Думан Омар. Шала жерленген шапағатшы
Бөлісу:
(Бұл өлкенің жендеттері көбеймесе, азаймас!)
Автор
Іші білінгенге шақ қалған. Кіндік тұсын бастыра, қылдай болған белін екі айналдырып орады. Орады да, оң жақ мықынының үстінен матаның екі ұшын байлап таңды.
Өстіген, Салтанат үшінші баласына ауыраяқ. Қарашаның қара суығында пальтосын киіп, қызметіне барып-келіп жүрді. Сырт киімінің кең-молдығынан да, көше жүргіншілеріне екіқабат екендігі жуық арада білінбес-ау, деймін. «Ауру кетсе де, әдет кетпейді» деген ғой. Қысыр жыландай сумаңдап, мекемесіндегі әйелдердің бөлімін аралайтын. Сидаңдаған ұзын сирағын бір тыймады. Қайыстай қатқан Салтай* ханымның қыр мұрнының үстін баса, екі көзінің астыңғы жиегіне қарай қаралтым жолақ пайда бола бастаған. Бірге жұмыс істейтін төрт жаулықтының кішісі де өзі. Байдың қызығын баяғыда көріп қуланған қатындар сезбей қалсын ба?! Тілдері сүйреңдеп, үшеуара өсекке іле бастады. Тіпті, орталарындағы біреуі: «Құдалық айттырмастан Жарқынға қашып тиді емес пе? Екеуінің үйлену тойларында мен қатыстым. Күйеу жолдасы, әнші Жеңіс:
Шаттық пен жарқын тойыңа,
Сыйлаймын сазды бұл әнді, -
дейтін мәтін жолдары бар, әлгі бір әнді шырқады. Сонда разы болған күйеуі қыз жолдасты куәгер көріп Салтанатқа:
- Құдай қаласа баламыз өмірге келгенде Шаттық деп есім беремін! - деп еркелете ескертіпті. Содан кейін тұңғыштары ұл – Шаттық, кішісі – Самал есімді қыз.»
Құпиялық қала тұрғындарының қаншасының құлағына іліккені әзірге жұмбақ. Сыртынан айтылып жатқан ғайбаттарды естімеді Салтанат. Содан да, көңілі тартқан жерік дәмін татып, ел қатарында жүрді. Бұл кез Жарқынның болашақ баласының төрт айға жаңа толған мезгілі еді. Жары тек құрсағындағы сәбиінің қозғалғанына қуанса, бірде пенде ұрпағын кінәнің әрбірінен аман сақтайтын, Алланың бұйрығымен өлі болсын, тірі болсын жарық дүниеге келгеннен кейін қайтып бұйырмас мекені – ананың алтын құрсағы екенін ойлады. Ойлады да, мынау нәрестенің жетіліп болмай, шешесінің қолымен қатаң жазалауда болғанын есіне алды. Өзінің бұл бейшара халін аяп-ақ кетті. Үміт жалыны сүйіп тұрған көңілінің сұбуханы ұшты. Ана жүрегі тас төбесіне бірақ шыққанда, жанын жай оты осқандай күйде қалады. Аямай қайтсін!
1985-ші жыл мен 1990-шы жылдың өларасында Шынжаң билігі халық санының тездеп өсуін шектеу тепе-теңдік негізінде «Жоспарлы туыт» заңын күшейтілген режимде қабылдады. Сананы улай келіп, жоспарлы туу, дәстүрлі тууға сара жол салып тынды. Шаңырағынан қызыл жалауын желбіретіп, көшін ілгері тарта берді. «Некеленген аз санды ұлт өкілдерінен болған кадрларға екі бала, бірыңғай түсті (ұл не қыз) болғанда ғана үшінші сүюге болатыны туралы «ҚХР азаматтарының жоспарлы туыты» заңында ашық жазылған. Шешім барша аз ұлт өкілдеріне тең жүрілді. Осының, әлауләйлымынан қаншама жас аналардың жүректері ауырып, жаны кейіді. Жар құшағындағы сүйікті сәттерінен, қою ақ және сұйық сары мәнидің бірігуін шарасыздан артық деп мойындап, қайтті десеңіз ... Зәредей кінәсіз екендігіне қарамады. Олардың пәни дүниеге келудің алғашқы секундында барып жататын жатынындағы, мерзімнің ұзақ-қысқалығына қарап жазалауды тапты. Тәңірдің жасап, қызыл етке келтіруіне үлгерітпейтін қағылездік, емхананың арнайы дайындалған төсегінде жүргізіледі. Төсектің үстіне ақ түсті жапқыш жабылған, аяқ жақ екі шетінің үстіне отыз сантиметр шамасында биік тұратын құрылғы, екі аяқты екі бағытта керуге орнатылған, оған қойылған жуан балтырдың үсті тізеден кіндікке дейін аталған түстегі жамылғымен жабылады. Бірақ бұл ыңғайсыздық, көңілден жасырылмайтыны кімде-кімге түсінікті. Құрылғыдан бөлек жүздеген ватт жарық күші бар жылжымалы электр шамы орнатылған. Ол қалай пайдаланса солай істетуге оңтайлы. Атқаратын рөлі – жамылғыдан болған қараңғылықты әрі қарай жарықтандыру. Осыған сай резинка қолғап пен бетпердесі – шымқай аппақ түстен киімін киген маман дәрігер сайтандай сап ете қалады. Ол төсектің аяқ жағындағы айналмалы орындыққа бірден отырады да, шам жарығын керек бағытына туралайды. Туралайды да, қол құралдарын іске қосады. Жан иесінің ауырсынып, ыңыранғанына қарасын ба, қиналған сайын қырғысын батыра түсетіндей. Операция үстінде жантәсілім болғанша аяушылыққа тоқтайтын ораш болған емес десем артық болмас, болмайды да. Өйткені өмір сүру соны қажет етеді де...
Бұл – мәнилердің бірігуі қырық бес күнге толуынан бұрын жатырды жазалаудың бір тәсілі еді. Өйткені дәл осындай операцияны бірнеше мәрте қабылдаған ананың жатыр қабаты жұқарғандықтан, салауатты өмір салтының ақсайтындығы медициналық білімде айтылған-ды.
Дамыған ғылым дағдарсын ба?! Тіпті тоғыз айлық тұрағында қанша тәулік түнегенін де есептеп білетін-ді. Сөйтіп, өсу дәуіріне өрлемеген алғашқы он үш жұмадан аспаған жағдайда, таблетка ішкізетін. Мұндағы таблетканың түрі көп. Тек дәрігердің шешімімен ғана қабылданады. Осылай жасанды толғаттыру арқылы бір жапырақ ет күйінде паршалай езіп, бірнеше сағат шамасында мәжбүрлеп түсік тастатып құртатын.
Салтай аталған сұмдықты үлкен жеңгесі Алтынайдан естіген. Алтынай ханым – мамандығы бойынша туыт дәрігері (акушер-гинеколог). Жиырма бес жылдан артық жұмыс өтілімен талай сәбидің кіндігін кесті. Жерден көтеріп Жаратушының разылығын алған да еді, қарғыс атқандай жиған сауабы желге ұшып, селге кетті де. Жаңылғаннан алдына келген жас аналарды, ырқына жібермеді: әлгі суық төсекте ыңырсытып жөніне салатын болды. Бас туыт дәрігері бұл қатігездікке тіленіп барған жоқ. Оның кәсіптік біліктілігін көрсеткен емхана бастығының шешімі осылай болды. Қолынан келген бар дәрмені: «Иә, жаратушы Жаббар ием, әлсіздікпен алда жасар кінәмді кешір!» - дегені ғана ...
Естігеннің, сұбханын суырып алатын бұл сұмдықты Салтай жеңгесінен естиін деп естіген жоқ. Жарқынмен сөз байласқанына алты ай толғанда өзі тіленгендей, суырытпақтап сыр тартқаны, текке де емес оның.
Ғашықтар кездесе жүріп, аз уақытта бір-біріне бауыр да басып кеткен. Жүздеспесе жандары жанып, жүректері жақындауға алып ұшып тұратын болған. Салтанат сүйгеніне қыз дәуірінің соңғы кездесуін облыстық автобекет қонақ үйінің №409-шы бөлмесінде сыйлады.
Бір жастықта басын қосқан екеуі біраз уақытқа дейін сырласып, сыбырласып арасында аймаласып мазалары кетті. Өбісе жатып, жігіт ұстанымынан айрылған. Құшағындағы қалыңдығының қымсынғанына енді ерік бермеді, қытығы қысып сықылықтаған сайын қызыға түсті. Кеуделеріне киген жеңіл киімдерін шешіп, ту сыртына сілкіп жіберді. Жанып жатқан қос көкірек түйісті. Түйіскен сәттен бастап, тамағын самал сипап көрмеген ұяң қыздың жұпар иісті тамағына ыстық леп шалқи жөнелді. Өзге бір ыстық әлем құшақ ашқандай, көңілі тартқаны сонша, одан әрмен жабыса түсті. Осыдан артық естен адасатын сәт болмас! Ұлпа жотасын сипалап жатқан қызулы алақан дәрменсізденгендей болып, аш беліне құлап, бос мықынынан лып берді... бұлшық еттері сыздағандай, денесі шым-шым ұйып жатқан баяғы бұла қыз. Тұла бойын тоқ соғып өткендей, бір тылсым ағыс жүгірді. Әлсірей барып босай бермесін бе?! ...
Құрсын, мынау өрт алып жатқан некесіз төсектің қиянатын қылдай кінәні қалт жібермей көріп-білетін періштенің шошынбасына қай пенде кепіл боларсың?! ...
