Таласбектің «Бір мәтіндік» теориясы

Бөлісу:

17.09.2021 5853

Таласбек Әсемқұлов сынды дегдар, әмбебап тұлғаның поэзия туралы көзқарасын білу қашан да қызық әрі қымбат. Уақытында оның мүмкіндігі болғанымен санамыз балаңдау болды. Оның үстіне ағаның ғұмыры келте қайрылар деп кім ойлаған? Мұқағалидың күнделігінде «Менің өмірім – басы бар, аяғы бар тұтас бір поэма» дейтініндей, Таласбек ағаның өмірі де кейде сырлы, жұмбақ, құпиясы қалың поэма-дастан сияқты елес береді. Өмірінің соңғы жылдары арнайы Мұқағалиға ат басын бұруы да тегін емес-ті. Балалық шағының кермек дәмі, жастық шағының тайғанақ кездері, өркендеу, кемелдену жолдары мен «Айрауықтың ащы күйіндей» зар шағы, ақыры Байжігіттің «Ағаш атындай» қайыру бермей қайқая шапқан беті, бәрі-бәрі күймен көмкерілген, зерлі сөзбен әспеттелген, асқақ, өжет, рухты өлең тектес емес пе?!

Жолай кездесулер мен әдепкі әңгіме үстінде айтқан пікірлерінен тыс, Таласбек Әсемқұловтың поэзия туралы хатқа түсіп, баспа бетінде жарық көрген бірнеше мақалалары бар. Оның бірі - Несіпбек Айтұлының атақты «Көкала үйрек» поэмасына жазған сыны. Ал екіншісі - ақын Ақберен Елгезек туралы «Талғам – эстетикалық ар-ұят» атты поэтикалық қуаты аса күшті мақаласы. Соңғы мақаласында Таласбек Әсемқұлов бүгінгі поэзия туралы, ескі мен жаңаның тайталасы һәм советтік сана қалыптастырған қасаң көркем ойлау жүйесі хақында оқыс, оқшау ойларын ортаға салады. Аталмыш жазбада Таласбектің күйшілік һәм ақындық аласұрған жаны атойлап тұрады. Және ол ғылыми стильдегі бұлтартпас терең пайымдарымен тұңғиыққа бастайды. Жастардың азат ойды қазық еткен шығармашылық ұстанымдарын жанын сала қорғайды. Бізде бүгін Таласбектің «Бір мәтіндік теориясы" деген ойдың ұшығын, Тәкеңнің эстетикалық ар-ұятына суарылған ойынан суыртпақтап шығарып отырмыз. Енді осы тақырыпты бірге талқылап көрелік.

Түптеп келгенде Тәкеңнің бұл теориясында біздің бүгінгі құрған қоғамымыз, жасаған мемлекеттік жүйеміз, ғұмырлық талғамымыз бен адамдық, азаматтық болмысымызға түскен дақ, ұрпақ жалғастығына түскен жегі құрт сынды ұласпалы мәселелердің толқыны жатыр. Әңгіменің сыртқы фабуласы ақындық, яки жаңа поэзияның өміршең мәселелері туралы болғанымен, ішкі қалтарысы жылқының қартасындай қатпар-қатпар, түпсанаға шөккен бүгінгі бітіміміз туралы екені хак. "Аталмыш жазбасында жаңа поэзияның басты міні – түсініксіздік", - дейді Тәкең. Бұл түсініксіздіктің де әртүрлі себептері бар, әдейі «бұлдыратып» жазған шығарманың түсінкісіздігі әдепкі көзге менмұндалап тұрады, бірақ көп есепте түсініксіздіктің бар кілтипаны оқырманда, оқырман ойының жалқаулығында дей келіп, ойын былай жалғастырады: «Оқырман-пенденің табиғатындағы бұл қасиет – оның соры да, бағы да. Бағы болатын себебі, адам оқи-оқи кейбір мәтіндерге адал болуды үйренеді. Бұндай мәтіндер уақыт өткен сайын бабы жетіле беретін шарап сияқты. Мәтін мен оқырман арасындағы күн сайын жетілген ықылас-пейіл ақыр соңында үлкен, ештеңеге айырбастамас сезімге айналады. Ал соры болатын себебі, оқырман-пенде бар рухани керегін бір ғана мәтіннен тапқаннан кейін, басқа дүниелерге, рухани құбылыстарға сырт беріп, назар аудармайтын болады».

Ғалым Таласбек Әсемқұловтың бұл жерде байыптап отырғаны - рухани кембағалдық, санадағы жалқаулық. Қалыптан шықпау, арнадан ауытқымау. Бір сарынды, бір мазмұнды тіршілікке көну. Адам санасының тұтқындалуы. Бұл тұтқындалу – жаратылыстың табиғи даму заңдылығынан туған кеп емес, қайта қоғамдық-саяси, әлеуметтік үдерістердің нәтижесінде адамның өз-өзіне байлануы. Адамның өз алдын өзі кесуі.

Алысқа бармай-ақ оны кейде күнделікті өмірден, дағдылы тіршіліктен де көре аласың. Уақытында әлеуметтанушылар мынандай қызық эксперимент жасаған. Қараңғы да кинотеатрдан тобымен шығып келе жатқан адамның бірі, қақпадан өте бере кенет шалшықтан аттағандай секірген бейне танытып өтеді. Ал, соңында ілесіп келе жатқан адамдардың бәрі осы әрекетті қайталайды. Бұл қарапайым ғана уақиға болғанымен, ойландырарлық құбылыс. Демек бұл кеп адамның аңдаусыз санасында да ұзақ уақыт бұғып жатып, заман өте келе, қоғамдық формациялардың жаңғыруына сай, өз дәуірінің болмысына сай үздіксіз жетіліп отырған ерекше құбылыс болуы да ғажап емес.

Кейде Таласбек Әсемқұлов тілге тиек етіп отырған санадағы «Бір мәтіндік» бейнені әлеуметтік өмір салтымыздан аңдауға да болады. Біздің тұрмыс-тіршілік дағдыларымыз, айналамыз, қоршаған ортамыз, тұрғын үйлеріміз, жай ғана тұтынудың құралы емес, белгілі мөлшерде танымдық түсінігіміздің де заттанған нұсқасы екені анық. Әсіресе өткен ғасырда салынған «хрущевкалар» мен жатақханалар, бір үлгіден айнымайтын зәулім ғимараттар – санадағы бірізділіктің тұрмыстағы көрінісіндей әсер береді. «Хрущевкаларда» тұтас совет халқының төрттен бірі тұрған. Қазірде еліміздің кез-келген қаласынан табуға болады. Бес қабатты, сұп-суық сұры бетонмен тысталып, анадайдан андағайлап тұрады. Бүкіл жерде бәрі бірдей. Планировкасы, квадратурасы, балконы да бірдей. Бір ұядан шыққан балапандар да бұндай ұқсас болмас. Тіршіліктегі бұндай ұқсатық, тұрғындардың ойлау формасында бір желінің бойына тоғытып жібереді. Бәрі де бір геометриялық формада ойлайды. Бірте-бірте бәрінің ойлау жүйесі тұрақтанып, бір-бірінен айнымайтын үш бұрышты ойлау жүйесіне көшеді (Геометрия ғылымында көп бұрыштылардың ішінде, үш бұрыштың тұрақтылығы ең күшті дейтін теорема бар). Философияда айтылатынындай барлық жұрт бір нәрсені ойласа, онда ешкімнің ештеңе ойламағаны дейтіндей кеп. Осы орайда, Тәкеңнің «Бір мәтіндік» ұғымын, әспеттеп «Хрущевкалық сана» десең де жарасымды. Өкініштісі, бұл күнде іргетасы еуропалық негізде қаланған, сырты әйнекпен тұмшаланған, іші заманауи технологиямен жабдықталған зәулім ғимараттардың өзінен «хрущевканың» елесін көргендей боласың. Өйткені, бізде көп нәрсенің сырт пішіні өзгергенімен, мазмұны баяғы қалпағын шешпегенін аңдау қиын емес. Бәрі үйлесімді, бәрі жарасымды. Бірақ, бір нәрсе жетіспей тұрады. Ол – Рух азаттығы. Жан бостандығы. Шын өнер қашанда жан азаттығынан өсіп шығатынын ұмыта береміз. Көшірмені қанша бояғаныңменен өз табиғатына тартпай тұрмайды.

Осы тұрғыдан келгенде «Бір мәтіндік» танымдағы адам, Чеховтың таңғажайып кейіпкерлеріне көбірек ұқсап кетеді. Жалпы орыс қоғамының қоясын Чеховтай қопарған жазушы сирек. Оның «Құндақтаулы адам» дейтін шедевр әңгімесі бар. Әңгіме гимназия мұғалімі Буркин мен мал дәрігері Иванның ортасында өрбиді. Олардың тілге тиек етіп отырғаны - Буркиннің жолдасы, грек тілінің мұғалімі Беликов. Беликов жылдың қай мезгілінде де, мейлі аспан ашық, күн ыстық болсын қолына қолшатырын ұстап, аяғына калошын іліп, үстіне мақтадан тысталған пальтосын киіп, өзін-өзі қымтап жүретін адам. Оның қолшатыры да, тіпті қаламсабы мен қарындаш ұштайтын пышағы да қаптаулы жүреді. Көзінде қара көзілдірік тағып, құлағын мақтамен тығындап ап жүретін Беликов арбакешке отыра қалса, арбаның күймесін түсіруді бірден әмір ететін. "Пальтосының екі жағасын көтеріп жүретіндіктен оның бет-ауызы да қаптаулы тұрғандай көрінетін еді, оның жатын төсегі де масахана сияқты шымылдықпен тұмшаланып тұратын еді", - деп суреттейді жазушы. Қысқасы Беликов - өзін айналадан, қоршаған ортасынан бөліп ұстайтын, ішіндегі үрейін сыртқы қамытымен қымтап ұстайтын, бүгінгі өмірден кірпідей жиырылып, үркектеп, қорқақтап, оғаш, оқшау жүретін құндақтаулы адам. Оның бұл мінезі тіпті ойы мен санасын да қымтап тұратын. Оның анық түсінетіні бұйрық хаттар, газетке шыққан тыйым салуға қатысты шағын хабарламалар, ал ондайды оқи қалса ол қия баспайтын. Айта берсең оның ергежейлі әрекеттері көп еді. Театр, кино залдары мен шайханалардан, велосипед мінген мұғалімдерден қарадай қауіптеніп: «Ақыры бір нәрсеге апарып соқпаса игі еді», - деп тұнжырап, өз-өзінен қуыстанып, қорқыныш құшағында жүретін ақылға сыймайтын, көңілге қонбайтын қораш адам еді. Сөйтіп жүргенде меңіреу провинцияда Варвара есімді қыз пайда болады да, оның ақыры Беликовтің үйлену мәселесіне ұласып кетеді. Бұл тосын жай Беликовті әбден састырады. Сөйтіп, «Үйленудің аяғы бір пәлеге ұшыратпаса игі еді», - деп жүргенде, болашақ жары Варвараның інісімен болған арадағы оқыс уақиғадан кейін, бар үміті күлге айналып Беликов бір ай бойына төсек тартып жатып қалады. Былай қарасаң елеусіз ғана дүние болғанымен, Беликов айналасынан өмірі бұндай соққы алмаған еді. Ақыры құндақтаулы төсегінде жан үзеді. "Беликовтің жандүниесіне сай сол күн жаңбырлы, бұлтты болды да, бәріміз жаназаға қолшатыр ұстап, калош киіп бардық", - деп жазады автор. Сөйтіп, өзін ғана емес тұтас провинцияны бұғауында 15 жыл ұстаған Беликовтің ақтық сапарынан қайтқан жұрт, бір-біріне сездірмесе де іштей бір жеңілдеп, өздерін еркін сезініп қалады. Бірақ бір апта өтпей өмір баяғыдай сүреңсіз, суық, сүркей әуеніне басады. Бұл бұйрық хатпен тыйылған өмір емес, бұрынғы әумесер қалыптағы өмірлері еді. "Беликовтер кеткенімен, әлі құндақтаулы қаншама адам тірі жүр", - деп аяқталады әңгіме. Әрине, Чехов сынаған орыс жаны әлі күнге дейін осы дертінен толық айыға қоймаған да шығар, бәлкім. Қайта «№6 палатасында» жазған Никитадай қаһарына мініп тұр. Әлемдік классиканың үздік туындысына жататын бұл әңгімелерден біздің қоғамымыз да алыс емес. Ғасырға жуық орыс орманының «құндағында» болған біздің ел үшін әлі де Беликовтердің дәурені жүріп тұр. Сондықтан да олардың ішкі «менін» толықтай ашып беру оңайға түспейді. Бір анығы: олар қашанда өздерінің «мені» үшін ғана өмір кешеді. Ондай санасы сырқау жанда біреудің құқығы, біреудің пікірі, біреудің көңілі, көзқарасы, сыны деген ұғымдар болған емес. Және олар аса өміршең, ерекше жанкешті келеді. Беликов өлгенімен, беликовизм басқа атпен, жаңаша қуатпен дүбірін жалғастырып, барлық салада ойранын сала береді. Осындай бір санаға булыққан, бір мәтінге байланған формадағы адамдар тізбегі арқылы, тұтас қоғамды, тұтас мемлекетті жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстап отыра алатын алапат аяусыз күш барын біз, ағылшын жазушысы Джордж Оруэллдің «1984» романынан толықтай сезіне аламыз. Бұл романды талқылау - әрине, бөлек жазбаның жүгі.

Таласбек Әсемқұловтың өнер сынына, әдебиет пен мәдениет хақындағы арткритикалық мақалаларының денінен біз, кейде ашық, кейде жабық сипатталатын «Бір мәтіндік» санадағы адамдардың психологиясын жиі ұшыратамыз. Әсіресе «Оқығам жоқ», «Сұлулықта ояну», «Василий Шукшиннің «қырқыншы синонимі» сияқты сойы бөлек жазбаларында, осындай «ергежейлі» адамдардың, қауымдардың дүниетанымы, олардың қалыптасу, даму барысы туралы өткір ойларын ортаға салады. Өйткені, ғалым Таласбек, күйші Таласбек, суреткер Таласбек адам ретінде де, тұлға ретінде де осындай «бір мәтіндік» жүйедегі адамдардан зәбір-жапаны көп көрген, қиянатын бір кісідей тартқан. Заманында Мұқағалиға «...Аспанда ай адасып өрісінен, Күн шықпай ұясында жатып алсын», - деп қарғыс айттырған да; Жұмекенге қазақта «бір тал» деген сөздің барын дәлелдеу үшін, басынан бір тал шашын жұлып алып, сауатсыз редакторының алдына тастатқан да, осындай өз болмысынан жиренген адамдардың тобы еді. Бұның бәрі адамның өз топырағынан айнуынан, іштегі нәрінің жұтылуынан келіп шығатын кемтар құбылыс.

Киелі кітаптарда да: «Әуелі сөз, содан кейін қалғаны...», - деп жазылған ғой. Сөз дегеніміз – мәтін, мәтін дегені – біз. Біз дегені – бар болғаны бір жұтым ғана дәнек сияқтымыз. Не суға батпаймыз, не отқа жанбаймыз, не ауаға сіңбейміз. Топырақ соңғы тиянағымыз болғанымен, мәңгілік өз-өзімізді жоқтап жүретін, өз-өзінен құтыла алмайтын бір ілкім күшпіз. Біз өз қолымызбен құрған қоғамдық үрдіс, бізді бір-бірімізге байланып өсуді, жымдасып өмір сүруді үйретті. Сол дағдыға бойұсынғанымыз, қоғамдасу қарқынының екпініне мұқтаж болғанымыз соншалық, біз бір-бірімізге жақындай бердік, үйлесімділік іздедік, соңыра, бір-бірімізге жіпсіз байланып бара жатқанымызды, бір-бірімізге айналып бара жатқанымызды бағамдай алмадық. Сондықтан да біз – жалғыздықтан, өз ішімізге үңілуден қорқатын мінез таптық. Сол қорқыныш біздің эгомызды барған сайын асқындырғанын байқамай, өзімізді бақылаудан шығарып алдық. Бұл эгоның соңы адамды бақытсыздыққа, өз-өзінен тұйықталып, жүрегінің жабылуына әкеліп соғады. Бұл «Бір мәтіндіктің» адам жан дүниесіндегі өзгеше бұлқынысы. Бұл туралы Т. Әсемқұлов «Абайдың жұмбағы» атты мақаласында ішкерлей айтып өтеді: «Өз-өзіңізге тұйықталғаныңыз сондай, күндердің күнінде күн мен айды, тұңғиық аспанды, жел менен жауынды да көрмейтін боласыз, дүниеден біржола қол үзесіз, тірідей көрге түсесіз. Және қайда жүрсеңіз де, өзіңіз тудырған көрлеріңіз өзіңізбен бірге жүреді. Бұл көрлер көзге көрінбегенімен – мәңгі жаныңызда». Әсемқұловтың бұл пайымы бізге мойынына тас байланған құс-бейнемізді елестетеді. Бізді қоршаған тор қаншалық кең болған сайын, ішкі әлеміміз соншалық тарылып бара жатқандай әсер қалдырады. Осы орайда М.М.Бахтиннің мына бір пікірі ойға оралады: «Адам өнерде бар болса, өмірде жоқ, және керісінше... Олардың арасында бірлік жоқ және тұлғалық тұтастық тұрғысынан, ішкі әлем, ішкі мағына жағынан өзара кірікпеген». Бұл екі танымды біріктіретін жауапкершілік сезім екенін автор өзі тілге тиек етеді. Өкінішке қарай, біз сөз етіп отырған «Бір мәтіндік» тұлғада жауапкершілік ұғымы болған емес. Ол өзінің бір ғана көзқарасының үстем орында тұрғанын қалайды және сол жолда ештеңеден тайынбайды. Өзгеше ойлайтын, өзге пікірде болған адамды ешуақытта қолдамайды, қайта, талап-таптап кетуге дайын тұрады. Оған өзінің бос шеңберінде сенің де айналып жүргенің ғана ұнайды. Оның топырағында өскен ақиқаттың гүлі бір ғана түсті. Ол гүлдің сыртқы ортадан қабылдайтын нәрі – шен-шекпен мен мадақ, дақпырт.

Жоғарыда «бір мәтіндік» танымды мойынына тас байлаған құсқа баладық. Еркіндікке әуес бұл құстытың мойнындағы тастың салмағы поэзияға, өнерге келіп тіреледі. Енді сол туралы бірер сөз. Алдымыздағы ағалардың бүгінгі поэзия туралы тым жалпылама және жастарға артық көпшік қоя сөйлейтін ғадеті бар. Бірде, бір ағамыз мінберден: "Бүгінгі артымыздан ерген жас толқынның поэзиясы, жай толқын емес алып цунами сияқты!" - деп салып еді. Болсын, қарсылығымыз жоқ. Бірақ сол ағамыз мақтаған жастардың жөнді бір жинағы қолға іліге қояр ма екен? Ол жастардың алды бүгіндері қырыққа тақады, арты жазуды қоя бастады. Физикада "бір қалыпты, түзу сызықты қозғалыс" деген жылдамдық өлшемі бар ғой. Бұл бүгінгі поэзияның да өлшеміндей. Қазақша айтсақ - бөкен желіс. Демек, «бір мәтіндік» жүйе әдебиетке де өз әмірін жүргізе бастады. Өйткені, өнер жеке тұрып өнер биігіне көтерілмесі, бәрібір иесі жасаған ортаның нәтижесінен алыстап кетпесі анық. Айталық, былай қарасаң, қазіргі поэзияда бәрі бар. Ой да бар, образ да бар, әуен мен ырғақ, ұйқас пен ой үйлесім тапқан. Бұрын да жақсы еді, қазір де жақсы. Бұрын да мықты еді, қазір де мықты. Бірақ, бәрі осы "бірақтан" шығады... Не жетпейді? Жаңа өріс, жаңа бейнелі тіл, жаңа кеңістік, жаңа атмосфера жетіспейді. Екі дәуірдің айқай-сүренін көрген классик ақындарымыз қазір өзін-өзі қайталауға көшті. Дұрысы: өзін-өзі мықтап қайталауға. Кей ақындарымыздың алғашқы жинағы мен соңғы шыққан жыр кітабының арасынан анау айтқандай ылғаусар өзгешелік көрмейсің. Көп жастарымыз алдыңғы буынның таптаурын сүрдегімен жүре бергенді жөн көретін сыңайлы. Жаңа соқпаққа бет бұрса бағыт-бағдарынан адасып қалардай құлазитын мінез тапқан. Дәстүр сабақтастығы деген - алдыңғылардың ізін өкшелей беру емес қой. Қайта, жаңа деңгейге көтеру болса керек-ті. Осыдан келіп, қазіргі қазақ әдебиеті десе көз алдыңа көлдің бетіндегі үрейлі тыныштық елестейді. Өкініштісі сол, бұл үрдістің тұтас бір әдеби кезеңге айналып бара жатқандығы. Мұндайда бізге жаңа түр, жаңа өрнек, жаңа стиль, жаңаша жасампаздық көмекке келері сөзсіз. Эстет сыншы Асқар Сүлейменов: «Жаңа форма, жаңа стилистика іздеу, рухани пластиканы меңгеру – бұлар өзі бағынбаудың энергиясы», - деп көрсетеді. Бұл ендігі әдебиетке келер қаламгердің құбыланамасы боларлық пайым. Өйткені, өнерге келген әр жаңа перезенттің бойында жасырынып жатқан жаңа күш, жаңа леп, жаңа мақам бар екені - қалыпты күй. Жаңа уақыт, жаңа кеңістікпен бірге жаңа өнер тудырушылардың да екпіні естіле бастады. Ендігі ниет - қазақ өнері байырғы бітіміне тән асаулығынан айнымаса, мінезсізденбесе деген үміт.

Біздің бүгінгі әдебиет – ары-берісін айтпағанда, отыз жылдан бергі қазақтың жанын, талғамын, болмысын, тағдырын ашып көрсете алмай келе жатқан әдебиет. Бүгінгі заманның, бүгінгі уақыттың, бүгінгі кейіпкердің тілін таппаған әдеби тілі өз алдына. Бәріміздің ішімізде «Бір мәтіндік» жүйеге байланған бір-бір құл отырғаны анық. Ол құлдықты мысқалдап болса да шығарып салу ләзім. Петр Чаадаев: «Құлдықтан қорынбаған халық шіріп өлсе – сауап» дейді. Өнер ықтай жалдаудан емес, қарсылықтан туатынын ұмытпаған жөн. Қарсылықтың отаны адамның ішкі рухынан түрегеледі. Блез Паскаль айтпақшы, түбінде бәріміз құлаймыз ғой, құлағасын биіктен құлаған жөн емес пе?! Сонымен, аз ғана оймыздың түйінін Таласбек ағаның өзіне бергенді жөн санадық. «Ескі сөзге, кертартпа ойға құрылған кітап – ұйқыңды ұзарта түсетін мылқау кітап. Ал жаңа сөзге құрылған жаңа кітап, ол – бес уақыт мұнарадан азан шақырып айқайлап, мұсылман әулетінінің иманына ұйқы бермейтін мәзін сияқты. Ұятыңды өртеп, дүниеде бұдан саналы адами өмірдің бар екенін айтып маза бермейтін кітап».

Бөлісу:

Көп оқылғандар