Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» мен Қажым Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» еңбектерінің ара салмағы

Бөлісу:

12.05.2022 5183

Әдебиеттану ғылымының тарихы мен теориясын жіті зерттеген Қажым Жұмалиев – артына мол мұра қалдырған ғалым. Ғалым қазақ әдебиетінің теориясы туралы еңбектің аса қажеттілігін ескере келе 1938 жылы «Әдебиет теориясы» атты кітабын жазған екен. Еңбек – қазақ тіліндегі Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» зерттеуінен кейінгі әдебиет теориясы бойынша терминдерді жүйелеуге арналған екінші талпыныс. Әрі өз құндылығын жоймай келе жатқан теориялық еңбек. Қажым Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» (1938) еңбегінің алғашқысы негізінен В.Виноградовтың «Әдебиет теориясы» кітабының сүлбесінде жазылған. Және орыс әдебиеттану ғылымындағы Л.И. Тимофеевтің, Л.В.Щепиловтың, Г.А.Абромовичтің әдебиет теориясына арнап жазған оқулықтарын зерделеген.

Қажым Жұмалиев «Әдебиет теориясы» зерттеуі кейінгі жылдары тың тұжырымдармен толықтырылып отырған. Осы саладағы алғашқы ізденістердің бірі болғандықтан да оның ғылыми сипаты да айқын болса керек. «Әдебиет теориясы» зерттеуінің жазылуына ықпалы бар деген кітаптар жайында ғалымның өзі: «Осылардың ішінде, әсіресе, көбірек сүйсінетіміз орыс тіліндегі әдебиет теориясы оқулықтары болды. Ескі заманнан келе жатқан жалпыға бірдей кейбір әдебиеттік қағида, кейбір анықтауларды ол кітаптардағы анықтаулармен сәйкес етуге тырыстық. Өйткені әдебиет теориясының мәселелері барлық елдердің көркем әдебиетіне ортақ. Мысалы, әдебиеттегі (жанр), метод (стиль), композиция, поэтикалық тіл т.б. ескі заманнан бері өздеріне тән негізгі ерекшеліктерін сақтап келеді. Оларды кейінгі зерттеушілер жаңа жағдайда, жаңа көзқарасқа сәйкес дамыту, бұрынғылардың пікіріндегі олқы жерлерді толықтыру бағытында ілгерілетуде», - дейді.


Бұл туралы А.Ісімақова: «Ғалым бүгінгі әдебиеттанудағы мойындалған түсініктердің жалпыға ортақ екенін осылай нақтылап берген» - деп түсінік берген. Қ.Жұмалиев өзінің әдебиеттану ғылымының әдебиет теориясы саласын зерттеу кезіндегі ұстанымы мен зерттеу қиындығы туралы былай дейді: «Әдебиет теориясы жайлы еңбек жазу мәнінің зорлығымен қатар, мейлінше қиын. Өйткені ол әдебиеттің өзіне тән ерекшеліктерін тапжылмай тануды, көркем әдебиеттердің кейбір мәселелеріндегі (композиция, тіл, өлең құрылыстарындағы) көзге ілікпестей, байқатпастай өзгешеліктерді шатастырып алмауды талап етеді. Композицияның бір элементін не поэтикалық тілдің бір түрін екіншілермен шатастырсақ болды, онан кейінгі талдауларымыз дұрыс болмайды. Математикада бір знак (белгі) теріс қойылса, есептің еш уақытта дұрыс шықпайтыны сықылды, әдебиет теориясының элементтері де мейлінше мұқияттылықты керек етеді».

А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» кітабында «Сөз өнерінің ғылымы» жайында: «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға; 2) қиялға; 3) көңілге;», - дейді. Осы ұстанымды Қ.Жұмалиев те дұрыс деп санап, өз сөзімен тарқатып, сол ойды қайталап: «Көркем әдебиеттің образ жасаудағы құралы – сөз. Тіл қорынан сөздердің ең керектісін таңдап, талдап ала білудің және олардың сөйлемнің құрамында шебер қиюластырудың арқасында жазушылар адам ойының түюі мен сезім түйсігінің әр алуан құбылысын суреттеп бере алады», - дейді.



Ғалым әдебиет теориясы мәселелерін сегіз тарауға бөліп қарастырады. Әдебиет теориясына қатысты ойларын шегендегенде қазақ әдебиетінің мол қорын пайдаланған. Әсіресе, Махамбет, Абай, Ыбырай шығармаларынан мысал ретінде мәтіндерді молынан келтірген. Қ.Жұмалиев әдебиет халықтық деген ұғымды талдауда да Махамбет, Абай, Ыбырай туындыларын таңдап алыпты. Ал шығарманың поэтикалық категориялары туралы сөз қозғағанда «Суреттілік (образдылық), типтік бейне, шындық және суреттілік, әдебиеттің тарихилығы, әдебиеттің халықтығы, көркем әдебиеттің қоғамдық мәні, тақырып және идея, образ-тип, композиция және сюжет, портрет кеңестік әдебиеттанудың таным тұрғысынан жазылған.

Қ.Жұмалиев «Әдебиет теориясы» еңбегінің «Әдебиеттегі метод – әдеби стиль» тарауында, әдебиеттің тектері мен түрлеріне эпос – әңгіме, лирика – өлең, драма – қимыл деп ат беруде де А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» зерттеуіндегі негізгі ойларды басшылыққа алған. Ал «Әдебиет теориясы» еңбегінің «Әдебиеттегі методтар – классицизм, романтизм, реализм, социалистік реализм» деген тарауы кеңестік қоғам талабын ескере отырып жазылған.


Қ.Жұмалиев «Әдебиет теориясы» оқулығында образ, образдылық, яғни көркем бейне жасау, типтік образ жасау талаптары, көркемдік деталь, шындық және оны сипаттау, көркем шығармадағы сюжет пен композиция, әдебиеттің халықтығы, таптығы, көркем әдебиеттің қоғамдық мәні деген әдебиеттану ғылымындағы мәселелерге кеңестік саясат тұрғысынан баға беріп, тұжырым жасаған.
Қ.Жұмалиев «Әдебиет теориясында» мінездеуге былай деп сипат береді: «Жазушы шығармаға қатысушылардың сыртқы портретімен қатар ішкі портретін – мінезін, құлқын, наным-сенімін, дүниеге көзқарасын суреттейді. Әдебиетте мұны «мінездеу» деп, А.Байтұрсынұлының мінездеу туралы айтқан ұстанымын қайталайды. Әдеби шығармадағы кейіпкердің жан дүниесін, болмысын жан-жақты бейнелеуде пейзаждың көркемдік қызметі ерекше пейзажды, баяндауды, эпилог туралы Қ.Жұмалиев пікірлері кеңестік ұстанымға бағына, заман талабын ескере жазылған.


Әдеби тілдің бейнелілігін арттыратын тәсілдің бірі – троп туралы Қ.Жұмалиев: «Әдебиет теориясы» оқулығында: «Тілімізде жоғарғы айтылғандар тәрізді, өз мағынасында қолданылатын сөздермен қатар, ауыспалы мағынасында қолданылатын сөздер де аз емес. Олар, әсіресе, көркем әдебиетте көбірек кездеседі. Көркем тілдің басқа түрлерінен ауыстыру мағынасында қолданылатын сөздердің негізгі ерекшелігі астарлылығында. Бір нәрсені айтып, екінші мағына ұқтыруында» - деп анықтама береді. А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегінде шығарма тілінің көркемдігі туралы мынандай қисын айтады: «Ақын тілі – айрықша өң беріліп айтылған сөз; әншейін тіл – ондай өң берілмей, жай айтылған сөз. Ақын тілімен сөйлегенде, сөзге айрықша өң берілгендіктен лебіз көрнекі болып шығады. Әншейін тілмен сөйлегенде сөзге өзгеше өң берілмегендіктен лебіз сида, жалаңаш болып шығады. Сондықтан алдыңғысы көрнекі лебізделіп, соңғысы жалаң не көсе лебіз делініп айтылад», - деп тұжырым жасайды.


Асылында, сөз өнері деп нені айтамыз? Бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яки қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек –сол сөз өнері. Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптеп, қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз арқылы тысқа шығару сөз шығару болады. Шығарма дегеніміз осылай шығарған сөз. Сөзді бұлай етіп шығаруға көп өнер керектігі жоғарыда айтылды. Сөз шығару өнерді қорек қылса, өнер ғылымды қорек қылады. Сонан сөз өнерінің ғылымы туады.


Шығарманың: 1) ішкі жағы, 2) сыртқы жағы бар. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы екіге бөлінеді:

1) шығарманың түрінің ғылымы;

2) шығарманың тілінің ғылымы;

Тілінің ғылымы дыбыстардың, сөздердің, сөйлемдердің заңынан шығатын тіл өңінің жүйелерін танытады, ал түрінің ғылымы сөз өнерінен шыққан нәрселердің мазмұн жағының жүйелерін танытады. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы тіл өңі жағынан тіл я лұғат қисыны болып, мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі болып бөлінеді. Әр саласы айырылып, бөлек-бөлек сөз болмақшы. Тіл қисыны яки лұғат қисыны.Тіл қисыны дегеніміз – асыл сөздің асыл болатын заңдарын, шарттарын танытатын ғылым. Лебіз ғылымының мақсаты – асыл сөздердің асыл болатын заңдарын білдіріп, түрлерін танытып, әдебиет жүзіндегі өнерпаздардың шығарған сөздерінің үлгі-өнегелерімен таныстырып, сөзден шеберлер не жасағандығын, не жасауға болатындығын көрсету. Осы сияқты өң берілген сөздер көрнекі тіл делінеді. Тіл көрнекі болу үшін дерексіз нәрсе деректі нәрседей, жансыз нәрсе жанды нәрседей суреттеліп, адамның сана-саңылауына келіп түсерлік дәрежеге жетуі керек. Қалыпты түріндегі сөз ондай дәрежеге жету үшін түрлі әдістер істеледі. Ол әдістер негізгі түріне қарай үш тапқа бөлінеді: 1) көріктеу; 2) меңзеу; 3) әсерлеу;


Кез келген шығарма сюжетін ширықтырып, оқиға барысын күшейтетін көркемдік компонент – диалог. Көркем әдебиеттегі сөйлеу тілі, екі немесе одан да көп кейіпкерлердің өзара тілідесуі. Диалогтың кейіпкер бейнелеуде, даралауда таптырмас құрал екенін білеміз. Қ.Жұмалиев «Әдебиет теориясында» диалогқа «қатысушының сөздері» деген атау береді. «Автор қатысушының тұрпатын, күйініш-сүйінішін суреттеумен қатар, олардың сөздерін көрсетеді. Сөз адамның сезімін, ойын, өмірдегі әр түрлі оқиғаға қатысын, мәселеге қалай қарайтынын айырып беру үшін жұмсалады. Сондықтан, әдеби шығарма адам образын суреттеу үшін қатынасушының сөзін беру керек. Өйткені бұл жөнде сөздің үлкен рөлі бар», - дейді де қатысушы сөздерінің өлеңде, қара сөзде, пьесада көп кездеседі дейді.


А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышта» сөз өнерін жіктеудің өзгеге ұқсамайтын өзіндік үлгісін Сөзді «қара сөз», «дарынды сөз» деп бөлген. Еңбекте әдебиеттің сыны туралы да айтылады. Әдеби сында мыналар айтылу керек дейді: «пікір дұрыстығының үстіне пікірге берілген сурет, сұлулық жағы да тексеріледі», - дейді де, оның міндеттерін айтып кетеді. Ал Қ.Жұмалиев «Әдебиет теориясында» сын туралы «сын – әдебиет туралы ғылымның бір түрі» деген тоқтамға келеді. Жалпы алғанда әдебиет теориясы өзіне қатысты теориялық және тарихи байыптаулардың жалғастығы мен тамырластығын қатты қаперде ұстайтын ғылым саласы.


Қажым Жұмалиев Ахмет Байтұрсынұлын кеңестік қоғам халық жауы деп танып, шығармаларын оқуға болмайтын зобалаң тұста «Әдебиет танытқыштағы негізгі тұжырымдарға сілтеме жасай алмаса да, алғашқы әдебиет теоретигінің пікірлерін басшылыққа алып, ғылымға осылай енгізуге мәжбүр болған сияқты. Қ.Жұмалиев қазақ әдебиеті теориясының қалыптасуы мен даму тарихында шығармашылық өнерді саралауда классикалық талдаулар ізімен жүруімен де, қазақ сөз өнері жанрларын әлемдік классикалық дәстүр жолымен сабақтастыра бағалаудың үлгісін көрсетуімен де ерекше зерделеген, қиын қыстау заманда қиялап жол тапқан ғалым.

Бөлісу:

Көп оқылғандар