«Қойшы жаным, Жақай* бүйтпеші!» Бар айтқаны сыбырға жақын үнмен, осы болды. Есеңгіреуден күн шыққанда бірақ есін жиған бойжеткен денесін ауырсынды. Ауырсынбай қайтсін, қыз ғұмырының соңғы күніне нүкте қою – әрбір қыз үшін оңай болсын ба?!
Пердесі айқарылғаннан, дуылдаған екі бетін төресінің жалаңаш төсіне басты. Баса жатып: «Мені тастап кетпеші! Обалым мойныңда, қызығым қойныңда қалды ғой. Міне, екеуіміз үшін осы түннен бұрынғы және кейінгі өміріміздің ең аяулы сәтін тапқандаймын. Шын ықыласыммен өзіңді мәңгі сүйемін», - деп ыстық жасын төге, солқ-солқ етіп жылап жіберді. Жалынын сыртына шашып жатқан жүрегінің тұсына тамып, домалай жөнелген көз жасы кіндігіне барып тоқтады, Жақайдың. Аяп кеткен болашақ күйеуі уәде бергендей: «Сендікпін жаным!», - деп әлсіз үн қатты. Иегінің астынан көтерді. Шиедей мөлдіреген қып-қызыл, шұғынықтай үлбіреген ерінді сүйді, уылжыған ерінді сорған сайын өне бойын өртеді-ай, жанып жатып бастапқы адуын сезімге қайта құлдана берді де ...
Осыдан соң ару бәледен құтылудың жолын іздеп бақты. Жеңгесі айтқан төсекті ойлап, көз алдына елестетіп еді: болашақ ана жүрегі зу етіп, өңі қудай болып кетті. Қашып кетуді ойына алып еді, ел-жұртқа қарайтын бет ұяттан қып-қызыл өрт шалғандай дуылдап, отырып қалды бір сәтке. Ақыры Алтынай жеңгесінің:
- Қараңды батыр, сен одан құтылсаң, ол сенен тайып, атың шығар, - деген айласына тоқтады. Ауылдағы қатындардың бетін шымшылатып, ағайынды өкпелете, ата-ананы жылатты. Жақайдың етегінен ұстады да, ел өліп ұйықтаған бір түнгі шақта итті үргізбей кетті емес пе?! Бақыт тілеп, жолға салған осы жеңгесі ноқтасының мінер жағына бір шалып ақтық (ақ мата) байлаған, молынан төгіліп, ұшын жер сүзіп тұрған құйрығының жоғары тұсына бір шоқ қарабас үкі тағылған, жүрісі жүйрікті желе жорттыратын желжиренді белдеуге байлатып, арасына бір түмен қытай юаны бірге жүрген асыл матадан көйлек-шапан салынған алақоржынды босаға аттаттырды. Сөйтіп, өре түрегелген әулеттің аптығын басып, кектің артын кешірімге келтіріп, жайымен тындырды да.
Алғашында қашып кеткен қылығын ойлағанда, жұрт алдында өзін қарабет санайтын ол, артынша би әке-шеше мен туыс-туғандарының разылығын алған да еді. Беті ашылып, көңіл күптілігі басылып, Шалқарын ай-күні толғанда өмірге әкелген ғой.
Тұңғыш сәбиі құрсағында жатып, бір қапталынан, енді бір қапталына ауып қозғалыс жасағанда, ішінен балық жүзіп жүргендей сезінетін-ді. Сонда өткеннің бәрін ұмытқан жас келін ана болғанына іштей шексіз тебіренетін. Қызы да дәл ағасындай анасының құрсағын еркін жүзе шарлап, күні толғанда іңгәлап өмір есігін ашты да. Ал, мынау үшінші құрсақ көтергені мүлде басқаша. Кеште жұмыстан келген соң ғана матаны шешіп белін босатып, бойын кеңге салады. Сәбиі де көсіліп бір қалатындай. Таңғы асын ішіп қызметке жиылғанға дейінгі аралықта құрсағындағы шаранасы ішінде балыққа ұқсап жүзіп өтпейді, қозғалғанда көбінде кіндік тұсынан түйіп қалғандай әсер ететін. Сонда, көңілі қымсынатын Салтанат құрсағын сипап: «Құлыным, сабыр етші! Анаңа ашулы екеніңді түсінемін. Сенің іште өсіп, еркіндегеніңді құдайсыздар білсе, жаның жаһаннамға кетеді ғой. Болашақ ата-апаң үшін бізді, әке-шешеңді кешір періштем, енді төрт жарым айға жетпейтін уақыт қалды, бұйыртса. Таудағы келешек әке-шешеңнің үйінде сені өмірге әкелемін, солардың бауырында қалдырамын. Мына қиын күнде сорыңа бола көтердім бе? Білмеймін, қан тартпай, жарық күнге аман-есен көзіңді ашуыңды тілеймін, - деп ауыр ойдың азабына жегілді.
«Болашақ ата-апаң» дегені – әлгі айыпқа апарылған бесті – желжиреннің әуелгі иесі, бесінші қайын ағасы мен жеңгесі еді. Бұлар мамырда асқарынан қар кетпейтін Ақтастың қапталынан үш жыл болды ірге көтермеді. Қорықты қорып отыратын-ды. Әдейлеп барған жүргінші болмаса, ұшқан құс, жортқан аңнан басқа жан атаулыны көрмейді. Өздері қыдыруға дөп келсе, шалғайырақ ауылдардағы аға-іні, әпке-қарындасының балаларын мотоциклмен зыр етіп барып алып келеді. Мал-жандарын аманаттайтын. Салтанаттың ойы – соңғы екі ай жарымда сонда қарай тайып тұру. Ол үшін наурыздың басына аман жету, сол күнге жетсе, аудандық емхананың «Жүрек кеселдері» бөлімінен анықтама алу. Оның үш ай бойына сырттай ем қабылдап, демалу негізінде «бармақ басты, көз қыстылықпен» қолына тиетініне көңілі сенімді еді. Себебі Денсаулық сақтау басқармасының бастығы – кіші қайнағасы еді.
Мойнынан ауыр ойдың қамыты түспеген ол, абысынының бедеулігіне бола: «Бұл әулетке екі қыздан бөлек, тоғыз ұл берген жомарт Құдай-ау, есең кеткендей, бұл не жазғаның, қайын ағаға кіндіктерінен бір ұрпақ қисаң нетті?! Ұрық-тұқымдарында мұндай ұрпақсыздық болмаған, әулеті өскен жер деуші еді ғой, бір балапанды бөтен шаранада шайқатып, бауырына басуды тағдырына жазғаның қалай?! Осыншама зарығатындай, олар қаңырығы түтеген қай міскіннің шөлін қандырмап еді? Мыңғырған малы болған шықбермес Шығайбайдан сау еді ғой. Ақсарбас айттырған баталы құлдарың емес пе еді? Солар үшін жарық дүниеге келмеген мына сәбиімді құрсағымда қинаудамын. Өлгенде бұл кінәмді көтеріп, сазбеттенгендей алдыңа қалай ғана барамын, О Тәңірім! Әлде, тағдырының сызған сызығынан аттай алмаған абысыным жазықты ма? Болмаса, «Ағаларыңның түтінін өшірем демесеңдер, «Жаратушының алдына дейін», - деп екі баланың бірін беріңдер, қимасаңдар жастарыңды өткізбей бір шарана шайқап беріңдер», - деп, құлақ етімізді кеміріп, азуын айға білеген енем кінәлі ме?
Қайын ағам жирен бестіні жетектеп алғаш келгенде бұл туралы уәде еткеннен сау ма өзі? Мұндай боларын білсемші! Сол кезде қорада байланып, сүмбедей сұлу көркімен көздің жауын алған сол жирен талаққа ішім жылыр ма еді, сонда! Ал енем болса, адуындығымен алдыңа барып: «Бұл бейбақты кінәға кіріптар еткен мен едім!» - деп ақырып арама түсер ме? Жо... жоқ, олай болуы мүмкін емес-ті. Түпкі күнәһардың кім екенін өзің дөп баспасаң», - деп көкке қарап кейіп күбірлеген де ...
Қыстың қысқа күні құрық бойынан асса болды, дереу батып, Салтайды сан оймен тербеген ұзақ түні өтіп, сары уайымға салған сартаң сызып атып жатты.
Қарға адым алған қаңтардың ортасы жеткені сол екен, қалашықтың Жоспарлы туыт бөлімінің салаға жауапты мамандары оның сар ізіне шөп сала бастады. Сонымен үзігі сыпырылып, шиі алынғандай болып, құпиялықтың да беті ашылды. Кеш болса да естіген қалашық партия ұжымының секретары Күлай ханым оны кабинетіне шақырып алды. Сөйлесе келіп, жар құлағы жастықтағы бір түн, керек кезде қабылданатын таблетканы ұмытқанын, ұмытпай қабылдағанда ғой, аталық мәни мен аналық мәнидің бірігуін күйдіріп құртар еді. Алайда бойына қалып қойғаннан кейін, енесінің ырқынан шыға алмай, жоспарға сай саннан кешіккендігін, уақыт өткендіктен шеше аламай жүргенін түсінді.
Түсінсе де, принципшіл секретарь: «Бірінші кезекте арыз жазып, сан алу керек еді», - деген ұстанымында қалды. Шешім қабылдауға екі жұма берді.
Ақиқатында жөні солай да, Аталған заңда ұрпақ көру қаблеті жоқ отбасының, өз қанынан бала асырап алу мүмкіндігі көрсетілген… Шаттық пен Самалының Қытай (ЖОҢГҰО) ұрпақтары екендігі мойындалған туу құжаттары бар. Үшінші бала дүниеге келген жағдайда ерлі-зайыпты екеуіне де қатаң шара қабылдап, мемлекетке қомақты айып төлейтіндеріне көзі жетті, Салтай сорлының. «Ысқырып атқан аңның обалы жоқ» деген осы да. Секретардің алдынан көп кідірмей табанын жалтыратты.
