Бүгінгі әдебиеттің бейнелеу тілі ескірді ме?
Бөлісу:
Бүгінгі әдебиеттің негізі мәселелері туралы сөз болғанда, ешуақытта тіл мәселесі шетін қалған емес. Бұл жерде біз көркем әдебиеттің құралы ғана емес, жаны, рухы болған бейнелеу тілін айтып отырмыз. Осыдан жарты ғасыр бұрын Асқар Сүлейменов «Қазақтың бейнелеу тілі ескірді» деген ойды ортаға салады. Біздің көзімізбен қарағанда, ол кезең – шын мәнінде қазақ әдебиетінің жалы күдірейіп тұрған тұс еді. Классиктеріміздің негізгі шығармалары жарыққа шыққан, бәрінің де буы бұрқырап тұрған дер шағы. Содан ба, Сүлейменовтің көтерген тақырыбына көп адамның мән бере қоймаған сыңайлы. Бірақ бұл тақырып, кез келген буынның, кез келген ұрпақтың алдынан қайталанып шығып отыратыны анық. Өйткені, әдебиет бар жерде оның тілі туралы айтылар сөз таусылмайды. Бұл әдебиеттің мәңгілік тақырыптарының бірі. Біз бүгін осыойлардың жетегінде қазіргі заман қазақ әдебиетінің тілі, қуаты, деңгейі және мүмкіндігі қаншалықты деген сауалдарға сіздермен бірге жауап іздеп көрсек деген ниеттеміз.
- «Елу жылда ел жаңа». Ұрпақ алмасты. Ұрпақпен бірге ұғымдар мен құндылықтар алмасуда. Жаңғырған өмірмен бірге жаңа әдебиет келді. Жаңа тіл пайда болды демесек те, тілдік қорымызға жаңа сөздер, ақпараттар легі келіп қосылды. Біздің бүгінгі әдебиеттің тілі осындай жаңа ұрпақтың жан дүниесін аша алатын, олардың жан тамырын дөп басатын шығармалар беруге қаншалықты қауқарлы?
Кенжебай АХМЕТОВ,
жазушы, драматург, аудармашы
Уақыт жылжып, адамның бір-бірін алмастыруы, соған сәйкес, тірлікте әртүрлі жаңа нәрселердің пайда болып жатуы – заңды жағдай. Сондай-ақ, адам баласының өзі енді таныған, түсінген, сезген нәрселер мен құбылыстарға, жаңадан пайда болған өзгерістерге атау беруі, сол атауларды өзара түсінісу барысында қолдануы да қажетті, қалыпты жағдай. Мәселе – қандай мақсатта, қалай пайдалануда.
Бұл тұста ғылым, білім т.б. салалар жаңа атауды жаңадан пайда болған термин, ұғым ретінде пайдаланса, көркем әдебиеттің жөні сәл бөлектеу. Өйткені әдебиет мақсаты – бейнелеу. Демек, жаңа атаулар да әдебиеттің көркемдік құралына айналады. Түйткіл лайықты орнын тауып қолдануға қатысты. Яғни қазіргі өмірді, қазіргі адамды бейнелеу барысында қаламгердің жаңа ұғым-түсініктерді, жаңа атауларды қаншалықты қиюластыра кәдеге жаратуында жатыр. Бұл – әдебиеттің ежелден мәлім талабы, әр сөздің бейнелеу мүмкіндігін өз орнында пайдалану қажеттігін түсіну.
Жаңа ұрпақтың болмысын ашу дегеніміздің өзі оның өміріне, ой әлеміне, жан дүниесіне мүмкіндігінше бойлай білу ғой. Бұл да әдебиеттің қалыпты әрекеті. Олай болса, мәселе қазіргі адамды өз деңгейінде тануда. Қазіргі адамды неғұрлым жан-жақты тани білген қаламгер оның жан дүниесін де соғұрлым шынайы аша білмек. Айналып келгенде, бәрі автордың өмірді тануына, біліміне, шеберлігіне тіреледі. Бұл да – әдеттегі талап.
Ықылас ШАЛҒЫНБАЙ,
жазушы, драматург
Әрине, тілдік тұрғыда айтсақ қазақ тілінің қарым-қуаты бүгінгі болмысты бейнелеуге кемел жетеді. Біз осы тіл арқылы әлемді танып-біліп отырмыз. Қала мәдениетімен бірге келген кейбір заттық атаулардың қазақ тіліндегі баламасы болмауы авторды тұсаулайтын болуы мүмкін. Бұл мәселе кешегі құнарлы тілді қазақ әдебиетін оқып өскен оқырман үшін өрескел дүние шығар. Бірақ сол шұбар тілмен сусындап өскен жас ұрпақ үшін қалыпты дүние болуы мүмкін.
Енді Әдебиеттеі бейнелеу тілі тұрғысынан айтсақ. Бізде Социалистік реализм негізінде қалыптастып, орныққан әдеби форма бүгінгі болмысты ашуға қауқары жетеді деп айту қиын. Оның негізгі мысалы біздегі проза жанырының тұралап, бір орында тұрып қалауы, кей авторлардың ескі форманың шеңберінен шығып кете алмағандықтан ескі тақырыптарды қайталап жаза беруінен байқауға болады. Біз осы формаға, бұл біздің дәстүрлі әдебиетімзідің жолы деп, жабысып, жатып алдық. Шын мәнінде біздің дәстүрлі әдебиетіміз эпостар, жыр-дастандар, ертегілер еді ғой. Біз дәстүрлі деп жүрген әдебиетіміз белгілі бір жүйенің негізінде қалыптасып, соның қолайына икемделген әдебиет екенін мойындауымыз керек. Әдебиеттегі ең негізгі ағымның бір реализмнің өзі біздің әдебиетте әлі күнге тамырын терең жайып, философиялық, психологиялық негізде дамып кете алған жоқ. Бұның басты себебі біздерге мұраға қалған социалистік реализмнің шырмауына әбден маталып, алдыңғы ұрпақтың шығармашылғын тек мақтаудан ары аспай, трихи, саяси тұрғыда дәл әділ бағасын бере алмауымызда жатыр. Алдыңғы ұрпақтың әдебиетіндегі кемшіліктерді көрмей, болашақтағы әдебиетіміз дамиды деп айту қиын. Жаңа ұрпақтың жаңа мазмұндағы өмірін бейнелеу үшін, әрине жаңа форма керек, жаңа жол іздеу керек. Әдебиеті біз секілді тоқырауға ұшырап, артынан әлемдік өреге көтерілген елдердің әдебиетінен сабақ алғанымыз жөн. Мысалы көршіміз Қытай әдебиетін алып қарасақ, оларда біз секілді бір кездері социалистік реализмнің жырын жырлаған еді. Бірақ олар бұл формаға, бұл – біздің өзіміздің ғана әдебиетте жасап шыққан теңдессіз формамыз, бұл формаға жететін әлемде ешқандай әдеби форма жоқ деп қасарысып тұрып алған жоқ. Әлемдік ой-санаға әсер еткен үздік әдебиеттерді өз тілдеріне аударды. Соларды зерттеді. Олардағы артықшылықтарды өздеріне ұялмай қабылдады, үйренді. Сол арқылы әдебиетте жаңа биікке көтерілді. Ал біз олай істемейміз. Біздің өлісі бар, тірісі бар күллі жазушымыз әдебиетке қайталанбас тұлға болып келген, қайталанбас жаңа формаларды алып келген, ғасырда бір туатын геинилер. Жазушыларымыздың шығармаларын әлемдік әдебиет теорияларының негізінде талдап, әлемдік ұлы жазушылармен салыстырып жатқан ешбір сыншыны көрмедік. Ал мұндай менменсіген, кеңестік пафостық, кеудемсоқ психологияда тәрбиеленген жазушысы бар елдің әдебиеті дамиды деп айту қиын.
Қанағат ЖҮКЕШЕВ,
философ
Тілдің жаңа ұрпақтың жан дүниесін аша алу қауқарын көрсететін ұғым лингвистика ғылымында тілдің репрезентативтілігі деп аталады. Былайша айтқанда, бұл – тілдің мәртебесіне сай қызметін атқару мүмкіндігін айқындайтын ұғым. Репрезентативтік қуат – тілдің өмір сүру формасы, квалифитативтік өлшем. Берілген мазмұнды мәтінмен жеткізе алу әлеуеті. Тілдің репрезентативтік қабілеті жеткілікті болса, ол мәртебелік міндетін атқара алады, жеткілікті болмаса – атқара алмайды. Тілдің репрезентативтік қабілеті әдеби тілдің мақсаты және оның нәтижесі ретінде алдыңғы қатарға шығады.
Қазақ тілінің репрезентативтік қабілетіне қатысты мәселені екі аспектіде қарастыру керек. Біріншісінде – тілдің репрезентативтік мүмкіндігі оның онтологиясы тұрғысынан зерделенеді. Бұған әдеби тіл корпусын ажырату (әдеби және әдебиліктен тыс лексика), эквивалентсіз вакуумды толтыру, сөз қолдануда әдеби нормаларды орнықтыру, семантикалық жүйені қалпына келтіру, тілді аномалиялы қолданыстан құтқару мәселелері жатады. Екінші аспектіде репрезентативтілік категориясы тіл философиясы тұрғысынан зерделенуі керек. Бұл астарда тіл контенті, оның мазмұны, сапасы, сұраныс тудыру қабілеті сарапталады.
Бірінші бағытқа қатысты мәселелер бізде эклектикалық деңгейде жүріп жатыр. Сырттай қарағанда, бірдеңелер істеліп жатқан сияқты. Аталған терминдердің кейбіреулерін қолданып сөз сөйлейтіндер бар. Мысалы, «әдеби тіл» деген тіркесті әркімнің аузынан естуге болады. «Әдеби тілдің сөздігі» де бар. Алайда ол ұғымдарға лингвистикадағы тура мағынасынан үңілгенде, суреттің мүлдем басқаша екендігіне көз жеткізге болады.
Ал тіл философиясы – отандық лингвистикадағы соны бағыт болып табылады. Бұл туралы да әрекідік айтылған бірдеңелер бар. Ал оның да тіл тағдырын шешу үдерісіндегі өзектілігі мен перспективалылығын түсініп, тренд ретінде, түбімен қопарып, зерттеп жүрген ешкім жоқ. Тіл философиясының пән алабы, проблематикасы, лингво-философиялық зерттеу әдістері және тіл онтологиясымен арадағы тұрақты, өзара ықпалдастық мәселелері кезек күттірмей талқылануы тиіс.
Тіл кеңістігінде қалыптасқан панораманы толық көз алдыға келтіру үшін қазақ тілінің Кеңес билігі кезіндегі жағдайына ретроспективалық экскурс жасап алу керек.
1958 жылы Қазақстанда «Қазақ тiлi мен әдебиетi» ғылыми-әдiстемелiк журналы Мәскеудің шешiмімен жабылып қалды. 60 жылдардан кейінгі кезеңде большевиктік тіл саясатының кесірінен қазақ тілі толық тоқырау тұңғиығына бет алды. Қазақ тілінің қызметі толыққанды болмай, ішінара сипатта, тіл анархиясы мен тіл аномалиясы жағдайында атқарылды, оның қызметі стихиялы ағыста, шектен шығып кеткен семантикалық, синтаксистік, морфологиялық девиация жағдайында өтіп жатты. Осындай келеңсіздіктерді аңғара алған, аздаған зиялы соққыға ұшырады. Оларға «жергілікті тілдерді дамытудың перспективасыз екендігі, Компартияның тіл сясатына қарсы шығуға болмайтыны» ескертілді.
1962 жылы коммунизм құру бағдарламасы қабылданып, келешекте «ұлттардың қосылатыны», «тілдердің жойылатыны» туралы тезистер күшіне енгеннен кейін, қазақ тілінің дамуына ашық басынған тосқауыл қойылды. Тұтастай қазақтар мекендеген малшаруашылықты аудандардың өзінде іс орыс тілінде жүргізілді. Қазақ тілінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жазылмады. Сөздіктер орыс тілін үйренуді оңайлататын, қазақ тілін үйренуді қиындататын әдістемемен құрастырылды. Аббревиатуралар тек орыс тіліндегі нұсқадан алынатын болды, терминдерді аударуға рұқсат етілмеді. Ғылым Академиясының қорында (картотекасында) қазақ тілінің жалпы сөздік қорын жинауға тиым салынды. Зиялы қауымның қазақ тілін дамытуға бағытталған әрекеттерінен еш нәтиже шықпайтын болды.
Компартияның нұсқауымен, қазақ тіліне қатысты лауазымды кадрлар іріктеу де ерекше әдіснамамен жүргізілді. Ол әдіснама бойынша, қазақ тіліне қатысы бар қызметтерді атқарушылар кәсіпқойлығы кемшін болса да, коммунизм идеяларына берілген, нұсқауды бұлжытпай орындап отыратын адамдар арасынан іріктелді. Тілге қатысты конструктивті идеялардан аулақ олардың ағыспен кеткен бағыттары қолдау тауып отырды. Оларға тілді индустриялы қоғам жағдайында дамыту, тілдің репрезентациялық қабілетін арттыру, экономикалық айналысқа енгізу т.б. перспективалы бағыттармен айналысуына тиым салынды. Керісінше, стихиялы ағысқа жіберілген үдерістегі тілді дамытуға қатысы жоқ құбылыстарды «зерттеумен» айналысуға рұқсат етілді. Қазақ филологтары әдеби тіл дегеннің не екені туралы ғылыми түсініктері болмаса да (қазақ лингвистрінде ондай ұғым әлі бұлыңғыр), әдеби тілдің тарихы туралы «монографияларды» топырлатып шығарып, атақтар мен дәрежелер алып жатты. Олар жазған қазақ тілінің оқулықтары осы уақытқа дейін оңбай келеді.
«Қазақ тілі – бейнелі тіл»; «әдеби тілдің күйін поэзияның бары мен жоғы айқындайды»; «еуропа және орыс лингвистикасында қабылданғандарды бетке ұстау бізге міндет емес»; «жазуы дамымаған немесе кеш дамыған елдердің тілдерін де әдеби деп қарастыру керек»,.. деген сияқты, тілдің индустриялы қоғамдағы экономикалық айналысқа қосылуына тосқауыл болып отырған теріс бағыттардың көбі сол жылдары бастау алып, қазірге дейін инерциямен жалғасып келді. Кеңес билігі кезінде атақ пен дәрежеге ие болғандар орнықтырып кеткен қазақ халқының тілдік сәйкестігін болдырмау саясаты әлі іс жүзіне асырылып жатыр. Тіл шаруашылығының қазіргі басқарушылары теріс бағыттардан әлі бас тарта алмай отыр. Соның салдарынан қазақ тілінің индустриялы қоғамдағы мемлекеттік мәртебесіне сай қызметін атқаруына мүмкіндік беретін, нормаланған әдеби тілі – жаңа тіл әлі жасалған жоқ. Біз әлі аграрлы қоғамның жалпақ тілі стилінде көпіріп жүрміз.
Әлішер РАХАТ,
жазушы, драматург
Оқырманды сендіру үшін халық қолданатын сөздер мен айналасын қоршаған заттар маңызды рөл атқарады. Ал өнер – өмірдің айнасы деседі. Яғни, адамдарды қоршаған тұрмыстық техникалардан бастап, электроникаға дейін атаулары, бөлшектері орыс тілінде болса (ағылшын бар, енді қытайша терминдер қосылып жатыр деседі), оны қазақшаға қотарып берсек, түсініксіз болуы мүмкін, не жасанды шығуы ықтимал. Шетелден келген жай ғана дүниенің өзі қолданысқа өз тілінде еніп кетсе, қазақ тіліне көлеңкесін түсіреді. Екінші мәселе, ЖОО-ның басым көпшілігінде, медицина, инженерлік, тіпті кейде заң саласында да орыс тіліндегі оқулықтармен оқытады. Өйткені аударылмаған немесе тәржімасы түсініксіз. Енді осының бәрін өнер тіліне айналдырып көріңізші. Не шұрайлы тілмен ауыл туралы жырлаймыз, не қарабайыр, жұтаң тілмен қаланы көрсетуге тырысамыз. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын көркем тіл қалыптасты деп айта алмаймын. Үлкен экранға шыққан фильмдерді қарап отырсаңыз, басым көпшілігі орыс тілінде. Олар орыс тілімен заманауи қазақтар жайлы фильм түсіріп жатыр. Тура сондай заманауи қазақ тіліндегі, қазақша ойлайтын кейіпкері бар фильм аз. Тарихи фильмдер болмаса... Мұның өзі қоғамның тең жартысы, ауыз екі қазақша сөйлегенімен, орысша ойлауы мүмкін екенін көрсетеді.
Жаңа ұрпақтың жан дүниесін ашу үшін олардың қандай түсінікпен өмір сүретінін, не нәрсеге қызығатынын, немен айналысатынына қарау керек. Олар қаншалықты қазақы ойлайды?.. Олардың ар-намысы қай тұста? Біз ендігі жаңа елміз, ескі түсініктерді заманға сай модернизациялау керек, әйтпесе мүлдем жоғалтып аламыз. Көне қағидалардың құрсауында қалсақ, ешкімнің қазақ болғысы келмей қала ма деп қорқамын. Мысалы, ауылдан келген қазақтың қара домалағы, қаракөзі қалаға келе сап, не үшін орысша сөйлейді? Біріншіден, қоршаған адамдар мен заттардың әсері болса, екіншіден қазақ болу - «бөрік киген атты адамның, қолында қамшысымен» анау ұят, мынау болмайды» дегенге саятын түсініктің аясында қалып қойғанынан. Дінді негізге ала отырып, салт-дәстүр мен ғылым-білімді ысыруға немесе білімді алып, екеуін шеттетуге әсте болмайды. Үшеуін бірге өрілсе, тіл де жайқалатын шығар деп ойлаймын. Бір ғана мысал: Абай батыстың ойшылдарының, әдебиетшілерінің еңбектерімен таныс, «батысшыл» бола тұра, өз салт-дәстүрінін сақтайтын қазақы, онымен қоймай, шығыстың да білімінен, дінінен хабардар. Соның бәрін өз ішіне сыйдыра алды, сол үшін де ол – Абай, сол үшін де өз заманының заманауи ақыны, философы. Жаңа заман әдебиетшісі болу үшін Абай жүрген жолмен жүрсек, адаспаспыз деп ойлаймын.
Санжар БЕКЖАН,
жазушы
«Елу жылда ел жаңа» деген сөздің өзі кәзір тек жалпылама ретінде ғана қолдануға жарайды. Ғылымның қарыштап дамуы көп түсінікті теріске шығарады. Тіпті болжам бойынша осы ғасыр Діндердің ақыры болып есептеледі. Біздің ұрпақты миллениалдар деп атайды, таңбасы «Ү». Бұл – 2000 жылға дейін туған адамдар. Бізден кейін міне екі ұрпақ дүниеге келді. Қалам ұстаған замандастар әртүрлі ойға кетті. Біз – жолайрықта тұрмыз. Олар нені ойлап қайғырады, тебіренісі қандай, нені аңсайды – мүлдем түсініксіз. Олар тұтас өмірге әлеуметтік желі арқылы қарайтын сияқты кейде... Әлде қандай жазбаға кім лайк басты, не үшін басты, кім пікір қалдырды, қандай пікір қалдырды және т.б әрекеттеріне талдау жасау арқылы олардың көңіл күйін, қандай сезім кешіп жүргенін білуге болады. Жаңа ұрпақ тым сезімтал. Жүріп жүрген ғашығының желідегі әрекеттері арқылы қорытынды жасайды. Сол әрекеттеріне қайғырады. Жапонияда «Хикикомори» деген түсінік бар, яғни жылдап бөлмесінен шықпайтын адамдарды солай атайды. Бізде сол үрдіс басталып кетті. Ендігі біздің мақсат, әдебиет пен қатар психологияға тереңірек үңілу. Сол кезде барып біз олардың жан дүниесін түсініп, жаңа ұрпақ туралы жаза алатын шығармыз деп ойлаймын... ал әзірге мен ондай шығарма кездестірмедім.
- Әрине, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың, тіпті ХХ ғасырдың басы мен ортасы, аяқ тұсындағы әдеби тіл мүлде бөлек. Әр уақыттың өз тілі бар. Өз демі бар. Аға буын мен жас буын қаламгерлер арасындағы тілдік тартыстың бір астары, осы уақыт пен таным айырмасында болса керек-ті. Аға буын қаламгердің жас буын жазушының тілін сынай беретіні де содан болар деп топшылаймыз. Сіздің ойыңызша осы заман әдебиетінің жаңа ұғымдағы, жаңа пайымдағы тілін кім дөп басып таба алуы мүмкін?
Кенжебай АХМЕТОВ, жазушы, драматург, аудармашы:
Өмір үлкенге де, кішіге де ортақ. Тіл де солай, бәріне ортақ. Ал сөзді білу, түсініп қолдану жайына келсек, бұл тұстағы талап та ортақ. Көне сөз болсын, жаңа ұғымды білдіретін сөз болсын, – көркем әдебиет үшін бейнелеу құралы. Бейне жасау үшін тура сол сөз қажет боп тұрса, онда сол сөз сол жерде қолданылу керек. Әр нәрсе өз орнында тұрса ғана, мағыналы, жарасымды.
«Осы заман әдебиетінің жаңа ұғымдағы, жаңа пайымдағы тілін кім дөп басып таба алуы мүмкін?» дегенге келсек, айналамыздағы жақсылы-жаманды өзгерістерді, сол өзгерістердің қазіргі адамға, қазіргі адамның сол өзгерістерге қаншалықты қатысты екенін тап басып танып, танығанын дәл бейнелеп, бейнелеу барысында сөзді орнымен жарата алған қаламгердің қай-қайсы да жаңа мағыналы тілді таба алады. Бұл мүмкіндік адамның жасына қарамайды.
Ықылас ШАЛҒЫНБАЙ, жазушы, драматург:
Әр ұрпақ заман талабына қарай өзімен бірге жаңа бір нәрселерді алып келері заңдылық. Жастар өз ішкі әлеміндегі бар сөзбен, мәтінмен әлемді қабылдайды, түсінеді. Аға буынның жастарды сынауы неге біз секілді болмайсыңдар дегенен келіп шықса керек. Әрине, Кеңес одағының тарбиесінен шыққан адам үшін басқаға ұқсамау, топтан жеке дара тұру үрейлі нәрсе және сатқындық болары даусыз. Жастардың тілдік тұрғыда өзгеріске ұшырауының әлеуметтік ортамен байланысты өз себептері бар екенін, ол жастардың еркінен тыс жүріліп жатқан процесс екенін санасы бар адам ұғынады. Осы заманның жаңа ұғымдағы, жаңак пайымдағы тілін табуға ұмтылып жатқан жастар көп, қазір жастар әдебиетте екі топқа бөлініп кетті. Бір топ өздері дәстүрлі деп атайтын әдебиеттің мұрагері болып, аға жазушылардың жолын жалғаушылар, ал енді өнерді жаңа кеңістіктердің, жаңа түсініктердің тұрғысынан қарастыратын, өнер атаулының әрқандай озық үлгілерінен үйренуді ар санамайтын жастар бар. Міне, осы соңғы топтағы азаматтар біздің дәуірдің тынысын дөп басып, жаңа мүкіндіктерге ұмтылып жатыр деп ойлаймын. Олар өнерді ғылым деп түсінеді, жалпы ХХ ғасырдан кейінгі мықты ақын-жазушыларды қарасаңыз, олардың көбі әдебиеттің сынымен айналысқан, әдебиетте болсын, басқа гуманитарлық салада болсын зерттеумен айналысқан тұлғалар. Бұл үрдіс олардың шығармашылық әлеміне үлкен әсер еткен. Меніңше соңғы топтағы жігіттерден модернистік әдебиеттегі жазушылардың осындай ғылмилыққа ұмтылған әрекетін көруге болады. Қазір ақ өлең жазатын жастар пайда болды. Оларды көпсанды әдебиетшілер, оқырмандар қабылдамайды. Себебі ол қазақ қоғамы үшін жаңа эстетикалық кеңістік. Ол кеңістікке кіру үшін әдебиеттің біздегі қалыптасқан даңғылымен емес, басқа жолдарымен жүруге тура келеді. Осы екі топтағы жастардың біріншісі, шығармада сезімдік түйсікке ғана мәне берсе, екінші топтағы жастар, мәтіннің ғылмилық жағына баса мән береді. Себебі тілдің өзі бір ғылым.
Қанағат ЖҮКЕШЕВ, философ:
Әр ғасырдың тілінің өзіндік ерекшелігі болатыны рас. Өйткені тіл үнемі өзгерісте, жетілу үстінде болады. Ал әр түрлі ғасырлардың әдеби тілі деген ұғым жоқ. Мұны түсіну үшін әдеби тіл деген ұғымның өзінің басын ашып алу керек.
«Әдеби тіл дегеніміз – нормаланған тіл» [Словарь лингвистических терминов]. Ал тілді нормалау атауларды, терминдерді, фразеологиялық бірліктерді стандарттаудан басталады. «Тілдік құралдарды стандарттау – олардың айтылу, құрылу, морфологиялық өзгеру т.б. үдерісіндегі түрлі нұсқаларын бір арнаға тоғыстыру; солардың арасынан тілді нормаландырудың негізі болатын, міндетті қолдануға ұсынылатын үлгісін таңдап алу» дегенді білдіреді. «Тілді стандарттау – әдеби тілді дамытудың квинтэссенциясы.
Стандарттау – индустриялы қоғамның әдеби тілінің имманентті ерекшелігі. Ол тілдік бірліктердің пішіндік және мазмұндық орнықтылығының қатаң талап етілуінен көрініс табады. Қазіргі қазақ тілінің әмбебап дағдарысының бастауы осыдан – қазақ тілінің индустриялы қоғамда әмбебап қолданылуын қамтамасыз ететін, стандартталған, нормаланған нұсқасы жасалмағанынан туындап отыр. Қазақ тіліне төнген қауіптің ең қатерлісі осы болып отыр.
Қазақ тілтанушылары «әдеби тіл» мен «көркем әдебиет тілін» де шатастырып қолданып жүр. Әдеби тіл ұғымы төңкеріліп түсіп жатыр. Қазақ тілінің бар қырсығы осыдан – лингвистиканың орталық ұғымдарын бұрмалап түсінуден, оқулықтарда шатастырып берілуінен бастау алып отыр. XX ғасырдың 50-жылдарынан кейінгі кезеңдегі Кеңестік тіл саясатындағы әдейі бұрмалау үрдісі тәуелсіздік жылдары тұтасымен жалғасып келеді.
Орыс лингвистерінің ажыратуынша «Заманауи орыс әдеби тілі және заманауи орыс әдебиетінің тілі – мүлдем екі басқа тіл. Біріншісі – ерікті діттеумен түрлі нормалар мен ережелерден қағыс жіберілмейтін, оларға басыбайлы, көпшілік пайдаланатын сөздіктер мен дұрыс жазу анықтамалықтарына енгізілен, ... іріктеліп алынған конгломерат,.. Бұл тілде мектеп мұғалімдері мен университет оқытушылары сөйлеуі, әдебиет және басқа гуманитарлық пәндер бойынша мектептегі шығарма, курстық, дипломдық жұмыстар орындалуы керек. Бұл, идеалында, БАҚ-ның тілі болуға тиіс».
Екіншісі – керісінше, түрлі түсті, көпбояулы, үнемі қозғалыста, қайнап, ағып жатқан, еркін тіл болуға тиіс; онда бір мезетте сленг архаикамен, тұрмыстық сөз нақылмен, бірі біріне кедергі жасамай, қатар жайғасып, араласып келе беруі мүмкін. Тіл шығармашылығының мұраты кейде таңданарлық, кейде сыйқырлы, әрдәйім ешкім естіп көрмеген жаңа сөздік қатынастарды дүниеге әкелу үшін семіп қалғанды жібітіп, тұнып тұрғанға самал соқтырып отыруында. Бәрінен бұрын бұл поэзияға қатысты. Егер ақындар мұнымен айналыспаса, поэзия оңбайды» [Амелин М. Язык как главный герой].
Ал біз заманауи әдебиеттің жаңа ұғымдағы, жаңа пайымдағы тілі ретінде осы екі үлгінің тиімді симбиозын алуымыз керек.
Қазіргі қазақ тілінің жағдайына лайықтап түсіндіргенде былай болады. Ресми ақпаратта – саясатта, құқықта, экономикалық айналыста, халықаралық қатынастарда, әскери істе, білім беруде, ғылымда қолданылатын нормаланған тілдің мызғымастығы сақталады. Бұл аяларда қолданылатын стандартталған атаулар, ұғымдар мен терминдер мөлшермен 15000 тілдік бірдіктен тұруы тиіс. Тіл білу деп осы көлемді меңгеруді айтамыз (тұрмыстық аяда сөйлесе алу тіл білгендікке жатпайды).
Идеалында жазушыға ұсынылатын үлгі былай болуға тиіс: заманауи жазушы шығармасын біріншіден, гипотетикалық әдеби тілдің нормаларын қатаң сақтай отырып (ресми корпусты құрайтын тілдік бірліктерді қолданғанда олардың тұлғалық және мағыналық орнықтылығын бұзбай), екіншіден, жалпыхалықтық лексикадағы сөздік қорды шамасы мен фантазиясы жеткенше еркін пайдалана отырып жазуы керек. Менің, ұсынар үлгім осы.
Бұл жерде тіл философиясы тұрғысынан қарастырғанда бір шарттылық бар екенін ескерте кетуім керек. Ол мазмұнға қатысты. Қазақ жазушылары мүмкіндігінің жеткенінше индустриялы қоғам өмірін сипаттауды, заманауи қала адамының көркем бейнесін (ұнамды кейіпкер) жасауды бірінші кезектегі міндет деп танығаны жөн. Өйткені, тілдің де, көркем өнердің де тағдыры осы өрістерде шешілетін болады. Былайша айтқанда, әдеби нормаланған ресми ақпарат тілі плюс урбанолектті қолдана білу – ұлттың рухани дамуы осыларға тіреліп тұр.
Ал жазушыларымыз болса, әр қайсысы өз сөліне өзі қайнап жүр. Соңғы онжылдықтарда жазылған шығармалардың тілін автордың жеке эксперименті ретінде қабылдау керек.
Әлішер РАХАТ, жазушы, драматург:
Қазір біздің әдебиетте тартыс бар деп айту қиын секілді. Аннан бір, мұннан бір, көзімізді тырнап ашып, әу дегеніміз болмаса, қалған уақытта ұйқыда тәріздіміз. Сын дейтін сын да аз, сыншы дейтін кісі де қалмай барады. Көркем әдебиет қайсы, жанрлық әдебиет қайсы ажыратып болмаймыз. Кей ертегі сияқты әңгімелерді үлкен кісілер мақтап жатады. Оқып отырып, советтік түсініктегі адамның қазіргі қоғам туралы «ой-толғамына» таң қаласың. Үлкенді-кішілі тілі жақсы деген кей авторларды оқысаң, танымы көне. Жаңаша жазады деген кейбір авторлардың сөйлемдері біздің трасса секілді шұрық тесік.
Ең әуелі әлемді «сау» көзбен көрген, сосын оны «сау» тілмен жеткізе білген автор қоғам мен уақыттың тамырын дөп басар, бәлкім...
Санжар БЕКЖАН, жазушы:
Соңғы онжылдықта біздің музыка жаңа бір бағыт алып, жаңа стиль қалыптастырды. Соның арқасында қазақ тілі жастар арасында сәнге айналып, қалалық балалар жаппай қазақшаға көшті. Осы «төңкерісті» жасаған тұлғалар ең алдымен мәтінді жеңілдетті. Бірінші сыныптың балаларына Әліппені үйреткендей жеңіл сөздерден бастады, демек олар ең алдымен қызықтырды, ал адам қызықса ол оданда көбірек білуге ұмтылады. Менің ойымша кез-келген нәрсе адамның басына идея салудан басталады. Адам әсер алмайынша Әуезовты өз бетінше қолына алып, оқымайды. Бірақ кейінгі шыққан кітаптар қаншалықты жеңіл болғанмен, соншалық мағынаға ие. Осындайда:
Бір күні Фолкнер:
- Ол, адамдарды сөздік ақтартып, ойға қалдыратын бірде-бір сөз қолданбайды - депті...
- Бейшара Фолкнер. Ол шынымен күшті эмоциялар ақылды сөздерден шығады деп ойлай ма? - деген Хэмингуэйдың сөзі ойыма оралады.
Оруэлл өзінің романында тілдің жаңаруы туралы көп жазады. Тіл де адамның миы сияқты эволюцияға бейім, сол себепті сөздер ескіреді, ұмытылады. Тіл ғылымында көне сөздер деген сала бар. Бұл табиғи процесс.
Енді біз сынайтын, бізді сынайтын буындар деген сөзге мен мүлде мән бермеймін. Әдебиетті әдеби орта үшін жасауды қою керек. Кім қалай жазады, не жазады өзі біледі. Әдебиет бізге атадан қалған мирас емес, ол: мамандық, бизнес, хобби. Оның иесі жоқ. Ол бәрімізге ортақ.
Жалғасы бар...
Бөлісу: