Азамат Серікұлы. Ымырт ыңыранысы

Бөлісу:

06.06.2021 5027

Шайыр

Әлемнің мынау былапыттарын,

Сенің көздеріңнен көріп қоямын ба деп,

Өзіммен - өзім шаң басқан кітаптарға кіріп кетемін.

Сағынышымның сары жапырақтарымен өлуге таядым ба деп,

Мен саған түпсіз ойлардың толғағын алып жетемін.

Үндеме?!

Менің дүниелерімді доғасына артып арқама салды жаратқан,

Бақсылар бидің бүлкіліменен, сылқылыменен,

алты құрлықта таң атқан.

Таулар сілкініп, қырлар бұлқынып жатқанда,

Күйлер қоңырсып шанақтан,

Кеңсірігімнен ызамды шайған қан аққан.

Сен Қырдың Қызымын дейсің,

Мейіріміңнен азынап тұрса қырлардың қырау қатпары,

Мәңгі қыстаудың мұң жамылып ап қарашы қыз-ау жатқанын!

Махабаттың да сапырылады миды қайнатар қандары,

Асыр да көсір шайыр өлеңі шалқытып тұрар қағбаны.

Мына сұлудың теңіздей толқып жанары,

Иіні қанып, тау төстеріндей теңселіп,

қиялмен кілкіп анары.

Қырдан жалықсаң, қыңыр мінезіңнің қолтығын сөгіп жіберші,

Толағайлардың тоңдырмас сені

құшағына қысар ақпаны менен тақпаны.

Маңғаз сұлбаңды мұқалтып жатса,

талақ тағдырлы перілік,

Қырдың Қызына қырды әкесіндей көруі, Құдайға сыйынардай ерлік.

Үштағандап жер иіскесе де

анау көк бұқа теңізің,

анау қырда ана сүтін іңгәләп емген егізің,

Саған әлі-ақ үйретер өмір сүруді тебініп,

Ақынға ғана жарасар қалқам серілік.

Бояулар бояуы

(Тілеубек Батысқа)

Жарты әлем жанарыңнан үркісіп,

Жарты мидың ішіндегі күлкісін

Бәдіздердің дауысынан кісінеп,

Ақымақтар өліп-талған қырқысы.

Іңір бетін айғыздаған бұл бір ән,

Бәлкім, өлім бейопасыз құбылаң.

Қаламыңда көбелектің денесі,

Қаңқасына күбірлейді ұрылар.

Жылқылардың тұяғынан күй шарпып,

Мәнсіздікте күпірлік жоқ, ми қатып.

Түсіңдегі сілемдерге сілейіп,

Ішіңдегі көк күмбезді қиратып.

Жарға жығып, құз кемірді, сіз де - өлең,

Жымыраңдап, жықпыл-жықпыл біз неден?!

Қоңыр-қоңыр жайлауыңда елес жүр,

Әбілхаят іздеген.

Сорың үшін күрескенде кей күндер,

Менің дағы сүлдем құрыған кейіпім көр.

Күлге айналған тәнің сонда есілсін,

Гүлмен көмкерердей-ақ бейітіңді ел.

Шырпы сөнген, тағдыр, өлім ол қайғы,

Айна даусы шағылғанда сорлайсың.

Еркеңізге кетіп қалу керексіз,

Жоғалыңыз, айкезбемен дерексіз

Соған бола Мейір өліп қалмайды?!

Диуанаға айналудың өзі өнер,

Сәуір айын сызға шылап сөз өлер.

Жалғыздыққа шимай жазған мәңгіріп

Шарап толған көзелер.

***

Құдай,

Сенің ұлың едім,

құлың едім ең - Ұлы.

Дебіскеде боздап жүрген бөрі үні.

Қыршын кетіп Құлагердің ажалы,

Бұл ақынның басылмай жүр жөлігі.

Күрзі дүние,

Тағдырым да шілки мас.

шен берсең де, шекем енді шылқымас.

"Шайырмын" деп кеуде соққан бөлтірік,

қазық боша жырға айналар құлпытас.

Құдай, Құдай,

қақталады қай қала?

қансырайды қылуетте қай бала?

Азан-дауыс, аңырайды айнала,

өлсем өлем өз отыма өртеніп

Ақыныңды жебеп тұрар Ай ғана.

Құдай-Ақын, Ақын-Құдай,

дүрсін-дүрсін ұлылық.

Дұға оқып жатыр Ұмай,

мәңгі ұйқыдан тіріліп,

Ақынсың деп Құдай тағы оятты,

Ақынсың деп Құдай тағы өлтірді.

***

Осы бізде жалған да көп, арман көп,

Құдайдың да бір мейірімі тамған жоқ.

...шамасы түн, күн шығарда оянам,

Басым қайда қалған деп?...

