Сөз түзейтін сөздік жарық көрді

Бөлісу:

06.09.2021 6139

"Сөзтүзер" қате қолданыстар сөздігі жарық көрді. Идея авторы – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев. Жоба жетекшісі – ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы.

Төменде өздеріңізге аталмыш кітаптың мән-маңызы туралы толымды ақпарат ұсынып отырмыз.

СӨЗ ТҮЗЕЙТІН СӨЗДІК

(Алғы сөз)

Тіл – ұлттың өзегі. Онда халқымыздың бүкіл бітім-болмысы көрініс тапқан. Бай әрі шұрайлы тіліміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, елімізбен бірге жасап келеді.

Шын мәнінде, тіл жанды ағза іспетті, ұдайы жаңарып отырады. Заман талабына сай жаңа сөздер қосылады, кейбірі көнеріп, сирек қолданыла бастайды. Бұл – заңды құбылыс.

Біз үшін ең бастысы – қастерлі тіліміздің ғасырлар бойы қалыптасып, уақыт сынынан сүрінбей өткен табиғатын бұзбай, одан әрі дамыта түсу.

Сауатты жазып, дұрыс сөйлей білетін халықтың тілі ғұмырлы болады. Сондай-ақ, кез-келген салада емін-еркін қолданылады.

Тәуелсіздік жылдарында ана тіліміздің өрісі кеңейе түсті. Білім мен ғылымның, интернет пен бизнестің тіліне айналды. Дегенмен, ақпараттық технологияның зардабын тигізетін тұстары да жоқ емес. Қазіргі жастар әдеби шығарма оқығаннан гөрі тіл мәдениетінің талаптары сақтала бермейтін әлеуметтік желіде отырғанды жөн көреді. Бұл өскелең ұрпақтың дұрыс жазып-сөйлей білу қабілетіне кері әсерін тигізуде.

Тіл тазалығын сақтау ісінде бұқаралық ақпарат құралдары ерекше рөл атқарады. Жұрттың бәрі тіл маманы емес. Журналистер қай сөзді немесе терминді қалай қолданса, көпшілік солай болуы керек деп қабылдайтыны жасырын емес. Сондықтан медиа саласы қызметкерлерінің сөз өнерін жетік меңгеруі аса маңызды.

Өкінішке қарай, ақпарат құралдарында сөздер мен тіркестерді орынсыз немесе қате қолдану фактілері жиі кездесуде. Бұл кемшілікті дер кезінде түзету – маңызды міндет. Осыған орай, арнайы сөздік жасалып, көпшілікке ұсынылып отыр.

Мұнда сөздерді қате қолданудың екі мыңнан астам нақты мысалы жинақталған. Оның бәрі – ақпарат құралдарынан өзіміз күнделікті көріп жүрген мысалдар. Сөздікте қате қолданыстардың туындау себебі айқындалып, дұрыс нұсқасы көрсетілген. Бұл еңбектің ерекшелігі мен практикалық құндылығы осында.

Осы сөздікті дайындаған білікті мамандарға ризашылығымды білдіремін. «Сөзтүзер» БАҚ саласы мамандарының ғана емес, қалың көпшіліктің де игілігіне айналады деп сенемін.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті

ДҰРЫС СӨЙЛЕУ – ҰЛТТЫҢ ӨРКЕНИЕТІ МЕН

МӘДЕНИЕТІН АЙҒАҚТАП ТҰРАТЫН ӨЛШЕМДЕР

Ұлттың ғасырлар бойы дамып, қалыпқа түскен әдеби тілді қоғамның ғылым-білім, ресми іскери, бұқаралық ақпарат құралдары, әдебиет пен өнер салаларында орнымен қолдану, тілдік норманы бұзбай сауатты жазу, дұрыс сөйлеу – ұлттың өркениеті мен мәдениетін айғақтап тұратын өлшемдер. Тәуелсіздік қазақ тілінің қолданыс аясының кеңейіп, қоғам өмірінің барлық саласында қолданылуына мүмкіндік берді. Қазақ тілінде білім беретін мектептер, орта және арнаулы білім беретін колледждер мен жоғары оқу орындарының саны еселеп өсті. Қазақ тілінде хабар тарататын радио-телеарналар мен газет-журналдар, оқулық, ғылыми әдебиеттер саны да кеңестік кезеңмен салыстырғанда едәуір артты.

Ал енді «Сан сапаға айналды ма?» деген мәселеге келсек, тілдің қолданыс аясының кеңеюі қазақ тілінде сөйлеу мен жазу мәдениетінің көтерілуіне тек оң ықпал етті деп біржақты жауап бере алмасымыз анық. Соңғы жылдары жазылған тілші-ғалымдардың, филолог мамандар зерттеулері, БАҚ пен заң тілі, оқулықтар мен ғылыми әдебиеттер тілін талдап-сараптауға арналған ғылыми, ғылыми-танымдық мақалалар соған дәлел бола алады. Тілдік норманың сақталуын қадағалап, сөз мәдениетінің деңгей-дәрежесін сараптап отыру – тіл мамандарының төл міндеті. Осы сөздік мамандардың кәсіби міндетін орындау мақсатында атқарған жұмысының нәтижесі. Сөздікті жасауға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазПҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің белгілі тілші ғалымдары мен редактор, аудармашы жас мамандар да қатысты.

Сөздікке енген қате қолданыстар елімізге кең тарайтын 55 республикалық бұқаралық ақпарат құралынан жиналды. Негізгі газеттер мен теле-радиоарналар, сайттар мен порталдар қамтылды деуге болады. Бұл сөздікке енген жаңсақ қолданыстардың алдымен БАҚ тілінен жиналуының да өзіндік себептері бар. Бұл ең алдымен, тілдік нормаға сай келмейтін қате қолданыстардың кейінгі жылдары БАҚ-тан, әсіресе, теле-радио мен сайт-порталдардан жиі көрініс беруімен де байланысты. Сондай-ақ ондай қателердің кең таралып, тілдік қолданысқа еніп кетуіне бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы өте күшті болатыны да есепке алынды. Сондықтан БАҚ-тың қоғамдық санаға айрықша әсер ететіні ескеріле отырып, осы саладағы тілдік кемшіліктерге бірінші кезекте назар аударту мақсаты көзделді. Тілдік нормадан ауытқу, сапасыз аударма салдарынан пайда болған калька атаулар мен тіркестер, емле мен стильдік қателер тек БАҚ тілінде ғана кездесіп қоймайды. Ондай олқылықтар өзге салаларда да жоқ емес. Ғылым, заң, ресми ісқағаз тілінде де қате қолданыстар бар. Оларды да жинап-теріп, сараптан өткізу, бұрысын түзетіп, дұрыс нұсқасын көрсету қажет. Сауаттылық деңгейін, жазу мәдениетін төмендетіп алмау үшін мұндай жұмыс үздіксіз жүргізіліп отыруға тиіс.

БАҚ тіліндегі қате қолданыстарды анықтап, олардың дұрыс нұсқасы көрсетілген мұндай сөздік түрі қазақ тілінде алғаш жарық көріп отыр. Бұл сөздіктің өзіндік ерекшеліктерінің бірі – реестрге тек дара тұлғалы сөздер ғана емес, күрделі атаулар, сөз тіркестері мен жекелеген сөйлемдердің де шығарылуы. Оған анықталған қателердің сипаты, әртүрлілігі себеп болды. Мәселен, сөздердің орын тәртібінің бұзылуын, тіркесімділік қабілетінің ескерілмеуін, стильдік қателерді, сөйлем құрылысының дұрыс болмауын көрсету үшін оларды сол қалпында беру қажеттілігі туындады.

Тілімізде сөздердің мағынасын ашып беретін түсіндірме сөздік, қатесіз жазылуын көрсететін орфографиялық сөздік, дұрыс айтылуын қамтамасыз ететін орфоэпиялық сөздік сияқты сөздік түрлері бар. Солар тұрғанда қате қолданыстар сөздігін неге жасап отырмыз? Мұндай сөздік жасауға қандай қажеттілік бар? Осы сұрақтарға жауап іздер болсақ, оған дәлел мен дерек ретінде мынаны айтуға болады. Біріншіден, бұл қазақ тілінде ғана жасалып отырған мүлде жаңа үлгідегі сөздік емес, бірқатар тілдерде мұндай сөздік түрі бар. Екіншіден, қазақ қоғамында ұзақ жылдар бойы екі тілдің, кейінгі жылдары үш тілдің қатар қолданылуына, көптілді білім берудің өріс алуына байланысты қазақ тілінің дыбыстық, лексикалық, синтаксистік жүйесіне кең тараған өзге тілдердің ықпалы өте күшті болып отыр. Соған сәйкес қазақтың төл дыбыстарын дұрыс айтпау, ұлт тіліндегі сөздердің мағынасын айқын ажырата алмау, басқа тілдердің сөздерін орынсыз қолдану, аудармаға негізделген, ұтымды жасалмаған калька тіркестер туғызу, сөздердің орын тәртібін сақтамау, сөйлем құрылымын бұзып өзге тілдің қалыбына салу деректері тым көбейіп кетті. Әсіресе, орыс тілінің ықпалы өте күшті екенін зерттеу нәтижелері анық көрсетіп отыр. Бұл құбылыстың қыр-сырына әлі де терең үңіліп, лингвистикалық, әлеуметтік, психологиялық тұрғыдан жан-жақты зерттеп, себеп-салдарын ғылыми тұрғыдан анықтау өте маңызды деп санаймыз. Үшіншіден, аталған қате түрлері әсіресе, БАҚ, әлеуметтік желі арқылы кең таралып, оларды қолдану қалыпты құбылысқа айналып барады. Сол себепті сөз мәдениетінің төмендеуіне жол бермей, тіл тазалығын сақтау үшін тілдегі қате қолданыстары жиып-теріп, олардың тілдік нормаға сәйкес дұрыс нұсқасын көрсету қажеттілігі туындап отыр. Осы қажеттілікті өтеуде «Сөзтүзер» тіл тұтынушыларына практикалық тұрғыдан нақты көмек көрсете алатын құрал, қате қолданыстардан арылуға септігі тиетін пайдалы сөздік болады деген сенімдеміз.

Шерубай Құрманбайұлы

ҚР ҰҒА академигі,

жоба жетекшісі

Бөлісу:

Көп оқылғандар