Тәуелсіздік хроникасы. 2019 жыл

Бөлісу:

10.12.2021 6023

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне орай «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің «Әдебиет порталы» жобасы жүргізіп келе жатқан «Тәуелсіздік хроникасы» жобасы аяқталуға жақын қалды. Бүгінгі кезек 2019 жылға келіп отыр.

2019 – Доңыз жылы. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің жиырма сегізінші жылы ел өмірінде көптеген жетістіктер мен қиыншылықтар, зор өзгерістер болуымен есте қалды.

2019 жыл – Жастар жылы аталды. Бұл туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы жолдауында жарияланған болатын. Жастар жылында көптеген әлеуметтік бағдарламалар жоспарланып жүзеге асырылды.

24 қазан. Польшаның Гливице қаласында өткен «Балалар Евровидениесі» музыкалық шоуында қазақстандық жасөспірім әнші Ержан Максим 227 ұпай жинап, екінші орынды иеленді.

Қазақтың ғажап дауысты әншісі Димаш Құдайберген 2019 жылы көптеген жетістіктерге жетті. Осы туралы тарқатып айта кетуді жөн көрдік.

Нью-Йорктегі Barclays Center аренасында әншінің «Arnau Tour Envoy» атты шоу-концерті өтті. Осы жылдың ақпан-наурыз айларында «The World’s Best» CBS таланттар шоуында (АҚШ, Калифорния, Голливуд) жартылай финалда өнер көрсетті.

5 желтоқсанда Ресей ұлттық музыка академиясының «Виктория» сыйлығына «Жыл жаңалығы», «Классикалық музыкадағы жыл вокалисі» аталымдарына ие болды.

7 желтоқсанда Ресейдегі «Жыл әні-2019» дәстүрлі байқауында «Жылдың үздік әншісі» аталымына ие болды.

12 желтоқсанда ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.

26 желтоқсанда Қытай астанасы Пекинде өткен «The 10th DoNews RenRen Awards Ceremony» бойынша «Жылдың ең үздік шетелдік әртісі» аталымына ие болды.

19 наурыз. Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан Әбішұлы Назарбаев республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арналған үндеуін жариялады. Үндеуде мемлекет басшысы өзінің Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттілігін тоқтатындығы жөніндегі шешімін мәлімдеді. ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа өз өкілеттілігін тапсыратындығын мәлімдеді. «Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін», - делінген үндеуде.

23 наурыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп қайта атау туралы жарлыққа қол қойды.

9 маусым. Қазақстан Республикасында кезектен тыс президент сайлауы жүріліп, 70,76 пайыз дауысқа ие болған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды.

17 қазан. 2019 жылы дәл осы күні Қытайдың Ухань қаласында дүние жүзін дүрліктірген короновирус (COVID-19) індеті алғаш тіркелді. Әлем халқының өмір сүру салтына, дүниежүзілік сауда-экономикалық, мәдени-рухани байланыстарға ерекше ықпал жасап, мемлекеттер арасындағы шекаралар жабылып, миллиондаған адамдар өмірден өтуіне себепкер болған бұл дерт Қазақстанға соқпай өткен жоқ. Барша әлем халқымен бірге қазақстандықтар да жаһандық дертпен күресті жалғастыруда. Қазақстан короновирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі азғана мемлекеттің бірі.

2019 жылы Қазақстанның әдебиетіне, мәдениетіне, мемлекеттілігіне өлшеусіз еңбек сіңірген көптеген әйгілі адамдары өмірден озды. Олардың ғазиз есімдерін халық жадында жаңғыртып өтуді жөн көрдік.

Қазақстанның халық артисі Айша Абдуллина (1916 ж.т) 103 жасында өмірден өтті. ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, көрнекті ғалым, майдангер Әбдуәли Қайдар (1924 ж.т), ҚР ҰҒА академигі, аса көрнекті заңгер Сұлтан Сартаев (1927 ж.т.), Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Венера Қармысова (1936 ж.т.), көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Серікболсын Әбділдин (1937 ж.т.), Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Раиса Мұхамедьярова (1939 ж.т.), ауған соғысында «Қара майор» атанып аңыз болған әйгілі командир Борис Керімбаев (1948 ж.т.) қатарлы есімі елге мәшһүр тұлғалар бар.

2019 жылы қазақ әдебиеті мен мәдениетіне елеулі үлес қосқан бірнеше тұлғаның туғанына ғасыр толды.

Балтабай Адамбаев (24.9.1919-12.10.1990) – әдебиет зерттеушісі, фольклортанушы, филология ғылымдарының кандидаты

Хамза Абдуллин (10.2.1919-2001) – ақын, аудармашы

Әмина Өмірзақова (8.3.1919-26.9.2006) – Қазақстанның халық артисі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығы иегері

Есбатырова Ғалия (19.11.1919 ж.т.) – жазушы, аудармашы.

Сан қилы оқиғаларға толы 2019 жыл да аяқталып, Қазақстан он екі жылдың жаңа цикліне – 2020 – Тышқан жылымен қауышты.

Бөлісу:

Көп оқылғандар