Жан дүниесі онсыз да ойдан күйреп жүрген байқұс бұршақтап домалаған көз жасын қанша сүртсе де, тыйылар емес. Алқымына жосыған жастан жаулығының байлаған жері суланып та кетті. Иегіне тигенде мұз қарығандай сезінді. Жанарын торлаған буылдыр жастан көз алды қараң-қараң, қыбырларға айналып кетіп баратты.
Сәскеде еңірей жеткен ол отбасында отырған енесінің алдына барып құлап түсті. Көз жастың сорға сорғалағанын алпамсадай әжей түсінбей қалған жоқ, көзі тас төбесіне шыққандай шошына ойбайлады. Көкірегінен күркірей шыққан дауысы көкке кетіп, «Атаңда көрмегенді, ботаңда көресің» дегені осы да! Зауалдарыңды Құдай жазсын, Құдай!» - деп сілеп қоя берді. Зейілденген кейуана жанындағы сабаудан таянып жүрген таяғын бірден қолына алды. Алды да ошақтың басында жатқан көнетоз төсеніш көрпені тартып-тартып жіберді. Бұрқ-бұрқ еткен шаңның астында сілейген күйде қатып қалды...
Түскі үзілісте қызметтен келген күйеуімен көңілсіз отырып қабылдаған шешімдері араға үш күн салып, дивизияның халық емханасының табалдырығын бірақ аттатты.
Жүкті аналарды қабылдау бөлімінің арнайы маманы Жоудың* алғашқы тексерісі – жүрек және қан қысымын өлшеу болды. Тексеріс 2-ші қабаттағы 13-ші туыт палатасының 37-ші төсегіне бұйырып тынды. Талай шалалардың жарықтан таңын айырған қанды төсекке қатты бөксесі тие бергенде, Салтанаттың ана жүрегі атып аузына тығылғандай еді.
«Зәредей кінәдан пәк құлыным-ай! Көзіңді ашып жарықты көрместен қараңғыдан қараңғыға кететініңді ойлап жүрегім қанжылап отыр ғой, суыт өтіп бара жатқан салт жолаушының бірі ме едің, әлде? Анаң мен сорлының еркінен тыс болды ғой, дығдырым құрып, амалым таусылды, қорғап қала алмадым. Алланың алдында кешіре алсаң кешір!», - деп мөлтеңдей отырып қарнын дөңгелек айналдырып сипай бергені сол еді, ғылымда айтылғандай, бес айдан асқан іштегі сәби сөзді естіді ме? Болмаса, шала болса да періштесі сездірді ме? Жаны ширыққандай, анасының сол жақ қапталын тепкілегенде, тесіп шығардай әсер білдірді, мұны сезініп болғанша кіндік тұсының біресе солын, біресе оңын түйіп-түйіп қалғандай еді.
Сол сәттегі дәрменсіз шешенің: «Қан қарызыңа қалдым-ау», - деп көлдете төккен көз жасы торсиып тұрған омырауына тамып-тамып кетті.
Түн, ойдан опырылып, бордай үгілді ол. Үні ішіне түсіп қыстығып жылаумен болды, екі жағына кезек аунай жатып кірпік ілмеген. Таң рауандағанда терезенің алдына келіп тұрды. Көк жиекке көзін сүзген күйі кірпіктері қозғалмай, тас мүсіндей қатып, шашы додырай қанша уақыт тұрғанын өзі де сезбеді. Аурулардың қан қысымы мен температурасын өлшеуге ерте келген медсестраның аяқ дыбысынан селт етті ол. Екі бүйірін таяна есіней келіп, орнына жайғасты, жайғасты да оң қолының жеңін жоғары қарай түре бастады, температура жоқ екеніне сенімді Салтанат қан қысымының тұрақтылығын көрді.
Көңілі сәл орныққандай болды, таңғы шайын іше отырып тағдырдың қаталдығына мойындады ма, иә, болмаса, жетекте елпілдеген тайлақтай, қалай тартса солай желе жөнелетін пенде көңілінің тұрлаусыздығы ма?
«Көзін ашпаған, бауырын көтермеген күшігін ұясынан алып кетсең ит екеш иттің де жаны тыныш таппас. Қыңсылағанда қыбыңды қандыра жанталасып іздейді-ау, апарып тыққан жеріңді иісімен тауып алады, ара түскеніңе араз бола арсылдамасын ба келіп! Арсылдай атылып барып азуын әлгі күшігінің желкесіне бірақ салып, алып ұшып жатағына бармас па?! Сонда біреудің босағасында босанып, аузына ана уызын татырмай бауырына салып беруге қалай ғана қимақпын? Сонда мен, иттен әрмен тасбауыр болғаным қалай, адам дегенің дәті неден берік еді, санасында сан-санақсыз қулық-сұмдық ұялаған жауыздықтың патшасы болғаны ма? Құрысын, бұл ғасырдағы бұл өлкенің пенделері-ай! Сендер ме, сендер тозақта күйерсіңдер ... өзінікін өзіне бұйыртпаған мына заманда біреуге бала берген неңді алып еді? Көкірегі көр кәрі-ай, өзің тумағасын Құдаймен ісің болмағаны ма?, - деп енесін жазғырумен қоймады. Бір ұядан шайқалып шыққан ағасы мен әпкесінің қызығына қимасаң, бөтен босағаға менде бермеске бекідім, қу Құдай! Онсызда ішімді қызғаныштың оты өртеуші еді. Көп көргенің осы болып, алар уақытыңның жеткені рас болса разымын Алла! Жанын қинамай жұмаққа жібер, Жаратушым! «Береріңді алсаң да, бергеніңді алма» деп, теріс баққан дәуірге сай: «Бергеніңді алсаң да, береріңді алма» деген мақалдың басын теріс тастады.
Салтайды бұл тұста осылай мейірімнен жаздырып, бірден қаталдықтың қара есегіне теріс мінгізген үмітсіздік – шайтан екенін жазықсыз жаза тартушы мүлде сезген жоқ. Себебі, құрсақ әлеміндегі ол, анасы мұңлы жанарымен көрген таң рауанын кемшіл санасымен бірге сезіп шықты. Соңғы сәт шаршаудан қалжырай барып ұйықтап кетті ме, әлде: «Ананың құрсағындағы шикі нәрестенің қанына қолын батыруға ниеттенген бұлар да кезінде сен сияқты жатырда жанданып, шаранадан шайқалып өмірге барғандар емей, немене? Адам санатына қосылғанда күштісі әлсізін жол тосып жойып тұрады, сен сияқты әлі өмірге келіп болмағандардан жаратушының несібелі жарық күнін, тыныш қараңғы түнін қызғанған бұл пенделерден не күткенің? Сенің де жарық күндегі тағдырың солардың тағдыры түскен қақпанға түсе ме? Тіпті, бұданда асып кетпесіне кім кепіл?» - деген үрейді анасын аздырған шайтан оның да санасына сездіріп, есінен мезетке тандырды ма, кім білсін?
Соңғы кезек анасының қанқысымын өлшенгеннен бері сабырсыздығын тоқтатып тынышталып қалды, шарана. Іштегі сәбиінің тұяқ серіппей жатқанын сезген шешесі: «Ауырып жазылған жан олжа» деуші, еді бұрынғылар, жанұямдағы екі боз өкпенің көз жасына мына қатерден жанымды қалдыр Алла», - деп олардың қылықтарын ойлап, болашақтарын тілемекке аузына сөз ала бергені сол еді, екі кәсіптесімен бірге жауапты дәрігері кіріп келді. Бірден жағдайды сұрап білді. Құлағына қойған тыңдағыш аспаппен Салтайдың үлкейіп келе жатқан құрсағының әр тұсынан тыңдап көріп, бала жағдайының дұрыс екенін түсінді. Көңіл күйде тұрақты болуға кеңес айтып, ҚКП-нің* қалауы бойынша бұл қадамға баратындықтарын айтты. Түсіндіре тұрып кешірім сұраған Жоу маман бұдан түсінікпен қарауын өтінді. Бүгін он бес сағатта ем алудың алғы шарасы болатынын білдірді. Аталған уақытқа дейін демалысына көңіл бөлуді міндеттеді де, келесі палаталарды аралауға шығып кетті.
Көңілі тынышталмаса да, құрсағы тынышталғанға Салтанат бисмилласын айтып, оң жамбасымен жастыққа жағының тиюі мұң екен, қор ете түсті.
Талтүстің күні төбеден сәл қиғанда бірақ оянды. Басын көтере астына басылып қалған білегін уқалап біраз отырды. Қолының ұйығаны қайтқанда барып, күйеуі үзілісте келіп қойып кеткен ет сорпа құйылған ыдыстың бетін ашты...
«Жанның қуаты жас сорпа ғой, тамақтанып болайын» дегеннен бастап самайынан айғыздалып аққан тер алқымына жосыды. Алты айрығынан кеткен тердің құрғауын уақыт күтпеді. Ащы тер исі бұрқыраған киімін ауыстыруға әрең үлгерген Салтай әлгі төсекке бірақ шықты.
Екі аяғын ұсына, сол қолын иегінің үстіне көлденең қойып, шалқасынан жатты. Жоу ханым оның кең етекті көйлегін жарым кеудесіне түре тастады. Тамырлары көгеріп жұқара бастаған құрсағынан алақанын тоқтаусыз ары-бері жүргізіп сипалады. Құдды бірдеме іздегендей. Екі жамбасынан кезек жатқызып екі бүйірін сипалап бақты. Іздегенін таппағандай болған дәрігер Салтанатты қолынан тартып тұрғызды, аяқтарын түсіріп, екі қолымен екі жанын таяндырып шалқайта отырғызып қойды да, сипалауын қайталады. Осы сәтте, кіндік үстінен баяу жүзіп өткен жұмсақ алақанның асты қаттырақ бүлік еткенде, селк етіп қолын бірден тартып алды ол. Түсінген Салтай мырс етті де, істің артын күтіп отыра берді. Бейқамдығына ұялып қалған дәрігер: «Ойбай, ашуы не деген қатты еді, жендеттің алақаны екенін біліп қалды ма, ішіңді толқын ұрғандай толқымасы бар ма», - деп жай ғана жымиды. Иығын оң бағытына сәл бұра қолын созды. Медсестра емдеу шараларына қажетті құралдар салынатын арбаның үстіндегі (спиртке малынған мақта мен шымшуырды және №14 ине киіліп, ішіне укол сұйықтығы құйылған әйнек түтікті) кішкене табақты ұсынып тұра қалды, мұндай қатігездікке көңілі көніп, қолы үйреніп кеткен дәрігер екіленбеді. Кіндіктің астыңғы тұсын спиртті мақтамен сүртті. Сүртті де, алақанын батыра басып тұрып, сұқ саусағы мен ортаңғы саусағының арасынан баланың бассуына инені бойлатып жіберді, түтікше ұстаған қолының басбармағымен түтіктің артын ішіне бағыттап, баяу баса жылжытып сұйықтығын сарқып құйды. Білдірмей инені суырып орнын қолындағы мақтамен басып сәл тұрды.
«Ауырмаған болар, шамамен қырық екі сағатта түседі, одан тездетуге укол күшін көтер алмайсың, алаңдаудың қажеті жоқ, кәдімгі толғаққа ұқсайды. Арнайы қадағалауда боласың», - деп, көмекшісіне тапсырма беріп, жатын орнына жеткізіп қойды.
Ақшам болып, ел орынға отырғанда сол бүйірінен басталған толғақ Салтанатты бір жатқызып, бір тұрғызып тынышын кетіре бастады. Тұла бойын тербеткен құдірет күші уақыт өткен сайын белін айналдырып түсірердей ауырлатты, жанының ауырғанынан іштегі бөпесінің қозғалыстарын сезген де жоқ. Келесі тәулік басталған түн, ашты толғақ қысымын жиілеткені сонша, оны бебеулеткен де палатадағы орнына тізесін бүктірмеді. Коридордың екі басына ары-бері жүруге мәжбірледі. Түн жарым өткен шақ. Жаратушының жеңілдігімен толғағы сәл тоқтағандай болғанда, төсегіне келіп жантайғаннан-ақ кірпіктері айқасып кетті. Екі түннің ұйқысы иектеп шаршатып-ақ жіберген. Ештеңені сезбей қатты ұйықтады.
Күн көтерілгенде Жоу тәтесінің тексеруге келуімен оянды. Ауырып оянған ол дәрігердің демеуімен екі аяғын созған күйінде басын зорға көтеріп отырды. Тәтесі оның еріндерінің көгеріп, өңінің бозарғанынан сезіктеніп, іштегі шаланың бас суының сыртқа келгенін көрді. Күктені де сол еді, толғақтың піскенін түсініп, туыт палатасына жатқызып, бірден босаңдыру жұмысын бастап кетті...
Хак-Тағала жан иесінің аналығының өмірге ұрпақ әкелуін тағдырға жаратқанда, оған жеңілдігін де қоса жазған ғой. Ол бүкіл дененің босауымен, шат және шонданай сүйектерінің ашылып, ұрпақтың бұл дүниеге келу жолының кеңуін де, осыған сәйкестіріп күш-қуатты да берген-ді. Босану үстіндегі Салтанат екі қолымен темір төсектің екі жақтауынан тастай қатып ұстаған. Тілін шайнап қалмас үшін аузына орамалын тістеп, қанша ышқынса да күш жия алмады, керісінше қара терге түсіп, әлсірей берді. Бұл тұста бала белінен бері ғана шыққан еді. Бұдан ары күш алу – әлсіз Салтайды естен тандырып тынбасы бір Құдайға ғана аян. Мұны түсінген Жоу әпкесі ерекше біліктілігін көрсеткендей, жонының күшін білекке ала, қос алақанын бірінің үстіне бірін қойып тұрып, оған: «Тағы да күш ал», - деді. Әлжуаз ананың шыбын жан үшін аз да болса күшке келуімен бірдей уақытта кіндіктің үстінен лоқ еткізіп басып-басып қалды. «Дәрігер шықпас жанға себеп», - деген осы да, Салтанаттың тынысы кеңіп сала берді, басын көтеріп шалаға қарауға ана дәрмені де, ана жүрегі де дауаламады...
Шала шақалақ судан ұстаған кішкентай шабақтың соңғы рет адам қолынан жылп етіп шорши жерге түсіп, әлсірей қимылдағанындай, аузын баяу ашып шырқырауға мүлде дәрменсіз жатқан-ды. Мұндайды көңілімен сезетін туыт маманы қасындағы практикант қызға иегімен сілтеме жасады. Практикант дайын тұрған укол сұйықтығы құйылған әйнек түтіктің инесін жансар дененің бас терісіне салды. Салды да, түтік толы сұйықтықты сарқып тынды, кішентай мәйіттің қызыл шақа денесінің бір сәтте көгергендей болғанын аңғарған ол, адам қанына қолын тұңғыш малғанына үрейлене өкінді. Соңғы жұмыстарға көмектесе жүріп өзін жауыз сезінді, жас жүрегі лобып, айнып тоқтады. Осы сәтте болашақ туыт маманның ойлап жеткені – университет бітірген соң басқа салаға жұмысқа кету болды.
Бойы жеңілдеген Салтанат орнына келді, салақтап бос қалған құрсағын қайта тартып, оранып-қымтанып отырғанына аз болды. Түскі асын алып Жақай қызу келді. Оның бұл қылығын келіншегі жазғырмады. Керісінше екеуі де: «Көзге көрінген екеуі аман болсын», - деп, бірі-бірін жұбата отырысып, ас ішуге ауысқан еді.
Түскі үзілістегі кезекші Жарқынды шақырып әкетті. Оны әйелі босанған палатаға бастап кірді. Кірді де, әуелі жазылған мақтамен құндақтап, сыртын шешесінің сарала гүлді жібек жаулығымен оңды-солды тарта түйіп байлаған, баласының толық қанды мүрдесін табыстады. Масалаң жүрген еркектің көңілінде қорқыныш қайдам? Түк те болмағандай 1300 грамм салмағы бар түйіншекті көтере жүріп, дүкеннен күрек сатып алды.
Мұсылмандар жерленетін қабырстанға келіп таксиден түсті. Қаланың батыс солтүстік шеті, ақпанның аязы, жаяу боран жүгіріп тұрды. Белуардан төмен тоң алған тойымсыз жер күрекке алынсын ба? Қанша күштесе де тоңнан күрек әлсін-әлі тайып, ісін ілгерлетпеді. Жат жерде ағайын-достың айы әбден өтті. Маңайында қыбыр еткен пенде жоқ. Айқайлайын десе жалғыздың үні шықпады.
Екі сағаттан артық уақыт жанталасқан Жақай кішкене қазанның аузының кеңдігіндей, тереңдігі күрек басының биіктігіндей ғана шұңқыр қазды. Ислами ұстанымда шақалақ жерге түскенде бойында қозғалатындай жанымен келіп, бақилық болса, ондай сәбиге азан айтып, ат қойып, ақпен арулап жаназа шығарып, «Шапағатшы» мәртебесімен ақтық сапарға аттандырады. Шапағатшы ата-анасын жаннатпен шүйіншілеуші екен. Қорғанды зираттың ішіне, бұрынғы жатқан әруақтың аяққы бағытындағы бұрыштың бірінен орын береді. Көрдің тереңдігі 100 см шамасында жанақымсыз қазылып, мәйітті қойғанда жүзін құбылаға бұрады. Көрдің ішін топырақпен тындырмай, бетіне қақпақ қойып жерлеу арқылы шариғат тәртібі міндетті түрде орындалады. Міне бұл жүректегі иман-ықыластың айғағы...
Шариғати ілімнен Жарқынның жасынан санасына аз да болса сәуле енбеген. Содан да аталған жосындардың бірін де жасамаған. Балабақшаның табалдырығын аттағаннан ана тілінде білім алмағанымен қоймаған-ды. Елді мекенде қоныстанған дивизияда бір ғұмыр тұрған ата-әжесінің бауырында еркеліктен еті өліп өскен ол, қазған көрінің оң-терісіне түсінбегенсін де мән бермеді. Оралған жаулықты басын шығысқа бағыттап ішіне қойды да, бетін байланған тоңмен жасырып тынды.
Күн жылынып, жеті қабат жердің тоңы жібігенде, мынау мәңгілік мәйіттің беті ашылып, сол маңдағы бұралқы иттерге жемтік болмасына кім кепіл?! Жастығы ма, мастығы ма?! Сараң әкенің жүрегі селт етіп сезген болса нетті! ... Аһ, жалған-ай!
Салтай* – Салтанатты түскен әулетінің үлкендері еркелетіп осылай атайтын.
Жақай* – Жарқын.
Жоу* – Туыт дәрігердің фамилиясы.
ҚКП* - Қытай Коммунистік Партиясы.
Авторы
Думан Омар
Бөлісу: