2015 жылдың рухани хроникасы

Бөлісу:

30.11.2021 4112

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Әдебиет порталы» «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльді мақалалар жобасын қолға алғанын білесіздер. Аталмыш жоба желтоқсан айының 15-іне дейін жалғасады. Бұл кезекті ұсыным. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің әрбір жылындағы ұлт, мемлекет руханиятына қатысты елеулі оқиғаларды сол кездің куәсі аға ұрпақтың санасында жаңғыртып, бүгінгі жас буын үшін тарихтан тағлым ретінде ұсынамыз.

2015 жылы ел есінде Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен есте қалды. Осы жылғы рухани әлеміміздегі жаңалықтарды қысқаша таныстырып көрелік.

Қаңтар. 2015 жылдың 15 қаңтарында белгілі актриса, Қазақстанның халық әртісі Зинат Әкбарова 80 жасқа толды. Зинат Әкбарова Алматыдағы хореография учлищесінің түлегі. Қызымет жолын ұйғыр театрында биші болып бастаған Зинат кейін әктерлік қырымен танылады. Ол сомдаған образдар өжет, қызу қанды, батыл бейнесімен ел есінде қалды. Актрисаның 80 жылдық тойы туған жері Жаркент жерінде салтанатты түрде аталып өтті.

Ақпан. 2015 жылы 2 ақпанда Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тарихшы-ғалым, жазушы Мұхтар Мағауин 75 жасқа толды. Қазақ әдебиетіне «Көк мұнар», «Сары қазақ», «Шақан шері», «Жармақ», «Аласапыран» сынды бірегей туындылар ұсынған жазушының мерейлі жасы, өзі тұрып жатқан Прага қаласында аталып өтті.

Наурыз. 2015 жылы 5 наурызда Алматы қаласындағы Әбілхан Қастев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында «Ұлттық ойындар – халық мұрасы» атты көрме ашылды. Бұл көрме ЮНЕСКО-ның құрылғанына 70 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Сәуір. 2015 жылдың 15 сәуірі – Ахмет Байтұрсынұлының ұлтымызға тарихи «қазақ» атауын қайтарып бергеніне 90 жыл толады. Аталмыш оқиға 1925 жылы Қызылорда қаласында Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңесінің бесінші сиезінде Байтұрсынұлының жасаған баяндамасынан бастау алады. Ұлт ұстазы өз баяндамасында: «Қырғыз басқа, қазақ басқа екенін қазақ баласы тегіс білсе де бұл күнге шейін ештеңе демей, тымақтары салпиып келеді»,- дей келіп, ұлт атын жасыруды өткен күн көтерсе де, бүгінгі тарих көтермейді. Әр нәрсені өз атымен атаған абзал деп ұсынысын ортаға қояды. Ахмет Байтұрсынұлының ұсынысы бір ауыздан қабылданады.

Мамыр. 2014 жылы 15 мамырда, белгілі жазушы, журналист Сәуірбек Бақбергеновтың туғанына 95 жыл. Ол Ұлы Отан соғысына қатысқан белгілі майдангер жазушы. Соғыстан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінде, «Жазушы» баспасында қызымет атқарған. Ол оқырмандарына «Алтын күрек», «Бозторғай», «Алтын емелден асқан да» қатарлы көптеген шығармаларымен танымал. Сонымен қатар әлем әдебиетінің көптеген туындыларын аударған білікті аудармашы.

Маусым. 2015 жылдың 16 маусымында елімізде тұңғыш рет ашылған технологиялық әдебиеттер баспасына 5 жыл толады. Аталған баспа «Арыс» баспасымен бірігіп жасалған жоба. Қазіргі таңда технологиялық әдебиеттер баспасы өз жұмысын жоғары деңгейде атқарып келеді.

Шілде. 2015 жылы 15 шілде күні белгілі аудармашы, ақын Қабыл Боранбаевтың туғанына 100 жыл толды. Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған Боранбаев, Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық университетін бітіреді. ҚазТАГ-та редактор, «Пионер» журналында редактордың орынбасары қызыметін атқарған. «Дәурен», «Балалар шаттығы», «Ант» сынды жыр кітаптары жарық көрген.

Тамыз. 2015 жылдың 22 тамызында Шығыс Қазақстан облысы, Қатынқарағай ауданы Қарақаба жазығында, Халқаралық түрік академиясының ұйымдастыруымен «Алтай – алтын бесігім» атты тұңғыш реткі халқаралық археологиялық экспедиция өзінің жұмысын табысты түрде аяқтатты.

Қыркүйек. 2015 жылы 22 қыркүйек Орынбор қаласының алаш елінің астанасы болғанына 95 жыл толды. Тарихқа жүгінсек, 1920 жылы 26 тамызда «Қазақ автономиялы социалистік кеңес республикасын құру» туралы қарар қабылданып, Орынбор қаласы ҚазақАКСР құрамына қосылады. Соның нәтижесінде 1920-1925 жылдар аралығында Орынбор қаласы Қазақстанның алғашқы астаналарының бірі болып тарихта қалады.

Қазан. 2015 жылдың 8 қазанында, Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты мерейтой басталды. Мерейтой аясында іске асқан ең үлкен жоба «Қазақ хандығы» монументінің ашылуы болды. Өзіндік композициялық мәнерімен ерекшеленетін монументте мәрмәрдан жасалған 27 метрлік стела және Керей хан мен Жәнібек ханның 5 метрлік мүсіндері бар. Керей ханның қағаз бен қалам ұстаған мүсіні бейнеленсе, Жәнібек ханның қолына найза ұстап тұрған айбатты келбеті бейнеленген. Бірі – ақыл парасаттың, бірі – ерлік рухтың символындай әсер береді.

Қараша. 2015 жылдың 15 қарашасы – белгілі педагог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик, Кеңес Одағының батыры, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Мәлік Ғабдуллинның туғанына 100 жыл. Ғалым Мәлік Ғабдуллиның негізгі зерттеу нысаны – қазақ халқының батырлық жырлары, мақал-мәтелдері, қара өлең, айтыс, халық әндері сынды фольклорлық туындылар. Ғалымның «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты ғылыми еңбегі осы күнгі фольклортанудың бастауында тұрған еңбек. Қазіргі таңда Көкшетау қаласында Мәлік Ғабдуллин атындағы мемлекеттік музей өз жұмысын жалғастырып келеді.

Желтоқсан. 2015 жылдың 22 желтоқсанында «Айгөлек» балалар журналының ашылғанына 15 жыл толды. Алғашында 22 бет болып шыққан басылым, 2010 жылдан бері 32 бетке өсті. Журнал негізінен мектеп оқушыларының білімін, шығармашылық қабылетін көтеру жолында қызымет атқарады.

Бөлісу:

Көп оқылғандар