Қазақ күйлерінің антологиясы үш тілде жарық көрді

Бөлісу:

26.02.2021 6550

Ел егемендігінің отыз жылдық мерекесі аясында елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Аманат» Қазақ күйлері антологиясы» деген атпен қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі шыққан кітаптың беташары өтті. «Сауап» қоғамдық қоры оны өз қаржысына жарыққа шығарған. Әр кітап көнеден жеткен көркем әрі көрнекі күйлер жазылған цифрлық тасығышпен жабдықталыпты.

Танымал күйшілер өнерлерін ортаға салған жиында жинақты құрастырушылар мен авторлар сөз сөйлеп, мән-маңызын жан-жақты әңгімеледі.

Ұлттық мұрамызды ұлықтаған еңбектің беташарына жоба авторы, «Сауап» қоғамдық қорының директоры Света Бабағұл, «Сауап» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл, күйші, өнер зерттеушісі, профессор Айтжан Тоқтаған, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай, күйші, қобызшы, ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбысжазбалар архивінің қызметкері Саян Ақмолда, сыбызғышы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Талғат Мұқышев, күйші-зерттеуші, өнертану PhD докторы Ардаби Мәулетұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы, жобаның бірлескен авторы, зерттеуші, PhD Мүслім Хасенов, Design Strategy Group директоры Асқар Мұхамеджанов, «Индиго Принт» баспа орталығының бас директоры Евгений Момот қатысты.

Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында дәстүр мен мәдениетті ұлттың генетикалық коды деп бағалаған еді. Біз өзіміздің ұлттық мәдениет пен дәстүрімізді осы әралуандық пен ұлықтығын қосып қорғау қажетпіз. Мәдени мұрамызды бөлшектей болсын жинастыруға тиіспіз», деген еді.

Ал «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінгінің артықшылықтарын қабылдаумен қатар, артық-кемін таразылап, тарихымызды терең тануымыз қажет! Ұлттық төл мәдениет пен дәстүрден, ұлттық болмыстан алыстамау бүгінгі өркениеттер таласында жұтылудан сақтанудың негізгі кепілі», – деп бекіткен болатын.

Халқымыздың ұлттық жады, асқақ рухы өзіміздің аса бай поэзиялық тіптен, музыкалық мұрасында сақталып тұрғаны анық.

Бұл Жоба қазақтың сан ғасырлық музыка мәдениетінің жауһарларын келешекке жеткізуге, тарихы терең музыкалық мол мәдени мұрасын қайтадан жаңғыртуға, әрбір азаматтың эстетикалық және рухани қажеттілігін қамтамасыз етуге, осынау бай қазынаны елімізде ғана шектемей, шетелдерде де насихаттауға бағыт алған.

«Аманат» – ұлттық музыка өнері саласында теңдесіз, мемлекеттік емес үлкен жоба болып табылады! Бұл жағынан алғанда, оны бір кезде Елбасының нұсқауымен қолға алған «Мәдени мұраның» жаңаша бір жалғасы боп саналады. Басты ерекшелігі, «Аманат» жобасын «Сауап» қоры өз қаржысына шығаруда.

Жобаның бірінші бөлімі болып табылатын «Аманат» Қазақ күйлері антологиясы» жинағының және бір басты құндылығы – онда дәулескер күйшілер жайлы ақпараттар, сондай-ақ әрбір күйдің аңыздары мен әңгімелері, шығу тарихы 3 тілде беріліпті.

«Сауап» қоры еңбекті шығаруда ешқайда жария көрмеген, бүгінге дейін шыққан кітаптарға енбеген және тіпті ұлтымыздың бүгінгі ұрпағының өзі ести қоймаған халқымыздың дәстүрлі музыкасының көне үлгілерін жинақтауды, қалпына келтіруді, өңдеп цифрландыруды, аутентті орындауды жүзеге асырды.

«Сауаптың» «Аманат» жобасы жарық көруі нәтижесінде ұлттың үніне айналған, енді отандық және шетелдік, мемлекеттік және жеке архивтер мен қорларда белгісіз жатқан қазақтың бес жүзден астам бірегей, көне күйлері қалпына келтірілді, сондай-ақ заманауи аудиотасығыштарға көшкен.

Тек мемлекет аумағымен ғана шектеліп қалмай жинақтың арқасында шеттегі қазақтың күй мұрасы да елімізге оралып, алтын қорға, рухани мұра сапына енді. Мұны ел еншісіндегі елеулі оқиға деп айта аламыз.

Осы антологияда белгілі күйші-зерттеуші Ардаби Мәулетұлының жеке мұрағатынан алынып, ата-жұртқа жеткен асыл мұра Шыңжаңдағы Алтай-Тарбағатай, Іле қазақтарының сыбызғы және домбыра күйлері енді.

Күйшілік мектептің Жетісулық белгілі өкілі Қожеке Назарұлының күйлерін өзінің немересі Тұрсынғазы Рақышұлы орындаған. Тұнық күйін сақтай білген бұл дәстүрлі орындау үлгісі – осы жинақтың ең құндылығының бірі. Сол сынды ақын, әнші сазгер Шалтабай Алпарұлының «Арман» атты күйі Тұрсынғазы Рақышұлының орындауымен көпшілік тыңдарманға тұңғыш рет жол тартып отыр.

Жетісу күйшілік мектептің белгілі тұлғасының бірі Байсерке Құлышұлының «Көш тоқтатқан» туындысы әйгілі Кенен Әзірбаевтың орындауымен жинаққа еніп алғаш рет халыққа тарап отыр.

Сондай-ақ Қаратаудың ұлы күйшісі Сүгір Әлиұлының «Кауфман», «Амангелді батыр», «Базарбай Тәшен» сынды шығармалары бұған дейін ешқайда жарияланбағаны анықталған.

Күйші-сазгер, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің «Көңілді бикеш», «Ата толғауы» сынды күйлерін күйшінің өзі, төл домбырасымен сүйемелдей отыра орындаған, мұрағатта жатып қалған нұсқалары – тыңдармандар үшін ерекше тарту, болашақ орындаушылар үшін таптырмайтын жәдігерге айналары анық.

Нұркен Әшір, Асылбек Кенегес, Азамат Шынар, Айтолқын Тоқтаған, Әсен Смайыл секілді жастардың, бүгінгі заман күйшілерінің орындауымен жазылған жаңа күйлер де осы жинаққа кірді.

Халық - қазына. Ізденушілердің болжамында, халқымызда жеті мыңға тарта күй болыпты. Оның біршамасы қайтадан қалыпқа келмейтіндей, біржола жоғалған. Ал және бір бөлігі еліміздегі және шетелдегі архивтерде көміліп жатыр. Ескі жазбалардың, таспа мен басқа да тасығыштардың ескіруі салдарымен олар да жоғалудың аз-ақ алдында.

Ендеше «Сауап» қоғамдық қорының алғы уақытта атқарар жұмыстары әлі де қыруар.

Қазірдің өзінде ғалымдар мен зерттеушілер бұл жинақтың шығуын – ел тарихындағы, ұлттану саласындағы аса маңызды оқиғалардың бірі деп аса жоғары бағалап отыр.

Осындай еңбектер арқылы бір ұрпақ емес, тұтас ұлт тәрбиеленеді. Осы жоба аясында бүгінге дейін назарға ілікпей, жинақталмай жүрген, мүлдем жойылудың аз ғана алдында қалған бай мұралар табылып, қалыпқа келтіріліп, елімізге оралған.

Жазушы Мұхтар Әуезов: «Күй аңыздарының молдығын халық білер, бірақ кітап, баспа білмейді» деп қынжылыпты. Бұл жағынан алсақ, «Қазақ күйлері антологиясының» және бір жаңа қыры ашылады. Айтар болсақ, халқымыздың рухани шежіресінің баға жетпес қазынасы саналатын туындылардың тарихымен олар жайлы көптеген аңыздар жинақталып, зерттеліп, жинаққа шығып отыр.

Сондықтан, ең бірінші, ұмыт боп бара жатқан жазбаларға жаңаша өмір сыйлай отырып, тыңғылықты жұмыс жүргізген зерттеушілерге, ғалымдарға үлкен алғыс айтамыз.

Болашаққа мұрағатта шіріген жазбалар мен таспалар жетпейтіні анық. Ендеше оларға цифрландырылған дүниелерді мирас етуіміз қажет.

Бөлісу:

Көп оқылғандар