Айқын Нұрқатов - абайтанушы

Бөлісу:

19.09.2021 7157

Зерттеуші ғалымдар абайтанудың тарихын 1889 жылдан бастайды. Осы межеден бергі жүз отыз жылдан астам уақыт ішінде абайтану – қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен бір саласы болып қалыптасты. А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұбанов, Қ.Мұхамедханов, М.Сильченко, Ә.Жиреншиндерден бастап, абайтану ғылымның бүгінгі абыз ақсақалы М.Мырзахметұлы бастаған қазіргі кезең зерттеуші ғалымдарына дейінгі ұзақ жолы жатыр.

Абайтану ғылымының дамып өркендеу жолында өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының үлесі қомақты. Осы кезеңде абайтануға елеулі үлес қосқан әдебиеттанушы ғалымдардың бірі – Айқын Нұрқатов (1928-1965). Өзінің қысқа ғана ғұмырында соңына мол әдебиет сыны саласында өнімді еңбек етіп, мол мұра қалдырған Айқын Нұрқатов Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы «Абайдың ақындық әлемі» атты ғылыми зерттеу монографиясын жазды. Талантты ғалымның қапылыста өмірден ерте өтуіне байланысты толық нүктесі қойылмаған бұл жұмыс Айқын Нұрқатовтың филология ғылымдарының докторы ғылыми атағын қорғау жолында ізденіс жасап жүрген диссертациялық еңбегі еді.

Айқын Нұрқатовтың абайтану ғылымындағы шоқтығы биік еңбегі «Абайдың ақындық дәстүрі» монографиясы өзі өмірден өткен соң, 1966 жылы жарық көрді. «Абай творчествосының дәстүрлік және жаңашылдық сипаттары», «Абай тұсындағы ақындар», «Абай дәстүрлерінің арнасында», «Орыс реализмінің дәстүрлері және қазақ әдебиеті», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген көлемді тарауларда ғалым Абайдың ақындық дәстүрі турасында кешенді талдаулар жасап, тұщымды тұжырымдар ұсынды.

Айқын Нұрқатов абайтануға, Абайдың ақындық мұраларын зерттеуге бірден келген жоқ. Себебі ол бұған дейін Абайдың өмірі мен шығармашылығын қазақ халқының тұтас бір дәуірімен астастыра отырып «Абай жолы» атты роман-эпопея жазып шыққан қаламгер Мұхтар Әуезовтің шығармашылық әлемі туралы алғаш рет көлемді зерттеу – ғылыми очерк жазған болатын. 1957 жылы жазылған «Мұхтар Әуезов» атты шығармашылық очеркі ғылыми орта тарапынан лайықты бағаға ие болады. Бұдан соң шығармашылық очерктің мазмұны кеңейтіліп, 1958-жылы шыққан «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» академиялық жинағына Мұхтар Әуезов туралы тарау болып енгізіледі. Айқын Нұрқатовтың бұл шығармашылық очеркі Мұхтар Әуезов шығармашылығына кеңінен тоқтала отырып талдау жасалған салмақты еңбек болды. Мектеп оқушылары, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында білім алушылар Мұхтар Әуезов шығармашылығын талдауда ұзақ жылдар бойы «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» еңбегіне сүйеніп келді.

Мұхтар Әуезов пен Абай Құнанбайұлы шығармашылығы – бірін-бірі толықтырып тұратын егіз ұғым. Осы тұрғыдан да болар, сыншы ғалым Айқын Нұрқатов Мұхтар Әуезовтің қазақ әдебиетіндегі орнын, әкелген жаңалығын т.б. егжей-тегжейлі зерттеген еңбегін аяқтаған соң, Абайдың шығармашылық әлемі туралы көлемді еңбек жазуға кіріскенін көреміз. Ғалымның бұл еңбегі – «Абайдың ақындық дәстүрі» атты монография. Жоғарыда атап өткеніміздей Абайдың өмірі мен шығармашылығы қазақ әдебиетінде, мектеп оқулығында М.Әуезов бастаған қайраткерлердің арқасында қалдырылғанымен, ұлы ойшылдың ақындық әлемін тым тар аяда, пролетариаттық сарында қарастыру, осы тұрғыдан талдап таныту толықтай билік құрып тұрған еді. Міне, осы кезеңде қазақтың бас ақынының өмірі мен шығармашылығын зерттеп зерделеудегі қасаңдық пен жалтақтықтан сәл де болса арыла отырып, Абайдың сан қырлы тұлғасын байсалды түрде жаңа сатыға көтеру қажет болатын. Айқын Абай шығармашылығын, ақындық дәстүрін лайықты деңгейде, биік ауқымда ала отырып зерттеуді мақсат етіп қойғаны анық. Абайды таныту – қазақ халқын, ол халықтың сан ғасырлық тарихын, әдебиеті мен мәдениетін таныту еді.

Кеңес Одағы атты алып мемлекет пен оның ықпалындағы жарты әлемді үрейге бөктіріп басқарған Бас көсем И.В.Сталин өмірден өткен соң коммунистік жүйеде біртіндеп жылымық орнаған болатын. Тарихтың шаңына көмілуге тиісті деп танылған ұлттық құндылықтар біртіндеп орала бастаумен қатар, сталиндік дәуірде танымдық тұрғыда тым тар аяда қалып келген белгілі тұлғаларды зерттеп, насихаттаудың көкжиегі кеңейе түсті. Бұл – Абайдың тарихи, әдеби шығармашыл тұлғасына да қатысты болатын.

Көзге қамшы тигендей жасқана жасып, отызыншы, қырқыншы жылдары ұлтының сорпа бетіне шығар белді тұлғаларынан түгелге жуық айырылып қалған қалған халықтың қаламгерлері мен зерттеушілері үшін «қазақ» деген атауды биіктете отырып жазудың өзі оңайға соғып жатпаған кез. Сондықтан да болар, олардың барлығында дерлік «аға халықты» алға сала сөйлеп, мәтелдеп алатын үрдіс барлығы байқалады. Айқын Нұрқатовтың да өз зерттеу еңбегінің эпиграфы етіп орыстың белгілі сыншысы В.Г.Белинскийдің: «Пушкин туралы жазу – тұтас орыс әдебиеті туралы жазу деген сөз», - деген сөзін алып отыруы бекер емес.

«Абайдың ақындық дәстүрі» монографиясын жазу арқылы А.Нұрқатов Абайдың ақын, ойшыл философ болып қалыптасуына ықпал еткен мектептер мен оның өз айналасындағы шәкірттері т.б. мәселелерде өзіне дейінгі сыншы, зерттеушілерде қалыптасып үлгерген әсіресақтықтан, жүрек шайлықтырған үрейден туындаған жұтаңдық деңгейінен анағұрлым ілгерілеп бара алғандығын атап өткен жөн. Абайдың Абай болып қалыптасуына халық ауыз әдебиетінің, қазақ жеріндегі алдыңғы өмір сүрген ақындардың, еуропалық және ресейлік әдебиеттің ықпалы бар екенін дәлелдейді. Сөйтіп Абайдың ақындық дәстүр-жолын ұстанып шығармашылықпен шұғылданған ақындарды атай келе олардың өмірі мен туындыларына тоқталады.

Ғалым Абайдың ақын шәкірттері турасындағы тізімді қазіргі күндегідей ұзарта алмаса да, қазақ халқының ұлттық санасы оянуына өлшеусіз үлес қосқан және Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы қатарлы Алаш арыстары белсенді қызмет атқарған «Айқап» қоғамдық-саяси, әдеби журналы турасында мынадай пікір білдіреді: «Сондай-ақ қазақ тілінде «Айқап» журналының, көптеген қазақ газеттердің шығып тұруы да сол кездегі әдеби қозғалысқа, шығармашылық процеске айрықша әсер етті. Бұл әсер жазба әдебиеттегі реалистік дәстүрлердің тереңдей түскендігінен және көркем әдебиеттің сол кездегі өмір шындығын, әлеуметтік сілкінулер мен соларға байланысты туған өзгерістерді барған сайын молырақ қамтығандығынан анық көрінеді».

Бас ақынның демократтық-ағартушылық дәстүрі өзінен кейінгі кезеңде қазақ әдебиетінде қалай көрініс тапты деген мәселегі баса назар аударған Айқын Нұрқатовтың ғылыми-әдістемелік тұжырымдамасы қалай болғанда да Абайдың ақындық әлемін зерттеуді жаңа сатыға көтеруі тиіс болды. Ол ең әуелі Абай шығармашылығының дәстүрлік, жаңашылдық сипаттары неде деген сұраққа жауап іздейді. Осы арқылы Абайдың Абай болуына игі әсер еткен, шығармашыл тұлғалық қалыптасуына ықпал жасаған орта туралы қалыптасқан стереотиптерді бұзады. Сонымен бірге Абайдың ақындық жолын ұстанушы ақындардың тобын молайтты. Шын мәнінде өткен ғасырдың 50 жылдары соңына дейін Абайдың ақындық дәстүрін игеріп дамытушылар қатарында өз балалары Ақылбай мен Мағауия, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев, Мұхамеджан Серәлин қатарлы бірнеше ақындар ғана аталатын еді. Абай шығармашылығындағы реалистік сарынды әр жанрда дамыту тұрғысындағы өз пікір, болжамдарын айтады. Сонымен бірге Абайдың үлгісінде орыс әдебиетінен аудармалар жасаған ақын-жазушыларды шолып өтеді. Абайдың өлең өріміндегі дәстүрі қазақ әдебиетіне тән көріністерге тоқталады. Айқын Нұрқатовтың мұндағы бір айтқан пікірі: Абайдың анық та айқын нұсқасы өзге қазақ ақындарына адастырмас бағыт, жаңылдырмас үлгі бола отырып, олардың әрқайсының өзіндік өрнек тауып, ақындық стиль қалыптастыруына бөгет болмағандығын атап көрсетеді: «Мысалы, сатирик Абайдың дәстүрі Сұлтанмахмұттың да, Сәбит Дөнентаевтың да поэзиясына мол дарыды. Олардың сатиралық поэзиясында орын тепкен негізгі тенденцияда, әлеуметтік бағытта көптеген ортақ, ұқсас жайттар бар. Сонымен бірге олардың стиліндегі, ақындық тәсілдеріндегі өзіндік ерекшеліктерді ешкім де жоққа шығара алмайды».

Зерттеу еңбегінің кіріспе тарауында Айқын Нұрқатов Абайды ақын ретінде қалыптастырған ортаның тарихи-әлеуметтік жағдайын ашып көрсетеді. Ақын және оның өмір сүрген дәуірі туралы зерттеуші өзі өмір сүрген кезеңнің сұраныс-талабы тұрғысында тоқталып өтеді. Өз дәуірінен оза туған феномендік тұлғасын зерттеуші Абайдың жасынан айнымас шығармашылық бағыт-бағдар ұстанғандығымен, халық ауыз әдебиеті мен өз алдындағы ақын-жыраулар шығармашылығынан, одан кейінгі дәуірде орыс-еуропалық әдебиеттің тұнық та терең арнасынан нәр алғандығымен түсіндіреді. «Тегінде, Абайдың ақындығындай ақындық қуаты Абайдан бұрынғы ақындарда да болуға мүмкін. Олардың бірталайы тіпті атсыз ақын боп та өткен болар. Сондай ақындардың ғана санасымен таптық тұрғысында, мәдениеттік дәрежесінде қалса, Абай классик Абай болмас еді. Өзінен бұрын жүз ақын болса, жүз бірінші, мың ақын өткен болса мың бірінші болар да қалар ма еді, әлде қайтер еді!», - деген тұжырымдағы таптық сипат бүгінгі күннің көзімен күн тәртібінен түскен мәселе дегенімізбен, мәдениеттік тұрғыда ілгерілеушілік – Абайды Абай еткен деген ойымен толық келісеміз.

Абайдың ақындық әлеміндегі ол нәр алған негізгі қайнар бастау – әрине қазақ халқының ежелден бері ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізіліп келген фольклоры екендігі сөзсіз. Алайда коммунистік тапшыл әдебиет талаптары мұны алдыңғы орынға қоюды кешірмейтін еді. Сондықтан да зерттеуші ғалым бұл жерде де орыс ғалымдарының пікірін алға тарта отырып фольклордың басым рөлін көрсетіп береді: «Белинскийдің пікірі бойынша, кей елде әдебиет халық поэзиясының қайнар көзінен өсіп шығады. Ал көп елдерде әдебиет форма мен көркемдік әдісті басқа жұрттардың әдебиетінен алады. Қазақ халқының ауыз әдебиеті, әсіресе поэзиясы ежелден бар екендігі мағлұм. Оны байыта, молықтыра түсуге тарихта аты-жөні белгілі ақын-жазушылар да аса зор үлес қосты». Бұл – әр сөйлем мен сөздің астарынан ұлтшылдықтың бояуын іздейтін қырағы қырғилардың алдын орау, сақтану әдісі екендігі айқын.

Расымен де халық ауыз әдебиеті – Абай нәр алған ең қуатты бастау көз екені анық. «Мен қалай ақынмын деп айта аламын, ... күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын», - деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандайын, Абайдың да қазақтың ертеден бері келе жатқан ауызекі айтылымында, халықтық поэзиясында молынан көрініс табушы сөз маржанын асырып әсірелеместен лайықты әрлеп, өңдеп, түрлендіре отырып ұсынғандығын атап көрсетеді: «Барлай қарасақ, Абайдың халық поэзиясымен байланысы біз ойлап жүргеннен әлдеқайда терең, әлдеқайда күрделі екенін байқауға болар еді. Өйткені, ондай белгілер мен мұндалап көзге шыққан сүйелдей болып тұрған жоқ, тереңде жатыр. Абайда эпигондықтың ұшқыны да жоқ. Халық поэзиясынан алған образдар мен суреттерді, бейнелі сөз айшықтарын Абай жалаң күйде ұсына салмайды, өзінің творчестволық көрігінен өткізеді, шыңдап шығарады, кемел көркемдік дәрежеге жеткізеді». Абайдың халық ауыз әдебиетінен сусындап өскенін, Дулат Бабатайұлы қатарлы өзі үлгі тұтқан алдыңғы буын таланттар болғанын баса көрсетуге болмайтын заман еді.

Айқын Нұрқатов өз еңбегінде Абайдың реалист шығармашыл тұлғасын, оның өмірлік мақсұтын өз туындыларындағы мазмұн мен идея арқылы барынша ашып көрсетуге тырысқанын көреміз: «Кемеңгер Абай өзіне дәуір артқан, тарих жүктеген міндеттің ұлан-ғайыр кеңдігін де, мән-маңызын да мейлінше терең түсінген. Ол өзінің асқақ идеяға толы, асқан көркем шығармаларын ермек іздеп, еріккендіктен жазған жоқ, зор әлеуметтік мақсұт көздеп жазды. Аса қуатты ақындық таланты, классикалық әдебиеттердің тәжірибесіне иек артуы, уақыт рухын, тарих тамырының соғысын қалтқысыз сезінуі оның сол мақсатына жетуіне мүмкіндік берді», - деп жазады Абайдың шығармашылық кредосы хақында.

Айқын Нұрқатов өз зерттеуін Абайдың ақындық әлемімен ғана шектеп қоймаған. Пайымдаулар мен тұжырымдаулар жасау барысында Абайдың қара сөздеріне де жиі-жиі соғып, поэзиясымен үндестікте алып отырғанын көреміз: «Өз шығармаларында мақал-мәтелдерді көп қолдануы, кәдеге жаратуы және сол жайында ой-пікір айтуы Абайдың ауыз әдебиетіне айрықша зер салғанын, теориялық тоқтамға келмек болғанын көрсетеді. Бұған оның «Бесінші сөз» бен «Жиырма тоғызыншы сөзді» осы мәселеге арнауы анық дәлел», - деп атап көрсетеді ғалым.

Сыншы ғалым Айқын Нұрқатов Абай поэзиясына кеңінен тоқтала отырып, өлеңдерінің идеясы мен мазмұнына, құрылысына талдау жасайды. Лирикалық поэзияның табиғатына мән бере отырып, жалпы мазмұнға ақынның қатыстылығы мәселесін көтереді. Абай поэзиясында жылымшы дифирамб, майда тілді ода атымен жоқтығын атай келе Айқын Нұрқатов Абай поэзиясындағы дидактизм мәселесіне қатысты мынадай тұжырым жасайды: «Абайдың лирикалық поэзиясында дидактизм мол. Бұл – қазақтың классикалық ақыны поэзиясының айрықша бір ерекшелігі. Кейбір зерттеушілер мұның түп төркінін Абайдың Шығыс поэзиясымен жақындығынан іздейді. Мұнда дәйекті негіз жоқ. Абай поэзиясындағы дидактикалық сарындар оның халық поэзиясымен етене байланыстылығынан және ағартушылық сарынынан келіп туады. Оның халықты ояту, елді өнер-білімге бастау, соған жар салып үндеу тақырыптарына арналған өлеңдерінің бірталайы осы ерекшелікті жақсы танытады». Абай шығармашылығындағы, әсіресе, поэмалары мен көптеген өлеңдерінде ұшырасатын дидактикалық сарынға Шығыс поэзиясының әсері болуы әбден мүмкін. Олай қарастырған абайтанушы зерттеушілер де бар. Бірақ Айқын Нұрқатовтың оларды теріске шығаруын ғалымның өзіндік ұстанымы деуге болады.

Ғалым Айқын Нұрқатовтың зерттеу барысында Абайдың ішкі парасат әлеміне барынша үңілуге тырысқанын аңғарамыз. Абайдың ақындық өресінің биікті, поэзияны өнер, яғни эстетикалық жарасым бірлігі деп түсінгендігі турасында мынадай тұжырым жасайды: «Абайдың көркемдік форма саласындағы жаңашылдық ізденістері жайында сөз болғанда әрдайым есте, ұстайтын бір ақиқат жай бар. Ол – Абайдың форма үшін форма іздемегендігі. Жалпы поэзияны еріккеннің ермегі деп білуге жан-тәнімен қарсы болған Абай көркемдік формаға байланысты ізденістерге де қажет болғандықтан, саналы түрде ден қойды. Сөйтіп, Абайдың «өңкей келісімге» толы, «теп тегіс, жұмыр», яғни мінсіз форма үшін күресі оның реалистік жаңа әдебиет жасау жолындағы күресінің бөлінбес, ажырамас бір саласы болды».

Қазақ әдебиеті тарихында «Кітаби ақындар» шоғыры бар. Бұл шоғыр шығармашылығының негізі тақырыбы – діни мазмұндағы шығыстық-исламдық қисса-дастандар. Бұл бағыттың да таралуына өзіндік дәуірлік себептер болды. Қазақ поэзиясының ХХ ғасыр басындағы даму жолындағы бір бағыт болушы кітаби ақындар мен оларға Абайдың шығармашылық тұрғыдағы көзқарасы туралы Айқын Нұрқатов былайша пікір өрбітеді: «Өткен ғасырда және жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде қазақ арасында Шығыстың классикалық әдебиеттерінің үлгілерімен бірге сопылық, мистикалық сарындағы шығармалар да қоса таралды. Қазақтың бірталай ақындары сол ауысып келген тақырыптарды қайталап жырлап, өз тараптарынан да хикаялар шығарып жүрді. Қазақтың ұлы ғалымы, тұңғыш ағартушысы Шоқан сияқты, кемеңгер Абай да осындай «поэзияның» таралуына барынша қарсы болды, ондай «үлгіге» өзі де әсте қадам баспады», - деп атап көрсетеді. Ғалымның бұл пікірімен көп жағдайда келісуге болады деп білеміз. Себебі, дәл осы айтылған кезеңде қазақ арасына патша үкіметі указной моллалар арқылы дендеп енуді көздеген саясат жүргізгені белгілі. Қазақ тілінің әбден қойратпақталған кезеңі болатын. Айқын Нұрқатов Абайдың осындай келеңсіздікке қарсылық көзқарасы ретінде мына өлеңді ұсынады:

Сөз айттым, «Әзірет Әлі, айдаһарсыз»,

Мұнда жоқ «алтын иек, сары ала қыз.

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз, -

деген шумақта терең мағына барын аңдата келе ғалым Абайдың кітаби ақындардың тіліне қатысты ұстанымы мынау еді дегенді айқындап береді: «Абай діни аңыздардың кейіпкерлерін, шындықтан шалғай адам бейнелерін жырлауға ғана емес, жалпы өлім жырын, о дүние жырын жырлауға қарсы. Адамның ең бір қартайған, қалжыраған шағы – кәрілік жайлы жырлағанда да адамды түңілтерлік, оның рухын шаршатып, жігерін жасытарлық сарындарға бармау керек. Адамды, оның өмірін мадақтаған, бүкіл шығармашылығын сондай ұлы мақсатқа арнаған кемеңгер Абай өз поэзиясының оптимистік сипатын осы тұста да ақын танытады», - деген тұжырым жасайды. Расында да, ғалымның бұл пікірімен толықтай келісуге болады. «Қисасул әнбие» қатарлы, ислам діні пайғамбарлары мен әулиелерін туралы діни дастандар ежелден бері түркілік, қазақ әдебиетінде бар. Алайда, адамзат баласы ғылым мен білімге, жаңашылдыққа ұмтылып жатқан заманда діни-мистикалық сарындағы көне туындыларға басымдық беріп, сонымен бірге мынау пәниді бес күндік баянсыз жалған дей отырып, бақилық ғұмырды мадақтау, адамды бұл өмірден баз кештіруге тырысудың дұрыс еместігін дәл қазіргі қоғамдағы ахуал анық көрсетіп отыр. Демек, Абай да, Абай шығармашылығын тәпсірлеуші Айқын Нұрқатов та бұл жерде дұрыс бағыт-бағдарда екендігі анық болмақ.

Айқын Нұрқатов Абайды ескі мен жаңаның ара жігін ажыратушы феномен тұлға деп бағалағандығы анық. Абай шығармашылығының ұлылығына, халқымыздың бүкіл өміріне рухани азық боларлық қуатына сенеді. Бұл жөнінде белгілі әдебиеттанушы Мүслім Базарбаев мынадай естелік қалдырған екен: «1962 жылы сыйлаған «Идея және образ» деген кітабында «Жаңа жылдың басшысы Мүсекеңе. Інілік ізетпен. «Автор» деп жазыпты. Абайдың: «Жаңа жылдың басшысы ол, мен ескінің арты едім» дегенінен алған бұл сөздерді қайталап, Айқынның өзіне әбден айтуға тиіспін: жаңа, өнерпаз, ынталы буынның басы еді Айқын, оның қостаушылары да, қолдаушылары да көп болды, аз өмірінің ішінде мол еңбек еткен талапкер болып есімізде қалды. Сөзіміздің басында айтқандай, Айқын Абай поэзиясының мән-жайын мұқият зерттеп, ақындық өнер жайында пайымды кітап қалдырған маман. Абай поэзиясы, оның ақындық өнері жайында кейін мұндай арнаулы еңбек жазылған жоқ».

Абайдың ақындық әлемі туралы талдау еңбегінің «Абай шығармашылығының дәстүрлік және жаңашылдық сипаттары» атты бөлімін Айқын Нұрқатовтың Абай өмірі мен шығармашылығына жалпы шолу сипатындағы кіріспе деуге болады. Аталған бөлімде Абай тұлғасының қалыптасуына әсер еткен бастаулар мен Абайдың қазақ әдебиетіне енгізген жаңашылдығы туралы молынан тоқталып, талдаулар жасайды: «Қазақ поэзиясының түр, ұйқас, ырғақ және өлшем жағынан енгізген ұлан-асыр жаңалықтарын айтпағанның өзінде Абай қазақтың қарапайым халық тілі арқылы адамның көңіл-күйі мен сыр-сезімдерінің алуан түрлі реңктері мен қайталанбас сәттерін бар бояуымен, бусанып тұрған шындығымен бейнелеуге, жеткізіп суреттеуге болатындығын көрсетті. Тұтастай алғанда оның поэзиясы – нағыз «сөз патшасы», «тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісім», өзгеше көркем, өзіне ғана тән хас қасиеттері бар, мол сырлы дүние», - деп аталған бөлімді қорытындылайды.

«Абай тұсындағы ақындар» атты бөлімде өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ортасына дейін атын атауға мүмкін болған Абай шәкірттерінің шығармашылығына тоқталады. Мұнда олардың туындысындағы Абай поэзиясымен мазмұн, форма жағынан ұқсастық қырларын анық ашып көрсетеді. Мысалы, Абайдың ақын шәкірттерінің бірі Әріп Тәңірбергенов шығармашылығына тоқтала отырып, оның өлеңдеріндегі Абай поэзиясына тән сыншыл реализмді ашып көрсетеді.

Абайдың сыншыл реализмі сарыны Әріп Тәңірбергенов шығармашылығында анық аңғарылатындығын айта келе, Айқын Нұрқатов мұны заманға сай саналық өсу, дәстүрді игеру деп бағалайды. Сыншы ғалым Әріп Тәңірбергеновтің мына бір өлеңін мысал ретінде алады:

Күн ұзын ел қыдырып сүмең қағып,

Өтірік пен өсекке судай ағып.

Екі табақ ет жесең, еліресің,

Жерден алтын тапқандай масаттанып.

Терлеп еңбек істерлік біреуің жоқ,

Бар әдетің – бос жүрген пәле бағып...

Бұл – расымен Абай өлеңдеріндегі ел аралаған «тамағы тоқ, жұмысы жоқ, қу атанбаққа «талаптанып» жүрген пысықтардың айна қатесіз бейнесі екендігіне талас бар ма?

Ақйын Нұрқатов Абайдың ақындық дәстүрін игерген шәкірттерінің поэма жанрындағы жаңашылдықтарын да Абай поэмаларымен үйлестіре отырып талдайды. Әсет, Әріп, Мағауия, Ақылбай т.б. поэма жазушы ақындардың бәріне тән ортақ сипат – романтикалық поэма дәстүрін қазақ әдебиетніде орнықтыруы деген ой айтады. Ғалымның: «Пушкин мен Лермонтовтан және Абайдан үйрене отырып аталған ақындар қазақ поэзиясына тың бағыт – романтизм бағытын енгізді. Сол арқылы олар қазақ поэзиясында Абай негізін қалаған реализм әдісін жаңғырта, байыта, түрлендіре түсті», - деген пікірін өз дәуірінің ығына жығыла отырып жазылған маневр десек те болады. Дегенмен, Абайдан бастап қазақтың кейінгі ақын-жазушыларының Пушкин, Лермонтовтан үйренбеді деп айта алмаймыз да анық қой.

«Абай дәстүрінің арнасында» атты бөлімде ғалым Абайдан кейінгі дәуірде, ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев т.б. қазақ ақындарының шығармаларын талдай отырып, олардың туындыларындағы Абай дәстүрінің ықпалын айқындайды. Абай және оның ақындық үлгісі турасында ХХ ғасырдың басында айтылған ой-пікір, тұжырымдарды молынан келтіреді. Айта кетерлігі: Абай шығармашылығын алғаш жарыққа шығарған, оны жинақтаған, ол туралы өз пікірлерін білдірген Алаш қайраткерлері туралы аталған бөлімде көрсетілетіндігі. Айқын Нұрқатовтың осы еңбекті жазу барысында «Қазақ» газеті т.б. дереккөздермен танысқандығы байқалады. Мысалы, Абайдың тұлғасын қадірлеп тануға қатысты Міржақып Дулатұлының «Қазақ» газетінде басылған мына бір пікірін келтіреді: «Абай сынды ақынның қадірін білмеу – қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге жарайды. Себебі қазақ басқа жұртпен үзеңгі қағысып, тең халық болып жасай алмауы тарихи әдебиет жоқтықтан. Тарихи әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады». Бұл – өмірдің өзінен алынған және дәлелденген ащы шындығы еді. Айқын Нұрқатовтың «Қазақ» газетіндегі Алаш арыстарының осындай ащы шындыққа құрылған мақалаларын оқи отырып, оларды іштей мойындағанына еш күмән жоқ. Бірақ, заман басқа, сұраныс пен тапсырыс басқа еді.

«Орыс реализмінің дәстүрлері және қазақ әдебиеті» атты бөлімде орыс әдебиетіндегі реализм дәстүрі, Абай дәуіріндегі орыс әдебиеті, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және орыс әдебиеті қатарлы мәселелерге қатысты ой-пікірлер білдіреді. «Еуропа әдебиетінің даму тарихында біздің әдебиетіміз ғажайып құбылыс болып табылады. ...Ресейдегі сияқты, жүз жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде ұлы есімдердің осыншалықты айқын шоғырының тууы ешқайда болған емес, азапкер-жазушылар тек бізде ғана осыншама мол болды. Біздің әдебиетіміз – біздің мақтанышымыз... Орыс әдебиетінің маңызын бүкіл әлем таныды, оның сұлулығы мен қуатына таңырқай таң қалды», - деген А.М.Горькийдің сөзін келтіре отырып, қазақтың реалистік әдебиеті қалыптасуына Крылов пен Ломоносов, Пушкин мен Лермонтов, Гоголь мен Салтыков-Щедрин, Белинский мен Герцен, Чернышевский мен Добролюбов, Некрасов пен Тургенев, Тостой мен Чехов тәрізді орыс әдебиетінің ірі тұлғаларының еңбектері аса зор ықпал-өнеге болғанын, Абай шығармашылығында бұл анық байқалатынын пайымдай отырып, нақты мысалдар арқылы дәйектейді. Осы тұрғыда Айқын Нұрқатов Абай мен орыс әдебиеті арасындағы байланыс турасындағы академик Мұхтар Әуезовтің мына пікірін келтіреді: «Абай қазақ өмірінің негізінде өз кезіндегі жатып ішер жалқаулар мен масылдардың, ақымақтардың сатиралық жағынан барынша толық, типтік образдарын жасады. Абайдың жазғандарын оқи отырып, «Ташкенттік мырзаларды» және Салтыков-Щедриннің өлмес-өшпес шығармаларында суреттелген басқа да барлық аярларды, парақор шенеуніктерді еске алмау мүмкін емес». Абайдың ақындық өрісінің шарықтап кеңеюіне орыс әдебиетінің тигізген игі ықпалын жоққа шығаруға ешқашан болмайды. Айқын Нұрқатов Абайдың классикалық орыс әдебиетімен шығармашылық байланысының терең бір тамыры – ол жасаған үздік әрі көркем де шыншыл аудармалар екендігін де атап өтеді.

Осылай қарастыра келе, Абайдың орыс ақындарынан аудару шеберлігіне көптеген мысалдар келтіреді. Абай дәстүрінде аударма жасаушылар орыс ақындары поэзиясын үлгі тұта отырып сарындас шығарма тудырушы қазақ туындыгерлері Шәңгерей Бөкеев, Бернияз Күлеев, Спандияр Күлеев, Бекет Өтетілеуов, Сұлтанмахмұт Торайғыровтардың шығармашылығына талдау жасайды.

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты бөлімде Абай өлеңдерінің қазақ поэзиясын барынша есейтіп, әсіре романтика, жалаң дидактикадан, артық боямадан арылтып, шынайылыққа бет бұрғызғаны турасындағы ой-пікрілерін нақты мысалдармен тұжырымдайды. Айқын Нұрқатов Абайдың поэзиға деген ұстанымы туралы былай деп қорытындылайды: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы». Абайдың ақындық кредосы, поэзиялық және философиялық тезисі осындай. Мұнда Абай тек поэзияны ғана емес, жалпы сөз өнерін, көркем әдебиетті айтып отыр. Барлай қарасақ, Абайдың меңзеп отырғаны – жалпы әдебиет атаулы емес, реалистік әдебиет. «Сөз сарасы» деу арқылы ол поэзиядағы айқындылықты, реализмді бәрінен жоғары қоятындығын көрсетеді».

Айқын Нұрқатовтың «Абайдың ақындық дәстүрі» еңбегі абайтану ғылымы белесіндегі елеулі еңбектің бірі ретінде қала бермек. Иә, ол заманда Абайдың өзіне үлгі тұтқан айтулы шығармашылық иесі Дулат Бабатайұлы, соңынан ерген мұраттас інісі Шәкәрім Құдайбердіұлы, қазақтың бас ақынының шығармашылығын шынайы биікке көтере зерттеудің негізін салушы Әлихан Бөкейханұлы бастаған Алаш арыстарының есімдерін атауға болмайтын еді. Сондықтан да коммунистік кезеңдегі абайтану ғылымы бойынша талдау, зерттеулерге еріксіз жалаңдық, жорта жұтаңдық, аясы барынша тар зерттеу ауқымы тән еді. Абайды оның өзі өмір сүрген замандағы қоғам өмірінен, тарихи, саяси-әлеуметтік жағдайлардан бөліп алып жеке-дара қарауға болмайтынын және Абайдың шығармашылығы өз дәуірінің прогресшіл сипатымен тығыз байланысты екендігін өз ғылыми зерттеу еңбегінде айқындап көрсете білді. Айқын Нұрқатов еңбегінен де осы сипаттар байқалғанымен, аталған еңбек тым әсірелеуден аулақ, ғылыми салқынқандылықты ұстана отырып жазылғандығын атап өткен жөн. Сондықтан да бұл еңбекте айтылған тұжырымдар мен талдаулар қазіргі күні де маңызын жоймақ емес.

Бөлісу:

Көп оқылғандар