Азап шеккен адам

Бөлісу:

18.03.2022 4161

(әңгіме)

Кішкентай күнімізден бірге өскен Бекназарды біреулер бір бұзақылар ұстап алып тепкінің астына алған екен содан басына зақым келіпті десе, біреулер оны соңғы рет шөп шабуға бара жатқанда сау болатын, содан кейін анық бірдеңе болған деген болжамдар айтады. Екінші курсты бітіріп жылдағыдай арқа жазуға ат басын ауылға бұрдым. Ауылға келгендегі менің басты шаруам достарыммен кездесу болатын. Бәрімен жиналып бас қоспас бұрын ең жақын жолдасым Нұрымның үйіне бардым. Амандық саулық сұрай сала ол:

- Бекназарды естідің бе? – деді.

- Жоқ, оған не болып еді? – дедім таңданысымды жасыра алмай. Нұрым қабағын қаяулата көзін төмен түсіріп әңгімені Бекназардың үйіне оның жағдайын білуге барғанымен бастады. Барса ол оң жақ босағада жападан жалғыз отыр екен. Баяғы ашық-жарқын жүзі жоқ. Кім келсе де оң жаққа қарап отырғаны отырған. Төрт қабырға мен тұтас әлемнің бір уыс бөлігін ғана көзіне ермек қып отырған терезеге күнімен телміретін көрінеді. Содан басқа көз салары да жоқ. Ұйпа шашы ұйысып кеткен Бекназарды Нұрым көріп шошып кетсе керек, кіре сала состиып тұрып қалады. Сәлден соң жанына жақындап отырып:

- Не ойлап отырсың? – дейді.

Бекназар селт етпей отыра береді. Нұрым тағы бірдеңе деуге жүрегі дауаламай, үнсіз отыра береді. Біраздан кейін Бекназар оған жалт қарап: «Менің кінәм не? Неге артымнан көлеңке ұқсап жабысып қалмайсың?» - деп орынан көтеріле бергенде, Нұрымның көзі алақтап сыртқа қарай қашады. Бұл қуып жетіп ұстап алады. Нұрым тулап бұлқынады. Кенет Бекназар пәлен уақыттан бері ұмыт болған ашуға мініп, Нұрымды бар пәрменімен жұдырықтайды. Сол арада үйге Бекназардың әкесі кіріп келіп баласының қолын артқа қайырып бөлмесіне алып кетеді. Содан бері оны бөлек бөлмеде жалғыз ұстайтын көрінеді.

«Бекназар, жынданып кетіпті, Нұрымды жұдырықтап жатқан жерінен әкесі үстінен шығып, әзер айырып алыпты», - деген хабар кішкентай ауылға тез тарап кетеді. Шақыртылмаған, қараттырмаған тәуіп пен бақсы да қалмайды. Басында тыныш болады. Берген тамағын ішеді. Үндемейді. Кейін келе ауруы асқынды ма, адамдарға атылатынды шығарады.

- Емханаға апарып көрсетпеді ме? – дедім Нұрымның не айтатынын алдын-ала білсем де.

- Біздің ауылда ондай емхана жоқ екенін білесің ғой! Қалаға апарып қаратуға қаражат жоқ. Қазір сол молдалар мен ауылдағы емшілерге апарып жүр, бірақ ешқандай оң өзгеріс болып жатқан жоқ көрінеді – деді досым екі алақанын екі жаққа жайып.

Басталған әңгімелерінің арты түсініксіз болжамға толы тұйыққа тіреле берген соң, онымен өзім жеке жүздескім келді.

- Ол мүмкін емес – деді Нұрым. Қазір оны әке-шешесі ешқайда шығармайды және оған ешкімді кіргізбейді де.

- Ақылы кіресілі-шығасылы болса мені танып қалар, әкесімен сөйлесіп көрейін - дедім.

- Онда мен сені алып барайын, бірақ сен өзің кір, мен бұл жолы кірмеймін - деді жүрегі шайлығып қалған досым.

Бұрынғы дүниелер Бекназардың есіне түсе ме деген үмітпен әкесі рұқсатын берді. Бөлменің есігі жартылай ашық тұр. Мысықтабандап кірдім. Жанына жайлап отырдым. Бекназар бәрін сезіп отырса да сыр бермеді. Даусымдағы дірілді білдірмеуге тырысып әңгіме бастадым.

- Бұрын екеуміз ләңгіні жарысып тепкенде сенен оза алмаушы едім, қойдың бір жапырақ жүнін алып қорғасынды ерітіп жүнді жабыстырғанда оның иісі бүкіл үйді алып кететін еді ғой! Қорғасын газға тамып әжем үйден көк шыбықпен құйрығымызды қызартып тұрып салып-салып қалғанда тұра қашып едік қой! Сол кезді ойласам сағынышым бойымды билеп кетеді шіркін! Мектептен келе жатқанда қуаласып келетін едік қой, есіңде ме, мен артыма қарап алға қарай жүгіремін деп дәу ағашқа соғылып есімнен танып құлағаным!? Сонда бірінші сыныпта оқитын шығармыз иә? Қыздардың сөмкесіне таласқанымыз ше? Рәзияның сөмкесіне бәріміз жармасып соңында төбелесіп қалушы едік қой! Сол Рәзия қазір бір шопырға тиіп бес балалы болыпты дейді. Шіркін, аршылған жұмыртқадай аппақ болатын ғой сол Рәзия!

Құйындап келе жатқан сөзімді күтпеген жерден Бекназар бөлді. Арт қараған күйі әңгімесін бастады:

- Шөп шауып жатқам. Малға беретін шөп таусылған болатын. Бір уақытта құлағыма біреу бірдеңе дегендей болды. Артыма жалт қарасам ешкім жоқ. Сосын елестеген шығар деп орағымды сермей бердім. Бір уақытта қолым өзіме бағынбай орағым шөпті емес балтырымды орып жіберді. Ештеңе түсінбей отыра қалып аяғымды шөппен таңдым. Етіме қатты батапаған екен, қан тез тиылды. Ымырт үйіріле бастаған соң кетуге қамданып шөбімді мотоциклге тиедім де оталдырып ауылға қарай айдадым. Жарты жолда мотоцикл теңселе бастады. Артыма қарап қалсам ол шөптің үстінде аяғын айқастырып отыр екен а а а а а а – деп Бекназар екі құлағын басып: - «Ол баяғыда қайтыс болып кеткен ғой, менен не керек оған, неге қыр соңымнан қалмайды өзі?» - деп бөлмені айналып жүгіре бастады. Мен бөлмеден атып шықтым. Дәлізде отырған әкесі Бекназарға жүгіріп барып екі қолын артқа қайырып ұстап отырып қалды.

Мен сол жүгіргеннен далаға атып шықтым. Жүрегім аузыма тығылды. Аяғым дірілдеп бастырмаған соң жерге тізерлеп отыра кеттім. Нұрым бір жаққа кеткен бе, көрінбеді. Осы кезде атамның бұрынғы айтқан әңгімесі есіме түсті. Осыдан бес жыл бұрын бір комбайыншы шөп орып жүріп шаршап ұйықтап қалған адамды көрмей, дырылдаған дауыстан оның шыңғырғанын да естімей тірідей орып кете береді. Комбайынның әйнегіне шашыраған қан тамшыларын көргенде ғана бірдеңе түсінгендей тоқтайды. Түсіп қараса денесі еттартқыштан өткізгендей борша-борша болып жатқан адам екен. Комбайыншы ес - түссіз талып құлайды. Содан кейін қатты ұшынып өз-өзіне келе алмай төсек тартып жатып қалады да көп ұзамай көз жұмады. Әлгі жерге кеш батқанда ауылдың иттері жиналып боршаланған етті тартқылап жеп әбден тойып тарқасады. Денесі табылмағандықтан туыстары оны жерлей де алмайды. Бейшараның жаназасы да шығарылмай қалған екен. Содан кейін сол жерге шөп оруға барған адам не ақылынан алжасады, не өз-өзіне қол жұмсайды дейтін марқұм атам.

Бір кезде танауы делдиіп Нұрым келді. Мен оған атамның әңгімесін айтып бердім.

- Е,е онда бәріне маза бермей жүрген комбайынның астында қалған бейшараның жаны екен ғой - деді досым.

- Иә, екі дүниенің ортасында қалып азап шегіп жүрген адамның жаны ғой жай таппай жүрген – дедім жұмбақтың шешуін енді тапқандай.

Ертесіне көшедегі екі – үш қарияны сол жерге апарып, молда шақырып қой сойып құран оқыттым. Кейін сабағым басталып қалаға кеттім. Бір күні Нұрымнан «Бекназардан айырылдық» деген хат келді. Әкесін аядым. Өзегімде әттең, ауылға ертерек барып атамның әңгімесін ертерек еске түсіргенде мұндай болмас па еді деген өкініш қалды.

Ақлима Исмаил

Бөлісу:

Көп оқылғандар