Өзің қайда, өзім қайда, сен қайда,

Еңіреніп, елегізіп енді ойға.

Бақыт жайлы айта берме əдірем,

Бақыт шіркін төзе бермес ондайға.

Сансыз жұлдыз жымың-жымың жолдағы ел,

Қияндағы ел көремін деп тоңбады ер.

Өлімстан бейітіне құрбандық,

Өмірстан бейітіне бармады ол.

Кете берді, кеткісі кеп кетті ме?!

Аяз қарып алардай-ақ бетті де.

Алатауға ышқынады ынтығып,

Көзіне алмай Тəңірді де, көкті де.

Кісімсіген соқыр өлең, тас ғаріп,

Бұл қаланың күнде ішеді мастары.

Ай дегенің азу тісі қасқырдың,

Ай дегенің өліктердің аспаны.

***

Мынау қияли, қыдырымпаз фәниде,

Ғажап көретін күн бар ма ?!

Ғажап көретін түн бар ма ?!

Жексұрын болып көрінем,

Жағамды ұстаған жындарға.

Сенсің...

Санамнан ойлар кездіріп,

Сансыз жын-ойнақ бездіріп.

Қапияда өліп кетсем деп,

Қансыз күнәға кез қылып,

ол - Сен болатынсың...

Білмеймін, бірақ түн үнсіз,

Көкте де, жерде күнім - Сіз.

Қайран менің сорым-ау бес елі,

көйлегімді өзің шешесің.

Көрсоқыр мына қоғамда,

Жүрегіңнің тапсам деп,

іздеп келемін көшесін.

Сенің ақ білектеріңнің жұпары,

Менің төсімді аймалайтынын шығарды.

Сенің қара шашыңның түсіндегі түнде,

Сен үшін оқитын болдым Құранды.

Періштелік есім қойдым да,

Азан шақырған түйсіктеріммен сезініп,

Сен жайлы өмірлік көзқарастарға қарау

ол менің ойсыз тұмарым.

Саған қалай ғашық болғанымды

Құдай түсінер,

әйтеу, бір дүние жадымда

Анамның ақ омырауынан сүт ішкендей,

Сенің Ару-Аналық жұпарыңа құладым.

Тәніңнің шәрбәт буынан жұтқызып,

Іңкәрлігіңнің тамшысы мен еріндеріңнің сөлінен татқызып,

менің сәбилік тәнімді қойныңа қыстың да,

Өзіңнің аспани әлеміңе жатқызып

Мені,

Алғашқы жауған ақ қарға аунаттың

Сенің күзгі жапырақтағы шықтай үлбіреген үрпілеріңнен,

даланың шалқыма күйін саумақпын.

***

Ала көзбен қарап өтті бәрі оған,

Аянышты кейіп берді әр адам.

Кеудір кемпір, дүдәмәлдәу тағдыры,

Көздің жасы жас емес-ау, қанаған.

Жексұрын деп өзін ғана санады,

Жетіммін деп жан жүрегін қанады.

Көлшіктерде менменшілдеу, көкбеттеу,

Күн құрғыр да мазақ қылып барады.

Өмір бағы оранбаған отқа әлі,

Өгей өлең, өлген әке жоқтады.

Естімейтін жетім қыздың құлағы,

Бұ дүниеден бір емші сөз таппады.

Түс дегенге тәнін беріп сенетін,

Қара жолда қара тер боп өлетін.

Сұлулығын жертөленің тышқаны,

Жарты ғасыр сынған айна көретін.

Сен де емессің, мен де емеспін кінәлі,

Сертім осы сарышұнақ бұғады.

Тәңірімен таң бозында тілдесіп,

Махаббаттың мәңгі алауын сұрады.

Сұрап алды бір тілекті өзіне,

Қара көрдің тапталады-ақ тезіне.

Ғұмырыңды топшылады, а, Құдай,

Жол бойында кетті жігіт кезіге.

Әнге басты аққу көлде екеуі,

Ғажайыпқа құшақ жайып жер тегі.

Серілігін асау жігіт жасырып,

Жетім қыздың өткен күнін өртеді.

Сүйіп тынды бірін-бірі сол маңда,

Жалықпады жүре-жүре жолдан да.

Ғашықтардың жұмбақ түсі басталды,

Белгісіз бір арманда.

Ол сұлудың көтеріп жер кемсеңін,

Құдай болып ар-ұятын өлшедім.

Жұмақ жаққа кетер деп ем, құлықсыз,

Тозақ жақта кім аймалар емшегін?!

Азамат Серікұлы, 2002 жылы ақпанның 6 жұлдызында ШҚО, Тарбағатай ауданы, Комсомол ауылында туған. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің 2 курс студенті.

Бөлісу:

Көп оқылғандар