Астанада отыз кітаптың әдеби таныстырылымы өтті

Бөлісу:

14.03.2022 4915

Бүгін елордадағы «Достық үйінде», Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, және Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының ұйтқы болуымен астаналық отыз қаламгердің кітабының таныстырылымы өтті. Аталмыш отыз кітап еліміз Тәуелсіздігінің отыз жылдығына орай шығарылып отыр. Олар негізінен проза һәм поэзиялық бағытта жазылған көркем әдебиеттер.

«Достық үйінде» өткен салтанатты іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулетов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Оралұлы, Парламент депутаты, ақын Қазыбек Иса, сатирик-жазушы Көпен Әмірбек, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлнар Салықбай, әдебиеттанушы, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы, ақын, филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызы, ақын, әдебиеттанушы Сұраған Рахметұлы, ақын Серікзат Дүйсенғазы сынды астана қаласында тұратын зиялы қауым өкілдері қатысты. Кешті Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді.

Әуелгі сөзді қала әкімінің орынбасары Берік Оралұлы алды. Ол отыз жылдықта қазақ руханиятында болып жатқан елеулі өзгерістерді тілге тиек етті. Астана қаласында соңғы кездері болып жатқан мәдени-әдеби жаңалықтармен бөлісе келіп, алдағы уақытта астаналық қаламгерлер үшін бар жағдайды жасауға әкімшілік тарапынан оң шешімдер болатынын атап өтті.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов өз сөзінде Жазушылар одағының қазіргі жағдайы, хал-ақуалы, жұмыс барысы, туындап жатқан мәселелері мен атқарылып жатқан жұмыстары туралы егжей-текжейлі баяндап өтті. Қазіргі қаламгерлердің күй-жайын тілге тиек ете келіп, қалалық әкімдік тарапынан, әдеби өмірімізді дамытуға, елорданың рухани ажарын айшықтай түсуге барынша қолдау білдіруін талап етті.

Кеш соңына қарай Көпен Әмірбек, Амангелді Кеңшілікұлы, Сұраған Рахметұлы, Маржан Ершу қатарлы қаламгерлер сөз алып, бүгінгі әдебиеттің өзекті мәселелерін ортаға салды.

«Достық үйінде» өткен мәдени бас қосудың тағы бір салтанаты, Қазақстан Жазушылар одағына жаңа мүшелердің қабылдануы болды. Қара шаңыраққа мүше болған барлық жас қаламгерлерге құтты болсын айтамыз!

Бөлісу:

Көп оқылғандар