм татар мұрша болмай құйған астан,

Тағдыры қиғаш тартып, қидаласқан.

Заманда Маңғыстаудан қанша қазақ,

Асығып Түрікпен көшкен, Иран асқан.

Көгенін қозы-лақтың жинамастан,

Шөгермей атан түйе бұйдаласқан.

Күніге үріккен қойдай ошарылып,

Түнімен Түрікпен көшкен, Иран асқан.

Табынай Жарылғас ақсақалдың әңгімесі

II бөлім

«Қыдырып ішкен астың кенеуі жоқ,

Қыдырып айтқан сырдың елеуі жоқ»

Қарақтар, бір әңгіме мен бастайын,

Үстірттен шыққан көштен дерегі көп.

Қимастан туған жердің ойын-қырын,

Дейтұғын «Арқа тыныш» жойылды ұғым.

Сормаңдай қара қазақ тағы үдерді,

Сорлыға тиетіндей сойыл бұрын.

Сүрініп тұлпар аттың құлагері,

Бозқырдан ойпаң жаққа құлап елі.

«Ақ қашып, қызыл қуған» заман өтіп,

Қызылдың лаң салған уағы еді.

Жатқан ел түйе боздап, қойы қоздап,

Ел-жұртқа нәубет келсе сойың азбақ.

Қала алмай туған жерде атқа қонған,

Нелер ер жүрегі – ұшқын, ойы – маздақ!

Жеткізбей жалпы жұрттың көзін аққа,

Тұрмай ма ашу алда, төзім артта.

Өмірі қосақтаулы жатқан елдің,

Көгендегі отыз-қырық қозы-лаққа.

Туған жер, тұғырым деп тебіренген,

Жан жасып, сабыр қашып небір ерден.

Баяғы мамыражай күнің қайда,

Маяның бауырынан өмір емген?!

Айтқанмен лағнет күнге надан,

Еріңе болғалы тұр түрме далаң.

Үкімін үстіндегі құдай айтып,

Үстірттегі елге тиді бір зобалаң.

Қып-қызыл өкіметтің нанымы ұшқыр,

Тағдырдан жеген таяқ бәрі мысқыл.

«Бай-құлақ» атанасың жалғыз түнде,

Үш түйесі барлардың халі мүшкіл.

Ел тағдырын келі мен келсапқа сап,

Жарамас заманалды жортақтасақ.

«Жерге жұмақ орнатам» деді өкімет,

Жаның менен малыңды ортаққа сап.

Ал, қалсаң, туған жерде тұншығасың,

Қырсықтың қақпанында қыршыласың.

Құландай қырда ойнаған тарпаң қазақ,

Қызылдың қысымына кім шыдасын?!

Тағдырмен тайталаста кім ұтылған,

Ел едің үзбейтұғын үміт ұлдан.

Жылында мың тоғыз жүз отыз екі,

Жайраңдап қызылдардың күні туған.

Бір жайын біліп болмай оң-терістің,

Кеменің желді күнде желкені ұшты.

Теңіздің қолтығында жатқан елге,

Хабары тез тараған төңкерістің.

Тұманың шөл қандырып тұнығынан,

Азаптың құтылардай құлыбынан.

Үдеріп бір көш шықты, үміті алда,

Үстіртте Мәлібектің құдығынан.

Кіндік жұрт болғанымен – ғашық бесік,

Тәңірім берген екен шашып несіп.

Қашаған жырау туған топырақтан,

Қандастар кете бардық қашып көшіп.

Болғанмен жыр аманат, күй өнегең,

Тағдырын Тәңір өзі жүйелеген.

Отыздай атқа мінген адамы бар,

Шыққан көш елу шақты түйеменен.

Жеткізіп мәресіне мәз ғұмырды,

Жанының жайлауынан жаз құбылды.

Жерінде Түрікменнің Қарабақсы,

Қойсуда ел ошарылып, аз кідірді.

Кім үркітті, қоныстан үріккен кім,

Айдынын шайқаған кім тұнық көлдің?!

Атанның шомын алмай жеттік көшіп,

Жеріне Сүлмен, Сүйлі Түрікпеннің.

Көшкен ел түн кідіртіп, таң қысқалап,

Барар жер, бар үмітін алға ұстамақ.

Ерлерде шыдам аздау, сабыр кемшін,

Жаңылған өрісінен мал да ұшқалақ.

Құландай қимай жүрген қағын әлі,

Жігіттер әрбір тұстан жанығады.

Әр ру өз ішінен хан сайлап ап,

Ел іші болып алған дабыралы.

Жүк астында қарсы алған ала таңды,

Салқар көш шалдықтырды нар атанды.

Бекестің Омар деген баласы мен,

Мамыртайдан Балайыс «хан» атанды.

Қыдыр да қори алмай күткен жолды,

Сазайын көшкен елдің тіптен берді.

Құрығы ұзын өкімет жолдан тосып,

Кетікке айдап кетті мықты ерлерді.

Кетікке қамалғасын ер айбары,

Жартысын көшкен елдің кері айдады.

Ғасырдың зұлматына тап келгесін,

Басыңның түгенделмес оңай бағы?!

Жұлғызбас туған жерде ел түймеңді,

Қайырылған ел қанатын серпи ме енді?!

Қызылаяқ қыр кешіп, қайран, қазақ,

Қызылбастың еліне жөңки берді.

Ал, енді мына көште кім бар еді?

Оқырман, әрі қарай тыңда мені.

Ордалы шаңыраққа бақан болған,

Оразмағамбет сынды тұлғалы ері.

Орағаң – азаматтың үлгісі еді,

Қазақы емшіліктің білгіші еді.

Жер қойнауын зерттеуде Маңғыстаудың,

Ағартушы, геолог – тұңғыш ері.

Заманда ел басынан бақ таймаған,

Шешендей қызыл тілге жақ қайраған.

Пірдің соңы Бекеттің үлгісімен,

Діннің де діңгегіне ат байлаған.

Назарды әке көрген аудартады ұл,

Қашпайды жүк көтерген нардан қадір.

Геолог Андрусов Николаймен,

Әкесі Тұрмағамбет болған тамыр.

Адалдың кірлеместен жан көйлегі,

Арманнан адаспайды таң бейнелі.

Геолог мамандығын оқып келген,

Үндістан, қаласынан Бомбейдегі.

Қызылтүп, Арқарлы мен Шағаланың,

Зерттеген Көксайдың да бар алабын.

Нағыз ілім-ғылымды ерте танып,

Елі, жұрты сыйлаған дана, ғалым.

Емес ол селтең жүріс, салқам, серің,

Білімі бір басына қалқан – сенім.

Топырақтың қадірін жазбай танып,

Түбектің түгендеген әр тал шөбін.

Көппен бірге той көріп, қайғыруға,

Азаматқа жарасар сай ғұмырда.

Қызыл өртше жалаңдап, қызыл келіп,

Туған жерден табанын тайдыруда.

Атажұрт, Түбегінде мұңсыз налып,

Жүрегін шаншып өтіп бір сыздауық.

Қала алмай туған жерде өксік буған,

Қазыналы алтын басы құнсызданып.

Ұрса да тіршіліктің желі өкпеден,

Өнердің өз бағасын кем етпеген.

Бата алған Қашағаннан баубек Назар,

Сәбидей домбырасын өбектеген.

Назарда – қаз қаңқылы аспандағы үн,

Қандастың қайырардай қашқан бағын.

Қызынса, таңды таңға жалғап жырлар,

«Қыз Жібек», «Орақ – Мамай» дастандарын.

Жырақтап атажұрттан жатқанда өгей,

Тыңдаушы баба жырдан тапқан мерей.

Назардың көмейінен бүлкілдейтін,

Қалнияз, Абыл, Нұрым, Ақтан Керей.

Қиыннан қиыстырса шебер Алла,

Жігітті жетелейді өнері алға.

Қазақтың жер иіскемес жауырыны,

Балуан құнанорыс Төле барда.

Күн кешкен кіндікжұртта адал жүріп,

Бола ма құдай ісін адам біліп?!

Арқадағы бір тойда он жетіде,

Балуан атанған ер, балаң жігіт.

Жанына құдай жаққан нұр шырағдан,

Әр өнерден адам бар бір сыңардан.

Құдықшы Бейнеубай бар елге әйгілі,

Күрекпен күрпілдетіп су шығарған.

Қаймана қадірлеген, қош ұнатып,

Сөлекет сөйлемеген досына тік.

Қызылдың құрығына ол да іліккен,

Намазы бәле болып бес уақыт.

Жыршы да жалғыз емес, балуан да,

Арманын көшкен елдің жан ұғар ма?!

Ерлерім аруақ болып, құр сүлдерлі,

Атымыз тулақ болып арығанда.

Құдайым берсе де ұшқан құсқа қуат,

Табылмай төте бір жол нұсқа бірақ.

Тонады көш жөнекей қарақшылар,

Қалдырмай қотыр ешкі, тышқақ лақ.

Осылай Маңғыстаудан үдерген ел,

Табылмай бір жанашыр жігер берер.

Айналып шыға келдік шын босқынға,

Ал, қашан төрт құбылаң түгенделер?!

Мінгесін құлындайтын биені ат қып,

Қалды алыс туған жұртта кие – мәрттік.

Қызырлы елдің құзырын қызыл билеп,

Қызылбастың жеріне иек арттық.

Аңқылдаған жоқ аға, дархан жезде,

Тап болдық тар босаға, тарпаң кезге.

Ақшынарым көсеулік кеспек болып,

Жақсыларым айналды жаутаңкөзге.

Еркелік, шолжаңдықты қойып тастап,

Кешегі жойып барлық кейіпті асқақ.

Иландық Ирандағы тағдырға да,

Бесжусан дейтін жерден бейіт бастап.

Қадірі бір басыңның кеміген күн,

Жанардан жас, жүректен төгілер мұң.

Көшкен елдің бұқасын қай-қашанда,

Сүзбей ме тайыншасы еру елдің?!

...Болғасын Алла добы – басың ермек,

Маңдайға салған солай ғасыр өрнек.

Сақалын саумалаған кәрі саусақ,

Жарылғас ақсақалдың жасы кермек.

Қайыптың қалды қайда Ақбөбегі?!

Бақ дастан, махаббатқа мұң да дастан,

Жырлай ма оны жүрек туламастан?!

Ер Қайып салған әндей қу дүние,

Сылаңдап қызыл түлкі қырдан асқан.

Талапты ер айтпас өкпе Тәңірге көп,

Таппаса қайтер едің жаның медет?!

Аударған есіл-дертін ер Қайыптың,

Есжанның ерке қызы – ару Бөбек.

Жаныңның жайлауына өрістетіп,

Жүрегің сүйген жанды періште тұт.

Көксауыр кебіс киер ару қайда?!

Өкшесін кере қарыс келісті етіп.

Жігіттің шеберлігі, алғырлығы,

Талаптың тауын шақпас тағдыр мұңы.

Қайқылықпен ел кезіп жүргенменен,

Қайыптың түп мекені Самның құмы!

Қайқының қаны бойда туласа егер,

Қайыптың тұла бойы, тұлғасы өнер.

Жұлығын бір етіктің бір ай тіккен,

Бақытқа, уақытқа да мырза шебер.

Қолға алып домбырасын өбектейтін,

Нақышын салған әннің кем етпейтін.

Тілегін күндіз-түні Тәңірге айтып,

Жүрегі жалғыз ғана Бөбек дейтін!

Әншілік жыраулықтың жүлге арнасы,

Қатарда артық түскен жырдан бәсі.

Арудың бұрымына арбалғандай,

Жолында махаббаттың құрбан басы.

Тірлікте уайымнан кісі өлмейді,

Жігіттің бағы жүрмей, ісі өнбейді.

Баяғы атастырған үрдіспенен,

Аяғын ата дәстүр кісендейді.

«Атыңнан айналайын, Бөбек деген»,

Ұрғанда құмарлықтың желі өкпеден.

Тілегім қабыл болар деген Қайып,

Жүрегі аттай тулап өрекпіген.

Кебіске салынып бар зер күмісі,

Дабыралы әңгіме айтып елдің іші.

Жолында махаббаттың ғашық – көзсіз,

Тәуекел – әрқашанда ердің ісі.

Айттырған қалыңдығын Есбергеннің,

Алып қашты Тәңірі дес берген күн.

Жүрекке әмір жүрмес бір кеп еді,

Беймәлім қарғаған кім, қош көрген кім?!

Төсемес адам өзі оққа төсін,

Пенденің кім түзетер көп қатесін?!

Қайыпты ауылына өзі әкелген,

Шоңқайма етік шоңқайтып кетті әкесін.

Ілгері күндер жылжып ілбістабан,

Басқандай жаңа өмірге тұңғыш қадам.

Бостан құмнан айырып несібесін,

Асардың үңгірінде жыл қыстаған.

Ғашықтың жолы осы-ау деп лайық көрген,

Осылай елден екеу тайып берген.

Күнелтті, күндер жылжып, ай аралап,

Қоян мен киік атып Қайып мерген.

Ер Қайып, шебер Қайып, Қайып ақын,

Ән салса уайымнан айығатын.

Тәңірім сонша талант бергенімен,

Батуға ер Қайыптың айы жақын.

Кісінеп ойнақ салған құлын дәурен,

Жүректің жүгінісі – бүгінгі әурең.

Асауға бір киілер ноқта – тағдыр,

Асардың үңгірінде тығылғанмен

Бейбіт күн берекеден кез дәмелі,

Жүректің шерін әнмен қозғар еді.

Үңгірде елден жырақ жатқанында,

Тәңірдің берген сыйы Боздақ еді.

Екеудің тірлігінің бар мәнісі,

Сүйеніп бір-біріне жан бағысы.

Боздақты айналады, толғанады,

Көзайым – көрген қызық алданышы.

Жатқан жоқ жер қопарып, кетпен сына,

Айдала, араласпас көппен, сірә.

Дүние қусырылып сала берді,

Қуғыншы сап ете қап көктем шыға.

Қызылкөз қуғыншылар арындады,

Өрекпіп, өттерінен жарылғаны.

Қазақ па, жатқа беріп қоя берер,

Төленген қалыңдығын қалың малы?!

Ит тоймас ырылдасып ішкен қанға,

Жабылды қалың көпек тісті арланға.

Адамнан айттырулы айырылса,

Сол болар сүйегіне түскен таңба.

Тартатын шағы жетіп ердің айып,

Көк аспан қарауытып, жер мұңайып.

Безектеп тұтқындалды, халі мүшкіл,

Бөбектен айырылған сорлы Қайып.

От құшақ, ойрандаулы төсек қалып,

Ғашықтың орнына есек таңып.

Ақбөбек зар еңіреп кете барды,

Есберген сүймесіне қосақталып.

Аспанын тұмандатып, Тәңір де айық,

«Бөбек» деп зарлатады әнін Қайып.

«Біреудің алып қашқан қалыңдығын»

Соттағы күнәсі ауыр, тағылды айып.

Бөбекті алып қашқан «қашқын неме,

соншалық ернеуіңнен астың неге?!»

Форт Александровскіде соты болып,

Қамалды бір махаббат тас түрмеге.

Мұқалып, қайратсыз ер кетіледі,

Шын асыл тасқа шапсаң жетіледі.

Қырандай қайырылып Қайып түскен,

Тас түрме, тар босаға – Кетік еді.

Айырылып сүйгенінен Бөбек кетті,

Бөбекті ноқта-тағдыр дедектетті.

Қайыптың зарлап салған сондағы әні,

Ел-жұртын мұң мен зарға бөлеп кетті.

Кеудеде ғашықтық хал – күй тұнғанмен,

Қамауда жанын демеп сүйкімді әнмен.

Өле ғашық болғаны кімге дәрі,

Өксіген өмір осы итырғаңмен?!

Айыбын ағайын-жұрт көппен төлеп,

Түрменің уақыты өтті ертерек.

Ғашығын бір көрмекке босай сала,

Еліне Есбергеннің жетті ентелеп.

Тұндырып таңдайында тәтті өлеңін,

Тапқандай тіршіліктен сәт керегін.

Көреді киіз үйдің жабығынан,

Отырған бала емізіп Ақбөбегін.

«Апырай, мынау қайсың, Бөбегім бе?»,

деп зарлап, шырқап кетті өлеңін де.

Бақытты сәттері ұшты көз алдынан,

Уақытты жоқ дәрмені шегеруге!

Бөбегі күйініштен күні ғаріп,

Көз жасын көлдей етіп құмыралық.

Қайыптың құшағына тастай салды,

Боздағын омыраудан жұлып алып.

Ал, батыр, махаббаттан ғадауат күт,

Ырымдап кеудесіне қадап ақтық.

Боздақты Тайсойғандағы ағасына,

Тастайды ақыреттік аманат қып.

Болмайды махаббатта мәңгі көктем,

Қарғын бар, қансоқта бар жан жүдеткен.

Ән кетті «Бөбек» деген елді аралап,

Осылай ер басынан тағдыр өткен.

Құшағын ғашық жандар арманға ашып,

Тұндырды дала гүлге таңдарда шық.

Қыз үшін қырқысады, жұлқысады,

Рулар Кедей, Бегей жанжалдасып.

Ғашықтың жан шыдатпас өртіменен,

Тілеуін әділ жанның ел тілеген.

Қайып ер Бөбекті алып тағы қашты,

Ғашықтық жүректердің сертіменен.

Арманның биігінен Ай туардай,

Сертіне жетпек болып, қайтып алмай.

Жолына махаббаттың бас тіксе де,

Тасқа тағы соғылды тайқы маңдай.

Жүректе сезім шоғы қоздап түрлі,

Ойына махаббатын маздақ қылды.

Қазақта жесір жайы бір – сыздауық,

Ел арасы бүліне жаздап тұрды.

Тербемес махаббатын ғалам бесік,

Тасыр заман, тасыраң заман көшіп.

Тауы тағы шағылды Қайып ердің,

Жетпеді арманына, амал нешік?!

Сүйгені болғанымен жан тұмарлы,

Қызығы бұл жалғанның жартыланды.

Біреудің басыбайлы жаны емес пе?!

Аяусыз Ақбөбегін тартып алды.

Табылмай жанашыры ту ұстар түк,

Кеудесі қара түнек, қуыс тартып.

Атына қамшы басып кетті Қайып,

Өкпесін ағайын мен туысқа артып.

Көкірегіне бір уыс шер байланған,

Енші алмай кетті осылай ер майданнан.

Оңғарсын Тәңір өзі жолын алда,

Бақ емес махаббаты сорға айналған.

Жаз өтіп, күз тыраулап, ақпан кіріп,

Ешкімге сыр ашпастан жақ талдырып.

Ақбөбектің күйігін тартқан Қайып,

Жеріне Қарақалпақ ат шалдырып.

Жиделі-Байсын, одан Тәжікке өтті,

Қайран ер, мәжнүндіктен азып кетті.

Дастанға бергісіз бір жыр махаббат,

Аспанға Бөбек атын жазып кетті!

Жанын сол мұң махаббат жеп кемірген,

Сызылтып салған әні сертке жүрген.

Жылында мың тоғыз жүз отыз сегіз,

Ер Қайып күйікпенен өтті өмірден.

Ғашықтың күйігінен арылмаған,

Өртенген, күйген, сүйген, жалындаған.

Қорғантөбе маңында, Тәжік жері,

Қайыптың ақ жүрегі дамылдаған.

Басылып маңдайына тағдыр табы,

Ғашықтық машақаты қаңғыртады.

Бейіті Қызылшырақ дейтін жерде.

Ән ғана Қайып атын жаңғыртады,

Айдыннан аққу ұшса алысқа ирек,

Арманға ер жетпесе, намыс күймек.

Үстіртте Бөбек атын жел сарнатып,

Айтады қурай сыңсып, қамыс билеп.

Айтады шын ғашықтың айыбын ел,

Емес бұл есті адамның жайы күлер.

Бір емес үш қайтара алып қашқан,

Жолында махаббаттың Қайыбың – ер!

Ал, Бөбек Есбергенмен бір қалғалы,

Өмірден бал ішпеді, у қармады.

Қызылдың Маңғыстауда ел талаған,

Запыран заманының құрбандары.

Бақыттан Бөбек сұлу кембағалды,

Еңіреп жұртпен бірге елден ауды.

Жүргенде ғашығынан тірі айырылып,

Кіндікжұрт – туып өскен жер де қалды.

Топалаң тіршіліктің тасқыны өсті,

Қайран ел, туған жерден қашты, көшті.

Көнеріп Маңғыстауда қала берді,

Маздаған махаббаты жас күні есті.

Қызылбас мұсылман деп дос көргенге,

Достықты шекарашы ескерген бе?!

Бөбектің бағы тағы орталайды,

Оқ тиіп опат болса Есбергенге.

Сүргісі келсе де өмір жан салып бір,

Тірлікке кете алмайды тамсанып құр.

Иранға Ақбөбектен бұрын жеткен,

Қайыптың әні ғана қарсы алып тұр!

Сездірген махаббаттың тылсым демін,

Жүректі алаулатқан жырсың керім.

Қайыптың зарлап салған әні ғана,

Сүйреген Ақбөбектің құр сүлдерін!

Оқушым, қос ғашықты айыптама,

Бәріңе сабақ болар тарих дана.

Бас қоса қалса егер, босқан халық,

Айтары Ақбөбек пен Қайып қана.

Қайып тәжік, Ақбөбек иранға өтті,

Тыңдаған оқиғасы қинар көпті.

Шынайы махаббаттың үлгісі еді,

Бай емес көр дүние, жиған боқты.

Жүрегіне нарлық жүк артып өткен,

Келбеті ғашығына ән түлеткен.

Тірісінде аңыздың кейіпкері,

Қартайды Ақбөбек те тауқыметтен.

Жарамас енді езуге күлкі үйірсек,

Ғашықтық ғұмырынан сыр түйінсек.

Ақбөбек өтерінде шешіліпті,

Бар сыры көкірегінде бір түйіншек.

Шақырып жасы кіші абысынын,

Айтыпты, айтылмайтын тағы сырын.

Жанарын жарқылдатты, жайраңдатты,

Найзағай жүрек оты намысының.

Сандықтан алып көне орамалын,

Ескертіп абысынға жорамалын.

Сақина, жүзіктерін тапсырады,

Шешкендей тарихтың тоғанағын.

– Осынау тіршіліктің ақ таңында,

Бақыттың дәмін таттым, татпадым ба?!

Қайыптың жасағанын алып қалғам,

Кейбірін тамақ үшін сатқанымда.

Есімі Қайыпжанның тіл ұшында,

Маздаған махаббатым суысын ба?!

Маңғыстауға аты әйгілі Ақбөбек ем,

Дүниенің қалдым қайсы қуысында?!

Қара жер гүлдеп, тағы таң атарсың,

Жүзімді құбылаға қаратарсың.

Сүйегіме түсетін әйелдерге,

Қайыптың қолтаңбасын таратарсың!

деп Бөбек үзіледі, ару ғұмыр,

Горганның сұлу шәрі жамылды іңір.

Үш қайтара Қайып деп қайталады,

Еткендей құлағына Тәңір күбір.

Қайыптың жан жүрегін алған бөлеп,

Ән Бөбек, ару Бөбек, арман Бөбек.

Қалықтап Маңғыстаудан ұшқан аққу,

Жерінде Қызылбастың қалған Бөбек.

Тартса да талапайлап тағдыр оғаш,

Жалғанның биігінен ән құламас.

Горгандағы бейітте қызыл гүлді,

Жыршы шал Назар еккен жалғыз ағаш!

Қалдырып Маңғыстауға мақпал күнін,

Азабын шын ғашықтың тартқандығын.

Ескеріп кейінгі ұрпақ еске алар ма,

Махаббат құрбандығы жатқандығын?!

Осылай тіршіліктің әттегені,

Шекара қос ғашықты қақ бөледі.

Әр ару сүйгенімен болсын бірге,

Қайыптың қалды қайда Ақбөбегі?!

Көрпе Оразмағамбет

Жат жерде таппаса да көңіл медеу,

Тәңірім берер бойға сенім, демеу.

Қалғаны малдың қысыр ештеңе емес,

Ерқашты екі-үш жылдай келін бедеу.

Ойының оңашалық бір сілемі,

Осылай қарт құдықшы күрсінеді.

Өзекте туған жердің сағынышы,

Тағдырдың басқа салған қырсығы еді.

Бұл сонда қандай жұмбақ тылсым еді,

Миға салмақ, жүрекке мұң сіңеді.

Жас ананың бойына бала бітпей,

Ойласаң жан дүниең түршігеді.

Бұл жайтқа жан қалмады қамықпаған,

Орекең ақылға сап анықтаған.

Туған жерге сағыныш дерт екен ғой.

Жас тәнге тіршілік те дарытпаған.

Бейнеубай ақыл салды Орекеңе:

Жұртыңды байырқалат, берекеңе.

Шашырап жүргендердің басын жина,

Алдыңнан сенің кесіп ел өте ме?!

Қалам ал, патшаға жаз жер жағдайын,

Сөзімді қарттық ақыл мен қамдайын.

Босып келген қазаққа бір жер сұра,

Бір ауыл болсын тірер ел маңдайын.

Орекең бір аманат арқалады,

Бойына ішкен асы тарқамады.

Мән-жайдың бәрін тізді, көш жағдайын,

Әлемдік саясаттан бар хабары.

Азамат білімді еді, ақылды шын,

Сөзінің қосты мүмінге әтірлісін.

Мұсылман аяушылық танытар деп,

Қызылдан көрген қорлық, кәпір қысым.

Патшадан көп кешікпей жауап келді,

Келген хат босқан жұртқа қанат берді.

Күмбет Қауыс, іргелес Бендер, Горган,

Көшпенді қабылдады талапты елді.

Естіліп әр ауылдан жыршылық үн,

Елемей қауырт жұмыс, түн суығын.

Бастары қатар қонып біріккен ел,

Бастады баяғыша тіршілігін.

Тауқымет ауыстырған жүз ағысты,

Базары дүниенің қызады ішкі.

Қазақтар үш қаладан айналсоқтап,

Бір-бірі қыз берісіп, қыз алысты.

Жалғасып ағайынның тәтті өмірі,

Көрінді жеңге жайнақ, шат келіні.

Жастардың бетіне қан жүгіргесін,

Жайланды жайбарақат қарт көңілі!

Өмірлік түскен салмақ жүрегіне,

Жаратқан жеткізгендей тілегіне.

Елітіп насыбайға, ойға батты,

Сүйеніп қарт Бейнеубай күрегіне.

Есітіп келгендерден хабар жайды,

Орекең артқы жұртқа алаңдайды.

Нақақ жала жабылған ерлерді естіп,

Тағаттап жаны байыз таба алмайды.

Алыстап артта қалған күндер арман,

Жалғаншы бірде сахи, бірде аларман.

Азаматтар есіне түсе берді,

Уфаға ана жылы бірге барған.

Жүрегі жалғыз ғана жетімегі,

Ызадан булығып тұр көкірегі.

Алаш қайраткерлері бас қосқанда,

Мүфтиден имамдыққа бекіп еді.

Бастары ұлт жолында болып құрбан,

Алашқа жол көрсетіп, жөн ұқтырған.

Бақытжан Қаратаев, Жаһанша мен,

Сол жолы Ахметті жолықтырған.

Діндарға ел бас иіп, дос жүгініп,

Танысқан танытқан соң есті қылық.

Санкт-Петербордағы думадағы,

Депутат Шәймерденмен Қосшығұлов.

Ниетін ердің Тәңір қолдаса екен,

Бойыңа азаматтан алма секем.

Арқадағы хабарлап діннің жайын,

Абайға хат жазатын молда Шәкен.

Көп ойлап тіршілікте аз ойнаған,

Қобалжу көңілінде азаймаған.

Сондағы дидарғайып әңгімеден,

Алдағы ел жағдайын бажайлаған.

Қызылдың қанды қолы қанға бөккен,

Қиын шақ аман шығу жанған өрттен.

Танысып Алашорда жоспарымен,

Солармен бір болуды арман еткен.

Таныған Әлихандай көсем ісін,

Көсем ісін жігіттің көшелісін.

Бір жағына солардың шығам деген,

Көрсе де қанша қорлық, неше қысым.

Көрген соң айқын пікір, ашық таным,

Көкейге түйген ақыл, рас ұққанын.

Жұртына түсіндірмек ниетте еді,

Қазаққа малдан басқа кәсіп барын.

Бұл сапар қоздандырып от реңін,

Ұлтының желеп-жебеп жетімегін.

Түбінде игіліктің қайырлысы,

Білімге ашсам деп ел көкірегін.

Қалған кез кедей шөгіп, бай орталап,

Уфадан қайтқан ауыр ой арқалап.

Халқының көзін ашып төңірекке,

Бірінші ғылым-білім қояр талап.

Күткенмен атар таңның күлімдеуін,

Дүние ерте сезген бүлінгенін.

Тобанияз, Жалаулар әлдеқашан,

Қандықол тырнағына ілінгенін.

Дүние базарынан көп ұтылған,

Көзіне өшпенділік кегі тұнған.

Ұлтының бас көтерер жігіттері,

Үйшіктің түрмесіне тоғытылған.

Жатқан ел тіршілігін қамдастырып,

Сенбеді дегенге енді бар жақсылық.

Бай-бағлан мырзалар, батыр, ақын,

Айдауда кемеге де алғаш мініп.

Ақылға сыймайтұғын қадам жасап,

Үкімет іс қылмады адамға шақ.

Халықпен ойнап кеткен ханталапай,

Малың менен жаныңды талауға сап.

Мыңдап түйе, жылқы айдар күмістабан,

Кәмпеске жөнін толық ұғыспаған.

Үстірт асып, Сарсорқа, Қарынжарық,

Құмына кейбір байлар жылыстаған.

Көңілі ұшырғандай бұлтқа қыран,

Білімге деген ниет жұрт шақырам.

Ғаламның сырын ерте танымаққа,

Жеті жыл білім қуып, сыртта оқыған.

Білімнен сыртта оқыған жаратып мән,

Бойына өз халқының таратып қан.

Қызылсуда әкесінің мешітінің,

Іргесін кеңейтіп ап бала оқытқан.

Әулие сырласқандай Бекетпенен,

Шартын да шариғаттың екі етпеген.

Шәкірттермен Теңгенің ойын шарлап,

Қырына Жетібайдың жетектеген.

Кәдімгі табанының астындағы,

Баяндап балаларға тас туралы.

Сырларын мұнай жайлы бөлісетін,

Кітаптың бетін ашып қапсырмалы.

Бұл жердің жүз шақырым, жүз қадамын,

Зерттеген туған елдің ізгі алабын.

Михаил Баянурас досыменен,

Мұнайдың көрсетінді сызбаларын.

Ілгергі танылған соң ісі үлгілер,

Ғылымның ғаламдағы күшін білер.

Шашылған ен далада байлық барын.

Тәптіштеп шәкірттерге түсіндірер.

Тұтастай қоймағасын жұрт ұмсынып,

Ел жатқан қойын сауып, құртын сығып.

Тұрымтай тұс, балапан басына ұшып,

Басталған аяқасты үркіншілік.

Үзсе де надандықтың сан шідерін,

Бейбіт күн көрсетпеді таң сілемін.

Адам басы Алланың добы екен ғой,

Паналап жатқаны осы парсы жерін.

Бағалап білігі мен жігерін өр,

Жігіттің тілемей ме тілеуін ел.

Жат жұртта аумағына қамқор болған,

Қазақы емшіліктен білері мол.

Табатын сауаты бар жерден жақұт,

Қолданды әр өнерін келгенде уақыт.

Үй сыртынан бір дауысқа елеңдеді,

Баласын ағайынның емдеп жатып.

Қаратпай Орекеңді оң-солына,

Тездет деп, шоқ түскендей ер шабына.

Алды-артына қаратпай алып кетті,

Жүретін бір арба кеп Омшалыға.

Орекең сол кеткен мол кетеді,

Бір дерек жеткізбейді елге тегі.

Қызылбастық қазақтар зар боп қалды,

Былай қап Маңғыстаудың кең мекені.

Бүркіт суға ұшпайды, қаз қияға,

Қыран да бір соқпай ма жазғы ұяға?!

Арбаға алдап-сулап отырғызып,

Тартыпты сөйтсе, бірден назмияға.

Парсыны мұсылман ғой, ізгі ел екен,

деп жүрсе түскен екен ізге бөтен.

Ел жайын патшаға айтып хат жазғаннан,

«қылмысын» Орекеңнің тізген екен.

Бомбейден білім алып, қала көрген,

Уызын еңбегінің адал емген.

Бай-мырза болмаса да ел серкесі,

Қызылдың тізімінде бар әуелден.

Қызылдар екі шоқып, бір қараған,

Артында қалған елде күнде аламан.

Ойпырмай, құрығы ұзын соншалықты,

Індетіп тауып алған бұл қаладан.

Қазақтың болғаннан соң тағдыры ойран,

Жүк түсіп жүрегіне жан мұңайған.

Ираннан ұстайды деп ойламапты,

Соншалық жендеттікке қалды қайран.

Бөленбей үлдесі мен бүлдесіне,

Жанары туған елден мұң көшіре.

Баяғы Тобанияз батыр жатқан,

Әкепті Ашхабадтың түрмесіне.

Көрініп күн-күн сайын әр сұмдығы,

Қолында жандаралдың жан шылбыры.

Жендеттер желкелейді сағат сайын,

Қолда кісен, аяқта бар шынжыры.

Кеудеден шыбын жанды ұшырмай-ақ,

Солдаттар тұрғаны жоқ кісіңді аяп.

Тағдырын тар босаға қусырып тұр,

Барлығын не кінәсі түсінбей-ақ.

Табады талай сылтау жан қинарға,

Ұйытса жамағат пен жанды иманға.

Несі айып оқығаны Бұхарада,

Атақты медресе Чар-Минарда.

Кінә ма білім қуып жер көргені,

Стамбул кемесінде тербелгені.

Бала оқытып, білімге ел шақырса,

Жендеттің ұғынықсыз шеңгелдеуі.

Осылай бір ай жатты, екі ай жатты,

Жандарал екі көзден от ойнатты.

Шыбын жанын келтіріп мұрынына

Тергеумен жан қинаған қоқай батты.

Жүрген жолдың не түзу, не қатасын,

Білсең де басқа бәле тақатасың.

Жалақорлық, зымиян сатқындықтың,

Қызылдар біледі екен жеті атасын.

Түсірді тар түрмеде елді есіне,

Көз жетіп енді қайта көрмесіне.

Көз жұмып, ойды алысқа қалықтатты,

Кішкентай құран басып кеудесіне:

– Ей, Маңғыстау, Маңғыстау,

Адыра қалған бұл мекен.

Сахардың тауы сағымнан

Көрінбей көзге тұр ма екен?!

Анау Ақшағырдың жағасын

Жайылып киік жүр ме екен?!

Шың басындағы қатқақта,

Аңылжыған аптапта

Аңырып арқар тұр ма екен?!

Жеті жұрт көшкен арыдан

Шопан атамның тамынан

Әулие жолы үлгі екен.

Ай, адыра қалғыр, Маңғыстау,

Шалдардан қалған жыр мекен,

Менен де қалар тұл мекен!

Көздерін қара қан жапқан,

Қызыл ит қаптап жан-жақтан

Төсіңді күнде шаңдатқан

Ақыретте барда сауабың,

Обалың қазір кімде екен?!

Айналайын, Маңғыстау,

Ұранот жаққан Отпаннан,

Басыңа бөрі топтанған.

Қыраның балақбаулы еді,

Ұясына жетпес көп қарғаң!

Көкіреккөзі сәулелі

Ел түзеу үшін әурелі

Ерлерің бар-тын текті алуан.

Қайыптай тапқан шеберін,

Үржанар қайда Бөбегің,

Үкілі бөркі шоқтанған?!

Он найзаға түйрелген

Күрең атқа сүйрелген

Жәумітке кеткен кекті алған.

Қармыстан қалған ақинақ

Қалайша бүгін тоттанған?!

Дұшпанкөзденіп от алмақ,

Құлынжарғақ құлақшын

Киген қоқан да қоқаңдап

Шекараңнан шет қалған.

Сенен де қанша ел көшті,

Қарақалпақпен селбесті,

Түрікпен жетіп тіресіп

Қызылбаспенен шендесті.

Сондағы жеткен жерім-ай,

Қазулы дайын көрім-ай,

Амалым бар ма, қайтейін

Көкіректе қанша кетті арман?!

Жұмыр ет соққан денемде

Ел жүгін тартсам дегенде –

Қағынды тиген түйедей,

Үйелей бердім, үйелей.

Тар босаға, тас түрме,

Басымды ешкім сүйемей.

«Халықтың жауы» – сұм жала

Көсеуден жұққан күйедей.

Әулиелі мекеннің

Әр түйір тасы кие ғой!

Таусылып талқан тағатым,

Тықылдап соққан сағатым,

Құйрығын құлын жеп тынған

Шолтиған шолақ биедей!

Таутайлақтарың тайраңдап,

Қарақұйрығың жайраңдап,

Қыз-бозбалалар сайрандап,

Жұртыңның қайтпай меселі,

Маңдайда бағың беселі

Қызырдың баққан көші еді,

Басыңнан ұшты-ау, қайран бақ!

Кең Маңғыстау, кең ием,

Қарақия қазаншұңқыры,

Қантамырымның бүлкілі.

Мұнайдан мұрат табарсың,

Даңқыңмен алыс барарсың

Жамалса жұрттың жыртығы.

Жауласып діндестеріңмен

Қарсақкөз індестеріңмен

Құшақтасарсың бір күні.

Құлағыңнан сонда кетпейді-ау,

Қарындастардың күңкілі,

Сұрқылтайлардың сұңқылы.

Қайырыларсың бір күн қазаққа

Кәпірдің тойса құлқыны!

Ай, Маңғыстау, Түбегім,

Үзілді сенен күдерім.

Бекетім пірім, әулием

Сен десе босар жан жүйем,

Жете алмай саған жүдедім.

Заманның алды тосылдым,

Зарпыңнан көріп шошындым,

Аспанның қара түнегін.

Қызылсу – мекен тұрағым,

Мойынымдағы тұмарым,

Бесігіңде бес түледім.

Шөмпілдек құдық суынан

Бір қанып өлсем – тілегім.

Шаңырағың солай шайқалды-ау,

Шаншиды неге жүрегім?!

Ай, дүния, дүния!

Маңғыстау Майлықияным,

Қалықтап сенде қиялым,

Жетілген сенде тұяғым.

Алқауын алмай кеттім-ау

Айқасқан шалғы қияғым,

Алақан тосқан ұяның!

Шежіреңе қоспай бір үтір

Мен қаламнан аққан сиямын.

Жағаңды Каспий бір көрмей,

Жасымды қалай тиямын?!

Мен шығандап кеткен бір боздақ,

Тимесін титтей зияным!

Ай, Маңғыстау, мұнарлым,

Әулие мекен, тұмарлым.

Мың құпия, мың жұмбақ,

Сексеуіл шоқы сырды ұрлап,

Жанарымнан суалдым,

Тамырымнан қуардым.

Тұяққағар бұйырғын,

Шашабасар изеннен,

Иісін сездім дұғаңның.

Сарқаспақ бұйрат дірілдеп,

Күлгін кебірлер күбірлеп,

Жанарыма мөлдір шық алдым.

Іргесін салып аулаққа,

Айналған тірі аруаққа,

Мен құрбандығың шығармын?!

қайран да жұртым, қазағым,

Жүрегіммен саған сыңармын!

Осылай тебіреніп, теңселді арыс,

Иектің бір дірілі – кемсең қағыс.

Ұйтқыған қара дауыл заман болды,

Айдаған кемесімен желкенді алыс.

Орекең осылайша күбірлейді,

Дәл бүгін әділ жаннан түңіл, мейлі.

Бәлкім бұл жалғандағы соңғы таңы,

Сол күткен таңы қашан сібірлейді?!

Тергеді, жан қинады, әуреледі,

Еңбегі өз жұртына жәрдемі еді.

Кінәсі бала оқытты, ел емдеді,

Халыққа қай заманда «жау» боп еді?!

Болжайды Әлиханның тағдырын кім?

Арыстар ісің үлгі әрбіріңнің.

Тарихтың бетіндегі қара таңба,

Жасаған мұртты көсем қанды қырғын,

Өткенге ой жіберіп, байқастаған,

Санада жүйрік қиял ойқастаған.

Көзден көлбеп көнерген көріністер,

Кірпігі атар таңға айқаспаған.

Бір заман түйетайлы, иір мойнақ,

Қаңғыртқан қандастарды қиырға айдап.

Түбегінің сағынды саржайлауын,

Түссе де әуе айналып, миың қайнап.

Бір күні түн жамылып келген Алшын:

Заманның түрі жаман қамданарсың.

Қызылдың тізіміне іліндіңдер,

Кетпесең осы күнге зар боларсың?!

Кетпесең осы күнге зар боларсың,

Ішінде сол тізімнің сен де барсың.

Ұстауға кеше сені бұйрық шықты,

Жендетке бостан босқа жем боларсың.

Қош болың, қайран досым, есіл деді,

Қолымнан келген осы, кешір, мені!

Жалма-жан қоштасты да түнге сіңді,

Қара ноқат Қызылсу төсіндегі.

Уақыт өз қолынан еркің кеткен,

Жел ұйтқып туырлықты желпілдеткен.

Бала-шаға барлығын жинақы етіп,

Жұбайын аяқасты «төркіндеткен».

Көңілін қалдырмайтын достың алтын,

Бұзбады ғұламалық есті қалпын.

Межелі жерге дейін жеткенінде,

Бармақшы жиыстырып көштің артын.

Көзұшы туған дала, қимас қырды,

Еске алып өткен өмір, сыйлас күнді.

Апыл-ғұпыл білте шам жарығымен,

Барлық кітап, қағазын жинастырды.

Басына қайғы бұлты үйірсек боп,

Кетпекші туған елден қиыр шеттеп.

Киіз туырлыққа орап дайындады,

Кітаптарын бес-алты түйіншектеп.

Таң атты құланиек, күлгін манат,

Бөктері өзен бойы жыңғылды алап.

Кер атпен теңді түйе жетелеген,

Белінен Жабайұшқан үңгір қарап.

Қимастықтан, ызадан тістеленді,

Тәуекел, жігерленді, күшке келді.

Байсары, Сахардан да үңгір тауып,

Сырлас дос – кітаптарын үшке бөлді.

Қоштасып қимасындай өбектесті,

Жан білмес, жаңбыр тимес, жел өтпес-ті.

Басына адаспастай белгі қойып,

Тағдырын кітаптардың бөлек шешті.

Ғұмыры ойландырып, өкіндіріп,

Кеудесін шаншып өтті жетім күдік.

Айнала туған жерге көз суарды,

Күкіртті бұлағына бетін жуып.

Күкіртті бұлағына жуып бетті,

Беймәлім сапар алда, күдік көпті.

Бекітіп дәтін бірден, дәрет алып,

Шопан Ата тамына жүріп кетті.

Басынан әулиенің сыр алысып,

Көп болған келмегелі жыл ағысып.

Қарасын Орекеңнің көре сала,

Қарсы алған шырақшы шал құрақ ұшып.

Шектеген мүмкіндігін мүшкіл уақыт,

Жанарын ер жігіттің ұшқындатып.

Алла жар деп бекінді аттануға,

Басында әулиенің үш күн жатып.

«Бөлек ең білігіңмен, тұлғаңмен де,

Бәлкім, қайта ораларсың думанды елге.

Ал, мынау әулиенің қара тұзы,

Дәм-тұзың жетелесін туған жерге!»

Басында әулиенің бір күтері,

Шырақшы шалға осылай тіл бітеді.

Түйілген орамалды аманаттай,

Қойнына ықтиярмен сүңгітеді.

Осылай тағдыр айдап елден кеткен,

Өмірі одан бері шерменде өткен.

Көрсеткен қысастығың аз ба, құдай,

Қандықол қарақшыға шеңгелдеткен!

Маңғыстау ән бесігі, жыр бесігі,

Бүгінгі дәру болмақ кімге сыры?!

Осылай ойға шомып жатқанында,

Ашылды темір құлып, түрме есігі.

Дәл бұрын көрмеп еді әдеп бұдан,

Ойына сап еткендей дерек күмән.

Бейтаныс күзетші шал түрмедегі,

Дайындап әкеліп тұр дәрет құман.

Кім білсін, күзетші шал білер нені?!

Тез қимылдап, уақыт үнемдеді.

Секемденіп, тезірек есін жинап,

Дәрет алып, намазын түгендеді.

Тәңір не бұйыртады маңдайына,

Өлсе жан ұшар биік тәнді айыра.

Әулиенің басынан түйіп берген,

Бір түйір тұз тастады таңдайына.

Кешікпей айдауыл да келді жетіп,

Мұрынын мұрттан бұрын желбіретіп.

Алды-артына қаратпай айдап шықты,

Сенімін сетінетіп, селдіретіп.

Білмейді өлтірерін, босатарын,

Қу жанға қандай қинау жасатарын?!

Жандаралдың алдында тік тұра қап,

Бес жендет тез оқтады бесатарын.

Орекең жел күткендей қырдан абат,

Мұндағы алтын басы кімге аманат?!

Қасқайып, бойын тіктеп тұра қалды,

Көзіне жандаралдың тура қарап.

Өмірді өгейсісең күлкің азар,

Жалғанның бір боларсың ғұрпына зар.

Бес жендет тілге келмей сақылдатты,

Бесатар көмейінен бүркіп ажал!

Жанарын жалғаншыға сұғындырып,

Ажалы көмейдегі тілін буып.

Жылытты көкірегін қорғасын оқ,

Денесін қып-қызыл қан жуындырып.

Ғұмырдың көргендей-ақ түс ғажабын,

Түбіне жетті арыстың күш тажалың.

Ақыры Ашхабадтың түрмесінде,

Көрпе Оразмағамбет құшты ажалын!

Ұлтымен бірге болған ар-ибасы,

Тілінде үш қайтара кәлимасы.

Жылында мың тоғыз жүз қырық екі,

Алпыс бір жасағаны фәни жасы.

Маңғыстау көзге елестеп жер жұмағы,

Алтын бас, атансойлы ер құлады.

Таңдайдағы бір түйір қара тұздан,

Қызылсу, Ащыағардың келді дәмі.

Бомбейде білім алған Үнді шәрі,

Геолог-инженер тұңғыш әрі.

Қазақтың бар қаймағын қалқып алған,

Бұл да сол зобалаңның бір мысалы.

Туған жер өз ұлыңның жұмағысың,

Жалған дүние әркімнің құмарысың.

Жат жерде жаламенен ажал құшқан,

Оразмағамбет еді бір арысың!

Сахардан атқан көзге таң күлімдей,

Құлаққа Қайып салған ән күбірлей.

Жат топырақ бұйырып жалғаншыда,

Маңғыстау кім өлгенін қалды білмей.

Түйін

І

«Көш келеді Қаратаудың басынан»,

Осы бір ән қазақ үшін асыл ән.

Көшкен сайын бос келсе екен тайлағы,

Түйелі көш көрсем ылғи бас ұрам.

Қасиетті қайран, қара шаңырақ,

Алты қырдан атан тартқан аңырап.

Қомдарыңды аудырмасын жол қиыр,

Жолдарыңды қылсын ыңғай Тәңір ақ.

Маңғыстаудан Иран ауып қашқанда,

Киіз төсеп Гималайдан асқанда.

Шаңырақты көтерген сол қара нар,

Алтын арқау сол еңбегің дастанға.

Домбырада «Нар идірген» күйіммен,

Сенің даңқты ерлігіңе сүйінгем.

Қарақұрттар маңайыңа жоламай,

Бүйі шағып кетпесе екен бүйірден.

Желмаяның жүрісі де текті өлең,

Жезбұйдаңды мен ұмытып кеткен ем.

Түйе сойып, қуырдаққа тоятын,

Қуырдақшыл құлқындарды жек көрем.

Еңбектерің бұл заманда ертегі,

Боздауыңды қобыз қылы шертеді.

Төзімділік жалғандағы бір атың,

Алшаңдай бас, төс табаның төрт елі.

Арқалаған алтының да ел үшін,

Көшпенді елге сенің бойың келісім.

Қазақ үшін қара нар БІР – қасиет,

Ойсылқара, жақсы көрем сол үшін!

Буыршынның бұта шайнар азуы,

Мұзға тайса мұратты ердің жазымы.

Келе-келе түйелердің бастауы,

Қара мая берекенің қазығы.

Асан қайғы желмаямен жер шалған,

Шұбатыңды шұбырынды ел сауған.

Екі өркешің Қаратау мен Алатау,

Қазақ солай дүниеден енші алған.

Бейбіт күнде бұйдаң желге түрілген,

Ертөстіктің серті болған құба інген.

Боталаған жерің алтын бесік боп,

Кенжекейдің ақ отауы тігілген.

Қарабура әулиенің есімі,

Дүниенің жұмбағының шешімі.

Қара нардың шөккен жері құт мекен,

Алтын аймақ, атажұрттың бесігі.

Қаратаудан көш бастайтын жыр-әні,

Атамекен дүниенің жұмағы.

Қара қазан, қара шаңырақ, қара нар,

Қазағымның тұмары!

ІІ

Жетеді қадіріне нардың адай,

Боздамас түйе босқа жан жыламай.

Екі сөзінің бірі «Маңғыстау» боп,

Иранда өткен екен шал Жұмабай.

Аңызақ, аптабынан ер сүрленер,

Маңғыстау бойға төзім төрсің берер.

Басқа түссе баспақшыл болар пенде,

Бәрінен түйе малы жершіл келер.

Тұқымы «Құнан нар» деп әндеткізді,

Жайлауда арайланған таңды өпкізді.

Аласапыран заманда елдің көшін,

Тұғырға аман-есен нар жеткізді.

Түйелер Иран барған, Тәжік барған,

Тұсалған, шөгерілген, қазықталған.

Еңбекпен тамақ тауып жегенінше,

Аштықта ағайынға азық болған.

Тұрғасын еті, майы көпке жетіп,

Тұрмады малдануға сертке бекіп.

Шаңырағын арқалап келген нардың,

Талайы көмекейден кеткен өтіп.

Кемітпес жат жерде де мал бағаңды,

Кейбірі базар барып саудаланды.

«Малдың басы» деп қана көзі қимай,

Қара мая Жұмабай шалда қалды.

Серік боп көрінгенмен иесіне,

Түскендей туған жері жиі есіне.

Жайылмай тұрады екен мая жалғыз,

Қосылмай түрікпеннің түйесіне.

Өзіндей қазақта бар неше ғаріп,

Қашса да қуып келер көсеу алып.

Боздайды да тұрады, жайылмайды,

Тұмсығын терістікке төсеп алып.

Тұсап қойсаң аштықтан бұралады,

Бос жіберсең тағы өнер шығарады.

Күйі түсіп кетпесін деген оймен,

Жұмекең бір тәсілді құп алады.

Миына сап еткендей ой құба-құп,

Бір әдіс тапқандай боп тойдырарлық.

«Алысқа ұзап қаша алмайды-ау» - деп,

Мыс шеге майөкшеге қойды қағып.

Баладай тік өркеші алғаш қандай,

Желпілдеп шудаларын шаң басқандай.

Табанын ауырсынып баспағасын,

Зарлайды запыранға зар қосқандай.

Айырылған туған жерден Ананы ая,

Адасқан анасынан баланы ая.

Қозғайды қайғы-шерін қандастардың,

Боздайды күндіз түні қара мая.

Қозғаған зарлы дауыс жүрек қылын,

Маяны, адамды да жүдетті кім?!

Туған жер сағынышы өзектегі,

Сағынған Маңғыстауды, Түбек түбін!

Кер заман кере тарттың садағыңды,

Қаншама қасап болды, қан ағылды.

Табанға шөгір кірген ештеңе емес,

Тәні емес талай ердің жаны ауырды.

Бескүндік жанарыңды жүрген арбап,

Бұл күнде кімдер тірі, кімдер аруақ?!

Жат жерде кешкен ғұмыр – аянышты,

Жұмабай маяменен бірге зарлап.

Танытпас ақ ниетті сөз қап-қара,

Ерлікті мұқата алмас ез мақтана.

Қайып пен Ақбөбектің жаутаңкөзі –

Жатбауыр жалғаншыда Боздақ бала.

Аптығып, асыққанмен жазға көңіл,

Сүргіннен сынған таға, тозған өңір.

Бала Боздақ, бір жағы мая боздап –

Бұл да бір қазақ кешкен боздақ өмір.

Асулар Ботамойын, Түйемойнақ,

Кең мекен, әр шетіңді сүйем әйбат.

Бота көңілім боздайды менің кейде,

Қазақпен қатар көшкен киені ойлап!

Жалғанда теңіз толқып, тау көшпесін,

Қазанат толарсақтан қан кешпесін.

Азамат байрағыңды жоғары ұста,

«Бұйдасын Қара нардың жау кеспесін»!!!

Көрнекі суреттер ашық ғаламтор кеңістігінен алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар