Тәуелсіздік хроникасы. 1993 жыл

Бөлісу:

11.10.2021 5858

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Әдебиет порталы» «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльді жоба өз жалғасын табуда. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің әрбір жылындағы ұлт, мемлекет руханиятына қатысты елеулі оқиғаларды сол кездің куәсі аға ұрпақтың санасында жаңғыртып, бүгінгі жас буын үшін тарихтан тағлым ретінде ұсынамыз.

1993 жылдың рухани хроникасы

Осы жылы Қазақстан Республикасының өмірінде мынадай тарихи оқиғалар болып өтті және шешімдер қабылданды.

15 қаңтар. «Атамұра» баспасынан тарихи ақтаңдақтардан арылған, ұлт тарихына арналған тұңғыш тарих оқулығы жарық көрді. Белгілі тарихшы ғалым, академик Манаш Қозыбаев жазған «Қазақстан тарихы» оқулығы 10-сынып оқушыларына арналған. Қулық, хрестоматия және энциклопедиялық анықтамалықта ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қазақстан тарихы қамтылды.

28 қаңтар. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің он екінші шақырылымы Х сессиясында Қазақстан Республикасының Негізгі заңын қабылдауды күн тәртібіне енгізіп, 312 депутаттың 309-ы қолдап дауыс берді. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды.

25 ақпан. Мемлекет басшысы аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты, дінтанушы ғалым Халифа Алтайды, жазушы Әбіжәміл Нұрпейісовті қабылдады.

10 сәуір. Қазақстанда ресми сапармен жүрген Түркия Республикасының Президенті Тұрғыт Өзал мен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында болып, Қожа Ахмет Яссауи кесеесінде болды. «Ахмет Яссауи есімі Түркияда танымал әрі құрметке ие. 1993 жыл осы ұлы жазушы, философ әрі ғалымның жылы болып белгіленді», - деп атап көрсетті Түркия Президенті. Тараптар Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне реставрация жасауға келіскен.

4 мамыр. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Абай атындағы Алматы қалалық қорының салтанатты ашылуына қатысты. Президент Абай Құнанбайұлының туғанына 150 жыл толуына орай өтетін меркелік шаралардың маңызы туралы айта келіп: «Қазақстан ЮНЕСКО-ға 1995 жылы Абай жылын өткізу туралы ұсыныс жасады», - деп мәлімдеді. Мемлекет басшысы өз кітаптарын шетелде басып шығаруының қаламақысы ретінде алған 100 мың доллар мөлшеріндегі алғашқы жарнасын Абай атындағы қорға салды. «Бұл қаржы Абай шығармаларының ағылшын тіліндегі аудармаларын дайындауға бағытталатын болсын!» - деген тілек білдірді.

28 мамыр. ХҮІІІ ғасырдағы қазақтың аса көрнекті мемлекет қайраткерлері Төле би Әлібекұлы, Қазыбек би Келдібекұлы, Әйтеке би Баубекұлының есімдерін еске алуға арналған күндер басталды.

14 шілде. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Мұхтар Шахановқа Төтенше және Өкілетті Өкіл дипломатиялық дәрежесін беру туралы» №1295, сонымен қатар «М.шахановты Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенші және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындау туралы» № 1296 жарлықтарға қол қойды.

20 шілде. Алматының Орталық концерт залында «Азия дауысы» ІҮ халықаралық саз байқауы салтанатты түрде ашылды.

20 шілде. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің арнайы қаулысы бойынша 1993 жылы қыркүйек айында қазақтың ұлы сазгер-күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 175 жыл толуына арналған мерейтой шараларын өткізу туралы шешім қабылданды.

29 шілде. Қазақтың атақты ақыны, әнші әрі сазгер Ақансері Қорамсаұлының туғанына 150 жыл толуына арналған салтанатты жиналыс Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында өтті. Оған мемлекет басшысы қатысты. Той серінің туған жерінде жалғасты.

12 тамыз. Алматыда Абай атындағы Қазақ мемлекетітк академиялық опера және балет театрында қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына жүз жыл толуына орай салтанатты кеш өтті.

Мағжан Жұмабаевтың туғанына жүз жыл толуына орай ақынның туған жері Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласы орталығындағы алаңда ақынның ескерткіші ашылды.

14 тамыз. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Алматыда ұлы ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 120 жыл толуына байланысты оның шығармашылық қызметіне арналған ғылыми теориялық конференция өткізуге шешім қабылдады.

15 тамыз. Швейцарияның Локарно қаласында өткен халықаралық кинофорумда отандық режиссер Ермек Шынарбаевтың «Сұрғылт үш бұрышты орын» фильмі «Алтын Қабылан» жүлдесін жеңіп алды.

26 тамыз. Торғай облысында қазақ-жоңғар соғысы дәуірінің атақты қолбасшысы Шақшақ Жәнібек батырдың туғанына үш жүз жыл тлуына арналған үлкен мерейтой өтті.

30 тамыз. Мәскеудің «Дружба народов» баспасы «Әлемсистем» корпорациясының қаржысымен қазақтың белгілі жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Жанталас» және «Хан Кене» романдарын елу мың дана таралыммен басып шығарды. Бұл романдардың аудармасын белгілі қазақстандық қаламгер Морис Симашко жасаған.

1 қыркүйек. Шығыс Қазақстан облысында халық депутаттары Катонқарағай аудандық Кеңесінің шешімі бойынша аудан орталығындағы Қазан төңкерісі көшесінің аты өзгертіліп, оған әйгілі жазушы Оралхан Бөкеевтің есімі берілді.

3 қыркүйек. Атырау облысында ақын Мұрат Мөңкеұлының туғанына 150 жыл толуы салтанатты түрде атап өтілді.

7 қыркүйек. Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында Бұқарбай батырдың туғанына 180 жыл толуына арналған мерейтой өтті.

8 қыркүйек. Алматыдағы «Мұраттас» ғылыми-зерттеу баспа орталығынан ғұлама ақын, ойшыл Қожа Ахмет Яссауидің «Ақыл кітабы» («Диуани хикмет») қазақ тілінде басылып шықты.

10 қыркүйек. Алматыда әйгілі актер Қалибек Қуанышбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті.

Жамбыл облысы, Талас ауданы Үшарал аулында Саңырақ батырдың туғанына 300 жыл толуына арналған мерейтой өтті.

29 қыркүйек. Қазақтың көрнекті қаламгері Ілияс Есенберлиннің 80 жылдығына орай «Атамұра» баспасынан «Жазушы». Тұлға. Азамат» деген атпен шыққан кітап 25 мың данамен оқырмандарына жол тартты.

7 қазан. Алматыда жазушы Ілияс Есенберлиннің мұражайы ашылды.

8 қазан. Жамбыл облысының Сарысу ауданында қазақтың ұлы қобызшысы Ықылас Дүкенұлының туғанына 150 жыл толуына орай мерейтойлық жиын өтті.

21 қазан. Ақтөбе облысы Шалқар ауданында әйгілі батыр Есет Көтібарұлының 190 жылдық мерейтойы атап өтілді.

4 қараша. Павлодар облысында ақын Мұзафар Әлімбаевтың 70 жасқа толуы аталып өтілді.

5 қараша. Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрында Қазақстанның халық әртісі Бикен Римованың 70 жасқа толуына және шығармашылығының 50 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті.

5 қараша. Ғалым, түркітанушы, профессор Сәрсен Аманжоловтың туғанына 90 жыл толуы аталып өтті.

13 қараша. ҚР Президентінің ұлттық валюта – теңгені енгізу туралы шешімі жөнінде ҚР Жоғарғы Кеңесінің төралқасы мен ҚР Министрлер Кабинетінің Қаулысы шықты.

19 қараша. Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл кемеңгері Абай Құнанбайұлының туғанына 150 жыл толуы халықаралық деңгейде атап өтілетіндігі туралы қаулы ЮНЕСКО Бас конференциясының 27 сессиясында қабылданды.

26 қараша. Алматыда, Қазақ драма театрында Қазақстанның халық жазушысы Тахауи Ахтановтың 70 жылдық мерейтойы салтанатпен атап өтілді.

10 желтоқсан. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті ақын Сырбай Мәуленовті мәңгі есте қалдыру туралы қаулы қабылдады.

11 желтоқсан. Алматыда, оралық концерт залында «Желтоқсан жұлдызы» атты әдеби-өнер кеші өтті.

Бөлісу:

Көп оқылғандар