Тәуелсіздік хроникасы. 1997 жыл

Бөлісу:

20.10.2021 4960

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Әдебиет порталы» «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльді жоба өз жалғасын табуда. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің әрбір жылындағы ұлт, мемлекет руханиятына қатысты елеулі оқиғаларды сол кездің куәсі аға ұрпақтың санасында жаңғыртып, бүгінгі жас буын үшін тарихтан тағлым ретінде ұсынамыз.

1997 жылдың рухани хроникасы

1997 жыл – еліміз тарихындағы ең жемісті жылдардың бірі. Бұл жыл әсіресе отанымыздың астанасын Алматы қаласынан Ақмолаға көшіруімен және ұлы суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің дүниеге келгеніне 100 жыл толу мерейтойымен ерекшеленеді. Ең бстысы бұл жыл – Президент жарлығымен «Жалпы Ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып бекітілді. Бұл күнде тәуелсіз елдің терең тарихына айналған осы жылдың елеулі жаңалықтарын сіздермен бірге сараптап көрелік.

6 қаңтар. Мемлекет басшысы Үкімет мүшелерінің қатысуымен кеңес өткізді. Онда қаралған негізгі екі мәселе: мемлекеттік басқарудың жоғарғы органдарын Ақмола қаласына көшіру және Жалпы ұлттық келісім мен саяси репрессия құрбандарын еске алу жылы аясында атқарылатын негізгі жұмыстарды пысықтап, жауапты мамандарға тапсырма берді.

8. қаңтар. Бұл күн еліміз тарихында Тараз қаласына өзінің тарихи атауын қайтарып беруімен есте қалды. Мемлекет басшысы Жамбыл облысына барған сапарында «Жамбыл облысының орталығы – Жамбыл қаласының атын өзгерту туралы» жарлығын мәлім етті. Осы күні Елбасы өткен жылы ғана 150 жылдық мерейтойы өткен Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүлшоқтарын қойды. Іс-сапар барысында Президент «Әулие-Ата» мешітінің іргетасын қалауға қатысып, Қарахан тарихи кесенесіне барып тәу етіп қайтты.

21 қаңтар. Қазақстан Республикасының Ғылым министрлігі – Ұлттық ғылым академиясының академиктері М.Қ. Қозыбаев, Ж.С. Тәкібаев, Ө.А. Жолдасбеков Мемлекет басшысының арнайы қабылдауында болды. Әңгіменің негізгі тақырыбы бүгінгі жаһандану заманында отандық ғылымды онан сайын дамыту мен жетілдірудің жолдары сөз болды. Сондай-ақ, нарықтық экономика жағыдайында жас мамандарды дайындау мәселелерін қозғады.

10 ақпан. Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы ақын, драматург Нұрлан Оразалин Мемлекет басшысының қабылдауында болды. Кездесу барысында қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйі, өткен-кеткені мен болашағы туралы мәселелер сөз болды. Сондай-ақ, әңгіме барысында тілге тиек болған негзгі тақырып ретіде, биыл туғанына 100 жыл толып отырған Мұхтар Әуезовтың мерейтойына қатысты дайындық жұмыстары туралы айтылды. Ұлы суреткердің ғасырлық тойын салтанатты түрде атап өту – елдік қасиетіміз бен ұлттық руханиятымыз үшін сын екендігі, сондықтан да торқалы тойдың салмақты өтуін Елбасы арнаулы қадағалап тапсырды.

5 сәуір. Мемлекет басшысы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін белгілеу туралы» №3443 жарлығына қол қойды. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні 31 мамырға бекітілді. Бұндай атаулы күннің еліміз тарихында болуы заңды құбылыс еді. Қуғын-сүргін жылдары елімізде салынған лагерлерде бес милионнан астам адам зардап шеккен. Ресми емес деректерге сүйенсек жиырма мыңнан астам қазақ зиялылары атылып кеткен. Оның ішінде ұлт руханиятының бірегей тұлғалары Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Бекенұлы, Мұқаметжан Тынышбаев, Тұрар Ырысқұлов сынды жүздеген тұлғалар болған. Сол зұлымат жылдары осы тұлғалардың өзі ғана емес, олардың отбасы мен жақындарының бәрі де саяси репрессияның құрбанына айналып кетті. Сондықтан да біз осы күні, жазықсыз жапа шегіп құрбан болған, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлерімізді еске алып, олардың рухы алдында бас иеміз.

9 сәуір. Қырғызз Республикасының Президенті Асқар Ақаев арнаулы елімізге келіп Ақмола облысында іс-сапарда болды. Сапар барысында А.Ақаев Ақмола қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушыларымен, студенттерімен кездесті. Кездесу барысында А.А. Ақаевқа «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті докторы» атағы берілді.

17 сәуір. Мемлекет басшысы еліміздің бұқаралық ақпараттар өкілдерін қабылдады. Екі тарап кездесу барысында журналистика саласының негізгі мәселелерін тілге тиек етіп, оны шешудің жолдарын қарастырды. Экономика мен әлеуметтік саланы реформалау туралы талқылай келіп, елімізде салалық журналистиканы дамытудың қажеттілігін атап өтті. Өзара әңгімеден кейін Президент Журналистер аллеясының алғашқы іргетасын салуға қатысып, ағаш көшетін отырғызды. Осы күні Президент белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері Н.А. Шәріпов пен Р.С. Сүлейменовке Қазақстан Республикасының құрметті атақтарын беру туралы, сонымен қатар, Р.Фриманы «Достық» орденімен марапаттау туралы жарлығына қол қойды.

29 сәуір. Елімізге белгілі ғылым қайраткерлері, әдебиет пен өнердің танымал тұлғалары – Ә.Әбішев, Ә.К. Нұрпейісов, Р.Т. Бағланова, К.Н. Нәрікбаев, А.Қ. Жағанова мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы қабылдауында болды. Кездесу барысында халықтың, ұлттың адами болмысы мен келбетін сақтау, рухани кемелдену өресін биіктетіп, жалпы халықтық білім беру сапасының кезекті мәселелері, ұрпақ тәрбиесі сынды өзекті тақырыптар сөз болды. Президент өз сөзінде, республиканың мәдениет және өнер қайраткерлерін егеменді елдің рухани жаңғыруына, еліміздің жас жеткіншектерінің білім аясын жетілдіре түсуіне бір кісідей еңбек ету керектігін қадағалап тапсырды. Осы жолда өздерінің күш-жігері мен көп жылдық тәжірибелерін болашақ ұрпақпен бөлісуді атап өтті.

9 мамыр. Жеңіс күніне орай Алматы қаласында мерекелік шара өтті. Мерекелік шараға арнайы қатысқан президент 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябақта Даңық мемориалының алдындағы Мәңгілік алауға гүлтәжін қойып, соғыста қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске ала отырып, олардың асыл рухына бас иді. Барша қазақстандықтар мен соғыс ардагерлерін жеңіс күнімен құттықтады.

30 мамыр. Елімізде «Дала мен мәдениет. Заманның ұлы жолы» атты халқаралық симпозиум болып өтті. Оған танымал ғалым, белгілі түрколог, «Қыпшақ даласының жусаны» атты кітаптардың авторы Мұрат Аджи қатынасты. Мемлекет басшысы Мұрат Аджиді арнаулы қабылдап, екеуара әңгімеде, Еуразияға қоныстанған тарихи халықтардың өткені мен тағдырлы мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, Еуразиялық Одақ құру жұмыстары да сөз болды.

Осы күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, мемлекет басшысы тоталитарлық жүйенің құрбаны болған бір топ азаматтарды қабылдады. Олардың қатарында Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова, Б.Мұстафин, В.Ершов сынды бірнеше тұлғалар болды. Олар өз сөздерінде жазықсыз жапа шеккен мыңдаған қазақстандық азаматтарға мемлекет тарапынан қамқорлықтар көрсетіліп келе жатқаны үшін алғыс білдірді. Және биылғы жылды репрессия құрбандарын еске алу жылы деп қабылдаған бастамасына барынша қолдау білдіретінін айтты.

31 мамыр. Сталиндік дәуірдің саяси қуғын-сүргініне ұшырап, құрбандардың Алматы маңында жерленген орнына орнатылғын мемориялдық тастың алдында Елбасының қатысуымен қаралы митингі өтті. Жиналған жұрт тас тұғырға гүлшоқтарын қойып, құрбандарды еске алып, аза сөзін сөйледі. Бұндай қаралы митинг еліміз тарихында алғаш рет өтті. Тұңғыш рет 1997 жыл – ел тарихындағы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандарды еске алу жылы деп, тұңғыш рет 31 мамыр – репрессияға ұшырағандарды еске алу күні деп белгіленді. Өткен ғасырдың 20 жылдарынан басталған қызыл террор милиондаған адамның қызыл қанын мойнына жүктеді. Бір жағы – ашаршылық, бір жағы – қанды репрессия қазақ қоғамын әбден тұралатып, жойып жіберудің аз алдына қалып еді. Жазықсыздан жазықсыз жендеттердің зорлығын көріп, өмір бойына Қазақстанның азаттығын аңсап өткен осы бір бабаларымыздың рухына қашн да тағызым етеміз.

9 маусым. Мемлекет басшысы әлемнің ең биік шыңына шығып, өздерінің спорттық жетістігін еліміз Тәуелсіздігінің 5 жылдығына арнаған «Эверест-97» экспедициясының қатысушыларын қабылдады. Эверест шыңын бағындырған спортшылар, Президентке әлемнің ең биік шыңында болған Қазақстанның мемлекеттік туын тарту етті. Президент спортшыларды биік жеңісті бағындырған жетістіктерімен құттықтап, көрсеткен ерліктері мен қаһармандықтары үшін айрықша алғыс білдірді. Осы шыңға шығуда үлкен еңбек сіңірген бірқанша спортшыларға мемлекеттік «Отан» орденін және ІІ-ші дәрежелі «Айбын» орденін табыс етті.

3 шілде. Бір топ шығармашыл қайраткерлерге Президент стипендиясы табыс етілді. Президенттік мәдениет пен өнерді қолдау қорынан Қазақстанның өнер қайраткерлеріне 38 стипендия, елдегі дарынды жастар өкіліне 70 стипендия табыс етілді. Кездесу барысында Қазақстанның Халық жазушысы Әбіжаміл Нұрпейісов Нұрсұлтан Әбішұлына «Рухани келісім конгресі» қоғамдық қорының Қазақстан президентіне тағайындаған Халықаралық ұлттық келісім сыйлығын табыс етті. Президент өз қызыметінің осылайша жоғары бағаланғанына ризашылдығын білдіріп, 375 мың теңге көлеміндегі сыйлық ақшаны Алматы қаласының №2 балалар үйінің қажеттілігіне беретінін мәлімдеді.

20 тамыз. Белгілі майдангер жазушы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы партизандық қозғалыстың қатысушысы, «Халық қаһарманы» Қасым Қайсенов мемлекет басшысының қабылдауында болды. Әңгіме барысында қазақстандық қоғамның осы заманғы өмірінің әртүрлі аспектілері, мемлекеттік ұлтаралық келісімді нығайту негіздері, экономикалық реформалардың жүзеге асу барысы сияқты көптеген мәселелер талқыланды. Ұлттық мәдениетті сақтау және оны дамыту жолындағы ел зиялыларының атқаратын міндеті мен орыны сөз болды.

19 қыркүйек. Мемлекет басшысы Ордабасы төбесінде 1726 жылдың көктемінде қазақ халқының жоңғарлармен болған шайқасында жеңіске жеткен төбеге орнатылған монументтің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

26 қыркүйек. Қазақтың ұлы суреткер жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына орай ЮНЕСКО қамқорлығымен өткен «Мұхтар Әуезов және Еуразия мәдениеті» халқаралық әдебиет симпозимуы ашылды. Симпозиумға қатысушылар қазақтың аса шебер сөзгері әрі алпауыт ойшылы М.Әуезовтің Еуропа мен Азияның мәдени құндылықтарын, түрлі халықтардың рухани байлығын бойына сіңіре білген тұлға екендігін, оның шығармашылығында екі құрлықтың мәдениетін тоғыстыра алатын құндылыққа ие екенін барынша баса айтты.

27 қыркүйек. Алматы қаласында Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойының құрметіне орай, М.О. Әуезовтің мұражай-үйінің салтанатты ашылу рәсімі болды. Салтанатты шараға еліміздің іші-сыртынан көптеген қаламгерлер мен ғалымдар келіп қатынасты. Жиналғандардың баршасы ұлы суреткердің рухына тағызым етіп, егер ел болып қалудың қамын ойласақ, өзіміздің баға жетпес рухани қазыналарымызды сақтап, келер ұрпаққа жеткізіп беруміз керек деген байламға келді. М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойының жалғасы Республика сарайында жалғасын тапты.

16 қазан. Қазақстан Республикасының Халық әртісі, танымал театр және кино қайраткері Асанәлі Әшімов 60 жасқа толды. Осыған орай А.Әшімов Мемлекет басшысының қабылдауында болды. Президент мерейтой иесін шын жүрекпен құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі.

8 қараша. Мемлекет басшысы Алматы қаласында өткен Қазақстанның жаңа астанасы – Ақмола қаласына Мемлекеттік рәміздерді тапсырып беру салтанатты рәсіміне қатысты. Президент Республикалық ұланның қолбасшысы, генарал-лайтенант С.Б. Тоқпақбаевқа мемлекеттік рәміздер эталонын және Президент штандартын Ақмола қаласына өзі әкелуді тапсырды. Сол күні мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін жаңа астанада қабылдау үшін Ақмола қаласына кетті. Салтанатты митингте Президент: «Ақмола өмірбаянына жаңа алтын жолдар жазылуда. Осы өлкенің тарихында бұл бірінші рет емес. Республика үшін өзгеріске толы кезеңдерде Ақмола бірнеше рет маңызды қоғамдық оқиғалардың ортасында болды»,- деп атап көрсетті. Астананың Ақмолаға көшірілуі тәуелсіздікті нығайту, мемлекет іргесін берік ету, әлеуметтік, экономикалық саясаттың теңгермелігі үшін аса маңызды шешім болғанын, бұл күнде уақыттың өзі көрсетіп беріп отыр.

3 желтоқсан. Белгілі жазушы, әдебиеттанушы ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі Зейнолла Қабдолов Президент қабылдауында болды. Әңгіме елдің әлеуметтік, экономикалық мәселелерімен қатар, рухани, мәдени құндылықтарымыз туралы да өрбіді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар