Ақан сері өлеңдеріндегі ҚЫРАН концептісі

Бөлісу:

09.04.2022 6213

Қазақ халқының ежелден бері жалғасқан дәстүрлі кәсібінің бірі – қыран құстармен аң-құс аулау. Құспен аңшылық жасау – ту басында күнкөріс көзі ретінде қалыптасқан. Қыран құстарды қолға үйретіп салу арқылы отбасын, әулетті азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету мәселесін шешкен. Тым арғы дәуірлерді айтпағанның өзінде, «Жошы ханның мыңдаған, Абылай ханның жүздеген бүркітшісі болыпты», - дейтін аңыздардың негізінде әскердің азық-түлігі мәселесімен қатар, салбурын, сауық-саяттың да ізі жатыр. Хан-уәзірлер, бай-бағландар қыран құспен аңшылық жасауды кәсіп көзі емес, елсіз түздегі ермек ретінде қарастырған. «Құсшы», «құсбегі», «саятшы» деген ұғымдардың да тарихи дәуірлерде қалыптасқан мән-мағынасы бар. Құсшы – құс салумен, аулаумен арнайы шұғылданатын кәсіп иесі. Көшпелі ордалар дәуірінде құсшылар арнайы топ, тіпті ру болып қалыптасқан. Құсбегі – әу баста құсшылардың басшысы ретіндегі лауазым болғанымен, кейіннен қыран құс баптайтын адам ретінде мағынасы өзгерген. Саятшы – қыран құспен аң-құс аулауды кәсібі мен ермегі санап, иен тау, елсіз далада еркін жортуға жаны құмар аңшы.

Қыран құстарды аңшылыққа пайдалану – әлемнің әр түкпірінде, соның ішінде Еуразия даласында соңғы жарты мыңжылдыққа дейін кеңінен тарағанымен, құралдардың жетілуіне, әсіресе отқарулар пайда болуына орай біртіндеп маңызын жойған. ХХІ ғасырдағы қыран құс баптау – таза саятшылық сипатымен көрініс табуда. Саятшылық – қазақ әлемінің өзіндік бір бет-бейнесі ретінде атадан балаға мирас болып келе жатыр.

Құсбегілік – қазақ фольклоры мен жазба әдебиетінде ертеден бері кеңінен көрініс тапқан тақырып. Әр дәуірде, әр өңірлерде өмір сүрген әйгілі құсбегілер мен олардың қайтпас қырандары, құсты қолға түсіріп, баптап салудың әдіс-амалдарына қазақ әдебиеті туындыларында кеңінен орын берілген. Қазақ әдебиетінде, әсіресе поэзиясында қыран құстың түс-тұрпаты, алуан түрлі қимыл-әрекеті көркем поэтикалық деңгейге жеткізілген. Бұл халқымыздың сан ғасырлар жүзіндегі кәсіби бақылау, бағу барысында қыран құстар табиғатын, қимыл-әрекетін қапысыз етене тани білгендігінің айғағы. Әсіресе, қазақтың қара өлеңінде танымдық суретті теңеулер жиі ұшырасады:

Қар жауар қарашада қатқақ болып,

Жатады қар кеткен соң батпақ болып.

Қалқатай, отыр ма екен, жатыр ма екен,

Сұңқардай үш түлеген аппақ болып.

Сұңқардың дәл осы үш түлегені соншалықты бір әдемі түске енетіндігін аңдап білмесе, қазақ бекерден-бекер аппақ арудың сипатына теңемес еді. «Атбегі – аттың тұяғына қарар, құсбегі – құстың қияғына қарар», - дегендей, табиғатпен етене өскен қазақ баласы әрбір зат пен құбылысқа мән бере қараған.

Құсбегілікті кәсіп қыла жүріп, оны бекзат өнер дәрежесіне жеткізген қазақ халқы қыран құстардың түрлерін, жасын, қолға үйрету, аң-құсқа баптап баулу, қайырып салу тәсілдерін қапысыз меңгерген. Ол – қазақ әдебиеті туындыларынан-ақ анық байқалады. Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға», Сәбит Мұқановтың «Саятшы Ораз» («Өмір мектебі»), Сапарғали Бегалиннің «Сәтжан» т.б. туындылары осы бағытта сөз болғанда алғаш тілге тиек ететін туындылар. «Қазақ әдебиетінде өз туындысында қыран құстарды мейлінше көбірек жырына арқау еткен шығармашылық иесі кім?» - деген сұрақ қойылар болса, ол – Арқаның ардагері, серілердің серісі Ақан (Ақжігіт) Қорамсаұлы.

Асыл сөз, сұлу әуен асқан сері,

Әншілік Біржан салдай ақтангері.

Саятшы бапкер, мерген, әділ қазы,

Шерлі ақын, ойлы ұстаз Ақан сері...

Ақан серінің әншілік, ақындық мектебі үлгісінен тәлім алып, қазақ әдебиеті мен ән өнерінде өзіндік өрнек қалдырған Қазақстанның Халық жазушысы, ақын, сазгер Кәкімбек Салықов осылай жырлаған екен. Ақан сері өлеңдері мен әндері мәтініндегі қыран құстық қолданыстарды толықтай тарқату мүмкін де емес. Шығармашылығындағы қыран құстарға қатысты қолданыстарды қарастыру барысында қазақ прозасы мен поэзиясында, Ұлы Даладада тіршілік ететін қыран құстардың түрлері, олардың сипат-белгілерін жырына молынан қосқан ақын – Ақан сері Қорамсаұлы деген тұжырымға келе отырып, оның себебіне ой жүгіртеміз. Қорамса байдың баласы Ақан серінің өмір тарихына қарай отырып, жасынан сұлулыққа жаны құмар жанның сән-салтанатпен серілік құрған тағдыр жолы әсер етті деп қорытынды жасауға болады. Бағзы заманнан бері көзсіз батырлық пен жойдақсыз еркеліктің, ерекше сырбаздық пен атымтай мәрттіктің нышанындай болған сал-серіліктің қазақ даласында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында өз дәуіріне тән көрініс табуының эталоны дерлік өмір сүрген тағдырлы өнер иесі Ақан сері туралы Мағжан Жұмабаев былай деп жазады: «Сұлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт Ақанда болады. Қалың қарауылдың ойын-тойының көркі Ақан болады. Біріне бедеу мінгізіп, біріне бүлде кигізіп дегендей, 15-20 жігітті өзі тәрбиелеп, нөкер қылып алады. Жүргенде сол жігіттердің алдында қолбасыдай оқшау отырады. Біресе боз атқа мініп, ақ киген. Біресе қара атқа мініп, қара киген. Біресе торыға мініп, күрең киген. Басында – бұлғақтаған үкі, қолында – домбыра, аузында – ән...».

Әндері мен өлеңдерін қоса алғанда, Ақан серінің соңында біршама толымды рухани қазына сақталып жеткені белгілі. Бұл турасында Ақан серінің көзін көрген жазушы Сәбит Мұқанов «Өмір мектебі» мемуарлық романында баяндайды. Жазушы өзі сырттай әндерін естіп көруге құмар болып жүрген серіге ол өмірден өтерден бір жыл бұрын жолыққанын, дастарқан үстінде адамдардың қалап ән айтқызғаны туралы жаза келе былай деп ой қорытады: «Ақаннан қалды» деген өлеңдер көп емес, жалпы саны мың жарым жолдай ғана. Олардың ешқайсысы советтік дәуірге дейін басылмаған... ол революциядан бұрынғы қазақ музыкасының ірі классиктерінің бірі. Оның атына байланысты (расы да солай) жиырма шақты әннің бәрі де аса көркем саналады, халық ол әндерді күні бүгінге дейін аса сүйсініп тыңдайды... Ол шығарған әндердің бірталайында өзекті зор сюжет бар, олардың әрқайсысы бір-бір драмалы немесе трагедиялы пьеса...». Расында да Ақан сері өлеңдері мен әндері өзінің көркем иірімімен, айшықты бейнелеулерімен ерекшеленеді:

Жайықтың сіз қоңыр қаз қырындағы,

Біз сұңқар, сізге тиген – Ұрымдағы.

Барып ем ілейін деп суға түсті,

Қаз екен дарияның сыртындағы.

Болмаса ақ тұйғынның балапаны,

Қай құстар іле алмаған бұрын дағы.

Ақан сері дәуірінде өмір сүрген қазақтың дәстүрлі әнші-ақындарының көбінде-ақ қыз бен жігіт арасындағы ғашықтық сезім күйін пернелеуде жоғарыдағы шумақтағыдай айшықты метафораларға бай аллегориялық тұспалдар ұшырасады. Олардың өз-өзіндік Ақан серінің өзіндік ерекшелігі: көбінесе қыранның қимыл-әрекетімен байланысты болып жататындығында.

Ақын шығармашылығының тақырыбы да сан алуан. Аңшылық, тұрмыстық-әлеуметтік, азаматтық, махаббат лирикасы т.б. деп жіктеп-жіліктеуге болатындай. Ақан сері әндері мен өлеңдерінде әйел затына деген ынтызарлық көңіл-күй ерекше орын алады. Осынау көңіл-күйді қапысыз таныту үшін ақын сан бояулы кестелі сөз қолданыстарына барады, көркем суреттер жасайды:

Оралдың мен ақиық сырандағы,

Сен, сәулем – қызыл түлкі қыраңдағы.

Қия тас қиынына кетсең дағы,

Қамшылап қанатымды бұрам дағы.

Қия тас қиынына бекінсең де,

Тәуекел майданында тұрам дағы.

Халық ауыз әдебиетіндегі эпикалық жырлардың сарыны қылаң беретін бұл өлеңде қазақтың дәстүрлі құсбегілік өнерінің образды қимыл-әрекеттері ишара мәнде шебер қолданылған. Бүркіт пен түлкі. Жігіт пен қыз параллелі. Бұл өлеңдегі ұлттық таным-түсініктің нәзік шытырманын сезіну үшін қазақ болып туу жеткіліксіз, «Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл, Ұқсайды хаса сұлу шомылғанға», - дейтін адамзат-ғаламзаттық иірімді түйсінерліктей, саятшылық, құсбегіліктен сәл де болса хабардар болу да керек. Ақан серінің «Асыл мен жасық» толғауында жақсы мен жаманның айырмасы, қарама-қарсы сипаттары мейлінше ашылады. Антонимдік қатар құрай отырып, әрқайсының мүмкіндіктерін өзара салғастырады. Мұндағы қыран құсқа қатысты қолданыстарды қарастыралық:

Баласы ителгінің қу ілмейді,

Алтыннан тұғыр қылып сақтаса да...

Сауысқан шықылықтап сұңқар болмас,

Мәстекті мақтағанмен тұлпар болмас...

Сұңқылдап күшіген құс бүркіт болмас.

Баласы құладынның қу ілмейді,

Алтыннан тұғыр қылып байласаң да.

Қаршыға әлсіз болса қаз алмайды,

Ер жігіт малсыз құлаш соза алмайды.

Қазақ даласында айқын көрініс тапқан дегдар өнер серіліктің бір белгісі – саятшылық десек, Ақан серінің бұл тұрғыда нағыз құсбегі болғандығына оның әндері мен өлеңдеріндегі сан алуан қолданыстар дәлел. «Мың рет естігенше, бір рет көр» демекші, кез келген затты ұстап көріп, құбылысты бастан кешіріп қана ол турасында нақты қорытынды жасамай ма? Аңшылық, құсбегілік те сол сияқты. Сұлулықпен өмірі өрнектелген Ақан сері өзі сезімімен аялаған арулардың бейнесін небір эпитет, теңеулермен көркемдеп кестелеу барысында құс сипатын молынан қолданады:

Қаз мойын, мөлдіреген қарақат көз,

Иегің – ителгінің тамағындай», -

немесе:

Тұйғындай тұғырдағы жемге тойған,

Жан сәулем, жан-жағыңа алаңдайсың, -

немесе:

Тең тауып жар алғанның кемі бар ма,

Сұңқардай тұғырдағы тоғыз түлер, -

сияқты аңдампазы, аңғарымпаз қырағы құсбегінің ұлттық талғамынан туған қыран рәуішті теңеулері мен эпитеттер Ақан сері туындыларында көптеп кездеседі.

Қоскөлге құсым салып қиялаймын,

Қолымда көк орамал – биалайым.

Ішімді қайғы оты күйдіреді,

Несіне айтар сөзден ұялайын.

Қыран құстарды, оларға қатысты құрал-жабдықтарды метафорлау, атап айтқанда жігітті алғыр қыран құсқа (бүркіт, сұңқар, лашын, бидайық, қаршыға, тұйғын, ителгі), ал ару қызды сол қыранның шүйіліп түсер «жеміне» (аққу, сұқсыр үйрек, қоңыр қаз, ақ балапан) балау – қазақ поэзиясында ежелден қалыптасқан үрдіс.

Шығармашылығына қазақ халқының құсбегілік кәсібіндегі қыран құстардың барлығы дерлік қамтылғандығының өзі Ақан серінің саятшылық өнердегі биік орнын танытып, айрықша даралайды. Мысал алайық:

Бір қырғи шабыттанып жемге ұшқан,

Жемін жеп, тояттанып көңіл қосқан.

Аспаннан қара бүркіт түйілген соң,

Айырып тегеурінін қылды жосқан.

Айта кетерлігі, ғашықтық халіне байланысты алуан түрлі оқиғаларға аллегориялық астар үстей отырып, айтайын деген ойын құстар арқылы суреттеп, жұмбақтап, образдап жеткізу – Ақан сері поэзиясының машықты қыры.

Ұша алмай бөденедей қалғаннан соң,

Жиылды көп жағалтай әрбір тұстан.

Ашыққан жыртқыш құстар сімілтірі,

Солар кеп бұл жемтікке душарласқан.

Қандай құс өлімтікке әуес емес,

Бәрі де, қарға, құзғын, топырласқан.

Cерінің ғашықтық ғұмырында терең із қалдырған Ақтоты аруға қатысты, яғни Ақтотыны Ақан алып қашқан кезде, соңынан қуып келгендерге айтатын бұл жұмбағының шешуін де ақын өлеңмен жеткізе тарқатып береді. Сері ғұмырының толықсып тұрған шағында астына Құлагер тұлпарды мініп, жанына Басарала тазысын ертіп, қыс түскенде Қараторғай бүркітін салбурынға салып, жаз бен күзде Көкжендет қаршығасын ұшырып дәурен сүреді. Бірақ адамның басындағы дәурен мәңгілік тұрған ба? Уақыт өте көк қаршығадан да айрылады. «Көкжендет» өлеңінде қаршыға құстың ерекшелігі, сипат-белгілері, жемін аулау тәсілі – бәрі бар:

Көкжендет – тұғырың алтын, маржан баулы,

Тұрушы ең ағаш үйде асыраулы.

Алпыс қаз, тоқсан үйрек бір күнде алған

Құс қайда Көкжендеттей қыран шәулі.

Шәулі – қыран құстың еркегі. Демек, қаршыға шәулісінің мүмкін, ұйқас үшін асырып айтылса да, бір күнде қаз бен үйректі топырлата үйіп тастайтын қауқар-қабілеті барын аңдаймыз. Қаршыға туралы зерттеуші ғалым Биқұмар Кәмалашұлы былай деп анықтама береді: «...Қаршыға күйсіз қыран құс. «Қаршығаның өңі сұрғыш, кейде қаралтым, арқасы қара қоңыр, жолақты, тұяғы қара, құйрығының ұшы дөңгеленген болады. Қазақта, қаршыға қыран болса, түлкі алады», - дейтін тәмсіл бар. Расында да әккі құсбегілер қаршығаға түлкі алғызғаны жайлы қариялардың әңгімелері растауда. Қаршығамен түлкі, қоян, қоңырқаз, сарыалақаз, үйрек тағы басқадай құрлықтағы құстар: ұлар, дуадақ, кекілік, шыл, аққұр, бұлдырықтарды да аулауға болады. Қаршыға – бүркіттен кейінгі қыран құс».

Көкжеңдет – шалғың ұзын, мойның қысқа,

Қайырып салушы едім ұшқан құсқа.

Айрылып Көкжендеттен қалғаннан соң,

Осы әнге шырқап салдым мына тұста, -

деген өкінішін әнмен өрнектейді. Жоғары келтірілген анықтамаға қарағанда, қаршыға құстың өз әлеуеті жағынан қырандар арасындағы орны бүркіттен төмен болғанымен, сұңқардан еш кем еместігін көреміз. Қысқа мойын, шалғысы ұзын қаршыға құстың жеміне ұмсынар сәтін ақын былайша суреттейді:

Көкжендет – ұшушы едің тоғайды өрлеп,

Шабытқа таңертеңгі қоя бер деп,

Ертеден қара кешке салғанымда,

Көкбестім жүре алмайтын көзі терлеп.

«Шабыт» шығармашылық адамының жаңа туындыны өмірге келтіру үшін енетін (немесе шақыратын) психологиялық көңіл-күйі екені белгілі. Шындығында тіліміздегі «шабыт» – Ақан өлеңіндегі қыран құстың жеміне шабар бапты күйін білдіреді. Бабы әбден келісіп, құрбандығына толғай ұмтылуға әзір құсты «шабыты келген қыран» дейтіндігі Ақан өлеңінде анық тұр.

Суылдап сұқсыр үйрек ұшар кешке,

Түседі Көкжендетім сонда еске.

Қарасам, оң қолымда Көкжендет жоқ,

Жүгірдім сасқанымнан Қозыкөшке.

Шартты түрде алып қарағанда, ақынның «оң қолымда Көкжендетім жоқ» деуін – оң жамбасқа келмес қайран жастық дәуреннің, орныда тұрмас, сусып ұстатпас уақыттың уыстан сырғып өтіп бара жатқаны деп түсінуге болады. Өтпестей көрінген, Көкжендеттей шабыттана ұмсынған қызулы өмір көзден бұл-бұл ұшқаны ма?

Көкжендет, сені салдым дабыл қағып,

Мойныңа әшекейлеп тұмар тағып.

Қарасам, жан-жағыма Көкжендет жоқ,

Айырылдым қапылыста сенен нағып?!

Иә, Абай қаламынан туған: Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар? Ақырын, ақырын шегініп, Алыстап кетті-ау құрғырлар!» - дейтін өкініш өзекті өртеген шарасыз хал біртіндеп сері Ақанның тағдыр тәлейіне де келіп жеткені еді. Ақан серінің «Сырымбет» әні – жастықтың осындай дулы-шулы базарынан нақ алыстаған шағындағы, қартаймас көңілдің жарға соққан соңғы толқыны іспетті тағдырлы ән. «Сырымбет» – осы көрікті өңірді қоныс қылған Шыңғыс баласы Жүсіп төренің сұлу қызы Жамалға деген ынтызар күйін өлеңмен өріп, әнмен әрлеген серінің махаббат реквиемі.

Аулың қонған Сырымбет саласына,

Ғашық болдым ақсұңқар баласына.

Бидайыққа лайық қалқа бала,

Бөктеріге қор болып барасың ба...

Біз әннің ішкі иіріміне, ондағы өзекті өртеген ащы запыран, шарасыз торығуға емес, серінің қыран құстар турасындағы таным әлеміне басымдық беріп отырмыз. Мұндағы бидайық пен бөктергіні қазіргі қала түгілі, дала қазағының да тап басып тани қоюы неғайбыл заман ғой. Сондықтан да «Орнитологиялық анықтамалыққа жүгінуге тура келеді. «Бидайық – сұңқар тұқымдасына жататын, мойны, арқасы қаралтымдау, төсі күрең шұбарлау келген қыран құс. Қанатының ұзындығы 27-30 см, салмағы – 330-350 см шағын денелі бидайықтың ерекше белгісі – жирен төбесі мен көзінің астындағы қос қара мұртшасының шеті күрең болатындығы. Бидайықты қазақтар ежелден қолға үйретіп, шіл, құр, бұлдырық тәрізді еті адал құстарға салған». Бидайық турасында осылай делінген. Демек, бидайық – құс аулап пайда келтіретін кішігірім қыран құс екен.

Бөктергі туралы іздестіргенімізде этнограф ғалым, қазақ аңшылығы туралы көп зерттеген ғалым Биқұмар Кәмалашұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері» еңбегінде бұл құстың пайдасы туралы деректі кездестірдік. Бөктергінің сұңқар тектес, сұңқар тұқымдас жыртқыш құс екендігі, салмағы 150-200 гр шамасындағы жыл құсы екендігін баяндай келе автор былай дейді: «Кемірушілерді құртатын жыртқыш құс. Қазақ бөктергіні қолға үйретіп, егіндік жайылымның зиянкестерін үркітіп, ұстатып жояды. Бөктергі кішірек жыртқыш құстарға жатады. Қазақтың кішірек қыран құстармен аң-құс аулау дәстүрінде бөктергінің де өзіндік алар орны бар». Жоғарыдағы анықтама деректерге қарап отырып, бидайық пен бөктергінің қабілет-қарымын бағамдаймыз. Бидайық – қайратты көк сермендесі, ал бөктергі – тышқаншыл шағын жыртқыш.

Ауылың қонған Сырымбет жел жағына,

Артық туған бала едің ел бағына.

Лашын құсқа лайық қалқа бала,

Бөктергінің іліндің тырнағына.

Ақын өзін метафоралы түрде «лашын», «сұңқарға» балап отырғанын көреміз. Ақан серінің Жамал аруды бидайық пен лашындай дегдар қыранға бұйырмай, бөктергіге қор болып бара жатқандағына не үшін өкінетіндігі түсінікті бола түседі. Ел ішінде ерек туған, «сексен қыз серуенге шықса дағы ішінде қара басы ханға баланар» айдай аруды таңдап сүйіп, жар етер бөрікті де өзіне тең сайыпқыран азамат болуы тиіс деген ойды меңзейді:

Ілетін лашынның қоңыр қазын,

Ілсем деп үміт етер жапалақ та.

Ақиық мекен еткен бәйтерегін,

Жабы құс ағашына ұялатпа.

Ақан сері өлеңдерінде көңілі шын қалап сүйген адамына қолы жетпеген ер жігіттің намысқа тырысқан байлам-бекімін танытатын тұстары да аз емес. Сұлулыққа жаны құмар, хас көріктіге көңіл бұрып, таңдап сүйер сері көңіл былай деп түйеді:

Тұғырда тоят жемей өлген жақсы,

Қор болып қарақұсқа қатылғанша,

Таза құс талпынбай-ақ аштан өлсін,

Жем іздеп бір жемтікке шатылғанша.

Ақан серінің өмірі мен шығармашылық әлемі туралы терең толғамды очерк жазып қалдырған Мағжан Жұмабаевтың: «Ақан да сұлулыққа табынған. Алты алаштан сері деген ат алған. Бірақ Ақанның сұлулыққа табынуы тереңірек», - деуінде дегдарды дегдар түсіне білген шынайы баға жатыр.

Әрқалай туристік нысандар мен көрмелердің айналасындағы фото, бейне аумақтарда тұғырда қалғыған, иесінің күнкөріс кәсібінің көзіне айналған кәрі шөгелдер болмаса, қазақ даласындағы құс салу – бүгіндері саятшылық деңгей дәрежесінде. Бүркіттен бастап сұңқар, қаршыға, лашын, тұйғын, тұрымтай, ителгі, қырғидың барлығын дерлік саятшылық сейілге салу – азаттық дәуірінде қайта жанданып, өрісін кеңейтіп келеді. Қазақтың құсбегілік өнерінің қыр-сырын танып-біліп, заманауи сұранысқа сай дамыту жолында көптеген жұмыстар жасалып та жатыр. Әр өңірде құсбегілер жиындары, сайыстары өтіп жатады. Бұл іс-шаралардың бәріне қоғам тарапынан құптаушылық білдірумен қатар, қазақтың бай әдебиетінде құсбегілік өнердің болмыс-бітімін, әрқилы суреттерін жырына арқау етіп қалдырған, осы жолда жүрген кешелі-бүгінгі шығармашылық иелерінің туындыларына да көңіл бөлу дұрыс деп білеміз. Тәуелсіз Қазақстанның көк аспан түстес Мемлекеттік туының ортасындағы Күннің астында қанатын кеңінен кере қалықтаған қыран бейнеленуінің өзі де дәстүр жалғастығының, ұрпақтар сабақтастығының айқын нышаны. Тудағы атрибуттардың геральдикалық сипатын, тарихи тамырын танымдап дәріптеуді әдеби мұралармен астастыра жүргізгенде жүректерге қонымды болмақ деп білеміз. Осы тұрғыдан алғанда Ақан сері Қорамсаұлы шығармашылығындағы қыран құстарға қатысты танымдық мағлұматтар, поэтикалық қолданыс-айшықтардың орны ерек болса керек. Ақан серінің сан қырлы өнерпаз тұлғасына кезінде әйгілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мынадай баға берген екен: «Ақан сері – заманының сұңқары, тұяғы тозбас тұлпары, орып айтатын отауызды қызыл тілдің ділмәрі, жігіттің құлпы жібегі, шешен сөздің ағытылған тиегі, сал мен серінің көсемі, ән мен күйдің, өткір сөздің шешені». Бұл – серіні көз көрген тұрғылас ғұламаның лайықты да әділ бағасы.

Ән мен күйдің өткір сөздің шешені Ақан серінің өз өлеңдеріндегі қыран құстарды арқау еткен көркемдік қолданыстар турасындағы зерттеулер, пайымдаулар легі дәуірлер жүзінде үздіксіз жалғаса берері сөзсіз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар