Қазақтың сыбызғышылық өнері туралы

Бөлісу:

25.04.2022 6671

Күй – қазақтың төл сөзі. Күйге қатысты «көңілдің күйі», «жай-күйі», «күйлі-қуатты», «күйі келмеу», «күй төгу» т.б. ұғымдардың барлығының өзіндік реңк-мәні бар. «Күй» сөзінің бір мағынасы – саз. Яғни күй шерту (тарту, ойнау, орындау) – саз аспабы арқылы қандай бір әуенді, музыкалық туындыны үнге келтіру, мысалы, домбыраның құлағын бұрап баптау, өзге аспаптарды тиісті жағдайға келтіріп баптау деген сөз. Осыған байланысты қазақта «домбыра күйі», «сыбызғы күйі», қобыз күйі» деген айтылымдар бар. Сазсырнай, жетіген т.б. өзге де ұлт аспаптарына арналған күйлер болғанымен, қазақтың күйлері негізінен домбыра, сыбызғы, қобызбен ойналады. Күй – қазақ халқының ғасырлардан ғасырларға ұласып келе жатқан қастерлі мұрасы, алтыннан қымбат қазынасы. Қазақтың күйлерінде ықылым заманнан бергі тарихы, аңыз оқиғалары, тыныс-тіршілігі, қуаныш-қайғысы, арман-аңсары бар.

Күй ойнайды қазағымның қанында,

Күй ойнайды қазағымның жанында.

Жүрегіңнің, жүрегіңнің дүрсілі –

Күмбірлеген домбырасы барында, -

деп қазақтың белгілі ақыны Шөмішбай Сариев жырлағанындай, қазақтың қанында, жанында ойнаған құдіретті күй сазы – шетсіз-шексіз шығармашылық әлемі.

Күй өнері – фольклормен астаса өмір сүріп келді. Себебі, ежелгі күйлер олардың шығуына қатысты аңыздармен әдіптеле орындалады. Күй өнері – құлақтан құлаққа тыңдалып, жүректен жүрекке жетіп, санаға тоқылып, жадыда жатталып, халықпен бірге жасасып келе жатыр. Осынау өнердің үлкен бір арнасы – сыбызғы күйлері.

Сыбызғы – үрлемелі аспаптардың ішіндегі ең көнелерінің бірі. Сыбызғыны үрлеу арқылы алуан түрлі дыбыстар шығарып, тыңдағанда көңілдің пернесін басып, жүрек қылын қозғарлықтай сезімге бөлейтін күйлер ойналады.

Сыбызғы – жасалуы бойынша ең қарапайым әрі ықшам саз аспабы. Бірақ жасалуы қарапайым болғанымен, сыбызғы үрлемелі аспаптар ішіндегі ең күрделі дыбыс шығаратын мүмкіндігімен де ерекше. Музыка зерттеушілердің анықтауынша, сыбызғыдан шығатын үн-әуен үш түрлі дыбыстардың үйлесімі арқылы жағымды сазды құрайды. Олар: ұңғының үні, ауыз жаңғырығы және сыбызғышы көмейінің үні. Сыбызғышы осы үш түрлі үн шығару көздерін өзінің қабілет, мүмкіндігінше игере отырып, күй жаратады немесе өзгенің күйін орындайды.

Сыбызғы – тек қазақ халқында ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріне кең тараған музыкалық аспап.

Сыбызғы кесіп қурайдан,

Сыйлауға саған ұйғардым,

Шеберлік тілеп құдайдан,

Жасауын білмей қиналдым, -

деп Ғафу Қайырбеков жырлағанындай қазақ сыбызғысы негізінен қурайдан жасалады. Қурай – қазақ даласына кең таралған өсімдік. Көбінесе мал бағып жүргенде уақыт өткізу үшін малшы, бақташылардың ермегі болған сыбызғыны жылдам әзірлеу үшін көкқурай, қарақурай, таңқурайдан және басқа да жергілікті жердегі ерекшелігіне сай қуыс өзекті өсімдіктерді сәл-пәл өңдеп, тесік тескеннен кейін ойнай береді. Жарылып кетпеу үшін малдың ішегімен немесе өңешімен қаптайтын болған.

Қурай өсімдігінің сыбызғышылықтағы орны ерекше. Бұған дәлел – туысқан башқұрт және татарлардың сыбызғыны «қурай» деп атайтындығы. Қурай – әсіресе башқұрттар үшін – қазақтың домбырасы іспетті, қастерлі, орны биік саз аспабы. Башқұрттың халық жырларында қурай, қурайшы туралы көп айтылып, жырланатындығын көреміз.

Урал ғына тауҙың көн битендә

Үҫә икән ҡырлы бер ҡурай,

Шул ҡурайҙы ҡырҡып уйнаниһәң,

Моңо донъяларҙы бер урай.

Мәңге йәшәр ҡурай...

Қазақтың сыбызғысы немесе башқұрттың қурайына ұқсас үрлемелі аспап Қара теңіз бен Сары теңіздің ортасында мекендейтін халықтардың көбінде дерлік бар. Атап айтқанда: қырғыздың чооры, түркіменнің қарғы-түйдігі, осетиннің уадынзы, адыгейдің камылі, аджардың чабан саламурі, абхаздың ачарпыны, қабарданың бжимиі, құмықтың зыбызғысы, черкестің сибизгасы, лезгиннің ксюлі, қарашай-балқардың чабызгасы т.б. деп тізбелеуге болады.

«Сыбызғы» атауы қайдан шыққан? Түркі халықтарында сыбызғыны негізінен чоор – цоор немесе сыбызғы – чабизга – зыбызғы деп атайтынын көреміз. Сыбызғы атауының қайдан шыққаны жөнінде әр түрлі пікірлер айтылады. Солардың арасында лингвист ғалым Құдайберген Жұбанов атаудың фонетикалық құрылысын негізге ала отырып былай деп болжам жасайды: «Қазақ инструментінің біреуі – «сыбызғы». «Сыбызғы» сөзі ұяң дыбыспен айтылған түрінде, мұндағы ұяң «з» дыбысын қатаң «с» дыбысына айналдырсақ «сыбыс» болады». «Сыбыс» қазақша «дыбыс» дегеннің бір тарауы, сонымен қатар бұл сыбызғы қамыстан, қурайдан жасалатын болғандықтан, қамыс та алғашқы әзірде осы сөзбен аталып кеткен. Қазақша қамыстың бір аты – сыбыс. Көп жерде бұл сөз сақталмаған. Сөйтіп «сыбызғы» деген сөз, бірінші жағынан, дыбыс, екінші жағынан, сол дыбысты шығаратын аспаптың аты болса, үшіншіден сол құрал болатын заттың аты қамыстың аты болады». Яғни, тілші ғалым музыка аспабының атауы «ызбыз» немесе «сыбыз» деген дыбыстық еліктеуден туған дегенді меңзеп отыр. Сыбызғы атауының негізінде «ас-сибиз» деген араб сөзі жатыр деген де пікірді ұшыратуға болады. Дегенмен, ғалым Қ.Жұбанов ұсынған болжамның негізділігі басым екені анық. Сыбызғының қырғыз тіліндегі атауы «чоор» екендігі белгілі. «Манас» жырында аталатын бұл көне музыкалық аспаптың монғолша – цуур немесе цоор. Монғол тілінде «цуурай» – жаңғырық дыбыс деген мағына береді. Осы ретте айта кетерлігі, қазақтың сыбызғысы мен батыс монғолдардың цуур аспабының айырмашылығы көп емес. Тіпті сыбызғы мен цуурда орындалатын Балжың кер», «Арбиян қоңыр», «Жорға аю» қатарлы күйлердің біразы қазақ пен ұраңқайға ортақ.

Сыбызғы, әсем әуен ойнашы бір,

Қуалап қайғы-мұңды қайдағы бір.

Жаныма жан рахат нұрын сеуіп,

Есіме түссін жайлы жайдары жыр.

Сыбызғы, үніңе шын балқып кеттім, -

деп ақын Абдрахман Асылбек жырлағанындай, сыбызғы түсініп тыңдай білген адамды көңілдің алуан түрлі күйіне баурайды. Домбыра шанағынан төгілген күй тылсымы арқылы ботасы өлген нарды идіргендігі, төлінен жеріп кеткен енесін табыстырғандығы, жау айдап бара жатқан жылқының саз үнін естіп кері оралғандығы туралы аңыздар көп. Күй аңызы тарихында мұндай оқиғалар сыбызғыға қатысты да көптеп айтылады. «Сыбызғы үнін қазақ тыңдаушылары туған даласының дыбысқа айналған тағдырындай қабылдап, ерекше бір киелі сезіммен тыңдайды. Көшпелі өмір салтта сыбызғыны әсіресе, малшылар жан серігі еткен. Қазақ ертектерінде сыбызғышылардың көбінесе бақташы болып кездесетіні сондықтан. Осы орайда: «Сыбызғы – жылқы малының азаны», - деп келетін сөз тіркесі еске түседі.» Бұл – қазақтың белгілі өнертанушысы, жазушы, күй тарихын зерттеуші Ақселеу Сейдімбектің сөзі. Ғалым-зерттеушінің: «Сыбызғы – жылқы малының азаны», - деуінің мәнісі тереңде. Себебі, бақташы сыбызғышының саз аспабынан төгілген күй әуенін мал екеш мал да түсінген. Әсіресе қазақ «адамнан зият жануар» деп әспеттеген Қамбар ата түлігі жылқының орны ерекше. Сыбызғыда тартылатын «Әттең, Сарыбел» күйіне қатысты аңызға осы жылқы түлігі арқау болған. Күйдің авторы – Ақтайұлы Жылқышы. Қазіргі ҚХР-дың Буыршын ауданы мен Монғолияның Баян-Өлгий аймағы жерінде өмір сүрген Жылқышы Ақтайұлы (1826-1889) – керейдің шеруші руын билеген ел ағасы, әйгілі палуан, әрі сыбызғышы адам болыпты. Жылқышы би өзінің жылқы қосына жиі барып, сыбызғысын тартып отырады екен. Осы кезде қалың жылқы шұрқырай қораланып, сыбызғы тартып отырған Жықаңның айналасына үйіріліп мүлгиді екен. Жас кезінде бір үлкен аста күресіп жеңіске жеткенімен, сол жолы аяғынан зақым алған Жылқышы бидің жасы ұлағая келе жаяу жүру, атқа мініп-түсуі қиындайды. Бір күні Жылқышы би жалғыз өзі жылқының шетінде отырғанда әлдебір сайлауыт ұрылар бидің өз атына қосып, қыл құйрықтыларды шетінен түре қуып, айдай жөнеледі. Жаяу қалған сыбызғышы қарсы алдындағы иек артпа сары белге шығып, етекте ұрылар қуып бара жатқан жылқыларды құтқарып алмақ болады. «Әттең, анау сары белге шықсам, бір жөні болып қалар!» - деп аяғын ауырсына басып биікке көтерілген Жылқышы би беліне қыстырған сыбызғысын қолға алып, аңырата тартып күй толғайды. Сол кезде ұрылардың қуғынында кетіп бара жатқан жылқылар қайыру бермей бық-бырт бытырап, кері қашады. Дүбірлете шапқан қалың жылқы сары белдің үстіндегі иесінің жанына келіп тоқырайды. Еріксіз соңынан жеткен ұрылар жылқылар мен иесінің бұл үндестігіне таң қалып, жөн сұрасып, мән-жайға қанығып, кешірім сұрап жөніне кеткен екен. Сол оқиғаның белгісі болған «Әттең Сарыбел» күйі үш ғасыр бойы ел жадында жатталып, ойналып келе жатыр.

Сыбызғының жасалуы, құрылысына қатысты бірер ауыз мәлімет: Сыбызғы жасауда ең көп қолданылып келген шикізат болғанымен, ұзақ уақыт бабымен сақталуы, беріктігі, тасымалдауы, т.б. тұрғысында қурай уақыттың сынына төтеп бере алмайды. Күздің соңғы айларында, әбден буыны қатып жетілген қурайды кесіп алып сыбызғы жасайтын болған. Қурайдан жасалған сыбызғының тез шытынап жарылып кетпей, ұзақ сақталуын қамтамасыз ету үшін сыртынан ұсақ малдың өңешінің ақ шелімен немесе аш ішекпен қаптайды. Бұл – сыбызғының үні таза, әрі ыстық пен суыққа бірқалыпты болуына әсер етеді. Қурай қаңсып, кеуіп кетсе, дыбысты жұтып, шашыратып жіберетіндіктен, орындау алдында өзегіне су бүркіп дымқылдап алады.

Сыбызғышылар сыбызғыны қурайдан өзге түрлі ағаштан, оның ішінде қымбат қызылағаштан, жезден, бамбуктен жасайды. Соңғы кезде химиялық жолмен әзірленген түтіктерді де пайдаланып жүр. Алып жүруге ыңғайлы, бүктемелі, құрастырмалы сыбызғылар да кездеседі. Бірақ қандай материалдан әзірленсе де қазақ сыбызғысының дәстүрлі ұзындық, жуандық өлшемдері сақталады. Сыбызғышы әдетте аспапты жасау кезінде өз қолының тұтам өлшеміне бағынады. Осылайша сегіз тұтам қурай немесе өзге материалды кесіп алғаннан кейін, ұшынан өлшемдей отырып, бірінші тесікті бел тұтамнан, екінші тесікті орта тұтамнан, үшінші тесікті бас тұтамнан кесетін үлгіге бағынады. Мұндағы бел тұтам – қолдың алақан тұсы, орта тұтам – алақанның саусақ бүгілер тұсы, бас тұтам – саусақтардың ұшы жағындағы буын тұсы болып саналады. Ертеректегі сыбызғылар әдетте үш тесікті болғанын көреміз. Қазіргі күні үш тесікті сыбызғылар жетілдіріліп, бес тесікті болды.

Сыбызғыны тартуға бейімделудің де өзіндік тәртібі болады. Сыбызғышының ең басты қаруы – тіс. Тісі жоқ адамның сыбызғы тартуы мүмкін емес. Сыбызғы тартуға қатысты: «Талқан жеп отырып сыбызғы тарта алмайсың», - дейтін, әзілге шабыстырған мәтел кездеседі. Шындығында бұл – ақиқаттан туындаған қорытынды. Си жүйесіндегі өлшемге салғанда бұл – 600-800 мм деген сөз. Дыбыс қатары – диатоникалық, көлемі 2 ½ октава болады. Әр аспаптың жасалуы ерекшелігіне, орындаушының табиғи физикалық мүмкіндігі мен шеберлігіне байланысты сыбызғы үнінің диапазоны әр түрлі болуы мүмкін. Сыбызғы күйлерін домбыра мен сыбызғының «дуэті» арқылы орындау ерте заманнан келе жатқан дәстүр. Дегенмен, бір күйді сыбызғыда орындау мен домбырада орындаудың үлкен өзгешелігі бар. Сол сияқты, башқұрттың пентатоникалық өлшемдегі қурайымен қазақ сыбызғы күйлерін қаншалықты шебер орындағанымен, одан шыққан шалқыма үн қазақтың құлақ құрышын қандырып, көңілге түрлі ой салар қоңыр бояуды бере алмауы мүмкін. Бұл турасында саз сұңғыласы Ақселеу Сейдімбек былай деп пікір білдіргенін көреміз: «Бір елдің дәстүрлі музыкасын басқа бір елдің музыкалық аспабында түпнұсқа қалпымен тарту былай тұрсын, сол елдің өз ішіндегі музыкалық аспаптар бірін-бірі айырбастай алмайды. Мәселен, домбырадағы «Бөкен жарғақ» күйі мен сыбызғыдағы «Бөкен жарғақ» күйі мүлде бір-біріне ұқсамайды. Бұл жерде әуендік айырмашылықтары ғана емес, аспаптардың өмірді бейнелейтін дыбыстық тілі мен мүмкіндіктері де бөлек-бөлек екені ескерілуі керек. Сондай-ақ, қобыз бен домбырада тартылатын күйлер қазақ тілінің буындық ырғағына бағынып, қазақ тілін білетін тыңдаушысын теңдессіз ләззатқа бөлесе, оның дыбысы мен тартылу мүмкіндігі мүлде басқа музыкалық аспаппен айнытпай тартудың мүмкін еместігін, тартқан күнде оның түпнұсқа болмайтынын мойындау қажет.»

Сыбызғының қашан пайда болғандығы, қай дәуірдегі шетелдік дереккөздерде бұл туралы кездесетіндігі туралы мәліметтердің өзі біршама. Сондай-ақ қазақ әлеміндегі сыбызғышылық дәстүрдің сақталуы, өркендеуі туралы мәселе де өзекті. «Қазақ әлемі» деп алып отыруымыздың да өзіндік мәні бар. Себебі, ежелгі, кешегі замандарда қазақтар тұтаса мекендеген өлкелер тарихи, саяси факторларға байланысты, бүгіндері өзге мемлекеттердің аумағы болып саналатындықтан, ол – қазақ даласы емес. Бұл – сыбызғышылық тұрғысында біршама өзекті. Жалпы алғанда сыбызғы тарту дәстүрі өткен ғасырларда қазақ әлемінің әр тұсында азды-көпті деңгейде көрініс тапқандығына бүгінгі күнге жеткен тарихи деректер куә. Дегенмен, бұл дәстүр өзге өңірлерге қарағанда батыс пен шығыста молырақ шоғырлы болғандығы анық. Әсіресе, Алтайдың төрт тарабы: қазіргі Шығыс Қазақстан, ҚХР-ға қарасты Алтай аймағы, Монғолияға қарасты Қобда бет, сондай-ақ Ресейге тарапты Шүй өңірінде сыбызғышылық дәстүр ежелден айқын болған. Әрі қазіргі күні де осы аталған және басқа өңірлерде сыбызғы тарту дәстүрі лайықты жалғасын тауып отыр. (жалғасы бар)

Бөлісу:

Көп оқылғандар