Айдана Қайсарбекқызы. Алла разы болсын!
Бөлісу:
(әңгіме)
Сүйінбай көшесінің кеңісіне байырқалаған мына базардың аты «Жаппар». Иесі түркімен жігіті деседі. Ішіне сыймаған бейберекет саудасы ауызынан ақтарылып, екі жаққа езулене ыдыраған, кіре берістің өзі ығы-жығы халық. Қаумалаған қараның ішінде кімнен жасырынып келе жатқанын да ажырата алмаған беті екі қолын жиегі жұқара бастаған қалтасына, жүзін күн жеген кепкісінің күнқағарына тыққыштап жүріп базар маңынан да өтті-ау... ешкім байқамаған да, танымаған сыңайлы. Әйтпесе, әнеугүні әлгі коммерсант кемпір ұстап алып, дүйім жұрттың алдында масқара қылған жоқ па?! Ауыл базар отырған көшенің қарсы жиегінде келе жатса да бетіне үңілушілер көп секілді сезіле ме, түсініп үлгермей тұрып қолын қалтасынан суыра жаздап білегінен біреу шап берді. Коммерсант кемпір ме деп... «Алла разы болсын!»... шошытып жіберген ауызы алтын тіске толы сыған келіншегі екен. Сол қолындағы талма ұйқыда жатқан баласын көрсеткен болып оң қолын сондай бір жалынышпен созады. «Жұма мүбәрәк болсын!» Денесі құсеттеніп барып қайта заулап бағытына түсті. Бұлар көшенің екі етегінде қағаз төсеніп отырудан аспаушы еді, сонша шошытқаны несі екен деп ойлады. Өзі қаладағы жұмыстан шаршап келе жатқанда...
«Алла разы болсын!»
Шырт ұйқысынан тағы шошып оянды. Сыған келіншектің құлағына қонып қалған қарлығыңқы дауысы жүйке тамырларын шымырлатып, жүрегін асықтыра бастағандай-ақ. Үйінің қақпасын қағып тұрған әлдебіреуді жабықтан сығалап жүріп тани алмады. Коммерсант кемпір емес сияқты, басына молдаларша пүліс тақия киген аңсағай бойлы ер кісі. Аша алған жоқ. Кеше жаңа мешіт салуға асар жинап жүрген осының шәкірттері шығар деді де қайта жатып қалды. Жаңағы тәтті ұйқысын қайта таба алмай көп тыпыршып жатып жастығының астынан қол телефонын тауып алды. Кеше жұмысындағы бір жас бала осыған мұсылманша бірер ән жүктеп беріп еді...
«Ән емес, тәте, нәшид деңіз!»
Расымен жанға жағымды екен, көптен бері кеберсіп қалған жүрегін суарғандай жұбанды-ай кеп.
«Аллаху акбар! Аллаху акбар! Аллаху акбар!»
Құдайдың құдіретінде шек жоқ қой, шіркін. Телефонының бетін шимайлаған араб жазуын көзіндегі бар мейірімен сипап, ең соңғы асылындай алақанында аялап ұстап отыр.
«Аллаху акбар!»
Кезінде көңілі алаңдайтын жалғыз нәрсе жастығына қарамастан ерте ағара бастаған шашы еді, ал қазір... «Аллаху акбар!» ...шашына көңіл бөлмегелі қай заман... кезінде қандай сұлу қыз еді, бұның кербездігіне жанындағы жаңғыз құрбысы да қызғана қараушы еді-ау. Онымен хат-хабарсыз кеткеніне де жиырма жылға таяпты, кеше бұның нөмірін тауып алып хабарласқаны бар еді, үлкен ұлын үйлендірмек екен, тойына шақырған. Қайсыбір қуанышыма ортақтассын деп отыр ғой дейсің, баяғы қымбат ресторанын көрсетіп мақтанғысы келіп тұр да... «Аллаху акбар!»...
Бояуы қабықтанып ажырап түсе бастаған қаңылтыр қақпасы тағы тарсылдады. Күндіз мектебіне кетіп бара жатқан қызына есігінің сыртынан құлып салдырып алғаны қандай жақсы болған, көрген адам үйде ешкім жоқ деп ойласын. Коммерсант кемпірдің мұнша ажалсыздығын білгенде... «Аллаху акбар!»... одан да ертең тойға не киіп баратынын ойлады. Әгі қайынсіңілісіне тар боп қалған қоңыр көйлек ше... жоқ, оны осымен сегізінші рет киюге болмас, жұмыстағы қыздардан біркиер табылып қалар... «Аллаху акбар!»
Кешкі ауысымының уақыты таяғанда ғана телефонынан күні бойы әуелеген жұмақ әуенін өшірді. Басына орамалын бүркей орап, күннен қорғайтын көзілдірігін бетіне тақай тағып үйінен шықты. Тап осылай бүркеніп келе жатқанда оны күндізгі жұмысынан қайтып келе жататын күйеуі мен он үш жасар қызы ғана тани алатын. Базар алдынан өте бере көзінің қиығымен сыған келіншекті іздеді. Қағаз төсеніп отырған беті бұған жалына қол созады...
«Алла разы болсын!»
Такси тоқтай қойсашы... қолын ербеңдетіп тұрғанда біреу-міреу көріп қоймаса игі еді, өзі де әлденені сезді ме, білмейді, сыртынан әлдебір ащы дауыс әуелеп... «Әй, Арзу! Әй! Бері кел сен!» ... естімеген адамша бірінші тоқтаған таксиге отыра кетті. Коммерсант кемпірге қарағанда мынаның дауысы әлдеқайда өктем екен, атын да атап тұр, артына қарап кім екенін анықтауға да жүрегі дауаламады, құтылғанына шүкір. Құдайдың құдіретінде шек жоқ қой, шіркін, отырған таксиі де қалаға барады екен. Жиегі тозыңқы қалтасына қолын сұғып телефонындағы әндерді іздей бастады. Ән емес, нәшид! Араб жазуындай шатасқан құлаққатығардың бауын жазып, атқақтаған жүрегін жұбатпақ. Құдайдың құдіретінде шек жоқ қой, шіркін...
«Аллаху акбар! Аллаху акбар!»
«Ол сен емес! Ол сен емес!»
«Алло?!»
«Арзу Азаматқызы, саламатсыз ба, есімім Нұрәділ, сізге Каспий банкінен хабарласып тұрмыз, қарызыңызды қашан...»
Ағынан қарасы аз шашын шашақты орамалдың астына жасырып, үстіне жұмыстас келіншектің жылтырақ жасыл көйлегін ілді. Иығы аздап кең екен, ішінен білдітпей бір-екі іліп тігіп алды. Ұзындау етегіне шалынып жүрмейін деп кеше он үш жасар қызына әперген ақ бантигі бар топылиды киіп көріп еді, дәл екен, қызының аяғы үлкейіп, бұнікін де киюге жарап қалыпты. Бәрібір көйлектің ұзын етегінен көрінбейді, біреу менің аяғымды аңдып отырады ғой дейсің бе деп мәз боп қалды. Алтынының бәрін ломбардқа өткізіп болған, қызы сыйлаған нүктедей ғана көзі бар күміс сырғасын құлағына іліп отырып орамалының астында тағы бір тал шашының ағарғанын аңғарған жоқ. Ендігісі тек үйінен шығып ешкімнің көзіне түспей таксиге отырып кету. «Мынау жолыңа» деп күйеуі ұстатты мың теңге. «Алла разы болсын!»
– Арзу-ау, Арзу, келгенің қандай жақсы болды! Бүгін бізбен қатар оқығанның бәрі осында жүр. Жүр, саған көрсетейін, әй, бері келіңдер, баяғы ғашықтарың келді!
Аңсағай бойлы біреуі келіп қолының ұшын қысып амандасты, басында оюлы пүліс тақия.
– Біз осы ауылға отбасымызбен өткен айда Өскеменнен көшіп келгеміз, осында молда етіп жіберіп... е, өзің қалайсың, Арзу?! Баяғыдай құлпырып жүр екенсің, сының кетпепті-ау сол беті...
«Аллаху акбар!»
Молда замандастың қалтасынан қол телефоны азандап... ақшам кірген екен ғой дегендей ол кетті бөлек.
– Мен есіңде бармын ба, Арзу?! Баяғыда менімен жүрмесең велесибедіңді сындырып кетем деуші едім, бала екенбіз ғой сонда. Жағдайымыз нашар тұрушы едік, қазір, Аллахқа шүкір, екі ұлым бар...
– Қоя тұршы, одан да күйеуің қалай, сені әлпештеп отыр екен-ау, ә! Бағы жанған жігіт еді ғой, сендерге әліге қызғана қарайтын шығар ел-жұрт?!
– Ел-жұртты елең қылып жүрген екеуі жоқ, тойға жалғыз жібере салғанына қарағанда қылығыңа тойдырған сияқтысың ғой!!!
Олар бұрын да қатты қалжыңдасатын. Қалжыңдары қаншалықты ауыр тисе де көтеруге тырысып, ашулануға намыстанатын. Әлі сол...
– Не дейсің, Арзу?!
– Қасық әперіп жіберші деймін.
– Ә-ә, мінекей!
– Алла разы болсын!
– Немене дейсің?
– Алла разы болсын деймін!
– Қойшы енді, саған қасық әперді екен деп разы боп қала ма маған?
– ...
– Құдайдың басын ауыртып қайдағы жоқпен...
Үйіне ұнжырғасы түсіп, қабағы келіспей қайтып келді. Алдынан мамалап шыққан қызына қолындағы сарқыт толы пакетін ұстата салып үнсіз жатып қалды. Құлаққатығар әні қайда әлгі? Ән емес, нәшид! Баяғыда әкесіне еркелейтініндей еріні шошайып, қабағы жібімеген күйі маужырап ұйқыға кетті. Құлағына қондырған жалғыз жұбанышы ғана жылытып әкетті. Құдайдың құдіретінде шек жоқ қой, шіркін!
«Аллаху акбар! Аллаху акбар!»
Бұның жаназасына көп адам жиналды. Өзі көріп тұр. Бүкіл ауыл, туған-туыстары, дос-жараны, көршілері, ескі ғашықтары... бәрі тегіс жылап тұр. Бұл тура қауырсындай жеп-жеңіл болып бәрінің үстінен қарап тұр. Анандай жерде өзінің өлі денесі жатыр. Замандас молда көпшіліктен ілгерірек тұрып алыпты.
«Жақсы адам ба еді?» дейді.
«Жақсы адам еді!» дейді.
«Жақсы адам ба еді?» дейді.
«Жақсы адам еді!» дейді.
«Жақсы адам ба еді?» дейді.
«Жақсы адам еді!» дейді.
«Қарызы болса кештіңіздер ме?» дейді.
«Кештік!» дейді.
«Қарызы болса кештіңіздер ме?» дейді.
«Кештік!» дейді.
«Қарызы болса кештіңіздер ме?» дейді.
«Кештік!» дейді.
Жамағатта жоғы жалғыз сол ажалсыз коммерсант кемпір ғана. Көрде қиналатын болдым-ау, жаным азапталатын болды-ау деп қиналып тұр еді, жамағат үстіне күректеп топырақ тастай бастады, топырақ тастай бастады, топырақ тастай бастады.
«Аллаху акбар! Аллаху акбар!»
«Аллаху акбар! Аллаху акбар!»
«Аллаху акбар! Аллаху акбар!»
Түсі екен... шошымаса да қара терге малшынып оянды. Өңі болсашы бұдан гөрі. Өліп қалсашы бұдан гөрі. Ажалсыз коммерсант кемпірге қарағанда ажал періштесін көруге мың мәрте қуанар еді ғой. Сұмырайды неге есіне алды екен, әне, қақпадан кіріп үйінің есігіне қарай ентелеп келе жатқан сол емес пе?! Қақпаны кім ашық қалдырған? Мына жалмауыз қақпасынан қалай кіріп жүр? Қайтіп ашып ала қойды? Күйеуі қайда? Мен қайда тығылам? Мен қайда тығылам?
«Арзу, әй, Арзу, оян, өй Арзу деймін, ояншы болды, піссіміллә, піссіміллә! Сүф-сүф! Ұшық-ұшық!»
Екі рет оянғанын түсінгенде тірі екеніне әбден көзі жетті. Құлағынатығардың бауына қылғынып, алқынып кетіпті... «Аллаху акбар!»... мынау әні болмаса... «Аллаху акбар!»... ән емес, нәшид... «Аллаху акбар!»... түсі өңі боп шығар ма еді. Құдайдың құдіретінде шек жоқ қой, шіркін!
Орамалын хиджабша орап, таңымен ауылдағы жаңа мешітке келді. Көңіліне медеу боларлық тағы бірдеңе еститініне күмәні жоқ. Жаңа мешіттің әр сөзі нәшид секілді екен-ау...
«Аллаһ разы болсын! Бір күні пайғамбарымыз (саллалаһу әлейһи уә сәлләмға) хадис келеді: «қайсыбір адам бір кісіге белгілі бір уақытқа бір тіллә алтын қарызға берсе, сол уақыт болғанға дейін күніге ол кісіге садақа жасадың деп сауап жазылады» дейді. Ал егер уақыты келгеннен кейін ол кісі қиналдың ғой деп тағы да күтетін болса, әр күткен күніне қарызға берген малының санын садақа қылдың деп жазып отырады екен. Бірақ пайғамбарымыз (саллалаһу әлейһи уә сәлләм) тек қана бұл жағын айтқан емес, таразының екінші жағын да айтқан. Пайғамбарымыз айтады: «сіздердің іштеріңіздегі ең абзалдарыңыз – қарызын көркем түрде жеткізетіндеріңіз» дейді. Қарызын уақытылы, тіпті, уақытынан бұрын жеткізетіндеріңіз, бауырлар. Мұсылмандардың ішіндегі ең абзал адам – қарызын өте көркем түрде, уақытыменен жеткізетін адам, бауырлар. Пайғамбарымыз: «беруші қол алушы қолдан абзал, жоғарғы қол төменгі қолдан абзал» деп кеткен, бауырлар. Әркімнен қол жайып сұрау жақсы емес. Бірақ қарыз беру де, біреудің қажетін шығару да үлкен нәрсе. Пайғамбарымыз (саллалаһу әлейһи уә сәлләм) айтады: «қайсыбір адам өзінің бауырының қажетінде болатын болса, сол қажетін орындап бітіріп бере алса да, бітіріп бере алмаса да Аллаһ тағала қиямет күні «мен сенің қажетіңде боламын» деп өз мойынына алады» екен сол қияметті. Алла мойнына алған іс бітпей ма, ойлаңызшы?! Қарызды көркем түрде берсеңіз дейді, сол қарыз көлеміндей сауапты аласыз дейді. Ал қарызды көркем түрде қайтарсаңыз дейді, мұсылманның абзалы боласыз дейді да. Көрдіңіздер ма?! Сондықтан, қарызды көркем түрде беруге, көркем түрде қайтаруға асығайық, ағайын, Аллаһ разы болсын баршыңызға, ағайын...»
Молда замандасының уағызын соңына дейін тыңдамай жүгіріп сыртқа шықты. Әрі қарай жүруге әлі келмей орамалын дал-дал етіп жұлмалап, мешіт қақпасына арқасын сүйеген беті отыра кетті. «Мен, жарайды, мұсылманның абзалы бола алмайды екем, сонда анау әр жерден сайтандай сап ете қалатын ажалсыз коммерсант кемпірге күн сайын сонша сауап жазылып жата ма? Оның қажетін өтеп бере алмаған маған, ертең қиямет күні құдайдың өзі мына менің қажетімнен табылмай ма?...»
«Алла разы болсын! Садақа қабыл болсын! Бала-шағаң қызығын көрің!»
Бетін жуған жастан көзі бұлдырап тұрса да сол сыған келіншекті қарлығыңқы дауысынан жазбай таныды. Ұшып тұрып жағасынан ала кетті...
– Қайдағы қызықты айтасың? Сен білемісің қыз күнімде қандай сұлу болғанымды? Міне, қара, әжім басқан маңдайымды, міне деймін. Күйеуім кезінде белден тұра алмай жатып қалмағанда анау келіншектердей жүрмес пе едім мен де... қанша жерге қарыз екенімді ше, оны білесің ба? Қарақалпақ коммерсант кемпірдің екі жүз мыңын төлеп тауыспай жаныма тыныштық жоқ. Каспий банк күнде хабарласады. Көке кз деген сайт бар, Займер деген сайт бар, Тенго деген бар, интернетпен береді, бәріне қарызбын мен, ұғасың ба? Күніне есектей он екі сағат жұмыс істесем де айлығымды қолыма тигізбей банк тартып алады. Бір тамшысын қондырмайды деймін қолыма. Менде қазір туыс-туған деген жоқ! Мені тек қарыз берген адамдар ғана іздейді, көршілерімнің көзіне түсуге қорқам, жұмыстағы кісілер мені көрсе теріс айналатын болған. Үйім кепілдікте тұр, менің үйім! Алтындарымның бәрі ломбардқа өтіп кеткен. Үйдегі ноутбук, әдемі телефон дегеннің бәрін беріп тындық. Ісім алға баспай жатыр деймін саған. Ал сен Алла разы болсын дейсің. Не деп разы болады ол маған? Саған қайдағы садақаны берем мен? Неге түсінбейсің?-деп зар қақсады.
«Ол сен емес! Ол сен емес!»
«Алло?!»
«Арзу Азаматқызы, сізге MoneyMan қарызға қаржы беру компаниясынан хабарласып тұрмыз, қарызыңызды қаш...»
Бұл жолы ұйқысынан шошып оянған жоқ. Қақпасын да ешкім дүрсілдетіп қақпапты. Ұйықтап жатқан күйеуі мен қызының көрпесін қымтап... «Аллаху акбар!»... телефонынан шығып тұрған нәшидін өшіріп қойды... «Аллаху...» нәшид емес, ән!
«Алла разы болсын!»
Құлағына қонып алған сол сыған келіншектің қарлығыңқы дауысынан қашудан да қажыған. Ауызы толы алтын тіс, қайта менен сол бақытты шығар деп ойлады.
«Алла разы болсын!»
Жоқ, түсі емес, өңіндегідей анық естіп тұр...
«Алла разы болсын!»
Үйінен шыға бере қақпасынан ішке қарай асыра лақтырылған қағаз буманы көзі шалды. Жүгіріп барып ашып қарап еді, қос уысқа сыймас қағаз ақша... Енді ол ажал періштесін емес, ажалсыз коммерсант кемпірді асыға күтті. Дереу қақпасын ашып қараса ешкім жоқ... сонадайда сол қолындағы талып ұйықтап жатқан баласын көтеріп кетіп бара жатқан сыған келіншекті ғана байқады.
«Алла разы болсын!» деді ішінен. Бірақ оны мұсылманның абзалы деуге ауызы бармай-ақ қойды.
Көрнекі сурет: Н. Самокиш "Шығыс базары"
Бөлісу: